Өлеңдер ✍️

  19.06.2024
  173


Автор: Мұхарбек Жәкейұлы

Біздің ауыл осындай!

Біздің ауыл осындай


 


«Туған жерім – Мойнақ пен Торғай даласы түсіме жиі енеді...»


 


Бауыржан Бабажанұлы


 


Көрмеген бір қазақты үшке бөле,


Тарихы – тәлім алар күшті өнеге.


Ей, Бәуке, тұлғаларға тұғыр болған,


Әлі де біздің Торғай түске ене ме?


 


Мұңайтпай, жолға жинал маң далаға,


Жарасам – жетіп жатыр қолбалаңа.


Менсіз де қарсы алады ақтарылып,


Елдегі ерке жеңге, аңғал аға!


 


Ондағы ел көнген талай ауыр сынға,


Сенің де кете қоймас салың суға.


Ақаңның тағдырындай тар жол, тайғақ,


Ақкөлдің жол азабын ауырсынба.


 


Бейнетін көріп жүрген күнде халық,


Айтады шеккен зарын кімге налып?


Жол соқты жолаушының бірі болып,


Жақаңа тәу етерміз бірге барып.


 


Болғанмен бір басында уайым мың,


Ұмытар үміт барда құдайын кім?


Нұрханның жырыменен ес жияды,


Баласы бесіктегі бұл ауылдың.


 


Қаузамай қу тірліктің қарбаласын,


Жазайық елге барып, жан жарасын.


Айтпақшы, Қайнекейдің бұл ауылда,


Жарыса жатқа оқиды балладасын.


 


Көңілді көктем етсін кім түлетіп,


Қоғамды ұйқылы-ояу сілкіп өтіп.


Мәуелі Мәуленовтің көшесінде,


Сырбайша өлең оқы күркіретіп!


 


Жол түссе, жоспарымыз тұр-ау қатып,


Бұйырмас көп шайырға мынау бақыт:


Ғафаңның кіндік қаны тамған жер, – деп,


Алайын Шұбалаңға бір аунатып.


 


 


Таныта қоймағанмен жылдар қабақ,


Сенің де өлеңдегі тұлғаң – дарақ.


Қазақтың қай ақыны келді екен? – деп,


Кеңшілік қарсы алар-ау қырдан қарап.


 


Әдетің ән саларлық болса – жаңғырт,


Торғайдың талғамы бар тамсанарлық.


Төр беріп, домбырасын қоса ұсынар,


Әлдиін «Әй-әй ақын» аңсаған жұрт.


 


Шерді айтып Шилідегі ауыл жайлы,


Шерменде – қыламын деп бәрін майлы.


Серікбай Қостанайда бұрынғыша,


Дүмпуін Алматының сағынбайды.


 


Ақынның алаңдатып әр хабары,


Елеңдеп жүрген шығар жолға бәрі?


Жездеңнің жырын оқы жауһары мол,


Көп болды Серік те елге бармағалы.


 


Торқалы топқа түссең, қыздыра біл,


Кетеді көтеріп ап ізгі бауыр.


Ақынын аялаған алақанда, 


Ей, Бәуке, міне, осындай, біздің ауыл!


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу