Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.03.2024
106

Болмайды жазғыруға
Уақытқа бар тіршілік бағынады,
Өмір мәнсіз деме ол мағыналы.
Қарсы тұрып шыдап көр дауылдарға,
Жанар күнім сенің де бағың әлі.
Жылжымайтын жалған-ай кері тегі,
Тас тағдырды құм қылып ерітеді.
Ертеңіңе елеңдеп үміт үзбей,
Қырық жамау жүрегің не күтеді.
Шаршаңқырап, алқынып, демігіп мың,
Сүйдің, күйдің өмірден нені ұқтың?.
Шындық іздеп жүрсің бе? жолығардай,
Арасынан адасып мың күдіктің.
Бір күн сөзсіз сағатың тоқтайды анық,
Жүрегіңнің дүрсілі соқпай қалып.
Сен түгілі тауларда талқан болып,
Бар тіршілік кетеді жоққа айналып.
Түңілмеші таусылып аз ғұмырда,
Қиындық көп тұрмайтын сөз қылуға.
Қит еткенді қалтырап қайғы көріп,
Тағдырды да болмайды жазғыруға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇