Өлеңдер ✍️

Өмір туралы толғау "Өмір - өзен"
Өмір – өзен, арнасы көп толысқан,
Өмір – өзен, сан тағдырлар тоғысқан.
Өмір – өзен, өтіп жатқан білінбей,
Толқындары бір – бірімен жарысқан.
Өмір – ғажап, атқан арай таңдарың.
Өмір – ғажап, асқақ сезім – арманың.
Өмір деген тірлік кешу – әр күнің.
Бірде құлап, бірде биік самғауың.
Өмір деген – қуанышты сәттерің,
Баға жетпес балалығың шақ керім.
Еңбектеніп, адал терін төккенің,
Өмір деген мақсатыңа жеткенің.
Өмір – ғажап, бір – біріңе қонақсың,
Зымырап бір өте шығар шолақ тым.
Өмір деген ағып түскен жұлдыздай,
Жаратқаннан жарлық келсе – бірақ күн!
Өмір деген – жақыныңды сағыну,
Мұңайғанның дәл қасынан табылу.
Өмір, кейде тәкаппарсың, қаталсың,
Өмір деген – сынағына бағыну.
Өмір – төзу, қалмай алға ілесу,
Өмір – айқас, арпалысу, күресу.
Өмір деген – алай – дүлей бұрқасын,
Дауылына қарсы тұрып, тіресу.
Қос жүректің сезімінен тұратын,
Өмір деген – махаббатқа ұласу.
Өмір деген – таңды таңға атырып,
Адал досқа ақтарып бір сыр ашу.
Өмір – ғажап, жеміс дәнін сепкенің, 2- рет
Өмір деген – сырға толы көктемің.
Теңдесі жоқ құдіретті сыйлығың.
Өмір деген – бұйырған бақ көктегің!
Өмір ғажап – бар ғұмырың, өткенің...
Сөзі Айтбек Рымбекұлы Әліпов,
5 сәуір 2024 ж., Астана қ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter