Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.03.2024
100

Не деп басу айтайын
Не деп басу айтайын мына адамға,
Сағы сынып, қалтырап құлағанда.
Тірлігіңді жалғастыр бәрі өтеді,
Соңғы рет бір егіліп жылап ал да.
Не деп басу айтайын егілгенге,
Шүйке мойны, еңкейіп шөгілгенде,
Бәрін ұмыт қайтесің өтіп кетер,
Басты көтер одан да көңілден де.
Не деп басу айтайын бүлінгенге,
Бүлінгенге, өмірден түңілгенге.
Қатігездеу тағдырдан таяқ жегем,
Оқасы жоқ дәл сендей күнім менде.
Не деп басу айтайын тербелгенге,
Тербелгенге, сандалып сенделгенге.
Тыртық табан тілініп, бас жарылып,
Тауқыметін тағдырдың көргендерге.
Не деп басу айтайын боздағанға,
Боздағанға, үзіле жаздағанға.
Үлбіреген үмітті үзбе күнім,
Бақытқа жетер жолың аз қалғанда.
Серікбол Валихан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇