17.06.2024
  4571


Автор: Диктант

3 сынып диктант жинағы

 3 сынып


                                                        Дала үні


Күн  жылы  еді. Аспанда  бұлт  жоқ.  Хамит  бір  ескілеу  жолмен  келеді.  Айнала  қалың  орман.  Қайың  мен  терек  ағаштары  сарғая  бастаған.


Кей  жерлерде  қыстаулар  көрінеді.  Қыстау  маңында  малдар  жайылып  жүр.  Ағаш  араларында  киіз  үйлер  көрінеді.  Жаздағыдай  орман  іші де, дала да у-шу  болып  жатқан  жоқ. (44 сөз)


                                                                                              (С. Сейфуллин)


 


Қарағанды.


Қарағанды – еліміздегі  үлкен  қалалардың  бірі.  Сарыарқаның  белесті, жазық,  орта  тұсында  орналасқан.  Батысы  бұйратты  жазық,  ұсақ  шоқырлардан  тұрады.  Ал  оңтүстүгі  таулардан  құралған.


Аппақ  Байжанов  суыр  інінің  жанынан  қара  тас  тапқан.  Оның  таскөмір  екендігі  анықталды.  Кейіннен  осы  маңнан  қала  көтерілді. (38 сөз)


 


                                                «Қазақстан»  ұлттық  энцеклопедиясынан


1.Мәтіннен  заттың  сынын, сапасын  білдіретін  сөздерді  тапқыздырып,  астын  сызғызу.


 


                                               Абай  Құнанбаев.


Абай  Құнанбаев – қазақтың  ұлы  ақыны.  Абай  Семейдегі  медреседе  төрт  жыл  мұсылманша  оқыды.  Сонда  жүргенде  өз  бетімен  үш  айдай  оқып,  орыс  тілін  үйренеді.  Абай  он  екі   жасынан  бастап  өлең  жаза  бастайды.  Абайдың  жиырмадан  астам  әндері  бар.


Абай – халықтың  қамын  ойлаған  ақын. (40 сөз)


 


      


Біздің  мұғалім


Қысқы  түн.  Үйлердің  оттары  сөнген.  Тек  мектептің  шамы  сөнген  жоқ.  Бұл – ұйықтамай  отырған  біздің  мұғалім.  Мен  терезе  алдында  отырмын.  Мектептің  терезесіндегі  шам  сөнгенше  күткім  келді.  Шыдамай  ұйықтауға   жаттым.  Таңертең  ерте  ояндым.  Ауыл  әлі  ұйықтап  жатыр.  Тек  мектептің  терезесінде  ғана  от  жанып   тұр. (42 сөз)


                                                        В. А.  Сухомлинский


 


Шахтада


Біз  қалада  тұрамыз.  Әкем  шахтада  істейді.  Шахтер  болуды  мен  де  ұнатамын.  Бір  күні  шахтаны  көргім  келді.  Оның  қайда  екенін  білемін.  Анау  биік  қара  таудың  қасында,  тау  етегінде  үлкен  үй  тұр.  Шахтаға  кірер  ауыз  сол  жерде.  Ақыры  шыдамадым.  Әкем  сыйлаған  қол  шамды  алып,  тура  шахтаға  тарттым. (45 сөз)


                                                                 М.  Сәрсекеев


 


                              


Анасының  жұмысы


Аяжанның  апасы  дәріханада  қызмет  істейді.  Аяжан  апасының  дәріханасында  талай  болған.  Ондағының  бәрі  оған   ұнайды.  Тап-таза, жинақы.  Дәріханада  дәрі  көп.  Апасы  басына  тақия  киеді.  Үстінде  ақ  халат.  Дәрігер  оқушыларға,  жұмысшыларға,  құрылысшыларға,  ауырған  адамдардың  бәріне  дәрі  жазып  береді.  Апасы  жазып  берген  дәрілерді  оларға  тауып  береді.  Анасының  жұмысы  Аяжанды  қызықтырады. (47 сөз)


                                                                 Б. Соқпақбаев


Мәтіннен  зат  есімдерді  тапқызып,  астын  сызғызу.  Кім?  Сұрағына  жауап  беретін  сөздерге  дыбыстық  талдау  жасату. 


 


       


Диқан


Нан  астықтан  алынады.  Астықты  өсіретін  адам – диқан.  Ол  жыл  бойы  тыным  таппайды.  Көктемде  жер  жыртады.  Жерге  дән  себеді.  Дәннен  егін  көктейді.  Диқан  жаз  бойы  егінді  баптайды.  Күзде  піскен  егінді  комбайнмен  орады.  Масақ  толы  дән  қырманға  тасылады.  Егінді  жинауға  оқушылар  да  көмектеседі.  Диқанның  еңбегі  бағаланады. (44 сөз)


 


 


Шыршалы  тоғайда


Бір  шыршалы  тоғай  ішінде  серуендеп  жүрген  болатынбыз.  Бір  мезетте  қараңғы  тоғайға  келіп  кірдік.  Тарлау  соқпақ  көрінеді.  Осы  кішкентай  соқпаққа  түсіп  жүріп  кеттік.  Соқпақ  бізді  қалың  шөбі  бар  алаңға  алып  шықты.  Біз  шүйгін  жасыл  шөп  үстінде  демалмақ  болып  жата  қалдық.  Иттің  үрген  даусы  естілді.  Ит  қып-қызыл  түлкіні  қуып  жүр  екен.  (49 сөз)


                                                               И.  Корнеев


 


 


Сантастағы  орман


Күн  жылына  бастаған  кезде  малшылар  тауға  беттейді.  Ол  кезде  біз  жалғыз  болмаймыз.  Тек  өзеннің  ар  жағында ғана  ешкім  болмайды.  Ол  жақ  қалың  орман  ғой.   Орманға  ешкімді  жібермей,  одан  бір  бұтақ  сындыртпау  үшін  кіре  берісте  отырамыз.  Бізге  ғалым  адамдар  келді.  Олар  Сантастағыдай   орман  дүние  жүзінде  сирек  екенін  айтты. (47 сөз)


                                                               Ш.  Айтматов


 


 


Достар


Зейін  бақта  жүр.  Қарақат  бұталарының  сыртына  мойнын  созып  қарап  қояды.  Бұтаның  арғы  бетінде  шымшықтар  жел  түсірген  бүршіктерді  шоқып  жүр.  Жерге  еңкейген  сайын   құйрықтары  шошаң-шошаң  етеді.  Зейін  қуанып  кетті.  Ағаштың  төменгі  жағына  жем  шашатын  тақтай  орнатты.  Қызыл  торғайлар  әлгі  жерге  үйір  болып  кетті.  Құстар – адамның  досы. (45 сөз)


                                                                    З. Иманбаев


 


Түркістан


Түркістан – бабалардың  көне  қаласы.  Ол  Қаратау  мен  Сырдария  өзенінің  ортасында.  Мұсылман  діні  келгеннен  бастап  қала  Ясы деп  аталған.  Ақын  Қожа  Ахметтің  Йассауи  болатыны  осы  тұс.


Жаугершіліктен  кейін  қала  Түркістан  атанды.  Түркістан  «түріктер  мекені»  деген  сөз.  Қалада  шәкірттер  оқитын  медреселер  ашқан.  Медресенің  бас   мұғалімі  Қожа  Ахмет  Йассауи  еді.  (47 сөз)


 


Жалаулы  қоймасы.


Жалаулы  қоймасы – алтын  бұйымдар  қоймасы.  Бұл  қойманың  табылуы  бір  қызық  оқиға.  Оны  Алматы  облысындағы  жалаулы  елді  мекенінің  маңындағы  өзен  аңғарынан   оқушылар  тауып  алған.  Құрым  киізден  тігілген    дорбаға  салынған  бұйымдар  әлдекімнің  жасырған  қоймасы  болу  керек.  Зергерлік  алтын  бұйымдардың    саны  алты  жүзден  асады.   Жалаулы  қоймасының  ғажайып  сырлары  әлі  зерттеліп  жатыр. (48 сөз)


 


 


Қорқыт  ата


Аңыз  бойынша  Қорқыт  Сырдарияның  жағасында  өмір  сүрген.  Күмбезі  Қызылорда  облысының    Қармақшы  ауданында  болған.   Осы  мазар  ұзыннан  созылған  сегіз   қырлы  үлгіде  төбесі  күмбезделіп  салынған  екен.  Бұрыштары оюлармен  өрнектелген.  Мазарға  жалауы  бар  ұзын  сырғауыл  қойылған.  өкінішке  орай,  күмбезді  су  шайып  кеткен.  Қазір  сол  жерге  күмбез  салынған. (44 сөз)


 


 


 


Кішкентай  көмекші


Ақан  демалысқа  атасы  мен  әжесінің  үйіне   келді.  Атасы  бағбан.  Бау-бақша  жасыл  кілемдей  жайнап  тұр.   Ақан  күні  бойы  атасымен  бақта  жүреді.  Ағаштардың  түбін  қопсытады.  Арам  шөптерден  арылтады.  Атасына  бақшаны  уақытында  суғаруға  көмектеседі.  Ал  атасы  мен  әжесі  кішкентай  көмекшінің  еңбегіне  риза. (39 сөз)


 


 


Наурыз көже


Наурыз – жаңа күн, жыл басы. Жаңа жылдың бірінші күні наурыздың 20-22-сі аралығында күн мен түн теңеледі.  Қазақ халқы наурыз күнін «Ұлыстың ұлы күні» деп, жақсылық тілейді, еск жылдағы өкпе-араздықты ұмытады. Наурыз тойының мақсаты – халыққа молшылық, тоқшылық тілеу. Сол үшін қазан-қазан наурыз көже жасайды. Наурыз көженің құрамы көп дәндерден құралады.   (50 сөз)


 


Қайың


Қайың сымбатты ағаш. биік болып өседі. жазда тәулігіне қырық шелектей ылғал тартады. Қайыңнан алынатын нәрсенің бәрі кәдеге асады. Оның бүршіктерінен дәрі әзірленеді. Бұтақтарынан сыпырғыш жасайды. Қабығынан халық шеберлері себет пен ыдыстар тоқиды. Қайың отыны  пещке маздап жанады. Қайың ағашынан жиһадар жасалады.


Жаз кезінде  қайың тоғайын аралау қандай ғанибет десеңші! Кіршіксіз таза ауа да сонда.                                                        (54 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: бүршіктерінен, жиһаздар.



  1. Бірінші сөйлемді сөз таптарына талдаңдар.
  2. Мәтіннен лепті сөйлемді табыңдар.

 


 


Сауысқанның белгісі


Орман ішімен түлкі келе жатыр. Ашық жерлермен жүгіріп өтеді. Ағаштардың арасынан сыбдырлатпай ептеп жүреді. Ол кенет жер бауырлап жата кетті. Әлденені аңди қалды. Бөдене балапандарының иісін сезді.  Түлкінің дәл төбесінде сауысқан шықылдады. Ол сауысқанға тісін ақсита қарады. Түлкінің арам ниеті белгілі болды. Бөдене балапандары ұша жөнелді. Сауысқанның белгісін ормандағылар түгел түсінді.                (54 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: сыбдырлатпай, ормандағылар.



  1. Бірінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдаңдар.
  2. Қатаң дауыссыз дыбыстарды жазыңдар.

 


 


Бекіре


Бекіреде тұрақты мекен жоқ. Ол көшпелі балық. Бекіренің шабақ шағы өзенде өтеді. Олар өсіп жетілген соң теңізге бет алады. Мұнда оларға азықтар өте мол. Бұл балықтар ерекше дәмді және жұмсақ етімен атақты. Олардың әйгілі қара уылдырығы дүние жүзінде бағаланады. Көптеген бекірелердің дене тұрқы үш метрге жетеді. Салмағы екі жүз килограмға дейін барады. (54 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: уылдырығы, килограмға



  1. Бірінші сөйлемді жуан буынды сөздерді бір, жіңішке буынды сөздерді екі сызыңдар.
  2. Мәтіннен сан есімді табыңдар.

 


Тары


Тары – астық тұқымдастарына жататын бір жылдық өсімдік.  Сабағының биіктігі жүз сантиметрге дейін барады. Өзі күнді көп қажет етеді. Қуаңшылыққа төзімді. Сондықтан жылы аймақтарда өсіріледі. Тары – арпа мен бидай секілді ертеден келе жатқан дәнді дақыл. Қауызынан  тазартылып және ақталған тарыны сөк деп атайды. Одан түрлі тағам жасалады. Тарыдан жасалған тамақ аса жұғымды және қуатты келеді.                  (55 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: тұқымдастарына, қуаңшылыққа, қауызынан.


1.Соңғы сөйлемді сөз таптарына талдаңдар.


2.Бірінші сөйлемнен тасымалданбайтын сөзді табыңдар. Астын сызыңдар.


3.Үнді дауыссыз дыбыстарды жазыңдар.


 


                             


Күзгі өсімдік.


Өсімдік жаз бойы өсіп жетіледі. Жеміс береді. Тұқым шығарады. Қиярдың жемісін маусымда жегенбіз. Енді күз түсті. Жемістер пісті. Қызыл алмалар бұтаққа симайды. Төгіліп тұр.


Биыл өнген тұқынан келесі жылы жаңа өсімдік өседі. Шөптердің көбі тұқым шашқаннан кейін қурайды. Ағаш пен бұта қысқа дайындалады. Бойларындағы азықтық заттарын тамырларына жинайды. Енді оларға суық қорқынышты емес.               (53 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: симайды, бойларындағы, қорқынышты.



  1. Төртінші сөйлемді сөз таптарына талдаңдар.
  2. Қиярды, өсімдік деген сөздерге дыбыстық талдау жасаңдар.
  3. Ұяң дауыссыз дыбыстарды жазыңдар.

 


 


Шофер


Нағыз шофер мейлінше сабырлы да са болуы тиіс. Ол бар зейінін жолдан аудармайды. Шаршадым деп босаңсымайды. Ұйқыға берілмейді. Жылдамдық қызығына желікпейді. Жол бойындағы белгілер мен көше ережелерін жатқа біледі. Сол ережелерді бұлжытпай орындайды. Ол өзі жүргізетін автомобильді жақсы көреді. Өз мәшинесінің сырына қанық болады.


Шоферлер жаздың ыстығы мен қыстың аязды күндерінде де тыным таппайды.                                                                  (54 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: Босаңсымайды, автомобильді.



  1. Е қандай дыбыстардан құралады?
  2. Дауысты дыбыстарды жазыңдар.

 


Жолаушылар.


Біз Қараойдан кешкісін шықтық. Аяққұдық деген құдыққа жеттік. Осы құдықтың басында дем алмақ болдық. Аттарды   қаңтарып арбаға байладық. Мен жерге жата кеттім. Жер сыздау екен. Болатбай жерге қалың сабан төседі. Біз сабан үстіне жаттық. Самал жел сабанды анда-санда сыбдырлатады.  Мен елегізіп біраз ояу жаттым.


Дала түні қызық қой! Жер ана маужырап ұйқыға кетіпті.        (54 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: сыбдырлады, елегізіп.



  1. Мәтіннен біріккен сөздерді табыңдар. Астын сызыңдар. Дыбыстық талдау жасаңдар.
  2. Ойларыңнан екі түбірден біріккен кісі аттарын жазыңдар.
  3. Ф әрпі бар үш сөз ойлап жазыңдар. Оларға дыбыстық талдау жасаңдар.

 


Циркулюс.


Цирк неге цирк аталғанын сіздер білесіздер ме? Цирктегі ең басты орын – алаң. Оның алаңы қандай? Дөңгелек цирк үйінің өзі сияқты. Үйретілген аттар алаңды айнала шабады. Сондықтан цирк ғимараттары шеңбер түрінде салынады. ал неге циркуль деп аталады? Циркуль дөңгелек сызады. Сонда осы екі сөздің екеуі де «циркулюс» - дөңгелек, шеңбер деген латын сөзінен шыққан екен.                                                              (55 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: циркуль, ғимараттары.



  1. Сұраулы сөйлемдерді табыңдар. Оны цифрмен белгілеңдер.
  2. В, ф, ц қандай дыбыстар?

Құдық басында


Досжан шелекті қарына қыстырып, қорадағы атқа беттеді. Құдық басында көр кісі екен. Жетпістегі Қалтай қария бүкшеңдеп су тартып жатыр. Бір-екі бала состиып анадайдан қарап тұр. Досжан оларға алара бір қарады. Ол шелекті сұрап алды. Қарт кісі емес пе, ентігіп қалыпты. Досжан қарияның атын суғарып берді. Бір кезде Бағила әжей суға келді. Досжан су құйып берді. Суды әжейдің үйіне жеткізді. (59 сөз)


 


Шахта


Шахтаны менің көргім келді. Оның қайда екенін білуші едім. Әкем сыйлаған фонарымды алдым. Өйткені шахта жер астында. Ақыры шыдамым жетпеді. Шахтаға қарай бет алдым. Тау етегінде  үлкен үй тұр. Сол үйге кірдім. Іші толған шахтер екен. Бір ағайдың соңынан ере бердім. Бір кезде үлкен залға кірдім. Залдың ортасында темір тор тұр. Сол сәтте тор ішінен қоңырау сылдырлады. Ағай тордың есігін жапты. Тор шахтерлерді төмен алып кетті.  (65 сөз)


Жазылуы қиын сөздер: фонарымды, шахтерлерді.



  1. Үшінші сөйлемді сөз таптарына талдаңдар.
  2. Шахтер деген сөзді жіктеп жазыңдар.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу