Өлеңдер ✍️

Ақбөкен
Иен даламның көтерген әруағын,
Ақбөкен қасиетті жануарым.
Сұлулығың неткен ғажап жаратылыс,
Жанарың наркез әсем сәруарым.
Түз тағысы Бетпақтың даласында,
Ешкімнің шүбәсі жоқ таласуға.
Адам – ата, Хауа – анадан пана іздеп,
Барған дейді жануарым о басында.
Ақбөкен танау қағып желге шығар,
Апыр-ау, бар сұлулық сенде шығар.
Адам ата дарытқан өн бойына, 2-рет
Қасиетің жаратқан емде шыған.
Сертшіл ең дала кезген ақбөкенім,
Шөлейтті мидай жазық – бақ мекенің.
От жанарың мөлдіреп сездің бе екен?
Жүрегі бұл адамның қатты екенін.
Мың – мыңдап жүретін ең үйіріңмен,
Зауладың ұшқан құстай, сүйініп ем.
Түйетабан, шүйгін шөбін қорек еттің,
Тұрқың бөлек тыныс алсаң бүйіріңмен.
Сен – дағы Сарыарқаның сәні едің,
Самал желмен жарысқан әнім едің.
Мүйізін кәсіп қылған қаскүнемдер, 2-рет
Арланбаған ашкөздерге дәрі ме едің?
Адамзат, табиғаттың жүйесі бар,
Әр дүниенің пайғамбардай иесі бар.
Қарғысы атып жатқан шығар, бәлкім...
Халық айтқан «киіктің де киесі бар».
Қайран бөкен, жосып өткен кең даланы,
Қандай қаскөй қиды екен қанға малып?
Көңілім құлазыған жетімдейсін,
Төсінде Бетпақ шөлдің мұң бар анық.
Сайын дала төскейін жасқа малып,
Мұңға толы мүлгиді аспан алып.
«Дала заңын», ағайын ұмытпайық, 2-рет
«Кие» деген ұлы сөзден бастау алып!
Айтбек Рымбекұлы Әліпов, Астана, мамыр 2024ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇