22.07.2024
  25


Автор: Ермұханбет Қуандық

Қазақ болып атойладық

Алаңда айнала той-думан секілді. «Менің Қазақстаным», басқа да әндер шырқалып, біреулер мойнын созып сөз сөйлеп, көпшілік жұрт қаннен-қаперсіз, күліп-ойнап, қызу әңгіме айтысып жатыр. Қыздардың помадасымен жазылған плакаттар пайда болды. Бір-бі-рімізді танымаймыз. Бірақ барлығымызды: «Біз ҚАЗАҚПЫЗ!..» деген ортақ бір ғана асқақ сезім биледі! Үсті-үстіне құйылып ке-ліп, үлкен алаңды кернеп кеткен қазақ жастарының тасқынды екпі-ні мен лепірген көңіл күйлері бір-бірімізге: «Біз біріксек – қуатты күшпіз!..» деген көтеріңкі көңіл күй, мақтаныш сыйлады!..


Түс қайта ырду-дырду, қозғалыс басталды. Үлкен алаң аузы-мұрнынан шыға халыққа лық толған. Жан-жақтан топ-топ нөпір әлі де келіп жатты. Кеш түсе айнала қоршап тұрған милиция жасақтарымен, солдаттармен әрі-бері ырғасып-итерісіп, текетіре-су болды. Республика басшылары алма-кезек трибунадан сөйлеп, жиналғандардың тарқауын талап етумен болды. Алайда, бәрінің де шыққанынан кеткені тез болды. Өздерінің әділдікті талап етуін елеп-ескермеген билік басшыларына деген наразылықтарын жастар жаппай айғай-шумен, ысқырықтарымен білдіріп, тіпті қолға іліккен қармен атқылап, бәрін қуып жіберді. Өз басым, сол күні жастардың арасында елге танымал жалғыз адамды көрдім. Ол – атақты әнші Роза Бағланова апамыз болатын. Жылап жүріп, жастарды алаңнан аман-есен қайтуларын сұрап жүрді. «Балалар, қайтыңдаршы. Бекерге қырып салады ғой, айналайындар-ау! Ат-тарыңды ешкім сұрамайды...» деген өксікті үні әлі күнге құлағым-да. Ал біз болсақ: «Апамызға не болған? Бізді не үшін, кім қырады екен?» – деп күлдік. Сөйтсек, жарықтық, шын мәнінде жұртының жанашыры, асыл жан, хас батыр кісі екен ғой!.. (Сол, Кеңес өкіме-тінің өктем кезеңінің өзінде, нәзік әйел басымен Кремльдің төрі-нен қасқайып тұрып: – Семей полигоны зардаптары арқылы, Арал теңізін суалту арқылы... қасақана жасалып жатқан қаскөй-ліктен қазақтың қасиетті жері мен қасіретті халқының тағдырына тайсалмай араша сұраған өр дауысын, ерен ерлігін, кинохроника жазбасынан, енді, осы күндері көріп, біліп жатырмыз!..)


Әбден қараңғы болып, көз байланған шақ. Бір мезгілде, мін-берге шығып, өзін «Республика прокуроры Елемісовпін», – деп таныстырған адам:


– Соңғы рет ескертемін, тарқаңдар!.. Болмаса, қылмыстық жа-уапқа тартыласыңдар! Әскер күшін қолданамыз!.. – деп қорқытты. «Менің Қазақстаным» әнімен басталған бейбіт наразылық митинг күнінің соңы сойқан қанды қырғынға ұласып, қасіретті қуғын-сүр-гінді түнімен аяқталатынынан бейхабар жастарды Республика Прокурорының даусындағы өктемдік пен зілді қоқан-лоқы одан сайын дүрліктіріп, ашу-ызаларын шектен шығара қоздатты...


Елемісовтің ескертуінен кейін, біраз уақыт өткенде, Фурманов көшесі жақтан Сәтбаевтың бойымен оншақты өрт сөндіргіш мә-шине қатар тұрып, алаңдағы қалың халыққа қарай жүріп, жақын-дай бастады. Жай келе жатқан жоқ, қатты қысыммен атқылатып су шашып келе жатты. Жастар шулап:


– Отырыңдар, отырыңдар!.. Қорықпа, баспайды!.. – деп айғай-ласып жатырмыз. Бірақ жүргізушілердің қарайтын түрлері жоқ, адамдарды қағып-соғып құлатып, екпіндеп келе жатыр. Оның үстіне қатты серпінмен атқылаған судың күшімен қыз-жігіттер қалпақтай ұшып, сүрлігіп құлап жатты. Талайымыздың үсті-басымыз сорғалаған су болды. Амалсыз орнымыздан тұра қаштық. Қарап тұрсын ба, мынадай жауыздыққа шыдамай, ызаланған жастардың бірі бір мәшиненің бензобагын ашты да, от тастады. Әп-сәтте лап етіп жалынға оранып, гүрс етіп жарылды да, мәшине лаулап өртеніп кетті. Алаңдағыларды басып-жаншып келе жатқан бірінші мәшине, Байсейітова көшесінің тұсына келгенде өртенді. Содан әрі айғай-шу, қырғын төбелес басталды да кетті. Қалқан-шоқпармен қаруланған милиция және әскерлер легі лап қойып, резеңке дойырларымен, сапер күректерімен соққылап, шабуылға шыққанда, қалың халық жапырылып артқа қашты. Қуғыншылар құлағандарды сүйрелеп әкетіп бара жатқанда, жастар жағы айғай салып, қайырыла шабуылдап, жалаң қолмен жұдырықтасып, бі-разын босатып кері алып қайтып жатты. Милиция мен солдат-тар қайта шабуылдайды, біз қашамыз... Сосын, оларды қайта қуамыз. Алма-кезек, ұрандаған қолма-қол айқас болып жат-ты! Ақ үй жақтан айқыш-ұйқыш қайшыласып, күшті прожектор жарықтары ұрғылайды. Біресе олар алады, біресе біз аламыз. Қым-қуыт, айғай-шу!..


Біздерді бала күнімізден «Кеңестер елі – жер шарындағы ең әділетті, ең шыншыл және гуманистік, бақытты ел, оның құрамын-дағы барлық Республикалар мен ұлттар тең, бір-бірімен бауыр, тату-тәтті» деп тәрбиеледі. Оқулықтан Кеңес жауынгерінің неміс баласын (өздерімен соғысқан жау елдің баласын) жауып тұрған оқ астынан аман алып шыққан алып ескерткішінің суретін көріп, «көзімізге сүртіп» өстік. Отан, достық-бауырластық туралы, халықтың азаттығын қорғаған ержүрек кеңес әскері туралы неше бір ән шырқап, өлең-тақпақтар айтып, би биледік!..


Міне, сол «қайырымды да айбынды» кеңес әскері сол түні Ал-маты алаңында бейбіт шеруші мың-сан қазақ жастарына жантүр-шігерлік жауыздықпен күш қолданып, антын бұзды. Қарусыз ереуілшілерді – өз елінің азаматтарын аяусыз соққыға жығып, қанжоса ғып жаншып-таптады. Ал үкімет басындағылар әккі қылмыскерлердей, қылмыстарын жасыру үшін, Алматыны түн басқанын күтіпті. Өрт сөндіру мәшинелерінен соң, резеңке дойыр, сапер күректерімен қаруланып, қалқанмен қорғанған милиция мен арнайы әскери жасақтары көтерілісшілерге лап қойды. «Өздерін қорғайды» деп сенген әскер мен милиция жын ұрғандай жалаңқол жастарды ұл-қыз демей, басқа-көзге төбелеп, асқан қатыгездікпен соққыға жықты. Үкімет пен әскердің бұл әрекеттері алаңдағылар-дың ашу-ызасын туғызды. Әсіресе, қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығы жігіттердің намысын қайрады, күш-қуат беріп, жі-герлендіре түсті. Алаңдағы сол сәттердегі қиян-кескі қырғын шайқас – сырт көзге жан шошырлық қорқынышты көрінгенімен, ортасында жүрген біздерде қорқыныш болған жоқ. Рас, Кеңес өкіметі деген дүлей күштің алдында шарасыздығымызды сезіндік, сорақысы сол, сонау сәби бала жасымыздан бойымызға сіңірілген «кеңестік құндылықтар» көз алдымызда күйреп жатты. Алаң – шындық іздеп келген бізге де, мұздай құрсанған әскерге де өліспей беріспейтін екі арыстанның арпалыс майданына айналды! Менің түйсігіме түйгенім – біз сол түні ҚАЗАҚ болып атойладық!..


Түнгі сағат он-он жарым шамасында, мен алаңнан қайттым. Біріншіден, үсті-басым малмандай су болды, екі күннен бері жөнді тамақтанбағам, қарным аш, әбден шаршап, қалжырағам. Екінші-ден, студент боп жүріп, қосымша қарауыл болып жұмыс істейтін-мін. Бірінші Алматыдағы 82-балалар бақшасында – түнгі кезектегі қарауыл әрі аула сыпырушымын. Оған мен кешкі жетіде баруым керек болатын.


Байсейітова    көшесімен     төмен    түсіп,     Абай-Сейфуллин қиылысынан бірінші Алматыға жүретін экспресс-автобуспен Шо-лоховқа дейін жетіп алдым. Түнгі суық ұрып тұр, бардым солай, әупірімдеп. Су киімдеріме сауыс-сауыс боп саудырлап мұз қата бастаған. Жұмыста мен ауыстыратын егделеу жастағы ұйғыр әйел бар еді, ол тас-талқан болып, айғайды салып қарсы алды.


– Осы уақытқа шейін қайда жүрсің?! Сен үшін түнге дейін отырдым осы жерде!.. – деп.


– Апай, ауырып тұрмын, сырқаттанып қалдым, түрімді көрмей-сіз бе?..– дедім де қойдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу