
Алдыңызға ең биік мақсаттар қойыңыз
Табыстың бастапқы нүктесі — өмірде өзің үшін нені қалайтыныңды дәл анықтап алу, өз қалауыңды нақтылап, оларды барынша дұрыс қалыпқа салып алу. Мұны қалай жасауға болады?
Міндетті түрде армандау қажет.
Адамды басқалардан бір саты жоғары ететін де — армандай білу. Армандау — жақсы мақсаттарды қиялдау, бұл жарқын болашақты аңсау. «Менде ақша жоқ, менің таңдаған жолым дұрыс емес, менің басымда қиындық көп» деген сөзді айта көрмеңіз. Оның орнына сізде ешқандай шектеулер, кедергілер жоқ деп ойлаңыз. Өзіңізге «уақытым көп, ақшам жеткілікті, қажет болатын байланыстарым, таныстарым бар, білімім де, тәжірибем де жеткілікті» деп елестетіңіз. Тіпті, не
қаласаң соның бәрі бар деп сезініңіз. Егер сиқырлы таяқшаны сілтеп қалғанда қалағаныңыздың бәрі орындалатын болса, нені қалар едіңіз? Сіз өзіңіздің болашағыңызды мұрат етуіңізге, армандауыңызға, қиялдауыңызға, жоспарлауыңызға болады. Армандарыңызды
орындалады деп ойлаңыз.
Сиқырлы таяқшаңызды сілтеуге болатын, өмірдің маңызды төрт саласы бар. Бірінші сала — табыстармен байланысты. Мен білетін табысты адамдардың бәрінде де әр жылға арналған қаржы жоспары бар, олар бір жыл ішінде табатын табыстардың нақты санын біледі. Бұл жоспар мұқият жасалғаны сондай, тіпті, қанша адам, айына, аптасына қанша, тіпті, күн сайын қанша табыс табатынына дейін көрсетілген.
Табыскер адам содан соң не істейді? Ол ең алдымен, ай сайын, апта сайын, күн сайын қажетті қаражатты табу үшін күнделікті істейтін міндеттерін анықтап алады. Ол өзінің қаржылық мақсаттарына жету үшін қойылған міндеттемелермен, күн сайын таңертең төсектен тұрысымен-ақ, жұмыс істей бастайды. Табыскер адамдар бір апта, бір жыл өткеннен кейін қорытынды жасайды және өздерінің мақсаттарынан асып түскендерін байқайды. Олар тіпті, жоспарланғаннан да артық жасағанына көз жеткізіп жатады. Таныстары: «Достым, өткен жылы шынымен де сенің жолың болды» дегенді айтады. Дегенмен, жолы болу деген сөз — бұл жерге
келіңкіремейді. Неге?
Елестетіп көріңізші, мен сізге өте қымбат автокөлік сыйға тарттым. Еш жерінде ақауы жоқ, кілтін, жол картасын бердім, дәл қай жерге бару керектігін айттым, тіпті, мүмкін пайдалы техникалық қолдау да көрсетермін. Сосын тұрып: «Сол жаққа бар да, сыйлығыңды ал» дедім. Әрине, сіз көлікке отырасыз да, GPS жүйесінің көмегімен барасыз, сосын келісілген жерден сыйлығыңызды аласыз. Мұны ешкім де жолы болғандық деп айтпайды. Солай емес пе? Себебі, сіздің істегеніңіз тек жоспарланған әрекетті орындау ғана.
Негізгі ереже: Алдыңа мақсат қою және қандай жетістікке жетуді қалайтыныңды көз алдыңа келтіру. Осы жылы өзіңнің қалаған мақсаттарыңның қандай болғанын қаласаң, сондай етіп елестету, олар екі жылдан кейін, бес жылдан кейін, он жылдан кейін қандай болатынын да көз алдыңа келтіру. Өзіңізден сұрауды ұмытпаңыз: Қанша табыс тапқыңыз келеді? Сонша табысты табу үшін осы жылы нені үйренуіңіз керек, қай нәрседе шеберлігіңізді шыңдауыңыз және жетілдіруіңіз қажет. Бір жылдан кейін ше, екі, үш, төрт, бес жылдан соң ше?
Айналаңызға қарап, сосын өзіңізден сұраңыз: Дәл менің тапқанымдай ақшаны тағы кім тауып жатыр? Ол адам менің істегенімнен басқа тағы не істеуде? Және есте сақтаңыз, сізден артық
ақылдырақ, сізден икемдірек ешкім де жоқ. Егер біреу сізден де көбірек табыс табатын болса, оның себебі, мұның қалай жасалу керектігін сізден бұрын түсінгендігінде ғана. Ол бұл сұрақтарға жай ғана жауап іздеп көрді, адамдардан сұрап білді, кітап оқыды, курстарға қатысты немесе радио тыңдады. Табыскер адамдар өз уақытында мақсаттарына жету үшін нені үйрену қажет болса, соны үйренді. Жүздеген адам жасай алған нәрсе
әлдебіреулердің қолынан келді, сол сияқты ол сіздің де қолыңыздан келеді. Ешкім де сізден артық немесе ақылды, не болмаса, икемдірек емес.
Екінші сала — айқын мақсаттар қоятын сіздің отбасылық жағдайыңызбен байланысты. Бұл жайында ойлану өте қажет. «Сиқырлы таяқшаны сілтеп қалып едім» деп, көз алдыңызға елестетіңіз, сосын сіздің отбасыңыздың жағдайы күрт өсіп кетті. Сіздің үйіңіз, көлігіңіз, саяхаттарыңыз, тұрмыс-тіршілігіңіз, балаларыңыз оқитын мектеп, киім, отбасыңыздағы қарым-қатынас — бәрі де ойдағыдай. Өзіңізден: «Егер ешқандай кедергі болмаса, менің отбасымның жағдайы қандай болар еді?» деп сұраңыз.
Біздің өміріміздегі ең бір маңызды мақсаттардың бірі — біздің ерекше қамқорлыққа алған адамдармен бірге болуға көбірек уақыт бөлуіміз. Біз барлық тіршілігімізді осы бірінші кезектегі мақсатқа сүйене отырып құруымыз керек. Бір семинарда мен Эдвард Мерфиді кездестірдім. Ол атышулы «Мерфидің заңдылығы» атты кітаптың авторы. Оның маған айтқаны: «Мен үйленгенде әйеліме «кем дегенде екі сағат сенімен бірге боламын» деп, уәде бердім. «Егер бір жаққа кететін болсам, әрқашан телефон арқылы хабарласып тұрамын» дедім. Бірінші баламыз дүниеге келгенде: «Енді мен отбасыммен күніне кем дегенде үш сағат бірге боламын» деп, уәде еттім. Сосын ол: «Бұл 21 жыл бұрынғы жағдай еді» дегенді қосып қойды. «Осы күнге дейін мен берген бұл сертімді бұзған емеспін. Бұл менің өмірімдегі қабылдаған ең бір керемет шешім еді. Мен қазір бір кездегі армандағанымнан да көп табыс табамын. Мен табыстымын, бақыттымын, мен білетін адамдардың арасында беделім де бар және менің отбасылық өмірім ең керемет отбасылық өмір. «Уақытымды отбасыммен бірге өткіземін» деп қабылдаған шешімім, сондай-ақ, жұмысқа бөлген уақытымды ойластыру — менің өмірімді толығымен өзгеріске әкелген шешім болды. Бұл менің ең керемет шешімдерім». Ойланып көріңіздерші, шындығында да, бұған қарсы ешкім ешқандай да уәж айта алмасы анық қой.
Үшінші сала — өзіңіз үшін нені қалайтыныңызды анықтайтын сала, бұл — денсаулық. Сіздің бүгінгі мақсатыңыз — 90-95 жас жасау. Медицинаның қазіргідей дәрі-дәрмек, хирургия, медициналық көмек жүйесінің дамыған кезінде, денсаулықты сақтаудың, ауруды алдын алудың, тамақтану жайында мол білім бар уақытта, шындығында да, қалаған жасыңызды жасай аласыз. Қазір сол жайында ойланатын кез. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мықты денсаулыққа қол жеткізу мен үшін нені білдіреді? Егер менің денсаулығым мықты болса, мен не істеймін? Менің салмағым қанша болады, дене пішімім,
қан қысымым қандай болады?» Денсаулық мықты болу үшін қалай тамақтану керектігін ойланыңыз. Спортпен шұғылдану қажет пе? Мықты денсаулыққа қол жеткізу үшін немен айналысу керектігін ойланыңыз. Бұл сұрақтардың жауабы сіздің болашағыңызды, келешектегі жақсы өміріңіздің көріністерін, армандарыңызды көз алдыңызға елестететін
болсын.
Төртінші сала — бұл сіздің байлығыңыз, жиған-тергеніңізге байланысты не қалайтыныңыз жөнінде қажетті шешімдер қабылдауды қажет ететін сала. Өз қаржыңызға тек өзіңіз жауаптысыз. Үкімет сізге көмектеспейді, тұрмыстық сақтандыру жүйесінен қаржылық көмек күтудің немесе жоғары мөлшердегі зейнетақыға сенім артудың қажеті жоқ. Сіздің міндетіңіз — кейін сізге ешқашан жұмыс істеудің қажеті жоқ болатындай мөлшерде ақша жинау. Бұл «сіз мүлдем жұмыс
жасамайсыз» деген сөз емес. Бұл жұмыс жасайсыз ба, жоқ па, таңдау өзіңізде дегенді білдіреді. Сізде кез келген уақытта зейнетке шыға алатындай жеткілікті ақша болуы тиіс.
Менің мақсатым — 20 жыл. Бұл санды неге айтып отырмын? Көптеген қаржы жоспарлайтын мамандар «Сіз 85-90 жас жасайсыз, ал, зейнетке 65-70 жаста шығасыз» дейді. Олай болса, ақшаңыздың жететіндігіне көз жеткізіңіз. Сіздің ақшаңыз сізден де артық жасайтын болсын! Бұл үшін не істеу керек? Бұл үшін сіздің ешқандай табысыңыз болмаған жағдайда дәл қазір өмір сүріп жатқандай өмір сүру үшін сізге қанша ақша қажет екенін есептеу керек. Сіздің тек жинаған ақшаңыз ғана болады. Ол айына 3000$ бола ма, 4000$, 5000$ бола ма, оны өзіңіз анықтаңыз. Ойланып көріңіз, егер сіз жұмыс істеп табыс табуды тоқтатсаңыз, осы жинаған ақшаңызға сіз бұрынғыдай өмір сүре аласыз ба? Тұратын үйіңіздің ақысына, азық-түлікке, саяхаттауға, көлігіңіздің шығындарын өтеуге ол сізді толығымен қамтамасыз ете алады ма? Өзіңізге қажет болатын қаражатты анықтаңыз. Бұл шындығында да өте маңызды мәселе. Көп адамдар бұл қаражат турасында ойлана бермейді. Әрине, бірқатар мәселелерді ескермеуге де болады. Мысалыға, сіздің балаларыңыздың өз отбасы бар, олар өздерін өздері қамтамасыз ете алады және сіздің ешқандай қарызыңыз жоқ.
Мысалыға алсақ, сізге айына 5000$ қажет делік, әрі қарай оны 12 айға көбейтеміз, жылына 60 000$ болады. Ал, енді сіз зейнетке шыққаннан кейін сіздің ақшаңыз өспейді, деп есептейік. Сіздің
қаражатыңыз инфляциямен бірдей жұмсалып жатыр деп ойлаңыз. Бұл қалыптасқан, шартты түрдегі ойлау тәсілі, біз мұны өзімізді шынықтыру үшін ғана қолданамыз. Сонымен, сіз 20 жыл өмір сүресіз. Ол үшін сізге 1 200 000$ керек.
Одан кейін сіз отырып, осы уақытқа дейін қанша ақша жиналғанын есептейсіз. Сіздің бүгінгі бағаңыз қанша? Оны былайша салыстырсаңыз, мысалы үшін сізді басқа елге 10 жылға жіберді делік. Өзіңізде бардың бәрін сатып, түскен ақшаны банкке аударуыңыз керек. Бұл тәсіл сіздің жиһазыңыздың, киім-кешегіңіздің, көлігіңіздің, заттарыңыздың, қозғалмайтын мүліктеріңіздің бағасын есептеуге көмектеседі. Олардың бүгінгі бағасы бұрынғы бағасының 10-20%-ын
ғана құрайтынын біліңіз.
Көп адамдар «О, менде ақша көп, өйткені менде жиһаз көп» деп ойлайды. Бұл тіпті де дұрыс емес. Егер сіз барлық заттарыңызды ақшаға айналдырсаңыз, онда соншама көп таба қоймайсыз. Егер де 10-20% тапсаңыз да жаман емес, соның өзінде жолым болды деп есептей беріңіз. Өзіңіздің банктегі есеп шотыңызды, сақтандыру полисін, акцияларыңызды, жәрдемақыларыңызды ойша ақшаға айналдырыңыз, сосын есептеп көріңіз. Қанша ақшаңыз бар екен? Аз болғанына шошымай-ақ қойыңыз, себебі, адамдардың көпшілігі кедей қалыпта тіршілік етеді, көпшілігі айлықтан айлыққа жетіп, өмір сүріп жатыр.
Сонымен, сізге 1 200 000$ қажет делік. Өзіңіздің табысыңыздың өсу графигінің суретін салыңыз. Орта есеппен 1 млн$ табу үшін адамға шамамен 20 жыл қажет болады деп есептеңіз. Бұл тым ұзақ сияқты болып көрінеді. Бірақ, есіңізде болсын, уақыт бәрібір өтеді. Адамдар: «О, мен бай болмын, мен байимын!» дейді. Бұған сенбесеңіздер, шын мәнінде ақылды адам өзінің жинаған ақшасының үстінен жылына 8-ден 10%-ға дейін-ақ табыс табады. Өз күштерімен табысқа жеткен жүздеген, мыңдаған миллионерлер осылай істейді. Олар өздерінің жинаған ақшаларының үстінен ұзақ мерзім аралығында 8-ден 10%-ға дейін табыс табады. Сіз бүгінгі өзіңіздің бағаңызды есептеп, 20 жылдан кейін сізде қанша ақша болу керектігін шештіңіз. Одан кейін сізге жылына қанша табыс табу керектігін және қалған 20 жылдың ішінде жыл сайын қанша ақшаны алып қойып отыру қажеттігін анықтаңыз. Нақты, анық жоспар жасаңыз және оның ішінде әр жылдың аяғында сізде қанша қаржы болу керектігін көрсетіңіз. Мысалы, 20 жылдан кейін сізде мынадай қаражат болуы тиіс, 15 жылдан кейін мынадай қаражат, 10 жылдан
соң мынадай, 5 жылдан кейін мынадай қаржы деп, осылай жалғастыра бересіз. Енді не істейсіз? Әр ай сайын сіз өзіңіздің назарыңызды қаржылық тәуелсіздікке аударасыз. Өз күштерімен табысқа жеткен он мыңдаған миллионерлерден сұхбат алып жүріп, мен олардың бәрін біріктіретін бір нәрсенің барын түсіндім. Олардың бәрі де қаржы тәуелсіздігі жөнінде ерте кезден бастап ойланған. Нәтижесінде, олар таңқаларлықтай табыстарға қол жеткізген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇