22.07.2024
  30


Автор: Ермұханбет Қуандық

Соттағы сілкілесу

Екі айдан соң, тергеу уақыты біткенде, 3-мамыр күні Алма-тының Ішкі істер басқармасына қарасты «СИ-1» (Следственный изолятор №1) абақтысына ауыстырды. Ол жерде мүлде басқаша жағдай. Мұндағы бір камерада отыратындар саны 25–30 адамға дейін барады. Тер сасып, иіс-қоңыс сіңген, лас, қаптаған бүрге-бит, қандала... міне, сол жерде болды. Оныншы мамыр күні, алдын ала айыптау қорытындысын әкеліп табыстады. Айыптауды алып, бір-неше қайтара оқып шыққан бойда:


– Жігіттер, мен сот залынан әрі қарай үйге қайтам!.. – деп, қуаныштан айғай салдым. Себебі, жиырмадан астам куагердің бірде-бірі не милиция қызметкері, не әскер жасағы – бөгде біреу емес. Бәрі – өзіме сырттай болса да таныс-біліс студенттер. Былай-ша айтқанда, қатар-құрбы, достарым ғой. Оның үстіне, бәріміздің жасағанымыз – бір іс. Демек, солар сияқты мен де бостандыққа шығуыма құқылымын деп ойлаймын . Сол жерде ұзақ отырған бір шал:


– Балам, асықпа, – деді, – сен мұнда отырсың, олар сыртта жүр. Олар – енді сенің достарың емес, прокурордың куәлері. Одан да, сотқа дұрыстап дайындал, – деді. Шымкент жақтың адамы екен. Кезінде 20 шақты кісі тері илеу фабрикасында жасаған топтық фи-нанстық қылмыстық іс бойынша сотталған. Бір рет сотталып, істе-рі қайта қаралып жатқан. Алды бес-алты жылдан отырған...


Солар өздеріне жақын тартып, не болған-қойғанын сұрап, ақыл-кеңестерін беріп жатты. Сотта өзімді қалай ұстауым керек екенін сол шал мен бір жігіт үйрете бастады. «Алғашқы айыптау қорытындысы» деген – шағын, небәрі, екі парақ қағаз. Соны олар оқыды. Сосын, кімдер не айтуы мүмкін, қандай сұрақтар қоюы мүмкін екендігін болжалдап, мені дайындады. Одан соң қорғау-шым келді изоляторға. Оңаша отырып, онымен дайындалдық. Әсіресе, камерадағылар көп көмек берді. «Ең бастысы, сабыр-лы бол!» – десіп, «Прокурор деген кім?.. Ол не айтуы мүмкін?..» дегендерді түсіндіріп берді. «Мұнда отырып бой үйретіп қалған адам, ол жерге барғанда, терезеден бостандықты көресің. Сол кез-де көңіл ауаның құбылып, психологиялық толқынысқа ұшырауың, көңілің бұзылып, бойыңды билей алмай қалуың мүмкін...» деген сияқты ескертулерін айтты.


Солардың қаупі расталып, 13-мамыр күні басталған соттың бі-рінші күні салым суға кетіп, басым салбырап қайттым камераға. Сотқа іштей «Осыннан үйге кетемін» деген сеніммен келгем. Өң-шең өзіммен бірге оқитын студенттерді залда, еркіндікте отырған-дарын көргенімде, ащы қызғаныштан, ашу-ызадан ішкі жан-дү-нием аласапыран боп кетті... «Олар неге онда, бостандықта, ал мен неге мұнда қамақтамын?.. Қолымда кісен, темір тордың ішін-де отырмын. Сендер де менімен бірге болған едіңдер ғой, әділдік қайда?!» – деп, оларды да айыптап, айғай салғым келді. Бәрінен де сұмдығы – өзім сеніп, сонша қуанған жиырма шақты студент-куә-герлерімнің бәрі теріс «показание» бергені есімнен тандырды! Сол «достарым»: «Мұның беделі биік, бізді үгіттеді», – деді. Жасы ме-нен үлкен тарих факультетінің бір жігіті, әлгі Камалданов Рашид «досым»: «Мені қорқытып ертіп жүрді» дегенін қайтерсің!.. «Бұл сөйтпесе мен бармас та едім, ондай тірлік істемес те едім», – дей-ді. Мен айтамын: «Қарасаңдаршы, оның денесін көр де мені көр. Кім-кімді қорқытуы мүмкін?!». Тар қапас камераға суын сығып алған жемістей қуарып, сілікпем шығып оралдым.


Камераластарым жағдайды айтқызбай-ақ түсінді. Шай беріп: «Ештеме етпейді, еңсеңді түсірме» –деп, есімді жидырды. Әлгі шал-кеңесшім:


– Айтып едім ғой, ондай болады, сен сотта бұған күйіп-піспе, өзіңді-өзің ұста, – деп, жұбата отырып, ақыл-кеңестерін сіңіре айтты. Сол күні түнімен өзім де ұзақ ойландым. Келесі күнгі сот басталғанға дейін адвокатыммен тағы әңгімелестім... Не керек, екінші сот болған күні іштей тас-түйін дайын боп бардым. Жоғары-дағыдай «жағдайдың» болатынын алдында ескерткендерінде, құлағыма мүлде ілмеген екенмін. Басымнан кешіп, маңдайым тасқа соғылғандай болғанда барып, ес жиғандай сезіндім. Сот процесі қалай өтсе де салқын қандылығымды жоғалтпай, сабырлы қабылдадым. Өз тарапымнан оларға сұрақ қою, айыптаулар болған жоқ. Мен жақтан, тек «сарказм» болды. Күліп отырдым. «Сендер қаншалықты төмен болсаңдар, мен соншалық биікпін. Бәрібір сен-дерден жоғары тұрамын» дегендей, сот залында отырған анамның алдында, бауырларымның алдында өзімді төмен көрсеткім келмей, асқақ отырдым. Тергеуде отырғанда, бір спортивка алдыртқам, бі-рақ бұл күні, алғаш тұтқындалғанда үстімде болған ақ жейде, кос-тюм-шалбарымды киіп, шырттай боп отырдым. Бәрі, бір ауыздан маған қарсы куәлік беріп отырған, қара нанды бөліп жеп, шәугім шайды бірге ішкен студент «достарыма» жоғарыдан қарап, күліп отырдым. Әлбетте, сыртым солай болғанмен, ішім алай-түлей!.. Бірақ та жаңа айтқанымдай, ең бірінші, анамның алдында өзімнің мүжілгенімді көрсеткім келмеді. Өйткені «Мен езіліп, егіліп, жүнжіп отырсам, анамның жағдайы не болады?» – деп ойладым. Екін-шіден, камералас үлкендердің айтқандары бар: «Өмір мұнымен бітпейді, өзіңе-өзің сенімді болуың керек!..» деген. Содан аман-есен оралатыныма сенімім, бірінші қадамым да, сол, соттың екін-ші күнгі процесі үстінде жасалды.


Сот мамыр айында болып жатты. Мені конвоймен алып келген-де, көзім бірден залда отырған анам мен екі ағама түсті. Прокурор және мемлекеттік айыптаушы отыр. Төрде судья, оның екі жағында екі заседатель жайғасқан. Прокурор мен мемлекеттік айыптаушы-дан басқа, қоғамдық айыптаушы дегендер – бір мұғалім мен бір комсомол мүшесі де келіпті факультеттен. Қазақ КСР тарихы ка-федрасының аға оқытушысы Шүпеков және Казменко дейтін өзім-нің группаласым. Факультетте жиналыс болып, арнайы талқылап, солардың қабылдаған шешімдерін жеткізуге жіберілген белсенді өкілдер. Сотта сөйлеген сөзінде өз аузынан баяндап бергеніндей, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, сол Казменко Ирина, мені комсомол мүшелігінен шығару туралы факультет жиналысының шешімінен соң, біздің жалдамалы пәтерімізге мекенжайым бойын-ша арнайы іздеп барып, менің комсомол билетімді таптырып, алып кеткен ғой! Міне, сол кездегі комсомол билетінің «қадір-қасиеті» мен «құндылығы» қандай болғандығын осыдан аңдай беріңіз...


Құдайдың құдіреті, осының бәрі кеше де тап осылай отырған, бірақ мен соларға тек бүгін көңіл аударып отырмын... Екінші күнгі сот процесі жүріп берді.


Оқиғаның қалай болғанын, әуелі прокурор шолу жасап, ай-тып өтті. Куәгерлер сөздерімен толықтырылды. Мені де тұрғызып, сұрақтарына жауаптар, толықтырулар алып жатыр. Қорғаушым протоколдың қайбір жерлеріне өзінің қосып-алуларымен бір-лі-жарым «ходатайство» жасады. Бар баққаным, 65-ші бапқа іліп жібермес үшін, куәгерлер аузынан мен туралы «біреуді ұрғанын көрдім» немесе «алаңда әлдекімді қосылып сабауға шақырды» де-ген сияқты сөздердің айтылған-айтылмағанын аңдау болды. Сон-дай сөздер болмағанымен, сондағы прокурордың «сол кезде ол аласұрып, арқаланып жүрді ме?.. (Как он себя вел, он был возбужден?)» – деп куәгерлерге қойған сұрағының өзінен елеусіз көріне-тін сұрақ-жауаптың да өзекті статьяға иірімдей тартып әкететінін іштей түйсіндім. Демек, менің сол «хабарды» естіген сәттегі көңіл әуенімнің өзі менің тағдырыма тікелей әсер еткелі тұр... Сол сәтте менің куәгерімнің бірі: «Иә, ол сол сәтте өте арқаланып, айғайлап жүрді (Он эмоционально выражался)» дегендей жауап берсе, мен дайын қылмыскер боп шығатынмын. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей: «Ал көрген екенсің, менің үстімдегі киімім қандай еді?..» дегендей, қарымта сұрақ қоюмен қорғануға әрекеттендім. Бірақ оның көмегі аз екенін де кейін түсінесің...


Үшінші сот күні мені таңғалдырған екі жағдай болды. Бірі – куәгерлер тізімінде жоқ, ауған соғысына қатысқан, өзіммен бір топта оқып, бір бөлмеде жатқан жігіт: «Куәгер болам», – деп келді. «Мені қорғайтын болды», – деп қуандым... Бірақ қайдан?!.. «Алаң-да болды, бұл өзі – өте эмоциональный жігіт» деген сөзді де сол Ұматаев Әбдірахман «бөлмелесім» айтып салды!.. Өзіміздің Жеті-сайдың баласы. Өзім қауіптенген статьяға соның сол сөзі-ақ жетіп жатты...


Ал, енді, екінші ғажап жағдай!.. Ең соңында: «Мен де куәгер болайыншы», – деп, бір бейтаныс жігіт келді. Алдында ғана бір-ге оқыған бөлмелесімнің оңдырмай «топит» еткенінен аузымның оңбай күйгені бар. Мұны көргенде, көзім шарасынан шықса керек. Шынында, бұл бала мүлде есімде жоқ, танымаймын. Сот менен сұрады: «Сіз қалай қарайсыз, қарсы емессіз ба?» – деп. Ойлануға мұршам жоқ: «Қарсымын!» – дедім бірден. «Көрмеген адамым!..» Сот қуанып қалды. Прокурор «Қарсы емеспін» деген соң, жаңағы бейтаныс жігіт «показание» бере бастады. Заң факультетінің бірін-ші курс студенті екен. Ол:


– Иә, 16-желтоқсан күні түнде біз юрфактың 9-жатақханасын-да жиналдық. Үнпарақ жазылды. Жазғанда, Конституцияны алып кеп қарап, заңға қайшы келмейтіндей қылып, бірге жаздық. Оның бәрін басынан-аяғына дейін жалғыз Қуандықов жазған жоқ. Әркім өз ойын, өз сөзін айтты. Бұл – бәріміздің ортақ ой-пікірімізбен бір-ге жазылған мәтін. Демек, Қуандықов қылмыскер болатын болса, осында куәгер боп отырған мыналардың бәрі де, оның ішінде мен де – бәріміз қылмыскер болып, бірге отыруымыз керек!.. – демесі бар ма?!


– Тоқтат!.. Мұның сөзі протоколға енгізілмесін!.. – деп, судья айғайға басты. Мен қуанғанымнан есім кетіп, қолымды қоршау темірден шығарып алсам керек. «Қолыңды тарт!» – деп, конвой маған айқайлап, резеңке таяғымен тоқпақтап жатыр. Сөйтіп, куәгер боп сөйлеп тұрған жігіттің сөзін үзіп, тоқтатып, залдан шығарып жіберді. «Ошанов» деген фамилиясын ғана есімде сақтап қалдым. Сотқа шақырылған жиырмадан астам студент-куәгерлердің ішінен суырылып шығып, мені растап куәлік айтқан тағы бір жалғыз қыз бала болды. Ол – куәгер ретінде мен шақыртқан Мұқа-нова Бағдат деген қыз, өзіміздің тарих факультетінің «СОКП та-рихы» бөлімінде, менен бір курс жоғары оқитын студент қыз. Бағ-дат алғашқы, жатақхана фойесіндегі жиналыста болған. Сол жи-налыста айтылған үш ұсыныстың жеке менің аузымнан айтылып жазылмағанын, менің, бар-жоғы, ортаға тасталған ұсыныс-пікір-лерді құрастырушы болғанымды дәлелдеуім керек қой. Анау, өзге 20 шақты куәгер-достарым «бәрін өз қолымен жазып ұсынған – осы», – деп, мені көрсетіп, күйдіріп отыр емес пе?!.. Ал Бағдат – таза ақтап алмаса да, мені айыптамаған, керісінше, мені батыл


қорғап сөйлеген бірден-бір куәгерім болды.


Иә, өмірде жақсы адамдар да жолығады, жаман адамдар да жо-лығады. Күн мен түн секілді екен бұл өмір. Бірақ бірнеше жаманға – бір жақсыны теңестіріп қояды. Сирек те болса, адамға сенім бе-ретін, күш беретін – міне, сондай адамдар! Тағдыр мені бұрын ара-ласпаған, танымаған осындай екі адаммен тар соқпақта түйістіріп, таныстырды...


Сот шешім шығаруға кетті. Қайта келіп, «Айыпталушы Қуан-дықов Ермұханбет Әбдікерімұлы Қазақ КСР Қылмыстық заңының 60, 65-бабтары бойынша 5 жыл бас бостандығынан айырылады. Жазасын күшейтілген режимдегі еңбекпен түзеу мекемесінде өтейді...» деген үкімін оқыды.


Міне, солай, 5 жылды арқалап кете бардым. Апелляцияға шағым жазбадым. Себебі, камерада отыру шаршатадыекен. Қимыл жоқ, ас-тамағы нашар деген сияқты, таза ауаға барғың келеді...


 


Сол үш күндік сот процесіндегі алғашқы алданыш сезімімнен опық жеп, өзіме-өзім келуім... есімді жидырғандай болды. Дәл сол күндері, сол жерден басқа адам боп шықтым. Айналдырған екі-үш күн ішінде адамдарға, досқа деген көзқарас, қарым-қатынас мүлде өзгерді менде. Бұрын киімімізді ауыстырып киіп, бірге тамақ ішіп, стипендиямыздың соңғы тиынын бөлісіп жүрген дос атаулының үңірейіп орны ғана қалды...


 


Қосымша мәліметтер:


Сол күндері Ішкі істер министрлігі тарапынан айыптылар есебінде ұсталғандар саны – 2401 адам. Оның 2301-і – қазақ, қалғаны –әртүрлі ұлт өкілдері.


Ауруханаларға 1700-дей адам әртүрлі дене жарақатымен түскен. Алғашқы көмек алып, үйлеріне қайтқандарынан өзге күр-делі ем алған 369 адамның 363-і – қазақтар.


ЖОО-нан 270-тей студент оқудан шығарылды. 300-ден аса адам қызметінен қуылды.Сотталғандар саны – 103, олардың 100-і – қазақ.



  1. 1. Оқиға барысында 2 адам ауыр жарақаттан қайтыс болды: Савицкий С.А. (телеорталықтың инженері);


Сыпатаев Е.М. (энергетика институтының студенті).



  1. Мұхамеджанова Сабира Есібекқызы 1986 жылы 26 жел-тоқсан күні Желтоқсан оқиғасына қатысты тергеу амалдарының қысымына төтеп бере алмай, кезекті тергеуден шыққан соң, өз бөлмесінің терезесінен секіріп, қаза тапты. Қаза боларының алдында тергеуде, ол өзінің 16–22 желтоқсан аралығында са-бақта болмау себебін Алматы қаласында орын алған Желтоқсан оқиғасына қатысқанын, өзінің оқиғаға өзі құралпы жастарды ояту, тарту ісінде белсенді болғанын айтқан.

  2. «Телеорталық инженері С.Савицкийді өлтірді» деген айыппен Қ. Рысқұлбеков Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімі бойынша, ең жоғарғы жазаға – ату жазасына кесіліп, кейін 20 жылға бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Алайда алғашқы үкімнен ақталған оның өлі денесі Семей қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының СЕ 1651 мекемесінің, 21-ка-мерасынан табылады.



  1. Қазақ КСР Қылмысты істер кодексінің 65-бабы бойынша айыпталған Алматы музыка училищесінің 16 жасар студенті – Ләззат Асанова үй шатырынан секіріп өлді.

  2. Мұнан өзге, 19-желтоқсан күні қалалық автопарктер-дің бірінің қызметкерінің де қазасы анықталған. Ол оқиға, бірақ «Желтоқсан оқиғасына қатысы жоқ, бұзықтардың екеуара жай төбелесінен шыққан» деп тіркелінген.


Мұның бәрі ресми мәлімет бойынша. Ал шын мәнінде, көте-ріліске қатысы бар деп ұсталғандардың ұзын саны 8500 адамнан асып жығылады.


Әлі күнге ашық айтылмайтын ресми мәліметтер бойынша, адам өлімі 130–150-дей болған. «Западное» бейітіне 31-желтоқ-санға дейінгі аралықта апарылып көмілген 131 (бір деректерде 150) мәйіттің 75-і нөмірленіп, белгі қойылған, оның 19-ы таныл-мағандар (неопознанные). 39-ы басына ешқандай белгі қойылмай жерленген.


(Деректер америкалық Хельсинки тобының зерттеулері мен академик М.К. Қозыбаевтың зерттеулерінен алынған).


 


Ойлап отырсам, 17–19-желтоқсан күндері алаңға мыңдаған адам шықты. Соның бәрін ұстап, соттап, қамауға биліктің түрмесі жетпейтіні айдан анық. Мен секілді көзге түсіп қалғандарды ғана соттады. Менің қапа болатыным, қасымдағылардың бәрі куәлік бермей-ақ қойса, оларды да соттамас еді ғой! Ең әрі кеткенде, бәрімізді оқудан шығарар еді. Бірақ... иә, бірақ бәрінде сол, бая-ғы қорқыныш, баяғы үрей болды. Сыртта жүргендердің уайымы да, мақсаты да басқа болады екен. Бәлкім, олардың мақсаты – өз басы тыныш, оқуын жалғастыру болған болар? Мүмкін, олар да ата-анасының алдында айыпты болғылары келмеген шығар? Әлде оларды да қоқан-лоқы жасап, қорқытқан да, алдаған да шығар... Осындай, он-сан себептерді тізбектеп, ақтау-ақталу нұсқаларын келтіруге болады. Бірақ менің жүрегімде жазылмас жара боп қалған бір ғана пайым-түйсік – біздің халқымыздың үлкен-кіші-сінің басым көпшілігінде: «Өзге не болса, ол болсын, ең бастысы, өзім аман қалайын..» деген пенделік күйкі сана ғана қалған екен. Бәрінен қорқыныштысы, «елім-жұртым», «болашағым» дейтін ұғымдарды жоққа шығаратын сол «қарақан бастың қамын күйт-теу» пиғылы –уақыт өткен сайын өрши түспесе, кеміген жоқ!..


Сонымен, үкім кесілді. Енді іші сасық, тар камерадан те-зірек кетуді асыға күттім. Тағдырдың мойынға салғанын көтеріп, бұрынғы өмірмен қоштасу, алға қарау керек болды. Өзімді солай етуге көндірдім де. Сол санаулы күн ішінде менде өмір сүруге де-ген талпыныс пайда болды, ертеңім үшін күрес басталды. Өзімді өзгелерге дәлелдеу үшін: «Мен ол жақтан аман-есен келуім ке-рек. Ең бірінші кезекте – анамның алдында және өзімді «құрбан-дыққа» шалып, нақақтан-нақақ күйдіріп, жығып берген студент «достарымның» алдында, ең соңы, өзімнің алдымда – өзімді дәлелдеуім керек!.. деген ойға нық бекідім. «Және ешқайда арыз-данбаймын», – деп шештім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу