Әңгімелер ✍️
Менің жиен ағам қалай көп ақша таба алады - 4 тарау
Манимен болған бұл әңгіме мені ойландырды. Төсегімде жатып, ойға шомдым. Ақша табудың жолын іздеу керек. Бірақ оны қалай ұйымдастыруға болады және неден бастау керек? Дэрил қол жеткізген нәрсе керемет болды. Бірақ ол кездей-соқтық шығар. Сонымен қатар, Америкада мұның бәрі бізде-гіден әлдеқайда оңай. Әрі ол ата-анасы көп мүмкіндік беретін ұлдардың бірі. Мен әлі де кішкентай шығармын...
Осы сәтте Манидің өзіңе деген сенімділік туралы айтқаны есіме түсті. Егер мен өз күшіме көбірек сенетін болсам, маған оңайырақ болар еді. Мен кешегі тұзаққа тағы түсе жаздадым. Сондықтан мен сәттілік журналын тезірек қолға алу керек деп шештім. Жасауға болатын екі жазба менің ойыма бірден келді: 1. Мен құпияларды жақсы сақтай аламын.
- Анам мені мазақ еткеніне қарамастан, мен бас тартқан жоқпын.
Мен бірнеше минут ойланып, көп ұзамай кейбір жетістік-терімді есіме түсірдім.
Оларды жаза отырып, мен Дэрил туралы және оған ұқсай-тын кімді білуші едім деп ойлана бердім. Мұндай адаммен сөйлесу керемет болар еді.
Осы кезде менің немере ағам Марсель есіме түсті. Ол менен он ай үлкен. Біз бір-бірімізді жылына бір-екі рет көреміз, бірақ. менің білуімше, оның әрқашан ақшасы бар. Рас, ол өте жағым-сыз және онымен жайбарақат ойнау мүмкін емес. Бірақ ол маған қазір көмектесе алады деп үміттенемін. Мен оған бірден қоңырау шалдым, бірақ уақыт өте кеш еді. Дегенмен, жолым болды, ол әлі ұйықтамапты.
Марсель телефонды алғаннан кейін мен оған өтінішімді жайып салдым:
– Алло, Марсель, бұл мен ғой – Кира. Сенімен сөйлесуім керек, бұл өте маңызды. Мен келесі жылы алмасу бағдарлама-сы бойынша Сан-Францискоға барғым келеді, бірақ бұл үшін көп ақша қажет. Анам мен әкем маған көмектесе алмайды. Сондықтан мен оны өзім табуым керек.
– Бұдан оңай ештеңе жоқ, – деп күлді Марсель. – Ал, сен мені таңырқатып тұрсың. Мен сені тек қуыршақтарға қызыға-тын ақымақ деп ойлаушы едім, сондықтан сенімен ешқашан байыпты сөйлескен емеспін. Ал енді кеп сондай мәнді сұрақ қойып тұрсың.
Телефонды тастай салғым келді. Неткен найсаптық! Көк бақа түрімен астамсуын қара! Мен өзімді әрең ұстадым:
– Сен онша сыпайы емессің. Дегенмен, ақшаны қалай таба-тын сырыңды ашарсың?
– Сен бірден телефонды тастай салып, гүжілдей бастарсың деп ойлап ем, – деп арандата жауап берді ол. – Бірақ сен мен ойлағандай көкми емес екенсің. Білесің бе, ақша табу қиын емес.
Егер ол менің жылап жібермеуге шақ қалғанымды білсе! Бірақ мен оны сездірткем жоқ.
– Қиын емес пе? – деп сұрадым. Марсель мәз бола мырс етті: – Қайда болса да, ақша таба аласың. Саған тек айналаңа
мұқият қарау керек. – Ол дәл осылай сөйледі, менің ойымша, Дэрил де сөйтер еді. Бірақ менің күмәнім сейілген жоқ:
— Ал, Марсель, менің достарымның ақша тапқысы келмей-тіні жоқ. Бірақ ештеңе таба алмайды.
– Демек, олар нашар іздейді. Немесе қуыршақтармен тым көп ойнайды, – деді Марсель. Мен ашулана бастадым. Егер ол қуыршақты тағы бір есіме түсірсе... Бірақ Марсель сөзін жалғастырды:
– Кира, сен шынымен жұмыс іздеп көрдің бе? Айтайын дегенім, сен күні бойы қалай ақша табуға болады дегеннен басқа ештеңе туралы ойламауға тырыстың ба?
Мен тіпті бір сағат уақытымды да бұған арнамағанымды мойындауым керек. Шынымды айтсам, мен ақша таба алмай-тынымды ойланбай-ақ білгем. Оның сұрағына анығын айтуыма тура келді.
– Көрдің бе, – деп жалғастырды Марсель. – Сондықтан да сен ештеңе таппайсың. Ізденбейтіндерге бақыт кездейсоқ табылатын шығар. Ал мен қалай табатынымды айтайын: менің жеке фирмам бар.
– Бірақ сен, мен сияқты он екі-ақ жастасың ғой, – деп таңыр-қадым.
– Менің өз фирмам бар. Мен тоқаш тасып жүрмін, менде он төрт клиент бар.
– Фирмасының түрін! – күлкім келді. – Сен газет таратушы бала сияқтысың ғой. Тек газеттердің орнына тоқаш таратасың... – Қуыршақтың миы, – деп күңкілдеді Марсель. – Бұл сен ойлағандай емес. Мен тоқаштарды тек жексенбіде таратамын. Содан кейін жұмыс күндеріне қарағанда ол қымбатырақ және адамдардың көпшілігі таңнан тұрып наубайханаға барғысы келмейді. Сондықтан мен олардың тапсырыстарын үйлеріне апарып беремін. Біздің наубайшы өте сүйкімді кісі және ол маған жақсы идея берді. Ол маған тоқаштарды жұмыс күндеріндегі-дей бағамен сатады. Сондықтан мен әр тоқаштан шамамен он цент табамын. Оның үстіне әр тапсырыс үшін клиенттер маған шамамен жетпіс бес цент жол ақысын төлейді. Мен жексенбі-де екі-үш сағаттан артық жұмыс істемеймін және айына жетпіс
еуродан астам табыс табамын.
– Жетпіс еуро! Керемет! – таңырқаған дауысым қаттырақ шықты.
– Бұл ғана емес, – деді Марсель. – Аптасына үш рет түскі астан кейін мен қарттар үйінде жұмыс істеймін.
– Қайда-қайда? – мен мүлдем таң қалдым.
– Қарттар үйінде. Мен қарттармен бірге дүкенге барамын немесе бірге жүремін. Кейде біз жай сөйлесеміз немесе ойнай-мыз. Бұл үшін мен басшылықтан сағатына бес еуро аламын. Бұл аптасына тағы отыз бестен қырық бес еуроға дейін, яғни айына шамамен жүз елу Еуроға айналады.
– Сонда айына екі жүз еуродан асады. Керемет! – мен таң қалдым.
Содан кейін мен ойлана отырып:
– Бірақ бізге жақын маңда қарттар үйі жоқ, – дедім.
– Ал сенің атың Марсель емес, сен тек қызсың, – деп мазақ етті ол мені. – Сен бәрібір не істей алатының туралы аз ойла-нып, мүмкіндіктерді іздеуің керек.
Міне, тағы да. Біз Дэрилдің тарихын ұмыта алмаймыз. Ол не істей алатынын және не бар екенін білетініне назар аударады. Мен жақын жерде қарттар үйі жоқ екеніне назар аудардым. Бұл ақылға қонымсыз болды. Мани маған үнемі дәл осылай айтатын.
Марсель менің ойымды бөлді:
– Сен не істегің келетінін ойлауың керек. Мұны қалай табуға болатыны туралы. Мен тоқаштарды осылай ойлап таптым. Мен велосипедпен жүргенді жақсы көремін. Ал енді мен соның арқасында ақша табатын болдым. Бұл таңғажайып сезім, кере-мет! Айтпақшы, мен күн сайын бірнеше адамға қоңырау шалып, олардың үйіне тоқаш әкелейін бе деп сұраймын. Менің мақса-тым – елу клиентке ие болу. Содан кейін мен айына екі жүз елу еуродан астам ақша табатын болам.
Иә, бұл әсерлі болды. Менде қандай мүмкіндіктер бар?
– Мен не істей алатынымды білмеймін, ойлаудан да қорқам, -деп күрсіндім.
– Ал сен немен айналысқанды жақсы көресің? – деп сұрады Марсель.
– Суға жүзгенді, қуыр... «қуыршақ» дей жаздап барып, -сабалақ жүнді иттермен ойнауды деп тез түзедім.
– Бұл өте жақсы, – деді Марсель қызу мақұлдап. – Мұнымен қалай табыс табуға болады?
– Иттермен ақша табу керек пе? – бұл тым ақымақтық болып көрінген шығар маған.
– Қуыршақтың миы! – деп айқайлады Марсель, – Сен күнде итіңді серуендетуге міндеттісің ғой.
– Міндетті емеспін, бірақ мен мұны рахаттана жасаймын, -дедім мен. – Сен мені қуыршақ милы деуіңді тоқтат.
– Лайықтысың, – деді Марсель. – Сен өз итіңмен бірге басқа итті де серуендетіп жүре аласың ғой. Және бұл үшін ақы алуға болады.
Маған бұл өте ұнады:
– Данышпансың. Түрің көк бақадай болса да, ақылдысың, –
мен оған алғыс айтып, телефонды орнына қойдым. Енді бәрін мұқият жоспарлау керек.
Мен көршілердің иттерін түгелдей дерлік білетінмін, иттер де мені танитын. Олардың көпшілігі маған қатты ұнайды. Олар-ды сейілдетіп, ақша табу...
Менің басымнан қияли ойлар зуылдап өте шықты. Бұрын мен барлық туыстарым кедей екен деп ойлайтынмын. Бірақ ақшаға назар аударғалы бері менің пікірім өзгерді. Сондықтан Марсельді есіме түсірдім. Иә, бұл ойды шоғырландыру күшті әсер қалдырады. Бұл мені қайда апарып соқтырарын білсін. Мен Дэрил туралы да қайта-қайта ойлаумен болдым. Өте кеш ұйықтадым.
Келесі күні мектепте де өз жоспарларым туралы ойлана бердім. Көршімізде Наполеон дейтін ит бар еді – овчарка мен ротвейлердің, тағы бірдемелердің дүрегейі. Оның қожайыны қасқырға ұқсайтын. Соңғы кездері Наполеонды оның әйелі қыдыртып жүрген, бірақ ол бұны амалсыз ертіп жүргені көрініп тұрған. Ит оны онша тыңдамайды, бір сәт бірдемеге алаңдай қалса, қашып кетуге дайын тұрады. Мүмкін, әйел иттерді қалай дұрыс ұстау керегін білмейтін шығар. Ал оның күйеуі, Наполеонның қожайыны, жақында инсульт алған, енді көп жүре алмайды.
Мен «қасқырмен» және оның әйелімен сөйлесуді ұйғардым, бірақ олардың атын да білмеймін.
Сондықтан үйге бара жатқанда, Наполеон тұратын үйге бұрылдым. Бірақ қақпаға жеткенде екі ойлы болып қалдым. Не айтайын? Қандай төлем сұраймын? Тіпті ақша туралы сөйле-се алам ба? Бақта қалғып отырған Наполеон болмаса, мен кетіп қалар ма едім. Ол мені танып, қақпа жаққа жүгіріп келдді де, әдеті бойынша қатты ұлыды.
Үй иесі кім келгенін көру үшін терезеге жақындап, маған не керек екенін сұрады. Ыңғайлы жағдай туды. Қазір немесе ешқа-шан. Мен бар батылымды жинап, ойымды айтып салдым:
– Мен алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барғым келеді, бұл үшін ақша керек. Мен ақша тапқым келеді. Сіздің әйеліңізді көрдім. Менің ойымша, ол Наполеонмен серуендеуге құлықты емес сияқты. Мен оны күн сайын серуендете аламын деп ойлаймын. Сіз бұған қалай қарайсыз?
Мен көзімді көтере алмадым. Бетім жанып барады. Ол ақжарқын сөйлеп, мені үйге кіруге шақырды:
– Мен сіздің идеяңызды керемет деп санаймын. Кіріңіз, біз бәрін кең отырып сөйлесейік.
Оның әйелі мені ішке енгізді, біз ас үйге кіріп отырдық. Басында мен тіпті «қасқырға» қарауға батылым бармады, ол соншалықты қатал көрінді. Сондықтан әңгімені оның әйелі бастағанда қуанып кеттім:
– Білесіз бе, мен үшін Наполеонмен күніне үш рет серуен-деу өте қиын. Егер жақын жерде басқа ит жүрсе, мен оны ұстай алмаймын. Ал сенің қолыңнан келе ме?
– Наполеон Манидан кетпейді. Ал Мани бізбен бірге болады. Біз мұны бірге тексеріп көрсек болады.
– Мен сенің иттерді қалай ұстау керегін білетініңді көрдім, – деп кәрі қожайын әңгімеге араласты. – Менің ойымша, мұны сенен артық ешкім жасай алмайды. – Ол әйеліне бұрылды. – Элла, біз мүлдем алаңдамасақ болады. Қыздың иттермен жұмыс жасауға табиғи таланты бар. Менің ойымша, ол бұлармен ептеп сөйлесетін де сияқты.
Мен күлімсіремеуге тырыстым. Егер ол білсе... Шал әйелімен сөйлесіп жатқанда, мен оны жасырын бақылап отыр-дым. Жақыннан қарағанда, ол мүлдем қорқынышты емес еді. Мүмкін сәл жұмбақтау шығар. Оның өмірі шытырман оқиғаға толы болған сияқты. Сондай-ақ ол өте ақкөңіл көрінді. Және өте ақылды.
Ол маған бұрылды:
– Біз алдымен өзімізді таныстырғымыз келеді. Біздің атымыз – Элла және Вальдемар Ханенкамп.
– Ал менің атым Кира, Кира Клаусмюллер, – деп жауап бердім.
– Өте жақсы, жас ханым, – Ханенкамп мырза ілтипатпен басын изеді. – Мен саған ұсыныс жасағым келеді: күн сайын түстен кейін сен Наполеонмен серуендеп, оның үстін щеткамен тазалайсын. Сонымен қатар, сен оған бағынуды үйретесің, – деді ол жайлап қана. – Қызметіңіз үшін қанша сұрайсың?
Мен қайтадан қызарып кеттім. Мен бұл туралы әлі ойламаған едім. Қарттар менің жауабымды тосып отыр. Не айтуым керек?
– Мен, әсілі, білмеймін, – дедім ақырын.
– Онда мен ұсыныс жасайын, – деді қария. – Күніне бір еуроға қалай қарайсың?
Мен ойша санай бастадым. Айына отыз еуро – бұл менің қалта пұлымннан үш есе көп. Ия, бұл нағыз байлық! Бірақ ит иелері менің тосылысымды дұрыс түсінбеді. Олар мені азсынып отыр деп шешті. Сондықтан жаңа ұсыныс жасады:
– Сонымен қатар сіз Наполеонға үйрететін әрбір трюк үшін он еуро аласыз.
Бұл жолы мен жауап беруге асықтым:
– Мен сіздің ұсынысыңызды керемет деп санаймын және оған өте қуаныштымын. Екеуің де өте сүйкімдісіңдер.
Қарттар ризалықпен бір-біріне қарады:
– Ал, сен бүгін-ақ бастай аласың, – деді үй иесі үмітпен.
– Әрине, – деп жауап бердім де, қоштастым. Анам мені түскі асқа күтіп қалған шығар.
Тұманда жүргендей, үйге қарай жүгіріп келем. Табыс табу қаншалық оңай екені белгілі болды деп мәз болам іштей. Мен жаңа тиынша жарқырап, қуаныштан ыңылдай әндеттім.
Үйде кірісіммен, мен ең әуелі Маниді құшақтап, оның құлағына енді мен ақша таба бастаймын деп сыбырладым. Ол маған салтанатты түрде «қолын» берді. Ол да өте қуанды.
Түскі астан кейін мен Марсельге қоңырау шалып, оған алғашқы жұмысым туралы айттым.
– Көрдің бе, Кира, болады екен ғой, – деді ол жай ғана. Мен мақтайтын шығардеп күткем, көңілім басылып қалды. Бірақ ол мені осы алғаш рет «қуыршақ миы» деп емес, атымды атағанына назар аудардым. Бұл жақсылықтың белгісі ғой.
– Бірақ мен сенің есіңе екі маңызды ережені салғым келеді. Біріншіден, сен тек бір ғана жұмыспен шектелмеуің керек. Ол сен ойлағаннан тезірек бітіп қалуы мүмкін. Сондықтан қосымша жұмыс ізде.
Бұл маған асыра сілтеу болып көрінді, дегенмен немере ағамның кеңесіне құлақ асуды ұйғардым.
– Екіншіден, – деп жалғастырды Марсель, – сенде міндетті түрде проблемалар болады. Ол қазір сен сенбейтін мәселелер. Сен қуыршақ милы нәуетек қызсың ба немесе ақша табуға лайықты адамсың ба, содан кейін белгілі болады. Өйткені, егер бәрі ойдағыдай болып жатса, әркім-ақ ақша таба алады. Бірақ қиындықтар туындаған кезде бәрі анықталады.
Мен екінші кеңесіне қатысты не істеу керегін елестете алғам жоқ, бірақ соған қарамастан сыпайы түрде алғыс айтып, Маниді ертіп, Наполеонға бардым. Мен ойлағандай, Наполеон өте сүйкімді ит екен. Ол Манимен ойнай алатынына қатты қуанды. Мен өзіммен бірге ала келген допты екі ит құмар-лана, шаршағанша қуалап ойнады.
Рас, жақын маңда басқа иттер жүрсе, Наполеонды ұстай алмай қалдым. Сондықтан мен оны алдағы күндері бұйрық бойынша отыруға және жатуға үйретуді бастайын деп шештім. Содан кейін мен оны, егер басқа біреудің иттері жүрсе, жататындай етіп бұйрыққа мойынсұнуға үйретемін.
Ақыры үйге оралғанда, бізде қонақ барын – Эрна апай келгенін білдім. Ол бізден небәрі отыз бес шақырым жерде тұрса да, біз оны көптен бері көрмегенбіз. Ол бізде Мани пайда болғаннан бері келмеген екен.
Менімен сәлемдесіп тұрып, апайым ақ лабрадорға қара-ды. Анам иттің өзі келгенін және біз оның иесін таба алмаға-нымызды айтты. Эрна апай маңдайын тыржитып, Маниға өте ұзақ үңілді. Бірдеңе дұрыс емес сияқты.
– Бұл ит сендерде қашаннан бері жүр? – деп сұрады ол Маниден көз алмастан.
– Шамамен тоғыз ай, – деп жауап берді анам.
– Байқаймын, сендер үшін менде маңызды жаңалық бар сияқы, – деді Эрна апай өте байсалды. – Мен оның кімнің иті екенін білетініме сенімдімін.
– Бұл менің итім, – дедім мен.
– Жоқ, ол біздің қасымызда тұратын адамға тиесілі, – деді апай.
– Менің бойымды қорқыныш биледі.
– Бірақ ол қазір біздікі, өйткені ол көптен бері біздің үйде, – деп қыңырлана айқай салдым.
– Эрна апайға айқайлама, – анам маған қатты зекіді. – Бұл қандай әдепсіздік?
Менің басым шуылдап, ішім алай-түлей болды – өзімнің дәрменсіздігімнен туған үрейлі сезім. Алыстан әкемнің дауысы естілгендей болды:
– Ал, ертең біз Манимен бірге сол адамға барамыз да, бәрін шешеміз.
Мен басқа ештеңе білгім келмеді және бөлмеден шыға жөнелдім. Мани менің соңымнан ерді. Өз бөлмеме кіріп, есікті құлыптап, төсекке құлай кеттім. Ойым алабота, бірақ бір нәрсені жақсы білем: мен Маниді ешкімге бермеймін. Басымыздан өткен сонша оқиғадан кейін біз бір-бірімізге тиесіліміз. Оны ертіп үйден қашып кеткенім жақсы одан да.
Мани басын тіземе қойып, көзіме қарады. Оған ештеңе айтудың қажеті жоқ еді. Мен оның көзінен бәрін оқыдым. Ол менен кетпейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter