04.02.2024
  86


Автор: Софы Сматаев

Дарқан дарын

Халқымызды ән әлдилеп, күй тербетіп келгені ақиқат. Қазақтың кеудесінен күй төгіліп, көмейінен ән ақтарылып жататыны содан ғана десек, онда ең алдымен ұлтымызды әлімсақтан әсем әуен, тәтті сазбен ауыздандырған бұлбұл әншілеріміз бен дүлдүл күйшілеріміздің алдындағы перзентті борышымыз бен парызымызды ұмытпағанымыз жөн. Ғасырлар қойнауынан көне тарихымыздың мәңгі жоғалмас сәлем-хатындай, уәзипа-назындай ұлтымыздың кейде күмілжіп, кейде құйқылжып жететін әндері, кейде күңіреніп, кейде күмбірлеп жететін күйлері — рухани мол байлығымыз ғана емес, киелі қазынамыз ғой. Өткен заманнан бүгінгі күнге алтын көпір болып жеткен осынау мәдени ұлы мұрамызға көрсетілер құрмет әсем ән мен күмбір күйге ғана бағышталмай, сол әуен мен саздың жаратушы құдіреттері — сазгер-композиторлар мен әнші-күйшілерге де тікелей арналғаны керек-ау!..


Ел табынған жазушы! Немесе жұрт исінген композитор! Творчество адамына осы асыл атаулардан қадірлі ешнәрсе жоқ деп ойлаушы едім. Соңғы кездерде мына нарық дейтін парықсыздықтың құрығы қыл мойынға тұншықтырып оралғалы ол ойымнан мүлде арылдым, өйткені сананы тұрмыс билеп те, жүндес білегімен илеп те жатқан қазіргі бас ие жоқ дәйексіз заманда кеудеңді тік ұстайтын бұрынғы "жазушы", "сазгер" дейтін қасиетті ат-атауың адыра қалғандай-ау. Күн сайын төбеңнен тоқпақтайтын жүгені сыпырылған тіршіліктің жалы тұрмақ сауырына да саусақ тигізе алмайтын жаяу, жалаңаш, қайыршыға бергісіз күйің тәңірідей өр зор көкірегіңді көркөкірек етіп, жігерлі жанарыңды жасқаншақтата жасауратып қойса, қай құдіретке мұң шағарсың. Композитор — құдірет еді. Бұрын болған еді. Жазушы — жасаған хақпен бірдей еді. Бұрын бірдей еді. Бүгін енді олар алыпсатар — құдірет, акционер — құдірет, шенеунік — құдірет, депутат — құдірет, әкім — құдірет сияқты "пысықтардың" қолына су құюға да жарамай қалды.


Себебі халқымыздың өз ішінен ерекшеленіп туған, құдіреттеніп дараланған өнер иелеріне жасалар құрметімізді бүгінде жеті қабат жер астына көміп тастады. Жоғарыда отырғандардың туысқандарынан басқа есімдері ерекше аталуға тиіс ұлы Азаматтарымызға арналар сүйіспеншілігімізден баз кештік.


Сөзімді енді дәлелдермен тұжырымдап кетейін.


Сыдық Мұқамеджанов! Осы ұлы есім аталған сәтінде жұмыр жердің үстіндегі исі қазақ баласы ішкен асын жерге қоярына күмәнім жоқ. Ал Сәкеңді бұрынғы ССРО, бүгінгі Еуропа, сонау мұхиттың арғы бетіндегі Америка білетіндігіне сол елдерде үздіксіз ойналатын айтулы шығармалары куә. Солай десек, ұлы композитор — Арқа түлегі, Қарағанды азаматы, Киік перзенті Сыдық Мұқамеджановтың аты естілгенде жүрегін күй тербеткен, бірақ чиновниктік мерезі жоқ бүкіл адамзат бір тебіреніп алары сөзсіз. Саз құдіретін ауыздықтап, әуез қасиетін тұла бойынан тұма бұлақтай мөлдіретіп төгетін, өнер сүйгіш жанның көкірегіне әуен мен күйдің жылы толқынын енгізетін аса дарын иесі Сәкең жаратушы табиғаттай, немесе болмыс-құдіреттің өзіндей еді.


Арқаның қасиетті топырағынан жаралып, Үлкенбұлақ суында шомылып, Оңтүстік өңірінде өскен Сыдық аға жаймашуақ Жетісудың тау бөктерінен есетін самалдай жайдары әуендері мен Сарыарқаның түпсіз тұңғиық зеңгіріне шаншыла самғайтын асқақ әндерімен ауызданып өскендіктен, шынайы өнердің асыл әрі мен дәмді нәрі мол екенін ерте аңғарған. Жастайынан ерте ізденіп, творчестволық жолдың ыстығы мен суығын өзгелерден гөрі басымырақ көргендіктен айтулы өнер қайраткері болып тез-ақ қалыптасқан еді.


"Ал Сыдық Мұқамеджановтың осынша шебер, осынша құдірет иесі бола білуінің тамыры неде? Бастауы қайда? Негізінде қандай құдірет жатыр? Асыл тегінің бәсі қанша?" дейтін сұрақтар еріксіз туындайтыны ақиқат нәрсе.


Енді соларды таратып беруге әрекет жасап көрелік.


Қандай дарын болса да, ең алдымен ол өзі жаралған топырақтың перзенті болатыны хақ. Киелі топырақтың қасиетті ұлдары көп болары даусыз десек, Арқа өңірі, оның ішінде Орталық Қазақстан аумағы — дарын мен таланттың шымырлап қайнап шығар өзегі, шыңдалып суарылып шығар көрігі.


Дәлел керек пе?


Әрідегі ұлы Тәттімбет, шалқар Шортанбай, күй күңіренткен Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Сембек, Әбди, Қыздарбектер, берідегі асқақ Сәкен, адуын Әсет, арқалы Тайжан, желаяқ Маясар, дүлдүл Шашубай, сырбаз Сәрінжіп — әрқайсысы бір-бір елдің атын әлемге жаяр шабыт иелері. Ал осыған Сәкеңнің, Сыдықтың өзі шар етіп дүниеге келген шаңырақтағы туған әкесі Мұқамеджан мен анасы Ақборықтың әнші-әуенгершілігін қоссақ тал бесігіндегі алғашқы іңгәсімен ертеңгі ел бесікті ән-күйімен тербетер ұлы сазгердің киелі топырақтан күй иесі боп, жаратушы құдірет-болмыстың куәлік таңбасымен туғанына шәк келтірмейсіз.


Екіншіден, Арқаның сал-серілі дәстүрін сақтап қалған бұл өңір сан салалы өнердің тоғысқан сәтті тұсына жататындығына баса назар аударған жөн сияқты. Өйткені әнді ерттеп, күйді қосарлап мінген Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Ыбырай, Жарылғапберлі тәрізді айдын-шалқарлардың тұнығынан жүзіп ішкен бұл төңіректің өнерпаздары түстігіндегі алып Абай, шексіз Шәкәрім, теріскейіндегі ғұлама Ыбырай, қазына Қазанғаптардан тұшынса, Шу бойы мен Балқаш көлінің арғы жақ беткейіндегі Ұлы жүздің Үйсіні мен Жалайырының Жамбылдай даңғылымен, Кенендей кененімен, Орта жүздің Найманының Молықбайдай даулескер обызшыларымен қойындасып жататын. Жыр қыстап, ән жайлаған, саз қонақтап, әуен түнеген бұл аймақтың осындай шадыман дәстүрін ән-әуезге барынша әуес отызыншы жылдардың жас қаласы — Балқаш айрықша түлеткен еді. Өткенді түгел мансұқтап, бұрынғының бәрін бүгінгінің құрбандығына шалуға дайын тұратын айнығыш, ойнамалы, жезөкше саясатшылдығымызды сәл бүркей тұрсақ онда шын мәніндегі социалды құрылыс дәуірінің халықтың мәдениеті мен тұрмысына кәдімгідей үлкен ықпал жасағанын жасырып ұстай алмасымыз хақ. өндірістік жас қала сол кездің өзінде-ақ өмірлік құрылыстарға сай әлеуметтік құбылыстарды да қазақ арасына, қазақ даласына көбірек әкелген-ді. Сол жас қаланың көркемөнерпаздарының ойын-сауықтары — болашақ ұлы композитордың ең алғашқы кәсіби мектебінің алғашқы баспалдақтары болып еді.


Әрине өнер жолын — даңғыл жол деп ешкім атамайтыны ақиқат болса, әсіресе Сыдық аға Мұқамеджановтың үйрену, өсу, іздену, шарықтау, кемелдену, көркею, кеңею кезеңдері әртүрлі қиындықтар мен кедергілерге мол болғанына замандастары барынша қанық.


Сыдықтың өнер жолының алғашқы ізін өзінің замандас қазақ композиторлары тәрізді ән мен романс жанрынан бастағанын айтсақ, пәни жалғанның қызулы жастық жәрмеңкесінде бір-біріне жалындай ұмтылған екі жастың жүрек лүпілінің мәңгі алау гүліндей өшпейтін, солмайтын символдық белгісі — "Жарқ етпес қара көңілім неғылсаданы" ең алдымен ауызға алар едік. Ауызға алар едік те, биікпен биік қана таласа алар, ұлыға ұлы ғана жанаса алар өмір заңын алдымызға тосқан Абай мен Сыдық көңілдерінің толқыны тоғысқан, ұлы Абай мен үлкен Сыдықтың жүрек шарпысулары араласқан осы ән-романстың мәңгілік сұлулығына, мәңгілік ғашық жанның үзіліп шыққан жалын лебінің отты қызуына, сүйіскен жандардың сертке берік адалдығына бек риза болып, желді күнгі Арқаның күлте құйрық селеуіндей қайта-қайта бас изер едік. "Тербеледі тың дала", "Шофер әні", "Әйтеуір сол қыз бір сұлу", "Шолпаным" сияқты әсем де әдемі әндерді шығарған Сыдық Абай сөздеріне жазылған бір топ сұлу романстарымен халқының жүрегінен өз орнын ойып алған еді. Тәжірибесі толысқан, ой өрісі кенейген, шабыт серпіні күшейген кезде тағы да алғашқылардың бірі боп жалын жүрек сазгер симфониялы шығармалар жазуға батыл бет бұрып, ең алғашқы "Шаттық отаны" деп аталатын симфониялы күйімен Қазақстанның симфония көшін бастап-ақ кетіп еді-ау. Сол симфониялы күй республикамыздың музыкалық эмблемасы, әуездік айшық таңбасы ретінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірінде қырық бес жылдан астам уақыт ойналып, Қазақстанды, қазақ өнерін күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің бар түкпірінде таныстырып, табыстырып келе жатыр.


Авторына Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын әперген "Дауыл" симфониясының жалпы қазақ музыка өнерінде алар орны ерекше. Төрт бөлімнен құралатын симфонияның "Дауыл" аталуында да айрықша мән бар, Тұнып қалған ойды, тұрып қалған бойды, ақпай тұрған суды, көтерілмей тұрған буды, тымырсықта көмілген дуды дүр сілкінтіп оятып, астан-кестен сапыратын құдірет-дауыл ғана. Өмір-тіршілік ауқымын өзгеше сапаға түсіріп өзгертетін де — дауыл. Сана мен сезімдегі бұйығылықты серпіп тастап, тән мен жанға сергектік пен жылдамдық беретін де дауыл. Табиғат дауылы, болмыс дауылы, әлеуметтік құрылымды жаңғыртар, жаңартар бұлқыныс, төңкеріс дауылы!


Бір сөзбен айтқанда дауыл — пенде мен пайғамбар аралығындағы биік мақсұтты тірлік иесін жаңа белеске көтерер, сенім мен таным құбылысын өзгертіп, ғұмырлық бағыт-бағдарламасын анықтап нұсқар аз сәттік құдіретті құбылыс. "Дауыл" симфониясының айтары осы төңірек. Өзгерген заманның өскелең арманы мен асыл мұраты азаматын да асқарға шығарып, ой-санасын аспандатып әкететінін айғақтайды ол.


"Дауыл" — көненің жаңарып, кәрінің жасарып, аздың көбейіп, өткіншінің мәңгілікке айналып кетер ғажап мезеттері болатынына сендіретін өміршең, аса құнды туынды.


Ал Сәкең "Көне Түркістанда" атты сюитасында ежелгі ұлтының көңіл назындай сабырлы ойы мен саналы сырын қоңыр әуен арқылы алуан үнді оркестрге түсіргенде, өткен күндер тізбегі көз алдыңнан тіріліп жеткендей сезіліп еді. "Шаттық Отанындағы" сахараның сусыған сағымында мол тұяқ дүбірінен оянған құдіретті күй сарынын көп аспапты симфонияға ауыстырғанда, сыршыл сазгердің өзінің үлкен жүрегіндей ұланғайыр даласының ғаламат кендігі мен шексіздігі, қазақ жанының еркіндік аңсаған жайсаңдығы шиыршық атып, тыңдаушысын мейлінше әсерлендіріп, мақтаныш сезіміне тоғытып жібереді. Сыдық Мұқамеджанов халқымыздың әуез өнерінің айтулы туындыларына айналған құдіретті симфонияларымен жұмыр жерге елінің атын әуелетіп шығарса, осы әсем дүниелері Мұқамеджановты адамзаттың әлемдік көгіне шарықтатып әкетіп еді.


Композитор творчествосының тағы бір алуан қыры — вокальды-симфониялық шығармалары. Суреткердің "Ғасырлар үні" деп аталатын қазақ топырағында ең алғаш туған ораториясы бүкіл республикамыздың музыкалық көкжиегін барынша кеңейтіп, кәсіби музыка өнерін жілікше шағатын Еуропа елдерінің дәрежесіне жеткізіп, терезесін теңестіріп қойғанын бүгін бүкіл қазақстандықтар мақтаныш етеді... Қырықтың қырқасына ілінер-ілінбестен-ақ сол кездегі ССРО көлеміндегі білгір мамандар түгіл тыңдаған қарабайыр жұрттың көңіл пернесін тап басып, жүрек қылын қапысыз шерткен дарынды таланттың бұл ораториясы үлкен құбылысқа айналған аса шоқтықты дүниесі еді. Амал не, қазақтың қанына сіңген күншілдік, қызғаншақтық дейтін айықпас ауруына сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйенің өзімшіл сасық кеуде дерті қосылды да, жарық дүниеге жар салып енген, Лениндік сыйлықты енді алайын деп тұрған әсем туындыны қиянатшыл тобыр көрбілте опасыздықтың қанжығасына байлады да жіберді ғой.


Оратория бірақ әлі күнге дейін өзінің сол оқшау биігінен төмендеген жоқ. Әсемдіктің символындай алғашқы боп туған құдіретті бұл шығарма өзінен кейінгі туындаған ортақол әлденеше ораторияға әлі күнге дейін шекесінен қарап, сол биік тұғырдағы меншікті бірінші орнын босатқан да емес.


Композитордың "Жыл мезгілдері", "Табиғат" тәрізді поэтикалық хор капеллалары, жеке дауысқа, скрипкаға, қобызға, оркестр мен домбыраға арналған концерттері сан әуенді саздылығымен тыңдаушысын баураумен келсе, ондаған спектакльдер мен кино-фильмдерге жазған музыкасы Қазақстан өнеріне қосылған асыл қазыналарға айналып та кетті.


Сан қырлы біртуар дарынды тұлғаның шығармашылық еңбегінің ең ауқымды әрі ең жауапты кезеңі — опералары. Эпикалық жанрдың қазақ топырағында қалыптасуына, біршама дамуына да сазгердің зор үлес қосқанына оның төрт операсы куә.


Қазақтың ең тұңғыш комедиялық "Айсұлу" операсын дүниеге әкелген тағы да Сыдық екенін атасақ та, композитордың көшбастаушы ролін және қайталайтынымыз хақ. Көп кешікпей "Жұмбақ қыз" операсына кірісіп кеткен ол шығармашылықтың биік белесіне қадам басқан болатын. Қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр кезеңі — Абылайхан тұсы — төл тарихымыздың алтынмен жазылар беттері ғой. Адамзаттық тірлік керуенінен біржола көшіп, тауарихтан мәңгі өшіріліп қалар қауіп төнген қазақ халқын жер бетінде аман сақтап қалған бір адам — ұлы адам Абылай туралы сүбелі шығарма жазу Сәкең арманы ғана емес, ерлігі де еді. Өйткені алпысыншы жылдары Абылай туралы шығарма жазбақ түгіл, оның атын ауызға алуға да болмайтын-ды. Сол кездегі жиырманың ішіндегі студент маған "Сәкен Сейфулиннің "Көкшетау" поэмасының негізінде операның либреттосын жаз!" деп қолқа салуы тегін емес те еді. Біріншіден, композитор ағамыз осы тақырыпты тандап қалуымен екі ұлы адамға — Абылай хан мен Сәкен Сейфуллинге деген өзінің суреткерлік парызын өтемек болса, екіншіден, осы жауапты тақырыпты өзінің жас інісі, жас әріптесі маған жүктеуін ағаның ініні баулуы деп те, үлкен жауапкершілікті бірден сеніп тапсыруы арқылы ұлы мақсатқа талпынта жетелеуі деп те сезінемін бүгін.


Бір ғана дерек.


Осы операны үлкен комиссияға өткізерде Сәкең екеуміздің қатты қиналғанымыз бар. Өйткені хор сөзінде:


"Сақта, тәңірім, Абылайды.


Зарды Абылай танымайды.
Күлсе ол — күлер күллі әлем,
Ол — шат, жаудың жаны қайғы!
Сақта, тәңірім, Абылайды —


Ұлт жан ұлы Абылайды!" деген шумаққа сол кездегі Орталық партия комитетінің хатшысы: "Сақта, тәңірім, Абылайды!" деп сахна төрінен аңырап тұрудың қажеті қанша!" деп операны қабылдатпай, қасарысып отырып алған-ды. "Ханды сақта!" дейтін бүгінгі біз емес, бұрынғы өз ортасы ғой!" — деп бұлтарта жауап беріп, спектакльді әупірімдеп өткізіп едік. Сол опера бүгінде ұлттық мәдениетіміздің озық дүниесіне айналды.


Либреттосын Ғабит Мүсіреповке жазғызып, "Ақан сері — Ақтоқты" операсын театр сахнасына шығарған Сәкең, жаңа бір асудан асып, сол қарқынмен "Ақбаян" операсына кірісіп те кеткен-ді. Партитурасының соңғы нүктесін қояр-қоймастан алып жүрек аяқ астынан соғуын тоқтатып, сұм ажал арамыздан ұлы суреткерді суырып алып кетті ғой...


Сыдық Мұқамеджанов! Бұл есім иесі ғажап суреткер ғана емес, үлкен қоғамдық қайраткер, мемлекеттік тұлға да еді. Оның шығармашылық таланты мен ұйымдастырушылық қасиеті таразының қос табағын тең басып жататын. Сондықтан да ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан композиторлар одағын басқарған. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы мен Абай атындағы қазақ опера және балет театрының директоры болған.


Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кешегі ССРО халық артисі Мұқамеджановтың еліне сіңірген қыруар еңбегін айтып тауысу қиын. Ал осы ССРО халық артисі дейтін құрметті атақты талай дүниені бірінші боп берген, қазақ музыкасының көп жанрының ең алғашқы тұңғыш туындыларын дүниеге әкелген еңбекқор композитор, жылпос, жағымпаз композиторлардың ең соңынан алып еді. Сол үлкен атаққа еті үйренбей, көзі қанықпай, қызығын көре алмай, хас суреткер атақ тиер-тиместен көз жұмып еді-ау!


Осы арада жарты дәнді жарып жеген аталарымыздың ауызбіршілігіне ұйымай, жікшілдік, жершілдік, керек десеңіз рушылдық бөлшектенудің жалғау-құрау тізгініне жармасып алған сол кездегі ел басындағы, министрліктегі кейбір азаматтарымыздың қылығын бүгінгілер қайталамаса игі еді дегім келеді.


Әрине ұлы суреткерге тиісті құрмет, дұрыс ілтипат, лайықты атақ-дәреже өз уағында келсе, Сыдық бәлки тым ертерек көз жұмбас па еді. Тағы да талай айтулы шығармалар тудырып, халқымызды одан сайын қуантар ма еді дейтін өксікті өкінішті айтпай тұра алмаймыз. Өйткені қандай тарлан талантқа, тұлпар дарынға бақ керек емес, бап керек деу қиянат. Жоқтан бар жасайтын сұғанақ пысықтықтан аулақ болайық, масылдан асыл шығаратын ептілік пен епсектіктен таза болайық деуді — келешек өкініштердің алдын алу үшін қайталап отырмын.


Асыл... Шын асылды тот баспайды, уақыт ұмыттыра алмайды, қиянатқа иянаттауға жібермейді. Бірақ шын асылды дер мезгіліңде жарқырата білгенге не жетсін! Сонда оның нұры кеуделерге сәулені бұрынғыдан да мол түсірер еді! Жанға жігер, бойға қуат құяр еді! Асылымызды аялауды ұмытып барамыз-ау, ағайын!


Творчество адамы данадай көпшіл, баладай өкпешіл. "Қадірлім!" десе-ақ құлпырып шыға келеді... Бірақ... бірақ Сыдықты көзі тірісінде бұрынғы Жезқазған, бүгінгі Қарағанды облысының бір де бір басшысы өз жерлесі ретінде білген де жоқ. Дарынымыз, қасиеттіміз деп бағалаған да жоқ. Қошемет, құрмет көрсетпек түтіл, науқастанып жатқанда есендік-саулығын да сұрамаған.


Тегінде Оңтүстік өңіріміздегі ағайындарға қарағанда, біздің теріскей облыс пен аудан азаматтары суықтау, жатбауырлау. Олардың "өліні сыйламай, тірі байымайдыны" ескермей кетер кездері көп. Әйтпесе жерлесі — Сыдық Мұқамеджанов атымен Қазақстандағы бір елді мекенді атаса, көптік етер ме еді? Үкіметке, елбасыға ізденіп, Астананың, Алматының, Қарағандының бір-бір көшелеріне атын бергізсе, тақиямызға тар келер ме еді? Тұрған үйіне тоғыз жылдан бері ескерткіш тақта қойылса, кімнің көңіл күйі бұзылар еді? Шөп басып кеткен қабірінің басына белгі қойып, ретке келтірсе, елдігіміздің қай сыны кемір еді?! Әй... өкпені халық атты көпке ғана айтпасақ әміршіл топқа ешқашан оқпен де айдап жеткізе алмаспыз.


Көп демекші, халық демекші дәтке қуат бір сырды көлденен тартудың реті келіп тұр. Мынандай қиын кезең, қысталаң сәтте Сарыарқа өңірі, Астана жұртшылығы ауызбірлік танытып, Арқа топырағының перзенті, бүкіл қазақтың қадірлі азаматы Сәкеңнің — Сыдық Мұқамеджановтың мерей тойын өткізіп, үлкен ерлік жасапты. Лайым ұланын бағалаудың басы осы болғай. "Халық — алып қой. Алыптығың асқақтай берсін. Қысталаң шақтан аман-есен өтіңдер, асыл тек ағайыным! Ардақты аяулы елім!" деп аяқтағым келеді ағаға арнаған бүгінгі сөзімді.


1999 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу