Әңгімелер ✍️

Арман жинақтауыштары және арман альбомы - 2 тарау
Мен үй тапсырмасын дайындауға әрең көңіл бөлдім. Сағат төртті соққанда, мен бақшаға жүгірдім. Ақ лабрадор күтіп тұр екен.
Мен оған тездетіп қарғыбауын кигізіп, орманға тарттық. Біз жасырынатын жерімізге жеткенше, менің сөйлесуге батылым бармады. Баспанамыз Қаражидек бұталарының арасындағы кішкентай алаңша болды. Оған жету үшін бұталар арасындағы тар, ұзын жолмен еңкейіп, еңбектей жүру керек еді. Онда мен біздің өте жайлы жасырын баспанамызды ұйымдастырдым. Мани екеуімізден басқа ешкім бұл жерді білмейді. Мұнда біз қауіпсіз едік.
Мен өте толқулы едім. Мани сөйлесе алатын қабілетін жоғалтқан жоқ па екен? Өйткені, алдын-ала ештеңе білу мүмкін емес. Мен одан көп нәрсе сұрағым келді, бірақ Мани тек ақша туралы сөйлесетінін айтқаны есімде. Сондықтан мен күттім.
Мани маған қарады:
– Ал, қалай, сен бай болу жақсы екенін түсінген шығарсың? – Әлбетте, – деп жауап беруге асығып, тізімімді қалтамнан
шығардым.
– Дауыстап оқы, – деп өтінді Мани, мен оған он себепті атап өттім.
– Олардың қайсысын ең маңыздысы деп санайсың? – деп сұрады ол.
– Олардың бәрі маңызды, – дедім мен.
– Иә, әрине, – деп келісті Мани. – Дегенмен, тізімді тағы бір қарап шық та, үш маңызды себепті белгіле.
Мен тізімді қайтадан мұқият оқып шықтым. Мен үшін басқаларға қарағанда қандай себептер маңызды екенін шешу оңай болған жоқ. Дегенмен, ақыры оны анықтап, келесілерді белгіледім:
- Келесі жазда алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бару. 2. Компьютер сатып алу – ең дұрысы портативтісі.
- Ата-аналарға қарыздарын төлеуге көмектесу.
– Өте ақылға қонымды себептер. Өте ақылды таңдау, – Мани қатты қуанды. – Мен сені құттықтағым келеді.
Мен мақтаныш сезімін кешірдім. Бірақ бұл жаттығудың мәні маған әлі толық түсініксіз еді. Мани, әдеттегідей, менің ойымды оқып, бірден жауап берді:
– Көптеген адамдар не қалайтынын нақты білмейді. Олар тек көп нәрсені қалайтынын біледі. Өмірді каталог бойынша сауда жасайтын үлкен фирма түрінде елестетіп көріңіз. Егер сіз осындай фирмаға көп нәрсені қалайтын болсаңыз, ол сізге ештеңе жібермейді. Егер сіз «сүйкімді» нәрсе жіберуді сұра-саңыз, сіз де ештеңе алмайсыз. Міне, біздің тілектеріміз де солай. Біз не қалайтынымызды нақты білуіміз керек.
Мен күмәндандым:
– Егер мен не қалайтынымды білсем, мұның бәрін ала аламын ба? Мани маған байыпты қарады:
– Иә. Сен ең бірінші әрі маңызды қадамды жасадың. – Өз тілектерімді жазып алдым ғой? – деп сұрадым.
– Тура, – деп жауап берді Мани. – Енді сен өз тізіміңді күн сайын қарап отыруың керек. Сен өзіңнің тілектеріңді қайта-қай-та еске түсіресің. Сен оларды жүзеге асырудың жолдарын таба бастайсың.
– Иә, бұл шынымен көмектесе ала ма! ? – дедім мен таңыр-қай дауыстап.
– Ал, егер сен оған осылай қарасаң, бұл көмектеспейді», – деді Мани байыпты түрде. – Бірақ сен өз ойыңды өзгертуге көмектесетін үш нәрсе жасай аласың. Біріншіден, бос фотосу-рет альбомын алып, оны тілектер альбомына айналдыр. Сатып алғың келетін заттардың фотосуреттерін немесе суреттерін тауып, оларды альбомға жабыстыр. Өйткені, біз бейнелі түрде ойлаймыз.
– Бейнелі түрде ойлаймыз ба?
– Бұл біз әріптер туралы ойламаймыз дегенді білдіреді. Калифорния туралы ойлағанда, сен КАЛИФОРНИЯ сөзін емес, белгілі бір суреттерді елестетесің ғой.
Иә, Мани дұрыс айтады. Әрине, менің ішкі жанарым алдында Диснейленд, Голливуд, Сан-Франциско картиналары бірден пайда болды...
– Мен мұндай суреттерді қайдан табамын?
Мани маған біртүрлі қарады да, қабағын тыржитып, тура мені мазақтай күлгісі келгендей сықпыт аңдатты.
– Жарайды, – деп түсіндіруге асықтым. – Мен журнал-дан компьютердің суретін, ал Американың суреттерін мектеп оқушыларымен алмасатын ұйымнан табармын. Сонда да бұл маған әлі түсініксіз.
– Кейде біз бір нәрсенің қалай және неге жұмыс істейтінін нақты түсінбеуіміз керек. Бұл нәтиже беретіні маңызды. Мыса-лы, маған электр энергиясының қалай жұмыс істейтінін түсін-діре аласың ба? – деп сұрады Лабрадор.
Мен мұндай сұрақты күткен жоқпын. Неліктен Мани электр энергиясы туралы сұрады? Ауырлық күші туралы мен бір нәрсе айта аламын. Бұл біз мектепте оқыған нәрсе. Бірақ электр қуаты?
– Міне, көрдің бе, – деп жалғады Лабрадор. – қосқышты басып қалсаң, жарық жанады, бірақ оның қалай болғанын түсіндіре алмайсың. Біз, иттер, ғылыми тақырыптар төңіре-гінде сөйлегенді онша жаратпаймыз. Бізге солай болатынын білгеніміз жеткілікті. Одан да фотоальбом жасап ал да, сурет-терді жапсыруды баста.
– Мен әшейін білуге құмармын, – деп ренжідім мен. Мани бірден жауап берді:
– Ал, мақұл. Бірақ бұл сенің тиісті шаруаңа кесірін тигізбеуі керек. Адамдардың көбісі үнемі асықпайды-ақ, асықпайды – өйткені олар бәрін түгел түсінбейді. Одан да іске кірісіп кеткен әлде қайда ақылға қонымды.
– Келісемін. Мен тырысамын. Мани мені тоқтатты:
– Тырысу емес, жасау керек. Тырысқысы келетіндер сәтсіздікке ұшырайды. Ақыр соңында ол ештеңе істей алмайды. Тырысу – бұл өзіңнің сәтсіздігіңді алдын-ала ақтау, алдын-ала кешіру. Ешқандай байқап көру жоқ. Не сен бірдеңе істеп жатасың, не ештеме жасамайсың.
Мен бір минут ойланып қалдым. Маған жақсы таныс біреу әрқашан: «Мен бір нәрсені жасауға тырысып көрейін» дейді. ИЯ, иә, бұл сөздерді әкем де жиі қолданады. Ол әрқашан жаңа тапсырыс берушіні бүгін табуға тырысатынын айтады. Көбіне ол ештеңе істей алмайды. Ұқсас. Мани дұрыс айтады. Мүмкін бұл шынымен де «тырысу» сөзімен байланысты шығар. Сондықтан мен «тырысу» сөзін қолданбауға тырысайын деп шештім.
Кенет Мани ақырын «ыр» ете қалды. Қарғыс атқыр, бұл сөзді мен тағы қолданыппын. Жоқ, мен енді тырыспаймын, енді олай айтпаймын. Мани мені үнемі бақылап отырды:
– Бұл оңай емес, солай ма?
Мен Лабрадордың тілектерім орындалуына көбірек сену үшін жасай алатын үш нәрсе туралы айтқанын есіме түсірдім. Олардың біріншісі – арман альбомы. Ал қалған екеуі?
Жауапты бірден алдым:
– Сен жасай алатын екінші нәрсе – күн сайын арман альбо-мындағы фотосуреттерді бірнеше рет қарап шығу, АҚШ-та екеніңді, компьютерің бар екенін және әкеңнің қарызын төле-геніңді мақтан тұтатыныңды елестету.
– Бірақ бұл армандау дегенді білдіреді ғой, – деп таңырқа-дым, – ал анам әрқашан күндіз армандамауым керек дейді.
Мани шыдамды болатын:
– Бұл визуализация деп аталады. Өмірде бір нәтижеге қол жеткізген барлық адам әуелі армандаудан бастаған. Олар мақса-тына қол жеткізгенде, оның бәрі қалай болатынын қайта-қай-та елестететін. Әрине, армандау жеткіліксіз. Сенің анаң соны айтқысы келетін шығар.
Мұның бәрі маған біртүрлі болып көрінді. Және бәрі мен ойлағандай болмады.
– Бұл оқу деп аталады, – жауап бірден келді, – жаңа ойлар-мен және жаңа идеялармен танысу. Егер сен ойлауды бұрынғы-дай жалғастыра берсең, онда нәтиже бұрынғыдай болады. Бірақ менің саған айтатын сөздерім сен үшін жаңа болатындықтан, мен бір нәрсе ұсынғым келеді: егер сен бірдеңе жасамаған болсаң, бұл жақсы ма, жаман ба, шешім қабылдама. Ал визуали-зациясыз ешкім өз мақсатына жеткен жоқ. Біз назар аударатын нәрселер дамып келеді. Көптеген адамдар өздері қалаған нәрсені елестетудің орнына, қаламайтын нәрселерге назар аударады.
Христел тәтем есіме түсті. Ол әрқашан өзін тым көп нәрсе басып жататынын, жүйкесі соған төтеп бере алмайтынын айтып шағынатын-ды. Кез-келген кішкентай нәрсе оған қиындық тудырады. Мен әкем туралы да ойладым. Ол біз бастан кешіріп жатқан қиын жағдайға назар аударған сайын – бұл жағдай одан бетер нашарлап бара жатқан сияқты көрінетін.
«Сен жасай алатын үшінші нәрсе – арман құмырасын жасап алу», – деп жалғастырды Мани.
– Арман құмырасы? – көңілім біржола қалды. Мани күлді:
– Иә! Өйткені сен ақшасыз Калифорнияға бара алмайсың. Ақша жинаудың ең жақсы мүмкіндіктерінің бірі – құмыра алып, оны жинақ ыдысына айналдыру. Құмыраға сен өз арманыңды жазасың. Бірақ әр арман үшін саған жеке жинақ ыдысы қажет. Сен оны дайындаған соң, үнемдеуге болатын ақшаны соған сала баста.
Бұл әдістің толып жатқан кемшіліктері бірден ойыма келді: – Сонда мен қаншама жинақ ыдысын дайындауым керек,
тіпті егер мен әрқайсысына еуро сала алсам да, жиырма жасқа толғанға дейін жеткілікті мөлшерде жинай аламын ба. Сонымен қатар, менде басқа тілектеріме қажет ақша қалмайды ғой.
Мани маған жайбарақат қарады:
– Байқайсың ба, сен әрқашан әуелі кез-келген нәрсенің неге іске аспайтыны туралы ойлаудан бастайсың?
– Бәлкім, кейде солай шығар, – деп дүңк еттім мен. – Бірақ менің ойымша, егер біз бірлесіп қалтамызға қалай көбірек ақша салуға болатынын ойласақ жақсы болар еді. Егер менде, мыса-лы, қазіргіден екі есе көп ақша болса, өте риза болар едім.
Манидің дауысы өте байсалды естілді:
– Сен маған қазір сенбейсің, Кира, бірақ егер сенің қалтаңда қазіргіден он есе көп ақша болса, сенің проблемаларың тек арта түсер еді. Өйткені, біздің шығындарымыз табысымыздың өсуімен бірге өседі ғой.
Алайда бұл маған асыра сілтеу секілді көрінді. Егер менде он есе көп ақша болса, мен жұмақта жүргендей өмір сүрер едім ғой.
Бірақ Мани айтқанынан қайтпады:
– Ата-анаңызға қараңыз. Оларда сенен он емес, жүз есе көп ақша бар. Бірақ оларға бәрібір жетіспейді. Ақшаның мөлшері емес, олармен не істейтініміз маңызды. Алдымен қазір қолда бар ақшамен айналысуды үйрен. Сонда ғана сен көбірек табуға дайын боласың. Бірақ мен мұны саған бірнеше күннен кейін түсіндіріп берем. Енді жинау сақтағыштарына оралайық. Әуелі бастайық та...
– Бірақ сонша көп ыдыстан шатасамын ғой, – дедім мен.
– Сондықтан мен сенен тізімдегі ең маңызды мақсаттарды таңдауыңды сұрадым емес пе», – деп түсіндірді Мани.
Мен тізімді тағы бір рет қарап шықтым. Дұрыс: ең маңыз-дысы АҚШ-қа саяхат, компьютер алу және ата-анама көмектесу болды. Алғашқы екі тілек үшін өзің армандап жүрген істі бастай аласың. Үшіншісі – ата-анама қарыздан құтылуға көмектесу – үмітсіз болып көрінді.
– Дәл солай, – деді Мани менің ойымды айтқызбай біліп. -Біз сенің ата-анаңның қарыздары туралы бірнеше күннен кейін сөйлесетін боламыз. Бұл сен ойлағаннан әлдеқайда оңай. Сонымен, саған тек екі арман сақтауышы қажет. Сен оны істей аласың.
– Жарайды, мен тырысамын... жоқ, мен мұны істеймін деп айтқым келеді, – деп уәде бердім.
«Онда дереу баста», – деп талап етті Мани. Мен таңырқадым:
– Дәл қазір баста дегенің бе?
Мани тек басын изеді. Сондықтан мен көзімді жұмып, алдымен компьютерде үй тапсырмасын қалай орындауға бола-тынын елестеттім. Олар әлдеқайда әдемі көрінеді және қателерді түзету маған оңайырақ болады. Нәтижесінде мен жоғары баға аламын. Сонымен қатар, менде керемет компьютерлік ойын-дар болады... Содан кейін Мен Сан-Францискода үш апта өткі-зетінімді елестетіп көрдім. Мен өте сүйкімді отбасында өмір сүрер едім, тамаша қызбен дос болар едім, біз керемет уақыт өткізер едік. Бір-бірімізді, осыған дейін басымыздан өтпеген өзгеше бір сезіммен, жақсы түсінер едік. Мен көп нәрсені біле алар едім, өйткені ол жерде көп нәрсе басқаша...
Жолшыбай «әкем әуежайға апарар еді» деп ойладым– ол өте риза ғой, өйткені енді оның қарызы жоқ. О, ол мұны енді мақтан тұтады! Керемет, өйткені қазір оның көңіл-күйі айтар-лықтай жақсарды. Ол тіпті ысқыра әндетіп жүретін болды. Алайда, әкем мұны жасамағаны дұрыс, өйткені ол әнді жаман бұзады. Бірақ маған ол бәрібір ұнайды, өйткені оның көңіл-күйі өте жақсы.
Біраз уақыттан кейін мен көзімді аштым. – Ал, қалай? – Мани бірден сұрады.
– Керемет! – маған өте ұнады. Бірақ мен бұл қалай көмекте-сетінін ешқашан түсінбеймін.
– Электр қуатын еске түсірші, – деді Мани. – Сен мұны түсінуің шарт емес. Сен тек оның жұмыс істейтінін білуің керек. Шынымды айтсам, мен де мұны түсіндіре алмаймын. Бір ақыл-ды шағала: «Ұшар алдында сен саяхат мақсатына жеткеніңді елестетуің керек», – депті. Сен де өзің қалаған нәрсеңнің бар екенін елестетуге тырыс. Сонда күшті тілек қажеттілікке айна-лады. Уақыт өте келе Сан-Францискоға баруға деген ұмтылы-сың күшейе түседі. Сен қаншалықты жиі елестете бастасаң, сенің тілегің соғұрлым күшті болады. Сонда сен оны орындау жолдарын іздей бастайсың. Білесің бе, Кира, бұл үшін жеткілік-ті мүмкіндіктер бар. Бірақ сен оларды қажеттілік шындап туындаған кезде ғана көресің. Егер сен визуализация жасасаң, қажеттілік пайда болады.
– Бәлкім, сенікі дұрыс шығар, – дедім ойланған күйі. – Мен ешқашан Сан-Францискоға барумен дұрыстап айналысқан емеспін. Бір рет қана бұл туралы анаммен абайлап сөйлескем. Ол бірден «бұл туралы ойлайтын ештеңе жоқ» деп жауап берді. Содан бері мен бұл туралы байыптап ойлап көрген емеспін.
Мани қанағаттанарлықпен күңкілдеді:
– Бұл өзі, жалпы, бір-екі жақсы галеткаға тұрарлық.
Мани мені үйретуге кіріскеннен бері, оған ит сияқты қарау-ды қойғанымды түсіндім. Мұны дереу түзету керек. Мен аптыға, галетка ұсынып едім, ол оны рахаттана жеп қойды.
Күтпеген жерден соншама жұмбақ сыр көбейіп кетті де, мен оған сұрақ жаудырғым келді. Бірақ Мани тек ақша тура-лы сөйлесетінін ескертті, сондықтан мен сұрақтарымды әзірше сақтай тұруыма тура келген. Әйтсе де, бір сұрақ еріксіз мазалап, жауап талап етумен болды.
Ақыры шыдамай:
– Мани, мұның бәрін сен қайдан білесің? – деп сұрадым. Мани көңілдене қутыңдады:
– Иә, иттер өте ақылды.
– Ал боксерлер мен пудельдер ше?
– Мен бір кездері өте бай адаммен бірге тұрдым», – деп күлді Мани. – Бірақ қазір мен бұл туралы айтқым келмейді. Бір күні сен бәрін білесің. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Енді үйге қайтатын уақыт келді, өте кеш.
Мани дұрыс айтады, кешкі ас уақыты келді. Біз үйге қарай жүгірдік. Бірақ мен қарным ашқанын мүлдем сезгем жоқ, ал ойларым алысқа шарықтап кеткен. Анам маған алаңдай көз тастап:
– Кира, бірдеңе болды ма? – деп сұрады.
Мен жауап орнына күрсініп қойдым. Өйткені, мен ештеңе айтуыма болмайтын. Оның үстіне маған көп нәрсе туралы ойлану керек еді.
Ақыры кешкі ас бітті, мен өз бөлмеме кіріп, бірден жұмысқа кірістім. Фотосуреттер альбомы қажет еді. Мен ескі поэтикалық альбом тауып алдым, ол жақсы жарап тұр. Енді оған компьютердің фотосуреттері мен Кали-форния көріністерін жабыстыру керек болды. Бір таңға-ларлығы, мен бірде-бір фотосурет, бірде-бір жарнамалық сурет, тіпті ештеңе таба алмадым. Әрине, тіпті мен де өз армандарыма мән бере қойғам жоқ қой. Жарнама сурет-терді ертең алармын. Ал қазір жинақ сақтауыштарын жасау-ға болады.
Мен кәмпиттің бос қорабын іздеп тауып, оның қақпағына шошқа қорабындағыдай ұзын тесік жасадым да, фломастермен «КОМПЬЮТЕР» деген сөзді үлкен әріптерімен жазып қойдым. Содан кейін мен қорапты жабысқақ «таспамен» мықтап шанды-дым. Компьютердің ерекше әдемі фотосуретін тапсам, мен оны да қорапқа жабыстырамын. Егер сурет үлкен болса, тіпті жақсы, қақпағының бетіне түгел жабыстырам. Содан кейін қорап ноут-букке ұқсайды – монеталарға арналған ұяшығы бар. Маған идея ұнады. Содан кейін мен әкемнің ескі темекі қорабын алып, оған «САН-ФРАНЦИСКО» деп жаздым.
Мен «жинақ сақтауыштарыма» мақтанышпен қарадым. Кенеттен олар маған үлкен болып көрінді. Жоқ, жоқ, бәрі ойдағыдай болады.. Мен өзімді керемет сезіндім.
Мен төсекке жатқанмен, тым әсерленіп алғандықтан ба, ұйықтай алмадым. Бүгін көп нәрсені үйренгем. Кенеттен менің өмірім қандай қызықты болып кетті! Әрине, ешкімде мұндай керемет ит жоқ. Сол түні мен Мани, Америка және компьютер туралы армандадым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇