Әңгімелер ✍️
Манидің бұрынғы қожайыны - 5 тарау
Келесі күні мен мектепке барғым келмеді. Мен үйге оралғанда Маниді көрмейтін шығармын деп қорықтым. Бірақ әкем Эрна апайдың көршісіне барғанда мені өзімен бірге ала бармақ болып уәде берді.
Менің үнсіз тұнжырап жүргеніме Моника үйреніп үлгерді. Бірақ үшінші сабақтың кезінде мен басыма төнген қиын-дықтар туралы үндемей қала алмадым. Мен оған тәтем қандай жаман жаңалық әкелгенін айттым. Моника маған жанашырлық танытты.
– Егер сен Маниді жасырғың келсе, онда біздікіне алып кел, – деді ол.
Мен бойым жеңілдеп қалғандай сезіндім. Және бәрі жақсы аяқталарына сенімділік пайда болды.
Бірақ Эрна апайға барар жолда көңілім өрепкумен болды. Ол екеуіміз оның көршісінің үйіне қарай беттедік: көп ұзамай керемет саябақтың ортасында тұрған үлкен вилланы көрдік. Есікші қақпаны ашты да, біз баяу жылжып үйге қарай жүрдік.
– Мұнда кім өмір сүрсе де, ақшаның астында қалған біреу ғой, – деп таң қалды әкем. Ал Эрна апай:
– Голдштерн мырза биржалық ойындарда үлкен табыс тапты. Рас, мен оның жақында апатқа ұшырағанын естідім. Ол ауруханадан шықты ма, білмеймін.
Мен Маниді құшақтап отырып, тек бір нәрсені ғана: Голдштерн мырза өзінің вилласымен қоса көкке ұшып жоғалуын тіледім..
Бізге есікті, швейцар ескертіп қойған болу керек, үй қызметшісі ретінде арнайы тігілген көйлек киген әйел ашты. Эрна апай біздің келуіміздің себебін түсіндірді. Көп ұзамай біз Голдштерн мырзаның алдында тұрдық. Ол аласа бойлы, өте сүйкімді кісі екен. Мен оны жек көруге дайын боп келгем. Бірақ, менің таңқалғаным, оған деген ілтипатымды сезіндім. Және ол өте ақылды болып шықты. Менің ниетім Маниге әбден құлап алғанын бірден түсінді.
– Біздің сүйіктімізді қалай атадың? – деп жылы шыраймен сұрады.
Мен Манидің бұрын басқа аты болғанын ойлап тосылып қалғам.
– Мани, – деп жауап берді әкем мен үшін.
– Жақсы ат. Тіпті өте жақсы, – деді Голдштерн мырза. – Маған оның бұрынғысынан гөрі осы ұнайды. Осылай атайық.
Мен бұл адамға таңдана қарадым. Оның сөздері ұнады. Мен де Мани атын қалдыру керек деп ойладым.
Голдштерн мырза бізді қонақ бөлмеге ертіп кірді. Ол Манимен бірге бір жерге барғанын және үйден бірнеше шақырым жерде апатқа ұшырағанын, ауыр жарақат алып, есінен танғанын айтты. Есін ауруханада жиыпты. Содан бері ол итін көрмеген. Бірнеше ай ауруханада жатқанда, оның тапсыруымен жүргізілген іздеулер нәтиже бермеген.
– Мани үйге қайтуға тырысқан шығар. Бірақ оны басқа иттер талап, жараланып, біздің баққа келіп жатыпты, – Мен Мани туралы білгенімнің бәрін айттым. Және ол қалай суға батып кете жаздағанын да. Мен тек бір нәрсе туралы айтқам жоқ – Манидің сөйлесе алатынын. Менде Голдштерн мырзаға сену-ге болатын сезім болғанымен, сақтықтың зияны жоқ...
Голдштерн мырза орындықтан тұрып, маған келді. Тек қазір мен оған жүру өте қиын екенін байқадым. Бұл апаттың салдары болса керек. Ол қолымнан ұстап, ризашылықпен қарады:
– Біздің сүйіктімізді тапқаныңа өте қуаныштымын. Мен оның сені жақсы көретінін білемін. Менің жаным жай тапқан сияқты.
Мен қызарып кеттім:
– Мен Маниді өте жақсы көремін, – деп ұялып күбірледім. – Мен мұны сездім және оған қатты қуандым, – деді ол.
– Менің әлі де ұзақ емделуім керек. Жақында тағы бір ай ауруханаға жатуым керек. Егер сен қамқорлық жасасаң, мен өте қуанышты болар едім. Әрине, мен барлық шығынын төлеймін. Менің жүрегім қуаныштан атқақтай соқты. Мани менімен
бірге қала алады! Содан кейін бұл адамға менің жаным ашыды. – Сіз, әрине, Маниді қатты сағындыңыз ғой, солай ма? –
деп сұрадым.
– Әрине, – деп күрсінді Голдштерн мырза. – Сондықтан мен саған өтініш айтқым келеді. Маниді ертіп, аптасына бір рет ауруханаға бара алмайсың ба? Менің жүргізушім сені әкеліп, үйге апарып тұрады.
Мен оған шынымен жақсылық жасағым келді. Сонымен қатар, ол маған ұнай түсті.
– Келісесіз бе, – деді Голдштерн мырза, – ит сіздерде қалуы үшін және Кира Манимен бірге аптасына бір рет маған келіп тұрса? Әрине, мен сізге барлық шығындарды өтеймін. Менің айтайын дегенім, Сіз жұмсаған шығындарды да, әлі де болатын шығындарды да.
Папам қажет емес деп қарсылық білдіріп еді, бірақ Голдштерн мырза айтқанынан қайтпады. Мен оның өте тез беделге ие болғанын өзімше түйіп қойдым. Аптасына бір рет барып тұра алатын болғанымды ойлау жаныма жағып тұр. Ол мен білетін кісілердің еш біріне ұқсамайды. Кенет біз Голдштерн мырзаның қатты шаршағанын байқадық. Бәлкім, әңгіме оған біз ойлағаннан көбірек салмақ түсірген шығар.
Эрна апай бізге үйге қайтуды ұсынды. Голдстерн мырза бұл сөздерді ризашылықпен тыңдады. Мани оның тізесіне абайлап басын қойды, Голдштерн мырзаның өте әлсіз екенін сезгендей. Үй иесі қоңырауды басып еді, қызметші әйел жетіп келді. Біз қоштастық, ол бізді есікке дейін шығарып салды.
Біз Эрна апайды пәтерінің алдына әкеліп салып, үйге қайттық. Әкем анама болғанның бәрін айтып жатқанда, Мани екеуміз орманға кеттік. Мен одан көп нәрсе сұрауым керек еді.
Ақыры біз жасырын баспанамызға жеттік. Мен кіреберістің алдындағы бұтақтарды ысырып, астындағы тар ізбен еңбектеп ішке кірдік.
Сол кезде мен Манидің дауысын естідім:
– Голдштерн мырзамен бір-біріңе ұнағаныңа қуанышты-мын. Ол керемет адам, мен одан көп нәрсені үйрендім.
Мен таңқалдым, өйткені мен ешқашан Маниге де бірдеме үйренуге тура келген екен ғой деп ойламаппын. Түсінікті ғой. Ол бірден ақылды болып туған жоқ шығар.
– Неге маған Голдштерн мырза туралы ешқашан айтпа-ғансың? – деп сұрадым.
– Біз тек ақша туралы сөйлесеміз деп шешкен жоқ па едік, – деп қарсылық білдірді Мани.
– Бірақ сен оны сағынған шығарсың? – қызғана сұрадым.
– Апат кезінде қожайыным қайтыс болған шығар деп ойладым, – деп түсіндірді Мани. – Ол үсті-басы қан болып, қозғалмай жатқан. Ия, менің де құлағым тарс бітіп қалды. Мен бұталардың арасына жеттім де, есімнен танып қалдым. Мен ұзақ ұйықтаған болуым керек. Оянған кезде көлік те, қожайын да жоқ еді. Мен оны енді қайта көремін деп үміттен-ген емеспін.
Енді маған кейбір нәрсе түсінікті бола бастады. Ал Мани сөзін жалғастырды:
– Ал, енді біз тағы да тек ақша туралы сөйлесеміз және басқа ештеңе туралы болмайды. Егер сен тағы бір нәрсе білгің келсе, онда тағы бір келгенімізде, менің қожайынымнан сұра.
Бұл жолы мен ақша туралы мүлдем ойлағам жоқ. Қаншама өте қызықты жәйттер өтті. Мен ыңғайлы мүмкіндікті пайдала-нып, Маниден оның басқа иттерден өзгеше сөйлеу қабілетін қалай сақтағанын сұрағым келді.
Бірақ Мани кесіп сөйледі:
– Біз сенің ата-анаңның қаржылық проблемалары көп емесіне көз жеткізуіміз керекі. Бірақ алдымен біз бұрын айтқан нәрселерді қайталайық. Сенің арман альбомың қалай?
Мен қызарып кеттім:
– Мен оны дайындай бастадым. Бірақ компьютер мен Сан-Францисконың қажетті фотосуреттері жетіспейді. Сондай-ақ, арман қоржындары үшін де. Мен бұл суреттерді тапқым келген, бірақ мүлдем ұмытып кетіппін
Мани маған сынай қарап отырып, сөзін жалғастырды:
– Ал сен визуализацияладың ба? Ал сәттілік журналың туралы не деуге болады? Кеше бірдеңе жаздың ба?
– Кеше менің уайым мүдем басқа болды, – деп күбірледім. –
Сенен айырылып қалам ба деп қорыққам. Басқа ештеңе туралы ойлана алмадым.
– Бұл түсінікті, – деп жауап берді Мани. – Бірақ дәл осы қатені ақша жетіспейтін адамдардың бәрі жасайды. Олар әрдай-ым көптеген шұғыл ұсақ істермен айналысады да, маңызды істерге уақыт таппайды.
– Мен мұны түсінбеймін. Сұрақтан гөрі маңыздырақ не болуы мүмкін, сен менімен бірге боласың ба?
– Мен сені түсінемін дедім, – еп жауап берді Мани. – Бірақ тәтең келгенге дейін не істедің? Енді қандай сылтау табасың?
– Мен Наполеонмен серуендеу арқылы сонша ақша таба алатыныма өте қуаныштымын, – дедім мен.
Мани маған байыпты қарады:
– Бұл туралы мен саған үш маңызды нәрсені айтқым келеді. Біріншіден, сен қиындыққа тап болған кезде де ойға алғаныңды істеуің керек. Өйткені, бәрі дұрыс болған кезде, мұны бәрі істей алады. Бірақ нақты проблема пайда болған кезде бәрі анықталады. Ойлағанын жүзеге асыру үшін жеке-лелген адамдар ғана жұмысты жүйелі істейді. Әсіресе, көп ақша табатын адамдар қандай қиындыққа тап болса да, жұмысын жақсы істей алатынын дәлелдеген.
Мен мұны бұрын да бір естігем. Мұны кім айтып еді? Иә, Марсель. Оның жұмбақтау екінші кеңесі: «Егер бәрі ойдағыдай болса, әркім ақша таба алады. Бірақ қиындықта кімнің кім екені анықталады». Мен әлі де көп нәрсені үйренуім керек екенін түсіндім.
Мани басын изеді:
– Проблемалар әрқашан болады. Бірақ соған қарамастан, сен күн сайын болашағың үшін маңызды нәрсені жасауың керек. Саған тек он минут қажет. Бірақ бұл он минут көп нәрсені өзгерте алады. Көптеген адамдар сол күйінде қала-ды, өйткені олар он минутты таба алмайды. Олар жағдайдың өзгергенін қалайды. Бірақ олар алдымен өздері өзгеруі керек екенін байқамайды», – деді Мани үнсіз. – Бұл он минут өзін өзгерту үшін қажет. Егер сен бүгіннен бастап сәттілік журна-лына үнемі жазып, елестетіп отыруға салтанатты және қасиет-ті түрде уәде берсең жақсы болар еді. Оның үстіне, не болып жатқанына қарамастан. Күн сайын.
Мен ант бергендей оң қолымды көтердім. Осы сәттен бастап мен күн сайын сәттілік журналына жазып, визуализация жасаймын. Міндеттенемін.
– Екіншіден, – деп жалғастырды Мани, – сен бұл маңызды нәрселерді бәрі жақсы болған кезде де жасауың керек.
Мен оған таң қалдым. Ол бұл туралы не айтқысы келді?
– Сен Наполеонмен жұмысқа орналасқанда, соншалықты мерекелік көңіл– күйде болдың, мен журналды да, жинақ құтысын да, альбомды да есіме түсірмедім. Көрдің бе, адамды алаңдататын мыңдаған нәрселер бар. Сондықтан сен өзіңе оны жасайтын күннің нақты уақытын белгілеп отыруың керек.
Мен ойланып қалдым. Бұл онша оңай болған жоқ. Кешке қарай, мен, әсілі, қатты шаршаймын. Күндіз әрқашан басқа бірдемелер шығады. Демек, тек таңертеңгі мезгіл қалады деген сөз. Ал сонда мен ертерек тұруым керек қой...
– Ұмытпа, бұған он-ақ минутың кетеді, – Мани менің ойымды тағы да оқып қойды.
Мен келістім, бірақ бұл оңай болмайтынын білдім. Ертеңнен бастап он минут бұрын тұрып, ұйқым ашылу үшін тез бетімді жуып, сәттілік журналына отыратын болам.
– Тағы бір нәрсе, – деп қатыгездене жалғастырды Мани. – Неге ешқандай фотосурет таппағаныңды білесің бе? – деді де, өзі жауап берді: – өйткені сен үш күндік ережені ұстанбайсың.
– Үш күндік ереже? – мен қайта сұрадым.
– Бұл оңай. Егер сен бірдеңе жасамақ болдың ба, оны жетпіс екі сағат ішінде жасап тастау керек. Әйтпесе, мұны ешқашан жасамайсың.
Мен ойландым. Бұл рас па? Мен талай рет бірдеңе жасағым келген, бірақ ешқашан жасаған емеспін. Екінші жағынан, мен көп нәрсе жасап та жүрмін ғой. Мүмкін Манидікі жөн шығар.
Оның сөзі әрқашан дұрыс болатындықтан, мен оның кеңесіне құлақ асуды жөн көрдім. Мен енді ойға алғанымның бәрін үш күн ішінде жасайтын болам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter