04.02.2024
  166


Автор: Софы Сматаев

Бұлақ

Роман


Бұлақ: Шөлге сіңіп,
Құрдымға құймасам екен.
Көлге құйсам да,
Тұзын жимасам екен!
Мен: Әумин.


ҚЫС. МАРАТБЕК


Қарағанды мен Алматыға бір күнде бір мазмұнды екі телеграмма шұғыл жөнелтілді.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Сайлаужан, не жазып жатырсың?


— Сіздің айтқандарыңызды.


— Сонда сен бәріміздің сөзімізді осылай жазып аласың ба? Кітапқа басасың ба?


— Мүмкін, әже...


— Онда жаза бер, қарағым... Тек өтірік қоспа. Нені айтып отыр едім? Ә -ә... Сонда деймін, бала кезіміз, ештеңені пайымдамайды екенбіз. Ойлап отырсам, бәрі дәл күні бүгінгідей көз алдымда. Ал, сонда деймін, жас шақта оған кім мән берген. Есімде: бәрімізді үй-үйді түгел аралап жүріп, жинап апарды. Тіпті бар ғой, қарағым, ауылда қыбырлаған жан қалмады. Анау Қисықтың Әлімі де, Түгелбайдың Бимендесі де, Рақымжанның Күлпәші де, ең ақыры Ырысбектің шойнақ Маманы да сонда. Бізге не керек? Бір жағынан қорқамыз, бір жағынан қызық көреміз. Құдай-ау!... Жұрт дегенің қарақұрым! Басың айналады. Сонда деймін, анау төбе мен мынау жазықтың үсті түп-түгел адам аяғынан көрінбей кетті. Будақ-будақ шаң! Айтпа. Қолқаны қауып, түшкіртіп-пысқыртып әбігерімізді шығарды. Түкірігіміз "Қаражүндінің" қайрақ тасына сұп-сұрғылт түйме боп домалайды. Әкей байғұс оң жақ, білегімнен тас қылып ұстап апты. Өзі әлденеге қалш-қалш дірілдейді. Сонда деймін, ой қорыққаным-ай!...


Басыма қызыл орамал салмағанмен, қос желпейлі етегі көлкілдеген көйлек киіп, есейіп қалған кезім. Көп ішінен тінткілей қарайтын сұғанақ көз ондайда қапысын жіберер ме! Әбден тіміскіледі-ау! Бірақ оған сол сәтте кім көңіл бөлген. Айнала азан-қазан! У-шу!..


Шойын жол дегенді бұрын естіп пе едік! Қазір ғой, пойызсыз тіпті қарға адым жер жүре алмаймыз. Тап бір кермеңе тізгінін тұқыртып байлап қойған басыбайлы көлігіңдей, белетіңді бер де, міне бер! Суарам демейсің, отқа қоям демейсің! Түу-түу жер түбіндегі Босағаға да бір сағатта жеткізіп салады... Ол ол ма, мен осы пойызыңмен Маратбектің ұлы әйел алғанда, құдағи боп Қарағандыға да барып келгем, оны айтсаң. Біз не көрмедік, қарағым. Бәрін көрдік. Құдайға шүкір, өкіметіміздің арқасында талай жердің дәмін таттық...


Сонда деймін, сонау "Қаражүндінің" тұмсығындағы көпірдің астына бір жігіт барып тұрды. Білуші едік. Омбы, Томбыдағы інститөтті бітірген енженер болатын. Көпірді де сол салғызған. Біліміне сенген сабаз кәмесия кісілеріне: "Көпір — мықты! Өзім астында тұрам!" деген ғой. Кейбіреулер айтады: "Әдейі тұрғызған " — деп...


Әке-шешесі: "Жалғызым-ау!" деп кісесін мойнына салып екі жақтан еңіресін. Жігіт болса, өзі де бір маңғаз: "Жыламаңдар!' деп күле қарағанда, тап бір нұрдан жаралғандай кере қарыс маңдайы жарқырап еді-ау!


Содан бір кезде, саған өтірік, маған шын, қарағым, жер жаңғыртқан аңыраған дауыс даланы дүр сілкінтті. Әкем білегімді қоя беріп, екі қолымен бетін басып қара жерге жалп етті. Қарасам, будақ-будақ құрым түтінін көкке шұбатып, бір қап-қара құбыжық бізге қарай, ой, боздатып келеді дейсің! Түйе безді тапырақтап. Жылқы кісінеді шұрқырап. Ал біз ше?.. Бет-бетімізбен тым-тырақай қашайық.


Пароуызды алғаш көргеніміз ғой. Біріне бірін тіркеп алыпты. Екеу. Ысылдап бу атып, дүбірлетіп жер солқылдатып тұсымыздан өте шықты... Сонда Маратбекті пароуыздың терезесінен көріп қалып едім.


* * *


Тыстағы боран құтырына соғып тұр. Әлдебір алапат дүлей мың жыл бойы бүрісіп жатқан тар құмырасынан әлгінде ғана босанып шығып, аяқ-қолын сығымдап құрсаулаған темір бұғауды быт-шыт үзіп тастап, енді емін-еркін есіріктене тайраңдап жүргендей сырттағы сұрапыл толастамайды. Бірде тоқал тамның төбесінен әлдекім тас кебісін сүйретіп дүңгірлетіп жүгіріп өткендей қарлы құйын аспанға тік шаншылады да, бірде есік пен терезені екілене тырналайтын ызалы желге кезек береді. Сәлден кейін әлгі шыдамсыз жел іштен жауап күткендей тынши қалады да, артынша-ақ, әупірім мінезбен қайтадан әкіреңдей жөнеледі. Сыбызғылатып ішегін тартып ән салады. Ол аздай-ақ өңешке өңеш жалғап, күркіреген күндей жаңғырық атады. Тіпті болмаған соң тоқал үйдің бір мойын қисық мұржасына жоғарыдан тік сорғалап сүңгіп кетеді де, лап етіп төменнен қарсы ұмтылған ыстық жалын мен қаракүйе түтінге шашалып, дар-дар жыртылып, күрк-күрк жөтеліп, жан сауғалап зыта қашады.


Ұзыны мен көлденеңі шамалас үлкен, кең бөлменің дәл ортасына қарағай еденге жамбасын қалыңдатып жайма төсек салғызып алып, манадан үнсіз жатқан Маратбек көзін ашты. Сирек кірпіктерін жыбырлатып, өң мен түстің арасында кездесетін мағынасыз түйсіктің қалың мұнарын серпігендей болды. Баданадай көздердің сарғыш тартқан ақ етіне айқыш-ұйқыш жолақ боп айғыздана жамыраған қан тамырлары тарамдалып шыға келді. Күңгірт жанар қар басқан әйнекке қадалды. Мүкіс құлақ боран ызыңын шалып қалды ма, шал көрпе астынан еті қашқан оң қолын жайлап шығарып, үп-үшкір шынтағымен жер таянып, бір бүйіріне екі-үш ұмсынып барып, аунап түсті. Ентігіп, ауа жетпегендей, иегін шошаңдатты. Әжімді беттегі жүндей ұйысқан қасқа сақал мен қыраулы мұртты ажыратып, аржағынан сумаңдаған тілді сүйірлетіп апарып кеберсіген ерінді жалап-жалап алды. Содан кейін тұншыға жөткірініп, көрпе астындағы сүйегіне ілінген денесін бүлк-бүлк қимылдатты. Сол-ақ екен, терісі босаған қыртысы мол шалқақ маңдайға тарыдай бөгіп суық тер шыға-шыға келді. Сирек кірпіктері қайтадан бір-біріне жамырай көрісіп, айқасып бара жатты...


... Прожектордың лақтырған сүңгідей ұшқыр жарығы қарсы алдында тұтаса ұйытқыған ақ шаңқан қабырғаны ұңғып өте алмай, шыр көбелек айналған аласапыран қар ұшқынында қалт-құлт әлсіреп барып, тепловоз табанына қашып тығылады. Қайтадан қалт-құлт күшейіп, тіке шаншылып, өлермендене кеуделеген ақ түтек боранды қарш-қарш тілгілейді.


Бет-аузын күйе мен тер айғыздаған машинист айқай салды:


— Сақ болғайсың. Қазір станциядан өтеміз.


Көмекшісі басын изеді де, маңдайын әйнекке жапсырып, терезеге сүзілді.


— Жылдамдықты азайт! Светофор жабық!


Прожектордың сүңгісінде жалт-жұлт билеген қар ұшқыны тынымсыз ойнайды. Тынымсыз жарқ-жұрқ айқасып қалып, ұшқыр жарықты дәл ортасынан қақ бөледі.


— Жол үстінде бір нәрсе жаты-ы-ыр!


Машинистің даусы көмейінен қарлығып шығып, аяқ астынан зырқ ете қалған клаксонның ащы үнімен көміліп кетті. Ауыр состав ағызған күйі тұп-тура ақ түтек арасынан құйыла суырылып, аппақ төмпешікке жақындап қалды. Ақ түтек одан сайын құтырынып, албасты биін күшейтті. Прожектордың алмас сүңгісі секундтың әр бөлшегін екілене санағандай дірілдеп кетті.


— Рельс үстінде адам жатыр!


Көмекшісі сол үрейлі хабарды айқайлап айтты ма, сыбырлап жеткізді ме, есінде жоқ. Бірақ сол сәтте машинист сіресе жармасқан қос қолмен екі тормоздың сүйір тұтқаларын қабатынан тартып қап, жандәрмен қимылмен құмсалғыштың тепкішегін табанымен шірене басқанын ғана біледі Лөкет пышақпен қазан түбін қырғандай ащы дыбыс төменнен дуылдай көтеріліп, төбе құйқаны шымырлата жетті де, жонарқаға көк шыбықты шып-шып соққандай бүкіл тұлабойға шапшып ала жөнелді. Доңғалақ пен рельс арасына сауылдап құйылған қиыршық құм аяққа оралған кендірдей поезды оқыс солқ еткізді. Ауыр локомотив екі жағына кезек теңселіп, жол үстінде жатқан адамға есік пен төрдей жақындап қалған еді. Дәл мынау екпінімен тепловоз төмпешіктің үстінен бар салмағымен жаншып өте шығып, екі-үш метрдей асып барып тоқтайды...


"Не істеу керек?... Қандай амал бар?!"


Миды шабақтаған тұтқиыл сауал боран суылынан да шапшаң екен, қан тамырларды бүкіл денеде бүлк-бүлк соққызып, ақыл-есті есеңгіретіп қытымыр шеңгеліне бүріп алды.


"Не істеу керек?"


Прожектор сүңгісі қарлы төмпешікті тіміскілеп тауып, мұнартқан жанарға бадырайтып әкеліп, сүңгітіп жіберді.


Машинист орнынан атып тұрды. Оң жақ есікті жұлқи тартты. Келесі есікті серпи ашып, сатыларды санап жатпастан сыртқа атылды. Жамбасы шпал шетіне сарт етіп тиген сәтте "подметельник"1 іліп әкеткен адамның доңғалақ астына қарай сырғып бара жатқанын шалып қалды. Енді бір қас қаққанша, зырылдаған доңғалақ қос жауырынды қиғаштап, кесе-көлденең қиып өтеді екен...


Машинист локомотивтің алдына қарай бір-ақ ырғып секіріп, әлгі адамның желкесінен тарбиған шеңгелімен сығымдай ұстап, шалқалаған күйде барлық қайратымен тартып қалды. Құлап бара жатып кабина терезесінен құп-қу боп түсі қашқан көмекшісінің бүкіл бет пішінін алып кеткен тостағандай-тостағандай үрейлі көздерін ғана көрді...


... Тыстағы боран суылы бұрынғысынан да үдей түсті. Атжалданып күржиген қар үйіндісі тапал үйдің бойымен теңесті. Сол-ақ екен, манағы іргеден түйгіштеген адуын есерсоқ екпіні азайып, зу-зу жүйткіген жылантөс құйын қисық мұржаны дүрс-дүрс сабалап тұрып алды да, апыр-топыр айқасып, аттандасып болған соң құлдилап қуысқа құйылды. Дүңгір-дүңгір пеш көмейінде ойқастап біраз жүрді де, тағы да жалын мен түтінге тұншыққандай айдалаға безе қашты.


... Тарбиған шеңгел елтірі жағалы қысқа пальтоның желкесіне тигенде, алдыңғы доңғалақтың алдаспан жүзіндей жарқыраған жылтыр табаны жауырынға жақындап қалған-ды. "Подметельникке" сарт етіп соғылған оң жақ тізесімен иілген денесін демей беріп, сарт кері серпіліп, қыбырсыз жатқан адамды үстіне ала-мала шалқасынан құлап түсті. Мұп-мұздай боп бет-аузын қарыған қарды сүртуге де мұршасы келмей, жығылып бара жатып, сұрғылт әйнектен кірпік қақпай бағжиып қалған көмекшісінің қорқыныш толы қос тостаған көздерін қарашығына сіміріп әкеткен еді....


... Маратбек тағы қозғалды. Сирек кірпіктері өрмекшінің аяғындай қыбырлап, дірілдеп қалды да, қиюласқан жігін ажыратып, ақ етке сарғыш бояу жалатқан күңгірт жанарды болар-болмас жылтыратты. Еті қашып, көз шарасы төмендеп, шұңқырайып кеткен екен: мұзы қалыңдаған қысқы ойықтан өлусіреп мөлдіреген тұңғиық судай тұмантып, үйдің төбесіне тесірейді. Сылағы түсіп, қарағай тақтайдың жолақ-жолақ сызығы білініп, қоңыр қақтанып қарамай табы тепсіген кедір-бұдыры көп өз бөлмесінің төбесін танып, әлгіндегі елестен біржолата арылайын дегендей жіңішке салалы саусақтарын біріктіріп әкеліп бетін сипады. Ұйқылы-ояу білмепті. Енді-енді ғана тас жастанғандай жайсыз жатқанын сезінді. Үйкеле-үйкеле әбден көк құйқаланған тақыр шүйдесі мамық жастықтың пүліш тысын жақтырмай, бап іздеп біраз сырғыды. Күйіп-жанған дененің шарпыған алауы төсекке қоламта сеуіп, қос тастағандай, байыз тапқызатын емес. Белортасынан қарға көмілген, аяз зерлеген терезе әйнегіне үздіге телмірді. Екі-үш аттап барып, шыңылтыр шыныға ыстық маңдайын төсеп тұрып сырттағы аяздың суық лебін түшіркене сіміргісі келді. Тыстағы үскірік өтіне төс сүйегі шодырайған жалаңаш қызулы кеудесін тосып тұрып мейірлене желпінгісі келді. Бірақ ондай атты күн қайда? Қарға адым жер мұң боп жатқанда мынау іштегі жалын мен сырттағы боранның арпалысын іштей ғана сезінген шалды жер төсекке желімдеп тастаған қазіргі науқас халі алғаш рет күштеп көндіргендей оқыс мойытып жіберді. Күңгірт көздің қиығынан сусыған сынаптай домалап, екі түйір мөп-мөлдір тамшы жастыққа тамып-тамып түсті. Шөл даланың тамыздағы тандыры кепкен тақырындай тілім-тілім әжімді жүздегі жылтыраған жас ізі көпке дейін тұрып қалды.


... Боран шабалана құтырынып тұр. Бет-бағдарын батыстан түзеп алып, көз байланар шақтың жақындап қалғанын сезгендей аспан-жерді ақ түтекпен бір-ақ табыстырып, ызың-шуды қойқаптан алдына салып алып, дүркіретіп қуып бара жатыр...


Маратбек жанарын төңкеріп, жан-жағына мөлие қарады. Маңайында көз сүрінер ешнәрсе болмады ма, көмейден даусын соза ыңыранып қойып, сол жақ бүйіріне аунады. Кең бөлменің түпкіріндегі бұрышта қоюланған қараңғылықты қарашығын кішірейте ұзақ бажайлады. Әлдекім бой тасалап, ұрымталын күтіп, бас салуға андып тұрғандай қуыстанды. Кірпіктер әлсіз жыпылық қағып, бір-біріне изеңдесе амандасып өтіп, қайта ажырады. Бұрыштың екі қабырға қосылған тіп-тік сызығы айқын көрінді. Сол сызықпен басқа жаққа ауытқымай асықпай өрмелеп бара жатқан қара ноқат шыбын ба, өрмекші ме, қандала ма, шал назарын өзіне аударды. Баяу қыбырлаған жәндікте ермек екен, күйзелген көңілден тілектестік тапқанын білгендей кідіріссіз жылжи берді.


Әркімнің өз жолы бар. Анау қара ноқаттың да қыбырлаған тірлігі әлдебір сүрлеуін өлермендікпен жалғастырып барады. Кім білсін, пәнидің қыл аяғындағы тірелер жері -тойымы жоқ құрдым болса да, дүниеге көз ашып, еміреніп енген жан-жануар ғұмыр бойғы тынымсыз тырбаңынан жаңылып көрді ме екен. Қара ноқат та сол сарсаң машықтан өлмей айныр ма.


Жол... Маратбектің көз алдына тартқан жебедей қатарласа зымырап, бара-бара, көз ұшында, бірімен-бірі дірілдеп жалғасып кететін шойын жол — қос рельс оралды. Сонау отызыншы жылдары кочегары боп қара айғырдың жалына жармасқан екпіндеген күндерінен бастап талай миллион шақырымды жайын даланың төсін дүбірлетіп белінен басып өткен адуын жігіт дәл қазір ауру титықтатқанда сол миллиондарын анау ілбіген қара ноқаттың үш-төрт адымға мойымас қыбырына ләм демей айырбастап жіберердей ынтығады.


Қараңғылық ұйыды да, қара ноқатты жым-жылас жұтып жіберді. Сәлден кейін ауыз үйдің электр өшіргіші тырс етіп, шамы жағылды. Қиюы қашқан есік жақтауынан тік бұрыштанып ақ сарғылт сәуле құйылды. Шал қайтадан қара ноқатты іздеді. Ұясына жасырынып қалды ма, әлде ұшып кетті ме — жанарға ештеңе шалынған жоқ. Ширыққан кеудеден әлсіз күрсініс леп берді.


Өмір жолы... Қым-қиғаш, шым-шытырық. Елуінші жылдардың аяғында үйреншікті қара паровозды ауыстырып, гудогінің өзі патефонның күйтабағындай сыңғыраған жасыл тепловозды жүйкіткен-ді. Сондағы көзді ашып-жұмғанша телеграф бағандарын әйгөлек билетіп, үздік-үздік артқа тастайтын қайран ұшқырлық қайда? Жанаса кетсе астарындағы өгізі мен түйесін қос өкпеден құнжыңдай тепкілеп, шапанының сала құлаш етегі жалп-жалп етіп, жарты дүниемен бәсекелес жарысқа түсердей қиқуласып қосылатын баяғы төл құрдас достар қайда? Сондағы май сіңген, түтін ыстаған формалы кепкасын жылтыр күнқағарынан шымшып тартып қап, сұсты қабаққа итіндіріп төндіріп әкеліп, қарсы алдында салбырап тұрған ілгек темірді құлаштай созып, арқыратып гудок беретін әпербақан желікті сәті қайда?


Маратбек түртінектеген қолының ілгері ұмсына қимылдап жатқанын көрді. Бірақ саусақтарға ілінер тұтқа да, тұқыл да жоқ. Жілігінің майы азайған білек сылқ түсті. Көрпе қаптаған ақ сәтен жайманы сығымдап тарамыс шеңгеліне бүріп алды.


Дәл қазір бөлме ішінің құлақкесті жым-жырт тыныштығын сезер емес. Екі шекеге дүңк-дүңк етіп шеге қаққандай қан тамырының тынымсыз зіркілін ауық-ауық паровоздың гүрілдеген обыр оттығында ысылдайтын зілмәуір жалын үнімен шатастырады. Будақ-будақ бу атқан нән қазанның сақылдай қайнаған ең бір жауапты сәтін шырамытады. Оқтанып, іштегі асығыс қимылмен манометрлерді іздейді.


Тілі әлі күрмелген жоқ. Көкірегі әдеттегідей-ақ сайрап тұр. Бірақ жанымен тілеп шақырар адамдары қасында емес. Алыста. Өте алыста. Хабарсыз болар, әйтпесе, шалдың басы-қасында қос ұлы, балапан немерелері отырар еді-ау...


Жастықты бауырына жұмарлап қысып, етпетіне аударылды. Содан кейін алқынған демін басып, иегін көтеріп, төрдегі торы ала кілемнің төсінде ілулі тұрған екі суретке назарын тұрақтатты. Шет-шетіне әртүрлі жіптен кестелеп ою төккен ұзын кеңірдек орамал жапқан екі ағаш рамадан шалдың қос ұлы — қос қарашығы күлімсіреп қарап қалыпты. Маратбектің қансыз өңіне болар-болмас жылу жүгіріп, көз шарасына еміренген мейірім оралды. Анау қап-қара қою қастарының арасы сиреп қосылып, салмақты үлкен иектің шұңқырайған ойығына дейін бір кездегі мынау шалдың бозбала кескінін айнытпай қайталайтын екі жігіт: "Әке-ау! Неге жатырсың? Тұрсаңшы!" — дейтіндей, қас қақпайды. Ұлдарының елжіреген жүздері осынау аласапыраны мол шулы дүниенің мән-мағынасын өмір деген қанбазар шадыманға балайтындай сезіліп, шал көңіліне қанағатшыл шүкірлік енгізді.


Қашан еді? Осыдан он жыл бұрын екен-ау. Рельс үстіндегі адамды ажалдан құтқарам деп жүріп, подметельникке оңдырмай соғып тізесін тайдырып алып, он шақты күн үйінде жатып қалған еді. Сол кезде арнайы жолдары түсіп қара шаңыраққа бас сұққан ұлдарының бас бармақтың көлеміндей бір-бір суреттерін сұрап алып, үлкейтіп іліп қойған болатын. Содан бері балаларымен осылай үнсіз сөйлесер әдеті де қалыптасқан.


— Қартайдың ба, шалым? — деген үлкені барбиған саусақтарымен қара шашын шалқайта қайырып. — Қайта сен өз суретіңді бізге бер. Немерелерің ұмытпай аталап жүрсін.


"Шал" деген. Күтпеген жерден түйеден түскендей дүңк еткізген. Қою қабағы салбырап көзін жауып, үндемей сырт айналып кетіп еді сонда бұл. Шалдықты қаламағаны ма, шалалықты табалағаны ма — әйтеуір ол тұста іштегі түйткілін ашпаған.


... Тыстағы боран одан сайын құтырынды. Бейуақ кештің қым-қуыт азынаған дүбірін жамыратып, үй төбесінде есіріктене ойнақтап жүр. Қисық мұржаны тып-типыл етіп көміп тастапты. Шудалана будақ-будақ көтерілген тас көмірдің қаракүрең майлы түтінін аш белінен опыра қысып, тұс-тұстан талапайлап, түу-түу қиян далаға көкпар тартқандай ала-ала қашады...


Маратбек бетін жастыққа төседі.


"Шалың шынымен-ақ шал болды бүгін, ұлдарым. Күлге шөккен атандай тұралап жатыр. Енді жер басып тұрып кете алмас. Әй, кете алмас..."


Күбірледі ме, ойымен күрсінді ме, әйтеуір, санадан суырылған сөздерден сағыныш есті. Кешелі-бүгін төсек тартқалы бері жасамаған әдетін жасап, жігерсіз күйректік танытып қалатын боп алды. Оны тағы мойындағысы келмейді. Жұрт көзі түгіл, қамкөңіл кемпірінің секемшіл түйсігіне де сезік тудырмағанымен, санадағы сағыныш табы әредік бір бұлқынып қалып, осалдық білдіретін сияқты. Ұлдарын сағынғаны рас. Үлкені осыдан ай бұрын, кенжесі екі апта бұрын келіп кеткен. Жұмыстағы жандардың өне бойы қолы тие бере ме. Оның үстіне өз оты, өз ошағы бар ұлдарын әзірше алқымдаған ажалды көрмеген соң жөнді-жөнсіз мазалағысы да келмейді. Бірақ неге екені белгісіз, екі баласын бүгін жиі ойлап, жалаңаяқ жардан секірген, келте кекілі желкілдеген жабағы қалпында көп елестетті. Рейстен шаршап қайтқанда, сонадайдан құлдыраңдап, алдынан жүгіріп шығып, арсалаңдап жететін ұлдарын кезек-кезек көтеріп, күн иісі әбден сіңген қызыл күрең маңдайларынан емірене сүйгенде сарайы ашылып, шаршағаны ұмытылып сала беруші еді-ау! Содан кейін бір сәт айналасына ұрлана қарап қойып, ұлдарына қосыла жүгірер еді-ау! Ұлдарына қосыла қарқ-қарқ күліп, рақатқа белшесінен батар еді-ау!


"Әке!"


Жалғыз ғана елжіреуік сөзде қаншама ыстық мейірім, қаншама тойымсыз ләззат бар. Ренжіп отырсын мейлі, масайрап елірсін мейлі, әрдайым оқыс естілетін "әке" деген сыңғыр күлкідей ғажайып сөзді құлақпен емес, бүкіл тұлабойымен қабылдап, көңіліне шуақ төгілгендей жадырайтын. Қазір де азынаған боран суылынан құлаққа таныс еміс-еміс бір үнді аңдып, қапы қалмайын дейтін түсініксіз дегбірсіздікпен ындыны құрып, елеңдеп жатыр.


Үлкен баласы сол жолы "шал" дегенде қатты тіксінген. Аталық қуаныштың арындаған асау еркіндігіне байқаусызда құрық түскендей үндемей мөңкіп, көпке дейін әлгібір түрпідей сөзден "әке" дейтін іңкәр әуезге үш қайнаса сорпасы қосылмас жатбауырлықтың


сызын сезгендей болып еді. О да болса ұмытылмас бір дәурен екен. Енді ойлап жатса, өзі де перзент сүйген баласының бір ғана сәтке менменшіл көңілмен аталық танытқан мақтанышты ықыласын елемепті-ау сонда. Өмір деген сол. Ұл — әке, әке — шал болады. Адамның еркінен тыс, тыншымайтын тірлік заңына қарсы тұрар құдірет тауып көр! Таба алмасаң — бір ұрпақтың орнын басар келесі ұрпақтың күні кеше өз басыңнан дүркіреп өткен күйініш-сүйінішіне, мұң-зары, қуаныш-қызығына қараулық жасама, қызғаныш білдірме. Бұрын әке болдың, бүгін ата болдың. Ендеше, анаy қара ноқаттай ғана жәндіктің қыбырына зар болған көңіл-күйіңді әзірше ұғына алмас, түбінде және ұғынбай қоймас ұлыңа деген кеудеңдегі сыздауықтай шаншыған сағынышыңды сарната бер...


Қанша өткенін білген жоқ. Уақыттың тынымсыз қомағай сыртылын қос шекеде бүлк-бүлк ұрған қан тамырының бүлкілімен есептейді де, азабы мол мәңгірткен аурудың кешегісі мен бүгінін, бүгіні мен ертеңін мидай шатастырып, қимылсыз жата береді.


Ерні кеберсіп, тамағы құрғады. Іштен шарпып шыққан үзік-үзік лептің аптабы — шілденің өрт тілді керімсалындай. Тамсанып, таңдайдан сілекей іздеп, түкірік жұтайын деп еді, онысы да бос әрекет боп шықты. Еріндер тобарсып, аңқасы кепкен құрғақ ауыздың ыстық демі өкпесін қапты. Қылғынып жыбырлаған ернімен ауа қарманды.


Содан кейін қол созым жерде, едендегі түкті сүлгімен беті жабулы тұрған қысырдың тостаған толы қымызына көз сүзді. Ұрт томпайта бір жұтып, қышқылтым сұйыққа тілін көмейлете батырып, ұзақ сіміргісі келді. Бұрын қымыз десе сілекейі шұбыратын. Жолаушы поезын алып жүрген кезінде станция сайын шыны шелегін көтеріп, мамырлай басып, жасыл вагонды жағалап қымыз сататын тоққарын әйелдерді көргенде, шыдай алмай жетіп баратын. Бірер стаканын тастап алып, ережені талай бұзғаны бар. Рейсте болғанда машинист ағайынға сыра түгіл шербет қымыздың маңайына құрық тастам жолауға рұқсат етіле ме!


Маратбек тостағанға еріксіз қол созды. Екі саусақпен сүлгі орамалды іліп алып, әрірек серпіп тастады. Қызыл аршаның томардай безінен өзі ойып, мәнерлеп жасаған күрең қасықпен қымызды ұзақ сапырды. Көпіршіген сусынның кермек дәмі бөлме ішін қыдыра жайлап кетті. Исі мұрнына келгенде, қасықты қайтадан орнына шиырып жіберіп, тостағанның бетін қайыра жапты.


Қаталатқан шөлге шыдаса да, қылғындыратын азапқа көнгісі келмеді. Сыздықтатып шай қасықпен аузына санап тамызатын нәрі әрі бармай, тамаққа кептеліп, тынысты бітей тарылтып, лақ-лақ қайта құсылатын. Қолқаны жұлып түсердей бунап, тұла-бойдан суық терді шып-шып шығаратын.


Маратбек қатты қайран қалады. Бар қорегі — күніне ішетін кесе толар-толмас сусыны алған деммен-ақ буланып ұшып кетеді екен. Апырау, сонда ыстық бұлауға салғандай өнебойын ұдайы шылайтын осы тер немесі қай жерінен өне береді, қай пұшпағынан келе береді?


Уақыт күрмеліп қалғандай. Құлақшекедегі зәрлі зіркіл — тыстағы боранның әлсіз мазағы. Екеуі бірін-бірі қитыға қайталайды. Басқа түк жоқ. Анау қабырғада ілулі тұрған су жаңа қара кителінің төс қалтасындағы "Павел Буренің" кәнігі тықылы құлағы бұралмаған қалпы осыдан қырық күн бұрын тоқтаған-ды. Содан бері екі-үш күнде бір рет аулаға шығып, бой жазғанда ауыз үйдегі қобдиша қабырға сағаттың бірін-бірі қуалаған қос тіліне үйреншікті дағдымен көз тастап өткенде болмаса, уақыт есептеп көрген емес.


Жасыл тепловоздың оң жақ терезесін ысырып ашып тастап адыр-жотасы мол туған жердің әр тас, әр түбіріне дейін сондай таныс, сондай таңсық келбетіне кеудесін шығара құмарта қарап отырып, күміс шынжырлы күміс "Буренің" әр секундін қалыс жібермей, тұқыртқыш графиктің кестесімен жіпсіктей тоқайластыратын шал, уақыттан ажырап қалғанына жәбірленгендей, ызалана мырс етті. Атып тұрып, кительдің қалтасындағы жұдырықтай сағатының салмағын алақанымен сезіп, тілін қозғап, тірілтіп жібергісі келді.


Боран манағысынша буырқанып тұр. Қара қанатын құлаштай жайған қараңғы түнде жүйткіген ақ түтектің ойнағы көрінбейді. Суылы мен зуылы, сарыны мен сарнауы мол аласапыраны ғана байыз таппайды.


Тақтай есік сықырлай ашылып, сарғыш жарық еденге жамырай ақтарылды.


— Қалайсың? Төсегіңді қағып берейін.


Маратбек буын-буыны сытырлап, қасына бір тізерлеп бүк түскен кемпіріне бұрылды.


— Мал жайлап келдің бе? Шаршаған шығарсың. Демал. Сәл дамылда.


— Тамағың кеуіп жатқан болар. Қымыз тамызайын.


— Отыршы...


Екеуі де біразға дейін үнсіз қалды. Кемпір қолын қоярға жер таппағандай төсектің о жер, бұ жерін түртінектеп, жастықтың астын көтеріңкіреп қойды. Байламынан шығып тұрған ақ шалған шашының тарамын сұқ саусағымен шиыршықтап, шәлі астына жымырып, отағасына бір түрлі күлімсірей қарады. Сонсоң орнынан лып тұрып барып, терезенің шүберек пердесін түсірді.


— Шам жағайын ба?


— Керегі жоқ. Шақырайып көздің түбін суырады.


Кемпір қайтадан тізе бүкті. Тостағанның бетіндегі орамалды ашып, қасықпен қымызды баппен сапырды. Тамсанып қалып, ыдыстың бетін жапты.


— Өзің ішсеңші, Әйкіжан. Ақырып кетеді ғой босқа. Түн асырып қайтесің.


Кемпірі басын шайқады. Шұңқырайған алақанын шалының маңдайына ептеп жанастырды. Суық алақан пейіш қақпасының самалындай екен. Күнұзын денесін күйдіре өртеп жатқан іштегі алауды солқ-солқ сорып алардай сіңірлі саусақтар жанына жайлы тиді. Маратбек мейірлене көзін жұмды. Еміреніп тамағын қырнады.


Осы алақан алғаш рет сүйрік саусақтардың арасына қысқан шәйі орамалдың жұмсақ лебімен жанасқанда да, дәл осындай рақат күйді толқындандырып кеудеге лық-лық енгізген-ді. Жүрегі лып-лып дүрсілдеп, қызыл жалауланып батып бара жатқан күннің қою шұғыласы ойнаған қара көздерден өзіне деген шынайы ықыласты, сабырлы сенімді көрген. Шәйі орамалдың майда жанасқан жылуын сезінген.


Суық алақан маңдайдағы ыстықты бәсеңдетіп, жан азабын бір мысқал болса да азайтып тастады.


— Боран басылатын емес пе? Малдарыңды қораға дұрыстап қамай алдың ба?


— Қамадым. Қасқа сиырдың ақырын толтыра алмады. Шөпті қар басып қалды. Жем бердім, өзі желіндеп қалыпты.


Үзік-үзік әңгімелері одан әрі сабақталмады.


Үнсіз сөйлесіп жатқан суық алақан мен ыстық маңдай.


Құдай қосқан қосақ. Бірігіп түтін түгеткелі қырық жылдан асыпты. Ол кезде екеуі де қылшылдаған жас еді. Әйкіжан он алтыдағы тал шыбықтай бұралған бойжеткен, Маратбек жиырма беске шыққан солқылдаған жігіт болатын. Кездесіп қалғанда қабақ астынан бір-біріне ұрлана көз тастап, әлденеге қымсынып, жасқана бұрылып кетіп жүргендері болмаса, ашық сырласуға бара алмайтын. Маратбек жол құрылысында — скреперщик. Әйкіжан әзірше жұмысқа орналаспаған. Оңашалық бұйыра бермейді.


Екеуінің қосылғандары да қызық.


Маратбек бір күні кешке қарай біреу қуғандай асхананың күнбатыс жағындағы әйелдер палаткасына ентігін баса алмай жүгіріп кірген еді. Барақтың ұзын дәлізіне су сеуіп, сыпырып жүрген Әйкіжан жалғыз екен. Маратбекті көргенде, қараған сыпырғышы қолынан түсіп кетіп, қарақат көздері жәудіреп, жігітке әрі үрке, әрі күлімсірей қараған.


— Әйкіжан, маған... маған тұрмысқа шық.... — деп Маратбек дәл осы сөздерді күні бойы жаттап кеп, тезірек айтып қалайын дегендей асығыс сыбырлап еді. Атқақтай соққан жүрегінің дүрсілін баса алмай, ентіге қылғынады... — Жарай ма, Әйкіжан! Шығасың ба?..


Әйкіжан нe десін. Жігітке қара көзді қадай түсіп, оқыс төңкеріп жіберген. "Келіскені шығар... " Маратбек екі аттап келіп, құшағын жайған. Қыздың қолаң шашына танауын көмген. Жұпарын иіскеген, орамалын алған. Содан бері, міне қырық жылдан артық уақыт өтіпті. Қалай зымыраған десеңші!...


Суық алақан ыстық маңдаймен аймаласып жатыр...


Әйкіжанды сүйді ме? Ұнатты ма? Ұнатқан болар. Сондағы атқақтай тулаған жүректің дірілі ұмытылар ма.


Өмірде не болмайды. Жастық желігі, мастық қызуы қайда жетелемейді. Маратбектің ойламаған жерден жігітшілік жасағаны да бар. Темір жол құрылысына жұмысшылардың жаңа тобымен бірге күлімкөз бойжеткен келген болатын. Өзі де бір әйел жынысының әдемісі еді. Аппақ жұмыр балтырын жалаңаштап, дөңгеленген бөксесін бұлтитып, еркектерден қалыспай тәшке тартатын. Серппедей шиыршық атқан толық мықынға талай тілемсек көздің сұғы қадалып, талай сұғанақ қолдың қарымды шеңгелі толған. Өзі де адуын еді, қаншық қасқырдай жалт етіп бұрылып, қол иесі — дырау жігіттерді тымақ құрлы көрмей, тырапай асыратын. Ақ тістерін күріштің дәніндей жарқыратып, сонан соң сақ-сақ күлетін. Көздері ғажайып еді! Ұзын кірпіктерін серпіп қалғанда, аржағынан найзағай отындай уытты жанар шоқ шашып, қандай жанды болсын еріксіз дір еткізетін.


— Жаның адыра қалғыр! Қампиған қаукөкірек түрінді қайтейін-ай! Сендей тері шалбары қаудырлаған боркеміктің біразын көргем. Әрмен әрі! Құныңа қалармын.


Бойжеткеннің мысы басқан жігіттер не әзілдесуге жарамай, не тіресе кетуге дауаламай, құр босқа ыржалақтай беретін.


Маратбектің ондайда қыбы әбден қанатын. Толық мықынға қол жүгіртпегенмен, найзағайдай уытты жанарға себепті-себепсіз тым іліккіш-ақ. Басқаларға бақан ала ұмтылғандай батырлық танытатын кермиық Айымша Маратбекке келгенде тез босаңсып, иі жұмсарып, көзі күлімдеп ала жөнелетін. Жанаса кетсе, шымшуырдай сумаңдаған жүйрік саусақтар қапысын тауып, жігіттің әр жер, әр жеріне тілене қадалатын.


— Әйеліңнен қорқасың ба, Маратбек? Қорықпа, жеп қоймаймын.


— Еркек жеген әйел көргем жоқ.


— Өләй! Тілің шыға бастапты-ау! Тағы не айтасың?


— Немене, мылқау деп пе едің.


— Қайдам! Шүйкедей келіншегің басыңды жадылап қойған ба, бұрын мүлде үндемеуші ең...


Содан кейін Маратбектің оқыс құтыртқан желікті бір күндері басталып еді. Күнді күн, түнді түн демей қан тамырда дуылдаған сайрауық күй тұлабойын сірестіре толтырып, жұрт құлағы, ел көзі дейтін қытымыр қысылтаяңды елеткізбей, ұмыттырып жіберген-ді.


Жалғыз-ақ Әйкіжан ештеңені сезбеді. Оған Маратбек кәдімгідей-ақ мәз. Келіншегінің қызыл шие жегендей бұлтиған толық еріндерінен өзіне деген өкпе шырайын таппай ма, әлде назар тоқтатып, зер салып іздемей ме, құлаққа ызыңдаған сыбыс келмеген соң, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жүріп жатты.


Тоқ мықын сұлу Айымша тіпті есіріп еді-ау. Ұят-аятты жиып қойып, тапа-тал түсте барақ көлеңкесінде шай ішіп отырған Әйкіжан мен Маратбектің үстеріне келетін. Бір шыныны тауысқанша от шашқан көздері әзер шыдап, ерлі-зайыпты екеуді қылжақтап, қағытып, ауыз аштырмай талай жерге апарып тастайтын. Әрі-беріден соң бір-ақ ырғып, шынтақтап жатқан Маратбектің төбесінде шаңырақтай шалқалаған сегіз сайлы кәріс қалпақты ала қашатын. Жұмыр балтыр айдыннан көрінген ақ сазандай шоршитын. Одан әрі әркімге де белгілі жай. Бас киімін әулекіленген төменетекке беріп жіберіп, намысқа қызбай, ыздиып ыстық шай сораптайтын қай еркекті көріп едің. Бірін-бірі қуалаған желаяқ қыз бен жаныққан жігіт көз ұшындағы ескі қыстауға құлдырап жоғалып кететін. Содан екі сүт пісірім мезгілде қызара бөртіп бойжеткен, құр сүлдері қалып, ілбіп Маратбек оралатын. Оралатын да, көлеңкедегі бөстекке сылқ құлап, қайтадан еселеген күрең шайды құныға сіміретін. Жаудан жылқы айырып келгендей сегіз сайлы қалпақты бір жақ шекесіне милықтыра баса түсіп, Әйкіжанға қабақ астынан елеусіз көз тастайтын. Шие жегендей қызарған томпақ еріннің күрек тіс батқан, қанталаған тұстарын көрсе де, мән бермей, құдай қосқан қосағының қашқын-қуғын "ойынынан" хабарсыздығынан көңілі өсіп, еңкейе беріп, әлденеге ризалық танытып жымың-жымың етер еді.


Бір күні әдіре қалғыр кәріс қалпақ ұшты-күйлі жоғалды. Қалпақ жоғалған соң күн сайынғы дағдылы "қуып жет!" ойналмады. Көлеңкедегі ыстық шай сорапталмады. Сұлу Айымша әдеттегідей қызара бөртпеді.


— Әйкіжан, қалпағымды көрмедің бе?


— Жоқ! Тастамаушы едің, қалай айырылып жүрсің?


Маратбек қызулы қызығын ұрлатқандай шарқ ұрып қалпақты іздеді. Бармаған жері, ақтармаған қуысы қалмады. Жұмыс басын да, ескі қыстауды да сүзіп қайтты. Қолда бардың қадірі жоқ деген осы. Әйтпесе, майлық пен сулыққа бірдей кәріс қалпақты көзінің қарашығындай сақтар еді ғой. Қалпақ жоғалған соң тоқ мықын бойжеткен де аяқ астынан жүзі сынып, сырғақсып сала берді. Әлдебір тілектес дәнекері үзілгендей көре ме, найзағайлы жанар біртүрлі мұңайып, сыңғыр күлкі сап тыйылды.


Маратбек жұмыстан сылтауратып ерте қайтып, жалғыз өзі барақты астын-үстіне шығара емін-еркін ақтарды. Ақыры, болмаған соң, кереуеттің астындағы Әйкіжанның киім-кешегі салынған темір құрсаулы көне әбдірені суырып шығарып, қақпағын ашты. Апыл-құпыл қимылдап, қызыл-жасыл көйлек-көншектерді бұрқыратып жайып тастады. Әбдіре түбіндегі ораулы түйіншектен басқа ештеңе қалмады. Қалпақ жоқ. Киімдерді бұрынғысындай қаттап, қайта орнына салды. Шөжіп біраз отырды. Дірілдеген саусақтарымен әбдіренің қақпағын жаба берді де, әлдене кілт ойына түскендей қақпақты шалқайта сарт еткізді. Сыңғырлап ескі әбдіре кіржің қақты. Дірілдеген қол ораулы затқа жармасты. Жанталаса қимылдап орауды шешті. Жеңсізге ораған "қадірлі" бас киімі көзіне жарқ етті. Екі беті от қарығандай ду ете түсті. Шоқ түскендей дірілдеген саусақтар орауды қайта буды. Сегіз сайлы кәріс қалпақ емес, қара әбдіреге қайтып шықпастай болып жігітшілігі, ұяты, масқарасы бірге көмілді.


22-23 пдф жоқ


жазушы дегендер қызық халық. Тырнақ астынан кір іздегіш. Өткенде осында Орманбек деген, танушы ма едің, жазушы келіп... Сұрамайтыны жоқ. Оба дей ме-ау!.. Қорған дей ме-ау, әбден басымды қатырды...


Иә, ағаш қурап барады, көше лас. Монша істемейді, шаштараз атымен жоқ. Клуб қаңырап тұр. Ал, ешкі кебенектердің құдайы әбден берді... Әй, шек! Шек әрі!...


Сонымен ауылға кеп қалдым де. Айтпақшы, Сайлау, айлығың қанша осы? Ә-ә, е-е, тым мардымсыз екен. Үйдегі көңілді базардағы нарық билейді деген. Онда қалаңнан осы далам артық. Культураның өзі қып-қызыл он сомдықтармен ілесіп босағадан топырлап еніп жатады мұнда. Үш мың сомның импорт гарнитурын біз де алдық. Телевизорды сайратып қоямыз. Балалардың тоқпақтауына пианино да бар. "Жигули" тұр дүрілдеп. Анау Кәрімде — "Москвич", анау Тұрарда — "Нива"... Көрдің бе құрдастарыңның тірлігін!... Көз майын сарсылтып институт тауыспай-ақ қалтасын қампайтады. Вот, қалай! Өмір сүруді біледі, ә!


Кітап деймісің? Жоқ, кітап жинамаймыз. Дүкенге түспейді. Сонсоң соныңды кім оқиды. Уақыт, бауырым, бұл заманда алтыннан да қымбат. Жұмыс дейсің, үй шаруашылығы дейсің, қолың бір босай ма. Отын-су, мал, шөп... Оның үстіне ауылда бүгінде не көп — той, тамаша көп. Анау өтініп шақырады, мынау қиылып шақырады. Бармауға тағы болмайды. Марканы сақтай білу керек. Қай үйден коньяк, қай дастарқаннан шампан ішетін ретіңді мықтап қадағала. Мән бермедің бе, үлкен басың кішірейеді онда. Анада менің қоластымдағы бір қызметкерім арнайы қонаққа шақырды. Сонда, понимаешь, әлгі шіркін көңірсіген көк арақты көлкітіп алдыма қоя салғаны. Әттең, әдепті естен шығарғың келмейді-ау, ауыл интеллигенті деген атымыз бар, өйтпесе ме, табағын тас төбесіне төңкере салар едім. Жо-жоқ! Тұрдым да, шығып жүре бердім. Білсін. Екінші өйтіп қорламайды.


Орманбек пе? Бір түнеп кеткен. Қонақүй жоқ қой бұнда. Көрінген көк аттыны кім шақыра қойсын? Дөкей деймісің? Қап! Қызметі не еді? Ә-ә, жай жазушы ғана ма ? Біз кімді біле берейік.


Анау менің Кәкен інім де дөкей. Ол да өзің сияқты городской. Кандидат наук! Так что, кандидаттың ағасы болған біз де осал емеспіз. Пәтері қандай! Центрде! Кілемі! Кем дегенде он шақты.


Құрдас-ау, Сайлаужан-ау, неге асықтың? Жылында аяқ астынан. бір кездескенде өткенді еске түсіріп, дұрыстап сөйлесейік те. Көшеде самбырласқанымыз ыңғайсыз деймісің. Айып менде. Сен, друг, кешір. Кешке үйге біраз ұятты кісілерді қонаққа шақырып қойып едім... Керек адамдар... Құрбың соның жабдығымен болып, қолы тимей жатыр. Сен өзімсің ғой. Өкпелемессің. Кейін, оңашада обязательно кел ? Мен сенікінде, қалаға барсам, тұп-тура шіреніп жатып алам.


Машина деймісің?! Тау аралауға шығам деймісің?! Мынауың қызық екен, Сайлаубек. Отпускедегі адам тырайып жатпай ма тынығып? Жер көрем дегені несі? Осы араның бала кезден бері сен көрмеген қай пұшпағы қалып еді? Қайтадан бір емін-еркін аралаймын дейсің, ә. Сен әуре болма өйтіп. Көретін, қызықтайтын түгі жоқ. Баяғы ат бауырын сипайтын көкорай шалғынның орнында қу тақыр ғана қалған. Бұлақ біткен шетінен суалған...


Жоқ! Мекеменің маңдайға басқан жалғыз машинасын бере алмаймын. Моторы онсыз да барахлить етіп жүр? Оның үстіне шұғыл жұмыс бар. Демалыс болса ше? Біз, қарағым, қаладағыдай сенбі, жексенбі деп шаниып жатпаймыз, істей береміз. Әне, біз сол үшін аянбай тер төгіп, жанталаса күресіп жатырмыз. Линияда сым үзілсе... Әлдеқалай баған құласа.... Баған неге құламасқа... Жазым болса, адам да өледі. Баған не? Ағаш!...


"Жигулиді" атама! Жо-жоқ, Сайлау тісің қышымасын! Тау-тасқа соғып қиратып, сегіз мың сомды желге лақтырып тастай салатын ақымақ емеспін. Шаң жуытпай, кіршік қондырмай отырсам. Әй, Сайлау, тоқташы! Өкпелеп барасың ба? Неменеге өкпелейсің? Жарайды! Тауықсыз да таңым атқан! Бар, бара бер! Біз де тегін емеспіз. Кандидат науыгымыз бар...


* * *


Қан қызыл пүліш шымылдық самал желпіген айдындай дір сілкініп қалды да, дәл ортасынан сызаттана жиырылып, қақ жарылды. Кең сахнада қаз-қатар тізіліп тұрған артистердің бетіндегі қалың бояуы баттасқан гримінде еденнен ұрған рампа жарығы жалт-жұлт ойнады.


Әр жерден бір дүркіреп шығып, жамыраған қозыдай дуылдай тұтасып ызың-ызың үн естілді. Шапалақ даусы тық-тық жөтелгендей құмығып тұрды да, саябырсып барып басылды. Үміттене күткен ұзақ овация болған жоқ. Жандары қалмай екілене қол соғып жатқан сахнадағы актерлер ғана. Осынау өлермен қимылдарымен залдағы самарқау жұртшылықтан дәтке қуат боларлық ынтызар тілектестік іздеген сыңаймен қып-қызыл алақандарын қайықша бүгіп әкеліп, ауа толтыра дүңк-дүңк соққылайды.


Талықсыған жаңғырық әр тұстан қайтадан тұтанып еді, бұршақ қуырғандай берекесіз тысырлап, үдеп, ұлғайып кете алмай, кібіртіктей берді. Соны сезген артистердің біреуі жандалбаса тілекпен еріксіз тал қарманды. Ауа жетпегендей сақал-мұрт жапсырған добалдай аузын кирелеңдетіп тұрды да, темекінің түтіні қапқан өкпесіндегі бар ауаны аямай-ақ бір-ақ лақ еткізіп: "Автор! Автор!" деп гүж ете түсті. Сол-ақ екен, дөңгеленіп сап құрған актерлер ұран шақырғандай осынау дәнекер ілікті көп дауыспен іліп әкетті.


Сайлаубек шеткі креслода дел-сал күйде отырған. Спектакльдің көрермендерді бірден ұйытып әкетпей, бей-жай қалдырғанын алғашқы көріністен кейін-ақ сезген-ді. Содан соң пъесаға өзінің ешбір қатысы жоқ жандай тұйықталып, айналасына әдеттегідей дегбірсіздене көз салмай, бұрын-соңды кездеспеген түсініксіз халге көшкен-ді. Тек қана сахнада жүрген актерлардың қолдарынан келгенше бар өнерін аямай, өлі рольге ыстық қан құймақ боп қолдан келгенше тыраштанып, бекер әуреге түскендеріне алғаш рет кәдімгідей жаны ашыды. Әлгілердің ойынын арғымақты тұсап қойып бәйгеге қосқандай сезе ме, көз алдына емін-еркін бауырын жаза алмай, қос аяқтап шоқырақтаған бишара жануардың есірік халі оралады да, сахна да, зал да жоғалып, қым-қуыт шаң басқан сахара сағымы мұнарлана көлбейді.


— Автор! Ав-то-о-ор!


"Неге шықпайды авторы бар болғыр? Мына келеңсіз жәйтті неге тез аяқтамайды?" деген ой буған Сайлаубек аяқ астынан тықыршыды. Айналасына жіңішке мойнын бұрай созып, едірейе қаранды. Сол сәт бұның өзіне телміре қадалған көздерден әлдене түйсігіне түрткі берді ме, соншама дуылдаса іздеген автордың өзі екенің ұққандай, креслоның шынтақ қоярына таянып, орнынан жүрексіне көтерілді.


Кілемше жапқан үш тепкішек, үш баспалдақ. Зал мен сахнаны қосатын қыл көпірдің бар-жоғы сол. Бірақ кілемінің түгі қырқылып тақырланған осы үш саты. Сайлаубекке үш шақырымнан да ұзақ көрінді. Буын-буынынан әл кеткендей, жеңіл қара лак туфлилі аяғын әзер қозғап, дірілдеп аттады.


Қалт-құлт созылған жуан қолдар, ұмсынған аппақ алақандар, кімдікі екені белгісіз, көз алдында кезек-кезек алмасады. Сайлаубектің болар-болмас күбірлеген икемсіз жұқа ерні көне патефонның ескі күйтабағындай тұрып қалып, тұрып қалып: "Рақмет, рақмет!" деген жалғыз сөзді жылусыз, сезімсіз сүлесоқ қайталайды.


Кенет ып-ыстық леп маңдайына шарпи тиді. Ілбіген аяқ қалт тоқтады. Ыстық леп ыстық еріннен еседі екен. Маңдайдағы табы кеппестен әлгі еріндер баяу күбірлеп сөйлеп кетті.


— Ренжіме, Сайлаубек. Әлі-ақ бәрі жақсы болады.


Жігіт басын құлшына изеді. Көктем тынысының саумал иісін жұтқандай, кеудесіне толқындап енген жылуды сезінді. Көз тоқтатып, ерін иесіне елжірей қарады.


Қайқайып иілген кірпік айналасына жас үйіріліпті. Көз қиығын кемерлей мөлдіреп, сол мөлдір тамшылар жанардың уытты өткір қарасында рампаның сәулесімен жылт-жылт етеді.


Қаз мойын. Аппақ. Бір де бір көлденең түскен сызық, сызаты білінбейді. Толықша дененің омырауы ашық қара атлас көйлегінен қос иығы дөңгелене шалқайып, құс төсті қомақтандыра көтеріп, тік кеткен ойықты тереңдете көзге ұрып тұр. Сайлаубек Әйімгүлді енді ғана таныды.


Әйімгүл тырнағына маникюр жалатқан үшкір саусағының ұшымен иығынан батыра демеп жіберіп, жігітті оң жағындағы көршісіне қарай ұмсына сырғытты.


"Дұрыс екен... Мынасы ақыл болды"...


Күбірлеген ерін күмілжіген "рақмет, рақметін" тағы қайталап, иесі белгісіз бірі жұмсақ, бірі қатқыл тершең алақандарға бағыштап жатыр.


Шығыр темір ілгектері сырылдап, төгілген шашағымен шаңы бұрқыраған еденді сыпырып, ауыр шымылдық баппен сырғанап жабылды.


Сайлаубек ешкімге қайырылып мойын бұрмай, әлгі бір ештеңеге тұрақтамас сүлесоқ жанарын жұрт назарынан ұрлана жасырып, театрдан шыға сала мейманханадағы номеріне тартты.


Көз қиығын жиектей кемерлеген мөлт-мөлт жасты, уытты жанарды ғана ұмытпайды. Жұмыр иық, жалғыз ойықты көреді. Әйімгүлді біледі. Басқасы ойында жоқ.


Кірген бойда телефон соғып төмендегі, екінші қабаттағы рестораннан номеріне тамақ алғызды. Тоңазытқыштан басталған коньяк құтысын шығарды. Күрең шарапты құмырсқа бел рюмкаға толтыра құйды.Өңеш бойлай сұп-суық қышқылтым қыжылдата жүгірді.


Тамаққа зауқы соқпады. Туфлиін өкшесінен басып, бір-бірлеп сыпырып тастады да, екі кісілік кең ағаш кроватқа шалқалап құлай кетті.


"Құрысын бәрі! Қолдан келмеген соң босқа тырбаңдап, әлекке түскені жаман екен. Сынықшыдай дәл басатын анау қалың көпшілік бұның саусақтан сорып жазған дүниесінің бет пердесін жаңа ғана оп-оңай сыпырып тастаған жоқ па? Менменсіп асып-тасқан желбуаз дарақы көңілге аямай су сеуіп, бір-ақ өшірген жоқ па. "Бөрі арығын білдірмес" дегендей шекірейе басып, шірене түсіп, шырт түкіріп жүргені — қампиған кеуденің өз-өзінен ісінуі ғана екен-ау. Дауыл тұрмай-ақ, үп еткен самал есіп еді, тырс етті де, жарылып кетті.


Құрысын бүйткен жазушылығы! Жүйкені жүндей түтелеген тынымсыз азаптан ат құйрығын шорт кесіп, біржолата безу керек. Дүниеде қағаз шимайлаудан басқа да жұмыс көп. Пайда келтірсе — әлі-ақ азаматтығын арқаланып шыға келер. Таланттылардың қос өкпесін өршелене тепкілеп құйғытатын Пегасы мұның тақымына жазылмаған жануар екен. Тақымға түспек түгіл жалынан да сипатпай жүрген жоқ па. "Арыстан айға шауып мерт болыпты".


Басы мең-зең. Шеке тамыры зірк-зірк. Ми орнында ап-ауыр, сұп-сұйық қорғасын солқылдайтындай. Бәлкім қауашағында бір есептен сол қорғасынның болғаны жақсы ма еді? Онда мынау жанын жегідей жеген үздіксіз қиналысы мен босатпас күйзелісі ұмытылып, баяғы балауса күнгі уайымсыз қызығы мен таусылмас қуанышы, әдемі арманы мен үміті мол күндеріне қайта оралар ма еді?...


Тумбочканың үстінде жатқан "Москва" сигаретіне қол созып, бір талын әрең тұтатты. Құшырлана сорып-сорып жіберді де, түтінге шашалып, булығып ұзақ жөткірінді. Темекіні күлсалғышқа саусақтарының басымен мыжғылап сөндіріп, қайтадан шалқасына ыңырана аударылды. Екі алақанын айқастырып апарып желкесіне төседі.


Әйімгүл... Жалғыз сол ғана түсінді ширыққан халін. Іштегі буырқанған алай-түлейді Әйімгүл ғана ұқты. Кіреукеленген жанардың мейірбан қарасы алдамайды. Алдауы мүмкін емес.


Бөлме іші қаракөлеңке. Көшедегі жалт-жұлт ойнаған реклама шамының кемпірқосақ түсті бояуларының сан құбылған жүрдек сәулесі қарсы бет қабырғада жарысып, бірін-бірі тынымсыз қуалайды.


Қашан еді? Сайлаубектің теңізді сипаттаған бір әңгімесін оқып отырып, сыншы досы сылқ-сылқ күлген-ді.


— Сен теңізді бас-көз жоқ ылғи бір көкшіл бояумен айғыздай береді екенсің. Аспаның да - тұнжыраған көк, суың да — мөлдіреген көк. Соған қарағанда, дәуде болса, өзің туғалы теңіз көрмеген пақырсың-ау!...


Күлкіде кекесін тұздығы мол болғанымен Сайлаубек қарсы дау айта алмай теріс бұрылып кетіп, досының әзілін үнсіз сімірген де қойған. Теңізді өмірінде көрмегені рас. Білмеген нәрсені долбарлап соғып, білдім деп бақырайтып жазғаны да рас. Ендеше, қателессе, қателескен де шығар.


Биыл жазда, демалысында теңізге барған. Бақандай ай бойы табандап жатқан. Сондағы ұққаны: толқынданған теңіз нағыз бір сәнқой сылқым келіншек мінездес екен. Қысқа күнде қырық құбылады. Әп-сәтте сан өзгереді. Кейбір бой түзегіш кербез жеңгейлер де теңіздің қасында жіп есе алмай қалатын тәрізді.


Келген күннің ертеңінде таң саз берісімен Сайлаубек төсегінен тұрып кетіп жағажайға оңаша келген. Алып шарада толқынсыз дірілдеген мылқау теңіз күп-күлгін түспен күл сеуіп тастаған кедір-бұдырсыз жазық даладай маңғаз керілін жатты. Бір кез қыбырсыз айдынның дәл ортасынан ватерпол добындай қылтиып, қып-қызыл күн жылт етті. Сол-ақ екен, әлгі күлгін дала аяқ астынан нарттай алаулап, суық жайқын қиғаш-қисық жүгірген көгілдір жолақтармен айқыш-ұйқыш тілгіленді. Сәлден кейін күн көкжиектен арқан бойы көтеріліп, алыс аспан көгілдір шілтерлі мұнарға бөккенде, таңғы самалмен баяу желпінген алып теңіз тобылғы күрең зерен толы жап-жасыл тотияйынға айналып кетті.


Анау қабырғада құлпырып ойнаған неон шамының үздіксіз шағылысуы Сайлаубекке теңіздің сан түрлі бояуын тағы бір елестеткен еді.


Әйімгүл... Көз жиегін кемерлей кіреукелеген мөлт-мөлт жас уытты жанардың өтінде дәл осы қабырғадағы алуан түспен құбылмап па еді.


Орнынан серпіле атып тұрып, рюмкаға сылқ-сылқ коньяк құйды. Қос саусақпен қылдырық белден іліп алып рюмканы сылқ-сылқ көмейге төңкерді. Таңдайы тақ етті. Қандала иісті қышқылы да білінбеді. Тұп-тура су жұтқандай, алақан сыртымен аузын сүртіп тастады.


"Мас та бола алмайсың!"


Санасы қайтадан шабуылын бастады. Оны сәл тежейтін де, уақытша тоқтататын да дәрмені жоқ. Шыдай алмай, оймақтай рюмканы тағы шөпілдете толтырып, тағы өңешке лекілдете төңкерді. Ішкен сайын түк болмағандай сіресіп, өзегін өртеген қыжылды өкініш қайта-қайта көлденеңдей берді.


Терезеге жақындап барып, ернеуге бар салмағымен асылып, сыртқа көз салды. Жетінші қабаттағы номерден төменде ерсілі-қарсылы тынымсыз ағылған жұрт теңселген толқында ыққан салындыдай тұтасып, араласып көрінді. Зу-зу сапырылысқан ұшқыр жеңіл машиналар жылтыраған кузовында электр жарығын жалт-жұлт ойнатып, бір тыншымайды. Бәрі қарбалас асығыс. Бәрі қауырт әрекет үстінде.


Есікті еппен ғана тық-тық шерткен саусақ тықыры оқыс естілді.


Сайлаубек артына тез бұрылып, бөлме ішін көз қиығымен шолып өтті. Киім-кешегі, кітап-қағазы ыбырсып жатыр. Жинауға уақыт жоқ.


— Кіре беріңіз.


Төртбұрыштанған сұрғылт жарықтан Әйімгүл ілгері аттады.


— Сайлаубек, мезгілсіз келгенімді кешір. Бөлмеде жалғыз отыра алмай...


— Оқасы жоқ, Әйімгүл. Мұнда жайғас.


— Қаракөлеңкеде отырсың ғой... Келем деген ойым жоқ еді. Елді сағындым ба, білмеймін. Бір түрлі өзімнен қобалжып... Сайлаубек, сен әлгінде қатты күйзелдің-ау... Кейде мен де...


— Соны айтып қайтеміз, Әйімгүл. Коньяк ішесің бе?


Сайлаубек абдыраған келіншектің жауабын күтпестен екі рюмкаға мөлдіретіп шарап құйды. Тумбочкасын ашып стол үстіне Алматыдан әкелген, иісі бұрқыраған қып-қызыл апорт алмаларын тізіп қойды.


— Денсаулық үшін!


Рюмкасын аузына апара беріп, шыны тасасынан сығалап, қарсысындағы уытты жанардан кемерленген жасты көргісі келді. Ұшырастыра алмай, сәл қинала күрсінді. Рюмканы төңкере салды.


— Тағы ішейік.


Әйімгүл келіскендей үнсіз бас изеді. Күлімдеп иек қақты. Театрдағы декольтесі кең атлас көйлегін тастап, жағасы бітеу көк жібек кеудеше киіпті. Төңкерген кеседей аумақты қос томпақ омыраудан атылып, көкірек тұсын тырс-тырс шертіп тұр.


— Рақмет, Әйімгүл!


— Не үшін?


— Бәріне де. Бағанағы сүйгенің үшін. Мені түсінгенің үшін... Осында келгенің үшін!


Әйімгүл сыңғыр үнмен сылқ-сылқ күлді. Күлкісін аяқтамастан қызыл ерінді хрусталь рюмканың ернеуіне жапсыра көмді де, көмейдегі сыңғырды күрең шараппен қылқ-қылқ жұтты.


Сайлаубек сәтте томсарды. Күмбірлеп төгілген күлкіні коньякқа қосып қылқ-қылқ сіміріп жіберген келіншектен енді қазіргі аласұрған көңіл күйіне ырзалық танытар үндестік таба алмайтындай сезінді. Байырқалап сабасына түсе бастаған көңілі қайтадан жетімсірей құлазыды. Қаз мойынның доғалана иілген кіршіксіз аппақ мәрмәр тазалығына қызыға қарап отырды да, көз қиығын әлі де болса құлын мүшесін түгел сақтап қалған Әйімгүлдің топ-толық жұмыр мықынына сүріндіріп барып, іле тайқытып әкетті. Кенет осы қарсы алдында риясыз жайраң мінезбен күлімдеп отырған келіншекті мықтап ренжіткісі келді. Қырсық тілектен өзін-өзі бездіре алмады.


— Неге келдің, Әйімгүл? Әлі күнге дейін желігің басылмай-ақ қойды ма?


— Білмеймін... Жалғыз басты әйелдің ойында нелер болмайды... Жалғыздық не істетпейді.


Жасқана қараған келіншектің қолы дірілдеп, рюмканы шайқап алды. Күрең тамшы ернеуден ытқып аппақ белдемшеге сорағытып тамып кетті.


Әйімгүл рюмканы стол үстіне қойып, оң алақанымен жайлап бетін басты. Ат жоқ саусақтағы дөңгеленген алтын жүзікте сырттағы неон шамының жүйткіген сәулесі шайтан отындай жанып-өшіп, өшіп-жанып жылтырап тұр.


— Жалғыздық — сылтау емес. Кез келген жерге қалқан етіп кесе-көлденең тоса бермейік.


— Иә-ә... Сылтау емес... Сайлаубек, кешір мені...


Сайлаубек Әйімгүлдің бетінде жатқан алақанын қыса ұстап, өзіне жұлқа тартты. Сол сәт қайқы қара кірпіктерді кемерлей кіреукелеген мөп-мөлдір жасты көрді. Дәл бағанағыдай. Уытты жанарда шашыраған ұшқын жоқ екен. Мұнартып кілегейлене қалыпты.


Неон шамының кемпірқосақ шұғыласындай жайнаған қат-қабат бояуы енді қабырғада емес, жігіттің тұмантқан көз алдында түрлі түспен шеңбірек атып, ұйытқыған толқынға үйіріп, шым-шым батырып бара жатты.


* * *


Әйімгүл Сайлаубектен үш-төрт жас үлкен еді. Бірақ қонақ үйдің екі кісілік былқылдақ жайлы төсегінде құшағында қыбырсыз жатқан келіншек жігітке осыған кейінгі өзі білетін көп қыздардан әлдеқайда назды да сұлу, әлдеқайда жап-жас болып көрінді.


Қары қозғалтпай ұйып қалыпты. Кеш бойы қабырға қуалай жүгірген неон шамының сәулесі де өшіпті. Түн ортасы әлдеқашан ауып кетсе керек.


Сайлаубек маужырап ұйықтап жатқан Әйімгүлдің қара мақпал шашына тұмсығын көме тығып, мейірлене иіскеді. Танауына өткір әтір иісінен бөлек әйел жынысына ғана тән майда жұпар лек-лек жетті.


Осынау жып-жылы ерекше нәзік иіс теңіз толқынының жұмсақ құшағындай манаурата баяу тербеп, тұла бойына бұрын-сонды еш кездеспеген қуаныш тыныштығын, елжіреуік іңкәрлік мейірімін толтырып бара жатты. Жұмыр дененің отты қызуы, толық балтырдың шымыр серпіні жалаңаш етіне жанаса тигенде, бақайшақтан басқа дейінгі тарам-тарам жамыраған тамырдағы өрекпіген қанның әр тамшысы қыз-қыз дуылдап, ессіз, есірік аңсарды он есе, жүз есе қоздырып жіберді. Мынау жібектей сусыған қолаң шаш, қайқы кірпік, аршын төс, қаз мойында қандай ерікті алар сиқыр бар екенін білмейді, әйтеуір, ыстық алауымен бет шарпыған демнің сәл ашылған қызғалдақ қауашағындай кішкене оймақ ауыздан жетіп жатқаны да сол бір желікті жел үрлегендей дүрілдетіп ала жөнелді. Сол-ақ екен, бойдақ жігіттің "көңілшек" кездерінде анда-санда бейсәубет қыздармен байқамай ойнап қойып, артынша-ақ сол бір атқақтанған сәттің болғанына іштей қиналып, екеуіне біріне-бірін қарағысыздай ұятына табынтып оралатын күйзелісі бұл жолы Сайлаубектің қаперіне де кіріп шықпады. Қайта, алғаш рет әйел тәнінің ғаламат құдіретін, әйел жынысының сұлу қимылымен-ақ тұтқындап әкетер тылсымымен бастан кешіріп, өз кеудесінде тұтанған еркектік ұшқыр сезімді анық пайымдады.


Тізгін тартқызбай-ақ елгезек тақымның талабымен шырқ айналатын кәнігі сәйгүліктей қыбын тапқан құшағындағы қызулы дене бұның ырқына айрықша ықтиярымен әлгінде барынша көніп еді. Сол келісімпаз жарасты ойнақылығымен жігітті де өз еркіне және барынша көндіріп, шат қозғалысы жоқ нәзік қимылымен-ақ тәтті қылыққа ұйытқаны сондай, Сайлаубек мынау маужыраған мамыражай рақаты созыла берсе екен дейтін ынтызар тілекті іштей тамсайды.


Қара кірпіктер дірілдеп қозғалып, жыбыр-жыбыр етті де, қара көздер кең ашылып кетті. Әйімгүл ұйқысынан оянды. Әлденеден ыңғайсыздана қымсынып, ақ жаймамен жалаңаш кеудесін жауып ала қойды.


— Ояу жатыр екенсің ғой...


— Неге жасырасың, Әйімгүл. Қымтама сұлулықты.


— Ыңғайсыз... Қарамашы, Сайлаубек.


Әйімгүл ілгері лықсып жігіттің кеудесіне жасқаншақтана бетін басып, от боп жанған қос томпақты жанастырды. Сайлаубек шыдай алмай, ақ жайманы білегімен серпіп тастады.


— Сайлаубек, қойшы... Ашпашы... Ұялам. Білесің бе, сен бір ұнамсыз нәрсе жасайтын сияқтысың. Мен де сөйтетін тәріздімін.


— Олай емес, Әйімгүл. Сенің қылығыңның бәрі жақсы. Бәрі де маған ұнайды.


— Тоқташы, қоя тұршы, осылай жай жата берейікші...


— Неге келдің, Әйімгүл?


— Білмеймін...


— Келмесең ғой, бір-бірімізді дәл бұлай, бүгінгідей ұға алмайтын едік. Сенің мынау төсіңдегі меңіңді, мынау...мынау мықыныңды білмейтін едім.


— Келем деген ой жоқ еді. Неге келдім екен?


Әйімгүл қаз мойнын иіп, аппақ желкесін көрсете жігіттің қолтық астына тұмсығын тыға түсті де, кенет екі иығы солқылдап жылап жіберді.


Сайлаубек келіншектің алқымынан сол қолымен аялай ұстап, иегін сәл көтерді. Кірпік төңірегіне мөлдірей жиналған жасты көрді.


— Неге жыладың, Әйімгүл?


— Білмеймін. Келмеуім керек еді. — Оймақ ауыз әлсіз кемсеңдегенде, езудегі ұсақ әжім сызығы айқын білінді. — Сенің мен туралы не ойлайтыныңды қайдан білейін?


Апырай, мынау Әйімгүл шынында да тегін емес. Тіпті жылағанының өзі басқа ешкімге ұқсамайды екен. Кемсеңдегені де кейбіреудің күлгенінен артық.


Сайлаубек кірпік жағалай тізілген мөлдір моншақтарды, езудегі әжімді, алқымдағы дірілді, төс үстіндегі күрең меңді кезек-кезек сүйіп өтті. Содан кейін қолтық астынан қолын өткізіп алып, келіншектің қабырғасын сындырып жіберердей құшырлана қысты. Алаулап жатқан дене бауырына жабыса кіріп кетті.


— Келгенің жақсы болды. Жақсы болды, Әйімгүл! Қандай ақылдысың!...


Қолын босатты. Әйелдің маңдайын бұйралана жапқан балапан кекілін алақанымен қайырып тастап, бетіне бетін тигізді.


— Сен мең дедің, Сайлаубек. Сенен басқа еркек ол меңді көрмеп еді.


Әлденеге өксікті өкініші кеткендей булыққан үнмен сыбырлап айтты. Айтты да, замат көзін жұмды. Дірілдеген қалың қайқы кірпіктер алыстан бұлдырап, қол бұлғап қош-қошын білдірген мейірбан саусақтарға ұқсап кетті.


Сайлаубек кеудесін көтеріп, бір шынтақтады. Кіндіктен сүйемдей жоғары орналасқан қожа бидайдың күйген дәніндей күреңткен меңді алақанымен жайлап сипады.


— Шын айтасың ба, Әйімгүл? Мен ғана көрдім бе?


— Иә! Басқа еркек көрген емес. Күйеуің ше? О да бір көрмеді ме? Байың көрмеуші ме еді.


Келіншекті сынағысы келді ме, әлде қазіргі өзіне де түсініксіз халіне араша болар сылтау іздеп, еркекке тән ожар мінезден ілгешек тапты ма, көзінде суық сұс пайда болды.


— Көрген жоқ. Көре алмай кетті... — деп күрсінген Әйімгүл ақ жайманы аяғының ұшымен іліп алып, қолына жеткізді де, қайтадан үстіне жамылды.


— Қалай?


— Екеуміз қосылған күнгі той дастарқанындағы әлдебір тамақтан уланып... Ертеңінде, операция үстінде тіл тартпай кетті.


Әйімгүл шалқасына аударылды. Кірпігі қайқайып, жасаңғыраған жанары төбеге қадалды. Сайлаубек нанар-нанбас күйі төніп барады.


— Екеуің, тым болмаса, жас жұбайлардың алғашқы түнгі кәдесін де жасай алмадыңдар ма сонда?


Бір бастаған соң қиянпұрыстықты тоқтату да қиын. Нәзік сезімге түрпідей тиетін тұрпайы сөздерімен әлгіндегі от боп жанған тұла бойды қымсынбай тіміскілеп, еміне түртпектеген ұрыншақ қолдың қылығын жуып-шаймақ бола ма, одан сайын үдей түседі.


— Білмеймін. Төсектен ауырып тұрды...


— Одан кейін.. Күйеуіңнен басқа... Бөтен ешкімнің болмағаны ма?


— Болған жоқ. Болған емес! — Әйімгүл ызалана жалт қарады. Ашулы жанарда таң шапағында құбылған теңіз түсіндей бір ұшқын тұтана беріп, өшіп кетті. — Сенен өзге еркектің көз қиығы түскен жоқ.


Сайлаубектің жүзі сәтте жылыды. Еңкейген бойы ернін үлбіреген аппақ сырғалыққа тақап әкеп, тигізіп тұрып, келіншектің құлағына үздіккен үнмен әлдебір ырзалық кешкен халін сыбырлап жатыр. Сол сыбырға өзі де сеніп, Әйімгүлді де сендіріп басқа бір дүниеге, әдемі де таза, пәк дүниеге сүйсіне шомып барады.


Жігіттің сыбырына да, ыстық деміне де бүкіл болмысымен балқыған Әйімгүл әп-сәтте қуана өзгеріп, жаңарып, құлпырып кеткенін сезетіндей құшағына тығыла түсіп, бір сөзді де қалт жібермей ынтыға тыңдайды.


— Мен бар ғой, Сайлаубек, құдды жеп-жеңіл боп аспанда қалықтап жүрген сияқтымын... Құйын ба, қанат па, әйтеуір, бір құдірет саған қарай дедектетіп... асықтыра лепіртіп ұшырып әкеле жатқандай.


— Басқа ешкімді көрген жоқпын дедің ә, Әйімгүл...


— Сен бар ғой тұп-тура жаңбыр суындайсың, Сайлаубек. Шомылғым келеді, тазарғым келеді. Жұтқым келеді, шөлімді қандырғым келеді...


— Ашшы мынау жайманы!... Қымтанып алғаның не?


— Қойшы. Жай жата тұрайықшы... Он бес жыл күттім ғой... Шыдашы, Сайлау...


Көше жарығы жылт-жылт тұтанды да, сәулесі бөлме ішіне мол құйылды. Әйімгүл шиеге булағандай қызыл ернін жыбырлатып әкеліп жігіттің ерніне жанастырды.


— Сонымен.. мен екіншімін ғой, Әйімгүл?


— Немене?


Жұмсақ ерін тағы да тақалып келе жатқан, қалт кідірді. Көздер кең ашылды.


— Мен... мен сен білетін... өміріндегі екінші еркек болдым ғой?


— Жоқ! Сен — біріншісің!


Енді Сайлаубек оқыс таң қалды. Басын жастықтан жұлып алып, алақанына таянды. Термен бусанған қара шашы бұйраланып, шиыршықтанған ұсақ дөңгелектер құлағының жиегін көміп кетіпті.


— Мен бе? Қалай?


— Сен! Сен — бірінші еркексің!


— Күйеуің ше?


— Жо-жоқ. Ол көмескі бір елес. Шала елес қана. Ол сәтте кеудемде үрей басым болатын... Неге екенін білмеймін, есімде сол түннен ештеңе қалмапты.


Сайлаубек келіншек жүзіне ұзақ қадалды. Қара атластай түс ойнатқан толқынды шашын, қырланып тік келе жатып, сәл тайқия тоқтаған кішірек мұрнын, бұғағы елеусіздей біліне бастаған ашық алқымын бір-бірлеп көз қиығымен шолып өтіп, ләм демей шалқасына сылқ түсті.


"Он бес жыл күттім дейді. Соншама уақыт шыдап келіп, тап бүгін аяқ астынан босағаны қалай?"


Қайтадан санаға сауал жүгіртіп, түйсіктен секем аулады. Жайшылықта ұсақ-түйекті де елеусіз қалдырмай ар сотының алдына жығып беретін сана да сап тыйылыпты. Әдеттегідей шаң бермеді.


Сайлаубек өкініш сезінген жоқ. Қайта мынау құпия сырын ақтарып салып, өзі де жалаңаш, жүрегі де жалаңаш жайрап жатқан Әйімгүлдің бар мінез, бар қимыл-әрекетінен іңкәр нәзіктік тапқандай әсерленді. "Шынымен бірін-бірі зарыға іздегені ме? Бұл да, ол да иненің жасуындай қарсылық білдірмепті. Қайта бүгінгі түнді ұзақ жылдар бойы аңсап кеп, түбінде бір кездесетіндеріне шүбәсіз сенгендей, еш қымсынусыз табысыпты. Әлде топсасы босаған көңіл жидіген жүйкенің зырқ-зырқ пергілеген ауыр зеңбірегіне төтеп бере алмай, есеңгіреген шағында ықылас танытқан осынау мейірбан жанарды медеу көрді ме екен? Солығы басылып, жұбаныш тапқан өксігі сабасына түскен соң, ана алақаны маңдайынан сипағандай қазіргі өткінші сәттің мейірімін өз кеудесінен үнсіз аулап, зәуіде бір еміренген алғыспен ғана есіне алар ма?"


Ақ жайманы серпіп ашып тастап қара меңге тағы бір көз суара қарағысы келді. Өзін-өзі сол тілектен күштеп тежеді. "Кім білсін, қара меңде бұның өмірінің бөлшегі қалған шығар. Мынау нәзік саусақтар шомылғанда ма, ұйқысыз төсекте дел-сал аунағанда ма, қара меңді құшырлана сипалар. Сипалар да, жігітті еске түсірер. Бәлки сонда бүгінгісін ойлап, өткен іске опынып, қызыл ернін тістелеп қиналар. Бәлки сонда өз-өзінен елжірей күлімсіреп, тәтті мұңға шомар. О да өмір парақтары. Соларға кей-кейде қиялмен алтын сарай орнатып, соның бәрін кездейсоқ бұрқ ететін адуын ашулы әрекетпен ойран-топан қиратармыз. Өмір парақтары бірін-бірі ауыстырады. Талай үміт талай күдікпен алмасады. Талай күдіктен әдемі үміт туындайды. Бірақ тапқаныңнан жоғалтқаныңды асырып алғанда, өткенді ойға елестету мазасыз жаныңа тыныштық әкеле қояр ма".


Бөлмеге пердесіз ашық терезеден таң сәулесі енді. Көше шамдары жалт-жұлт жыпылықтап қалып өшті де, іштегі күрең реңк сұйылып, қабырғаға тұтқан жапсырма қағаздың жасыл бояуы айқындалып, табиғи түсін тапты. Ашық балконның есігінен сырттағы көктің жауқазын иісі андыздап жетті.


Әйімгүл ірге жақта көтеріліп отырды. Басын сілкіп қалғанда қара шашы сусылдап төгіліп, аппақ арқасын бүркей жапты. Екі шынтағын бүлкілдетіп, қос алақан мен желке тұстан шашын қысып ұстап, тоқпақтай ғып түйді. Жалаңаш арқа мен жұмыр иықтың мінсіз мәрмәрі ашылды.


Сайлаубек сол иықтан тартып, Әйімгүлді төсекке қарай шалқайта құлатты. Содан кейін ашылған еріндерін ашық омырауға қышырлана көміп жіберді.


* * *


Қатты шаршап ұйықтаған Сайлаубек оянғанда жанында Әйімгүл жоқ еді. Құшағында толықсыған келіншектің қай кезде қасынан тұрып кеткенін білмей де қалыпты.


Қолын созып ағаш кереуеттің басынан ұстап рақаттана керілді де, оң жағына аунап түсіп, шұңқырайтып жатқан жастыққа бетін тигізіп, әлденеге құмарлана иіскеді. Таң қалғаны: нәзік жұпар иіс әлі де болса сейіле қоймапты.


"Неге айтпай кетті? Неге оятпай кетті?"


Түрегеліп орындыққа асқан шалбарын алып киді. Орамалды жалаңаш иығына жауып, ваннаға кірді. Екі кранды: барынша ағытып, душ астында ұзақ жуынды. Жоғарыдан шып-шып ұрған қанжылым суға басын шалқайта бетін төсеп, жылт-жылт жылтыраған денесін алақанымен ысқылап-ысқылап жіберді.


"Әйімгүл ұйықтап жатқан шығар"?


Төмен түсіп, буфеттен бір шыны-аяқ ыстық кофе ұрттады. Қайтып оралып келіп, креслоға жайғасып отырды да, Әйімгүлдің номеріне телефон соқты.


Трубкадан қырылдаған бөтен дауыс тоқтаусыз зірк-зірк естілді:


— Клиент жоқ! Кетіп қалған!


— Кетіп қалды деймісіз!? Қашан?...


— Бір сағаттай бұрын. Өте асығыс екен.


Трубкадағы қырылдауық дауыс зың-зың етті де үзіліп кетті.


Сайлаубек сыртқа атылды. Лифті тоспастан сол бойда екі-үш баспалдақтан секіре жүгіріп төмен түсті. Өтіп бара жатқан көк шамы жылтыраған таксиды қол бұлғап, ысқырып тоқтатты.


Таксистың төртбұрышты ауыр иегін көтеріп: "қайда апарайын?" деген үнсіз сауалына "Домодедова аэропортына!" деп екі сөзбен ентіге жауап қайырды да, сылқ етіп артқы орынға отыра кетті. Тек қана шоферға "тездете көріңіз" дейтін өтінішке толы тілегін білдіріп, оң қолын алға қарай асығыс сермеп қояды.


Бұралаңдаған қала көшелерін артқа тастап, кең шоссеге шығысымен сары "Волга" кеудесін қайқаңдатып зымырай жөнелді. Спидометрдің қызыл сызығы "90-100" шақырымдық жылдамдықты көрсетіп, дірілдеп тұр. Қос қапталдағы жол жиегіндегі ағаштар көз ілеспей билеп, дөңгеленіп қалып жатыр.


"Неге айтпай кетті? Неге тым асығыс аттанды? Ең болмаса жүзін көріп, тілдесіп қалуым керек."


Спидометрдің жүздік цифрдің тұсына жетіп тоқтаған қызыл жолағына ызалана қарайды. Жаралы аңдай мотор әуенімен ыңыранған жаңа "Волга" асфальттың қара таспасын бауырына шиыршықтай орап, көз ұшындағы аэропорт үйлерін жылжытып, жақындатып келеді.


Шиыршықталған ақшаны шофердің қолына ұстата салып, Сайлаубек шыны мен бетоннан салынған үлкен үйдің жарма есігінің табалдырығын аттағанда сырттағы жентектелген тығыз алау іштегі тымырсық ауаны толқыта тербеп қолқа қапты. Анықтама бюросынан Алматыға ұшатын самолеттің рейсін сұрады.


Шық бүркенген жасыл жапырақ түстес ойнақшыған көздерін жалт еткізген кезекші қыз ақселеу шашын толқындандыра сілкіп жіберіп, күле жауап қатты:


— Ылғи осылай асығып жүресіз бе, жігітім. Самолеттің ұшып кеткеніне он бес минут болды. Келесі рейс енді тура үш сағаттан кейін болады.


— Рақмет.


Жайнаң қағып кең ашылып, тағы да жауаптасқалы ілтифат білдірген жасыл жапырақ түсті жанардан сөлбірейген өз бейнесін суырып әкеткен Сайлаубек залдағы креслоның біріне сылқ отырды.


Көз алдына қара күрең мең оралды. Қара күрең мендей қара көздің айналасын құрсаулай кемерлеген жасты елестетті.


"Сен құдды бір жаңбыр суындайсың, Сайлаубек. Шомылғым келеді. Жуынғым келеді. Тазарғым келеді?"


"Бәрі-бәрі өтірік болғаны ма? Неден шошынды? Әйімгүлдің жасы үлкен болғанымен екеуміз бір-бірімізді ашық түсінген жоқ па едік?"


Әлдекім арт жағынан дыбыссыз басып келіп, иығынан түртті. Селк етіп басын көтерді.


— Сәламатпысыз, Сайлаубек!


— Иә, есенбісіз...


— Мынау сізге еді. Кездескеніңіз мұндай жақсы болар ма?


Қолына көк конвертті ұстата салған келіншек, басқа жұмысым жоқ дегендей, ауыр бөксесін теңселте бұлғаңдатып есікке қарай жайлап бет алды.


Сайлаубек ентіге дауыстады:


— Тоқтай тұрыңызшы!.. Сәл бөгеліңізші!


— Иә, Ал, бөгелдік, — деп келіншек жақындап келді де "ұрлығыңды білем" дейтіндей қулана күлімсіреп, томпақ көздің асты-үстіне жарыстыра баттита жүргізген жасыл жолағын көрсете, ирек кірпіктерін айқастырып жіберіп, қайта ажыратты.


— Сіз...сіз гастрольдегі труппадансыз ғой. Әйімгүлді шығарып салдыңыз ба? Жаңағы рейспен ұшты ма?


— Дәл солай, қымбаттым. Шығарып салатын рет сіздікі еді. Ұйқышылсыз-ау, шамасы. — Дыбыссыз да күлкі болады екен, екі иық екі өркештей еп-ерсі селкілдеді.


— Неге асықты?


— Оны сізден сұрайық.


— Дегенмен... айтпады ма?


— Не десін. Сүйінші сұрай ма. Біз Әйімгүлді періште көріп, әулие тұтып жүрсек. Белгілі жай ғой. Ыңғайы келгенде жұрттың бәрі тәуекелшіл.


Келіншек теңбіл дақты қоңыр маникюр жалатқан ұзын тырнақтарымен алтын сырғасын шертіп қалды. Содан соң барбиып ісік жайлағандай, кішігірім балтырдай оң қарының білем-білем майын солқылдата қимылдатып, төмен түсірді. Адам мүшесінің осындай да әртүрлі бітімі болатынына таң қалған Сайлаубек Әйімгүлдің әсем білегін еріксіз еске алды.


— Ә...Иә. Сіздер поезбен қайтасыздар ғой енді?


— Поезбен. Бүгін кешке. Әйімгүлдікі ақыл болды. Ыстық күнде қапырық вагон не жан қойсын. Алматыға жеткенше әбден сілікпеміз шығып бітер.


Келіншек сәтте өзгеріп, мақұлдау күткендей Сайлаубекке бір түрлі мұңая мүләйімси қарады. Артынша-ақ, тез құбылып жылмаң қақты.


— Қайтпаймыз ба? Несіне отырамыз? Кешке дейін әлі біраз бар. Мүмкін, сіз екеуміз "Серебряный борда" қыдырармыз? Оңаша орманда серуендемеп едім. Уайымдаңыз. Әйімгүлді әзірше жоқтата қоймаспын.


Сайлаубек біреу төбесінен суық су құйып жібергендей оқыс дір ете қалды. Кешегі кештен бергі әдемі әсеріне мына дөрекі мінез бен дарақы күлкі у сепкендей тыжырынтты.


— Жарайды, жарайды. Түсіңізді бұзбаңыз, ежіреймеңіз өйтіп... Бұ да періште бола қапты ғой аяқ астынан. Біле білсеңіз, мен Әйімгүлден бақандай он жас кішімін. Жасамыс пен жастың парқын ажырату неге тұрады.


— Жолыңыздан қалмаңыз?


— Е-е, түсіндім. Сүттен ақ, судан таза болмақсыз ғой. Оныңызға сене қояр ақымақ жоқ. Оңаша бөлмеде әйел мен еркек түнімен шошқа тағаламайды.


Келіншек бір көзін сығырайта қысып, ешқандай жасырып, жәркештемей-ақ Сайлаубектің тұлабойын бастан-аяқ тіміскілеп шолып өтті. Содан кейін мұқатқандай кекете мырс етіп, ерсілеу сүйреңдеген астыңғы ернін ілгері оздырды да, жалт бұрылып жүре берді.


Сайлаубек креслоға шалқайып, конверттің шетін жыртып, ішіндегі хатты суырды. Төрт бүктелген қағазды ашқанда арасынан сіріңке қорабының көлеміндей ескірген сурет шықты.


Мәссаған, өз суреті! "Япырау, қайдан алды екен? Тіпті дәл мынадай бір қырын отырып түскен жоқ едім ғой".


Фотоны аударып, сыртына көз жүгіртті... "Сүйікті Әйімге — Мараттан" деген ұсақ жазуды оқыды.


"Марат?!" Марат! Онысы кім? Мен болып сыртымнан танысып жүрген қылжақбас біреу ме екен? Айтпақшы, хаты бар еді ғой".


Саусақтары илікпей қағаздың қыртысын әрең жазды? Бір әрпінен бір әрпі сұлулана түскен қолтаңбадан ә дегенде көзі жасаурап, ештеңе ажырата алмады. Төс қалтасынан орамалын суырып маңдайын сүртті.


ЖАЗ. САЙЛАУБЕК


Хатымды оқыған кезде қасыңнан таппай — ренжірсің. Қайтейін, амалсыз дәл осылай жасауым керек болды, Кейде адам өзінің жан-дүниесінің қалай құбыларын біле алмай қиналатын кезі болады ғой. Мен де кешеден бергі шұғыл өзгерісіме өзім де түсіне алмай әлекпін. Сен менен "неге келдің?" деп сұрадың. Ал, сен менің өміріме осыдан он бес жыл бұрын кіргенсің. Қолыңдағы суретке анықтап қара. Таныдың ба бейнеңді? Бұл суретті он бес жыл бойы сақтап келем. Бірақ фотодағы сен емессің? Ол — менің күйеуім. Енді mүсіндің бе?


Сайлаубек, кешір мені. Өз ішімдегі алай-түлей жалынды байқамай саған да тұтатып кетпедім бе екен? Онсыз да қиналып жүрген сені одан сайын күйзеліске ұшыратам ба деген бір ой жаныма маза беретін емес. Құдай-ау, өзегіңді өртеген өртті өзімшілдікпен басқаға итере салатын дәрменсіз бишаралықтан қашан ғана арылар екенбіз? Енді ғой мені қинаған қарғыс уыты саған да төгілді.


Дүниеде бір ғана жанды сүйіппін. Ол — фотодағы адам. Екі кісінің жалғыз суреті. Кейде сол суретке үңіле қарап, өткенді бүгінмен, бүгінді өткенмен ауыстырып алатыным бар. Сондайда ақыл-ес шатасқандай, оны да, сені де іздеймін. Күйеуім өлмегендей көрінеді де, сенің күлімсіреген бейнең көз алдыма тұрып алады да қояды.


Сайлаубек! Менің махаббатым асқар шыңына да, ақырғы шегіне де жетті. Енді соған тояттаймын да, бәрін ұмытам. Ұмытуға тырысам. Жазмышта маңдайыма жазған бар ләззат сүйініші осы болса — оны азырқанар мен емес. Жо-жоқ! Ризамын. Кездестім. Қуандым. Мейірлендім. Бұдан артықты қаламаймын. Сен жаңбыр суындайсың. Шомылдым да тазардым. Сейілдім де сергідім.


Сайлаубек! Менің сені әдейі іздеп барғаныма, түндегі өрескел қылығыма, мағлұмсыз мінезіме таң қаларсың. Неге солай жасағанымды өзім де онша түсінбеймін. Ғайыптан сап ете қалған бір қуаныш қар көшкініндей кішкене жүректі сыздата басқанда әйел жаны шыр еткен балапандай қатаймаған қауырсынын дip-дip жайып, қауіпті де, күдікті де, ұятты да ұмытып сала береді екен. Ұят деймін-ау. Ол сәт мүмкін сол міскіннің ғұмыр бойы аңсаған шуағы болар. Ғұмыр бойы бұйығып келіп қас-қағымда өзін-өзі шыңырауға атқан батылдығы болар.


Қош дейін, Сайлаубек. Алғашқы кездесуіміз, ақырғы да кездесуіміз. Кешіре алсаң, кешір мені. Тынышыңды бұздым да, мазаңды қашырдым. Сол бір жігерсіздігім үшін өзіме-өзім қатты разымын. Өйткені осынау бірге өткен бес-алты сағат менің былайғы өмірімнің балдай нәрі, таусылмас қорегі болады.


Кешіре алсаң, кешір. Мені іздеме де, ойлама. Өз қатарың көп. Бақытыңа кедергі келтіретін қылдай қиянат туғызатын болсам, онда қазіргі мынау көк аспандай таза көңілімді тұман шалар еді. Мені дәл осы жұбаныш тапқан күйімде қалдыр.


Рақмет. Бәрі-бәрі үшін рақмет. Сен жаңбыр суындайсың, Сайлау. Жуындым да тазардым.


Қолыңдағы суретке тағы бір үңіліп көрші. Сонда менің көз жанарымды суырған сағыныштың ыстық табы бар. Үнсіз тілдескен көп түндер сыры бар. Ол сыр — жалғыз суреттегі бір-бірінен айнымайтын екі жанға бірдей арналған. Екеуі де бір жүректе. Бірігіп, тұтасып, жалқы бейнеге айналып кеткен. Өткенге айтқан мұңым бүгінгіге бағышталатын. Бүгінгіге жолдар қош-қошымның кешегіме сіңген жаңғырықтай қайта оралмауын тілеймін.


Кешіре алсаң, мен міскінді кешір.


Басқа не дейін. Айнымас бақытыңды тап. Творчествонда әрдайым жемісті бол. Жігерің жасымасын.


Көрдің бе, нәзік жанды әйел де тәуекелге тастүйін бекінсе балталап шаба алмас батыл шешімге бара алады. Мені сондай нартәуекелге бастаған саған деген сезім шынайылығы. Ешқандай өкінішім жоқ. Ешқандай күмәнім жоқ. Әйтпесе, шымыр-шымыр тулаған жүрек қанынан алаугүл — махаббат қызғалдағы құлпырар ма еді. Пәруана демегін мені. От көріп, шыр айналып ес-түссіз құлап түскем жоқ. Мен санамен сезіп, жүрекпен қалап, өлшеп, пішіп, екшеп барып, қасиеттей табынып алғанмын құшағыңды. Аяусыз сіміргем шуағыңды.


Кешіре алсаң, кешір мені. Құдіретке сенбеуші ем, ұйқым қанып оянғандай, бар-бар болмысымды жаңғыртқан жаңа сезімге шүп-шүп толымын. Шыңырауға құлап түсіп ем, заңғар көкке қалықтап кетіппін. Енді осы құдірет — тәтті естелікке қалған күндерімде алданып өтермін. Талшық етіп, аялап өтермін.


Қолыңдағы фотоға қара, Сайлау. Бір бейнелі — қос жүрек ол. Біреуі алғашқы тәй-тәй дірілінен бастап жалғыз мен деп соққан-ды. Екіншісі сәтке болса да мен үшін қан тасытқан. Екеуін де қиып кеттім. Бірінің суретін, бірінің өзін қалдырып барам. Мендегі естелік енді бәрін алмастырады.


Сау бол. Мені іздеме. Алматыға барған соң кездесем деп әуреленбе. Қинама мені. Қинама өзіңді. Қатарыңды тап. Көп-көп тілектес, Әйімгүл".


Сайлаубек хатты екі қайтара оқып шықты. Көзін қысыңқырай, қарашығын тесірейтіп фотоға ұзақ қадалды. Өзінің институттың екінші курсында оқып жүріп түскен суретінен айнымайды. Осыдан он жыл бұрын шиыршықталған қара бұйрасы қалың дудар бас ашаң жүзді талдырмаш бозбаланың пәк жанары осылай риясыз мөлдірейтін. Алыс аспандағы толықсыған айға қол созған лепірген көңілмен алдағы і үндердің шырқау көгіне жарқырап көтерілеріне сенімі кәміл болатын. Бұрын-сонды ел естіп, жұрт көрмеген айта қаларлықтай бір іс тындырып, айдай әлемді аузына қаратып, атағын аруақтандырып шығарам деген алып ұшқан тәкаппар екпін бар-тын. Бірақ не пайда, саусақ арасынан сусып төгілген құмдай уысындағы үміт ұстатпай әлек, көтеріңкі көңіл қанша талпынса да, қалықтап ұшып кете алмайды.


Сайлаубек ілби басып сыртқа шықты. Аэровокзал алаңын айнала қоршаған ағаштарға қарай тік салды. Аяқ астындағы сұрғылт асфальт былқ-былқ балқып, қарашаның қамыс арасындағы пышақ сырты мұзындай бүлкілдей майысып, өкше тартады.


Адам жадының тыншымас өз тірлігі бар. Жапырақтан жапыраққа секіріп ойнаған шымшықтай құбылған дегбірсіз күн сәулесі ауық-ауық жанарды жасқанта шаншылады. Сайлаубек көзін тарс жұмып, қайың балағын бойлай өскен жасыл көгалға бауырын төсеп жата кетті.


Адам жадының өзгермес өз тірлігі бар, ол өзге естелікке елеңдемейді. Басқа ұғыммен санаспайды. Қазір де Сайлаубекті тізгіндей тартып, ой толқынының терең үйіріміне шым батырып барады.


Қыркүйектің ортасы болатын. Дала өңірінде жаз әлі бітіп, күз ене қоймаған. Күн шағырмақ. Алтыншы класта өзімен бірге оқитын, интернатта жататын жолдасы демалысқа қарсы Сайлаубекті аулына қонаққа шақырған. Бала көңілге бейтаныс нәрсенің бәрі ермек, бәрі қызық көрінеді ғой. Шешесінен қыңқылдай жалынып рұқсат сұрап алған Сайлаубек тәмпіш танау жолдасы екеуі естері қалмай қуана жүгіріп, станцияға қарай дедектей жөнелген-ді. Бұлар келгенде жолаушы поезы өтіп кеткен екен. Амалсыз жүк поезын тосып екеуі аласа перронда қыдырыстап жүрген. Тұсынан өтіп бара жатқан паровоздан әлдекімнің даусы естілді. Сайлаубек қуана айқайлап жіберді:


— Көке! Алақай көкем!


Дауыстап шақырған әкесі екен. Екі баладан жөн сұрап, қайда бара жатқандарын білген соң, қолымен ымдап паровозына мінгізіп алды.


— Сайлаужан, машинист боламысың?


— Жоқ, көке! Мен бар ғой, жазушы болам.


— Бол, бол, балам. Жазушы-ақ бол, — деп елжірей күлімдеген әкесі қалпағының төбесінен бір нұқып қалып, күйе жұққан бетіне мейірім үйіріп, әлденеге жымың-жымың етті.


— Ал, сен ше? Дәуде болса, осы сен машинист боларсың? — деп ұлының досының иығына қолын салды.


— Иә, ағатай! Машинист болам. Ағатай, маған ұстатыңызшы, гудок берейін, — деп еркіндеген бала салбыраған ілгек темірді жұлқылай созып, арқыраған паровозды құдды өзі жүргізіп келе жатқандай рақаттана масаттанғанда, сығырайған көздері жұмылып кетті.


Келесі станцияда бұлар ұзақ бөгелді. Әкесі паровозын әкетіп, біраз маневр жасады. Ұзын составқа қосымша жолда тұрған үш вагонды арт жағынан тіркеп болып, қайтадан составтың басына шықты.


Сол екі арада қарсы келетін жүйрік жолаушы поезының графиктегі уақыты жақындап, жолдың босауын күткен бұлар еріксіз тағы біраз аялдаған.


— Қарындарың ашты ма, жігіттер?


— Иә, көке! Ашқанда қандай!


— Жүріңдер, онда. Вокзалдағы буфеттен тездетіп бірдеме қаужап қайтайық.


Үшеуі үздік-создық шұбатылып вокзалға жақындай бергенде, перронда жүрген жолаушылардың арасынан ентелеген әлдекім бұлардың жолын кес-кестеді.


— Маратбек? Апыра-ай, Маратбекпісің?!


Әкесі сасқалақтап қалт тоқтады. Бас-көз жоқ оң қолына жармасқан әйелге үнсіз бағжия қарады. Түтін ыстаған жүзі сәтте жылып сала берді. Көз қиығына сіріңкенің бір тал шырпысынан тұтанған әлсіз алаудай маздаған көгілдір шоқ жүгірді де, іле тез өшті. Әлгі нұрлана құбылған сұлу өң қас қағымда сұп-сұр боп қуара қалды.


— Сен бе едің? Апырай, Айымшамысың?!


Сайлаубектің көз алдында бейтаныс әйел сәл-пәлде қырық құбылды. Біресе күліп, біресе кемсеңдеп аузындағы жалғыз сөзді сағыздай созады.


— Маратбек! Маратбек-ay!..


Тып-тыныш жүрегі ойда жоқта дүрсілдей соққан Маратбек те сәтте өзгерді:


— Айымша-ай, сені де көретін күн бар екен-ау! Жыбыр-жыбыр жанаса табысқан саусақтар қан беріп, қан құйысқандай тыншыр емес. Үнсіз аймаласып жатыр.


— Маратбек-ау! Сағындым ғой!


Айымша атанған егде әйел көз шарасына үйірілген мөлдір жасты кірпігін сілкіп қап, омырауына домалатып-домалатып түсірді де, кенет әкесінің кеудесіне басын төсеп, өксіп-өксіп жіберді.


— Қой, Айымша, босама. Мықты едің ғой... Берік едің ғой, Айымша...


Маратбек сұқ саусағының қырымен қара мұртының қос шалғысын қайрап-қайрап тұрып, ернін жайлап қана әйелдің шаршысына тигізді. Оң қолын созып, Айымшаның арқасында сұлап жатқан қара бұрымды ұстады.


Тұлабойда ду-ду қан қызды. Ақ сұр жүзге толқындап қызғылт рең тепті.


— Қалпақты ұмыттың ба, Айымша?


Айымша иықтан итеріп кейін серпілді. Жас тұнған көздері кенет риясыз күлімдеп, айналасында әжім торы айқын, анық білінген өткір жанармен баяғыдай ойнақыланып тілене қадалды.


— Неге ұмытайын. Ұмытсам, сені осы уаққа дейін іздеймін бе, Маратбек?


— Үй-жайың, жолдасың бар шығар?


— Жоқ! Құдайдан сұрағаным құрығымнан шығып кеткен соң, көрінгенге қол жайып не табам дедім. Қазыққа қарайлаған қарадай, бір орында шыр айналып жалғыз басым жүріп жатырмын, — деп Айымша ықылық ата күрсінді.


Маратбек өзге дүниені түгел ұмытты. Ет-бауырын елжіреткен іңкәр күйге шомды да, ебіл-себіл жүгіретін алаңсыз жастық кезін, есік-терезесіз ескі қыстауды соншалық бір қимас сезіммен еске түсірді. Мына жаулық астынан ширатылып шашырап шыққан балапан шаштың баяғы майда жұпарын қайта жұтқандай әсерленді.


Айымша Маратбектің қайда қарап тұрғанын сезді ме, шаршысын шешіп, әр жерден бір таспаланып ақ күміс араласқан қолаң шашын көрсетіп қалып, қайта байлады. Әлгінде бұрқырап ширатылып тұрған сақиналы орамдар жым-жылас орамал астына сіңіп кетті.


Жеңінен біреу тартқылады. Маратбек сасқалақтап, назар аударып, баласын көрді..


— Не-е, Сайлау?


— Кетейік, көке...


— Ә-ә-ә. Қазір, Сайлаужан...


— Кетейікші, көке.


— Жарайды. Кетеміз, Сайлау...


Маратбек қайтадан ақ сұр тартып, байсалды жүзін қатайтып ала қойды. Айымшаға тіктеп қарады да, қолымен Сайлауды бауырына қысып, кекілі жалбыраған маңдайынан сипады.


— Кетеміз, Сайлаужан... Қазір тамақ әперем.


— Балаң ба?


— Иә, кенжем.


— Келші, күнім! Келе ғой, — деп Айымша еңкейіп Сайлаубектің бетінен емірене сүйді. Ыстық ерін шарпи жанасқанда әйелге деген белгісіз мейірім жүрегін бүлк еткізді ме, әлденеге запыланған бала бет-аузын ысқылап сүртіп-сүртіп жіберіп, тіл қатпастан паровозға қарай бұрылып жөнеле берді.


Әкесінің Айымшаға еңкейе түсіп кінәлі жандай күбір-күбір не айтып жатқанын естіген жоқ. Сәлден кейін соңынан ілесе келген Маратбек паровозға сүлесоқ көтерілді. Томсырайған баласына қарамай, кочегардың қолындағы қысқа сап күректі алды. Тендердегі тау боп жатқан ұсақ көмірді көсіп-көсіп паровоздың оттығына лық-лық лақтырды. Қатардағы жолдың рельсі мен шпалдарын дүрс-дүрс ұрғылаған жүрдек жолаушы поезы тұстарынан ағындап өте шықты. Кешікпей жүк поезы да орнынан қозғалды.


Жолдасы да, Сайлаубек те үнсіз. Оң жақ терезені ашып қойып ілгері жаққа тесіле қарап, ойға батқан Маратбекке бұрынғыдай сұрақ бермек түгіл иектерін де көтере алмайды.


Кенет ән естілді. Тарс-тұрс рельс тоқпақтаған доңғалақ дүмпуінен де асыра, ащы дауысын көкке шаншылтып, асқақтай шырқай жөнелген көкесіне Сайлаубек жалт қарады. Көкесі алдына құлдырай көз тігіп, қаққан қазықтай қадалып қапты. Аузын кең ашып ән созғанда, кірпіктері айқасып, өткір көз жұмылып кетеді де, мұңлы ырғақ толы сазды әуен дірілдеп барып, қайта өрлейді.


...Өтерін пәни жалған ойлағанда,


Өзіңмен қол ұстасып қалар ма едім.


Осы бір жолдарды өз жанынан шығарып, әлгіндегі әйелге үздіге арнап айтқандай сезілді. Қайтадан әкеге деген жұмбақ өкпе өзімшіл кеудеде бықси тұтанып, белгісіз күшпен қайыстырып, бала көңілін тағы да сырдаң тартқызды.


Ән қалықтап тұр. Ащы дауыс шығандаған биігінен дәл бір өтініш-назын, күйік-арманын мынау сарғыш тарта бастаған медиен дала мен мекенсіз өңірге шағына жеткізердей ұзап-ұзап кетеді. Қайырма тұсындағы баяулап тұрып өксік сарнатқан қоңыр үн Сайлаубектің кінәмшіл көкірегін осып-осып алғандай болды.


Сол күннен кейін әке мен бала арасына тосаңдық орнаған. Сайлаубек бұрынғыдай арсы-гүрсі еркелеуін кілт азайтып, әлдебір кінәмшіл ересек қараспен әкесіне ойда жоқ жерден тік шаншыла қалатын. Ондайда Маратбек ұрлық жасағандай өз-өзінен еріксіз қуыстанып, ұлының көзіне тура қарауға дәті шыдамай, кең маңдайға қысылып шыққан суық терді сипалап сүрткілеп, сырт айналатын.


Тас төбеге шақырая көтерілген күн сәулесі ағаш арасынан тік төгіліп, көлеңкені қуалай қашырып, пысыната бастады. Үш-төрт аунап түсіп, бұтағы қоюлана тұтасқан қарағайдың тасасына сырғанаған Сайлаубек шалқалап жатты. Жел жоқ сияқты еді, ағаш бастары баяу ырғалып маза таппай тұр. Жоғарыда, бұта арасынан сығалап көк аспан мұнартып көз тартады. Дірілдеп жоғалып кетіп, дірілдеп қайта көрінеді.


Әке сырын дәл қазір анық ұқты. Өзі кінәлап еді, өзі және арашалап алды. Бірақ, арадағы суық шалған, екеуара іштей арбасқан күндерін кім қайтарады? Енді сонау вокзал басындағы оқиғадан кейінгі абайсызда жоғалтып алған балауса еркелігін қайдан іздейді?


Бір тал шөпті үзіп, аузына салды. Кермек дәмді сезгенде ішегі шұрылдап, асқа зауқы соқты. Қарны ашып қалған екен. Тұруға ерінді.


Айымша ма еді? Әкесіне ынтыға қараған мейірбан жанарда зарыққан пенденің бүкіл тілегі тұнып тұрды-ау.


"Әй, қызғаншақтық-ай! Көңілге перде тоқып, көз алдыңды тұмшалап алатының бар ғой. Бетіне қан теуіп, жүзіне шырай жүгіріп мейманасы тасыған әйелдің шын тебіреніп, тақырына тамшы тиген диқандай жадыраған сәтін де көпсініпті-ау! Тағдырынан ба, тәңірінен бе, кімнен көрерін білмей, жастықтың жеткізбей кеткен қуанышын жасымен бұлап жүргенде, жапырағына жаңбыр тамған қайындай көк желегін көкке көтермеп еді? Құлпырып қол созбап па еді! Әттеген-ай, аш өзекке су тамызып мейір қандырмай жұлып алғандай бопты-ау!


Ықылас көрмей ынтығып жетіп, бірақ сол ынтызары және тарқамай, булыққан өксікте қала беріпті-ау. Сол, сол өксікте тұншыққан өкінішті кім қайтарар? Қылдай қиянаты жоқ, бірақ өрескел күдігі көп сонау кездесуді кім қайта оралтар? Болжамшыл көңіл қашанғы жақсылықты жамандыққа, сұлулықты сұмпайыға тели берер?


Апырай, секемшіл жүрек неткен қатыгез еді — сыйластықты тас-талқан қиратыпты да, қынжылмай кете барыпты... Қиратыпты да, кек алыпты...


Ағаш бастары баяу қозғалады. Жел жоқ сияқты еді. Ақ сәуле мен қара көлеңке — итжығыс. Айымша жүзіндегі ұяң күлкі мен үрейлі жастай. Неге күлді? Неге жылады?


Әйімгүл ше? Әйімгүл де сыңғырлап күлген, Әйімгүл де өксіп жылаған..."


Тықыр-тықыр басқан аяқ дыбысы естілді. Сырт етіп әлдене сынды. Әлдекім көмейден қарқ-қарқ күлді. Сайлаубек басын да көтерген жоқ. Күйрек көңілде одан да зорлар быт-шыт қирап жатқанда, шыны сыңғыры кімге дәркер. Ұйқы-тұйқы өз кеудесінде бұлт көшіп, аласапыраны үдегенде, қарқ-қарқ күлген бейсауат жанды бұ не қылсын.


Ағаш бастары қайшылана теңселіп кетті. Тиіп қайтып, тиіп қайтып, бір-бірімен есендесіп тұр. "Апырай, жел қатайды ма?" Сайлаубек иегін шошайтып, шалқалай түсті. Көк зеңгір шұрқ-шұрқ елеуіштей тесіліп, үзік-үзік көрінді.


Табаны оқыс тыз етті. Екі бүктетілген оң жақ аяқтың үшкір тізесі Ванька-Встанькадай шошаң ете қалды. Өкшеден тиген ауыр соққы жаңғырығып барып бүкіл жүйкесінде ойнады. Шапшаң қозғалып, шынтақтап кеудесін көтерді. Артымен жылжып арқасын қайың діңіне сүйеді.


Қарсы алдында екеу тұр. Екеуі де ірі. Жұқа теннискалы ашық омыраулары мен қарының бұлшық еттері білемденіп, жылтыраған қоңыр теріні тырс-тырс тебеді.


— Неге жатасың?


— Жатсам, сенің төрінде емес, ашық аспан, қара жерде жатырмын. — Сайлаубек екі тізесін құшақтап, алақандарын айқастырды.


— Темекің бар ма?


— Бар. Бірақ бере алмаймын.


— Неге?


— Неге екенін сендерден сұрағым келеді. Қарап жатқан кісіні теуіп, күштілік көрсеткен жоқпын.


— Аха! Еще үйретеді бізді.


— Лexa, поддай еще раз!


— Жігіттер, ескертіп қояйын. Сендермен айналысуға еш зауқым жоқ. Жөндеріңді табындар.


— Немене?! — Лexa деп аталғаны шегір көздері қанталап, жирен шашын оң қолымен қышырлана ұйпалап-ұйпалап жіберді де, дәл алдына жүрелеп отыра қалды. Бір пұттық балғадай жұмылған жұдырығын ауыр тоқпақтай салмақтай әкеліп, Сайлаубектің мұрнының ұшына төседі. Қолдан темекінің, ащы қиярдың, қышқыл сыраның тұздықталған қою иісі аңқып, қолқа қапты.


— Көрдің бе?


— Жұдырықсыз жігіт бола ма? Бірақ күшке сиынып, айуандық жасау — азаматқа лайық емес.


— Вот так умора! — Түрегеп тұрғаны құдды бір цирк клоунындай ішін басып, бет-аузын маймылша тыржыңдатып, шиық-шиық күлді. Күліп тұрып, қолын созып, қайың бұтағын сындырып алды. — Лexa, мына дүлейді қашанғы сайратамыз...


Тұмсығына тіреліп тұрған жуан жұдырық ызбармен кейін сырғып, қайта атылғалы ыңғайланып еді, тасасында жатқан долырған жүз бен өшпенді жанарды бақырайтып жайып салды. Енді сәл кешіксе қапыда кететінін сезген Сайлаубек бауырындағы аяғын жалма-жан көз ілеспес шапшаңдықпен сілтеп қап, платформалы туфлидің добал тұмсығымен Леханың кеудесінен теуіп жіберді.


Ыңқ еткен дене жолдасының аяғының астына шалқасынан серейіп сұлап түсті. Анау болса қылжаң етіп сылқ құлаған серігін аяғының ұшымен итеріп тастап, Сайлаубекке кіжініп ұмтылды. Қолындағы бір құлаш бұтақ ысылдай ауа тіліп, қақ маңдайға таяна бергенде, Сайлаубек мысықша шалт қимылдап, атылып барып, қос тілерсектен сығымдай ұстап, бар пәрменімен жұлқып қалды. Бірінің үстіне бірі ұмар-жұмар құлады. Жып-жып жүгірген Сайлаубектің ашулы жұдырығы астындағы жігіттің аш бүйіріне тық-тық қадалды.


— Жібе-е-ер!


— Атаңның басы!... — деп Сайлаубек ар жағын қазақша жалғастырып боқтап жіберді.


Кенет құлақ шекесі зырқ етті. Тұрып үлгерген Лexa дәу жұдырығын дәлдеп көздеген екен. Құлағы зыңылдап, сәтке ғана көз алды қарауытып кетті. Астындағыны тастай беріп, тәлтіректеп түрегелді. Бір ұрып есеңгіретіп алғанына масаттанған қиянпұрыс жігіт езуіне кекесін мысқыл үйіріп, саусағының ұшын жыбырлатып, мазақтай шақырып, намысқа ши жүгіртті. Сайлаубек ырғып бір-ақ атылды. Ашу мен ыза айла қарастыртпады ма, қапелімде Леханың жұдырығы аузына тағы да сақ ете қалды. Тіліне жылымшы қан дәмі білінді. Ернін сора тартып, ытқытып түкіріп тастады. Қоп-қою қызыл қоймалжың жерде жатқан жасыл жапырақты көміп кетті. Осы соққы күшін еселеді білем, студент кезінде бірер семестр бокс секциясына қатысып жүріп пайымдап қалған бір тәсілді дереу қолдана қойды. Әлі құрығандай иіні түсіп, еш қарсылық танытпай, көз астымен өшіге сүзілді. Анау болса енді біржолата тұқыртып алайын дегендей сақтықты ұмытып бүкіл денесімен қорбаңдап тап берді. Сайлаубек осы сәтті аңдыған. Құлашын жазбастан, ілгері серпкен оң қолымен көз ілестірмей бүйірден түйіп жіберді. Леханың шоқпардай сіресіп, сұрапыл соққы боп төнгелі келе жатқан қолы ербең етіп көтерілді де, екі бүктетілген денесі төбесімен жер сүзе гүрс етіп құлап түсті.


Сайлаубек асықпай анандай жерге барып жайланып отырды. Саусағының ұшымен тізесінің шаңын қақты. Көнтиіп ісіп кеткен астыңғы ернін шымшылады. Тілін жүгіртіп қанды жалап-жалап алды. Насыбай қаужалағандай ернін жымырып, ысылдай сорды да, тағы да түкірді. Содан кейін сұлап жатқан екеуге анықтап қарады. Алғашқы құлағаны кеудесін көтеріп, малдасын құрып алыпты. Салмақты ауыр иегін сол қолымен уыстай ұстап, қиқаңдатып отыр. Кенет селеу түсті сирек кірпікті көздерін бұған тесірейте қадап, бір кез оң көзін қысып қалды. Тап бір ойнап алысып, кексіз жаттығуға түскен құрбысындай ыржың-ыржың күлмеңдеді. Сайлаубек екінші жігітке назарын қыдыртты.


Қыбырсыз жатқан Леха орғып оң бүйіріне аударылды. Сығырайтып көзін ашты. Сызаттан жаулық қарас оқтай қадалды.


"Апырай неткен жауыз! Мынау өшпенді жанар қарныңа піскілеп қанжар сұққанда да бір селт етпес-ау! Шімірікпей-ақ аяқ-қолды бұтарлап жұлатын жендет зұлымдығы тұнып тұр ғой жүзінде. Осындай жендеттер қайдан шығады? Қалай шығады?"


Аяқ астынан әлденеге қатты запыланған Сайлаубек қалтасынан сигарет алып тұтатты. Көкшіл түтінді қос танаудан бұрқ-бұрқ атты. Газ оттығын қақпақылдап отырды да, кенет саңылауланған қияс жанарға жіберіп ұрмақшы боп оңтайланып барып қайтты. "Мұным не сонда? Жауыздыққа жауыздық іздегенім бе? Кектен кек туындай берсе, онда не болар?"


Сирек кірпікті жігіт мекіреніп тамағын қырнады. Ашкөзденіп, көз алдындағы езуде қылтиған сигаретке мөлиді. Танауын жыбырлатып, түтін исін аулады.


Сайлаубек мырс етіп күліп, шалбарының қалтасынан темекі қорабын суырды. Бір тал шылымды сирек кірпікке қарай шиырып жіберді. Анау ін аузындағы мысықтай қапысыз аңдып отыр екен, әбжіл қимылдап, жерге түсірмей екі саусақпен қағып алды. Қағып алды да, күрең фильтрді тіс арасына қыстырып, құшырлана егеді. Қалта-қусынан сіріңкенің бір шиін ұзақ ақтарып тауып алып, ботинкасының былғары табанына үйкеп қап, жандырды. Түтінсіз сарғыш алауға аз-кем сығырая қарап тұрды да, темекісін тұтатты. Ауыз бен мұрнынан бу атқан паровоздың лебіндей будақ-будақ түтін толқындап лықсыды.


— Мерси!


Сайлаубек құлықсыз ғана басын изеді. "Әуелде осылай ибамен келсең, жұдырықтасып неміз бар еді. Ежірейістік те пергілестік. Не жетпеп еді бізге? Ал, төбелестік; тұмсығымыз бұзылды, мұрнымыз қанады, не шықты? Торыққан көңіл тәубесін жоғалтып, ашынған кеудеге топырлатып ыза мен күйік тоғытты. Адамды адамнан бездірді. Адамнан адамды жерінтті. Басқа не таптық?" Сайлаубек сирек кірпікке жиіркене қарады. Сұқ саусағымен маңдайын шертті.


Осы кезде үнсіз жатқан жирен шашты Лexa бір ытқып барып сирек кірпіктің қолындағы темекіні жұлып алды. Жұлып алды да, сигаретті жұтып жіберердей ырс-ырс сорды. Жылтырап жанған темекі ұшындағы үлдіреген аппақ күлді серігінің бетіне қарай үрлеп жіберді. Анау шар етіп көзін басты.


Жирен шаш өз-өзінен мәз. Жаңағы қылығын азсынғандай былш еткізіп және түкірігін атты.


Сирек кірпікті жігіт сұрғылт түйме боп омырауына жабысып түскен сұйық қоймалжыңға көз қиығын жүгіртіп өтті де, жолдасына тіктеп қадалды.


— Сүрт!


— Немене! Қайдан шыққан фрайер едің? Сенде де қол бар, өзің сүрт, білдің бе. Ха-ха-ха!


— Сүрт! Әйтпесе...


— Немене әйтпесе? Мықты болсаң, төбелесте қайда қалдың? Ананың астына түскенде күшіңді неге көрсетпедің. Бухарик!


Сирек кірпік одан әрі тіл қатқан жоқ. Отырған жерінде көзін қиястана сығырайта беріп, Леханың сигарет тұқылы дірілдеген көнтек аузынан салып жіберді. Салмақты иек сақ етіп, тамақта қарлыққан үнді ыңыратқыза өшіріп, көмейге қайта тықты. Сол-ақ екен екеуі ұмар-жұмар жентектеліп, ұзақ алысты. Долданған, құтырынған көкжалдай сарт-сарт жұдырық сілтесіп, дар-дар көйлек жыртты. Бұлшық еттері білемденген қар мен жалаңаш қарындарда айғыз-айғыз жорғалаған тырнақ ізі қалды.


Бір кез сирек кірпікті жігіт қылғына қырылдады. Сайлаубек жалт қарады. Ұйпалақ шашы термен шыланған Лexa серігінің алқымынан қаншеңгелді сығымдай қысып, буындыра қарыстырып барады екен. Аларған көздер шарасынан шығып, әл-дәрменнен айрылып, өлеусіреп сала берді.


Сайлаубек орнынан ұшып тұрып, білезіктіктен бармақ батыра мытып жіберді. Қаншеңгел сәтте жазылды. Қанталаған жанар кек шашты.


— Кет! Тарт қолыңды, азиат! Ну-у!...


— Мен сені!.. Қандай жыртқыш едің?..


— Кіріспе! Шаруаң болмасын!


— Шаруам болғанда қандай Төбеңді оям!


— Вот псих! Қорқытады еще, узкоглазый!


— Жетер!


Жерден жұлқып көтеріп алды да, Сайлаубек тұмсықтан дәлдеп бірді қонжиытты. Тәлтіректеп барып шақ түзелген дененің май құйрығынан және бір тепті. Ентелеген бойда ілгері қарай дедектеген Лexa қарсы алдындағы ақ балтыр қайыңды кеудесімен сүзе тоқтады.


— Жоғал! Әйтпесе котлет жасаймын. Көкеңді көрмей жүр екенсің!


— Ну, ну-ну! Қойдым.. Кете-ем...


Жирен шашын сипалаған Лexa алыстап ұзап барды да, ағаш арасына сүңгіп кетті. Сайлаубек сирек кірпікті жігіттің ерніне қайтадан сигарет тұтатып қыстырды.


— Р-рақ-мет!


— Әлгімен қалай достасып жүрсің?


— Колониядан екеуміз бірге босанғанбыз.


— Қайда бармақ едіңдер?


— Жұмысқа орналассақ деп едік... Реті келмеді. Қазақстанға барамыз ба? Білмеймін. Естуімше, жері кең, елі бай, халқы қонақжай дейді.


Сайлаубек бойын тартып қалды. "Жерінің кең, елінің бай екені рас. Халқының қонақжайлығы да көп жұртқа аян. Соны арқаланып, қазақтың меймандостығын жуастық пен момындық санайтындар да кездеседі. Көңілі жарасқанға аямай-ақ қоң етін кесіп беретін жомарт қазақ мынау екеуі сияқты қолын — шоқпар, көкірегін — зәрге айналдырып, онда сырғып, мұнда жылжып, бір жерге байыздап тұрақтай алмай жүргендерге де бауырмал құшағын айқара ашатыны белгілі. Ұр да жық мінез бірақ оңай арылар ма? Есіктен сүмірейіп кіріп алып, төр менікі деп ертең-ақ тайраңдап шыға келмес пе? Дәл мынау сирек кірпік жігіт олай жасамас-ау, ал ана жирен шашты, жауыз жанарлы Леха түзелмес. Түзелмес-ау! Колониядан шықпай жатып шатақ іздеп, кім көрінгенге әлден-ақ ұрынып жүрсе, бара-бара жанжалды сатып алмасына кім кепіл".


— Сібірде де жұмыс қолы қажет. Тұп-тура БАМ-ға барсаң, ертең-ақ дүрілдеп шыға келесің, — деп Сайлаубек сырғақтатты..


— Жо-жоқ! БАМ — мен үшін емес. Менің әнім басқа.


— Мән түзелсе, ән де түзеледі.


— Тоқта, дос, агитация қажет емес. Көмейіме дейін оған колонияда мелдектеп болғам әбден. Тұп-тура өңешімнен асып төгілейін деп тұр қазір. Балық екеш балық та тереңге сүңгиді, қарбытып бір-ақ асайды. Ал, мен — адаммын. Қаладағы Богдан да, селодағы Селифан да болмай, тентіреп жүре бергім келмейді. Сондықтан да Қазақстанға тартам.


— Неге?


— Қазақстанда үйді тез береді дейді. Маған алдымен пәтер керек. Содан кейін үйленем. Онда астық мол, мал көп екен. Ендеше етте, нан да жеткілікті. Тегіннен теріс айналатын моя губа не дура.


— Иә, ақымақ емес. Көрініп тұр?


Сайлаубек шөжіп қалды. Он жыл бойы сан орыстың босағасын жалдап жүріп, жалғыз бөлмелі секцияға қолы әзер жетіп еді. Сондайда қаладағы бірінен бірі әдемі, зәулім ғимараттар көздің жауын алып, сап түзеп қатарға қосылып жатқанда, бұған оңаша терезе де бұйырмай қойғанда, "жаңа пәтерлерді кімдер ала береді? Ең болмаса босаған біреуі де тимей ме?" деп үнсіз үміт аулайтын. Сол күйзелісі есіне түсті ме, ақырын күрсінді де басылды.


— Дұрыс... Ақыл екен...


Сирек кірпік иініндегі жыртық теннискасын шешіп алды. Бүктеп-бүктеп, қалтасына бұралап тықты.


— Кейін жамап алармын.


— Жамағанша не істейсің?


— Жүк түсірем... Жолаушыларға көмектесем...


— Атың кім? Ақыры жерлес болады екенбіз, танысып қоялық, — деп Сайлаубек өзін-өзі зорлағандай боп қол созды.


— А-а!? Сен Қазақстаннанбысың?! Қазақсың ғой! Мен — Ленямын. Леонид Ежовпын.


Күректей алақан шалқалап келіп Сайлаубектің салалы саусақтарын ырзалықпен көсіп алды.Сирек кірпіктер тез-тез қимылдап, көкшіл жанармен риясыз жымыңдады. Ұяң, ақ селеу майда шаштың арасынан көрінген қызыл күрең құйқасы термен жылтырады.


— Білесің бе, сенен мұны күтпеп едім... Пейіліңді айтам. Сонсоң... әлгінде маған неге болыстың?


— Леня, ақымақсың.


— Дегенмен... мен саған жұдырық жұмсадым ғой.


— Менің де жұдырығым қалтамда жатқан жоқ-тын. Кейде жұдырық та әділет үшін түйіледі.


— Түсіндім. Все-таки ты молодец, Сайлау. Енді кездесер болсақ, дәл бүгінгідей кездеспеспіз. Сен маған илан, Сайлау...


Ежов екі қолымен жер тіреп, орнынан тұрды. Шалбарға жұққан майлы топырақты, жас жапырақтың жасыл нілін сүртті. Саусағының ұшына түкіріп, қарнындағы тырнақ ізі айғыздаған күрең жолақты ысқылады. Кір мен шаңнан тазарған тілім-тілім жараға ұсақ бытырадай шашырап, мөлдіреген тамшылар тізілді. Леонид жауырынын құнжитып еңкейіп тұрды да, иығын қиқаң еткізді. Оң қолын сілкіп қалды.


— Кеттім. Сау бол, Сайлау.


Сайлаубек жайбарақат үнсіз қарап отырған. Кенет атып тұрды.


— Леня, тоқташы! Сен осы арада мені тос. Жарай ма?


— Неге? Тағы немене?


— Тос дедім ғой саған. Тез оралам.


Сайлаубек аэровокзалға қарай асыға адымдады. Табан жолда шашылып жатқан кебу жапырақты күтір-күтір уатқан платформалы туфли ашық алаңға шыққанда мақта басқандай дыбысын өшіріп, балқыған асфальтке магниттей жабысты.


Сайлаубек киоскілерді бір шеттен жағалады. Ақыры жұқа жейде сатып алды. Әлгіні сатушыға қағазға оратып, қолтығына қысты. Ботқа көжедей былбыраған жадағай алаңды тік кешіп өтіп, Леняны қалдырып кеткен жеріне қайтып келді.


Алыс-жұлыстың майданы болған үй орнындай жапырылған шөп, сынған бұтақ жатыр. Ежов ұшты-күйлі жоқ.


"Ех, сабазым-ақ екен! Сөзінде тұрмады-ау! Бес минутқа шыдаса, несі кетер еді".


Қайың діңіне арқасын сүйеп, иегін шошайтып аспанға қарады. Сәл-пәл шайқалған ағаш бастарының аржағынан көкшіл жанардай жәудіреген заңғар аспан бұлтсыз мөлдіреді. Леняның әлгібір ризалық танытқан көз қарасындай екен.


"Сайтан алсын. Нем бар еді?"


Қалтасына қол салды. Темекі қорабын саусақтарымен сипады? Шегі шұрылдады. Қылғына дауыстады.


— Леня! Ежов! Леонид! Қайдасың?


Ентіккендей танаудан шуылдата дем алып, аузымен ауаны лытқытты да, жез доғабас белдігін қатайтып буынды. Бір сілем артық майы жоқ жұп-жұқа қарны қабысып барып, кең жауырынды шалқақ кеудесін серпінді күшке толтырып, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған сидам денені жып-жинақы түзеп ала қойды .


— Леня!.. Мен келдім.


Есік пен төрдей жердегі шоғырланып өскен акацияның арасынан ақ селеу шаш көрінді. Сирек кірпік тынымсыз жыпылықтады. Жыпылықтады да, кінәлі күлімсіреді.


— А-а... Сайлау?! Қазір...


Бұта қайтадан сыбдырсыз қосылды да, қалтақтаған басты жұтып жіберді. Ар жағынан екеудің күбір-күбір таласы естілді. Сәлден кейін Леня жалғыз келді.


— Ал, немене? Енді қанша күтейін?


— Мә, мынаны ки! — Сайлаубек орамды жазып, жұқа жейдені ұсынды. — Киіп ал. Жалаңаш жүремісің.


Леонид екі қолын ербеңдетіп кейін шегінді. Күнұзынғы езудегі бір жоғалып, бір оралып тұрған жымысқы мысқыл күлкі сап тыйылды. Күрек тістің орнындағы қасқа кетігінен қытыққа тие жылт-жылт ететін сүйрік тілдің қызыл істігі де ғайып болды.


— Маған ба? Сен...сен, Сайлау, әдейі маған сатып әкелдің бе?


— Саған. Мына түріңмен елді үркітерсің.


— Чудеса-а! — Сығырая түскен жанар сәл енжар тартты да, алдындағы Сайлаубекті көктей өтіп, ешнәрсеге тұрақтамай мағынасыз ұшқындады. Леня заматта селқос күйден арылып, ілезде әлгі сауалды тағы қайталады.


— Маған ба?


— Саған дедім ғой. Қолым талды.


— Вот так оказия! — Ырзалықтан ба, әлде әлі де болса сейіле қоймаған сенімсіздіктен бе, күлгін от шашқан көздерін қысып қап, Леонид алақанымен алақанын құшырлана үйкелеп жіберді.


— Әкел! Рақмет.


— Көз — мөлшер, көңіл — таразы деген осы. Құйып қойғандай екен саған.


— Ә-ә. Иә! Өзіме өлшеп тіккендей.


Леня үстіндегі жейдені сипап қойды да, екі алақанымен төбесінде тікірейіп тұрған селеу шашын екі жаққа қисайта бастырды. Көңілдене күліп, қос бүйірін таянды.


— Қалай? Киноға түсуіме бола ма?


— Әбден. Әлгінде қайда жоғалып кеттің?


Леонид қипақтап күмілжіді. Көзін жасырып, теріс айналды. Сипақтап қалтасына қол сұқты. Умаждалған теннискасын суырып алып, жерге атып ұрды. Жақындап кеп ентіге сыбырлады.


— Шынымды айтайын ба?


— Мен сенің өтірігіңе зәру емеспін.


— Шынымды айтсам, қорықтым.


— Кімнен?


— Сенен! Сайлау, ну, сенен емес... Сен шухерды... милиционерді ертіп әкеле ме деп...


— Неге? Милицияда нем бар?


— Біз саған орынсыз тиістік. Төбелестік. Біз... сотталған... сот алдын көрген жанбыз. Төбелес үшін маңдайымыздан сипамайды... Ал, менің адам болғым келеді. Адамша өмір сүргім келеді.


Леонид Ежов түкірігін қылғына жұтты. Сарғыш қылды сирек қасының арасы қысқара қосылып, дүңкиіп көтерілген қабаққа алғаш рет ойлы кісінің салмақты бет ажары оралды.


"Жоқ. Шынын айтып тұр. Адам болғым келеді дейді. Ойланған екен. Осы тура жолынан таймаса ғой. Шіркін, кейінде кездесер ме еді. Тамаша азамат болғанын көрсем-ау! Ал мен ше? Осылай өзімді-өзім қажап өте берем бе?"


— Дұрыс, Леонид, мен саған сенем.


— Уәде бере алмаймын. Оған машығым жоқ. Ал, бір сөзбен айтқанда тырысам. Тырысып бағам.


— Маған уәдең қажет емес. Тырысам дедің — сол жетеді. Келістік қой.


— Келістік.


Ежов будақтаған темекі түтіні арасынан оң көзін сығырайтып қарап тұрды да, ашық-жарқын жымиды. Содан кейін екі аяғын кезек көтеріп-түсіріп, әлдебір ойнақы бидің добалдау өрнегін қайталады.


— Ех, ақырғы рет емін-еркін бір гөйттеу керек-ақ еді. Қол қысқа. Жарайды, жерлес болдық қой, әлі кездесерміз. Әкел қолыңды, Сайлау,- деп темекі тұқылын шертіп жіберіп, тағы да күректей алақанын қайқайтып әкеп, Сайлаубектің қаламнан үш саусағы әбден жауыр болған оң қолын құшырлана қысты. Кездескенше!


— Сау бол, Леня. Тілімді алсаң, Леха-Алексей серігіңнен аулақ жүр. Ол сені бір жарға ұрындырады. Тосып тұр ғой?


— Қайдан білдің? — деп Леонид қарсы сұрақ қойды.


— Білдім ғой. Қазір де ана жерде, бұтақ арасында өзіңді тосып отыр.


Леонид ысылдай дем алып, қуыстанған жанның дегбірі қаша қалатын бей-берекет әдетімен көзін тіктеп қарай алмай бір қызарып, бір сұрланып, саусақтарының буындарын сытыр-сытыр еткізді. Содан кейін селсоқ бұрылды да, шайқала басып төмен тұқырған күйі жүріп кетті.


Адам жадының өз тірлігі бар. Ол өзге ештеңеге елеңдемейді. Сайлаубектің есіне әлденеге хат жолдары түсті. "Кешіре алсаң, кешір мені... Мендегі естелік енді бәрін алмастырады..."


Қуырылған бидайдың күреңіткен дәніне ұқсас күрең мендей боп ақ балтыр қайыңның шұбар-ала ноқаттары жасыл жапырақ арасынан сығалай қарайды.


* * *


Мейманхана ауласындағы теп-тегіс етіп ұқыптап қырыққан жасыл газонның ортасындағы дөңгелек хауыздан сатылана тік көкке атқылаған әсем фонтан айналасына майда дым бүркеді. Көк түтіні мұнартқан шулы көшеден алыс жатқан осы шағын ғана көкорай мөлдір тамшымен шыланып, танауға жаңа шабылған балауса құрақтың таңсық исін жеткізіп, алыс ауылға деген іңкәр сағынышты оятып, жүректі бір бүлк еткізді. Сайлаубек шақырайған күн көзінен биік теректің саясын паналап, хауызды шалпылдата шомылып жатқан балаларға қызыға қарап қалыпты. Сүрдің майындай күреңіте жылтыраған күңқақты денелерін фонтанның астына тосып, дүниенің бар қызығын өздері ғана кешіп жатқан жалаңаш қауым өткен-кеткендерден онша қымсынар емес. Кейбіреулері судан ырғып шығып, хауыздың бу атқан мәрмәр шегеніне бауыры мен жауырынын төсеп, қыздырынып жата кетіседі.


Біреу дауыстады. Сайлаубек шошып оянған жандай тітіркеніп, жан-жағына қаранды. Ентелеп, қол бұлғап келе жатқан театрдың кезекші режиссеры екен.


— Немене? — Сайлаубек құлықсыз амандасты.


— Сені іздеп жүр.


— Кім? Мені қайтпек?


— Жазушылар одағынан. Инкомиссиядан. Сірә, сені дәуде болса, шетелдің бір сылқым келіншегімен таныстырмақ-ау. Әй-әй, Сайлаубек, байқа отызға келгенше үйленбей қойып едің, енді аяқ астынан тілмаш іздеп жүрмейік.


Сайлаубек жауап қатпастан қонақүйдің табалдырығынан ішке аттады. Кең вестибюльде жайшылықта сапырылысып жататын адам аяғы сирек екен. Бір өзі төрт-бес жігіт боп қабырғалардағы айналарда көбейіп қозғалған Сайлаубек асықпай лифтіге бұрылды, Әлдекім артынан сыбдырсыз келіп, иығына қол салды.


— Түстің бе уысыма.


— Сен бе едің, Андрей Петрович?


— Но-но, Сайлау, к чему официальности? Мен саған Андреймін. Тез кеттік!


— Қайда?


— Бара көресің. Іздетіп жатыр. Сен бүгін бізге өте қажетсің.


— Киім ауыстырайын.


Екі жігіт таксимен зырғытып Воровский көшесіндегі Жазушылар одағының үйіне келгенде, әңгіме-сұхбат басталып кеткен екен. Бұлар бір шеттен елеусіз жайғасты.


Ұзын столдың қарсы бетінде, төрге қарай орналасқан екеуден басқаны Сайлаубек тегіс таниды. Көбісі осы Жазушылар одағының адамдары, шетел комиссиясының мүшелері, жазушылар, ақындар.


Шағын пресс-конференцияны басқарып өткізіп отырған шетелдің комиссия төрағасының орынбасары бір кезде қонақтарға Сайлаубекті таныстырып, әлгі екеудің Америкадан келген жазушылар екенін қысқаша айтып өтті.


Ұзын саусақтарымен апельсиннің қызғылт сары қабығын аса бір ыждағаттылықпен аршып отырған орта жастағы адам қуқыл жүзіндегі ойнақы шегір көзін Сайлаубекке бір төңкеріп қарап қойды да, қасындағы серігіне бұрыла түсіп, өз тілінде әлденені күбір-күбір түсіндіріп ала жөнелді.


Пресс-конференция, жиналыс, сұрақ-жауап, дискуссия дейтіндерге бұрыннан да мүлдем зауықсыз Сайлаубек "осы араға бекер келген екем" деп әлден-ақ сүле-соқтанып, шаршаңқы реңкпен төмен тұқырды. Азанда ұрттаған бір шыны қара кофеден басқа тамағынан жарты дән өтпегенге шегі шұрылдап, айналасына аттандап әлек сала бастады. Соны біреу-міреу естіп қоймады ма деп ұяла қысылғанда, кең маңдайға шып-шып тер шықты. Үнемі күлімдеп тұратын жайдары мінезді Андреймен де іштей ұстасты. "Осы-ақ елден ерекше елпілдейді де жүреді. Менің мұнда қанша қажетім бар? Келмеуім керек еді. Көңіл қалдырмайын дейсің де, осылай ұрынып қалып жүресің".


— Ендігі сұрағымызды қазақстандық жазушыға қойғымыз келеді дейді. Сіз қарсы емеспісіз? — деп жалақтаған тілмаш Сайлаубекке бұрылды.


Сайлаубек аяқ астынан абдырап Андрей Петровичке жаутаңдай қарады.


— Маған ба? Оның қажеті қанша? Осында отырған бәріміз де бір творчествалық одақтың мүшесіміз? Бәріміз де Советтік Отанның азаматымыз. Әңгіме ортақ болсын. Бөліп-жаратын несі бар.


Американдық жазушылар күбірлесе қалып тілмашпен біраз сөйлесті.


— Оныңыз дұрыс дейді. Бөліп, бөлектеп отырған жоқ. Білгісі, түсінгісі, өз аузыңыздан естігісі келетін біраз жайлары бар екен. Мәселен, американдық іскерлік, шыдамсыздық, әуесқойлық сіздердің далаңызда қалай қабылданады, — дейді.


Сайлаубек аз-кем ойланып қалды. Дәл бұлай жауаптасам деп күтпеп еді. Оқыста сасып қалғаны рас. Андрей Петрович стол астынан тізесінен жайлап қысып қойды. Сайлаубек басын изеді.


— Іскерлік пен әуесқойлықты әркімнің қабылдауы әртүрлі ғой. Даламыздың кеңдігі біздің халықты әрбір істің тиянақты, түпкілікті әрі пайдалы болып жасалуына әбден дағдыландырған. Іскерлік деп желбуаз даңғойлықты құтыртып ала жөнелмейміз. Ал, әуесқойлықтың әрқилы төркіні бар. Жаныңды, рухыңды, тыныс-тірлігіңді достық көңілмен түсінуге тырысатын шынайы талпынысты әуесқойлықтың анасына балаймыз. Киоскідегі газетке, аялдамадағы автобус тосып кезекке тұрып қалған жұртты көріп, қырық құбылтатын шыдамсыз шапшаңдықты меніңше, әуесқойлық демесе керек.


— Өзіңіз қай тілде жазасыз?


— Ана тілімде.


— Орысшаға аударылдыңыз ба?


— Үміттеніп жүрмін.


— Сіздерде ұлт тілін ысырып тастап, орыс тілінде жазатын жазушылар көп деп естідім. Өз тіліне өгейлік еткенде сонда өрісі кеңейе ме екен?


— Иә, бізде орыс тілінде жазатын жазушылар да кездеседі. Бірақ ол — өз ана тілін, өз ұлттық дәстүрін мансұқ еткендіктен емес. Халқымыздың қымыз деген шипалы сусыны бар. Сол қымызды бокалға құйып іш, кесеге құйып іш, тостағанға құйып іш, — бәрібір мейір қандырып, дәмі тіл үйіреді. Мәселе сыртқы ыдысында емес, ішкі мәнінде. Қай тілде жазбасын, жазушыларымыз алдымен туған топырақтың қасиетін перзенттік жүрекпен исініп, сезініп барып қалам ұстайды.


Өгей тіл болмайды. Тілге өгей ұл болады. Қазақ тілі Советтер Одағындағы қай тілмен болса да терезесі тең. Біздің әдебиетіміздің классигі — Мұхтар Әуезов қазақ тілінде жазып-ақ, бүкіл әлемнің кез келген үйінен, төрінен орын алған жазушы. Ал, оны сол биікке көтерген, ең алдымен, ана тілі, содан кейін орыс тілі. Орысша аудармалары арқылы жүректен жүрекке жол тауып, ел мен елді емін-еркін аралап кетті. Өрісі кеңейген өнер осы емес пе.


— Қазақстан одақтас республикалар ішінде Россиядан кейін жерінің кеңдігі жөнінен екінші орын алады дейді. Естуімше, қазақ халқы алты миллион ғана екен.


Территорияңыздағы соншама мол байлықты игеруге шамаларыңыз жете ме?


— "Жер байлығы — ел байлығы" деген тамаша мақалымыз бар. Еліміз жүз ұлттан астам совет халқынан құралған. Ал біздің халықтың екі жүз жетпіс миллионнан асып бара жатқанын Сізге ескерте кетейін. Көп жұмылса, тау қопарады, теңіз орнатады.


— Жоқ. Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз. Бұлақ суы тұзды көлге құйғанда дәмі кермек татып, кәусарынан айрылып қалмай ма? Сол жағын ойландыңыз ба?


— Иә, ойландым. Жеке буланған бұлақтан толқын атқан телегей шалқардың қуаты да күшті, арыны да зор, түбі деген терең дегім-ақ бар. Бірақ... бұлақтың жөні бөлек-ақ. Бізде адам мен адам дос, туыс, бауыр деген қағида үстем. Ат-түйесін жегіп алған қазақ жиырмасыншы жылдардың аяғында Магнитканы орыстармен қойындасып салысқан. Отызыншы жылдардың Балқашы мен Қоңыратын тұрғызған. Қырқыншы жылдардың ұлы жеңісін орыс, украин, белорус, грузин, өзбектермен бірге әкелген. Елуінші жылдардың даламыздағы тың жерлерін барлық халықтың жас ұландарын құшақ жая қарсы ала отырып, бірге көрген. Бұл да сол кәусар бұлақтың айбынды шалқарға айналуының жемісі мен куәсі деуге де болар...


— Сіздердің көптеген жер-су, қала-тау аттары бұрынғы ұлттық атау-есімін жоғалтып, орыс баламаларымен айтылатын көрінеді. Топонимика - халық тарихының бұлжымас бір бөлшегі емес пе. Жаңадан ат қойғыш американдықтар да жергілікті тайпалардың топонимикасын сақтап қалды ғой.


— Дұрыс айтасыз. Топонимика — халықтың ғасырлар бойы өмір тәжірибесінде сыналып барып, өз атау-атына лайық қойылған шежіресі іспетті. Кентау, Жезқазған, Теміртау, Мұңайлы, Жезді — өз мағынасын дұрыс ақтаған атаулар. Осы топонимикалар ерте ғасырдың өзінде-ақ көшпелі деп жүрген қазақ халқының тек қана мал бағып қана қоймай, отырықшы, орнықты ел боп, кен іздеген, металл өңдеген ордалы мемлекет болғанын да айғақтайды. Сондықтан да туған тілдің татымды дәмімен таңдай үйіретін төл есімдердің Павлодар, Семипалатинск болмай, бұлжымай қалуын, мәңгі өзгермей сақталуын мен де жан-тәніммен қалар едім.


— Ұлттық колорит сіздердің шығармаларыңызда сақтала ма? Себебі, сіз жаңа социалистік құрылыс — бүкіл халыққа ортақ іс деп айтып кеттіңіз. Ендеше, сіздердің кітаптарыңызда өр ұлттың өкілі топ-топ боп жүруі керек қой.. Ондай кезде ұлттық колориттен айрылып қалу оңай емес пе?


— Жазушы — ең алдымен интеллектуал. Ол қоғамдық құбылысты өз таным-білігімен, өз көзқарасымен, іштей түлеуімен, жаңғыруымен сезінеді.


Әртүрлі әлеуметтік қарым-қатынасты түсіну үшін ол өмір ақиқатын жүрек қанының ыстық лүпілімен тексеріп отырады. Сондықтан да ана сүтімен қанға сіңген өнегелі қасиет қаламгердің ой-жүйесінен ешқашан да тысқары қалмайды. Негізі — гуманизмнен өсіп-өрбитін мәдениет әрбір ұлттың әсем өнерінің сан қырлы үлгілі тұстарын өз игілігіне айналдыруға мол мүмкіндік туғызады. Ендеше, ұлттық колорит одан сайын өркендей түседі ғой.


— Әдебиеттің партиялылығы мен халықтығы деген принципке қалай қарайсыз? Өйткені творчество — сырттан келер нұсқау, жоспар, жобаға бағына бермейтін жазушының өзіне де қиқарлық көрсетіп, бұлқынып қалып отыратын басасау тірлік қой.


— Әлбетте, жоспармен, заказбен шынайы туынды жазылмақ емес. Әр жазушы нені жазам, қалай жазам десе де ерікті. Оған тыйым салынған кезеңді естіген емеспін. Иә, біз, совет жазушылары, әдебиеттің — партиялылығы мен халықтығы деген принципті берік тұтынамыз. Өйткені бізде халықпен партия — біртұтас деген ұғым қалыптасқан. Партия үндеуімен өз ойым үйлесіп жатса, маған басқаша жазудың қанша қажеті бар. Әдетте, мақсат бірлігі — ғаламат күш. Оны түсінбейтіндерді мен де түсінбеймін.


— Адам бойындағы мінез-құлық, әдет-ғұрыптың тұрақтылығына қалай қарайсыз? Енжарлықты түзеуге, шарасызды ширатуға әдебиеттің әсері тиеді деп сенесіз бе?


— Адам организмінің ерекше қасиеті деп мен оның тірлік ету үшін өзіне қажетті жағдайды туғызуға барынша ұмтылуын айтар едім. Адам әрқашанда тиімсіз, ыңғайсыз, қажетсіз нәрселерден аулақтанғыш болады. Ал осы жеріну, қабылдамау уақыты, іштей болса да қарсылық білдіру әрекеті бойы үйренгенше ғана. Дағдыланды дегенше, еті өліп, елгезектігін жоғалтып, бейжай тартып сала береді. Мәселен, жер сілкіну қаупі күшті екенін біле тұра сол маңайдағы жергілікті тұрғындар атамекенін тастап басқа жаққа көшіп кете ме? Немесе, соғыс апатының қасіретін қаншама тартқанымен содан үзілді-кесілді бас тартты ма? Оны айтасыз, мына қолымдағы бір тал темекінің денсаулыққа өте зиянды екенін біліп отырсам да, мен осыны тастай алам ба?


Адам бойындағы мінез-құлықты өзгертуге болмайды екен деп қалмаңыз бірақ. Өзгереді. Өзгертуге әбден болады. Оған әдебиеттің етер әсері күшті. Мысалы мен сіздердің американдық жазушы Говард Фасттан келтірейін. Сіз сол өздеріңіздің жазушыңыздың "Сайлас Тимбермен" деген романын оқыған боларсыз. Алғаш бейтарап жүрген қарапайым оқытушы Тимбермен атом қаруын қолданудың әлемдегі барлық адамзатты қандай апатқа ұшырататынын сезгенде, осы қаруды қолданбауды уағыздап, үлкен адамгершілік жүрек танытпай ма? Ендеше, адам мінезінің өзгеруі әбден мүмкін. Ал, осы романды оқыған әрбір американдықтың ақыл-санасына құйылып шуақ түспегеніне мен сенбеймін.


— Сонда адам мінезі құбылғыш болғаны ма?


— Сіз мінез бен сенімді шатастырып отырған жоқсыз ба?


— Жоқ.


— "Адамзат табиғат заңына қарсылық жасамаса, табиғат адамға қарсы келмейді", — деген Герцен. Адам мінезінің өзгеруі өзін қоршаған ортаның әсеріне тікелей байланысты.


— Ал сенімі ше?


— Тағы да цитатаға жүгінейін. "Сенімім қантамырымның бүлкілімен селкілдейтін болса, онда қайғының қара бұлты төнсін үстімнен" деген Шиллер.


Американ жазушысы ерніне тақай берген коньяк толы кішірек рюмканы алдына қоя салды. Көзін сығырайтып Сайлаубекке ұзақ үңілді. Содан кейін серігімен сыбырласа сөйлесіп кетті де, қайтадан бері қарай бүкіл денесімен еңсеріле бұрылды.


— Сіздер өз шығармаларыңызды жазып бітірісімен қалаған уақыттарыңызда қолжазбаларыңызды жеке кітап етіп шығара аласыздар ма? Менің бұны сұрап отырған себебім, социалистік қоғам жоспарсыз қимылдамайды ғой. Ал егер жылдар бұрын алдын ала жоспарланған тізімге дер кезінде шығармаңыз кіре алмай қалса, не істейсіздер? Қолма-қол шартқа отыра қоятын жекеменшік баспа да жоқ.


— Әлбетте социалистік құрылыстың негізі — жоспарлау екені рас. Шаруашылықтың сала-салаларында үлкен жеңістерге жетіп жатқанымыз соның арқасы. Әдеби шығарма да кітап болып, түрлі-түрлі баспалардың тақырыптық жоспарына кіреді. Шынын айту керек, кейде бірер жыл қолжазбалардың кезек күтіп, жатып қалатыны әрине қынжылтады. Бірақ ешқашанда жарық көрмей қалған емес. Осы арада сіздерге ерекше атап кеткім келері: біздің одақтас республикаларда ұлт тіліндегі туындылардың аса көп данамен шығарылатыны. Бұның өзі өскелең елдің - өміршең қасиеті болар?


— Совет жазушыларының материалдық, моральдық ынталандырылуын айта кетсеңіз екен.


— Қазақта: "Еңбек түбі — зейнет" деген мақал бар. Еңбек төлемі еленбей қалған емес. Сақа жазушыларды атамай-ақ өз қатарымды-ақ алсам, жеке меншігінде жеңіл машинасы жоқтары бірен-саран.


— Жо-жоқ! Менің білгім келгені басқа. Мәселен, сіздерде қарапайым колхозшы, шопан, диқан, комбайнер, немесе спортшы яки сылақшы, кейде судент де орден, медальдар алып, парламент мүшелігіне сайланып жатады екен. Жазушылар арасында да осындай беделге ие болғандар көп пе?


— Иә. Бір жазушымыз Социалистік Еңбек Ері. Көбі депутат, Ленин, Октябрь революциясы, "Халықтар достығы" ордендерінің кавалері атанған қаламгерлеріміз де жеткілікті.


— Өзіңізде ше?


— Әзірше жоқ.


— Құрбыларыңызда бар ғой.


— Болатынына сенем.


— Нешедесіз?


— Отыз екідемін. Оны неге сұрадыңыз?


— Наградасы бар ең жас әріптесіңіз қаншада?


— Қырықта.


— Сонда қырыққа дейін жазушының бүкіл еңбегі сылақшының жұмысынан төмен болғаны ма?


— Халыққа жасаған қызмет награда тілемесе керек. Әр қаламгер өз дүниесін таразының табағына тастап жіберіп, қампайған көлемі мен салмағына қарап емес, оқырман қауымның назарымен пайымдайды. Қабылдаса — қуанады. Құштарлықпен жаңа шығармасына кіріседі. Оған одан артық құрмет қажет емес. Өзі жазған кітаптарын келешек буын рақаттана оқып шығып, жазушының ұзақ түндерде ой терген тынымсыз харакетінен ләззат алса, шын қаламгерге басқа бақыттың түрін көрсете аласыз ба? Жазып отырғанда қуаныш әкелмеген шығарма авторына қандай наградамен де сүйіспеншілік туғыза алмайды. Талант сыйлаған табиғатқа деген алғысты сезінуден үлкен құдірет жоқ. Оны жоғалтқан сәтінде бәрінен де айрыласың.


Американ жазушысы темекісінің түтінін сақиналандыра ытқытты да, басын оң иығына еңкейте төсеп, көздерін бақырайта қадалды. Сол түрі: "Ендігі сұрарым басқаша!" дейтін сыңайдан көрініс бергендей. Сайлаубек әлгі пішінді кірпігін қақпай қарсы күтіп алды. Дәл қазір әлденеге арқасы қозғандай, өзі де сұрақ-жауап қақтығысын тілене іздеп отыр.


— Мистер Маратбеков, сіз "бүкіл адамзаттық рухани байлық және әдебиет" дейтін тақырыпты қалай түсінесіз? Халықаралық шиеленісті бәсеңдетуге қаламгердің септігі тие ала ма?


Сайлаубек басын тез-тез изеді.


— Әдебиет, шын мәнісіндегі көркем әдебиет, меніңше, бүкіл адамзаттың рухани байлығы екені ақиқат қой. Қос граф Толстойлардың, Достоевскийдің, Тургеневтің, Чеховтың, Шолоховтың, Фадеевтың, Маяковскийдің, Есениннің, Әуезовтің, Мүсіреповтың, Вознесенскийлердің шығармаларын әлем оқырмандары өз игілігіне айналдырды. Оларды сіздің халық та сүйіп оқиды. Сондай-ақ Марк Твеннің, Драйзердің, Брэдбери, Э. Олби, Э. Доктороу, Хемингуэй, Г.Солсбери, Ф. Грейлердің кітаптары совет жұртшылығының асыл қазынасына айналып кетті. Рухани байлықтың өрісіне тосқауыл болар шекара көрдіңіз бе? Адамзат тарихында әр елдің өз топырағында өсірген мәуесі басқа жерге ұрық шашпағанын естігеніңіз бар ма? Ендеше шынайы әдебиет өнердің бірегей түрі ретінде бүкіл адамзаттық рухани байлықтың ортақ қазынасы. Ортақ бастауы. Ортақ нәрі.


Енді екінші сұрағыңыздың жауабына көшейін. Алдымен құрметті мистер, кешіріңіз, аты-жөніңізді білмеймін, біздің бүгінгі мына кездесуіміздің өзі біраз нәрсенің басын ашып бермей ме? Ертеректе дәл осындай американ-совет жазушыларының сұхбаттасуы өтуші ма еді. Егер бір-бірімізді жүзбе-жүз көріп, пікір-кеңес алысуға мүмкіншілік тапсақ, онда ол халықаралық шиеленісті азайтудың әрекетіне саймай ма? Әрине, соңғы екі-үш жылдың мөлшеріндегі совет-американ қатынастарының аса ширыққан кезеңін сіздер де білесіздер. Қырғиқабақ соғысты қайта жандандырғанда адамзаттың ұтыс емес ұтылысқа душар боларын сіздер түсінбейді деп отырған жоқпын. Алайда жаппай қаруланудың жаңа түріне білек түріне кіріскен жағдайда әлемге соғыс қаупінің төнгенін тағы айтпай кетуге біздің әддіміз жоқ.


Әлбетте Совет Одағының Құрама Штаттарымен қарым-қатынасын ушықтыруға ешқашанда ұмтылмағанын және ұмтылмайтынын да мен сізге дәлелдеп жатпаймын. Ол дәлелдеуді қажет те етпейді. Бірақ кейбір америкалық топтардың Совет Одағына қарсы бойкот ұйымдастыруға әбден болады деп көпсіне көкірек қаққан амбициясын естеріңізге сала кетуді жөн көрем. Сондықтан да біздің совет жазушылары, сіздердің де бірнеше қаламгерлер СССР мен АҚШ арасындағы әрекетті диалогтың аса қажет екенін бүгінде актуальды мәселеге айналдырды. Ол диалогта әлем тағдыры үшін жауапкершілік, жер жүзіндегі қауіпсіздік, жаппай қаруландыруды тоқтату және бейбітшілікті сақтау тәрізді бүкіладамзаттық рухани қажеттер күн тәртібіне қойылуы тиіс. Сонда ғана біздерде, сіздер де творчествоға керекті жағдайды түгел алып, рухани қазынаны одан әрі толықтыра түсеміз.


Сайлаубек сәл кідірді де, оппонентіне назар тікті. Анау болса, сол оң жағына қисайған күйі бар зейінін беріп қыбырсыз отыр екен, аппақ қылды кірпіктерін жыбырлата қанағаттанған пейіл білдіріп, тілмаштың қыбырлаған ернінен қаймыжықтай жұқа құлағын бұрып әкетті. Екі саусақтың арасындағы сигареттің ұшындағы қос еліге жуық сұрғылт күлін сілкіп қап күлсалғышқа ытқытып жіберіп, ілгері лықсыды.


— Ғафу етіңіз, мистер Маратбеков, сізге тағы бір сауал бермекпін.


— Айтыңыз, өтінем, — деп Сайлаубек аузына апара берген кофесін столға қайта қойды. Бұрылып Андрей Петровичке қарашығын төндірді. "Дұрыс! Осы қарқыныңнан жазба!" деген қоштауын көзімен де, қимылымен де танытқан досы тізесінен қысып-қысып қойды.


— Айтыңызшы, сіздер "жаппай мәдениет" дегенге қалай қарайсыз. Өйткені, қандай қоғамда болмасын, әлеуметтік топтардың таным, білігі бірдей емес қой. Қарапайым аулашы мен профессордың ой-парасаты арасындағы алшақтық мәдениетті біркелкі қабылдауға мүмкіндік бермейтінін ойладыңыз ба?


— Әрине. Бізде совет азаматына орта білім беру Конститутциямызда жазылған. Сауатсыздық, керек десеңіз, елімізде отызыншы жылдарда-ақ жойылған болатын. Содан да болар аулашымыз бен академигіміз бірін-бірі жақсы түсінеді. "Жаппай мәдениет" — деп рухани нәрі жоқ, өмірлік проблемалардан ажыратып әктететін ойсыз, әлсіз күлдібадам дайындалатын стандарт продукциялардан аулақпыз. Өйткені махабатты өшпенділікке, турашылдықты — сатқындыққа, ізгілікті — зинақорлыққа, зинақорлықты — ізгілікке, ақылды — ақымақтыққа, ақымақтықты — абыройға айналдыратын әлеуметтік сенім мен моральдік көзқарас біздерге жат. Бұл арада, кешіріңіз, мен тағы да сіздің америкалық жазушы Сол Беллоудың сөзіне жүгінейін: "Өнер жүйесіздіктен тәртіпке қарай ұмтылу арқылы өркендейді. Бірақ өкінішке қарай, біздің көптеген америкалық жазушылар, керісінше бағытта әрекеттенеді. Олар наркотиктерді пайдалануды уағыздайды. Тағылық пен жабайылықты дәріптеп, технократиялық қоғамның арасына тұрпайы мәдениетті сіңдіріп барады", деп жазған. Бірақ, мен сіздердің, демократиялық, прогресшіл көзқарастағы жазушыларыңыздың өте жоғары көркемдік шығармаларын да жақсы білем. Соларға сенем. Зорлық-зомбылық пен қастандықты бірінші орынға қойған өнер мен әдебиеттің өрісі тар, өресі қысқа. Ондай "жаппай мәдениет" буржуазиялық қоғамның стереотипы іспеттес.


Америка жазушысы басын қайта-қайта шұлғып, алдындағы коньяк құтысын көтеріп, Сайлаубектің рюмкасына қарай еңсеріле созылды. Қызыл күрең шарапты сыздықтата құйып, қимылымен "көтеріп, қойыңыз" деген тілек білдірді. Өзі де ыдысына ернін тигізіп, тамсанып алып, тілмашқа ентеледі.


— Жақсы айттыңыз. Әр қаламгердің борышы — мінез-құлықтағы тазалықты сақтау, аса жоғары көркемдік деңгейге жету үшін күресу ғой. Рас, электрондық ғасырдың балалары көгілдір экранның алдынан шықпай кісі өлімі, талау-тонау, атыс-шабыс, қинау-дүрелеу, төбелес, маскүнемдік тәрізді шарт-шұрт айғайға елігіп бара жатқан кезде жазушының миссиясы тіпті жауапкершілігін күшейтсе керек. Кино мен телевидениямыздың адам санасындағы ізгілік пен қайырымдылықты аяусыз қиратып бара жатқан агрессорлық импульсін өзіміз де жақсы білеміз. "Жаппай мәдениеттің" мәдениетке ұқсамайтынын , ұғынудамыз. Амал нешік... — сөзін жұтып қалып, алақандарын жайды. Төрдегі мәжілісті басқарып отырған шетел комиссиясы председателінің орынбасарына басын иді. — Сіздерге көп рақмет. Мистер Маратбековке сұрақтарыма жан-жақты әрі толық жауап бергені үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз.


Бөлмеден шыққан жұрт төмендегі сатымен ЦДЛ-ға қарай бет алғанда, фойэде тұрып қалған Сайлаубекке Андрей Петрович жалтақтай жақындады.


— Ну, Сайлау, бізбен жүремісің?


— Қайда?


— Аздаған банкетіміз бар еді, — деп күбірлеп қалып, жүзін бұрып әкетті. — Біздің кей жігіттер қызық қой. Атап-атап шақырды. Сені... ұмытып кетті ме, атаған жоқ.


— Рақмет, Андрей Петрович. Қонақүйіме жетейін.


— Әй, ресмилікті қойсаңшы. Мен саған қай кезде де Андреймін. Біліп қой. Жүрсеңші. Бір адам көптік етпес.


Сайлаубек самарқау ғана қолын ұсынды да, бұрылып сыртқы есікке беттеді. Андрей Петрович одан әрі өтінген жоқ, міндетінен құтылғандай бір күрсініп алып, домалаңдай жөнелді.


"Иә, қызық халықпыз. Үлкен әрекеттерде өте батылмыз да, ұсақ-түйекке келгенде кібіртіктей береміз. Апырау, ренжіп қалғам ба? Банкетіне шақырмады деп, жас балаша торсаңдағаныма жол болсын. Қарнымның ашқаны рас. Дастарқандарында бірге отырып, әлгіндегі рухани жақындықты жалғастырғым келетінін іштей қалап тұрғаным да өтірік емес. Бірақ әлдебіреудің сараң қаламы шимайлаған тізімге енбей қалғанға несіне бүлінем? Творчествомдағы орнымды сызып тастамаса болғаны".


Көк таксиді көлденеңдетіп қонақүйдің есігінің алдына тоқтатқанда, фонтан жақтан бас режиссер досы дауыстап қалып, қолын бұлғады.


— Сайлаубек, мойын бұршы.


— Асығып тұрмын. Нансаң, таң атқалы нәр сызғам жоқ әлі. Жүр, екеуміз оңаша бір тойлайық.


— Сенің тойың бітпейді екен.


Сайлаубек режиссердың даусынан қатқылдық сезді.


— Саған не болған? Шабыңнан түрткендей ғой.


— Жә! Кекетпе! Мен ондайың емеспін.


— Оу, не болып қалды? Жөніңді білдірші.


— Сен не істеп жүрсің осы? Сенде азаматтық қасиет бар ма? — деп режиссер бетпе-бет келді.


— Не? Немене? Дұрыстап айтшы. Түк ұқпай тұрмын, — деп Сайлаубек аң-таң.


— Әрине, түк ұқпайсың. Әйімгүл қайда?


— Алматыға ұшып кеткен.


— Неге кетеді ол? Труппадан неге бөлінеді ол?


— Білмедім.


— Білесің. Сен бәрін білесің! Оны аздырған — сен! Коллективке бүлік әкелдің. Аморальдық іс жасадың. Ертең ана жақта күбір-сыбыр тарап, труппаның жұмысын тыңдағанда соққының үлкені маған тиеді. Естіп тұрмысың. Сенген қойым сен болсаң... Сені де дос дейді-ау. Алматыда уақыт жетпегендей. Ау, жігітшілігің ұстап бара жатса, осы қалада да қыз жеткілікті еді ғой. Әлде менің беделім саған ойыншық па еді. Әдейі аңдып кеп соққан сойылың ба еді. Анау труппадағы бүкіл қыз-келіншек біткен әлден-ақ шуылдап, екеуіңді әр саққа құбылтып отыр. Айтпады деме, бұның аяғы насырға шабады. Әйтеуір дәтке қуат, Әйімгүлдің басы бос. Күйеуі болғанда қандай дауға душар болар едік.


— Болдың ба?


— Ә-ә? Не?


— Болдың ба? Енді көп басымды ауыртпа. Әйімгүлде жұмысың болмасын. Бәріне өзім ғана жауап берем, — деп Сайлаубек бұрылып, жүріп кетті.


ҚЫС. МАРАТБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен.


Адам қисығы түзелмес, ағаш қисығы түзелер. Ол оңай, Сайлаужан. Қозға балқытып, тезге салсаң — бітіп жатыр. Ал, адам... Баяғыда деймін, отызыншы жыл да баяғы боп барады-ау, Қисықтың Әлімі болған. Нағыз қисықтың өзі еді... Марқұмды босқа жамандап қайтейін. Әй, ит еді-ау!... Аттан түссе, тақтан ұшқандай көретін. Ауыл ортасында үзеңгіге шіреніп алып, талайдың жонынан таспа тіліп еді. Қарсы келгенді "құлақ" деп ауыз аштырмайтын. Ол заманда киіз сөмкелі белсендіден мықты жоқ. Сонда деймін, әлгіге ешкім бата алмаушы еді. Біздің үйдің қызыл қасқа сынық мүйіз сиырын салыққа деп бір алды айдатып. Күзге қарай сыңар емшек ешкімізді етке деп және өткіздірді. Сонымен мал біткеннен тақа тыйылдық. Қамшысын үйіріп тағы келгенде, әкем (байғұс момын еді) қара қаншықты қарғы бауынан жетектеп апарып, алдына көлденең тосты. Сонда деймін, Қисықтың Әлімі әйт-үйт жоқ, қамшымен салды кетті, салды кетті. Әкемнің самайынан аққан қан сауылдап мойнына құйылды. Сонда деймін, қара қаншық арс етіп, тұра атылсын. Ат үстінен жұлып алып Әлімді талады-ай кеп! Көрші-қолаңнан бір адам арашаламады-ау. Ит те болса әлгіге қарсы шығар жан иесі табылғанға қыбымыз әбден қанды.


Сол Әлім өзінің немере ағасын құлақ деп жер аудартқан. Кейін естідік, тоқал жеңгесін алып қалып, аяқ салыпты.


Кейін жер аударылып, әке-шеше, іні-сіңлілерімнен отыз екінің аштығында түгел айрылып бірер жылдан соң қайта оралдым... Ол кездің несін айтайын... Бәрі өтті, ұмытылады...


Сонда деймін, анау ақсақ мұғалімді алғаш рет көріп ем... Қол-аяғы балғадай, дені-басы сау, иненің көзінен өткен қылшылдаған дер шағы. Ақсақ болғаны кешегі соғыстың зардабы ғой. Ал, ол кезде жалын еді-ау! Жалын болатын! Қиық мұрты, шалқайта қайырған қою қара шашы өзін біртүрлі айбынды да алапат етіп көрсететін. Даусы қандай! Колхоз жиналысын өткізіп тұрып: "Барлық байлық сенікі! Мал да, жер де ортақ. Тұрмыстың кілті өз қолыңда, еңбекші қауым!" дегенде, құдай-ау, әрқайсысымыз өзімізге айтқандай сезініп, алақанымызды кілт жатқандай үңіле қарайтынбыз! Сендіре білуші еді-ау...


Өзі анау Әліммен мықтап ұстасты. Ақыры, Әлім қатты кетті. Банды дей ме, қарақшы дей ме, біреулерді жиып келіп, астық қоймаға өрт қойғызыпты. Оны өзі мұғалімге жапқан ғой. Ақсақ мұғалімді (ол кезде ақсақ та, мұғалім де емес қой) аңдып жүріп екі рет атты. Байғұс екеуінде де ажалдан аман қалды. Аққа құдай жақ.... Содан бірер жыл азаматтың басы жұмысты болып, ақыры не керек, соғыстан бір-ақ шығыпты. Мұғалімнің соңынан Әлімнің құйыршықтары мықтап түсті ғой.


Сонда деймін, мұғалімге жаны ашымаған бір адам болмады. Анаған да айтамыз, мынаған да айтамыз. Адалдығына ант беруге бармыз. Бірақ Әлімдер күшті еді. Кім білсін, бейбаққа қайырымыз тиген де шығар...


* * *


Ұйқылы-ояу, шала-шарпы өң мен түстің арасы жұмсақ толқындай ақырын сырғып, қақпақылдап әкетіп барады. Өліара сәтке күнің мен түнің бір. Құлақ тұндырар шуылы, көз қарықтырар әлем-жәлемі жоқ буалдыр тыныштық Маратбектің қол-аяғын құрсаулай бөлеп, үнсіз әлдилейді.


Жалғыз ермек — терезе. Әрқайсысы ашылған кітаптың аумағындай алты қиықтан майда себелеп, қыс күнінің ұяң шуағы төгіледі де, артынша-ақ бұлт бүркене ме, бозамықтанып сейіліп кетеді. Елең-алаң шақтағы сібірлеген таңның алғашқы қызғылт сәулесін Маратбек бұрын төрдегі темір кереуеттің жалт-жұлт жылтыраған ақ никель тобыршықтарында ұшыратушы еді.


Енді қайда, қарыс сүйем оң жаққа аунап кетіпті — сірә түн ұзарған-ау!


Шәуілдеп ит үрді. Шабаланып одан сайын үдеді де, бір сәт қаңсылап барып, қалт тыйылды. Маратбек ыңыранып қойды. "Ақтөсті біреу ұрды-ау!"


Сөйткенше ауыз үйдің ойбайлауық сыртқы есігі ашылып, дүниені түгел көшіргендей дабдырлай сөйлеген еркектің даусы естілді.


Әйкіжанның қонақты құрақ ұша, жалпылдай қарсы алып жатқаны сезілді.


— Жоғары шығыңыз. Көрпе салайын.


— Әуре болма, Әйкіжан. Маратбектің көңілін сұрап шығайын деп ем. Тізе бүгуге уақытым жоқ. Асығыспын. Соғымды әкелуге асығыс кетіп бара жатқан бетім. Жолдан кіріп шығайын деп. Қайда өзі? Төргі үйде ме? Шалыңды көрсеткің келмейді-ау, ә.


Самбырлаған қырылдақ дауысты Маратбек айнытпай танып еді, алаңдап үнемі адам күтіп жататын беймаза көңілі жүдеп қалды. Қайткенде де анау ауыз үйдегі дабдырлақ жанның жүзін дәл қазір көргісі келмейтін тәрізді. Көрпемен бетін бүркеніп, ыңқыл арасынан зорлағандай етіп қорыл белгісін білдіріп, жалма-жан ұйықтаған сыңай танытты.


Есіктен Әйкіжан бас сұғып қарап кетті.


— Көз шырымын жаңа алды-ау дейім. Оятқым келмей тұр. Түнімен ұйықтай алмай аунақшып шығып еді.


— Пай-пай, Әйкіжан! Баяғы қызғыш мінезің қалмапты-ау, әлі. Қой, қой-ақ қой. Жаман қатын жақтырмайды екен деп кешегі тай-құлындай тебісіп өскен Маратбекті қалай көрмей кетем. Оу, өкпелемей ме, ол. Әдейі келіп, бір ауыз тілдеспей шықсам... Қой енді, аурудың халін сұрасаң, бір мысқал болса да дертінен арылады.


Лепірген түйдек сөз екпінін жаздырмай екеуді төргі үйге топырлатып енгізді. Маратбек шудан оянғандай жақтырмай тыжырынып, бетін ашты. Қызарған суық алақанға тамыры көгере адырайған қу сүйек ыстық алақанын сүлесоқ тосты. Әлсіз күрсінді.


— Сүйелбай, сен бе едің? Ат-көлік аман ба? Ертелетіп неғып жүрсің?


— Тірі кісінің тірлігі біткен бе, Маратбек. Күздік таусылып, енді, алла жазса, соғымға кетіп барам. Біздің әлгі оправләйші бала жылқышыларға бір ту бие дайындатып қойған екен. Бүгін соны әкеліп, жығып алайын деп отырмын, — дегенде насаттанған Сүйелбай шүйлесі шығыңқы кешкіл басын білегімен бір сипап аяды да, кемпір мен шалға аларған көзді кезек жүгіртіп өтті. Баласы совхоздың бір бөлімшесінде меңгеруші болғалы омыраулап төрге шыққыш, топқа түскіш боп, кеудемсоқ мінезін бұрынғыдан да әрі әбден асқындырып алған-ды.


— Жөн, жөн. Соғымның уақыты жетті, — деп Маратбек немқұрайды қоштады.


Сүйелбай ағы көп, қарашығы кішкене көзіне алау-жалау тараулана жүгірген қызыл тамырларын адырайта көрсетіп, сұғанақтанған жанарын жарқ-жұрқ еткізді де, әлденеге шиық-шиық күліп алды.


— Сен не білдің, Маратбек? Әнеугүні бір қызық болды. Осы күні молда біткен құтырған заман ғой. Бәрі шетінен кісімсіп шіреніп тұрғаны. Әлгі Бекен шалдың. Намазына жиналдық. Сен енді, әрине, болған жоқсың. Содан кешігіңкіреп барсам, дәл төрде шаншылған үлкен молда, екі жағыңда Төкен молда, Сарыбай пірәдәр. Аяқтарын жинамайды. — Сүйелбайдың қырылдақ даусы қатқылданып, көзінің қиығына сұс білінді. — Ақырдым келіп. Осындайда жындылықтың пайдасы тиеді. "Өлік іздеп, олжа көздеген немелер! Қирағатын келтірем деп тиын санап, құлқындарыңды құрт жеп баратқан қаптесерлер! Кісіні қашанғы қаңтарасыңдар! Үш күн болды, мәйіт жатыр суланып. Қашанғы тосасыңдар? Келмейді баласы. Жамбасын жерге тигізейік те байғұстың. Көкейлеріңді тескен ақша ғой. Қаладағының қалтасы тесік. Мың жерден оқымысты баласы болғанымен сендерге тиер соқыр тиын жоқ. Тоспаңдар енді", дегенімде үлкен молда тізесі дірілдеп, буын-буыны сықырлап көтеріле берді. "Жөн, жөн! Сүйеке, сіздікі дұрыс! Мәйітке обал болмасын" деп аяқастынан құрақ ұшқаны. Әлгі сенің "жөн" дегеніңнен есіме түсіп отыр, Маратбек-ау. Содан молдекең жарықтық құран аударып алған қызыл тайыншасын да маған қалдырып кетті. Тірі пенденің сараңы емес пе ол сығыр. Бұндай таңданбаспын. Басқа басқа болсын, үлкен молданың алақаны ашылып, жұдырығы жазылып кетер деп кім ойлаған. Кейін аңғарсам, сол өзі анау менің оправләйші баламның арқасы екен. Мінезі ұрт неме еді, анада біраз молданы жиып алып, жұмысқа кедергі келтіресіңдер деп қалшылдап қамшы үйіріпті. Кейде сонысы да дұрыс. Жұрт ығып жүрсе, бұғып жүреді. Әне, өстіп қартайғанда кәдімгідей дәуірлеп жатырмын. Құдайақы, шыным, Маратбек. Сенің анау Сайлауың атыңды тасқа басқызып, казитке шығарғанда сұмдық қызғанып едім. Оным бекершілік екен. Сенде атақ бар, менде бедел бар. Сені жұрт сыйлауы мүмкін, ал менен қорқады. Соған қарап ақын балаң болғанша, әкім балаң болғаны артық па деймін. Әйтеуір, кішігірім әкім болсын. Ауылында, алдында жүрсін. Сонда елге сыйлы да, қадірлі де боласың.


Сүйелбай маңғазданып шырт түкірді. Езудегі насыбай шырыны жұққан сарғыш ніл табалдырыққа итініп құлады. Әйкіжан жиіркене тыжырынып, үстінен түкірік секіріп өткен мәсісін жиырып алды.


— Баяғыда дейім-ау, осы сен екеуміз, Маратбек, бір түс шайысып қалып ек. Құданың құдіреті, шынымен-ақ қартайдық па, әр нәрсе еске түскіш. Есерлікпен меңдуана жегендей ұрыпберме қылыққа жүгініппіз. Тіпті, кейде адам өзінен-өзі ұялады екен.


Сүйелбай сөзінің сарыны қандай әсер еткенін белгісі келді ме, қасында үнсіз сазарып жатқан Маратбектің екі ұрты суалып ішіне түсіп, ақбурылданып қылшықтанған жағына бір сәт тесіле қалды. Сүйір иек тоқтап, жіңішке еріндері жымдасқанда ала көздің кішкене қарашығы бұрғыша айналып, тұңғиыққа сіңіп бара жатты. Жұтқыншағы тобықтай томпайған ұзын мойын жыланбастанып арбап тұрған сияқты. Маратбек шыдамай кірпік қағып, көзін жұмды. Осы әлсіз қимылды келіскендік ыңғайға сайды ма, Сүйелбай құйрығымен қопарыла жылжып, төсекке ентелей жақындап келді.


— Ойбай-ау, арқалы азаматпыз ғой бәріміз. Оның үстіне "Ер шекіспей бекіспейді" дейтініміз де бар. Сақал-шашты бірге ағарттық. Көршілік, құдандалық жолды да өткердік. Сайып келгенде, соның бәрі бір күнгідей болмайды екен. Тірлікте тұстас қатарыңның азайғаны жаман. Сен ауырып, төсек тартып қалды дегенді естігенде, не боп кеткенімді білсең. Оллаһи, Маратбек. Өзім неге ауырмадым деп бей-жай боп үш күнге дейін тамаққа қарай алмадым. Ниетке берсе, құдай бар жақсылықты аямай-ақ үйіп-төгіп саған берер еді.


Сүйелбай айдалаға лағып бара жатқанын сезді ме, сөзін кілт тоқтатып, босаға жақтағы Әйкіжанға оқшырайып бұрылды. Көзі жыпылықтап отырды да, өз-өзінен иығы селкілдеп жылай бастады.


— Сен мені кеш, Маратбек! Өзіңе соншама жылдан бері талай оқтанып келіп айта алмап ем. Менікі иттік екен. Бекершілік етіппін. Сенікі дұрыс екен, — деп аяғын созып жіберіп, жастыққа қисая еңкейіп, бетін төседі.


Иығы селкілдеп, жауырыны бүлкілдеп үдеп бара жатқан соң, Маратбек еріксіз үн қатты.


— Сүйелбай, өткенді орағытып қайтеміз. Түсінсең болды. Басыңды көтер. Мені тап бүгін о дүниеге тоқтатпай жөнелткелі тұрған жоқ шығарсың. Оңайлықпен өзім де жуық арада өле қоймаймын.


Сүйелбай басын жерден жұлып алды. Кірпігіндегі бармақтай жасты шынашағымен шертіп түсіріп, аузын қиқаңдата кергілеп төпеп кетті.


— Ойбай-ау, о не дегенің! Бір емес он ажал қатар келсе, сені қолымнан берер ме екем... Өлме! Қой, қой-ақ қой. Атама ол өлім дейтін аты өшкірді. Ау сонда, сен олай-бұлай болсаң, мен кімге кеп сыр шертем. Әрі-беріден соң, Маратбек, мен саған қарап осы қалпыма жеткем. Жоға дейім-ау, сенен қалыспаспын деген іштей бәсеке тілек мені адам еткен. Болмайды! Жо-жоқ, көнбеймін, — деп сәтте шұғыл өзгеріп, әлгіндегі босаңсып еңірегенін тез ұмытып, артымен жылжып бұрынғы орнына барды. Кіргенде иығынан сыпырып тастаған брезент сулықты сеңсең тонының қалтасынан мүйіз шақшасын суырды. Тыңқ еткізіп резеңке тығынын ашып, алақанға ұсақ бытырадай көкшіл насыбайды лықып төкті де, үш саусақ ұшымен бүріп апарған ашқылтымды астыңғы ерінді сүйірлей созып іліп алды. Тамсанып қос ұртына тілін жүгіртті. Ернін томпайтып сақаулана сөйледі.


— Маратбек-ау, тен өті мықтытың... Мойымайтын... Мойыма. "Ауырып тұрдың — аунап тұрдың" деген бұрынғылар. Айналайын — толар дұрыт айтқан алда-талда, құдай бетін аулақ қылтын, олай-бұлай боп кеттең, бір малың мойнымда... Кітінетіп ботағаңа байлаймын.


Сүйелбай ауыздықты жұлқа арқаланып кетті. Кісінетіп әкеліп босағаға ат байлап қойғандай тоқмейіл мекіреніп, үй ішінің қуыс-қуысын тіміскелей алақ-жұлақ қарап алды. "Сыйға сый, сыраға бал". Бұл аямай берді, енді қарымтасын алуы керек. "Не қаласам екен?" Көзі қабырғада ілулі тұрған тобылғы сапты жез сақиналы бестемшеге түсті. Сол-ақ екен, резеңке балонның тілігінен жасаған өзінің шолақ бишігіне көңілі толмай, ойсырай күрсінді. Еңкейіп, әлгіні ұшынан тартып іліп алды да, сабау сабын тізеге сарт еткізіп, қақ бөлді. Илікпейтін резеңке таспаны кирелең еткізіп есік көзіне атты.


Әйкіжан "олай-бұлай боп кетсең" дегенді естігенде үрке қобалжып, көзіне жас алып еңкейе берген еді. Сүйелбайдың қарап отырып қамшысын сындырып өз-өзінен шала бүлінгенін көрген соң, жаулығының ұшын уыстаған қалпында, бағжаң етіп қонағына состиып қарап қалды.


Маратбек миығынан мырс етіп күлді. Сұңғыла мінезбен бәрін сезіп жатты ма, әлде Сүйелбайдың жоқ жерден бос қитығып, қарусыз құр қол қалғанын аяды ма, кемпіріне иек көтеріп, даусын созды.


— Әйкіжан, Сүйелбайға менің қамшымды әперші. Атқа мінген адам айбынды жүрсін.


Сүйелбай дөңгеленген жез сақиналарды жүрдек саусақтарымен қыдырта сипалап өтті. Бұзаутіс өрімнің жұмыр бұдырын көзіне жақындатып әкеліп ұзақ тосты. Содан соң қайыс бүлдіргені білезіктігіне өткізіп, қамшыны қос бүктеп салмақтап қойды да, ойындағысы орындалғанға жымың қақты. Аузын тағы кергіледі.


— Әй, өнерлім-ай! Он таутағың құдірет қой. Бір қаралық екен! Маратбек дотымның тыйлығы деп айта жүрем ғой. Айта жүрем, — деп ырғалып алды да, бүкіл кеудесімен шалқайып сырмақтың шетін көтеріп, аузын босатты. — Ал, Маратбек, мен енді қозғалайын.


Әйкіжан іштей ұнатпай отырса да, әдеттегідей қонақжайлылық танытты.


— Сүйеке, асықпай сыбағаңызды жеп кетіңіз. Қазан көтерейін.


— Әй, Әйкіжан! Бұрынғының көзісің-ау! Рақмет! Сыбағамды кейін арнайы келіп жермін. Жолдан қалмайын, — деп Сүйелбай бір тізерлеп көтеріле берді де, — Апырай, енді "қуыс үйден құр шықпа" дейтін қазақ ек. Болмас. Нан ауыз тиейін, — деп қайта құйрық басты. Қамшының сабымен Маратбектің бас жағында тұрған түкті орамалды серпіп тастады.


— Қымыз ба?


— Қымыз. Қасқа бие биыл қысыр. Әлі сауылады, — деді Маратбек. Әйкіжанға ишарат етті. — Қазір таңсық қой қымыз. Әперші қонағыңа.


— Қой, ойбай! Сенің бір жұтым қорегіңе жармаспайын. Жылқылы ауылға бара жатырмын. Бұйырса, мен де қысырдың қымызына кенелермін.


Әйкіжан қонағының сөзіне көңілі толып, созған қолын тартып алып, кесені қайтадан орнына қоя бергені сол еді, білегіне бүлдірге салған жылдам алақан орта жолдан ыдысты іліп әкетті.


Үлкейген жұтқыншақ жас баланың жұдырығындай түйіліп, өндіршекте жоғары-төмен екі-ақ рет секірді. Түбі көрінген кесе Әйкіжанның қолына көшті.


Маратбектің қымызды өзі жұтқандай қыбы қанды. Дем арасында өңіне қан жүгіріп, ақ жұққан мұртқа қызыға қарады.


Сүйелбай қызыл тілін сумаңдатып, сүйек кемірген сиырдай мұртын жаланып алды да, ұза-ақ кекірді. Алақанының сыртымен аузын сүртті.


— Жіліктің майындай екен, шіркін! Қазір таңсық қымыз ғой. Маратбек, сен ең болмаса, осының күніне бір тостағанын төңкеріп отыр. Құдай біледі, дейін-ау, әлі-ақ түк көрмегендей түрегеліп кетесің.


Қаудыр-қаудыр судырлаған брезент сулықты сеңсең тон ұзақ киілді. Екі жең екі жаққа қашып, көпке дейін ұстатпады. Қос құлаш шыт белбеу ұзақ оратылды Жасыл барқытпен тыстаған түлкі тымақ қабақты жаба итініп, алқымның астынан айқара байланды. Кібіртік көбейген соң Маратбек шыдай алмады.


— Жолың болсын! Барсаңшы енді!


Тобылғы сапты қамшы иесінің алдынан ақырғы рет шұбатыла ирелеңдеп табалдырықтан бір жылт етті де, жоқ болды. Есік сарт жабылды.


Сәлден кейін сырттан шәуілдеп Ақтөс үрді де, артынша шабаланып, қырылдақ дауыспен сыбағасын аямай-ақ сыйлаған атты адамды ұзатып бара жатты.


Терезеге қарама-қарсы келген күннің шілтерлі сәулесі еденде ойнады. Маратбек алақанын төсеп майда шуақтың әлсіз жылуын сезінді. Уысын ашып-жұмып сол бір мөлдір нұрды салмақтап қарманғысы келгендей біраз қимылсыз жатты. Алақанда ойнаған шуақ сәуле бұлың-бұлың алыстан тірілген бір елесті дірілдетіп тұрды да, бар бедер-бояуымен көңілінде жайып салды.


* * *


Дың-дың-дың!...
Зың-зың-зың!..


Осы бір ащы зіркіл жазық беткейге ұзын көше боп орналасқан алты барақ түгіл бүкіл қиян даланы қатқыл темір үнімен қарш-қарш кеміріп бара жатыр. Ә дегенде таңғы тұнық ауаны оқыс сілкіп-сілкіп жіберіп еді. Енді тулақ қаққандай тынымсыз дүңкілдеп, зыңылдаған зіркілді қуалата жаңғырықтырып тау-тасқа ала қашты.


Алты барақ айқара ашылып, ақтарылып кетті. Әп-сәтте жылы төсектен үрпиісіп оянып, ұйқылы көздерін тырналап ашқан жұрт: еркек-әйелі, бала-шағасы, орыс-қазағы мидай араласып, далаға өріп шыққан. Барақтардан оқ бойы оңаша тұрған қызыл сырлы ағаш вагонның қасындағы жұмыр бағанға салбырата байлаған бір құлаштай рельс сынығын қос қолдап сүйменмен ұрып тұрған жалғыз адамға қарай дүркірей жөңкілді.


Зың-зың-зың!


Тұс-тұстан жамыраған айқай-шу жылаған балалардың үні мен үрген иттің даусын көміп тастап, шекелердегі зірк-зірк тасыған қан бүлкілімен күшейіп, үдеп барады. Алакеуім шақтың қатықтай ұйып түсетін қою тыныштығын қақ айырып, темірдің темірге екілене тиген шақ-шақ шыңылы ошарылған топқа әлдеқайдан сап ете қалған беймезгіл дүрбелеңнің жайсыз хабарын аттандатып жатыр еді. Ес-түсі қалмай рельсті өршелене түйгіштеген бригадирдің қолындағы темір сүйменді әлдекім жұлып алды. "Зың-ң!" деген шыңылтыр үн тұншығып барып, үзіліп кетті. Маратбек сүйменді жұлып алған адамды енді ғана таныды. Осындағы темір жол құрылысының бастығы Нагорный екен.


— Не болды?! Жынданып кеттің бе? — деді Нагорный.


— Жынданбассың мұнда. Жындандырмай қоймас. Тағы дала, тағылардың ортасында...


— Ал, сен... дұрыстап айт, — деп Нагорный ентігін басып, толстовкасының қалтасынан кисетін шығарды. — Мә, босқа аптықпай темекі тарт!


— Темекі, темекі!... Тартқызады әлі. Бұл жабайы, дикарь киргиздар қу сүйегіңді тезек қылады ұзатпай! Темекі дейді-ау!..


Бригадир Нахапетов аузынан түкірігі шашырап қолын бір сілтеді.


Нагорный құп-қу боп кетті. Кисетін қайтадан қалтасына сүңгітті де, добалдай саусақтарымен бригадирдің спецовкасының жағасынан сығымдап бүре ұстады. Көк көздері сығырайып жұмыла түскенде ашулы селеу кірпік кезенген найзадай шаншылды. Сол-ақ екен, іштегі ыза булыққан көмейден толқындап сыртқа атқарылды.


— Нe дедің! Алдымен киргиз емес, қазақ. Республиканың қазақ аталғанына бес жыл толды. Екіншіден олар жабайы емес, жабайы тағы да, дүлей де сенсің, Нахапетов! Сен...сен... — Нагорный одан әрі ашудан тығып сөз айта алмай Нахапетовты құлаштап беттен періп жіберді.


Мұрыннан қан саулады. Соны көргенде өзеуреген бригадир өңіріне тамған қызыл қанды алақанымен сүртіп тастап қылғына айқайлады.


— Жұдырық жұмсайсың, бастық! Жұмыскерге қол көтересің! Баскесер киргиздарды, азиаттарды жасырасың! Братцы, к черту все! Айда бей их, косоглазых калбитов! Скрепердің бүкіл аттарын осылар әдейі ұрлап әкетіпті. Ат жоқ! Нагорный бізді айдалада өлтіргелі жүр. Түп-түгел шетімізден қырып салмақ!


Аяқ астынан дауыл көтерілгендей дүрілдеген топ ілезде қақ жарылды. Орыс, қазақ сөздері тұс-тұстан бірін-бірі тоспай жамырап, былапыт араласып, енді болмаса тұтанып кеткелі тұрған жаппай төбелеске ыңғай бере бастап еді. Нагорный темір рельсті сүйменмен соғып-соғып жіберді.


— Тоқта! Маған сөз беріңдер.


Шу саябырлап барып әрең басылды. Әр жерден бір ызалы күңкіл естілгенімен жұрттың бәрі еріксіз ортада ентігіп тұрған Нагорныйға ежірейе қадалды. Нагорный екі-ақ сөз айтты да, тоқтады.


— Халық — кім?


Сөз сөйлеймін деп жұлқынып шығып бастықтың өздеріне қарсы сұрақ қойғанына түсінбеді ме, әлде осы төтен сұрақ кәдімгідей ойлантты ма, бір сәтте маңайда меңіреу тыныштық орнады. Жөтелмек тұрмақ, қатты дем алудан да жасқанатындай әркім іштей тынып қалған. Нагорный басындағы формалы фуражкасын шешіп алды да, уысына жұмарлап қысып қолын ілгері сермеп қалды.


— Халық — мына тұрған сендер! Ол — орыс, қазақ деп бөлінбейді. Еңбекші, үстем тап деп жіктеледі. Мен сендерге үгіт жүргізбеймін. Қане, алақандарыңа қараңдаршы. Мүйізденбеген бірі бар ма? Жоқ қой. Ендеше, босқа даурықпайық. Бізді табыстырған социалистік ортақ мүдде.


— Дұрыс!


— Жөн айтып тұр!


— Босқа арандап қала жаздаппыз.


Нагорный бригадирді қасына ымдап шақырды.


— Нахапетов, кінә менен. Жұдырық жұмсағаныма айыптымын. Ал енді жайлап түсіндірші. Аттар жоқ дедің бе? Күзетші қайда? Ол не бітірген?


Бригадир әлгіндегідей емес жүні жығылып, бүгежектеп қалыпты. Бірақ әлі де болса қызылы қоюланған ашулы жирен мұртты жүзіне зіл үйіріп, жауабын қысқа қайырып, теріс айналды.


— Иә! Аттар ұрланыпты. Күзетшіні ұрып, байлап кетіпті.


— Кімнен келді дейсің?


— Мен айтарымды айтқам.


Нагорный тағы дауыстады.


— Қане, жігіттерді түгендейік!


Екі жақтан да бір де бір адам кетпепті. Бәрі орнында екен.


— Ал онда тұрмайық. Жұмысқа кірісейік.


Маратбек ағаш вагонның есігін саусағымен ақырын ғана тықырлатты.


— Кір!


Кібіртіктеп табалдырықтан аттасымен Маратбек бастығына қолқа салды:


— Нагорный жолдас, маған рұқсат етіңіз. Жұмыстан бүгінше босатыңыз.


— Қайда барасың?


— Мен осы өңірдің ұңғыл-шұңғылына дейін тегіс білем. Жоғалған аттарды іздеп қайтайын.


— Есің дұрыс па өзіңнің? Жалғыз не бітіресің? — Нагорный сарғайған газет қиындысына темекі орап, тұтатып алды да, ащы түтінді ернін дөңгелентіп сақиналатып ытқытты. — Болмайды, Маратбек. Түсінсеңші. Банды жалғыз-жарым жүрмейді. Мерт боласың. Мен жаңа ғана ауданмен хабарластым. Милиция шығады.


Маратбек үндемеді. Тар бөлменің көк түтін жайлаған қапырық ауасын танауымен ысылдай тартып, салмағын екі аяғына кезек ауыстырып, босағада теңселіп тұр. Бұрылып үнсіз шығып кетудің де бастыққа қарсы дау айтудың да ретін таба алмады. Кеудесін қинаған ойды қалай жеткізер. Жоқ, көзсіз ерліктің адамы Маратбек емес. Ірілік білдіріп, ауызға ілінейін деген де тілегі болмаған. Сырты жуас адамның кей-кейде ішкі қажыры оқыс намыспен бұрқ-бұрқ таситын кезі бар. Әлгінде бригадир Нахапетов "қазақтың бәрі -қарақшы" деп әлде аңдаусыз, әлде әдейілеп ашу үстінде халқына тіл тигізгенде қатты ширығып қалып еді. Соны теріске шығару үшін жарқ етіп бой көрсетіп сенімді ақтаймын деген жақсы ниетпен Нагорныйдың кеңсесіне дәмеленіп кірген-ді. Оны бірақ сөзбен түсіндіру қиын. Үнсіз шығып кету және ауыр. Неге екенін білмейді, әйтеуір, қолды болған аттарды тек өзінің табатынына сенімді. Өйткені, ыңыршағы айналған күнделікті жұмыс көлігін кім алса да алысқа әкете алмайды. Кәнігі жолбасар күндіз көзге түспей көзтұтар түнді тосады. Ендеше, оның бүгінше тасаланатыны — ұры шаттың бірі.


— Әлі тұрсың ба?


Маратбек селк етіп, еңсесін көтерді.


— Тұрмын. Рұқсат етіңіз.


Нагорный орнынан тұрып келіп, иығына қол салды. Жымиып, басын шайқады.


— Болмайды, тамыр. Босқа өкпелеме. "Буынсыз жерге пышақ ұрма" дегенді өзің үйретпеп пе едің. Болмайды. Арандап қаласың.


Ағаш вагоннан қалай ренжіп шыққаны, немере ағасының төрт қанат киіз үйінің табалдырығынан қалай ілбіп аттағаны шала-шарпы есінде. Қиралаң етіп төр алдына ұзынынан құлай кеткен. Құяң аурулы ағасы жертөсектен басын көтеріп жақтырмай қарады.


— Бір үйден екі прогөл2 шықсын. Жетіскен екенбіз. Ал, жат! Мә, мына менің орныма жат! Сонсоң анау кәмсомол дөкіметіңді маған бер. Ал, ауру мен барайын!


Маратбек жата алмады. Бауырын көтеріп, төрт тағандаған күйі ағасына тіл қатпай аларып бір қарады да, іле атып тұрып сыртқа апыр-топыр ұмтылды. Сол екі арада даладан адуын жеңгесінің шапылдаған даусы етілді.


— Оу, Тентек, саған не болды?.. Әй, мынау қайтеді? Сауулы биені жайдақ мініп... Беу, екі бетімді қанжоса етіп алып тастайын ба?... Ойбай, сормаңдай, биені бусандырып құртатын болды-ау. Әй, әй, Тентек! Беу, беу адам-ау, анау жынды ініңе қой десеңші!... Ойбүй, енді қайттім? Бас сауымы болып қап еді, иісініп кететін болды-ау. Ішіне сиейін... Ауырса ағасы ауырады! Өлсе туысы өледі! Менің нем кетеді... Бұл, бұл құтырған шығар! Таң атпай қай қызойнағы есіне түсті екен ә... Осыны әлдеқашан әйел алып беріп, бөлек шығар деп едім. Әй, әй, көнбей қойдың. Беу, беу, адам-ай!


Ағасы үйден айқай салды.


— Қатын, құлынды босатып жібер! Тез босат!


Сырттағы дауыс аздап бәсеңдеді.


— Не дейді! Шетінен жынданған ба? Бұл екеуіне бүгін бірдеңе көрінген шығар.


— Ер жігіттің артынан шапылдама. Айтқанды істе! Биенің тастақ тақырға дүңк-дүңк тиген дөңгелек тұяғы тоңқ-тоңқ желгенін білдіргенмен, жер апшысын қуырар ұшқырлығы шамалы екен. Жаз бойы бедірейген аспаннан тырс етіп тамшы тамбаған қуаң даланың сұрғылт өңі жарылып-тілініп, бүрі үгіліп, шаң қапқаң күрең тобылғы тұяқ тигенде сырт-сырт сынып, бұрқ-бұрқ шаң атып қалады.


Көк биенің өзіне лайық алдамшы бүлкегі бар. Алды теңселе сүмпиіп, бөксесі зорға қыбырлап, қайта-қайта құлынына алаңдап келеді. Ноқтадан босанған жас неме еркіндік тигенге масайрап, құндыздай жалтыраған түгінде сәскеге тырмысқан өткір күннің мол несін ойнатып, құйрығын тік шаншып алып құла түзде құйындай ақты. Құлдырап көз ұшына ұзап барып, әлденеден оқыс үркіп, артқы екі аяғын мөңки серпіп, қайтадан бері салды. Тыпырши кісінеген енесінің емірене шыққан қарлығыңқы көмейлеген үнінен жұбаныш іздеді ме, ағындаған екпінмен тоқтап үлгере алмай, биені омыраулай соғып, шоңқайып, сыртқы екі аяғы бүгіліп барып түзелді. Жіңішке құлдырымен еркелей кісінеді. Содан кейін қатарласа ерді.


Маратбек айналасына ұзақ көз салды. Әр бұтасына дейін сондай ыстық туған жердің сағымы сусыған көлденең жазығына кірпік қақпай қадалып тұрды да, бір сәт бие үстінде бір жамбастай сырт айналып, оң қапталда қалып бара жатқан Бүркіттінің жатаған сілемін қыдырта шолып өтті. Шаңытқан мұнар сары даланың жым-жырт тыныштығын бүркей түсіп, бедер-бұдыр біткенді жымқыра жасырып бірыңғай көкшіл түсті көз алдына тосты.


Аспанда бұлт жоқ. Тымық ауаны әлден-ақ нығыздаған күн қыздырып барады. Оны азсынғандай сәлден кейін маңдай тұстан ыстық керімсал есті.


Маратбектің көздеген нысанасы — қарсысындағы қос шоқының түйе өркеші. Одан әрі ирелеңдеп басталатын сай тереңдеп ұзап, ақар-шақар тірескен көп төбенің шатқалына ұласады. Төбе сайын қорым тас. Қылт еткенді қиядан шалып, қапысыз түсіретін нағыз ұрымтал. Көз мөлшермен діттеген шатқалына екі сүт пісірім мезгілде жететінін сезген соң, тізгін тартты. Өкпе-бауырды тоқ-тоқ билеткен көк бие мамырлап жайлы аяңға ауысты.


Кейін қарай сырғи түсіп бір жамбастап тақымын жазды. Жайдақ мінген биенің пышақтың қырындай арқасынан жайсыз орын жоқ шығар.


Үңіліп жерге шүйілді.


"Қап!"


Шапылдаған жеңге мен сызданған ағаға ерегісем деп жүріп, ауылдан шыға берісте із кесуді де ұмытып кетіпті. Енді өкінгенімен амал жоқ. Қайта оралуға дәті шыдамады.


Күн шыжып кетті. Талаураған аспаннан кедергісіз құйылған шілде аптабы шашын тықырлап қырғызған тақыр төбесіне шымырлап еніп бара жатқандай болған соң қол орамалының төрт бұрышын түйіп, басын көлеңкелеп ілдалда жасады.


Таң атқалы оразасын ашып, нәр сызбаған жігітті бір кез шөл қысты. Далбасалап түкірігін жұтты. Құрғақ ауыздың ыстық демі іштегі ылғалды сорып ала ма, кермек дәм таңдай қуырды.


Алыста Жұманбай бұлағының шоғыр шілігі бұлдырады. Сұрамшақ дәме соны көргенде еріксіз тізгінге жармасып, ат басын бұрғызбақ боп, тайталаса жөнелді. Қыбырлаған саусақтар еріктен тыс биені сыңарезулете бастаған екен, Маратбек есін жиғандай дүр сілкініп, өзін-өзі күштеп тыйды.


Дүние түгел мүлгіп тұр. Қыбырлаған аяңы болмаса бие де, үстіндегі Маратбек те қалың ұйқыға шомғандай, дыбыс бермейді. Бірақ Маратбек әлі де жерге қадалған өткір көздерін басқа жаққа аударар емес.


Бұл кезде қос шоқының тұсына іліккен еді. Сай табаны қусырылып өрлей тартты. Енді жітіліктің нағыз керек жері осы. Қақ маңдайды іркес-тіркес далдалап, көлденең сұлаған төбелердің қойнауына тік бастар қақпасы да мынау сайтабан. Қанша жырынды болғанымен, құс боп ұшып кетпесе, бұл өлкенің ұрысы дәл осы арадан ғана өтсе керек.


Қамшылар қапталға еңсеріле қисайып, төніп келе жатыр еді. Маратбек оқыс ыңыранып қалды. Бұл — оның қуанғандағы қашанғы әдеті. Бір тал көденің жұлынып түскен сабағы тамырындағы күлгін топырағын жоғалтпай жылтыр қайрақ тастың үстінде жатыр екен. Ат тұяғы тимесе, онда да екпінді тұяқ, шауып келе жатқан аттың тұяғы тимесе, көдеге ненің зауалы жеткендей. Маратбек тіпті еңкейіп алды. Сәлден кейін жорамалы расқа шықты. Қақ суының орнындағы тұнба лайдан ат ізін айқын көрді.


"Е, бәсе, жобам жоба-ау! Қанша жерден сарқынды болса да, аламан жан сасқалақ. Бір белгі қалдырмауы мүмкін емес қой. Әй, аңдып отырсың-ау! Қай қорымды қалқаландың екен? Нәйәті жалғыз боларсың. Көп көптігіне сеніп, қоқан-лоққылап бөгелмей тұра тарта берер еді. Тасаланбас еді. Ендеше, аянбай бір айқасармын," деп ойын тұжырып қойды.


Енді тез лыпып түзеліп, елгезек қалыпқа көшті. Тізгінді тұқырта тартып, көлігін тоқтатты. Суыт жүрісті көтермейтін көк биенің құлағының түбі жіпсіп, мөлдіреген тер тамшылары жылт-жылт нұр шағылыстырып тұр. Қарагер құлын түртінектеп емшекке жабысты. Борп-борп сорды.


Маратбек күн сала қарап, маңайын ұзақ барлады. Сай жағалап жүгірген өткір жанар кірпік қақпай ұзап, сағыммен мұнарланған шатқалдың толқи дірілдеген шаңытына көмескіленіп сіңіп кетті де, қайта кері жылжып, қойнау-қолатты біртіндеп сүзіп шықты. Серек тастар селт етпеді. Ешқандай сыбыс білінбеді. Жалп етіп қонып, далбақтап ұша жөнелетін не бір күшіген, не бір күйкентай кездессейші.


"Сақ екенсің. Бірақ қашанғы шыдарсың. Түптің түбінде бір сыр берерсің".


Биеден сырғанап түсіп, шылбырын сүйрете келіп, жақпар тастарға еңкейіп құлақ төседі. Тау арасындағы үн жаңғырығып талай жерден талып жеткіш. Содан қатты дәмелі. Ат кісіней ме, болат тұяқ дүбірлей ме, — "тез жет, біз мұндамыз!" дегендей болар еді.


Құлаққа да ешқандай сенім болмады. Орнынан нартәуекелмен атып тұрып, көлігіне қайта қонды. Самарқау қозғалған көк биені қыбырлата аяңдатып сай ортасымен қиялата өрлетіп келеді. Осы жүрісі өзіне қауіпсіз тәрізді. Екі жақтағы қорым тастарды алыстан тінте отыруға өте ыңғайлы. Сойыл соғарға келгенше, ертерек қамданып, қаракет жасауға үлгіреді.


Осыны ақылға салып, талдап өткен соң, көңіліндегі дүдәмал күдік сейіліп, тұла бойына әлдебір қайрат лебі толқындап жетті. Кібіртіктеген биені шаужайлап шылбыр ұшымен сипап қойды. Тағасыз тұяқ шақ-шұқ тасқа тиіп, бусанған жануарды әйеншектетіп келеді. Ештеңеден қаперсіз — қарагер құлыншақ қана. Сүтке тойып, шөлі қанған соң балалық ойынға барынша берілген. Құлдырап ойнақтап жүр. "Ойбай-ау, күндік жерден хабар беріп, дүбірлетіп тау-тасты жаңғыртты-ау! Әй, бірақ аңдыған жау бағанадан бері көріп отыр ғой. Бағып отыр ғой қапысыз. Отырсын. Тек, мына шіркін ойнаймын деп жүріп, қайтарда болдырып қалмаса жарар еді".


Сайдың ені тарыла түсті. Түйетайланып ілгері өрлеген қуысқа сұғынып келіп, қос өкпеден қыса жанасатын оқ бойы жердегі қылтаны Маратбек нағыз қауіпті тұсқа жорыды. Өзі де деген ұрымтал. Оң жағы — шоғырланған жатаған жасыл арша. Қанша адам жасырынса да, елес ұстатпас құпия мекен, жатбауыр ұя.


Көк бие кісінеді. Иіс алғыш сергек жануар қара таныды ма, қос құлағын қайшылап қойып, орқаш-орқаш шаншылған жақпар тастарға едірейіп қарап өтіп, қайта митыңдады. Секемденер түк кездестіре алмаған соң, Маратбек жым-жымды қуалай шолып, жанарын талдырды.


Әріректе көкшіл торғын мұнар сусыған жібектей дірілдеп тұр. Бауырына не тықса да, көлегейлеп ұстатпайды. Бірақ ол алыс. Және қалғып тынған ұсақ төбелерді майда желпіп, әлдилеп жатқан көк мұнардан қауіп күтпейді. Не болса да, бар пәле мына қылтада. Иек астында.


Батырға да жан керек. Жүрек дүрсілі ереуілдей күшейді. Әлгіндегі сабырлы шырай сәл қуқыл тартты. Кең маңдайға шып-шып тізілген тер үйірілді. Шөл қысқаннан ба, сескенген соң ба, тілі аузына симай келеді. Манадан бері үй іргесінен іліп әкеткен қайың құрығы тақымында болатын, енді қажетсінді ме, босатып алып, ыңғайлап қолына қыса ұстады.


Сай іші құйқалы, сызды. Қапырық азайып, кебір таңдайды дымқыл қапты. О да болса кәдімгідей медеу екен. Тілге үйірілген сұйық сілекей тамақ жібітті. Енді бүкіл денесімен ошарылып, оң қолтықтағы серек тасты кірпік қақпай бағып келеді. Жатаған жасыл аршаның арасында тығылып отыру мүмкін еместей. Қандай азулы жыртқыш болмасын бойын жазып, тік атылуды қалайды. Үш бүктетіліп денедегі қанды ұйыту — өзін-өзі ұстап беру. Ендеше, қорым қойтастан еш көз жазбау керек деген шешімге іштей байланды.


Жоғары өрлеген сайын көк бие тіпті қыбырлап қалды. Ағасының жанына балаған жалғыз жалдысын өксітіп, қинағанына жаны ашығанымен, екпінді құрылыстың жиырма шақты жылқысын ойлағанда, ол аянышынан еріксіз іркілді де, тақымды қыса түсті.


Күн тас төбеге шақырая көтерілген екен, қысқарған көлеңке ат бауырына ұрлана тығылып, құдиып кетіпті. Дүниедегі қара-құра біткенді аппақ нұр мен көкшіл душар ғана баяу желпиді.


Оқ жыланның ысқырығындай оқыс суыл естілді де, әлдебір мықты тегеурін жалт қарауға шамасын келтірмей ат үстінен ұмар-жұмар жұлып түсті. Сезгені: шаншылып қатты құлағаны. Сол жақ иығымен гүрс етіп жерге тигенде көз алдында шеңбірек атқан кемпірқосақ бояуы шашылып, шашырап кеткен еді, қайта жиналмай, тұмшалаған қап-қара перденің тасасында қалды.


Алқымда ып-ыстық қоламта бар. Тызылдатып, күйдіріп барады. Жо-жоқ. Алқымды шеңгелдей сығып, дем-тынысты тарылтып, қылғынта буындырып барады.


Кемпірқосақтың әр түсті бояуы қайтадан шұғыла шашып, тұс-тұстан жамырап келіп бірікті де, қара пердені серпіп жіберді. Кірпіктің дәл ұшында өрт тұтанғандай болды да, алаулаған қызыл сәуле басқа бояуды түгел ысыра жетіп, қоюлана бүркеді.


"Қан ба?!"


Алқымды тас қып шеңгелдеген құдіретті уыс босатар емес.


"Бұл не? Буындырып жатыр ма?" Қарманып, қолын созды. Саусақтар жыбырлап жанасып өткір қылға тиді.


"Бұғалық қой!"


Маратбек серпіліп бар қайратын жиды. Әлі де болса арыла қоймаған қызыл бояуды ыдыратып жібергісі келгендей қолын көзіне апарды. Уқалап сүртті. Қан ұйыған кірпікті бір-бірінен ажыратты.


Енді ғана байқады. Сарт етіп талша мойынға оралған қыл арқан кенеп спецовканың жағасын орай сығып алып, желкеге жұмарлай жиырыпты, әзірше дем-тынысты сарқып алуға жібермей тұрған сол екен. Шым-шымдап батып, ажал тұңғиығына сүйреп бара жатқан адуын күш қарсы қайрат қылмаса, ес жиғызбастан мүрдем кетіретіні анық.


Қол иесі әлі де белгісіз. Кім де болса, қапысын тауып аянбай жаулық жасауға бекінген. Тұяқ серпіп, жан далбасаламаса, бұл өледі.


Бүктетілген күрте сырғып омырауына кептеліп қалыпты. Жалаңаш қарынды тас жырып, қанталап ашып барады. Бір кез алдынан бір түп тобылғы кездесті. Кеуделеп келіп Маратбек әлгіге иықпен тірелді. Осы іркіліс сәл дем берді. Қадалап қыл арқанға жанталаса жармасты. Алақанын қарып түскен домбыраның астыңғы шегіндей дыңылдаған арқанды күштей тартты. Иықты тобылғының түбіріне тірей көсеп, шым-шымдап арқанды бір, екі... үш... елі өзіне қарай лықсытты. Сіресіп қалған тұзақ кейін серппесе де мойындағы сығымдап бара жатқан құрсаулы шеңгелін азайтып, тынысы сәл де болса кеңіп сала берді. Бір жұтым ауаның мұндай шипалы боларын бұрын сезді ме екен, аузын кере ашып тобылғының жұпары сіңген таза ауаны құмарлана жұтты. Бойына мысқалдап қайрат қосылғандай сезінді. Басын кекжитіп, енді арқанды құлаштай тартты. Шеңбірек атқан арқан керіліп тұрды да, қатты серпіп қалып босап кетті. Кегжиген бас сылқ түсті. Маратбек жандәрмен қимылдап, алақанын қан жуған қолымен тұзақты мойнынан ағытты. Аяғын бауырына тартып, бүктетіліп малдас құрды. Көзін бақырайта аршаға сүзілді.


Тізеден келетін жасыл аршаның арасынан денесін жансыз заттай сірестіре тіктеп, бесатарды көлденең ұмсынып, қыбыр етпей бетін тұмшалаған әлдекім түнере мелшиіп тұр екен. Жарылған қабақтан тамшылаған қанды кірпігімен іріккен қанталаған көз төмен сырғып, ажал аузындай үңірейген суық ұңғыға байлана телмірді.


— Тұр! — деген кесек үн тау жаңғыртты.


Әлсіреген Маратбек аяғын қайшылап әзер көтерілді. Паршаланған жейдесі мен жымқырылған күртесін қарнына жылжытып, алжа-алжасы шыққан тізелерін еңкейіп бір-бір сипап өтті. "Атса, тезірек атса екен!"


— Сайды өрлеп, алдыма түс! Артыңа бұрылма! Ал, қашуға тырыссаң, заматта өлесің!


Маратбек зіркілдеген дауысты танитын тәрізді. "Кім екен? Мені біледі ғой Шынымен өлтіре ме?" Көңілге күдік аралас жылт еткен үміт сәулесі түсті. Дәмеленіп тілеулес ілік іздеді.


— Әй, сен мені танып тұрсың ғой. Тілдесейік те.


— Былшылдама! Сенің қыртыңды тыңдауға уақытым жоқ.


Маратбек бейжай қалыппен аяғын сүйрете басып, ілгері жылжыды. Бірер сүрініп қалып, құлап барып түзелді. "Қорқам ба? Қорқам ғой. Әй, өлтірсе өлтірсін. Тек жалындыра алмас".


Көк биенің оқыранғаны дәл қасынан естілді. "Оны а а жетектеп алған болар".


Қылтадан өткенде аяқ асты кеңіп, үлкен, кең аңғар дөңгеленіп ашылды. Ызалы сайды балақтап өскен шілікке екіден, үштен байлаған аттарды көрді. Қайыс түгенді көнбіс көлік аттары үйездеп, шыбындап, елең ете қойған жоқ. Тек қана емендей қатқан ақбоз айғыр қос құлағын қайшылай тықыршып алдыңғы аяғымен жер тарпып, иесін көргенде арқырап кісінеп жіберді.


— Тоқта! — Жалғыз сөз тағы да тырс еткен винтовка затворындай зілді естілді.


Маратбек тәлтіректеп теңселіп тоқтады. Артына қарайламай, жеңімен бетін, көзін сүртті. Кірпікке ұйыған қан бүртігін тырнағымен тырнап түсірді. Желкесімен қыбырлаған аяқ тықырын үнсіз аңдып тұр.


— Ал, енді екеуміз тілдесейік, — деп айдаушысы мылтығының дүмімен тұтқынның жауырын ортасынан түйіп қалды. — Қара бері!


Маратбек ауырсынғанын білдірмей жайлап бұрылды.


— Апыра-ай! Сен бе едің? Сүйелбай-ау, мұның не? — деп Маратбек әрі таңданып, әрі қуанып алақанын жая ілгері аттады.


— Қимылдама! — деп саңқ еткен Сүйелбай Маратбекке самарқау көз тастап, бастан-аяқ үстірт шолып өтті де, қазандай тасқа құйрық басты.


— Құрылыстың күш-көлігі еді. Жұмыс тоқтайтын болған соң...


— Маған сонысы, жұмыстың тоқтағаны керек. Мүлдем неге құрымайды!


Сүйелбай тайжақысының қалтасынан мүйіз шақшасын суырды. Тіл астына бір шөкімін тастап жіберіп, ернін бұлтита томпайтып ұзақ тамсанып отырды.


Маратбек үнсіз бедірейіп қалған күйі кешегі ойнап-күліп бірге өскен жылқышы серігінің дәл бүгінгі есірік қылығына түсіне алмай дал боп тұр. Рас, Сүйелбай мыңды айдаған Түгелбай байдың аталас қана інісі. Бай сарқытын ішті демесе, мұның да жастайынан көрмеген құқайы аз емес-тін. Қақаған қыстың аязы мен қақтаған шілденің аптабында қайың құрығын сүйретіп, үнемі қос соңында бел шешпей жүргенін басқа білмесе де, Маратбек жақсы біледі. Түгелбайды кәнпескелеп, жер аударғанда, әлдекімнің жаласымен Сүйелбайды да бірге айдаған. Араға екі жыл аралатып, келіп отырған беті осы. Әрекеті мынау. Кешегі дос — бүгін жау. Маратбек әлі де сенер-сенбес.


— Апырай, сен де осылай болдың ба, Сүйелбай?


— Сен көп былшылдама. Қой, қой-ақ қой. Мені үйретем, түзетем деп бекер әуреленбе. Мен кеткем одан. Ақпан дейтін милиция жігіт Балкенге қызығып, сен Балкенді білесің — Түгекемнің қызы. Сонда әлгі милиция айдалада бұралқы иттей Түгекемді атып тастаған. Әділет қайда? Содан бері ішіме мұз қатқан. Содан бері ешкімге иланарым жоқ. Балкен қарындасымды құшақтап, қызыққа батқан Ақпанды қақ жүректен қақыратып, қанжар сұғып ыстық қанын ұрттап отырып ант бергеннен бері, бірде босаған емес. Сенің де ажалың менен! — деп Сүйелбай орнынан атып тұрды. Қолындағы көк биенің шылбырын шілікке қазықшалап шалып, ақ боз айғырына жақындады. Өзі әбден әккіс боп алған екен. Екі шоқып, бір қараған сауысқандай сақ; бесатарды белінен қыса ұстап, көз қиығын Маратбектен тайдырмайды.


Ақ боздың ауыздығын алып, отқа қойды. Айғыр артқы екі аяғын талтайтып ішін босатып алды да, иесінің шылбыр ұзындығындай берген кеңістігінде шыр айналып, басын жерге салды. Шаң қаққан бетегені қарулы күрек тістерімен бырт-бырт орды.


— Ал, сөйле! Тілің байланып қалды ма?


— Жоқ. Бірақ саған дәл қазір не дерімді де білмей тұрмын, Сүйелбай.


— Қой, қой-ақ қой, Маратбек! Жібіте алмайсың бәрібір. Онан да темір жолға қалай бардың? Соны айт. Зорлады ма, өзің келістің бе?


— Өзім! "Темір жол — өмір жолы" дейді. Соны көзіммен көргім келеді.


— Шоқындым де.


— Сен өйтіп молдалардың қыршаңқы тілін бұл араға қыстырма.


— Ендеше мүрде аударып, мәйіт қопарғандарың не? Аруақты қорлап, сүйекті ақтарғандарың қалай? Алтуайыттың түбіндегі зираттың үстінен жол салған сендер емеспісіңдер? Шоқынбасаң, ата-бабаңның қорымын қорлатып қояр ма едің! — дегенде Сүйелбайдың шатынаған көздерінің ақ етіне тарам-тарам қан жүгірді.


Маратбек үндей алмай қалды. Шынында да магистралды қорым үстінен тұра тартпақ болғандарға қарсы біраз айтыс-тартыстың болғанын жақсы біледі. Өзі де қолынан келгенше зиратты айналып өтудің қажеттігін айтып баққан. Ақыры темір жол қорымды бүйірлей, қолтық тастап кеткен-ді. Шашырап жатқан бірер ескі мүрде беттопырағы жермен-жексен болған соң, елеусіз шпалдың астындағы төстабанға төгетін үйіндегі қосылып бұзылғанын көргенде, біртүрлі жаны күйзелген болатын. Меңіреу боп тұрғаны да содан.


— Жағың қарысты ма? Неге үндемейсің!


— Мен не дейін. Саған сөз өтпес.


— Енді былай қиқаңдайын дедің бе. Өзіңнің әбден иіңді қандырыпты ғой. Түрің де әдемі келісіп тұр. Киімің де өзгеріпті, мәтушкең де бар шығар.


— Сүйелбай, сен сөзіңді босқа шығындама! Алдыңда тұрмын. Атасың ба, асасың ба — еркің. Бірақ созба. Созба енді! Қиқаңдайтын қорқағың емеспін. Сен мені бұрыннан білесің. Әттең, қапы қалдым. Соған өкінем! — деп шаршаған Маратбек қалжырап, тізесін бүге берді.


— Қимылдама! Тұр солай! Құдай қолыма бүгін сені берді. Құрдастық, сырластық дегенді көлденең тосарсың. Оның күні өткен. Орысқа ерсең, сен де орыссың. Жұмыскер атанып, күш танытпақсың ғой. Ендеше, иманыңды үйір! — деп Сүйелбай затворды сырт еткізіп кейін тартып, ұңғыға оқ жүгіртті. — Бол!


— Иман беретін сен емессің, Сүйелбай! Ал, енді сен мені жауыз тұтып, жұмыскер санасаң, мен сол жұмыскерлігіме мақтанам. Теңдікті, еркіндікті солардан ғана алғам. Азамат басын қадірлеуді солардан, жұмыскерден ғана үйренгем. Темір жолдың өмір жолы екені рас. Осы сеніммен бірге өлем. Түптің түбінде осы айтқаныма көзің жетер. Сонда түсінерсің. Сонда өкінерсің. Ал, енді ата бер!


— Босқа тілмарланасың, Маратбек.


— Сен әбден ашынып алыпсың, Сүйелбай. Көз алдыңдағыдан басқа көрерің қалмапты. Ақтар қашып, қызылдар қуған кезде талай бандыны ұстауға көмектескенің қайда. Сонда отряд командирі саған бес жұлдызы жарқыраған буденовканы сыйға тартпап па еді. Екеуміз ауылға оралғанда Бүбітай сұлу шылбырыңды ұстап, аттан түсіріп алып еді ғой. Сүйелбай, сол буденовка қайда? деп Маратбек бар денесімен шұғыл бұрылып, Сүйелбайға бір аттап тоқтады. Сүйелбайдың әлденеге жүзі құбылып кетті. Күнұзын ызғар үйірген сұсты жанардың қиығына дымқылданып мейірім үйірілді. Дір ете түскен қалың қабағы қайта көтерілгенде, баяғы құрдас пейілімен күлімдеген көз жаудырай қарады.


— Буденовка деймісің?.. — сұрақпен бірге құндақта жатқан оң қолы шошаң етіп жоғары атқып, тақырлатқан төбені сипап өтті. Орнынан таба алмағанына өкінгендей алақаны сылқ түсіп, бесатардың жылтыр құндағын қатты қысты. — Жоқ! Бәрі жоқ. Бүбітай да өлген...


Сүйелбайдың сәтке ғана күлімдеген жанарынан бір тамшы ытқып шығып дөңгеленіп бетінде іркілді. Күн сәулесінде жарқ-жұрқ шағылысқан жалғыз танакөз мөлдіреп көп тұрды. Маратбек Сүйелбайды құшақтағысы келді, жұбатқысы келді. Тамағына әлдене кептелгендей лайықты сөз таба алмай тығыла жөткірінді.


Сүйелбай кешкіл басын сілкіп жіберді. Жалғыз танакөз ақырғы рет жылт етіп, ұшып түсті. Әлгіндегі күлімдеген жүзден сұп-суық қос сұрғылт қорғасын — аларған көз қадалды.


— Бүбітай өлген. Елді қимай көп жылап еді. Сен оның әнші екенін білесің. Іштегі ән сағыныш күйігімен шарпысып, жүрекке запыран болып құйылады. Сен оны қайдан білесің. Ел-жұртыңнан еріксіз ажырап, еркіңнен айрылып көрсең — ұғар едің.


Сүйелбай тағы да үнсіз қалды. Қылғына ауа жұтты да, ұзын мойнын ырғаң еткізіп, ауыр күрсінді. Білегімен бетін сипап өтті.


— Бүбітай құсадан өлді. Шіркін-ай, обалына бекер қалған екем. Ертпеуім керек еді... — Сүйелбай Маратбекке қолын сілтеп "отыр" дегендей белгі берді. — Сен оның аяғының ауыр екенін білуші ең ғой. Әттең, не керек! Толғақ үстінде кетті. Өлетінін өзі де білді. Бәрінен де бұрын құса қинады оны. Басын сүйегенімде, таулардан асып батып бара жатқан күнге қимай ұзақ қадалды. Не ойлап жатқанын сезгенімде, өң-бойым сырқырап, көзімнен пора-пора жас ақты. Бүбітайжан сонау күн астындағы туған даланы аңсап жатып еді... — Ақбоз айғыр шылбыр сүйретіп бетегеге мойын созды. Шылбыр босатпаған соң иесіне бұрылып, бірер оқыранды. — Тәк, жануар! Қоналқада конвойдан рұқсат сұрап алып, түнімен жалғыз өзім жер қазып, Бүбітайды жерледім... Буденовканы бірге көмдім. Жарды да, жастығымды да солай жоғалтқам.


Маратбек Бүбітайды ойлады. Алыс жерде қалған арманды құрбыны еске алғанда, өзінің де жүйе-жүйкесінің босап бара жатқанын сезінді. "Әй, бибай, саған айтам гигайымды" дейтін жіңішке мұңлық үн үзілмей жетіп, аңғарды жаңғырықтырып бара жатқандай, құлағында дүрс-дүрс ұрған жүрек қаны лепіріп тасыды...


— Мә, таңдай жібіт!


Сүйелбай қалтасынан алған бір кесек сықпа құртты ытқытып жіберді. Өзі де аузына тастап жіберіп тамсанып отырды да, сықпаны күтір-күтір шайнады.


— Қайта оралғанда Бүбітайдың басына белгі қойдым. Өзіме өзім серт бердім. Білесің бе — бір адамды өлтірмей өкінішім қайтпайтындай көрінді.


Сүйелбай басын төмен тұқыртып, бір тал шимен жер тырнай бастады. Ойға кетті ме, ұзақ шимайлады.


Маратбек теткіп қалды. Әсте-әсте бұрынғы сыры, шыны араласқан мінезімен жақындап келе жатқан құрдасына қайтадан шошына қарады.


— Немене? Шынымен солай еттің бе?


— Жә, өзің мені ойыншық көремісің. Айттым — бітті. Түнімен бір деревняны торуылдай шолдым. Қыбыр етіп оқшауланып біреуі шықсайшы. Көзім сәл ілініп кеткен екен. Ән естілді. Басымды жұлып алсам, бозарып таң атыпты. Мен шоқ орманның деревня жақ шетіне таман жатқам. Кімді көрді дейсің ғой? Жап-жас келіншек! Мәтушке! Жалаңаш толық балтырымен шалғындағы шықты кешіп, қолындағы түйіншегін сермей түсіп, әндетіп келеді. Бұта тасасынан көріп отырмын. Ақ шыт орамалды тамақ астынан алқымдатып байлап апты. Төсі топ-толық. Маған төсінің қажеті қанша. Анау ақ тамақтан орай қара кездікті бір сілтесем — басқасы керек емес. Тұсыма жақындады. Бір-ақ атқыдым.


Келіншек кездікті көргенде көзі ұясынан шығардай бақырайып кетті. Айтып келе жатқан әні кілт үзілді. Түйіншегін лақтырып тастай салып, қолының сыртымен аузын басты.


Сүйелбай тартынған айғырдың шылбырын жұлқып қалды. Маратбек құрдасының жүндес қолына үңілді. "Апырай, шынымен жазықсыз әйелді бауыздадың ба?" дегендей дірілдеген саусақтардан көз алмайды.


— Сонсоң... Не істедің? Өлтіргенің бе?..


Сүйелбай жалт етіп шүйілді. Әлдебір сиқыр күш бет-аузын сипап өткендей иектен басталып жүгірген бір толқын дірілдеп барып, маңдайда ыдырап кетті. Сол-ақ екен, беттегі қан түп-түгел алаулап қанталаған көзге ауысқандай түсі қуқылданып, шөлмектей бозарды.


— Өлтірерсің оны! Кеудешесінің түймесін бірінен соң бірін бырт-бырт үзе шешіп, лақтырып жіберді. Аппақ омырау жап-жалаңаш. Төсіндегі қос анардың саусақтың ұшындай қоңыр істігі шыбыш ешкінің үрпіндей.. Бір кез... белдемшесі сусып аяқ астына сұлады. Келіншек ләм демейді, бірақ тісі-тісіне тимей сақылдаған бойы әлгі бір анадан туғандай қалпында үнсіз келісім танытып шалқалай берді.


...Иә, өлтіре алмадым! Сен менің жалаңаш әйелден жалпылдап қашқаныма күліп отырған шығарсың.


Маратбек көзін тіктеп еді, анау буалдырланған жанармен бұның бетіне кірпік қақпай тесірейген екен. Көріп отыр ма, көрмей отыр ма — қарашығы кішірейіп ақшыл етке сүңгіп бара жатты. Жүзінде қыбыр еткен бір белгі білінбей, селт етпес сүлесоқ көз қараспен қадалып, санадағы жарқ-жұрқ айқасқан майданды үнсіз кешіп отыр.


— Жоқ! Жым-жымнан із кескен қашқын тірлігіңе күйінем! Көрінген көлеңкеден қорыққан жолбасарлығың құрысын, Сүйелбай! — деп шырт етіп ашуланған Маратбек әлгі енжар қарасты өзіне шақырды.


— Тарт тіліңді! Қысқарт! Сен әуелі менің көргенімнің жартысын көріп ал. Содан кейін сөйле.


— Сүйелбай, "битке өкпелеп тоныңды отқа салма" дегенді ұмытып отырсың. Өкінесің. Бірақ кеш болады. Сүйелбай кірпігін айқастырды. Азуын егегенде жақ еттері буылтықтанып жүгірді. Кішкене құлақтары жылмиып шекеге қусырылды.


— Тұр! Өз обалың өзіңе!


Шылбырды білегіне екі-үш орап алды да, мылтықты кезеніп орнынан атып тұрды.


Маратбек дәл маңдайдан көзіне шақырайған күн сәулесін жеңімен көлегейлеп, Сүйелбайға қол тасасынан әлі де болса дәмелене қарады.


— Шеш белдігіңді!


— Неге?


— Шеш дедім ғой! Айтқанды істе!


Маратбек белдігін босатып алды. Қайыс белдіктің жап-жалпақ доғабасындағы — алақандай сарғыш жезін сұқ саусағымен сипады.


— Сал мойныңа! Енді серт бер! Мені көрген жоқсың. Қазір қайтасың да, артымнан іздеп шығар қуғыншыларды теріс бағытқа сілтейсің! Бұл бір! Екінші, бұдан былай менің көзіме түсуші болма. Онда бір оқ жалынсын. Бол! Соза берме! Айт сертіңді!


— Сүйелбай, өйтіп қорқыта алмайсың. Мен дәл саған серт бере алмаспын. Ат! Өлтір! Бірақ алған бетімнен қайтарым жоқ!


— Құдай куә, Маратбек! Құрдастығыма байладым. Қолымды босқа қандама. Бір-ақ сөз! Бір ғана сөз. Айт та, жөніңе тай. Биеңе мін де, жаныңды олжала!


Сүйелбай құп-қу боп сұрланып шүріппеге сұқ саусағын дірілдете жанастырды.


— Жалынамын, Маратбек! Жаралама жанымды!


Маратбек үндеген жоқ. Көзін тайдырмастан басын шайқады. Ақ тезектің күліндей бозаң тартқан қан-сөлсіз жүздің құндақта жатқан оң жақ беті кіржің-кіржің етті. Бесатардың дүмін төсіне тіреп қарауылды сығалады.


Маратбек енді ештеңенің араша болмасын сезді де, екі қолын жайлап жанына түсіріп, бойын тіктеді. Сол сәт алақанда жатқан жез доғабас жарқ етіп күнмен шағылысып, ұшқыр сәуле ақ боз айғырдың жанарын ұрды. Сескенген айғыр оқыс атқып кеткенде, білекке оратылған қыл шылбыр Сүйелбайды орнынан жұлып түсірді. Бесатар анандай жерге ұшып кетті.


Маратбек жалма-жан мылтықты іліп алды.


Осының бәрі қас қағымда болып еді.


Шылбырдан айрылмай сүйретіліп барып тәлтіректеп түрегелген Сүйелбай өз қаруын өзіне оқтанып тұрған Маратбекті көргенде ысылдай ыңыранып қалып, жұдырығымен маңдайын тоқпақтап-тоқпақтап жіберді. Содан кейін жейдесінің омырауын дар еткізіп айырып, сұңқылдаған дауыспен айқай салды.


— Aт! Aт, шоқынды! Мен емес, өкінетін сен боласың. Сен! Қазы-қарта көзіңнен бір-бір ұшады. Шошқаның майын жейсің. Жайлауыңа поселке салады. Байлығыңды пойызымен тасиды. Ат, шоқынды неме! Шүлдірлерсің әлі. Әттең қапы қалдым. Орыстан бұрын орыс болған сен сияқтыларды құрту керек. Ат, оңбаған!


Безектеген дауыс Маратбекті қатты қайран қалдырды. Зәрін төккен сөздерден гөрі Сүйелбайдың жыбыр-жыбыр етіп қисайып кеткен ерні, жылт-жылт шыққан бетіндегі майлы тері, дем арасында шүңірек тартып, үрей ұялатқан ақи көзі ажалын көрген адамның әп-сәтте сұмдық өзгеріске ұшырайтын әрі ашынған, әрі жалынған бишара түрін алдына бадырайтып жайып салған еді. Қапелімде тұла бойында дуылдап от жүгіргендей, артынша-ақ мұз қарығандай оқыс қалтырап, беймәлім тұтанған аяныш сезімге шомып бара жатты.


— Сүйелбай! Сабыр етші...


Сүйелбай басын кекжите шалқайып, ақсиған тістерін көрсете мысқылдай ырсиды. Өкініш толы көздері бір кез кең ашылып, қолындағы шылбырға қадалды. Ысқырына тіл қатты.


— Жетер! Тездет енді!


— Оқшантайды бері таста!


Беліндегі оқшантайды жұла тартып, бауын үзе-мүзе лақтырып жіберді. Білегімен аузын сүртіп, шырт түкірді. Қышырлана тісін егеді.


Маратбек оқшантайды беліне байлап алды. Содан кейін бесатардың затворын кейін тартып қап, аяқ астына ұшып түскен патронды көзімен біраз шарлай іздеді. Көрінбеген соң, еңкейген жоқ. Магазиндегі төрт оқты суырып, қалтасына салды.


— Сүйелбай, тыңдашы...


— Сен...сен... көп қыртпа, білдің бе? Азғырғаныңа көніп сала беретін қатын жоқ мұнда. Босқа мылжыңдамай, істеріңді тез істе! Шоқындымен сөзім жоқ!


Маратбек сыздықтата күрсінді де, асықпай адымдап барып байлаулы аттарды бір-бірлеп босатып, әрқайсысының ноқтасын басына түрді. Сайдан төмен қарай айдап салып, көк биеге қарғып мінді.


— Сүйелбай, мен де серт айтайын. Досым едің. Жаның — аманат! Екінші рет тар сүрлеуде жолымыз айқаспасын. Онда аямаймын.


Шылбырын сүйрете кеп ақ боз айғырдың жалына тұмсығын көмген Сүйелбай басын көтермей тұрып қалды.


Көк бие ілгері аттады.


Маратбек бесатарды лақтырып кетті.


Тастөбеден ауып түскен күн ыстық лебімен дүниені түгел күйдіріп барады. Алдындағы аттардың бауырында қыбырлаған көлеңкеге тесіліп келе жатқан Маратбек кенет құлақ түбінен зу еткен дыбысты естіді. Жайлап бұрылып, артына қарады, бесатардың ұңғысынан майда желпіп көтерілген бір уыс көкшіл түтін бетін көлегейлеген Сүйелбай қалшиып, кезеніп қалыпты. Қимылдамайды.


"Жалғыз патронды тауып алған-ау! Ақыры атып тынды. Бесатарды бекер қалдырдым ба? Енді оғы жоқ....


Оғы жоқ.... Оғы жоқ..."


Көз ұшынан темір жолдың таспаланған төс табаны бұлдырап шалынды. Көк мұнарда жер мен көктің арасында қалықтап қыбырлап жүрген жұмысшы қауымды көргенде, алабұртқан жүзге қан теуіп, Маратбек бүгін алғаш рет күлімдеді.


Шыр етіп жұдырықтай бозторғай тік көкке самғады. Қос қанатын дірілдетіп бір орында тұрып алып ұзақ сайрады. Әні тым әуезді. Маратбек аптапта тыншыған селсоқ жапанға енді ықыластана көз тастады. Әне, ін аузында жуан бөксесіне шаншыла шоқиып семіз суыр алдыңғы екі аяғымен бет-аузын жыбыр-жыбыр уқалап қояды. Осы қалпы: "Әй жүргіншім! Менде нең бар. Жүре бер. Қарайлама. Мен қазір сап-салқын ініме кірем. Егескенде, рақаттанып ұйықтаймын. Өз үйім, өз далам!" дейтіндей тіпті жайбарақат. Бір сәт тана көздерін қыбырлатпай оң жағына сәл қисайып, бозторғай әуеніне құлақ түргендей қимылсыз қалды.


— Маратбек мырс етіп күлді. Бұрылып, қолын ербеңдетіп сес көрсетті. Суыр болса, алдыңғы аяғын сермеп қойып шақарлана ысқырды да, өзіне жақындап қалған атты адамнан қаймығып, ініне сумаң етті. Маратбек оқшантайды көміп тастады.


Маратбек барақтарға жақындағанда, ықшам киімді, шошақ кепкалы, винтовка асылған төрт-бес милиционер алдынан қарсы кездесті.


— Бәле! Нағыз олжалы жігіт мынау болды!


— Ұры қайда?


— Кім екенін таныдың ба?


— Бізге дәл қазір жол көрсетуге қалайсың? Шаршаған жоқпысың?


— Тұс-тұстан жамыраған дауысқа ләм демей, Маратбек биесін тақымдап киіз үйге қарай бұра берді. Милиция бастығы қатарласып келіп тізгініне жармасты.


— Тоқта! Қане жауап бер. Неге кекірейесің! Неге үндемейсің! Ұры қайда?


— Білмеймін. Керек болса, өзің тауып ал.


— Сен, жігітім, жөн сөйле. Әйтпесе...


— Немене әйтпесе?


Қатуланған милиция бастығы шолақ қамшысын білемдеп көтеріп, былғары тоқымды сықырлата галифесінің былғары жамаған тақымын егеп-егеп жіберді.


— Қамаймын! Көзіңді түрмеде көгертем! Абақтыда шірітем! Әйтпесем сол!


— Қолыңнан екі келсе, бірін қыл. Мен ешқандай ұры көргем жоқ, аттарды шатқалдан тауып алдым, — деді де, Маратбек милицияның шеңгеліндегі тізгінін жұлқи босатып, биені тебініп жүріп кетті.


Милиционерлер із қуалап, кері қарай үздік-создық лекіте жөнелді.


* * *


Терезеден төгілген күн сәулесі алақанынан сусып шығып кетіпті — қарсы беттегі ескі әбдіренің қаңылтыр белдеуінде жылт-жылт құбылады. Сырттағы әлдекімдердің ербеңдеген көлеңкесімен тығылыспақ ойнағандай бір сәт жоғалып кетеді де, артынша-ақ әлгі жолақ-жолақ жез таспаларда кәдімгідей нұр шағылыстырып қайтадан жарқырай қалады. Күл үстінде шықылықтап секірген бозша торғайдай.


Маратбектің төсек тартып жатқаннан бергі елендей күткен бір адамы бар. Ол — құрдасы Мұхит. Кеудесі тарғыл мысықтың ұясындай пырылдап, кернейлетіп жүруші еді, көптен төбе көрсетпей кеткеніне қарағанда Мұхит та кәрі серік — көкірек ауруын қоздырып, үйінде жатып қалған тәрізді.


Мұхиттың мінезі қызық. Бес жас үлкенмен де, бес жас кішімен де құрдас бола кетеді. Мүмкін ол көңілдің ақтығы, мінездің шаттығынан да шығар. Кейіндеп, кешеуілдеп үйленген осы жігіт ауылдың бар әйел қауымымен қалжыңға үйір болатын. Бойдақ жігітке рудниктің мол ақшасы қалай шайқауына да жететін еді. Серіліктің рәсімі дей ме, қашан көрсең де, мойнынан сала құлаш түкті орамал түспейтін. Ол кезде дүкенде бөкебай аз, сүлгі мол. Қалжыңбас құрдастардың ұябасарлары дүкенге баруға ерінген кездерде жиналып келіп, Мұхит сорлыны түйебас етіп жататын. Соның нәтижесі ретінде, кешке қарай бір келіншек түкті орамалды сабындап жуып, албарына іліп қоятын. Мұхиттың серілігінің арқасында қара судың төменгі жағасында тұратын жастар аулының кез келгенінің үйінде үш-төрттен сүлгі үйіліп қалып еді. Әлдеқалай той-томалақтарда маңайдағы колхоздардан жиналатын шалдар ағыл-тегіл пораланған терін көлдей орамалмен көпірте сүрткіштеп, өндірістегі келіндерінің ұқыптылығына көңілдері тоя, баталарын үйіп-төгетін.


— Әжептәуір үй болып қалыпсыңдар, қарақтарым. От басының берекесі аяқ-табақ, орамал, жаулықтан басталады. Иншалла беттерің түзу, — деп елпілдейтін бірі.


— Қанша дегенмен кентті жердің дүкені таяу. Бас-басымызға бір-бір сүлгіні ұсынғанын көрмеймісіз. Бақытты бол, келінжан. Ұл тап, ұрпағың молайсың, — деп екіншісі қошуақтайтын.


Сол Мұхит үйленген кезде Маратбек оны біраз сандалтқанын есіне алып, бүлк етіп күліп жіберді. Жұқа көрпенің орта тұсы толқып басылды.


Соғыстың алдындағы қырқыншы жылдың жазы болатын. Станциядан он екі шақырым жердегі "Үлкен талап" колхозының шопаны Еңбек Қызыл Ту орденін алып, той жасаған-ды. Туысы орден алып, атаққа ілініп, ауыл-аймағын думандатып тойлап жатқанда Маратбек қалай іркіліп қалсын. Қант-шайын, шарап-сусынын қоржынның екі басына сықап толтырып, рудниктің самоход арбасына сығылыса жайғасқан көршілерімен бірге колхозға жөнелген. Жайлаубек үш-төрттегі бала еді. Сұмдық ерке болатын. Арба үстінде де көкесінің иығынан түспеген.


Қайқы белдің жонарқасына ирелендей көтерілген дала жолы иіңкіге еңкейгенде, сонау көз ұшындағы тойлы ауылдың жан-жануарын түгел қыбырлатып, сапырылыстыра араластырып жайып салған. Соны көргенде қос қарагердің делбесін ұстап отырған Сүйелбай шақша басын шұлғып қап бишігін үйіріп еді. Самоход арба толы бала-шағаның үрейленген шуылынан одан сайын қодиланған Сүйекең еңіске зымыраған аттарға қырылдақ дауыспен қиқу қосты. Жол үстіндегі кесек тастарға кездескен доңғалақтардың темір шені ойбай сықырын көбейткенде, жыны қозғандай екіленіп, делбені сарт-сұрт соқты.


— Шуу, жануар! Таянғанда аянба!


Шудаланған шаң ат тұяғынан да, арба дөңгелегінен құтырына көтерілді. Үйіріп соғып, бет-ауызды, үсті-басты көміп-көміп кетті. Дес берер Сүйелбай ма, алдарынан шабаланып үріп шыққан ауыл иттеріне бишік үйіріп, бір-екеуін қаңсылатып бездіріп жібергеніне мәз.


Сол күні кешке дейін қызықтаған рудник адамдары кешке қайта алмады. Ертеңінде жаяу жарыс, палуан күресі болады дегенді естіп, демалыс болғандықтан түнеп шығуға еріксіз көнген-ді.


Өзін сап мен серінің сарқытындай сезінетін Мұхит бұл ауылға Маратбектерден де бұрын жеткен екен, бір кезде құрдасының қасына жақындады. Ымдап оңаша шақырып алды.


— Аузыңды ұрайын, бір жыл туған төлсің. Қайда жүрсің? Ақылыңды айт.


— Е, е, не боп қалды?


— Үйленем.


— Сен бе?


— Иә. Күйсін-жансын, сөйтіп шорт кесем.


— Қашан?


— Осы тап бүгін.


— Қалыңдығың кім?


— Ойбай-ау, соны саған көрсетіп, сынатқалы тұрмын ғой. Ақылыңды айт демедім бе.


— Мұхит, аптықпа. Менің сыным саған өтпес. Мен сынаған күнде де — алатын, үйленетін — сен. Алдымен өзің ұнатуың керек.


— Түу-түу, құрдас! Ойбай-ау, ұнатпасам осылай үздігіп тұрар ма едім. Сол ғой саған білдіргенше асыққаным да. Маратбек-ау, несін айтасың, өзі адамзаттың көріктісі! Нағыз қыпша бел! — деп Мұхит құрдасының жеңінен тартып дедектете жөнелді. — Жүр! Жүрсеңші енді. Қазір көрсетем. Әй, дос, сен анау қыздың алдында мені бұрынғыдай қалжыңдап жүрме. Онда құдай біледі дейінші, құрдастыққа пысқырмаймын. Өмір бойы көрмей өтем өзіңді. "Достың көңілі бір атым насыбайдан қаладыны" ұмытпа. Қайта, сен бар ғой, Маратбек, сол қызды маған бейімдей бер. Әттең, көңілің құлаған жанға сыр білдіруге тілің күрмеліп қалады екен. Сен енді аянбассың.


Бейтаныс келіншек Маратбекке де ұнады. Балқаштан келген қонақ екен. Ақжарқын күлкісі, әдемі қалжыңды, айкүміс сырғасы бар — жиырманың нығыз ортасындағы бәденді күлімкөз. Бес қанат киіз үйдің ішіндегі жұрт біткенді түгел өзіне қаратып, әзілді де, әнді де кезек жаңғыртады. Бір кезде түкті орамалды мойнына екі орап алған Мұхитқа қара көздерін ойнақтата төңкерді.


— Әу, жігітім, не даяшы, не баяшы емес тәріздісің. Мойныңа сулық асып алып, екі көзіңмен манадан мені тесіп барасың. Не өртеп тынарсың, не өртеніп тынарсың. Қарасың тегін емес екен, — деп отырғандарды ду күлдірді.


Маратбек құрдасының санынан мытып қалды.


— Қимылда. Ұрымталын жіберме.


Мұхит мойнындағы сүлгінің ұшымен бетін сүртті. Қылғынып тамағын қырнады.


— Қарындас, өзім өртенетін болған соң орамалымды тастамай жүрмін. Біз де біраз бойжеткенге қырындап едік Бірде мен әлдебір күлімкөзге "Аяғыңды аңдап бас, қалқа!" деп әзіл де айтқам.


Жұрт тағы дуылдап барып басылды.


— Сонда қалай, күлімкөзіңіз ақсақ па еді? Аяғына қарағаныңыз аяғаныңыз ба? — деп келіншек ақ тістердің дымқылында шам сәулесінің жарығын билетті.


— Жоға! Қапелімде кейде ауызға сөз түсе қояр ма. Далбасалағаным шығар. Өзіңізге де өкпемді алып ұшардай ниетім көп. Жеткізе алмаймын ба деп жүрексініп отырмын, — деп Мұхит төтеден қосылды.


— Жігіт ұнаса, өкпесін өшіртуге қос етек көйлектінің қайсысы шыдай алар.


— Бәсе, өзім де солай ойлап ем. Ендеше, аянбай бір шырқайыншы, — деп Мұхит көршісінің қолындағы домбыраға жармасты.


Түнімен ән мен күйді тамашалаған тойлы қауым ертеңіне ұлы сәскеде оянып, қызуды қайта жалғастырды.


Рудниктің күреске шығарған үш палуаны түгел бәйге алып, мейманасы тасыған жұмысшы қауымы біраз дүрілдеген. Мұхит пен қалалық бикештің бір-біріне деген сыңайларын танып қалған соң бәйгенің жол-жүлдесінің ең тәуірі де Мұхит арқылы келіншектің еншісіне бұйырған. Мұндайда уақыт зымырағыш қой. Күн екіндіге ауғанда Маратбек мазасызданды. Рейске шығатын мезгіл жақындап, Сүйелбайға жалына бастады. Табақ-табақ ет, сап-сары қымызды қимады ма, әлде белгілі қырсығы ұстады ма, Сүйелбай қос қарагерді самоход арбаға жегер емес. Оның үстіне Сайлаубектің де қыңқылы көбейді.


Ақыры намаздыгердің кезінде үй белдеуінде қаңтарулы тұрған шопан ағайының торы бестісін көріп қалды. Торы — қасиетті жануар. Маратбек зәуіде бір жолы түсіп, осы колхозға сонау рудник басынан жаяулап келеді де, қайтарда торы бестінің үстінде шіреніп, аға-жеңгелеріне қозыкөш жерге дейін қол бұлғап бара жатады. Үйіне тұмсық тіресімен-ақ торының жүгенін түріп, шаужайдан бір сипап, колхозға қарай басын туралап қоя беретін. Торы сол бойда еш жерге тоқтамай, үйреншікті белдеуге жетіп бір-ақ тірелетін.


Сол торы бестіні көргенде Маратбек мұртынан күлді. Тойға келе алмай қалған Әйкіжанды сағынып қыңқылдаған Жайлаубегін алдына отырғызып, бүлкілдете жөнелді.


Келген бойда рейске шықты.


Тәулікке жақын жолда болып, үйіне кеш түсе оралды.


Әйкіжан есік алдында күтіп алды. Көңілді. Үй ішінде самбыр-күмбір дауыс көп.


— Жайшылық па?


— Құрдасың үйленіп... Келіншек түсіріп.... Өзі саған ашулы. Мінезін білесің ғой, әзірше ығына жығыла бер.


Қарағай есікті ойбайлата ашып, табалдырықтан аттаған Маратбек өз үйін өзі танымай қалды. Төрге шымылдық құрылған. Екі жерге жетілік шам ілінген. Қайдан алғаны белгісіз тақыр жерге тықыр алашалар төселген. Жағалай иін тірескен көрші-қолаңдары дуылдасып қарсы алды.


— Маратбек-ау, көрімдік!


— Мұхит құрдасың, несін айтасың, айды аспанға бір-ақ шығарды!


— Келінжан, шымылдықтың ішіне кір.


— Оу, пойтік-шорту3, қазақбайский дәстүрді таста. Бұнда баяғының босқа қылымситын келіні жоқ. Советский заманның жастарымыз,- деп әлдекім дүрілдеді.


— Дұрыс. Келінжан, мынау Маратбек. Мұхиттың құрдасы. Ой, Мұхит! Саған не болған? Көтерсеңші басыңды. Ойпырау, сыртын тосып, тоңқайып алғаны нес. Сенен басқа адам келіншек түсірмегендей.


Мұхит шынында да кәдімгідей өкпе сыңайын танытып, Маратбектің созған қолын алмай, мұрын астынан міңгірлегенде, келіншек ақ жарқын күліп, даусын сыңғырлата созды.


— Құрдас, Мұхиттың өзіңе қыжылы керім. Әттең оңашада кездеспедіңдер. Онда ма, онда Көбікті мен Қобландының айқасы болатын еді.


Жұрт аяғы тарқап, қос келіншек пен екі жігіт өздері қалған соң Маратбек Балбөпеден (келіншектің аты Балбөпе екен) істің мән-жайын сұрап білді. Сөйтсе, Мұхит құрдасы Балбөпеге "Сені бүгін түнде алып қашам Дайын отыр" деп той үстінде қолқа салады ғой. Балбөпе " Қайда, кімнен алып қашасың? Қашпай-ақ өз келісіміммен ілесейін деп отырмын ғой" десе бұрқан-талқан ашуланып, қияқ мұртты егеп-егеп жібереді. "Оу, бұрынғыдан қалған дәстүр бар емес пе? Сал, сері біткен сүйіктісін түн қатып жүріп алып қашатын. Олардан менің қай жерім кем? Олардың қалыңдықтарынан сенің қадірің төмен бе? Жоқ. Болмайды. Ырым аттап кете алмаймын. Өзімнің нақ сүйерім сен болғанда, сенің жарың — мына Мұхит ондай тәуекелге неге бармасқа. Ендеше, буынып-түйініп дайын отыр. Ешкімге сыр берме. Қуғыншы шығаратын сезік білдіріп алсақ, істің арты насырға шабады", — дейді. Балбөпе еріксіз басын изейді. Буынып-түйінетіндей жолаушы жүрген жанда басы артық нәрсе бола ма, жакетін киіп, ридикюлін қолына ұстап, құрым үйдің тасасынан бой көрсетеді.


Бұл кезде Мұхит өлердегі сөзін айтып, нағашысының торы бестісін бір түнге сұрап алады ғой. Соны жалма-жан ерттетіп, белдеуге байлап қояды да енді қуғыншы-қарашы көрінбес пе дегендей қотан ортасында тұрып алып, жан-жағына көз жібереді. Сезікті ешнәрсе назарына шалынбаса да, өз-өзінен қуыстанған болашақ күйеу ауылды сыдырта аралап, сыр аулауға кіріседі. Әйелдермен әзілдесіп, Сүйелбаймен егесем деп жүргенде іңір де түсіп, көз байланып кетеді. Сол-ақ екен Мұхит енді тіпті мазасыздана бастайды. "Апырау, мынау ауыл неткен бейқам. Ай мен күндей сұлуын көз алдарында алып қашайын деп тұрғанымды білмеді-ау. Қашқын-қуғынсыз, оп-оңай тоқты өңгеріп әкеткендей Балбөпені мінгестіріп ың-шыңсыз шыға бергенім азамат атыма мін болмас па? Қой, неде болса, қыз ұрлап қашатынымды біреуіне білдіріп кетейін. Намыстары болса, ат-сойылын дайындар. Құба жонды тұяқ тықырымен дүбірлетіп, ой, торы бестімен Балбөпені құшақтап отырып, арттағы қуғыншыларды шаңыммен көміп кетсем, Құлагерімен Ақтоқтысын алып қашпақ болған Ақан серіден де асып түспеймін бе".


Осы құтырыңқы ойлардан кеудесіне қыз-қыз желік кірген Мұхит енді аузының желі бар жанды іздеп, төрт үйді түгел сүзіп шығады. Әр үйден біреуді оңашалап алып, құпиясын әлгінің құлағына құяды. Оған да сенбей, төртеуге тағы төртеу қосып, айналдырған жарты сағаттың ішінде бүкіл тойлы ауылды болашақ ерлігімен түгел құлақтандырып өтеді.


Енді Мұхиттың есебі түгел. Көңіл көншіді. Кермедегі жер тарпып тұрған аттарды көрген сайын кеудесі көріктене түседі. "Шетінен сайгүлік-ау! Қазір мына жануарларға міне-міне салып, сойыл-құрықтарын сорайтып соңыма қиқулап түсіп кеп береді. Сонсоң... Топырлатып тобықтан қағып домалатып, шетінен жусатам. Қой, оным жарамас. Онан да дәл қазір көліктерінің айыл-тартпасын қиып кетейін бе. Бірақ онда артымыздан ешкім қуып шыға алмайды-ау!"


Осындай түрлі қиялға шылбыр созып, өзімен-өзі болып тұрған күйеу жігіттің иығынан әлдекім тартып қалыпты. "Қашпақ болсаң — зымыра!" деп бүкіл жұлын-жүйкесімен секемденіп, үргедек сезіктің уысында жүрген Мұхиттың жаны мұрнының ұшына шырқырап кеп, қонақтамай ма. "Апыр-ай! Аңдушысы мығым екен. Аяқ астынан тұтылғанымды қарашы! Енді қарсыласудан пайда жоқ, бас сауғалап, қол қусырғаным жөн болар" деген оймен сүмірейіп бұрылса... күлімдеген Балбөпе қос доғадай иілген қара қастарын керіп тұр екен.


— Се-е-енбі-сің, Ба-ал-бөпе-е?! — деуге тілі әрең келіпті.


— Неге бөгелеміз? Кетпейміз бе — деп қалыңдық мойымайтын көрінеді.


— Қазір. Сен анау қарағанға қарай жүре бер. Мен торы бестіні алып оралайын. Оу, Балбөпе-ау, қаздаңдамай, шапан жамылып... Түу, шапаның да жоқ екен ғой. Енді былай... бұқпантайлап... дыбыс білдірмей сақ жүрсеңші. Мына жау ауыл дәл қазір түгел көз болып, екеумізді ғана бағып отыр. Аңысын аңдымасақ, біздерді аман жібермейді, — деп Мұхит екі аттап, бір тоқтап қырағылықты сауысқаннан да арттырып, белдеудегі "Құлагеріне" ентелей жөнелді.


Бір кезде ентігіп оралды. Қоралап туған айдың күңгірт жарығында танаулары делдиіп, қияқ мұрттың әр жүз түгі бір-бір тікенектей қадауланып қалыпты.


— Құрыдық, Балбөпе-ем! Құрыдық! Торы ат жоқ. Біздің сырымызды біліп қалып бұлар әдейі жаяулатып отыр. Енді не істейміз?


— Не істеуші ек, бүгін осында қонып, ертең анау тойшылармен бірге қайтамыз да.


— Ойбай, атама оны! Онда сен маған жоқсың. Екеумізді екі айырады да, ғашық отына өртеп өлтіреді.


— Кім?


— Мына ауыл! Жау ауыл!


— Мұхит-ау, жау ауыл дегенің — кілең өзіңнің туыстарың емес пе? Мұнда менің немере әпкем ғана бар. Ол менің отау құрғаныма дән риза. Енді кімнен қауіптенесің?..


— Түу, Балбөпеш, бала екенсің! О заманда бұ заман қыз алып қашқан жігітті ұсталып қалса, сау жіберген қазақты көріп пе ең. Өзің қалада өсіп, ауыл арасының әдетінен мүлде адасып қалыпсың ғой. Жүр! Бөгелмейік. Он үш шақырым деген немене? Қазір-ақ жетіп барамыз. Рудниктің төбесі көрінсінші, бізге кім тиісер екен.


Бірін-бірі жетелеген күйеу мен қалындық жолға түспей, ши-шиді, қараған, бұтаны тасаланып тартып береді. Мұхит өте сақ. Әр жүз қадам сайын етпеттеп жата қалып, құлағын жерге төсеп тың тыңдайды екен. Алғаш жігіттің мінезін түсінбей, таң қалған Балбөпеге:


— Ойбай-ау, соңымыздан із-өкшелеп қуғыншы келе жатпасына көзің жете ме. Осылай алдын алмасақ, аяқ астынан опық жеп қалармыз. Бұларға сенуге болмайды. Түк білмегендей жым-жырт қалуларынан қорқам. Дәуде болса олар дәл қазір аласапыран үстінде.


"Қыз қайда? Жау қайда?" деп қолдарына түкіріп, қамшыларын үйіріп жатқанына бәс тігуге бармын, — деп тізесінің шаңын сүрте түрегелген Мұхит тағы да Балбөпені ентелете жүгіртіп, сүйрете жөнелді.


Етегін қараған іліп, биік өкше көп түймелі туфлиінің тұмсығын түбір қағып, өкпесі өшкен қалыңдық орта тұста тұрып қалды.


— Тоқташы!


— Кідірмейік. Кешіксек — құримыз. Әттең астымда ат, қолымда құрық жоқ. Онда аянбай айқас ашар едім. Мына түрімізбен, Балбөпе, екеуміз үш-төрт адамға дес береміз. Әрине олар мені біледі. Сондықтан бесеу- алтау болып шоқтанып шығады. Әйтпесе, Мұхиттың соңынан жеке дара қуатын жүрек жұтқан ержүрек адам жоқ бұл ауылда. Тек, мені олардың көптігі ғана үркітіп барады-ау, — деп кідірген сайын жаны тызалақтаған жігіт, бір кез қалыңдығына иығын төседі.


— Тез, Балбөпе! Мін арқама!


— Қойыңызшы, ұят-тағы.


— Таласпа! Уақытты оздырмайық. Қап! Әлгінде ауылдан шығарда қателік жіберіп алдым. Бетті тура рудникке бермей, қиғаштай тартып, із адастыру қажет еді. Енді өкінгенмен амал жоқ. Бол, Бөпеш! Бол! Ұста мойнымнан! Сенен тірі айрылғанша, атар таңды көрмей, мынау қара түннің қойнында мәңгі қалармын.


Балбөпенің де кеудесіне үрей ене бастайды. "Апырай, даланың заңы әлі өзгермегені ме? Мына кербез жігіттің соншама қауіп ойлағанына қарағанда, шынымен қуғыншы шығып, қуанышымызды үзіп кетер ме" деген алаңшыл күдікпен жігіттің арқасына ырғып мініп алады ғой. Мұхит ә дегенде мұрт астынан "Ауырлығың білінбес бір мысқалдай" деген ән жолын елжірей созып, бүлкектей жөнеледі. Жатаған төбелердің ойдым-ойдым қарағаны қандай көп, шалғайдан тартып, етекке оралып, біраздан соң жігітімізді болдырта бастайды. Екі аяқ шатқаяқтанып, маңдайдан бұлақ көзі ашылып, көз шарасына құйылған ащы тер берекесін қашырып барады. Енді Мұхиттың ойына "Қыз ауыр ма, түз ауыр ма?" деген қыршаңқы мақал қайта-қайта оралып, таңдайы кебірсеген ауыздың қуыс көмейінен ысылдаған ентікпе дем жиі атылады.


— Жолға түссеңші, — дейді болашақ жарына жаны ашыған қалыңдық жота үстінде жантайып жатып.


— Бо- о-ол-ма-айды.


— Неге?


— Із жа-ау! Ұстап бере-е-еді-іе...


— Мұхит жігіт. Жігіт бір сөзді болу керек. Өл-тіріл, намысыңды таптатпа. Сыр білдірме. Арқалап алды.


"Ауырлығың бір мысқалдай-ақ" деді. Енді Балбөпе қашан өзі біліп, "Жерге түсейін" дегенше осы еркектік жігерімен итшілеп тарта береді.


— Ойпыр-ау, неге түсем демейді? "Әйел алдың — мойныңа қамыт түсті" деп құрдастарым күңкілдеуші еді. Мынау қамыттан да өткен құбыжық қой. Неткен ауыр бәтшағар еді. Ұйықтап қалғаннан сау ма өзі".


— Бал-ал-бө-пе!


Ысылдаған демді ыңырана созып, "пені" бітіргенше аяқ астындағы әлдебір тасқа сүрініп, омақаса құлады. Ырс етіп тұмсығымен құм қапты. Дес бергенде жығылған жері құмдауыт екен, денесіне жарақат түскен жоқ. Үстіндегі Балбөпенің құшағынан сытылып шығып бір аунап, ес жиды. Дәл сол сәт ыстық ерні бет шарпып жақындаған келіншектің маңдайынан


ұстай алды.


— Тоқта! Әзір әлі ерте сүйісуге!


Лып кеудесін көтерген Балбөпе теріс қарап отырды. Иығы селкілдейді. Күле ме, жылай ма — дәл қазір Мұхитқа бәрібір. Ендігі тілек — аман-есен рудникке бір жету. Одан соң Балбөпешті...


— Ой бай! Әне!


Сыбырлаған дауыс оқыс ысқырынып барып кілт үзілді. Дауыспен бірге оң қолы шошаң етіп қалып, Балбөпенің иығына бүре тиді де, қалыңдықты шөкелетіп түсірді.


— Бұқ! Қимылдама!


— Не? Немене, Мұхит! Не болды? — деп Балбөпе тыпырлап жатыр.


— Келіп қалды! Үстімізден түсті.


— Кім? Қайда?


— Әнe! Рудник жақтағы жол үстінде.


— Оу, қуғыншы соңымыздан келмей ме?


— Пәле, өзің ештеңе сезбейді екенсің ғой. Оларды тегін деп ойлап па едің. Алдымызды оратып жіберген барлаушысы емес пе. Көтерме басынды. Көтермеші, Балбөпеш!


— Жалғыз ғой.


— Соңында бас бағып келе жатқандары мол. Балбөпеш, давай, серт алысалық. Қандай жағдай кездессе де, мен — сендікпін! Қазір өлсем де осы антымнан айнымаймын!


— Мен де...


— О, жаным! Енді келе берсін! Келсін түгел!... Ойбай, анау бері бұрылды, — деп қайтадан етпеттеген Мұхит бауырымен жер сыза түп қарағанға қарай шегініп барады. — Бөпеш, бері жылжы. Ойпыр-ау, қорбаңдамай ептеп қозғалсаңшы, ептеп!.. Неменеге ентігіп қалдың. Міне, мына араға жайғас. Бізді көрмей өтіп кетулері де мүмкін. Қап, айдың да жарығын қарашы! Қырсыққанда осылай жол болмайтын әдеті. Балбөпеш, осы сенің қадамың қандай еді? Қайырлы ма еді деймін. Оу, самбырлама, самбырлама деймін.


Балбөпе жақ жазудан қалды. Үрей билеген дененің әр пұшпағы қорқыныш ұясы болады ғой, әлдебір жеріне әлдене оқыс тиіп кетсе, аттан салардай ширығып отыр.


Жалғыз жолаушы жақындап келеді.


— Анау неге қыбырлайды? Іші ауырып келе ме?


— Балбөпеш-ау, із кескен адам қатты жүре алушы ма еді. Екі көзі жерде емес пе, — деп Мұхит құшағындағы қалыңдығын қыса түсіп бүрісіп отыр.


— Мәссәған, үстінде адамы жоқ қой, — деп Балбөпе орнынан ұшып тұра беріп еді, Мұхит иығынан басып қалды.


— Отыр. Ол — қулығы. Аттың бір жағына қисайып, бой көрсетпеу — барымташы мен барлаушының әдісі.


— Жоқ, Мұхит. Ананың ер-тоқымы бос, — деп бой бермей көтерілген Балбөпе атқа қарсы жүрді.


Қалыңдығын қорғау — қай еркектің борышы. Еріксіз сүйретіліп тұрған Мұхит Балбөпенің артынан ілесті. Ілгері ұмтылып шығып, алдына түсуге жүрегі дауаламайды. Ала-құла ай сәулесінде Балбөпе айтқан бос ерді де көре қойған жоқ. Әйтеуір қарайып жақындаған атты адамның әлі де болса үн қатпағанынан дәмелі.


— Айтпадым ба, әне адамы жоқ.


— Пәле, мынау біздің көлік қой! Торы бесті ғой! Қап, Маратбек, әбден қатырған екенсің! Сенің жасағаның болды ғой. Ендігі ісім өзіңмен болар. Құрдас дейді-ау! — деп күйіп-піскен Мұхит тұрып қалғанда, Балбөпе торы атқа қарай қолын соза жүрді. Соны көргенде Мұхитқа да жан кірді. Дедектеп торы бестіге ұмтылды.


— Құр, жауар, құр!


Аяңдап келе жатқан бесті алдынан қарсы жүгірген екеуден үркіп желе жөнелді. "Құр-құрлап" ілескен Мұхитты біраз алқындырды. Ақыры, жігіт кері оралды.


— Қап, Маратбек! Көрмеспін-ау, көрмеспін! Нағыз ит екенсің! Иттің де естісі болады. Иттен де бетерсің! Балбөпе жігітінің иығына қолын салды.


— Маратбекке соншама неге ашуландың. Сабаңа түссеңші. Түн ортасы боп қалды, кетейік.


— Маратбекті көрдің бе? Атты мініп кетіп... Әдейі істеді. Мені қолға түссін дегені ғой. Сол да құрдас па? — деп алдынан рудниктің жылтыраған оттарын көрген соң еркінсіген Мұхит өзеуреп қояр емес. Сол бетте жарты сағат мөлшерінде шеткі үйлермен қатарласып, ұзын барак етіп, бір-біріне иін тірестіре салған тоқал тамдардың бірінің есігін келген бетте теуіп-теуіп жіберді:


— Әу, Маратбек! Шық! Тез шық!


Іштен Әйкіжан дыбыс берді.


— Бұл кім?


— Мен! Байың қайда? Дереу бері шығар. Көрсет көзіме. Дәл қазір қолында өлем!


— Мұхитпысың? Маратбек рейске шығып кеткен. Кір, кірсеңші.


— Ә-ә, рейске кетті де. Айтпақшы, Әйкіжан, сен мені кешір. Ашуланам деп жүріп өзіңмен амандасуды да ұмытып кетіппін-ау... Біз...Балбөпе екеуміз... Түу, Әйкіжан-ау, құрбыңмен таныс. Бөпеш, мынау келіншек, сары келіншек — Әйкіжан болады. Біздің Маратбек құрдастың бәйбішесі. Бұл ауылда Маратбек екеуінен басқа туысым да, жақыным да жоқ. Әйкіжан — досымның көзі. Жатырқама, — деп Балбөпеге бұрылып қарап қойды да, Әйкіжанның құлағына еңкейе сыбырлады. — Балбөпе, құдай қаласа, біздің жұбай боп қалар. Алып қашып келіп тұрмын.


Әйкіжан құрақ ұшты. Балбөпенің қолынан ұстап, маңдайына ернін тигізді. Жас шамасы өзімен құралпы болса да, жол көргендік танытып, құрмет көрсетіп жатыр.


Төрге көрпе жайып, сары самауырды сыртқа алып шығып кетті. Артынша-ақ, Әйкіжаннан хабарланған көршілер екі бөлмелі аядай үйді кернеп әкетті. Сол отау тойы рейстен Маратбек оралғанша жалғасқан еді.


Мұхит құдасына бұртия қарады.


— Маратбек, шыныңды айтшы, торы бестіні әдейі мініп кеттің бе?


— Жоқ. Жұмыстан қалатын болған соң үйреншікті көлікті пайдаланғаным ғой. Ал, сен өзің айтшы, мына Балбөпе алып қашпасаң бармаймын деп қиғылық салды ма?


— Неге салсын. Оу, мендей жігіттің сұлтаны емеурін білдіргенде етегінен ұстамайтын қыздың көзі соқыр ғана болар, — деп Мұхит сылқ-сылқ күлді.


— Ендеше, соншама шала бүлінгенің не? Қашпай, пыспай-ақ келулеріңе болатын еді ғой.


— Онда үйленудің сәні қала ма?


— Жақсы. Ал, қуғыншы шығады деп сонша қорқуыңа жол болсын.


— Ойбай-ау, Балбөпені алып қашып кетемін деп кемінде он адамға өз аузымнан айтпадым ба. Содан кейін қорықпай көр.


— Түу, саппас екенсің, Мұхит. Екеуіңнің қосылғандарыңды сол ауылдағы той үстіндегі жұрттың бәрі қаламап па еді. Содан кейін ненің қуғыншысы шықпақшы.


— Ойбүй, сонысы бар екен-ау. Өзіме де обал жоқ. Екі ортада Бөпештің біраз зәресін ұшырдым-ау онда мен.


Сөйткен Мұхит соңғы айда әлі көңілін сұрап төбесін көрсеткен емес.


Маратбек оң жамбасына аунап, терезеге үңілді. Сырттан мал айдаған әлдекімнің даусы естілді.


Мұхит пен Балбөпе Маратбектердікінде бір айдай тұрып, жұрт асар жасап, баспана қалқайтып берген соң жеке бөлініп шыққан болатын. Екеуінің бір-біріне еркелігі де, ерегісі де тез ұстағыш. Ондайда Балбөпе салып ұрып Әйкіжанға жетіп келетін. Артынша-ақ Mұхит та табалдырықтан аттайтын. Бұртиюы да, келісулері де оңай. Көздеріне көзі түссе-ақ көңілдері табысып, бірінен соң бірі арнайы қонаққа келгендей дастарқан басын әзіл-күлкіге кенелтіп тастайтын.


Алғаш Балбөпе рудникті жерсінбей, біраз бүлік шығарған-ды. Қалада өсіп, концертті, киносы көп ортадан шыққан келіншекке кішкене поселка іш пыстырар құба-төбел мекен боп та көрінген болар, Балқашқа да жиі-жиі кететін. Кейде екі-үш күн, кейде бір аптадай бөгеліп қалғанда Мұхиттан мүлдем береке қашатын. Ондайда көмек сұрайтын да, ақылдасатын да адамы — Маратбек пен Әйкіжан ғана.


— Оу, екеуің Қозы мен Баяндай әмпей-жәмпей тымпиып отырсыңдар. Мен жүрмін, міне, тірі бойдақ боп, Балбөпе қайда? Бұрын дәл осылай көп кешігуші ме еді. Жер сипатып кетті ғой, жер сипатып, — деп күйгелектене есіктен кіретін.


— Отыр. Аптығыңды бас.


— Ал, отырдым. Сондағы ақылың осы ма?


— Не істе дейсің енді.


— Ау, отауым қаңырап, ошағым қаңсып қалмады ма. Бұдан артық маған қандай соққы тілемексің, — деп алдындағы ыстық шайды ұрттап қалып, тілін жидітіп алған Мұхит одан сайын безектейді. — Сендердің, сен екеуіңнің бар бітірерің — мені қажау. Мына қатынына шейін әдейі шайын сақырлатып, адамның жүйкесін тоздырып ойнауды әдет қып алған әбден. Жоқ! Құрысын бүйткен тірлігі! Осыдан Балбөпе келсе, жұрт алдында, енші бөлісем де, біржолата айырылысып тынам. Әйтпесе, бұл не бұл. Ол онда, мен мұнда.


— Асықпа, келеді. Балбөпенің өзіңе деген ниеті күшті.


— Қашан келеді? Кеше де, бүгін де пойыз тостым. Осы күнгінің әйелдері құтырған шетінен. Көрінгені күлкі қылады. Жаңа станциядан келе жатсам, Сүйелбайдың жаман әйелі сықсыңдап: "Нақсүйерің көрінбейді ғой. Жол тосқызып қойған ба, тағы. Мұхит-ау, өйтіп қаланың тікбақайының тілегін тілегенше, осындағы көнбіс қыздардың бірімен үйлессеңші" дейді. Тап бір Балбөпемнен шын айрылысып кеткендей. Шашын ұрайындар, барлығы қосылып менің бір Бөпешіме татымайтынын білмейді-ау, — деп кеседегі шайды көмейіне төңкере салды. — Апырай-ай, Әйкіжан-ай, енді сен де мені тәлкек етейін дедің бе. Мынауың — шай ма, жуынды ма, жылымшы бірдеме ғой. Неге шығарып, неге сақырлатып құймайсың?


— Бүгін осы нешесі, Мұхит? — деп Маратбек қолтығына бөстек төсеп қисая кетті.


— Июньнің он бесі. Қырық бірінші жыл. Демалыс.


— Ендеше, шұрқ етпе. Балбөпе қаланың базарын аралап жүр. Ертеңнен қалмайды.


— Ә-ә, иә! Солай. Бөпеш базар көрмегелі көп болды деп жүруші еді. Әй, ұмытшақтық-ай! Онда, Маратбек, былай болсын. Біз де — бір шаңырақпыз ғой. Осындағы бүкіл құрдастардың басын қосып келесі демалыста... — деп сәл бөгеліп, саусақтарын жыбырлата санап шықты.


— Келесі демалыс жиырма екісінде екен. Сол күнге бәрінді қонаққа шақырам. Балбөпештің ұқыптылығын білесіңдер. Ертең, сол өзі, карпосте-марпөшкелерін, шөп-шалам, мәмпәсилерін артынып-тартынып келеді. Колхоздағы Әбдірәсіл ағайдан әнеукүні әкелген көпейім майдан жүре алмайды. Әбден қызылсырап қалдыңдар. Біздің дастарқаннан бір шайлаңдар, — деп Мұхит қаладағы Балбөпеші қасында отырғандай бір шаруаны оп-оңай кесіп-пішіп тастады. Мұхит үйленгелі сүлгі мен орамалға жарымайтын болған. Балбөпе намыстанды ма, әлде бұрынғы мыс-мыс ақша уысынан сусып кетті ме, әдеттегі түкті сүлгі мойнын аймаламайды. Бірақ ескі машық жаттыққан қолды жағаға жүгірткіш. Қазір де иығына жанасып қайтқан алақаны Әйкіжанға қарай тілене жайылды.


— Әу, келіншек, қонақ сыйлап үйренуді қашан меңгересің? Сүлгі қайда? Қаймақ қатып күрең шайды баптап беруді білгенде, мына ағыл-тегіл терді үгетін орамалыңды да жайып тастамаймысың.


Мұхит әлі де кірпияз. Шалбарының қыры пышақтың жүзіндей болмаса да, осы рудниктегі бүкіл орыс, қазақ жігіттерінің алдында ешкімге есе жібермейді. Кейде орынды-орынсыз екі саусақты тіл ұшымен түкіріктеп алып, шалбарының қырын шымшылай сипалап отыратыны бар. Басқаларда біркиер жалғыз костюм болса, Мұхитта Балбөпенің арқасында костюм деген үш-төртеу. Қандай ыстық күнде де пиджагін тастамайды. Бірақ желсіз, самалсыз аптап-аптапта күрең жүз кілкіген терден бой-бой босап еріп, жан шақырар сая іздеткенде, әлгі бишара пиджак иіннен түсіп, біресе оң иықта біресе сол иықта жататын. Ал, Мұхит төменгі ауылдағы кілең жас жұмысшылардың бәрімен құрдас. Құрдасымен де құрдас, көңілімен де құрдас. Ендеше кез келген босағаға бұрылып, кез келген табалдырықтан аттап дос-құрдастың, құрдас-келіншектің хал-жайын, мал-жанының амандығын сұрап шығу парыз ғой. Әрине кейбіреулер құсап бір үйге кіріп, бір үйден шығуға да болады. Бірақ онда сонау көп құрдастың бірінің болмаса бірінің көңіліне секем ілініп қалса ше. Достан достың артықшылығы жоқ. Бәрінің де көгенкөздері жеткілікті. Балбөпештің қағазға орап қалтасына салып берген мәмпәсилерін құрдастарының боқмұрындарына бір-бірден үлестіріп шыққанның өзі неге тұрады. Сол бауырмал кішкентайлардың мұны көбінесе "әкелеп" алдынан еркелей ұмтылатынын тез сағынып қалатынын былайғы жұрт түсіне де бермес. Дегенмен "әкелеп" жүгірген сәбилердің былдырлаған тәтті тілі алланың құлағына шалынып, кім білсін, кешікпей өзі де шын әке, шын көкелік халге жетер. Мұхит талай есікті ашады, талай дастарқаннан дәм татады. Талай құрдасымен қалжыңдасады. Талай келіншектің мықынынан мытады. Қуанатын құрбылары да көп, қуаратын құрдастары да көп. Сөйтіп, әр үйдің баласын, әр шаңырақтың ақ жаулықтысын жарылқап жүргенде, пәлекет пиджактың қай арада ұмыт қалғаны белгісіз. Кеш түсе азаматтық борышын адал жүрегімен орындап оралған Мұхитымыз Балбөпенің алдында кешірімшіл пішінмен елжіреп тұрар еді. Еркелеп күлімсірер еді. Бірақ.... түстен бері үй шаруасымен жалғыз арпалысқан Бөпеш екі көзі төрт болып жұбайын жабыға күтіп отырмаса, онда ілік іздеп өн-бойды тінткілегіш жанар жолаушылап жоғалып кеткен пиджакты жоқтамас еді. Шіркін Балбөпе ықтиятты ғой. Қара көздердің қоғадай жапырылған ұп-ұзын, қап-қайқы кірпіктері Мұхиттың меселін тез қайтарып, иыққа шаншылып барып, қайшылана қалатын. Сол белгі жеткілікті. Мұхит қайтадан шұбырынды жолына түседі. Сол шиырды екінші ұшынан Балбөпе жалғастырады. Балбөпе кірген үйлердің құрбылары күбірлеп, құрдастары күлімдеп қалады. Не керек, ерлі-зайыпты екеу іңір жамылып оралғанда құбыжық пиджак үйлерінде жатады. Кім әкелді, қай құрдас жасады, қай құрбы сенделтті — тексеріп көр. Әйтеуір "қайта оралған мал қайырлының" жөніне саяды да, Мұхит та, Балбөпе де ештеңе болмағандай аласа дөңгелек үстелді құрып алып, шайға отырады.


Мұхиттың пиджагы жоғалуын қоймайды. Екеуі содан кейін сарыла жүгіруін тоқтатпайды. Бәрібір, пиджак өз аяғымен келіп төрдің төбесінде жатады.


— Солай, Маратбек. Демалыста көпейді өзің келіп сойып бер. Мен өзі, құдай біледі, тауық бауыздай алмаймын. Анада Балбөпем маған... Ә, қой, күлкі қыларсыңдар сендер. Мен көп отырмайын. Жігіттерді хабарлап қоймасам, кім біледі, ауылда тұрмай колхозға қыдырып кетер, — деп орнынан тұрды.


Пиджагы тағы ұмытылып қалып барады екен, Маратбек дауыстады.


— Мұхит, мынауыңды иығыңа жамыла кет. Бүгін Балбөпе жоқ. Шын жоғалтарсың.


Асыға күткен демалыс күні де жетті. Ертеңмен-ақ Мұхиттың үйіне ағылған төменгі ауылдың еркек-әйел, бала-шағасы кішкене ауланы сықап жіберді.


Көпей шыныменен семіз екен. Шек-қарын аршып, бас үйтіп, бауырсақ пісіріп жүрген әйелдер тамақ дайындағанша, Мұхит Балбөпенің қаладан әкелген "кәрпоста-мәрпөшкелерін" дөңгелек үстелдің үстіне самсата үйіп, шыны шелек толы сыраны күрең тостағандарға сапыра құйып беріп отыр.


— Әй, Мұхит. Сыра сапырғанды қай атаңнан көріп едің? Сапырмай-ақ құй, — деп Сүйелбай білгішсініп ожауға жармасты.


— Пәле, Сүйелбай, сен өзің қалада болмапсың ғой.


Анада біз, Балбөпеш екеуміз Балқашқа барғанда бір дәу сары келіншек қара кеспекті құлаштап-құлаштап сапыртып, торыала сыраны көпіршітіп құйып бергенде, бір күн бойы кекіргем. Сыраның құдіреті — көбігінде, қалада болмаған өзіңнен көр. Әйтпесе кекіргенде исі мұрныңды жаратын сыраға қымыз да жетпейді, — деп Мұхит беріспейді. — Нанбасаң, Бөпешті шақырайын ба. Өз ауынан есті.


Сүйелбай құрдастарының келіншектеріне қырғидай тигенімен Балбөпеден ылғи ығысып жүреді. Оған себеп бар, зәуіде Сүйелбай әйелдерге жасайтын әдетін істеп, Балбөпені қытықтап ойнамақ болады ғой. Балбөпе шошып кеткен бе, әлде Сүйелбайды жақтырмаған ба, қаланың қыздарының білмейтіні жоғы рас қой, байғұсты ә дегенше күл үстіне топ еткізіп, үстіне атша қонжиып мініп алған деседі. Содан бері Сүйелбайдың Балбөпеге жүйрік тілі де, сұғанақ қолы да жоламай, арқан бойы аулақтап жүреді.


— Қойшы сен де, қит етсе әйеліңді куәға жетелей келетін бопсың ғой. Шашы ұзын немелерден қай бір ақыл шығушы еді. Сен, Мұхит, ішімізді құр сылдыр сырамен кептемей, бар болса, көк мойынның бірер шынысын бері таста, — деп Сүйелбай басқа қырға көшті. Жігіттер о кезде арақ пен шарапқа онша құмар емес еді, әйтеуір, көз алдында тұрған соң көңіл жықпастықпен стакан шаярдай түбіне тамызып ырымын жасайтын. Сүйелбайды жақтырмаса да, үндеген жоқ. Қалалық келіншектің дастарқаны басында отырған соң қала тағамының бетке ұстарындай — арақты әрі итеріп тастауға Балбөпеден ұялады.


— Балбөпе! Уа, Бөпеш! — деп Мұхит өңеш созды.


— Не? Мұхит-ау, жай шақырдың ба? — деген Балбөпенің ошақ жақтан сыңғырлаған әсем даусы құрдас біткендерді түгел елең еткізді. Балбөпенің басқа келіншектердей ерінің атын атамайтын әдетті ысырып тастап, "Мұ-хи-ит!" деп ернін дөңгеленте сызылатыны да ұнайды. Жұқа көйлекті тізеден шолтита киіп, барлық ой-дөңестерін ашып көрсететін құлын денесі де ұнайды. Мұхит келіншегін шақырғанда көз біткен Балбөпені тіміскілеп кетті.


— Кел! Өз қолыңмен құйып бермесең, мына шіркіндер татып алар емес.


Мықынын билетіп, шынтағын ойнатып, кірпіктерін қайшылап дастарқан басына жақындаған сұлу келіншекке құрдастар тұс-тұстан қошемет жаудырды.


— Көзің-ай сенің! Сексеуілдің шоғы ғой!


— Ернін айтсаңшы, — қырдың қызыл қызғалдағы емес пе!


— Нағыз ақша маңдай!


— Құшағың өрт шығар. Байғұс Мұхит өртенбей қалай жүр.


Балбөпе құрдастарының шұбырған сөздері мен сілекейлеріне мән берген жоқ, бір қырын тұрған күйі от басындағы әйелдерге елеусіз көз жүгіртті. Самбырлаған дауыстары сап тыйылып, бәрі бұған қарап қалыпты. Қызығуынан қызғануы көп көздердің әсем жүздерді ілезде бұзып жіберетінін байқап қалғаны сол еді, сыңғыр үнді тау суындай ақтарды.


— Жә! Мені мақтағанша онан да анау әйелдеріңді дастарқанға шақырсаңдаршы. Біреуге күндіз көз сүзіп, түнде ындындарың құрып аймалайтын сұлуларың солар ғой.


Күйеулер әйелдеріне жалт-жалт қарасты. Жалт-жалт қарасты да, жер мен көктей айырмашылықты сезді ме, әлде өз қылықтарынан ұялды ма, дереу төмен үңілді. Шу тоқтады. Мұхит орнынан елпелектеп тұрып барып, келіншектерді еріксіз дастарқан басына иіріп әкелді.


— Ұстаңдар, келіншектер! Байларымыз ішіп, біз қарап отырсын деген заң жоқ. Қазір теңдік заманы. Бұлардың шіреніп, шекірейіп жүргендері біздің арқамыз шығар. Өздерін әбден құдай тұтып алған. Көтеріңдер! Шарап, қызыл шарап ештеңе етпейді. Мұхит, түгел құйып шық. Қараңдаршы, қонаққа келгенде де өздері отырып алып, бізге жұмыс істетіп қояды. Жоқ, бұдан былай оған көнбеспіз. Көнбейміз ғой, келіншектер. Кәне, алып жіберелік, — деп Балбөпе қолындағы стаканын ерніне апарды. Сол-ақ екен, әйелдер жағы құдды бір құбыжық көретіндей көздері кең ашылып, еріндерін шылпылдата тамсанып Балбөпеге қарап қалыпты. Балбөпе кідірген жоқ, стаканды түгел төңкерді.


— Ой, жарайсың!


— Нағыз мықты!


— Әй, Мұхит, сенің қатыныңнан өткен батыр жоқ, — деп Сүйелбай қышқырды.


Балбөпе әйелдерге ежірейді.


— Неғып қалшиып қалдыңдар. Алыңдар, көтеріңдер. Пайғамбар да ішкен шарап емес пе. Өлмейсіңдер. Мен өлдім бе.


Бірі теріс айналып, бірі төмен еңкейіп, енді бірі күйеуіне жапақ етіп қарап өтіп үнсіз қыбырлаған келіншектер бір сәт ойламаған жерден бір мезгілде стакандарына жармасты. Қақалып-шашалып жұтты. Сыздықтатып сімірді. Жоқ! Пәлекет ештеңесі білінбейді. Өңешті аздап қырнағаны болмаса, қорқынышты түгі жоқ екен. Әйелдерге батылдық енді. Өңдеріне қызыл шарбыланып бояу жүгірді. Жанарларда көгілдір от ұшқындары. Әлгіндегі бет тіле қылымсу, ұяла көз төңкеру адыра қалғандай. Бір-біріне кезек бермей келіншектер дастарқан басын билеп-төстеп кетті.


— Күйгенбас, қазан жақты бір байқап келші, көбігі іріп кетпесін, — деп бірі кеуделесе;


— Әй, Әшкентайды қара, алдындағы арағын әлі көтермепті. Өләй, өздері бізге ішкізіп, алдап соқпақ. Қатындар, кел, жабылып түйебас жасайық өзін, — деп екінші келіншек қол тоқпақтай еркекке тап берді.


Қозының еті бір қайнаса дайын болады ғой. Етті жеп, сорпа сімірген құрдас, құрбылар әлі де болса мынау қылықты Балбөпе мен көңілшек Мұхиттың дастарқанын қиып кете алмай отырған. Қарасудың қос мәткеден жасаған сыңараяқ көпірінен асығыс өтіп, ентелей бері салған әлдекімді енді тұс-тұстан қағыта бастады.


— Дәу де болса Ақыбай!


— Жоқ ол емес. Ақыбай аласа. Ал, анауың намаздыгердің көлеңкесіндей шұбатылған біреу.


— Өзі әбден тойып алған тәрізді. Аяғы әр жерден бір тиеді. Балбөпе, шыныңның түбінде бірдеме қалып па еді? Құя бер, байғұстың басын жазып, батасын алайық.


— Әй, ананда көз бар ма өзі! Шалшықты шалшық, балшықты балшық демейді ғой. Қап, мына алашаны былғайтын болды-ау.


— Ойбай, анау отырғышты дайындаңдар!


— Метрей! Десятник Метрей ғой.


— Дәл сол! Состав келіп, бізді жұмысқа шық деуге келе жатпасын.


— Метрей келмек түгіл, нашандіктің өз келсе де, мен бүгін, демалысымда тырп етпеймін, — деп Сүйелбай шалқалап сұлай кетті. Осы түрі "көтеріп әкетпесең, қозғалмаспын!" дейтін серт белгісіндей.


Дмитрий Козодоев есік пен төрдей қалғанда кілт тоқтады. Білегімен маңдайын сүртіп тастап, өзіне аңтарыла қарап отырғандарға қипақтай сүзіліп тұрып, иіліп сәлем рәсімін танытты. Қазақшаға судай десятник бұрын "ассалаумағалайкумді" ауыз толтыра, қажыдан келгендей мақамдата созатын еді. Мына бүгежектеген репейсіз қалпы елдің бәрін таңдантып тұр.


— Метрей, бері жақында.


— Мында отыр. Ет жеп қойғанда келдің, жамандап жүреді екенсің.


— Қой, ет бар әлі. Тұр ғой, міне бір табағы.


— Сүйелбай, аяғыңды жисаңшы.


Метрей орындыққа құйрық басты. Отырғандарды жағалай барлап өтіп, ауыр күрсінді. Дастарқанға жақындаған жоқ.


— Ауылдастар, мен сендерге суық хабар әкелдім. Соғыс басталыпты. Германия бүгін бізге соғыс ашыпты, — дегенде соңғы сөздері қатқыл тамақтан қырылдап төгілді. Кірпігіне жылт етіп дымқыл білінді.


Аяқ астынан жер сілкініп, немесе ашық күнде найзағай ойнаса, дастарқан басындағылар дәл мұндай тұнжырамас. Әлгіндегі ақжарқын жүздері бірден жоғалып, әрқайсысы түйіліп, түнеріп қалыпты. "Соғыс" атты сұмдық сөздің ызғарын әлден-ақ бүкіл жүйе-жүйкесімен сезе ме, еркек, әйелдің бірде-бірі қыбыр етуге батылы жетпей мелшиіп, Метрей-Дмитрийге жапақ-жапақ қарасады. "Өтірік деші!", "Ойнап айтып едім, нанбаңдар да сенбеңдер деші!", дейтін тілемсек дәмені іштей ғана толғайды. Бірақ көкшіл көздерді тұмантқан мөлдір шық мұрынның ұшында дірілдеп, қытымыр уыстың шеңгеліне бүріп алған жүректерді тыпырлатып барады.


— Әу, не ғып сүмірейіп қалдыңдар!


Дауыс берген Сүйелбай екен. Малдасын құрып алып, төніп отыр.


— Ұнжырғаларың босқа түспесін. "Көппен көрген — ұлы той". Әліптің артын бағалық.


— Сонда не демексің? — деп Мұхит шаңқ ете қалды.


— Не дейін. Ақ патшаң да қазақты оққа айдамай, қара жұмысына ғана салған. Бұл жолы да сөйтеді. Өйткені орыстар әлі де бізге бұратана халық деп сенбейді.


— Ақымақсың! Надансың! Өкіметіміздің бар жақсылығың басқалармен бірдей бөлісіп, тақсіретін өзгелерге аудара салмақсың ғой сонда.


— Ақымақтың кім екенін уақыт айғақтар. Қой, қой-ақ қой. Өзімнің сол соғысқа бармайтынымды оң қолыңдай көр. Кешегі сенімсізіне бүгін қару ұстатпас, — деп Сүйелбай шиқ-шиқ күлді.


— Осылай бықсыдың ба ақыры. Әй, түзелмепсің- ау — деп, Мұхит аулақтап сырғып отырды.


— Қой-ақ, қой, Мұхит. Сенсіз де сезіктенетіндер жетіп жатыр. Онан да арағың қалса, әкел бері. Енді дәл бүгінгідей бас қоса алмаспыз. Тойлап қалалық.


Балбөпе үнсіз тұрып кетіп, үйінен үш бөтелкені мойнынан қыса ұстап, үстелге әкеліп қойды.


— Метрейге құйыңдар!


— Рақмет. Мен кетейін. Сендерге хабар жеткізуге асығып... Начальник күтіп отыр. Балқаштан телефон соғуы мүмкін, — деп Дмитрий Николаевич нан ауыз тиіп, тұрып кетті.


— Балбөпеш, өзің ашып, өзің құй. Үйрене бер, Бөпеш. Ертең мына қылқан қырыққандар майданға аттанғанда осы ауылдағы жалғыз еркек боп, мына мен — Сүйелбай ғана қалады. Сонда құрдастық жолы деп, бәріңе әңгіме айтып көңілдеріңді көтерер өзім болам. Қой-ақ қой, Мұхит, алартпа өйтіп көзіңді. Шындықты жасыру қиын. Солай, құрдастар, солай. "Өлімді жерде молда семірер". Ендігі молда да — мен.


Сүйелбайдың ойыны ма, ойы ма — қалжыңға сайып айтқандары әркімнің көңіліне түрпідей тиіп, кеуделерінде түйнеу болып тұрып қалды.


Әуелеп ән кетті.


Балбөпе екен. Жұрт жүзіндегі сызды жуып-шаймақ болған далбасасы ма, Сүйелбайға деген ерегісі ме, — әйтеуір әнінде мұң аз. Жалғыз шарықтап тұрды да, кенет үзіліп түсті. Бетін басып өкси келіп, Мұхитты бас салды...


* * *


... Күн ұясына кіріп бара жатса керек, терезенің жақтауын жағалаған сәулесі қып-қызыл. Қан жалатқандай.


Ауыз үйден аяқ тықыры естіліп, Әйкіжанның күрк-күрк жөтелгені жетті.


"Байғұс, әбден қалжырады-ау! Қай жерде жүріп суық тигізіп алды екен? Бір ауық тынымы жоқ. Қартайғанда қолқабыс ететін де жанашыр адамның болмағаны қиын-ау. Жайлаубектің келіншегінен не қайыр. Сайлауым жөні түзу біреуге кезіксе еді. Өзі де әбден қажып жүрген шығар. Кітап жазу да бейнет, сол жазғанын өткізу одан да өткен азап екен-ау. Сонда бірін-бірі не қылмайсың деп түртпектейді екен шіркіндер... Бәрінен де Әйкіжанға ауыр боп тұр. Күрк-күрк жөтелуін. Жылы жерде терлеп отырып, суыққа жүгіріп шыққан соң, бишараға не жорық. Қайта шыдамды өзі. Сыр білдірмейді. Отын-суы жеткілікті ме екен? Сұрайыншы. Деподан алатын екі тонна көмірді, отыны жететін болса, дәу апаға түсіртіп бергізгенім абзал болар, Осы дәу апа демекші, сол кісі келмей кетті. Жатып қалмады ма екен?"


Ортаңғы есік ашылды да, төрт бұрыш жарық еденде тұйықталды.


— Қалайсың?


— Мені қойшы, Әйкіжан. Мен шүкірмін ғой, өзің неге күркілдеп кеттің, — деп Маратбек кемпіріне қолын созды. — Астымды қалыңдатасың ба, жамбасым тақылдап жатыр.


Әйкіжан буындары сықырлап, жүрелеп отырып Маратбекті төсек қасындағы мақтасы қалың бөстекке демей жылжытты. Ішінен:."Апырай, күн өткен сайын жеңілдеп барады. Ана кездері қозғалта алмаушы едім" деген әрі үргедек, әрі таңсық сезімді ойлап өтті. Артынша, кереуеттің шегірен жапқышын сыпырып тастап, арасына түйе жүнін тұтқан екі жаңа көрпені суырып алды.


Маратбек байқап қалған екен.


— Қайтесің, шешесі-ау. Басқасын-ақ төсесеңші. Әйкіжан аз-кем аңтарылып тұрып қалды.


— Сайлаужанға арнап қабытып едің ғой. Бір шүйкебастың тілеуін тілеп тұрсын. Ұзамай той көріп қалармыз.


— Иә, иә. Той көреміз, көкесі! Сайлаужаным келін түсіреді, — деп кәдімгідей көңілденген Әйкіжан дем арсында сергек тартты. Адам көңілі — шүкірліктің құлы ғой, сол нәрседен оп-оңай ләззәт алып, қарға аунаған түлкідей құлпырып шыға келеді. Медеу тапқан Әйкіжан бар уайымды сілкіп тастады. Шалын орнына жатқызып, қасықпен аузына ақ тамызып, өбектеп отыр енді.


— Тағы бір қасық.... Бүгін өңің де жақсы. Бағана ішкеніңді де құсқан жоқсың. Қасқа биеге кешегі кәнбикөрім1 тегі ұнап тұр. Бас сауымында біраз сүт берді.


— Дәу апаны көрмедің бе?


Әйкіжан бағжия қарады.


— Оны қайтесің?


— Жай. Келмей кетті ғой.


— Далабайдың пұшық қатыны көрпе қабытам деп алдыңғы күні алып кеткен. Қызының жасауын дайындап мұрнына су тимей жүрген жоқ па. Біздің Сайлаужан менсінбеді деп өзі менімен өрттей өш.


— Қой! Сайлаужанды кіріктірме.


— Жоға деймін-ау, құда түсіп, киіт киіскендей-ақ маған талай жерде бұртиып өкпе айтқыш. Өзі ғой қызын сыртынан біздің Сайлаубекке ыңғайлаған. Былтыр сол кер пұшық мегежін: "Екеуін оңаша кездестірейік. Мүмкін балалар бірін-бірі ұнатып қалар" деп өзгеурегені. Онда нем бар. Сайлаужан өзі білер.


— Отының жетерлік пе?


— Артылып қалады. Петерпіләс көмір, кішкене салсаң, қыздырып жібереді.


— Онда деподан аласы екі тоннаны дәу апаға түсіртіп берсін. Метрейдің баласына тапсыр.


Әйкіжан күмілжіп қалды.


— Естідің бе?


— Немене, жыл сайын сол кемпірдің отын-суына біз міндетті ме едік?


— Әй, Әйкіжан-ай, кейде орынсыз тарынатының бар-ау. Дәу апаның шын көңілімен берген бір батасы басқалардың он батасынан артық екенін ұқпағаның ба? Анау екі ұлыңның адам болғаны осындай кем-кетік кейуаналардың шарапаты ғой.


Әйкіжан басын изеп отыр, егіліп отыр.


— Жасаған, күпірлік көрме. Тәуба. Айтайын, көкесі. Ертең депоға өзім барып айтайын.


— Бар. Суып кетпей тұрғанда шайынды іш. Екеуміз бірдей жатып қалсақ, бола ма. Бойыңды суық ұстаған екен.


Кемпірін ауыз үйге жіберіп, Маратбек қайтадан ойға шомды. Қырық бірінші жылдың қытымыр жазын елестетті.


Алғашқы шақыру қағазы Сүйелбай мен Мұхитқа бір күні келген еді. Қаладан Мұхит ренжіп оралды да, Сүйелбай сол поезбен Қарағанды шахтасына еңбек армиясына кетті.


— Түсінбеймін. Өкпеңде сыз бар деп мені жаратпай тастады. Құдай біледі, мен тап анау Сүйелбайдан гөрі мықтымын. Сүйегі саудыраған шіркіннің қасында мен дегенің балуан емеспін бе, — деп күйіп-піскен Мұхит мұңын шаққан.


— Емдел. Әлі-ақ түзеліп кетесің! — деген Маратбек.


— Қайдан жабысып жүр, ә?


1 Комбикорм дегені


— Өзіме түк білінбейтін сияқты. Әлде сонау Балбөпені алып қашам деп алаөкпе болғанда тер қатты ма екен? Бәрібір мені ұстап тұра алмайды.


Мұхит уәдесінен шыққан. Емделді ме, әлде өкпесіндегі сызы еленбеді ме, әйтеуір майданға аттанған. Содан жеңіс күнінен кейін бір-ақ оралған. Екі-үш жарақаты, екі-үш медалі бар. Кеудесіндегі медаль сыңғырына көкірегінің сырылы қосылып, Балбөпеге қарап қойып, майдан өмірінен әңгіме соққанда бүкіл әлемді ұмытып кететін. Бүгінде ол да ауру.


Ал, Сүйелбай шахтыда үш-төрт ай ғана істеп, ауылға теп-тез қайтып келген. Ол кезде ауру-сырқауы көп еді, бүгінде одан тың шал-шауқан жоқ.


"Соғымын әкелген шығар. Дәл қазір Сүйелбайды көрер ме еді. Ешкімге дес бермей есіп сөйлеп отырған шығар", — деп әлсіз күрсінген Маратбек көрпесін басына бүркеп алды.


ЖАЗ. САЙЛАУБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен.


Ағасы, осы бар ғой, кейде өз-өзімнен қатты ызаланам. Неге дейсіз ғой? Айтайын. Мен төрт-ақ класс бітірдім. Мен бітірген кезде ауылда төрт-ақ кластық қазақша мектеп болатын. Енді қазақша мектепті жапты да, орысша мектеп ашты. Содан қайтадан орысшаның үшінші класынан бастадым. Тағы төрт класс бітірдім. Басқа оқу жоқ, мұғалім жетіспейді. Қалада газвода сатып, дипломды сандықта шірітетін мұғалімдерді ауылдарға қуса ғой. Әкей алысқа жібере алмады. Айына отыз сом төлеп интернатта оқытуға пенсиясы аз, мұршасы келмеді. Бірер жыл бос сандалып жүрдім. Содан аудандағы шоферлық курсты бітірдім. Правомды қалтама салып aп, тағы екі жыл әртүрлі жұмыс істедім. Баранкаға ие болу үшін біздің түбің тесілгір завгардың қалтасын майлау керек. Ол — бақандай мың сом. Әйтпесе, управляющийдің не жақыны, не жекжаты бол. Сонымен, машина көзден бір-бір ұшып жүріп жаттым.


Неге ыза боласың дейсіз бе? Ыза болмай қайтейін. Жұмыстан келесің. Киінесің, екі қолың алдыңа сыймай көшеге шығасың. Екі-үш серік ілеседі. Қайда барасың? Клуб өмірі істемейді, кино атымен жоқ. Сонсоң жағдай белгілі, еріксіз дүкен жағалайсың. Арақ ішкен соң, арқаң қозады. Төбелес те, жанжал да соның кесірінен. Ойлаймын: "шіркін мәдениет сарайын, стадион орнатар ма едік!" — деп. Әртүрлі үйірмелер ашып, ойын-сауық қойсақ, бұрынғыдай ішімдікке ынтығып тұрмас едік-ау. Тіпті сол пәлеге мүлдем жоламас едік. Әйтпесе, бәрі қол бостықтан.


Әне, ан-а-оу қарауытқанды көресіз бе? Сол жақтағы... Көрсеңіз, сол — "Айғырұшқан" тауы. Қараңызшы: тіп-тік, найзадай шаншылып оқшау тұр ғой. Үлкендер айтады: жаугершілік заманда қазақ қолының шолғыншысы осы таудың басында қарауылда тұрар деп. Шынында да сонау үшкілден мына біз келе жатқан жазық бет түгел шалынады ғой. Сол кезде бір азамат ер жігіт болыпты. Анау ұшарға айғырымен құйғытып, жер шолады екен. Әлгі батыр біркүні үшкілдің басына шыға келсе, қаптап келіп қалған жауды көреді ғой. Жалт бұрылам дегенде айғыры құрғыр сүрініп кетіп, төмен ұшқан дейді. Тау содан бері "Айғырұшқын" аталады...


Ағасы, сіз асықпай бәрін аралаңыз. Дүйсенбіге дейін уақытымыз бар. Машина дейсіз бе? Оған дейін машинаға мен ғана иемін. Өзім осының әрі шоферы, әрі механигімін. Жұмыстан қалмасам, кім қыңқылдар. "Тайатқанды" да, "Шұнақты" да аралатам. Сіз, бұрқыратып жаза беріңіз. Айтпақшы, ағасы, өзіңізге бір сұрағым бар еді. Осы кітап жазғанда ойдан шығарасыздар ма, немесе бір оқиғаның желісіне сүйенесіздер ме? Әртүрлі болады деймісіз. Дегенмен, сіздерге, жазушыларға үлкен рақмет. Оу, ананы қараңыз! Киік... лағы! Адасып қалған ғой, байғұс!


...Қап-қара екі көзі мөлдіреген,
Әдемі екі танау желбіреген.
Елеңдеп жас балаша жалтаңдайды,
Жел түрткен жусаннан да селдіреген.
...Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап анда-санда әлін жиып...
Ақ бөкен-сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай мерген көзі қиып?


Қайран, Сәкен аға! Қалай дәл тауып айтқан! Сәке, осы сіз өлеңді неге қойып кеттіңіз? Көңіл-күйі ғой ол. Ақындар ағынан жарылады. Жазсаңызшы қайтадан.


О, тағдыр, мені өкінтпе,
Жанымда жүр ғой жақсы үміт,
Бос өткен әрбір секундке
Жабырқап қалам, жатсынып...


Есіңізде ме? Сіздің өлең. Баяғыда "Лениншіл жастан "оқып, жаттап алғам... Айтпақшы, бос өткен секунд дегеннен шығады. Әлгінде айттым емес пе, бізге стадион, мәдениет сарайы керек деп. Осыны шіркін, шындап қолға алса! Онда бар ғой... онда коммунизмге тұп-тура ертең-ақ жетер едік. Неге дейсіз ғой, ағасы? Мастықтан тыйылар едік. Жұмысқа ынта күшейер еді. Әне, стадионның пайдасы!


Анау не? Бәле, дәу апамның қызыл құнажыны мұнда жүр екен ғой. Дәу апаны білмейсіз бе? Жол шетіндегі тоқал үйдегі жалғыз кемпір ше? Он шақты күннен бері таба алмай жүр еді құнажынын. Жақсы болды-ау. Қайтарда ұстатқызса, машинаға салып ала кетейікші.


Дәу aпa бір қуансын.


Ағасы, рұқсат етсеңіз, бір ән салайын. Баранка ұстағанда, неге екенін білмеймін, көмейге әуен оралады. Ол неден екен, ағасы?...


* * *


Басы мең-зең. Миының орнына қауашағына ап-ауыр балқыған қорғасын құйып, толтырып қойғандай. Бәлки сол мазасыз мидың орнында шынымен сұйық қорғасынның болғаны жақсы ма еді? Мүмкін онда ой-бойдағы меңзендік те, зілдей ауырлық та үйреншікті жағдайға ауысар ма еді? Адам — машықтың құлы. Әр нәрсе үйренгенше ғана қиын. Бой сіңді болған соң ет өліп, әдеттегі қажеттілікке айналып, көндігіп кете барар еді-ау. Есеңгірететін ойды қырық құбылтатын қос қадақ мидың азабынан құтылар еді-ау...


Бажылдап аяқ жақтағы қызыл күрең телефон ұзақ шырылдады.


Сайлаубек алакеуім бөлменің сана тұншықтырар тыныштығын шайқап жіберген телефонға аларып біраз қарап жатты да, безілдеуін қоймаған соң басындағы жастықты жұлып алып, жіберіп ұрды. Рычагынан ұшып түскен трубка төмен салбырап, ентіге шыққан бірер сөздің түсініксіз нобайын жеткізді де, артынша-ақ әлсіз ғана дың-дың етіп тұрып қалды.


Ұйқы келер емес. Пердесі жабылмаған терезеден бөлмеге таңмен бірге жарық енді. Қарсы қабырғаны тұтас алып тұрған кітап сөресінің үстіндегі шойыннан құйған кішірек бюст телміре қалды. "Жата бересің бе? Жұмысың қалды ғой" дейтіндей.


Жұмыс... Жанын жегідей жеген таусылмас азап қой ол. Жалт-жұлт еткен алыс көкжиектен кешігіп көрінген найзағай бишігіндей бір үмітке қанша талпынғанымен жете алмай, әуре-сарсаң қияли ғұмыр кешкеніне өкіне қиналады. Содан кейін жүйкесін жүн-жүн түтелеген қытымыр ойдың уысынан қашып құтыла алмайды да, бос өткен кей күндерін мағынасыз тірлікке сайып, өзін-өзі аяусыз қамшылайды.


"Жоқ! Тастау керек бәрін! Құрысын! Жазушы болмай да өмір сүре алады! Алады!"


Сайлаубек үстіндегі жұқа жамылғышын ауырсына серпіп тастап, кеудесін созып, бас жағындағы жазу столына мөлие қарады. Ыбырсып араласып жатқан қат-қат қолжазбаға көзі түсті. Бірін-бірі жасыра басып, бір елі шаң қауып, тау болып үйіліп қалыпты. Он жылдан бергі курортсыз, күйсіз сарсылма тірліктің шөлейтте сағым қуған жолаушыдай сандалған дәйексіз әрекеті.


"Отқа жақса қайтер еді? Қызыл тобылғының сырт-сырт жанған жалынына бір-бірлеп, парақтап лақтырып, күлге айналғанша ұзақ қарап отырса. Сөйтіп қара күйе жұққан саусақтарын екі өңіріне құшырлана үйкеп-үйкеп жіберіп, етек қағып тастап, қайырылып соқпастай ат құйрығын бірден кессе ғой. Мынау тас қорғандай төрт қабырғадан тобылғы да табылмайды.


Он жылда не тындырды? Үш-төрт кітап, бір-екі пьесаның авторы атаныпты. Бар болғаны сол-ақ. Саны жағынан аз да емес, көп те емес. Қатардан да қалмапты, топтан да озбапты. Бірақ... Әлдекімнің құлаған үмітін тұрғызып, түңілген көңілін сергітердей септігі тиді ме? Мынау жарық көрмей жатқан қолжазбасы ше? О-о, ол — бөлек мәселе! Бөлек, бөлек, бө-лек"...


Басы мең-зең. Дауыл күнгі теңіз суылы бір тынбай (кіс сүйегінің ішінде толқынданып жатқандай. "Су ми... Мидың да қалжыратқан ойдан су боп, сұйылып кетуі әбден мүмкін-ау. Бәлки онда есірік болғандай түк ұғынбай, ештеңеге алданбай, ешкімнің алдағанына кейімей өзімен-өзі жайбарақат жүре берер ме еді...


Бұл телефонға не болған?!"


Салбырап ілініп тұрған трубкадан әлсіз дыңылдаған бәйек дыбысты естіді. Ұшып тұрып, трубканы орнына қойды.


"Ыстық құймақ болар ма еді"...


Аяқ-қолын қайшылап гимнастика жасады. Айна алдында тұрып алып, бұлшық еттерін білемдетіп ойнатты. Түк басқан бет-аузын тыжырына сипалады. Электр сақалқырғышын нүктеге қосып, екі-үш күннен бері сояуланған жез қылды қуалап таусып, ұзақ қырынды. Жайлап сабасына түсті. Ерніне жақындаған прибор ысылдаған демімен шаңқобыздың бипыл әуеніне басты. Жерден жеті қоян тапқандай әлгіге қызығып, ернін оймақтай бүріп үргіледі, керіп ысқырынды. Әуез одан сайын ұнады.


Құлағына әлдеқайдан мөлдір әуен оралды.


Қайдан естіп еді? Сағыныш желпіген осынау әннің сыбызғыдай сызылып тұлабойды сары жұрт жайлаудың салқын түнінің қалың шығындай тітірендіріп барып, қайтадан ду-ду қыздыратын құдіреті неде екен?


Телефон тарғыл мысықтай бажылдады.


— Иә, тыңдап тұрмын.


— Азаннан бері ала алмай қойдым. Соншама ұзақ кіммен сөйлестің? Тез Одаққа жет!


— Онда не бар?


— Бүгін менің емес, сенің қолжазбаңды талқылайды. Тез жет деуім сол! Естідің бе? Қалыңдығын кере қарыс етіп кітап жазасың да, өзгеге жұмыс тауып бересің. Сендер үшін секция мүшелерін әке-көкелеп шақыруымен-ақ бес тал шашым ағаратын болды. Тіпті, бар ғой, қолбалаға айналып барам, — деген жолдасының әзіл-шыны белгісіз қатқыл дауысы ыңыранып барып, шорт үзіліп кетті.


Сайлаубек Жазушылар одағының үйіне келгенде кең фойедегі қаз-қатар орындықта бірталай адам отыр екен. Кейбіреуі күліп амандасып, қайсыбірі елеусіз ғана немкеттілеу көз тастады.


Сәлден кейін бәрі дүркіреп үлкен бөлмеге кірді.


Мәжіліс әдеттегідей найқалмай тез басталды.


Баяндамашының біраз тер төккені көрініп тұр. Сыдыртып келіп қолжазбаны бірсыдырғы мақтап өтті. Сыдыртып барып авторға тілек білдірді. Кібіртіктеп, қиналып өтініш айтты. Өлердегі сөзін айтты. "Ана арасын ал, — деді — құлпырып кетеді. Мына жерін қос, — деді, — ұтасың". Қайта мақтады. Қайтадан көне тарихты орағытты. "Белгілі жайды неге тіземіз" деді. "Бірақ біз білгенді оқырман көпшілік біле де бермейді" деді. Ақыры құптады. Ақыры шығару керек деген ұсынысын білдірді. Қылғынып жұтынды. Алақтап жан-жағына қаранды, одан кейін төрге сүзілді.


"Неткен бишаралық еді. Өзіндік беті, қаламгерлік бағдары қайда? Әркімге бір жалтақтап, сыр аңдиды.


Пышақтың жүзінде қылпылдап тұр. Қай жақтан жел қатты соқса, солай қарай жалп етуге дайын. Баяндамашыға жарыған-ақ екенмін".


Содан кейін жарыссөз қызды.


Жарыссөз дуылдағанда Сайлаубек қатты қайран қалды. Жайшылықта ешкімге кезек бермей көзге түскіш кейбіреу бүрісіп иық тасаланады екен. Бұрысына да, дұрысына да сарт еткізіп қамшы үйіріп қалады да, "менің миссиям бітті" дегендей жымысқы күлкісін бетінде жүздіріп, қасындағы көршісіне қутыңдай бұрылады. "Шығарма — жазушының тағдыры-ау, творчествосының тірегі-ау, өмірі-ау" қаперіне кіріп-шығар емес. Сонда өз шығармасына да дәл осылай жауапсыз қарайтын болғаны ма? Мына түрімен тіпті жазып жүрген өз дүниесін де бағаламағаны ғой.


Сайлаубек ұзақ ойға шомды. Көк түтін мұнарлаған бөлмедегі кезек-кезек күбірлейтін еріндердің жыбырына, керіліп-созылуына әуестене қарайды да, бір түрлі енжар селқостықпен осынау үнсіз маскалардың (құлағы түк естіп отырған жоқ) езу тартуын, жымиюын, күлуін, сұстануын, ежіреюін, бақшиюын назарынан мүлт жібермейді.


Біраздан кейін қолжазба жайына қалды. Ендігі біралуан теке тірес қызулы өңештердің керілдесуімен роман жанрының керек-керексіздігін ұзақ төңіректеді.


Заман — ұшқыр. Ендеше, жүрдек заманымызға сәйкес ұшқыр жанр-әңгімеден артық жоқ екен. Чехов:"таланттың әпкесі — қысқалық" депті. (Осы цитатаны үш адам үш рет алдаспандай жарқ-жұрқ сермеді). Сондықтан романды ұрандата бермейік.


Заман — ауқымды. Ендеше, күрделі өмірдің сан салалы қырын романға жүктейік деді. Келтелік ойға да, бойға да жараспайды деді. (Әттең Чехов ауқымдылық жайлы ештеңе айтпаған екен. Онда әлгі үшеуге қарсы соңғы төртеудің айбалтасы жарқылдайтын еді).


Олай болса роман жанрына рұқсат.


Ызың-ызың. Бір әуезді тірілтіп әкеліп, Сайлаубектің көкірегіне ып-ыстық легімен тоғытып жіберді.


* * *


Мөлдір әуен.


Мұң созғандай дірілдеп басталды да, кең тынысты "о-о-оймен" біраз қалықтады. Бірімен бірі дүркіресе жалғасқан сағыныш көмейдегі әлде бір өкініш уілімен түйдек-түйдек төгіліп, мөлдір үнді кілт жаңғырықтырып, ұлан-асыр өксік дүмпуіне айналдырып жіберді.


Мөлдір әуен.


Мұң шалған саз әлдеқайдан көз алдына сурет тірілтіп, тізбек-тізбек оқиғаларды қат-қабат шұбыртты. Аңыраған ашық дауыс шері мен зары көп бәйек үһілеуімен елжіреген жүректі тырнап-тырнап алды. Содан кейін жым-жырт тына қалған бөлме ішінде жаңғырған ән оқыс баяулап тұрып, ып-ыстық қоламтасын көкірек біткенге ақтара салғандай жалғыз сөзді екі рет қайталап, тамаққа ытқып кеп, булығып тығылған түйнек жасты жұтындыртпай, ширығып аяқталды.


Ән алғаш басталғанда жылтыраған бүйрек беті шығыңқылау, сәл тәмпіш мұрны үнемі өкпелеп тұрғандай әсер қалдыратын қой көзді, биік төсті қызға онша өзеуремеп еді. Шың етіп жүрек түбінен шымырлап шыққан дауыс ашар "о-о-ойды" біртүрлі елжірей созып, дірілдете көтергенде Сайлаубек әншіге жалт қараған. Осының алдында ғана шалт қимылды ұшқалақ би әуендеріне қып-қызыл еріндерін бұртита қосылып отырған қыздың бұған үнемі іздей қарайтын, жібермей қадалатын жеңілтектеу жанарлары мүлде өзгерген екен. Кеш бойы көзіндегі керекті-керексіз тұтанған тілемсек ұшқынды әп-сәтте өшіріп тастап, күңгірт перделі мұңға орап алыпты. Ешкімге тіктеп қарамай, иін тіресіп отырған бозбала мен бойжеткен біткеннің туасы ерніне жабысып қалғандай бірінен соң бірі қонақтайтын сүйемдей сигареттерден будақ-будақ бұрқ-бұрқ атылған көкала түтінге толы төбеге басын шалқайта қадалған. Сол қалпымен... өзін де ұмытып, өзгені де ұмытып, әннің әр сөзін салмақтап, әр қайсысын өзгертпей, бұзбай бәз қалпында, таза қазақ тілінде құлаққа сондай таныс, сондай таңсық құдіретімен құя салды.


Мөлдір әуен.


Сайлаубекке осы үнмен, осы әнмен бүкіл кең даласы көз алдына көшіп келгендей болды. Бидайығы аңқыған сахараның алыс көкжиегінен алып дулығадай мұнарланып көне күмбез қауызын жармаған раушан гүліндей дөңгеленіп ауық-ауық орала берді. Кім білсін, мынау әндегі мұң шалған қаралы жан күйікті күндерінің ақырғы тыныштығын осынау күмбезден тапты ма екен?


Мөлдір үнді мұңлы әуен.


Бірақ бұдан асар ғаламат жоқ тәрізді. Бүйрек бет қыз онша қиналмай, ауыр мұңға толы баяу ырғақты бабымен үздіктіріп қайырғанда, шулы қаланың шадыманы көп думанды тірлігінен ілезде оқшаулап әкетіп, жүрекке сағыныш ұйытар қимас балалықтың тәтті естелігін көлденең тоса қойды.


...Екеуі де шаршаған еді.


Төбесіндегі алтын айшығы жарқыраған жалғыз күмбез сағым арасынан бұлдырап шыға келді. Күн аптабы қайта қоймағанмен, мезгіл бесін. Тілдері ауыздарына сыймай қаталаған әкелі-балалы екі аңшы (әкесі иығына мылтық асынғаны болмаса, әлі бір рет те оқ шығарған жоқ) қыбырлап күмбезге жақындады.


— Шөлдедің бе, Сайлау?


— Иә, көке. Дем алайық. — Күн ұзын сыр бермеуге тырысқанымен, әбден титықтаған бала, ақыры шыдай алмады.


— Е-е, жігітім, халің нашар екен. Аңшы адам шаршаушы ма еді. Сәл шыда. Қазір бұлаққа жетеміз.


— Бұлақ?! Қайдағы бұлақ, көке-ау?


— Күмбезді көрдің бе? Сусыз жерге ел қонбайды, бейіт салмайды. Ал, анау күмбездің дәл түбінде "Ақтасты" бұлағы бар. Суы тастай, — деп Маратбек жымия күліп, еңкейіп кеп ұлын иығына салып алды. — Енді шаршамаймыз, шаршамаймыз ғой, Сайлау. Қалай, дүние кең бе екен, жоғарыдан бәрі көрінбей ме.


Бұлақтың суы шынында да мұздай екен, тіс сырқыратып, шекеден бір-ақ шықты.


— Сайлау, асықпа. Аузыңды, тамағыңды ғана шай, кейін әбден қанасың. "Ақтастының" суы қасиетті ғой, жарықтық. Ауырып қалып жүрме, — деп Маратбек оң алақанымен суды көсіп іліп алып, бетіне, мойнына шашып жіберді. Сайлаубек етпеттеген күйі бұлаққа үңілген. О ғажайып! Күн нұры құйылған бұлақ түбі айнадай жарқырап көрінеді екен. Әр жер-әр жерден бүлк-бүлк қайнағандай бұлақ түбі шымырлап, майда құмды қақпақылдай атқылайды.


— Көке, қарашы, бұлақ қайнап жатыр! — деп еріксіз айқайлап жіберді.


— Иә, Сайлау! Бұлақ қайнап шығады. Сондықтан да оның екінші аты қайнар. Анау бүлк-бүлк атқылағандар — көзі. Бұлақ — бұл даланың нәрі, жаны. Бұлақсыз өмір жоқ. Жан-жануар нәр алатын бұлақ біткенді сыйлап өт, ұлым.


Сол күні әкесі осынау әнді айтқан.


Жалғыз үн кең далаға биік дауыспен шарықтап көтерілген. Бұлақ боп еніп бала кеуденің бір бастауының әлсіз түртінектеген көзін ашқан.


Мөлдір үнді мұңлы әуен тағы кездесті.


Тәмпіш мұрынды қараторы қыз неткен әсем еді! Түп-түптен қозғайтын ана әлдиіндей бәйек үнмен тұла бойға дірілдеп толған іңкәр сезімді қайта-қайта тербеп, баяу ырғақпен қайтармалап әкеп тағы да жалғыз сөзді екі рет созып бітіргенде, Сайлаубек мұрнының дәл ұшындағы сынаптың түйіріндей домалана қалған жасты саусағымен шекіп тастап, жалма-жан теріс айналды. Кереуеттің арқалығындағы сүлгіні жалма-жан іліп алып, терін құрғатқысы келген жанның сыңайын білдіріп, алдымен маңдайын содан соң бетін, көзін сүртті.


Қыз бұған елжірей қадалып отыр екен. Көздер түсінісе кездесті де, тез тайқып кетісті. Ұзын кірпіктер қытай желпуіштей жайылып барып, төмен жапырылды. Бүйрек бетке лып жүгіріп қызыл қан тепті.


Сайлаубек кідірмей дәлізге шықты. Қалтасынан сигаретін алып бір талын ерніне қыстырды. Оттығы бөлмеде қалған екен, ішке енгісі келмеді. Дәліздің терезесінен түнгі Москваның сұлу көрінісіне қарап, ойға шомды.


Әлгі әнді талай естіген-ді. Сайлаубек үшінші класта оқып жүрген жылы әкесінің құрдасы Қарағандыдан келе жатып фабрикада жасалған домбыраны әкеліп бұған сыйлаған болатын. Сондағы Сайлаубектің алғаш үйренгені осы ән еді. Тартуы оңай, саусақ басуы жеңіл, екі-үш пернеден ғана орайласа кететін қоңыржай әуенді тез игеріп алған. Енді байыптаса, соның бәрі ұмыт. Домбыра — елде, ән — ауылда қалып, сағыныш


шарап буымен сейілген.


— Сен мұнда екенсің ғой, Сайлау? Қалай, вечер жақсы өтіп жатыр ғой, ә! Білесің бе, қыздар қызыңқырап қалды. Так что, бәрі ол' райт! Мен, Сайлау, саған секретімізді ашайын ба? Біз бар ғой, толстяк шe, Вася Сухов ше, сол екеуміз бір сложнейшая операция жасадық. Хохма! — Бәкір сол қолын бұның иығына салып, көзін қысып қалды. Емешесі үзіліп бара жатқандай ернін дөңгелетіп әкеліп, Сайлаубектің бетіне жапсыра салды. Аузынан арақ исі бұрқ етті. — Біз, әлгі Вася екеуміз... ну миленький толстяк Сухов екеуміз шампанға арақ қостық. Во! Көресің қыздардың қалай тырапай асқанын.


— Сіріңкең бар ма?


— О-о, менде бәрі бар. Саған оттық керек пе, Сайлау? Мен дос дегенде жүрегімді жұлып беремін. Мен — Данкомын! Вот! — Бәкір екі қалтасына қолын салып барып қиралаңдап түзелді де, ештеңе таба алмай алақандарын бос жайды. Қарап тұрып мәз болып күлді де, қыр мұрнының үстіндегі тарының дәніндей ұсақ терді бармағымен сүртіп тастады. — Оттық жоқ. Сіріңке де жоқ. Ал, екеуміздің достығымыз бар. Бар! — Саусағын әрең бүгіп санады. — Бір...екі, үшінші жыл, үш жыл бірге оқимыз. Бір группада екі-ақ қазақ. Ол — сен. Ол — мен. Вот, біліп қой. Мен, сен дегенде, дорогуша Сайлаубек, жанымды аямаймын. Бәрін қиям. Бәрін! Керек пе? Наташаны ха-ха-ха... бүгінше сенің еншіңе берем. Иә, тап солай!


— Бәкір, бөлмеге барып сіріңке алып кел. Әйтпесе келме, сонда отыра бер. Қонақ біздікі. Екеуміз бірдей шығып кеткеніміз жарамайды.


— О-о. Рас! Менің бүгін туған күнім! Барам да, енді өзім тост көтертем. Вот! Достық үшін!.. — Бәкір есіктің тұтқасынан ұстай беріп, тәлтіректеп қайта оралды. — Ну, Сайлау, ұмытып барам. Анау қыз ше? Әлгі қазақбайский ән айтқан. Сол... сол мамзель, между прочим, к тебе неравнодушна. Так что, қармап қал. Сөйт! Моментті пайдалану қажет. Ұқтың ба? — қалжың, шыны белгісіз. Масаң жанарда көз тұрақтар тұлдыр жоқ екен. Бұлдырап ашылып, бұлдырап көмескіленіп, әлдебір есірік қараспен ұстатпайды.


— Жарайды! Бар! Кірсеңші, Бәкір! Сенсіз де білем. Жұмысың болмасын.


Мөлдір әуен.


Әлі де болса құлағында күмбірлеп тұр. Жаңғырығып жеткен өсиеттей өн бойын түгел шымырлата толтырып, үздік-үздік түртпектеп кететін тәрізді. Бұл не? Зарығу ма? Аңсау ма? Нені аңсайды сонда? Талай ғасыр құмына қирай шөккен туған тарихтың көне парақтары басқалардікіндей қағаз беттеріне түспей, ізім-қайым өшпеп пе еді. Бұл неткен тілек! Бір әнге соншама толқығаны несі?


Түнгі Москваның қайнаған өз тірлігі өзінде. Зырқыраған гүріл бір толастамайды. Сыр етіп жеңіл машиналар жүйткісе, тарсыл-гүрсілі көп 12-ші трамвай Калуга заставасындағы ақырғы аялдамасына екі-үш — ақ адамды апара жатыр. Ұйқылы-ояу жандар терезеге жабысып апты. Асфальтты әлгінде жуып өтсе керек, бумен бірге ауаға бензин исі, сирень исі, түтін исі бұрқырай көтеріліп ашық терезеден танауға ұрып тұр. Патрис Лумумба атындағы бұрынғы Достық университетінің дәл үстінен тастаған тағадай иіліп ай туыпты. Данилов монастырінің үшкір мұнарасында ақ сүт сәуле баяу дірілдеді.


Бөлмедегі жырқылдақ күлкі күшейіп, берекесіз ән жамырай бастады. Ештеңеден қымсынар емес. Комендант естісе, салып ұрып жетіп келері сөзсіз.


Сайлаубек ішке кіргенде, бүйрек бет қыз етегі қара санынан келетін, етпен ет қып тіккен шолақ көйлегінен сорайып шығып тұрған түп-түзу сирақтарын сереңдете Бәкірмен твист билеп жүр екен. Оң қолын сермеп бұған жымия күлді, ақ тістерін көрсетіп қап, еріндерін қайта жымырды. Содан кейін иығын қиқандатып, бөксесін шиыршық атқыза бұлтитып африкалық бикештерше жан-тәні қалмай қырық бұралды. Бүкіл денесі дірілдеп, әлдебір жүрдек толқын тұла бойында шапшып ойнауда. Бәкірдікі баяғы — ұялмас тек тұрмас қылық. Арбаң-арбаң, репейсіз қимыл ғана.


"Аты кім екен? Қашанғы бүйрек бет қыз дей берем? Биі ерсілеу екен, жараспайды. Жараспайды. Сонда не жарасады? Ішуі ме? Расында неге ішеді екен? Бірінші курстың жап-жас, бүлдіршін қызы. Ет-сүт институтынан. Ет-сүт... Сүт ішсе ғой. Неге арақ ішеді? Әлі жап-жас. Кешегі оқушы. Үлкендерге қарсы бунты ма? Аты кім екен? Әй, қарындас-ай, жаңағы тәуір әніңнен кейін мына жеңілтек биің жараспайды. Иә, жараспайды. Пәлі, маған көзін қысады. Онысы не? Не демекші?"


Сайлаубек көкшіл фужерге көпіршіген шампанды мөлтілдетіп құйды. Аузына апара берді де, кенет фужерді орнына қойды. "Құрысын. Тазасынан кеттім!" Алдындағы рюмкедегі арақты көмейіне төңкеріп тастады.


"Өз бөлмеме кетсем қайтеді? Қонақтардың тарауын күтем бе? Онда мыналар таң атқанша тарқамас". Көзімен осы бөлменің тұрғын жігіттерін іздестірді. Осынау студенттік жатақхана отызыншы жылдары салынған, кілең екі кісілік тар бөлмелерден тұрады. Мынандай алты кереуеттігі бірен-саран. Анда-санда әлдебір сылтаумен бас қосудың сәті кеп қалса, осы үлкен бөлмелердегі жігіттерге жалынып жүргенің.


"Айтпай, үндемей шығып кетуге болмайды. Ертең өкпелеп торсиып, бұлданып шыға келеді".


Бүйрек бет қыз биді аяқтап, дәл қарсысына келіп отырды. Екі беті алаулай дуылдап тұр екен. Маңдайына түскен майда кекіл шашын астыңғы ернін сүйірлете шығарып үрлеп желпіп жіберді. Желпіп жіберді де, сыңғырлай күлді.


Кереуетте отырғандарды сығылыстырып, Сайлаубектің оң жағынан Бәкір кептеле жайғасты. Ентігін баса алмай аузын кегжең-кегжең еткізіп еді, кішкене құлақтары ыржың-ыржың биледі.


— Сайлау, новость, Венера қарындас сұмдық биші екен! Рақ-а-ат!


"Венера... Шын аты ма екен? Қазақ есімі жетпегендей... Әй, бар болсын. Мен неге алөкпе болам"...


Стол астындағы аяғына әлдене тық-тық қадалып, езгілеп жатыр. Сайлаубек иегін көтеріп Венераға қарады. Қыз көзі пердесіз. Кеудедегі ой ұшқыны жасырынбай-ақ жанарға ойнап шығып, ойнақтап қол бұлғайды.


Сайлаубек аяғын кейін тартып ала қойды.


Одан әрі төменде дүңкілдеген аяқ ойыны тыйылмап еді, сірә басқа бақай тапса керек.


Кеш қызығы енді қызғанымен, Сайлаубек бір түрлі көңілсіз. Үсті-үстіне бұрқыратқан көп темекінің түтінінен көк мұнар қоюланып, қабырғадағы жалғыз браның әлсіз жарығын одан сайын қымтап барады.


Кереуеттің темір серіппесі сарнап қоя берді. Бәкір орнынан тұрған екен. Тәлтіректеп тысқа беттеді. Сайлаубек жайлап қарсысына бұрылды. Венера жым-жылас жоғалыпты. Орнында масаң жігіт отыр.


"Кетіп қалған ба? Құрбы қыздары тегіс отыр ғой. Оларды тастап қайда кетеді. Келер қазір... Метро ендігі тоқтап қалды. Енді бәрібір қайта алмайды".


Даңғыр-дұңғыр шарылдақ музыка ми шаға ма, әлде араластырып ішкен арақ пен шарап басқа шаба ма, өз-өзінен берекесі қашты. Оның үстіне жұрт билеп жүргенде оңаша отырып қалған жігітке терезе алдыңда жұтынып жалғыз тұрған Наташаның да көзі жиі түсе берді. Әуен шалқып жатқанда қыз бен жігіттің билемей отыруы тіпті ыңғайсыз көрінеді екен. Тықыршыған бойжеткен соны барлық қимылымен анық сездірді.


Сайлаубек Наташаны көрмеген боп билеп жүргендердің арасымен бұқпантайлап есікке қарай асығыс ұмтылды. Дәлізге шыққанда тап бір ауыр сынақтан әупірімдеп құламай өткен шәкірттей еркін дем алды. Жайлап басып дәлізбен оңға бұрылып, өз бөлмесіне қарай аяңдады. Қуықтай коридор алакөлеңке. Жұрт тегіс ұйқыда. Күндіз һәм кешкілікте ерсілі-қарсылы шұбыратын студенттерімен аласапыран боп жататын дәліздің қазіргі жым-жырттығы адам нанғысыз. Кенет... Әлдебір есіктен булыққан дауыс естілді. Жылады ма, күлді ме — анық емес.


"Пәлі, мынау Бәкірдің бөлмесі ғой!..."


Артынша-ақ елегізген Сайлаубектің санасында құйындай ұйтқып секемшіл түйткіл ереуіл көтерді. Көзіне қан құйылғандай ашу қысып, есікті бар салмағын сап иығымен сарт еткізді. Ілгегі салынбаған ба, екпінімен бөлменің ортасындағы столға бір-ақ тірелді.


Ай нұры әжептәуір сәулелі екен, оң қапталдағы кереуетке жарығы қиғаш түсіп түр. Алыс-жұлыс соның үстінде. Кейін қайырылған қоңыр галстук жыландай ирелендеп ақ жейденің арқасында жатыр. Жылаған өксікті дауыс, тұншыққан ентігулі сыбыр жастықтың астынан шығады. Ағараңдаған қабырғаға тірелген аппақ сан тізесін бүгіп, әлдекімді қарсыласа итеріп, шірене тырысады.


Сайлаубек жастықты жұлып алды.


— Бәкір!.. Бұның не? Сенбісің?


Дауыс естілгенде қорсылдап жылаған қыз ыңғайлана беріп алақанының сыртымен алысып жатқан жігітті бетінен салып жіберді.


— Ах, сен... сен аяғанды білмей... еще ұрасың ба! Ну, держись, девка!..


Сайлаубек Бәкірді иығынан жұлқып, төсектен тік көтеріп алды. Бетін өзіне қарата бұрғанда әрқайсысы бір-бір теннис шарындай ағараңдаған есірік жанар домалап аунап, қарауытып көрінген ауыздан ырсиған тістері ақсиып, ысылдай дем алып тұр еді.


— Бәкір!? Сен осы... сен неткен адамсың? Нағыз айуан екенсің ғой.


— Сайлаубек! Кет! Жұмысың болмасын! Нең бар бізде. Ке-ет деймін!


Қояншығы ұстаған жанның көзіндей аласұрған қарашығы аударылып-төңкеріліп, жыртқыш тістер қауып тастардай сақ-сақ етеді.


— Болды! Өшір үніңді, сұмырай!


— Ә-ә! Мен сұмырай екем де, сен әулиесің ғой сонда. Білем сені. Әдейі андып келдің. Қызғанасың ба? Өзіңе де, өзгеге де қимайсың. Сендейлерді ит етінен жек көрем! Кімге керексіңдер?...Ке-е-ет!


Бәкір оқыс қимылдап Сайлаубектің кеудесінен шынтағымен түйіп жіберді. Ай сәулесінде бұзылып, түтіккен түсі дәл қазір ештеңеден тайынбайтындай. Досының дәл осылай долырғанын Сайлаубек бұрын көрмеп еді.


— Ке-ет! Бөгет болма! Әйелің жоқ бұнда. Қызда шаруаң болмасын. Ол — менікі!...Мені-кі-і!...


Бәкір енді одан сайын долданып кеудесімен бұны есікке қарай омыраулай тықсырды. Анда-санда өксіп жатқан қыздың үн қатпағанына түсінбей Сайлаубек көңілі пәс болып құрбысына қарсылық білдірмей жайлап ығыса бастап еді. Бір кез Венера орнынан ұшып тұрып, келген бойда Бәкірді жаққан бір тартты. Сайлаубекке жалынды.


— Аға, мені алып кетіңізші!...


Бәкір жағын ұстаған күйі ләм демей, тұрған орнында қалшиып қала берді.


Сайлаубек қыздың алдына түсіп алып, дәлізді бойлап ілгері тартты. Бір ауыз тіл қатпай Венераны бөлмесінің есігінің алдына ертіп әкелді. Көршісі жоқ екен, сенбі болған соң қаланың түбіндегі үйіне кетсе керек. Құлыптың тесігіне кілтін суға алмай, саусақтары дірілдеп біраз бөгелді. Венера қолын созып, кілтті алды. Есікті жып-жылдам ашты. Кілтті қайтарып берді. Беріп жатып әлденеге жымиды.


Сайлаубектің ит арқасы құрысты.


— Селтиіп неғып тұрсың? Кір!


Өзі табалдырықтан бірінші аттады.


— Қорықпа, мен кісі жемеймін. Ана кереуетке жайғас. Дем ал. Ұйқың келді ме... Ұйықтау керек.


Қыздың бетіне қарамай бір қырын тұрып сөйледі. Әлденеге өз-өзінен ыңғайсызданып, еңкейіп стол үстіндегі шәйнектің шүмегінен суық шайды қылқ-қылқ жұтты да, жеңімен аузын сүртті. Көз қиығымен әлі де болса қыбырсыз қалған қызды шалып қап, "бұл неге жатпай тұр?" дегендей сәл аңырды да, апыл-құпыл тысқа беттеді.


Дәлізде Бәкір теңселіп жүр екен. Екі көзі шатынап, қалшылдап жетіп келді.


— Ит екенсің, білдің бе! Дәл осы опасыздығыңды еш уақытта кешірмеймін. Кешірмеймін! Әй, достықты бір қызға бола оп-оңай-ақ сатып жібергенің бе? Мен онымен келіскем. Шөп қорыған төбетсің!


— Бәкір, дереу жоғалмасаң, дәл қазір бірдеме көресің. Айтпады деме. Нағыз жыртқыш сенсің! Аузыңды қан жалатам! Ашуымды білесің!


Бәкір даусын шығармай күбірлей боқтап, бұрылған күйі бөлмесіне енді.


Сайлаубек кіргенде Венера жатып қалған екен. Қозғалған жоқ. Дыбысын шығармауға тырысып, жайлап шешінді де, екінші кереуетке қисайды.


Тұлабойы ысып барады. Ұят па, өкініш пе, ашу ма бүкіл денесін жұмбақ алау ду-ду өртеді. Төсегін сықырлата аударылып, іргеге бұрылды.


"Қыздың ұйықтағаны рас па? Не ойлады екен? Менен қорқып жатыр-ау. Демін де әзер алады. Байғұс! Адамды адамға жыртқыш қып қоятын табиғат құдіреті ме? Жаратылыс заңы ма? Оны тежеуге болады ғой".


Ұйқы мүлде келер емес. Қозғалайын десе, серіппелі темір пружина аттан салайын деп тұр. Қозғалмаймын десе, өзін-өзі сірестіре тежеп жатқанынан ба, астында қалған оң қолы ұйып барады. Оның үстіне шөл және қысты.


Ақыры қасақы кереует қинала шиық етті. Тым-тырыс түннің құлақ-шекесін осып жіберді.


— Ағай, ояумысыз?


— Ұйықтай бер, Венера. Ештеңеден сескенбе. Мен кеш жатып дағдыланғам.


— Ағай мені неге Венера дейсіз? Менің атым Шолпан.


— Шолпан?! Әлгі сені...Бәсе! Мен Сайлаубекпін.


— Аға... Сайлау, тіпті де ұйқым келетін емес.


— Неге?...Қорқасың ба?


— Кімнен қорқам? — Шолпан сықылықтай күлді.


— Жай, әшейін. Қорықпағаның дұрыс. — Сайлаубек мынау әңгіменің байыбына түсінер емес. Кеудесін көтеріп, жасыл шәйнекке бас қойды. Қарайын деген ойында жоқ еді. Бірақ.... шалқалап жатқан дененің ашық омырауы ай сәулесін төсіне қондырыпты: жастықтан төгіліп түскен қара шаш толқындап екі иықты жауып, сүйірлене шаншылған қос анардың арасындағы тіп-тік шатқалды айқындап тұр. Ал, көздер ше? "Құдай-ау, алакөлеңке шілтерлі ай нұрында үндемей күлген жанардың жарқ-жұрқ құбылғанын көріп пе еді! Әлденені ынтыға іздеп, қуаныш шашып, нұрланып барады ғой! Бүйрек беттеу еді ғой, томпағы жоғалып, қырлана түскені қалай? Ә-ә, төгілген шашы бетін жартылай көмкерген екен-ау. Еріндері жыбырлады ма? Дыбысы неге жоқ?"


Тайқыған жанар ұялғандай шәйнектің қақпағына тасаланды. Шүмектен клеенка дастарқанға тырс-тырс тамшы ақты. Көмейге сұрақ кептеліп қалды ма, қарап тұрып шашалды. Шәйнекті дүрс еткізіп қоя салды.


Әлгі қарас ештеңеден қымсынар емес. Көз моншағы бұрынғыдан да үлкейіп, сәуле шашып, кең ашылып барады. Кеудедегі қос анар әткеншек тепкендей жоғарылап-төмендеп, жоғарылап-төмендеп үрдіс қозғалысқа көшіпті. Баяу жылжыған оң қолы жыбырлап келіп, биік төстегі үшбұрыштанған ойықты жасыра қымтады. Саусақтары ұзын екен, маникюр жалатқан тырнақтарда анау жалын шашқан көздердің шашыранды ұшқынындай ай сәулесінің көмескі жарығы дірілдеп тұрып қалды.


Анайылық танытқандай аяқ астынан қуыстанып, Сайлаубек жалма-жан сырт айналды. Қабырғаға бетін тигізіп, ақ жайманы бүркеніп ала қойды. Екеуара бөлінетін тас қорғаны осы-ақ. Оны ашса, бір бәлеге аяусыз ұрынатындай тұмантқан ой алас-күлес. Қос кереуеттің арасындағы құлаш толмас жерден толқындап қызу есетін тәрізді. Ақ жайманың іші дәл қазір адам түгіл темір балқытардай. Заматта тынысы тарылып, тұлабойын тер буды.


— Сайлау!...


"Не демекші?! Жауап беру қажет пе? Мына қапастың астында ауа жетпей, тұншығып өлермін". Бетін ашты, жұтынып жан шақырды.


— Нe? Жай ма, Шолпан?


— Ұйқым келер емес. Әңгіме айтшы.


— Шолпан, мен...Білемісің... Онша әңгімешіл емес ем... Оның үстіне... Уақыт біраз болды. Сен... ұйықтайық... ұйықтай ғой, Шолпан.


— Неге әкелдің? Ұйықтамай жүр ме екем...


Сайлаубек басын жастықтан жұлып алды.


— Немене дедің? Сонда... сонда сен, Шолпан, апырмай, жап-жас басыңмен қалай ойладың? Нені ойладың? Түсінесің бе не айтып тұрғаныңды? Сен...сен мені әбден білесің бе? Жете білдің бе кім екенімді? Бір көргенде-ақ сеніп қалдың ба?.. "Ұйықтамай жүр ме екем". Не айтпақсың сонда? Бәкірден әкеткенде сені қуаныш көргендерді құр босқа қызықтай беру дұрыс па?.. Шын іздеу керек қой...Алданбайтындай боп...


Құлағы бір дыбысты шалып қалды. "Бұл не? Жылап жатыр ғой!..." Сәтте аңырып, бас-аяғы жоқ салдыр-күлдір сөзін кілт доғарды. Бір қырына аунап, бүрісіп жатқан Шолпанның жалаңаш иығы әлсіз селкілдейді.


— Шолпан?! Мен...мен бар ғой сені ешбір кінәлағым жоқ еді... Кінәлап қайтем. Жыламашы!... Өстіп кейде қатты кететінім... Байқамай, жыламашы, Шолпан!..


Қайтіп жұбатудың жөнін таппай, еріксіз жақындап барып иығынан ұстады. Шолпан жалт бұрылып, жанасқан қолға бетін көмді. Жас жуған мұрнын, ернін тигізді. Әлденеге қалшылдап, тісі-тісіне тимей селкілдеп қояды.


— Қой, Шолпан!... Саған қатты айту ойымда жоқ еді. Жылағаның не?! Жыламашы...


Бір сылтау, бір тиянақ осы сөзде ғана. Одан ажыраса, мынау білектен дуылдап бойға тараған белгісіз арын обырлана жұтып жіберетін сияқты. Танау астынан толқындап жеткен қолаң шаштың исі ме, жұпар шарпуы ма — бас айналдырар майда леп жып-жылы боп кәдімгідей сезіледі.


"Не істеу керек?! Осылай жылай берер ме? Шынында да мұнда неге әкелдім? Әнін ұнаттым ғой. Бірақ ол желеу ме? Ендеше бір бөлмеде қызбен оңаша қалуыма жол болсын? Өзіме сендім. Ал, Венера... жоқ Шолпанға сеніп пе ең? Білмеймін. Иә, білмейсің.


Бірақ, жеке ертіп әкелесің. Кеш бойғы қылымсыған қылығынан дәмелендің бе? Сөйткен шығарсың?"


Сұрақ — жауап. Қас пен көздің арасында найзағайдай тұтанып, ми шабақтап, есеңгіретіп тастағандай.


Қыз беті - қып-қызыл жалын. Қарып күйдіріп барады. Босанбақ боп әлсіз бұлқынды.


— Қойшы, Шолпан. Қане, жата ғой, сонша жылағаның не? Дем ал... Тынық. Керек десең мен осы бойда достарыма... басқа бөлмеге кетейін.... Бос орын жеткілікті...Сен...сен есікті іштен мықтап кілттеп ал, Шолпа...


Шолпан ыршып бір-ақ серпілді. Жалаңаш білегін жарқ еткізіп жігіттің иығына орады да, біртүрлі ашынған жанның өжет қимылымен қышқыл шараптың дәмі қалған ыстық ернімен бұның аузын жаба қойды. Жабысып ұзақ сүйді. Шым етіп тұңғиыққа құлап түскендей Сайлаубек тынысы тарылып, ерінге ернімен жауап бергенде, төсіне қадала тиген қос томпақ денесін күйдіріп, еркін ұрлап бара жатты. Құлақ шуылдағандай демі тарыла бітіп, бір алаңғасар құйынның иірімінде қалған бойда, жаңағы кеудедегі сұрақ-жауап дүрмегінен сәтте адасып қалды. Санадан тысқары адуын құмарлықпен қызға жабысқан қалпында сол қолын төмен қарай сырғыта берді.


Шолпан шаққа басын тартып алды да, жігітті иығынан саусақ ұшымен сәл итеріңкіреп жіберді. Көзін сығырайта күлімдеп, көзіне тік қадады.


— Рақмет, Сайлау. Орныңа бар. Енді екеуміз де ұйықтайық. Өзің де тынық.


— Шолпа-ан! — Ыңғайсыздануы ма, емексіткен тілегі ме — белгісіз ыңыранып, Сайлаубек кермек дәмді ернін тілімен бір жалап қойды.


— Бәрі, бәріне рақмет. Ұйықта. Мен енді ештеңеден қорықпаймын. Сен де қорықпа.


— Мен кетейін...


— Неге? Мен адам жемеймін. — Шолпан күлді. Содан кейін ойына әлдене түскендей ақ жаймамен ашық омырауын жауып алды. — Кетпей-ақ қой, Сайлау. Мен ренжімеймін. Сені... сені жақсы көрем. Рас айтам.


Сайлаубек төсегіне барып қисайды. Әлгіндегі сәттік опасыздығына ұяла күйінді ме, әлде басқа да себебі бар ма, үнсіз жатыр.


— Мен саған кейін бірде тағы да ән салып берем, Сайлау. Жарай ма?


Мөлдір үнді мұңды әуен.


Қайта оралды. Жоғалтып алғаны осы екен. Ән екен. Тапты да уанды. Ызындап жетті. Қоңырлап тұрып алды.


"Жазушы болар ма еді! Новелла жазар еді осы ән туралы. Шіркін соны Шолпанға арнаса ғой... Рақмет деді. Несіне маған алғыс айтады? Ереуілдеген Бәкірден менің нем артық? Сәл кешіксе, кібіртіктесе, онда... онда... Түу, қандай ұзақ түн еді? Ұйықтайын"... Жайлы жатып, жақсы тұр, Шолпан! Рақмет, Сайлау!


* * *


Манағы манағы ма, талқылау жатқан бөлме іші көк ала тұман. Осы көк ала тұман көп көздердегі болар-болмас жалынды да адастырып кетіпті. Енді дауыс тембріндегі әуелдегі жасырыңқы қатқылдық ашық саңғырлап тұр. Құлақ сарсылтардай.


Бірін-бірі кеңірдектеген сөз сайысы лағып кетіп, қайта оралып, алғашқы арнаға түйіскен кезде, Сайлаубек маңайына тағы да әуесқой жанарын қыдырта жүгіртті.


"Жоқ! Бекер қобалжыған екенмін. Бірен-саран адамның бейтарап қалғаны болмаса, осында отырғандардың көбісі-ақ әдебиеттің бүгіні мен ертеңі деп шын жаны ашитын азаматтар! Барды да, жоқты да, емексіткенді де тап басып жатыр. Пікірлері де орынды. Дәл осылай бірінен кейін бірі сөйлер деп ойлап па едім. Уақыт тауып, қолжазбамды оқып шыққандары неге тұрады!"


Кеудесіндегі мөлдір әуен уілдеп келіп қол шапақтағандай құлағында жаңғырығып кетті. Кеудесінде қуаныш па-ау, лепіру ме-ау — желікті толқын сапырылды.


"Түсінді. Әріптестерім мені түсінді. Жүйкемді жүндей түтелеген жан сырымды анық ұғынды. Іштей болса да бәріне түгел рақмет дейінші. Айтайыншы достарыма, тілектес, рухтас серіктеріме!"


Елжіреген көңілмен басын көтеріп еді, бір көз өңменінен өтіп барады екен. "Неге жымиясың? Неменеге масайрайсың?" дейтіндей әлгі адам жыландай жиырылып алды да, орнынан атып тұрды. Содан кейін...


Бесіктен белі шықпай жатып сақалды романист болғысы келетін тыраш жастарды түсінбейтінін айтты. Қырыққа шейін өмірдің қызу ортасынан материал жинамай, қиналып жұмыс істемей, бармақтан сорып шығарма жазатындарға кейіді. Ойы түгіл бойы да қалыптаспаған орашолақ жастардың алдан орап кететіндеріне қайғыра қынжылды. Екілене басын шайқады, сұстанып көзін алартты. Өзінің алпыстан енді ғана асқанын, үлкен шығармаға енді-енді дайындалып жүргенін даусын соза асқан бір маңызды ырғақпен мәлімдеді. Өңменнен өтер көз сұғын найзағайдай жалт еткізіп тағы бір түйреді де, қайтадан сұлқ түсті.


Бөлмені ауыр үнсіздік басты.


Темекі түтіні бұрқ-бұрқ. Әлдекімнің көкірегінде тұтанған күрк-күрк жөтел еріндерді бүлкілдетіп қана өтті. Бүлкілдетіп барып тыншыды.


Әлгі сұқ көзді адам алдындағы жігітті желкеден нұқып қалды. Нұқып қалғанда, анау қуыршақ артистей орнынан шошаң етіп көтерілді. Артына жәркештене бұрылып, қол иесіне алғыс айтқандай ыржиып күлді. Езуі жиылар-жиылмастан тақылдап ала жөнелді.


Аласа бойлы жалпақ бет, жайын ауыз, қысық көз жігіт. Отыздан аспай жатып анау доғал мұрыны иегіне итінген дөңгелек басты қандай қыстың қырауы шалғанын құдайым білсін. Теңіз жағасындағы ақ сортаңды осы жаңа ғана емін-еркін сүзгілеп-сүзгілеп келіп, шаш арасына сіңіп қалған түз қиыршығын түсіруге де мұршасы болмай, аптығып жеткендей, ентігіп барып-қайтып тұр.


— ... Осы отырған бәріміздің де әдебиет деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр. Сонда деймін-ау, бет алды лағып кетіп көркемдік ізденісті қайдағы бір көне жұрттан шұқылап жатқанымыз қалай? Мен түсінбеймін, басты мәселеден сырғақсып, бірнеше ғасырлап кейін шегініп, күл мен топырақ қопарғанда не тындырмақшымыз? Бізге бүгінгі заманның үлгілі итерін жырла деп қауымымыз сенім білдіреді. Бұдан артық мерейлі тақырып бар ма? Қолың қышып бара жатса, осы ортаңның адами тірлігін бүге-шігесіне дейін айпарлы көрсетіп бер. Ал енді бір әнді арқау етем деп өткенді бос шиырлау, кешірерсіз, қажет емес...


Сайлаубек мырс етті. Анаған реніші де, күйініші ме жоқ. "Осынша қызына сөйлегенде, ең болмаса, миға қонар бір түйір пайдалы пікір айтпай, бажылдап құр байбаламға басқанда, не өндіріп, не табам дейді екен? Ал, осының дегені-ақ болсын. Сонда кешегінің бәрін талақ қып, мансұқ етіп лақтырып кетуіміз тірлігімізге лайық бола қояр ма екен. Тамырсыз ағаш та, шөп те өспейді. Мәуелеп жапырақ жаймайды. Тамырға балта шапқанда жап-жасыл жапырағын немен қоректендірем дейді екен? Ә, қойшы. Неменеге сарсылам... "Айпарлы". Апырай, бұнысы тағы қандай сөз? Қарапайым қғымды баламалары тұрғанда, қайдағыны қайдан табады?"


Тырс етіп иегіне тиіп, шоршып алдына түскен төрт бүктелген қағаз ойын үзіп жіберді. Еңкейіп әлгіні іліп алды. Қызыл сиямен "Сайлаубекке" деп арбита жазып, астын екі рет сызып қойыпты.


Еңкейіп отырған бойы қасын кергілей қимылдатып әлгі жазуды бетіне тақады. Бір мінезі: қай жазуға үңілмесін қолтаңбадан авторының қандай адам екенін білуге құштар. Бірақ онысы құр әуре. Алматының құбылмалы ауа райындай бір қолдың да әртүрлі шимаймен шатпақтай алатынына әбден көзі жеткен. Қағазды жайды.


"Сайлау, қалтаң қалай, қалың ба? Қазір төмендегі кафеге яки барға апаратын болсаң, тұп-тура классик қып өкірте мақтап берем".


Бары-жоғы осы. Қылжағы ма, шыны ма? Ойыны ма, ойы ма? Сонда қалай болмақшы? Қолжазбада жоғын бар деп, жетімсізін желкілдетіп жер-көкке сыйғызбай, лепіртіп әкетпек пе? Онда не түседі?


Түсініп айтты ма, түсірейін деп айтты ма? Құр қолпаштау кімге қажет?


Кім жазды? Кім жазса да, он жыл бойы көз майын таусып тірнектеп дерек жинағанын, түртінектеп архив ақтарғанын, шаң жұғып, сыз қапқанын білді ме?


Өткен заманның бұйығы халінен елес берер тас оба, қираған үйінді, шым қорған, елсіздегі мола, құз-жартас, қираған күмбезді шарқ ұрып іздеп, ұлан даланың о шеті мен бұ шетін тынбай кезіп, ұшқыр самолеттен бастап, қиқар есекке дейін мініп, қала берді жаяу-жалпы жүріп өткенін білді ме екен? Шыршық пен Таластың, Қара Ертіс пен Телікөлдің сылдыраған суына сүзіліп, Ордабасы мен Қаратаудың, Маңырақ пен Ұлытаудың тылсым тасын ұстап, Қызылқұмның аптабы мен Аңырақайдың аңызағыңда қуырылғанын білді ме екен?


Москва мен Элистаның, Алматы мен Абақанның кітапханаларында, Алтайдың аязы мен Аралдың қапырығында бірде тымау, бірде сырқау боп жүрсе де басқа ләззат, басқа қызықты тәрік қып, қызулы жиырманың қайран күндерін алаңсыз, қиналмай қалдырғанын білді ме екен?


Кей-кейде сынған қылыштың тот басқан алмас жүзіне, қираған құмыраның сақ таңбалы бедеріне, үгітілген қыштың көкшіл бояулы кесегіне үңіле қарап отырып, осыдан екі жарым-үш ғасыр бұрын туған даласында болып өткен қанды қырғын, қасиетті соғыс, қажырлы рух, қайтпас қайсарлық, зұлымдық пен ізгілік арпалысы тәрізді шым-шытырық оқиғаларға қиялмен үнсіз шомып, ойымен мидай араласып кететін.


Кей-кейде төбе-төбе боп үйілген қорымды көргенде, жал-жал құм басқан қираған қаланың орнын көргенде: "Ей, адамзат, біріңді-бірің тағыдай талап, тарыдай шашып, тауықтай жұлмалағанда сендерге не жетпеді? Атақ пен даңқтың құдіреті өлім аттап жеткенін қай кезде көріп ең? Не заманнан қарғысын атқан халық Макендонскийді де, Шыңғысханды да, Ақсақ Темірді де, Ермакты да, Наполеонды да, Мамайды да қаталдық тәңірісіндей көріп, безініп кетпеп пе еді. Солардың атына кей-кейде табынып қалатынымыз да бар-ау. Алыс таудың бұжыр-бұдырын жоғалтып, асқақтатып жеткізетін көк мұнардай, арадағы уақыт алшақтығы зұлымдық сырын көлегейлеп, қу кеудедегі өзімшіл қанның өрекпуімен аласаны қолдан көтертіп, зәлімді заңғар қылып алатынымыз қалай?" дейтін қынжылысқа тірелетін.


Кей-кейде ашына айқай сап, аттандап кеткісі бар. Осының бәрін мынау жазу иесі білді ме екен?


Осыдан бес жыл бұрын шөлейт ауданда болған-ды. Бір совхоздың көзі ашық, басшы жігіттері Сайлаубектің Алматыдан келген жазушы екенін естігенде, бір-біріне қутындаса қарап отырып, бір қойды алып ұрып сойғызып, бас-сирағына дейін түгел қазанға тоғытқызған. Арақ пен шараптың түр-түрінен босаған шиша-шыныларды нысана ғып атып, артынан біраз көңіл көтерген. Содан соң жөн сұрасып, Сайлаубектің аңыз-әңгіме іздеп, ертек жинап, кәрі құлақ қарияларды жағалап жүргенін білгенде аяқ астынан нілдей бұзылған еді. Жарты шақырым жүрсе бір сағат жөндеу тілейтін қос дөңгелекті ескі дарылдақтың артына мінгестіріп жіберіп, масаң жыртақпен тәлкек етіп, қол бұлғасып қала берген.


"Кәрі құлақтың нағыз өзін көрерсің!" деген.


"Бірін жас, бірің шал — іздегенге сұраған болып табыласыңдар" деген.


"Ауыл шалдың әңгімесіне әбден қарық боласың" деген.


"Сызып жіберіп, преферанс ойнай білмейді екенсің, әйтеуір, астанадан келді деген атың бар, адасып кетіп, елсізде көмусіз қалма" деген.


"Өлмесең өмірім қап!" деген жылт-жылт кекеткен кездегі көлгірсімейтін ұшқындар.


"Құдай есін алғаннан сақтасын. Ауыштың ауыш іздейтіні рас екен. "Тең теңімен, тезек қабымен", деген жырқ-жырқ жымысқы күлкілері.


Бірде тоқтап, бірде дырылдап ауылдан қозыкеш жердегі жалғыз күмбезді ет пісірім уақытта көзге әрең көрсетіп, біресе аузы-басы бүлкілдеп күңк-күңк боқтанған, біресе өз-өзінен мотоцикл үнін баса сайқымазақтана сақ-сақ күлген ноқай жігіт ақыры орта жолда жолаушысын көлігінен түсіріп тастады.


— Бүкірді қор ғана түзейді. Есуасты ажал ғана теңестіреді. Онсыз да уақытыңды қайда шашарыңды білмей желігіп жүрген жігіт екенсің. Ақырын-ақырын аяңдасаң, кешке дейін бір барып қаларсың. Іздеген ауышың ана-ау күмбездің қасында. Бірің ақырып, бірің бақырып мауқыңнан шығарсыңдар. Ал, мен жолымнан қалмайын, — деп дарылдағын бұрып ап, шаң мен түтінді бұрқ еткізді де, елу метр шықпай жатып әлгісінің дыбысын өшірді. Айқайлап қол бұлғады.


Сайлаубек қасына таянды.


— Ұмытып барады екем. Өзіңнен ит көйлекті бұрынырақ тоздырған үлкендігім бар. Сен мынау ылжыраған жуас мінезіңді таста, бауырым. Қыз айттыра түскен күйеу бала емессің. Астананың тап өзінен келіп отырған дөкейсің! Иә, дөкейсің! Болмасаң, боласың. Брошура жазам деп жүрсің. Ықтың келсе, жазарсың. Ол өз алдына. Ал, менің айтарым, өжеттеу бол. Бұ заманда терісіне сыймай шіренген адам сыйлы болады. Ақиланып келіп, қоқиланып сөйлеген талайларды көргем. Аузымен құс тістейді деп жүрген өзіміздің, аулымыздың мықтылары әлгілердің алдында жым болатын... Терісімді көріп, кемісімді тізіп кетер ме деп қорқақтайтын шығар. Өзің көрдің ғой, сені ә дегенде қалай қабылдады, қыл аяғында қалай шығарып салды. Бәрі өзіңнен, інішек. Аузыңнан қағынып, құныңды оп-оңай түсіріп алдың да, көдедей көп машинаның бірі бұйырмай, менің өтелсирияма мінгестің. Будан былай есіңде жүрсін. Қолыңнан келгенше аспанның тіреуін ұстап тұрғандай сызданып, шікірейіп бақ. Дүниедегі ең жұмбақ нәрсе — адам. Өз кілтіңді өзің ұстатпа. Онда ойыншық қып бұрап ойнап, куыршақ қып қиратады. Болдым. Кете бер.


Сайлаубек аузын ашып, жігітке состиып қарап қалыпты. Дала қандай құбылмалы болса, сол даланың адамдары да сондай әртүрлі-ау. Манадан мына жігітті ештеңемен ісі жоқ жанға балаған. Өңкиген түрі, өгіз кескіні іші мен сыртын тең ұстайтын дарылдақ күлкілі, дарылдақ көлікті аз сөзді тобанаяқ көптің біріне шегелеп келіп еді. Қарап тұрса, алғашқы сезім — алдампаз, мылқау кейіп — жұмбақ екен. Табиғат-шебер аясында қыбырлаған адам бейненің бар болмысына өз құпиясын мол құяды екен. Өзі қандай қат-қабат болса, перзенті де сондай: тылсым сыры ішінде, әсемдігі көңілінде, жомарттығы жүрегінде, ең ақыры қулық-сұмдығы да, жатыпатар есепшілдігі де өзгеге оңай ашылмас өзегінде. Жаратылыс өзіне лайықтап, өзіне шақтап пішеді екен-ау.


Сайлаубек бұрылып алып өз жөнімен кетті. "Ынжықсың! — деді. — Қадіріңді білмейсің. Жайдақсың", деді. Сүтпен сіңбеген мінезді тәңірден сұрап ала ма, саудагерден сатып ала ма. Сонда әр заманның өз Чпестаковы болуы қажет пе? Артынан қоябасы қопарылып жатса, қадірі әсер ме еді, өшер ме еді? Апырай, сонда шындықтың шығар тауы неге аласа, алар сыйы неге аз? Әркім өзінше тіршілік күйттеп, оңаша күйіс қайырып, оңаша күліп, оңаша жылап алып, "жарыдым — жадырадым, тарықтым-тарылдым!" деп бұйығып өте бергені ме? Жаңғырығы жанын да ұрмас меңіреу жартас тірлігі — ұсақ-түйек күйбеңдік қызықтырса, ән деп үздіккен, ән деп тынышынан баз кешкен бұның өмірін бағзы жұрт түсіне қояр ма? Кімге қол жайып, көкірегін ашып, жүрегін ұсынып, шың-шың дірілдеген сезім қылын мейірімсіз сабау саусаққа шерткізе берер? Ағынан жарылып, ішек-қарынын ақтармалап тастап, бүкіл рухын жайлап алған сыршыл әуеннің өсиет айтып, мұң жолдап тұрғанын түсіндірмек болған пәруана күйінен бәсеңдеп тыйылып, бара-бара таусылып, тарығып, күрсініп тоқтар. Тоқтатар-ау"...


Далада селеу теңізі толқиды. Шабдар тайдың маңмайда кекіліндей түгел бір жаққа құлай жапырылып, жаяу самал жүгіріп өтсе, бірін-бірі жаңа көрген шалқұйрықтай кісінесе бас изендесіп, өзді-өзі жанасып-жалғасып өтеді. Шұлғысып барып қайтадан тыншиды?


Шекшек шырылдады. Ұзақ-ұзақ бір жайлы ырғаққа баптанып түсіп алды да, осыдан жүз жылғы бұрын осыдан жүз жылғы кейін өзгермес ынтық әуенімен ұлы даласын шарылдап мадақтай жөнелді. Сол, сол екен, әлдеқайдан дір етіп сағыныш... иә, сағыныш оралды. Қытықшыл жүректің елгезек қаны тасып, тұлабойға реніші жоқ сәби еркелігі шымырлап құйылды. Әп-сәтте жүзі бусана жылып, бала боп кетті ме, өз-өзінен ерсілі-қарсылы аунағысы келді. Жұмсақ селеуге жон арқасын төсеп, жас булаған жанарды ақшыл аспанға сіңіре әуелеткісі келді. Шалқалап жатып, сахараның сап-сары кең бесігінде шіренгісі келді... Шіркін!.. Қаперсіз аунағанында дүниенің бар-бар жұпарын түгел түгендеп әкеліп, бір шөкім ақша бұлт дәл төбенде тақиядай дөңгелеп қонақтай қалса! Тасырлатып шеге қаққандай әлгі бұлттан тырс-тырс тамшылар қиғаш күн сәулесінде жылт-жылт секірсе!.. Секпіл беттегі қорасан дағындай қожыр-қожыр боп, құм үстінде тамшы бөксе!..


— Тоқта! Енді жақындасаң, тұп-тура тұрған жеріңде жайратып саламын!


Дауыс оқыс естілді. Оқыс естілді де, әлгі бір тамаша қиял әлдилеген меңіреу даланы селк еткізді. Сайлаубек өзіне шатынай қадалған шалды, шалдың қолындағы мылтықша кезенген күректің сабын көрді. "Іздеген адамым дәуде болса, осы болар"...


— Ассалаумағалайку-ум, ақсақал!


— Аулақ! Нең бар менде!.. Құдайдың иен жазығы жетпеді ме? Аяқ бассаң, тырс еткізем — деп безектеген қария күрегін ұмсынып-ұмсынып қойды.


— Ақсақал, мен сізді алыстан арнайы іздеп кеп едім. Алматыдан жүрмін. Сіз маған өте керексіз, — деп Сайлаубек мына түсініксіз жәйттен тезірек құтылмақшы болып Алматыны әдейі айқайлап айтты.


Шал алақанын күргейлеп күн салып қарады. Күрегіне сүйеніп, белін таянды. Қайтадан екі саусағымен ақшулан қою қасын шымши көтере, шүңірек көзді тіктеді. Ешқандай қауіп жоғына сенді ме, әнтек басын изеді. Содан соң беліне ораған бір жарым құлаш бөз орамалдың астынан махорка мен сарғайған газет қиындысын алып, темекі орады. Шақпақпен шақ-шуқ тұтатып, танаудан ащы түтінді бір мойын пештің мұржасынан шыққан жалпылдақ отынның шудасындай шұбалтты.


— Болсаң, боларсың. Бұрын көрмеген жігітім екенсің. Неғып тұрсың? Бері жақында!


Сайлаубек таяп келіп қолын ұсынды. Шалдың алақаны шымыр екен, шеңгелі біраз сығымдалып барып босап кетті.


— Жөн, жөн! Ата ғұрпын ұмыта қоймапсың. Қайда туғансың, балам! — деп қара жерге жайласып отырып алды да, құйрығымен бір сырғыды. — Бері, мында жайғас.


Жөн сұрасып, тәп-тәуір тату тілге келіскен соң, екеуінің әңгімесі кәдімгідей жарасты. Шал тағы да мықынынан махоркасын суырды.


— Ақсақал, менің найымнан шегіп көрмеймісіз? — деп Сайлаубек сигаретін ұсынды.


— Жоқ! Тезек сорғандай құмарыңды қандырмайды. Ол шіркін жасық қой... Жөн, жөн... Солай де... Өйбүй, әңгіме бұзау емізер деген, қап, лай құрғап кетті-ау!


Апыл-құпыл асығыс қимылдап жатыр. Онысы анау сырт-сырт атқылаған буында, дірілдеген саусақта, бүкшиген таспа белде ғана. Әйтпесе, шапшаңдық тәлтіректеген шалдың садағасы кетсін. Сайлаубек орнынан лып түрегеп, қарияны қолтығынан демеп көтерді.


Шал кібіртіктей басып күмбезге таянды. Тізерлеуге ерінді ме, қария тік тұрған күйі аузын күбірлетіп бетін сипады. Шал қимылын аудармай қайталаған Сайлаубек бейітке көз салды. Төңкеріп қоя салған кәрлен кесе. Соның әлденеше рет үлкейтілген көшірмесі. Бір шеті опырылып құлапты. Арса-арса өрімі іркес-тіркес. Снаряд тиген, немесе бомба түскен үйдің сұрқындай. "Елсізде ненің сойқаны соқты екен?". Күмбездің басқаша көз тартар ерекшелігі жоқ. Ата-бабаларының бірінікі болар".


Сол күні Сайлаубек кешке дейін шалмен бірге күмбездің кетілген жерін қаласты. Күрекпен лай желді. Кесек әперді. Лай жасады. Шелекпен су тасыды.


Жұмысқа кіріскелі екеуара жақ жазып, сөйлескен емес. Шал үндемеген соң, бұл әзірше тықақтамады. Бүгін ашылмаса, ертең ашылар. Бәлки мені сынап жүрген шығар. Бәлки өзі де әрең шыдап жүрген шығар. Айдалада аптап қыздырған төбесіне өзбек топысын біресе шекелетіп, біресе желкелетіп киіп алып қыбыр-қыбыр қозғалғанда, көлеңкесінен басқа ешкім көзге көрінбесе, атам заманда қатып-семіп қалған аруақтармен сырласа ма? Жалғыздықтан жаны түршігіп, өткенін өгейсіп, өзін-өзі қинай қамшылай ма? Қысыр қиялды ерттеп мініп, ұстатпай ұмсындырып кеткен қызықты бір дүрмегін тепектеп қуар ма? Сонда неге жетер, нені өксір, нені өгейсір? Әр әжімге мына даланың қатпар-қатпар жотасына басқан бір-бір жұмбақ сыры ұялады ма екен? Қағынан жеріген тағыдай терісі сарғайған жүздің кей сәт қыбырсыз тас мүсіндей тақсірет тарта қалатыны қалай? Сол кезде не ойлайды екен? Аяғына таяқ қосып, жанарына жамау түсіріп жүріп түу-түу кезеңнің кәрі естелігі — қаралы қорымды неге торуылдайды? Тіріге сіңбес арманды өлі аруақпен іштей бөлісе ме екен? Әлде сыздаған кәрі жүректі одан сайын қабыртып, осынау елсіздің әлдебір қалтарысынан қылт ете қалар екі аяқты пендені... ақыл-ойы, санасы әлемді сан орап алып, ғарыштың шаңын ұлтанымен ұйпалаған асқақ Адамды аңсай, көзін талдыра, тамырын суыра іздей ме екен? Өз дауысынан өзі шошып, қайтадан меңіреулік тылсымына бекіне ме".


— Неткен қорқыныш!..


Дауысының шығып кеткенінен ұялып, Сайлаубек шалға жалт қарады. Анау естімепті.


Күн қызарып барып көкжиекті жамбастады. Әлгіндегі ақ селеу жамылған сұр дала қыжым шәлі бүркенген сұлудай әп-сәтте құлпырды. Қызыл нұр бірте-бірте қоюланып, алаулап аспанға өрледі де, шашырап келіп астаудағы суға сүңгіді. Жұмысын тоқтатып, күрегіне ентіге сүйенген шалдың кілегейлі жанарында дірілдеді. Енді бір сәтте әлгі батсайыдай сусылдаған күрең сәуле балшығын шайған қос алақаннан шоқ боп төгілді.


Бұлар көзбайлана шырт-шырт жанған от басында отырды. Айнала маңай тез қарауытып, төрт тұстан жақындап келіп, жерошақ жарығына үйрейлене тығылғандай тарылып кетті. Әуелеп баяу бой созған шұбалаңқы түтін көкті жасыра ма, дәл төбеде әлі жұлдыз аз.


— Шөлдедің бе? — деді шал бір кезде.


— Иә, ақсақал.


— Қазір түгін исі сіңген даланың шайына мелдектетем. Сәл шыда, құмарыңнан бір шығасың, — деп қария отты көсеп қойды. Шәйнектің қақпағы тыпырши селкілдеді де, шүмектен ысылдап су атқылады.


Қара шәугім таусылғанша сары жез таспамен құрсаулаған екі кесе өңешке кезек-кезек төңкерілді, шынында дала шайы, шөлдеген соң ба, суы тұщы ма, сіңіп жатыр.


Түннің бір уағында тықыр алашаны жайып жіберіп, екеуі ашық аспан астына қатар жайғасты. Сайлаубек екі қолын желкесіне төсеп шалқалап жатыр. Сансыз жұлдыз жапыр-жұпыр үймелеген. Тап бір түнгі Москваның Останкино телемұнарасынан қарағандағы ғаламат әсем көрінісі дерсің. Көшіріп әкеліп қоя салғандай. Анау ақ түбіт шәлідей шұбатыла жайылған Құс жолы — Ленин проспектісі. Жымың-жымың, жыбыр-жыбыр. Жұлдыз ағып түсті. Зымырап жүйіткіген ракетадай. Бірі жоғары, бірі төмен. Бірі гауһap, бірі танакөз. Жоғалып-көрініп, бұлдырап-алыстап, жарқылдап-үлкейіп тынымсыз тірлік кешуде.


— Ақсақал, жұлдыздар неге ағады?


— Қарағым, ол жұлдыз емес — адам. Бір пенденің қазір ғана суішерлігі таусылған ғой, — деп күңкілдеген шал, күбір-күбір етіп, даусын танау астына сіңіріп жіберді. — Жұлдызым жоғары...Жоғары...


— Сонда — әр адамның өз бәсіре жұлдызы болғаны ма? — Сайлаубек шалды әңгімеге шақырды.


— Енді қалай деп ең? Жұлдызың туды — шыр етіп жарық дүниеге келдің. Жұлдызың сөнді — татар дәмің, жұтар ауаң таусылды...


— Әр жұлдыз — бір адамның меншігі болса, ақсақал, сонда анау Темірқазық неге сөнбейді? Мәңгі өлмейтін жан жоқ, шайтан болмаса.


— Тек! Нақұрыстанба! Күпірлік айтпа! Мәңгі өлмейтіндер бар. Бар болғанда қандай! Әне... ана-оу көкшіл жұлдызды көремісің. Күмбездің үшкіліндегі...жарқырап тұрған...Сол мына бейіттегі аруақтың сөнбес шырағы. Әне, қалай! Өзі қара жердің бауырында, ал, жұлдызы әлі күнге дейін жарқырап тұр. Осыдан кейін оны өлді деп кім айтар? Айтар ма?


Шал тағы да көпке дейін үнсіз қалды. Аузына апарған темекісін кеудесі сырылдап, опыра сорғанда, әлгінің жарығынан әжімді бетінің сай-сайын қуалап көлеңке жүгіреді. Жамбаспен жер түйгіштеп, күрк-күрк жөтеліп қалып, түтіннен бе, әлде басқа себептен бе, жас іркілген кірпіктерін сүртті.


— Ақсақал, байқаймын, темекіні көптен бері шегесіз-ау, шамасы?


— Иә. Соғыс үйретті. Тастай алмай жүрмін... Сонымен, мені іздеп келдім де.


— Іздеп келдім. Білгім келетін жайлар бар еді.


— Мен не білуші ем... Колхоз құрылғанда қой бақтым. Соғысқа бардым -ат айдадым... Кейін жылқышы болдым бірер жыл. Одан қырман күзеттім. Енді міне бейіт күзетем. Қыбырлап қара көбейтіп жүр демесең, өмір бойы өзіммен өзім оңаша екем. Не айта қоярмын?


Шал шалқалаған күйі тағы да ұзақ үнсіз жатты. Аптабы қайтпаған тымық ауаның күндізгі ыстық лебі суси толқындап тұр, бет шарпыды, жұлдыздарды билетті. Шал бір кезде тамағын қырнап, ықылас білдірді.


— Ертек айтайын ба? Баяғыда бір айтулы батыр өтіпті. Жаугершілік заман екен. Қазақ-жоңғар қырылысқан аласапыран кез ғой. Әлгі сабаз күндердің күнінде әлдеқалай қолға түсіп қалыпты. Қалай дерің бар ма, батырдың беделін қызғанған өз жолдасы опасыздық жасап, талықсып ұйықтап жатқан жерінде жауларына байлап беріпті. Дүниеде жаның түршігетін екі-ақ сұмдық бар балам. Бірі — қорқақтық, бірі — қызғаншақтық. Әйтпесе, әлгі опасызға бұл не істеді дейсің, серік қып қасына ерткеннен басқа.


Хош. Қайран ер қапыда қор болып кете барды. Ішін алаулаған кек өртеп, жанын жегі жейді. Бірақ арпалысар дәрмен жоқ. Аяқ-қолға темір кісен түсіп, құсамен аһ ұрып жат қолында тұтқын халінде жата береді.


Елі аяусыз шабылады, жұрты тұс-тұсқа ыдырап, тоз-тоз болады.


Күндердің күнінде қапастағы әлгі батырды бір қыз босатады ғой. Жоңғар қызы болғанымен, нағашысы — қазақ көрінеді. Жауының барлық сырын және біліп алыпты. Бізше айтқанда, барлаушы, разведшік іспеттес.


Содан әйгілі жүйрікпен "елім қайдасың?" деп ал, кеп құйғытсын. Жау да тегін емес, кешікпей сезіп қалып, қос-қос атпен ізімен қуып жетіп, құр қол қарусыз батырды ұстаған екен. Өлтірмепті. "Хабар беретін тілің, ғой", деп тілін түбінен шорт кесіпті.


"Бастан келіп дәл үстімізден түсіретін көзің ғой", — деп екі көзің үңірейтіп ойып алыпты. Қансыратып айдалаға тастап, қуғыншылар кейін бұрылады ғой. Сонда деймін-ау, аспанға бір бұлт ойнап шыға келіп, төсінен жарқ-жұрқ жай атып, төбеден жасын түсіріпті. Жауларды тегіс жайратыпты. Әне, туған жердің бұлты да — дос.


Батыр ілбіп жүре беріпті. Ақыры еңістегі малшыларға кез болыпты. Бірі еміс-еміс таныпты, бірі мүлде танымапты. Оларға да кінә жоқ. Жайнаған жанардың орнында үңірейген екі көр тұрса, қан қатқан бұжыр бетке қанша жүрек жұтсаң да, көз тоқтатып тура қарай алуың мұң болар.


Хош. Еліне жеткен батыр, айтуға ауызда тіл, көрсетуге маңдайда көз жоқ іштей тынып, бір күн, бір түн ұдайы дөңбекшиді дейді. Асқа да, тостағандағы сусынға да бұрылмапты. Содан бүк түсіп жатқан бойында біржолата тыншиын деп қолын созған екен, саусағы зың еткізіп қасында сүйеулі тұрған домбыраға тиіп кетсе керек.


Батыр заматта есін жиыпты. Домбыраны еміне алдына өңгеріп, алдымен бір өксік құсасын аңыратыпты-ай! Ел-жұртына мұңын шағып, азалы зарын төгіпті-ай! Қапы соғып, қан жұтқанын екі ішектен бебеулете еңіреткенде, жел тоқтап, су саябырлапты-ай!


Сонда дейді қарағай домбыра кәдімгідей құдды адамша сөйлеп бір кетіпті. Сол ызыңды сарында не жоқ еді! Онда ашу да, ыза да, күйік те түгел өріле ширыққан ғой. Бір мезетте әлгі домбыра соқыр көз бен мылқау тілдің көрмегенін көрсетіп, айта алмасын түп-түгел ақтарып салған ғой.


Құданың құдіреті, көкірегіміз бітеліп қалған ба, осы күні домбыраны көп ұстамаймыз. Кімнің қолынан қашан көрсең де, бір түспейтін әнебір зуылдақ әуенді қара қобдиша ғана.


Сонымен домбыра тоқтаусыз ашынсын-ай! Ақтарыласын-ай егіл-тегіл! Өксіп-өксіп алып, артынша-ақ дауыл бұрқағандай бір атойлы дүбірді арындата дуылдатқан екен, атыраптағы еркек кіндік біткен жапа-тармағай атқа қоныпты. Тоғыз перне, қос ішектен төгілген әлгі дүрілдеген қуатты үн кең даланы кернеп кете барыпты. Ат тұяғында ойнапты, дүрс дүрс соққан жүректерде жаңғырыпты. Жауының қапы тұсын айтып, тұтқиылын көрсетіп, қолдың алдында ала байрақтай ызың-ызың дүбірімен бастап отырыпты.


Соқыр батыр сол домбыраны тоқтатпай бір күн, бір түн шертіпті. Бір күн, бір түн жортуыл жасаған қалың қол жауына жасанып тиіп, быт-шытын шығара жеңіпті. Түре қуып, жерінен айдап тастапты.


Содан дейді шешен домбыра кенет әлгі шанағынан төгілген зарлы күйлі атойлы жорық дабылын ысырып тастай беріп, жаңа бір тың сарынға ауысыпты. Ұйып тыңдап отырған қатын-қалаштың жүздеріне алаулап нұр жүгірген екен. Сонда дейді бір көне көз қария қасындағы баланы ымдап тысқа жүгіртіпті. Сөйтсе, құла-дүзде құландай құлдырап, сүйіншілеп шауып келе жатқан жалғыз хабаршы көрінеді ғой.


Ой, сондағы домбыраның жан ұшыра безілдегені- ай! Туған жерге деген үлкен жүректің сүйіспеншілігі кеудедегі ұлы дұғасын он саусақтан сығымдап шығарып, екі ішекке аманат етіп табыстапты-ау! Туған елге деген ыстық ықыласын жүрек қанының асау бүлкілімен екі ішекке тоғытып, анау аспан мен мынау далаға аңыратыпты-ай! Сонда дейді, жарылқаушы тәңірім сонау домбыра шанағына тығылып отырып, сыңсыған үн боп құлаққа құйылып, сайраған жыр боп жүрекке құйылып, дүн-дүниенің бар ғаламат шадыманын екі ішектен саумалай созыпты-ау! Шымырлатып шығандатыпты-ай!


Бір кез домбыра шың етіпті. Әлгі шаттық сауған іңкәр үндер сап тыйылыпты. Қараса, батырдың үңірейген көзсіз шарадай басы кеудесіне сұлқ түсіпті. Жансыз қолдары иіліп, қимылсыз қалыпты.


Аңыз айтады. Армандап өткен ғұмырлық тілегі орындалған соң батыр қуаныштан жүрегі жарылып өлген деп. Мүмкін солай шығар. Мүмкін осы тілегімді, шаттығымды тағы бір шерлі өксік шалмасын деген шығар. Mүмкін тағы бір жансебіл опасыздықтың жазықсыз құрбаны болғысы келмеген шығар. Әйтеуір азамат ер елін әлдилеп отырып, егіз ішектің бір ғана сәт құйқылжи көтеріліп, қайғысыз күлкі төккен шуақты мөлдірінің үстінде мәңгі көз жұмыпты.


Не керек, арысты арулап қойған жұрт, азамат атын есте ұстау үшін, аруағын кейінгіге қадірлету үшін басына күмбез орнатыпты. Алдымен қыр үстінде мың жылқыны ерсілі-қарсылы бір апта айдапты. Жер тегістеліп тапталып, бауырдай қатайыпты. Содан кейін бүкіл қауымның емшекте баласы бар жас босанған әйелдерінің бір күнгі сүтін жинапты. Ана сүтінің қасиетті сөлімен лай жасап, кесек құйыпты. Сол кесектен осы күмбезді...мына күмбезді өріп шығыпты...


Шал аунап түсіп, оң бүйіріне қисайды. Қиялға шомды ма, жым-жырт түннің қапырық тынысымен тынысы араласып, ауыздан ескен ыстық демі дәл жанынан Сайлаубектің бетін шарпыды.


Жұлдыздар манағыдан да көбейген. Тамып кетердей, тамып кетердей жарқырап жақындап келіп, көкірекпен ғана түйсінер тылсым үнімен таусылмас сыр шертеді.


— Тыңдашы, балам! — деді бір кез шал елең ете, әлденеге сыбырлай қалып. — Күй шалқып тұр! Соқыр батырдың күйі!...Тыңдашы!..


Сайлаубек кірпіктерін қаластырып көзін жұмды. Алғаш меңіреу түннің құлақкесті мылқау тыныштығы еңсесін езердей басып бара жатыр еді..


О, ғаламат! Әсте-әсте қияндағы жер түбінен қаңғып кем бір нәзік үн оралды. Қатқылы жоқ. Қалықтап ұшатын құс қанатының баяу суылындай. Әлгінде ғана қара көрпесін қымтанып ап, сұлық жатқан дала дем арасында желпи тиетін саусақ лебімен майда күмбірлейтін шешен домбыраның алып шанағына айналыпты-ай. Сыр шертіп, жан-жүйенің қыбырсыз ұйып қалған бір сезімін түрткілеп оятып жүре берді. Тұла бой түгел ду қызынып, мынау санада сайраған жұмсақ әуенге ағыл-тегіл исініп, тебіреніп барады. Үн иесі — әртүрлі. Ол бірде жалғыз шырқаған бүйрек бет қыз болып елестеді. Мөлдір үнді мұңлы әуен соқыр батырдың қолындағы домбыраға қосылып аңырады-ай бір! Содан түпсіз тұңғиыққа шарықтап шығып алып, ағыл тегіл жылады-ай! Содан түпсіз тұңғиықта шырқап тұрып алып, сақылдап рақаттана күлді-ай! Содан...


Сайлаубек айдалада жалғыз қалды.


Бір өкшесі опырылып түсіп қалған платформалы туфли ақсаңдатып жүрісін мандытпайды. Әлдекім қуып келеді. Тұтқыннан әрең қашып шыққан. Қуғыншылар із-өкшелеп жақындап қалды. "Ауыш! Ауыш! Ақымақ! Есалаң! Оқудан әбден ауысқан! Ауысқан! Ауыс-қа-а-н!" Жер жаңғырта, күркірей дауыстайды. Әсіресе, дарылдақ мотоциклді нойыс жігіт тақымдап құтқарар емес. Астындағысы жарды жар демейді. Арықты арық демейді. Кідіретін түрі жоқ..


— Әй, сенде шайнам ми жоқ, бауырым. Баяғыда сүйегі шіріп, топыраққа айналған қайдағы біреулер жайлы брошура жазам дегенше, сен мен туралы өкіртіп очерк жаз. Әйтпесе, ұлтшыл деп сыртыңнан домалақ арыз жөнелтем. Жөнелтем! Арыз! Ары-ыз! Ауыш! Ау-ы-ыш!


Екі өкпесі өшіп, аласұрған жүрегі алқымына тығылып, енді-енді құлағалы тұрғанда ақ қанат періште аспаннан қалықтап келіп, іліп ала жөнелді. Азу тістері сақ-сақ еткен қуғыншылар аңтарылып қала берді. Ақ қанат періште аппақ жүзін көрсете жымия күлді. Енді ғана таныды. Періштесі — бүйрек бет қыз Шолпан екен, күлімсіреп тіл қатты. "Қорықпа, Сайлау! Мен сені батырға апарам. Өз аузынан бәрін естисің..."


Айқайлаған тарғыл дауыстан шошып оянды. Қасындағы шал тұрып кетіпті. Түн қараңғысына үңіліп, анандай жерде әлдекімге сұстана сөйлеп тұр.


— Аулақ жүр! Жолама маңына! Осыдан қия басып көр, тұп-тура миыңды ағызамын! Нең бар мүрдеде? Ненді бүлдірді? Неге қоймайсың, түге!


Сайлаубек орнынан мең-зең боп түрегеліп, бажылдаған шалдың қасына барды. Шал жалғыз. Қараңғыға тесіліп, қолын сермеп-сермеп қояды.


— Ақсақал, не болды?


— Әне, тағы келді. Қарашы, кетпейді. Қолындағы сүйменін көремісің? Күмбезді қиратайын деп жүр. Күндегісі осы. Әй! Кет дедім ғой саған. Құлдығың болайын, өзіңе не керек? Қалағаныңды менен ал, бірақ тиіспе аруаққа.


Сайлаубек жан-жағына қанша сүзілсе де, қараңдаған ешкімді көре алмады. Шал одан сайын өзеуреп, тоқтар емес.


— Қарашы, балам! Бұ неткен арсыз! Тісі ақсиып күліп тұр. Мазақтап тұр. Сен айтшы. Түсіндірші анаған, — деп Сайлаубектің қолынан ұстай алып, даусы дірілдеп жыларман күйде жалынышты тілек білдірді.


Сайлаубек үндеместен шал сілтеген тұсқа жайлап беттеді. Қараңғыға көзі үйренді ме, жан-жағын тегіс бажайлай алатындай болды. Бірақ қыбыр еткен бір жанды әлі көре алмай келеді. Тіпті адам түгіл мысық жасырынар не бұта, не қуыс жоқ. Барып, барып біраздан соң қайтып оралды.


— Не дейді? Екеуің көп сөйлестіңдер ғой. — Шал ырзалық танытып, Сайлаубектің иығынан қағып қойды.


— Енді келме дедім. Келсең, дырылдатып сүйретіп шарып, милицияға тапсырам дедім. — Өтірік айтты, ашынған шала ұйқы шалды аяды.


— Е-е, бәсе. Мелитса дегенің әбден дұрыс екен. Апырай, мелитса менің есіме неге түспеді екен, ә? Бұдан бұлай ойда болсын. Анада киік қуам деп жүріп машинамен соғып ана қабырғаны да опырып кеткен осылар. Содан бері осы жерде түнеп, түнімен аңдимын. Айтшы, балам, жазықсыз мақұлықтарды неге қыра береді осы? Киік қуған аңшы түн болса шамын жарқыратып зырылдайды да жатады. Сонда өкіметтен тыйым жоқ па? Неге қой демейді. Аруақ сыйламасын, ана сүтіне иленген мына бейітті қадірлемесін, заң-зәкүннен неге қорықпайды. Жәшік-жәшік арағын машиналарына артып ап далаға шығып ал іш, ал іш! Ал, құтыр! Содан кейін тарс-тұрс ал, кеп ат, ал, кеп ат! Бірін-бірін жайратып салмай жүргендеріне де тәубе.


Шал орнына барып отырды. Күрк-күрк булыға жөтелді. Кеудесі сырылдап ентіге дем алды.


— Балам, ұйқыңды бөліп жібердім бе. Кел, жат. Жақсылап тынық. Даланың ауасы керемет. Сәл мызғысаң, ұйқың дереу қанып қалады.


Манағыдай емес, Сайлаубек енді серігінен сескенгендей жүрексініп қалыпты. Тым жақындамай, арасына құлаш созым жер тастап, алашаға бір жамбастай қисайды. Жиілете дем алған көршісін және аяды.


"Әбден запыланған екен. Кімнен қауіптенсе, көзіне сол елестейді-ау. Бүйте берсе, жынданып кетер. Жақын-жанашыры бар ма екен? Неге жалғыз жібереді, байғұсты?


Ақ қанат періште... Көрінді де жоғалды... Түс қой. Батырмен кездестірем деп еді. Түсте болса да жүздескені жақсы-ау. Қой, ұйықтайын".


Жұлдыз сирепті. Жетіқарақшының шөміші еңкейіп, таң хабарынан белгі берді.


Мөлдір үнді әуен.


Домбыра сарыны. Екеуі егіз ілесе жетіп, баяу әлдиімен ауыр кірпіктерді айқастырып барады.


* * *


"Мына жазу иесі соларды біле ме екен? Қырға түнеп, дала күзетіп, түн тынысынан күй тыңдап, ризалық тауып, түн қойнынан елес көріп жаны түршігіп, күйзеу сезімге ұрынатын шалдың оңаша тірлігін әжуалайтын селқомсоқ жігіттердің дарақы күлкісін естісе, дәл осылай жазар ма еді? Жазбас па еді? Классик қылам дейді. Соншама-ақ дүниенің тұтқасы жалғыз өзінің қолында тұрғандай. Болмай-ақ қойды. Тек қана жазған дүниесімен әлдебір жанды сергітіп, ойда қалдыратындай түйсігіне түрткі салса, басқа сый-құрметтің бұған қанша қажеті бар. Еріккенің ермегі емес қаракеті. Әйтеуір, перзенттік парыздың ұшқындап түскен қылауы. Өз жүрегін күйттеп, өз жанын баптап бір сырды шертпек бопты. Жеткізе алды ма, жерінтіп алды ма — білетіні ниеті түзу".


Иығынан әлдекім қағып-қағып жіберді. Сілкілеп шеңгелімен сығымдап барады. Басқа бір дүниеден адасып келгендей ойға батқан Сайлаубек әлгіге бажырая қарады. Қинала күрсінді.


— Әй, есіңнен танып қалдың ба? Өзің тіпті қуанбайсың ғой. Өзіміздің кітабымызды осылай талқылап, мақтап шықса, тұп-тура ат шаптырып той жасар едік. Құттықтаймын, Сайлаубек. Осы қарқыныңнан танба.


Тұс-тұстан қоштаған дауыстар жамырады:


— Молодец! Айтпап па ем дәл осылай боларын.


— Бұрқыратып жаза бер. Іші күйген түз жаласын.


— Ендігі мәжіліс барда өтеді. Сонда жалғастырамыз. Осы шаршағанымыз да жетер.


Сайлаубек бұдан кейінгі даурығысқан сөздердің бірін естіген жоқ. Қарап тұрып енжар тартып, мына айқай-шуды өзіне қатысы жоқ, түстегі елес дүниедей сезеді. Құлағы тарс бітелгендей, кезек-кезек қолын қысып, қолтығын жұлып алардай сілкілеп құттықтаған . Әріптестерінің жүздерін ғана көреді. "Адам күлгенде жанары неге жасырынады екен? Езудегі ап-анық күлкі табы көзге жетпей, орта жолда жым-жылас жоғалатыны қалай? Әлде дос мерейіне шын күліп, шын қуанбай ма? Әлде ақжарқын күліп, ағыл-тегіл қуануды мүлде ұмытып кеткенбіз бе? Неге өйтеміз? Қарыз алып па едік? Таусылып қалар деп қорқамыз ба?


Жо-жоқ! Міне, мына елжіреген көз бұлт арасынан шыға келген шуақты күндей ғой! Неткен адал, мейірлі қарас еді! Тұла-бойдағы ұйи суыған қанды ду-ду өртейтін ықылас, япырай, мына жанарда қандай мол еді! Әкесі ғана тап осылай еркелете еміренетін. Әжімді беттің басқалардікіндей ақсиған тістері көрінбейді. Бірақ анау жанардың риясыз жылуында тұнып тұрған адам жанының рақым нұры осынау қаламгерлік ғұмырының күйініші мен сүйінішіне, сергелдеңі мен ләззатына мәңгі ғашық қып қоймай ма?".


— Рақмет, балам!


Арқадан еркелете сипаған жұмсақ алақан осы екі сөзді шымырлатып жүрегіне құйды. Дуылдаған қанымен өн бойына алақайлап ала қашты.


Дүрмек-дүрмек боп бәрі шұбырып, барға түсті. Ілесе келгендердің санына қарағанда, бұның тілегіндегілер шынында да ғаламат көп екен. Даурығыса сөйлесіп, бұрқ-бұрқ темекісін езулете сорып, жалма-жан жалаңаш үстелдерді иық тірестіре қатарлап жатыр.


"Осыншама сыйлас дос, құрбым барын қалай білмегем? Анау қырау шаш та қутыңдап көз қысады- ау. "Састырдым ба, бәлем! Менікі әшейін ойын еді, көңіліңе ауыр алып қалма", дей ме екен? Не дейін оған. Көңіліме алғанда не түседі, алмағанда нем құриды. Өкпе-наз кеудеге жинала берсе, мұз-көшкінге айналып, ішімді құрсаулап бітпей ме? Өкпе-наз тақпаймын деп, екі бетімді содыр шапалаққа кезек тосайын ба әлде? Сонда не болады? Сонда не болмайды? Қой, құрысыншы бәрі!"


— Ал, не ішеміз? Айтып қалыңдар.


Не ішетіндерін Сайлаубек әрине, біледі. Қазір өзі бастап береді. Бастап береді де, әріптестерінің аңысын аңдиды. Бұндайда сайрамас тіл, шешілмес сыр қалмайды. Біреу мақтайды. Шын мақтайды. Біреу мақтайды. Шым-шымдап мақтайды. Мақтап отырып, шымшып отырады. Біреу жаныңды жебеп, жалынға орайды. Елжірейсің де есіресің. Бәлки солары дұрыс шығар. Бәлки сонысы қажет те шығар. Көк мұнар түтіннен сағым боп көлбеген рухани туысқандық, пікірлестік сезім шаршаған жүйкеңді тынықтырып, қалықтап келіп кеудеңе қонақтар. Ақ пейілдер аққайнардай атқылар...


ҚЫС. МАРАТБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен


Айтпақшы, ұмытып барады екем. Рахымжанның Күлпәші менің замандасым ғой. Сол өзі бір жаз бойы жоқ, болып кеткен. Жас кезінде уылжыған әдемі қыз болатын. Өзінде көз тартатын бір сиқыр бар. Ол қандай сиқыр — мен қайдан білейін. Жүргенде тілерсегін соғатын қос бұрымы топ-толық. Өзі де аршыған жұмыртқадай аппақ еді-ау, аппақ еді! Шіркін, Күлпәштай жан туа бермейді ғой! Сыңғырлаған даусы тіпті, құдай-ау, елден ерек естілетін. Тым ерте ашылып еді-ау!...


Аққудай ұзын мойнын жайымен бұрып, кербездене көз қиығын жалт еткізгенде ғой — бір өтірігі жоқ, еркек түгіл өзіміз жадыланып қалушы ек... Әйтеуір, адам түсінбес құдіреті анық бар-тын.


Сонда деймін, ақсақ мұғалім Күлпәшті алатын бопты деген қауесет ауыл арасына дүңк тарасын. Ол кезде жігіт ақсақ та, мұғалім де емес. Қу соғыс қой есіл арысты кемтар еткен...


Қош. Май мейрамында ұлан-асыр той жасап, келін түсіретін болдық. Күлпәш менен әсте сыр жасырмайды. Сабыры қалмай, күн санаумен дегбірі құрыды. Көктем жан-жануардың қайта түлейтін кезеңі. Күлпәш қарға аунаған түлкідей құлпырды. Сонда деймін, өзіне қызығып біраз қарап отырып, артынша-ақ, құрбыма білдірмей үш қайтара түкіретінмін. Не керек, ақыры байғұс тіл-көздің сұғынан құтылмады...


Күлпәштан аяқ астынан айрылып қалдық, Сайлаужан. Ертемен жоқ боп шықты. Одан іздедік.. мұнан іздедік. Табылмады. Не өлі, не тipi хабары жоқ. Сонда деймін, түнімен еш көз ілмеймін. Жаз орталанып, шілде түскен. Әлдеқалай жүрегім өз-өзінен қатты қобалжып, ұйықтай алсамшы. Содан тысқа шығайын. Қарыс адым аттап шығушы ма едім бұрын. Жүріп келем, дала тастай қараңғы. Желсіз, тымық түн. Жын-пері тылсымдап тастағандай жұлдыздар да сирек. Құдай-ау, жеті қараңғы түнде лағып қайда бара жатырмын? Не қуып келеді мені? Біле алсамшы. Әйтеуір, жүрегім дүрс-дүрс соғады. Сонда деймін, Сайлаужан, ой қорыққаным-ай! Үрей дегенді атама. Бір шырмады ма бойды — құтқармайды. Ал, маған не жорық. Он алтыда ғанамын. Шықпаған құр сүлдерім... Бір кезде... Көп моланың тұсы болса керек, жыпылықтаған от көретін тәріздімін. Үлкендер айтушы еді, сол арада әулиенің зираты бар деп. Басында түнде шырақ жанады деп... Құр сүлдерім... Дегбірімді алып мені дедектетіп келе жатқан не сұмдық?... Әйтеуір, тоқтамаймын... Жүрегім тac төбемде.


Сонда деймін, бір ызыңдаған әлсіз дауыс естілді. Арқа-басым мұзда-а-ап кетті. Неге екенін қайдам, ілбіп келем.


Құдай-ау деймін, адам деген итжанды ғой, Сайлаужан. Кім дейсің бе? Күлпәш! Рахымжанның Күлпәші! Зираттың шетінде жатыр. Кеудесінде шықпаған жаны ғана бар. Тұла бойы өрім-өрім. Шаш кеткен дудырап... Ауылға түнімен сүйретіп, әрең жеткіздім...


Не керек, үш күннен кейін бишара қыз о дүниеге аттанды. Басында отыр едім. Ышқынып қалды да, ақсақ мұғалімнің атын атады. Кәдімгідей есі бар адамдай сап-сау тілге кеп шақырды. Өзінде тірі пенде ұға алмас сиқыр бар еді. Көрген жанның көзі тоймас сүйкімді түрге еніп, құлпырды дейсің бір. Сонда деймін, қуанғаннан жүрегім жарылып кете ме деп едім. Артынша-ақ, құшағымда жатып жан тәсілімін берді. Не айтпақшы едім?Иә, Күлпәш байғұс Әлімнің торына түсіпті. Түскенде қалай, аузы-басын тұмшалап, бір түнде ұрлап әкетіпті. Қысасқа қысас деп, қалыңдықты ұры шатқа жасырын, қамап ұстаған ғой. Мұғалімге жасаған қысасы..


Сен Әлімді көрген жоқсың. Ол кезде қайда, иісің де жоқ. Аюдай өңкиген дәу неме одыраңдап ұмтылыпты. Күлпәш айтады, аяқ-қолды бірдей сермеп жан ұшырдым деп. Ақыры титықтап әбден болдырыпты. Аясын ба, жасамағанды жасапты. Өлі мен тірінің арасында, кіресілі-шығасылы eci бар, бір күні безіп шығыпты. Қуып жеткен бандылар ұрып-соғып, өлімші ғып, көп молаға тастап кетіпті.


Әне, бізде қандай сұмдықтар болған. Сонда деймін, ауданнан мелитсалар шығып күз бойы тау-тасты сүзді. Шапқылап анда да барады, мұнда да барады. Ақсақ мұғалім де солармен бірге. Өзі әбден түнеріп алған. Самайына сол кезде ақ кіре бастап еді. Сонда деймін, бір күні Әлім тас арасынан шыға келіп, мұғалімді жекпе-жекке шақырсын. Қай жеңілгеніміз берілейік деп. Көргендер айтады: аспан мен жер шаңмен тұтасып кетті деп. Кiші сәскеден ұлы бесінге дейін айқасыпты екеуі. Бір кезде Әлім қансырап жер құшыпты. Кісі ақысы тіріде кісіге кетпес деген сол. Зауалы тапқан ғой...


* * *


Табанына жалпақ шен темір ұстатқан ауыр шана шымыр аязда бауырдай қатқан сүрі қарды сырқырата жаншып, есік алдынан өтіп барады. Қыл қобыздың ішін тарта тырнақ астынан шығатын ұзақ сарнауындай бебеулеген шана сыңғыры ұзап барып үзілді.


Әйнек әлсіз діріл қақты. Жылт-жылт ойнаған күн сәулесі қызыл жалындай төбеде билеп тұрды да, тұнып қалды. Ойып апарып дөңгелетіп қондыра қойған алабажақ жамаудай ақ сылақта бадырайып тұр.


Жүгіріп, әлдекім асығыс өтті. Сықырлаған былғары тақалы аяқ дыбысы үй ішінде жаңғырды.


Маратбек езу тарта жымиды. Көрпенің астынан қолын ептеп суырып алып, құлағына күргейлей төседі. Мынау апақ-сапақтағы қарбалас тіршіліктің әртүрлі жаңғырығын да әжептәуір ес көреді. "Шарбақты алғызып тастағаным қандай жақсы болған! Әйтпесе терезенің дәл түбінен кім жүрер еді!"


Елегізген мазасыз көңілге қыс күнінің шолақ шуылынан-ақ ұланғайыр өмір дүрмегі керуендей тізіліп еніп жатады, келіп жатады. Оны тек исіне ұға білу керек. Түсіне білу керек. Әр адамның даусы қандай әрқилы болса, әрқайсының аяқ басысы да сондай әралуан. Сол әралуан дыбыс қан тамырына араласа бүлк-бүлк соғып, ауру жанның медетшіл іңкәріне қол ұсынып тұратын тәрізді.


Кенет сырттағы шыңылтар аязда сарт еткен әлдебір алақан дыбысы құлақ жарғағын қағып өткендей болды. Маратбек селк етті. Сол-ақ екен, шарасынан шығып бақырайған қос жанар дәл қазіргідей көз алдында тұра қалып: "Көке-ау, менің қандай жазығым бар еді?" деп үнсіз кінәлап, қас қағар емес. Маратбек қинала ыңыранды. Тарамыс саусақтары жыбырлап қосылды да, бір кездегі күректей алақанның нобайын ғана елестетіп, дірілдеп кірпігіне төніп келді де, қайтадан кеудесіне сылқ түсті. Қыбырсыз жатыр.


Шапалақ оқыс сарт еткенде, ұлының оң жақ беті ду етіп қызарып сала берген. Бес саусақтың бадырайып ізі қалған жақ сүйегін ауырсына сипалаған баласының бедірейген кеспіріне қайта қарауға дәті шыдамай, Маратбек бұрылып кетіп еді. Әлдебір себеппен енді, міне, көңіл қатпарынан сол оқиғаны тінтіп шығарып отырғаны мынау.


Соғыстың соңғы қысы болатын. Рейстен рейске ауысып, қара паровоздың қоңыр будкасынан түспей, от басының хал-жайын білуге де мұршасы келмей жүрген. Бірде кабинетіне шақырып алып, жымың-жымың күлген депо бастығы Маратбекті бір күнге жұмыстан босатқан. Арқасынан қаққан. Ораулы затты қолтығына қыстырған.


— Сүйінші, Маратбек! Тағы да ұлды болыпсың! Балаңның бауы берік болсын!


Сонда дүниеге келген екінші перзенті — Сайлаубегі еді. Маратбек омбы қарды белуардан малшына кешіп, деподан шыға сала құстай ұшқан-ды. Ата көкірек кеудеден өзгеше бір күй тудырып, тұла бойды шымыр-шымыр әуенге бөлеген. Орта жолда талай малтығып жығылып, талай ыршып түрегелген. Ақ тер, көк тер бусанған. Жығылып жатып кесек қарды қарш-қарш асаған.


— Әйкіжан! — Табалдырықтан аттар-аттамастан іштегі бар қуанышын жалғыз сөзбен ақтарып тастап, пеш түбінде оранып жатқан жұбайына күлімсіреп қарап, серейіп тұрып қап еді. Әлден уақытта керзі етігінің табаны мен шұлығындағы қардан еріген су кілкіп ағып төрге сумаңдағанын көріп, есін жиды. Дөңгелек столға қолтығындағы орауын қойып, ішінен екі бөлек нан, қол басындай сары май, жарты килодай колбасаны шығарды.


Сегіз жасар Жайлаубектің көкесін көргенде сондағы қуанғаны-ай! Сағынып қалыпты. Атып тұрып, ұшып кеп, әкесін бас салды. Жұп-жұмсақ ернімен бетінен, маңдайынан сүйді. Маратбек болса, сықылықтаған ұлын қос қолдап жоғары көтеріп, секіртіп-секіртіп қояды.


Әйкіжан ырзалықпен еміренді.


— Жығып алмашы, көкесі!


Дүниеде ана жанарынан мейірлі не бар?! Бір-ақ күнде өңі кіріп, құлпырып шыға келген жарына ықыластана көз суарған Маратбек, доғаша иіліп келіп Әйкіжанның ірге жағында жатқан құндақтаулы нәрестені іліп әкетті. Алжа-алжа, қызыл шақа бетке сойдитып апарып ернін тигізді.


— Әйкіжан-ау! Қарашы, мынау батырың тіпті де мыңқ етер емес өзі. Керек десе, көкесіне көзін ашып, сәлем бергісі де келмейді ғой.


— Ұйқышыл болады-ау деймін.


— Тірі болсын. Ойбай-ау, өзіңнің денсаулығыңды да сұрамаппын, менің бұл тұрысым қалай! Тездетіп бір ыстық тамақ дайындайын.


Әйкіжан жайдары күлкісін тыя қойып, шаршаңқы күрсінді. Көз қиығымен ерінің жүдеген жүзіне сығалай қарады да, сол қолымен іргесіне салған сәбиін қымтай бастады.


Шелегін салдырлатып отын сарайдың қақпасын саңылаулата кірген Маратбек қаракөлеңкеге көзі үйренбей босаға жақта біраз тұрып қалды. Қалтасынан шырпы алып тұтатып, бір тал шиді жоғары көтерді. Мұз сірнелеген шым қабырғада жылт-жылт ойнап, серейіп-серейіп бой көтерген діңгектердің көлеңкесі биледі. Саусағы күйіп бара жатқан соң Маратбек шиді шиырып жіберді. Дәл сол сәтте кең ашылған көздері әлдебіреудің көсіліп жатқан сыңар аяғын аясына сіңіріп әкеткен еді...


"Қой! Мүмкін емес?!"


Маратбек заматта шұғыл еңкейіп, басын мойнына тығып ала қойды. Кеудесіне жыландай сумаңдап парықсыз қорқыныш енді. Ештеңені көре алмаса да, тінтініп жан-жағына қаранды. Көрген көзіне сенер-сенбес. Дем арасында тынысы тарылып, өкпесі алқынды. Жиі-жиі ұрған жүрегін басқысы келгендей, алақанын кеудесіне төседі. Бір аттап кейін шегінді де, есіктің темір тұтқасына жармасты.


"Бұным не? Қорыққанға қос көрінеді дегендей... Ескі-құсқының арасында жатқан жыртық пимаға бола соншама жүрексінуім қалай?"


Кішкене қалақша салдыр-гүлдір етіп ұсақ көмірді көсіп-көсіп алады. Бірде шелекке, бірде жерге төгеді. "Толды!" Орнынан қайта көтерілудің мұншама қиямет боларын білген бе? Буын-буыны қалтырап, тұла бойдан әл кетіп қапты. Үш итініп әрең тұрды. Сылбыр басып сыртқа беттеді.


"Қазір!.. Ту сыртымнан тырс еткізеді де, шаруамды бітіреді!"


Дүниеде мынау шылбыр тастам жерді жүріп өтудің мұндай қауіпті боларын бұрын ойлап па еді. Жетті. Дірілдеген саусақ тұтқаға тигенде, жалт қарап, әлгі қорқынышты бұрышқа көз найзағайын жарқ еткізді. Есіктен ақтарылып жарық құйылғанда, бағанағы аяқ анық шалынды.


"Кісі! Қашқын! Жансебіл адам ешкімді аямайды!"


Тысқа ырғып, бір-ақ атылды. Арт жағынан ауыр қақпа сарт етіп жабылды.


"Тірі қалдым!".


Алақанының сыртымен мандайын сүртті. Қабаққа іркілген суық тер кірпіктен тырс-тырс секіріп көзіне құйылды. Шелегін жерге қойып, екі жұдырығымен бет-аузын ауырта уқалап-уқалап жіберді. Шалқайып аспанға қарады. Түйдек-түйдек жентектелген қара бұлт құрық бойы төмендеп келіп, ызғырығымен баған ұшындағы үш таспаланып керілген сымды домбыраның ішегіндей шертіп жатыр. Баған дыңылдап, сым ызылдап тұр. Қылауытқан ақ қиыршық тиген жеріне түрпідей қадалып, сараң себезілейді.


"Милицияға хабарласам ба екен? Ал, онда не түседі? Мүмкін жан сауғалап, бос сандалып жүрген сорлы шығар. Анау ұлым туып жатқанда, мойныма өлім жүктеп, қан арқалаймын ба? Бұның да қатын-баласы жетім-жесір қалмай ма? Қой, үндемейін. Есікті ашып кетейін. Қалай келсе, солай кетсін. Мен шақырғам жоқ. Тіпті өзін көрген де жоқпын ғой.


Суықтан паналаған шығар. Жата бермес. Кеудесінде жаны болса, өзі де бір амалын жасар".


Үйге кіргенде Әйкіжан күйеуінің құп-қу түрінен секем алды. Жастықтан басын көтеріп, түзеліп отырды.


— Бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Түсің бұзылып кетіпті. Жұмыстан да қажып біттің ғой. Дем алсаңшы.


— Жо-жоқ, Әйкіжан! Қозғалма! — деп Маратбек жымиған әлпет танытты. Теріс айналып, плитаның дөңгелек қаңылтырын ашып, отқа көмір салды.


Сол күні Маратбекте маза болған жоқ. Тамақтан кейін киініп далаға шықты. Есік алдында қимылсыз тұрып, жан-жағына ұрлана қарады. Әлдебір түсініксіз сезіммен өзіне-өзі кейіді. Содан соң керзі етігін жерден көтермей сырғаната сүйретіп, бір басып... екі басып отын сарайдың есігіне жақындады.


"Ашып қалғанымда, шолақ мылтығын тарс еткізеді. Қашқын адам — жаннан түңілген дүлей. Оған сенің кім екенің бәрібір... Әлде... неде болса милицияға хабарласам ба екен? Осында облыстық НКВД-нің өкілі тұр еді ғой. Ал, бейсауат біреу болса ше? Бекер обалына қалсам қайтем? Қарғысы өзіммен ғана кетпей, анау екі кішкентайыма тимес пе?.."


— Маратбек!


Бүкіл тұла бойымен ток соққандай дір етті. Шұғыл бұрылып, арқасымен есікті тіреді.


— Маратбек-ау, есенбісің? Ұлыңның бауыры берік болсын! Үй арасында үй жоқ, құдайы көршіміз. Сонда да соңғы кездері сирек көрісеміз.


Маратбек шарбақтан асыла мойын созған ақсақ көршісін әрең таныды. Үні шықпай, қалтақтатып басын изеді. Иығы күржиіп төмен еңкейді де, аяқ астында сабы көрініп жатқан күректі қолына ұстап, табанжолды бұрқыратып күрей бастады.


— Босқа әуре болып қайтесің. Күн райы бұзылып тұр. Түнге қарай төпеп салады.


Маратбек тағы да көршісімен үнсіз келісті. Күректі лақтырып тастап, екі алақанын бір-біріне сарт-сарт соқты. Өз-өзінен ыржиды. Далиған ерінді жұдырығымен бүркеп, ауыздан бұрқ-бұрқ шыққан буды саусақтарының арасынан сыздықтатты.


— Маратбек, сен кекірейме, бәрібір шілдехана мойыныңда. Үндемей құтылам деп тұрсың ғой. Оныңа оңайшылықпен көнбеспіз. Өзің пілдей паровоз машинисісің. Паегің біздердікіндей емес — жеткілікті. Tic арасына ет тұрмағалы не заман, — деп көршісі ойын-қалжыңын араластырып, базына білдірді де, өз жөніне кетті.


"Осы ақсақтың білмейтіні, көрмейтіні жоқ. Сезіп қалды ма? Неге ақылдаспадым? Айтуым керек еді. Екеулеп амал табатын едік. Қап!"


Маратбек есікті ашты. Кібіртіктеп табалдырықтан ішке аттады. Дауыстап жөткірінді. Ештеңеден сезіксіз жандай жүрелеп отырып, есік арасына ағаш тіреді.


"Қазір ту сыртымнан бас салады. Мылтық атып, өзін-өзі ұстап бере алмай жүр деймісің. Бас салса екен. Аянбай айқасар ем".


Сол екен, күні бойы кеудесін шырмаған дел-салдықтан арылып сала берді. Асықпай артына бұрылды. Тіміскілеген жанар жыртық пимадан әрі жылжыр емес. Қалың резинка баллонмен табандаған пиманың кендірі сөгіліп жұлығы ырсиып ашылып кетіпті. Су сорған шүберек шұлғаудан қызыл шақа башпай қанталап көрінді. Маратбектің жүрегі орнына түсті. "Әйтеуір, адам екен!"


— Әй, кімсің?


Қанша дауыстадым дегенімен тамағына әлдене кептелгендей үні көмейден ысылдап шықты. Аяқ қыбыр еткен жоқ. Осы сарайдағы бар-жоқ ескі-құсқыны түгел үстіне қымтап жауып алған қыбырсыз дененің нобайы қандай екені әзірше беймәлім.


"Бишара өліп қалғаннан сау ма?"


— Әй, шырақ! Басынды көтер!


"Аңдып жатыр. Қашқын жан — секемшіл де сақ. Еңкейсем — саусақтары алқымыма сасық күзенше сақ етеді. Тегін жатыс емес мынасы. Әдейі сыбыс білдірмейді. Бір пәлеге ұрынды деген осы".


Маратбек орнынан қозғалмай көз қиығымен айналасын тез шолып өтті. Қақпаншотты жанары шалып қалып еді, жыбыр етіп жүзінде күлкі тектес болар-болмас толқын білінді. Қарулы қолда қақпаншот та құрал, іліп алды.


— Mысық пен тышқаншыламайық. Күні бойғыңды азаматтығыңа сайдым. Ендігіңнің жөні бола қоймас, — деп әлгінің үстіндегі ескі-құсқыларды жұлып-жұлып тастады.


Адамның қасиеті көзінде. Жалынды отқа шарпығандай жүзіңді тік қаратпай қарып түсінетіні болады. Опырайған көрдей шұңқыры төмендеп, өлеусіреп жылтырайтыны болады. Ал мына қос жанар мүлдем басқа. Екі жыраға бес-алты қамыстан шаншып кеткендей болып, екі көздің жұмулы томпағы сирек кірпіктерін баяу қыбырлатты.


Маратбектің тұла бойы түршіге тітіркеніп кетті. Уыс-уыс шүйке жүндей ұйыса тұтасып, аузы басын сақал-мұрт жапқан қан-сөлсіз жүзден көзін тайдыра беріп, қолқасын қапқан сасық шетен мұрнын ала қашты. Қолындағы ескі-құсқыны қараңғы бұрышқа лақтырып жіберіп, саусақтарын ұзақ сілкіледі.


"Пәшағар, қалай қатты жүдеген?! Сіңіріне әрең ілінген ауру ғой. Енді не істеймін? Мұны ұстатқанда не, ұстатпағанда не?".


Өзін-өзі күштеп көндіріп, әлгіге қайта еңкейді. Суық алақанын ыстық маңдайға төседі. Қос шықшыттағы дүңк-дүңк соққан қан тамырының бүлкілін бүкіл жан-тәнімен сезінді. Иіс сейілді ме, әлде алғашқы секемшіл көңілді машықты арнасына түсірді ме, жүрек лоблуы басылды. Жалма-жан иығынан тартып, жұлмалай бастады.


— Әй! Көзіңді аш! Басынды көтер. Күнбағыстың сабағындай жіп-жіңішке мойын былқ-сылқ еткенде сеңсең жабағыдай сақал-шашы ұйыса тұтасып кеткен сопақ бас ырғаң қақты. Жүн арасынан көгеріп ерін көбесі сөгілді де, аржағынан аппақ тістерді сығалатты.


— Су-у...


— Қазір... Әйтеуір, тілге келді-ау. Қашқын да болса ғаріп қой. Әкелейін.


Маратбек асып-сасып жүріп су әкелді. Tic арасына сыздықтатып тамызды. Мұрт шалғысында шық тамшысындай мөлдіреген суық су көкөрім тамыры білеуленген күс-күс алқымға тырс-тырс үзіліп түсіп жатты.


Әлден уақытта бейтаныс адам көзін бақырайта ашты. Ақ еттің қан тамырлары қызарып талаураған нұрсыз жанарын Маратбекке шаншылтты.


— Ал, шырақ! Енді жөн сұрасалық.


— Нан! Бір үзім нан... Құд-а-ай үші-ін!..


Май жаққан қара бөлкенің бір тілімі екі ұртты кезек томпайтып, бірер қылғытудан аспады. Сұрамшақ жанар әлі дәметіп, Маратбектің қолын үнсіз тіміскіледі.


— Болмайды. Әбден ашығып қапсың. Аш өзекке түсіп кетсе, мүрдем кетесің. Мен сенен нан аяп тұрғам жоқ.


— Ауа райы қалай?


— Бұзылып тұр. Сен, шырақ. бүгін түн осы арада түнеп шық. Қазір астыңа қалыңдатып сабан төсеп, үстіңе жамылғы әкеліп берейін. Сонсоң ыстық ішесің.


— Алладан қайтсын...


— Енді жөніңді айтарсың?


— Несін сұрайсың. Сезген шығарсың, — деп әлсірей тіл қатқан адам қайтадан көзін жұмып алды.


— Heгe қаштың?


— Алғаш комиссия жаратпаған. Өкпем сызды дейді. Өзімнің де өзге жерде өлгім жоқ. Кейін аудандағы әскери комиссар ерегісіп... Әйеліме... Екеуінің ілігі бар екен... Көңілдесі ғой.


Әлдеқалай үстерінен түсіп...Әлгіні балтамен басын... жоқ, шаба алмадым Содан.. Поездан секіріп... өлсем де туған жерде өлейін деп. Ақыры осылай болды... Қашқын-пысқын ғанамын.


Маратбек сарайдың шөп қораға жалғас жылылау түкпіріне көпіртіп сабан төседі. Құрым киізді жайды. Үйден сеңсең тұлыбын әкелді. Қашқынды лып көтеріп апарып, жаңа орынға жайғастырды. Тұлыпты үстіне көлденең жапты. Қайта келіп маңайын шолды.


"Ау, мылтығы қайда? Қаруы болады деуші еді ғой! Осы мен не істеп жүрмін? Қашқынды паналатқаным қалай? Әйкіжанға да тіс жарып ләм дегем жоқ әлі. Сонда мұным не? Аяймын ба?"


Шоқиып отыр. Алакөлеңке сарайда көз жанарынан күңгірт ұшқын жылтырайды. Қыр мұрынның қос танауынан паровоздың бүйіріндегі тесігінен атқылаған будай боп, құшақ-құшақ aya екі түтік болып ытқып жатыр.


"Қашқын. Жанын қоярға жер таппай, басын сауғалап жүрісі мынау. Соғысқа барғысы жоқ. Сонда анау оққа ұшып, елін жаудан қорғап жанталасып жүрген боздақтардан қай жері артық. НКВД-ге сездірсем бе кен? Әй, бірақ, қора да болса, паналап келді ғой. Жаны да құр терісіне әрең ілініп тұр. Қонақ деген аты бар. Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады".


Маратбектің құлағы қызарды. Қалтасын сипалап темекі іздеді. Салынып тартпайтын. Анда-санда көмекшісі махорканы добалдай қылып орап әкеліп, ерніне қыстырғанда, будақ-будақ ащы түтінге көзін ашытып, қарбып-қарбып құныға соратын. Сол темекіні дәл қазір аңсап отыр. Бүлк-бүлк жаурыны қимылдап, екі иығы сорайып, басын ішіне жұтып барады. "Күнәға баттым, кінә арқаладым" дейтін ұғым аласұрған ойын шырмап алды. Іштегі тайталасы көз алдындағы жанның мүсәпір халін және тиек қылады. "Ауру ғой. Әлсіз ғой. Жан азабын да кем тартып жүрген жоқ. Әрине, айтқаны шын болса, анау комиссариаттығы адам да нағыз жыртқыш екен. Біреудің қайғысы арқылы қызық таппақ".


Адам — пенде. Кейде өз дүдамалымен өзін алдаусыратып ойнайды. Маратбек те соның бірі. Іштегі тайталасы кезек бақылайды. Бірақ біріне-бірін жығып біреуге нар тәуекелі жетіспейді. Оған сырттан бір түрткі керек. Ауру жан күрк-күрк жөтелді. Маратбек орынан атып тұрды.


"Ыстық бірдеме әкелейін".


Бөлме іші қыз-қыз қайнап тұр. Сорпа ұрттап, бетіне қан жүгірген Әйкіжан кішкентайын алдына алып, емізіп отыр. Бір сорып, бір ұйықтап жатқан нәрестесін мейірленіп, ауық-ауық түртіп қояды.


— Расында да өзі ұйқышыл болады екен.


— Тағы сорпа құяйын, Әйкіжан?


— Тойдым, көкесі. Өзің жұтпадың ғой.


— Кейін мұздатып сімірермін, — деп Маратбек шөңкені сенекке ала жөнелді. Сорпаны тостағанға толтырып құйып алып тысқа беттеді.


Қар жапалақтап құйып тұр екен. Әрқайсысы теңгедей-теңгедей ақ түйіршіктер бетіне шылп-шылп ұрды.


Сарайдың есігін айқара ашып тастады.


— Тамақ әкелдім.


Жұлмалап оятып алды.


— Суып кетпей ішіп ал. Әл болады.


"Қонағы" тостағанды жалап-жұқтап қайтарып берді. Мұртын сипалады.


— Рақмет. Мен кетейін енді.


— Жо-жоқ. Қар төпеп тұр, үсіп өлесің...


— Сонысы дұрыс. Сені де біраз әуреледім. Бала- шағаңа кесірім тиіп жүрер.


Даусында үзілді-кесілді кесім бар. Маратбек ләм демей шығып кетті. Біраздан соң қонышын қайырған, киізбен табандатқан қара пимасын қолына ұстап кірді.


— Мә, аяғыңа мынаны ки.


Ертеңінде даладан Жайлаубек ентігіп жүгіріп кірді. Қолында жыртық пима.


— Көке, мынау кімдікі? Сарайдан тауып алдым.


— Қой, балам, сарайға қайдан келсін, — деп түсі өзгеріп кеткен Маратбек, Жайлаубектің қолынан пиманы жұлып алып сыртқа шығып кетті. Шөп шарбақты айналып барып тасалау жерге, көңнің астына көміп тастады. "Балалы үйдің ұрлығы жатпас." Көрмейтіні болар ма мұның".


Үш күннен кейін екі милиционер далада өліп жатқан бір адамның сүйегін тауып әкелді.


Өлікті ауылдан таныған бірде-бір жан болған жоқ.


Шай үстінде Жайлаубек қарап отырып дүңк еткізді:


— Көке, анау адамның, өлген адамның ше... Соның аяғында сенің пимаң жүр. Айтайын дедім де, қорықтым.


Шапалақ оқыс сарт ете қалды.


Бақырайған ұлы ду етіп қызарып сала берген бетін басып, әкесіне жәудірей қарады.


— Сенен пима сұрадым ба? Неге жайыңмен жүрмейсің!


"Кешір, ұлым! Түсіндің бе сен мені. Кім білсін, анау міскіннің өлімі менің мойнымда шығар-ау. Әлде ұстап беруім керек пе еді?".


* * *


Есік алдынан қарды сықырлатып әлдекім жүгіріп өтті. Сонда да сықырлаған аяқ тықыры түн ортасында шошытып оятқан-ды.


Әйкіжан Маратбекке үрейлене қараған. Кеш бойы бесік таянып, әлгінде ғана қалжырап ұйықтап кетіп еді, көз алдындағы томпағы тобықтай боп тұр екен.


— Көкесі, біреу келді?


— Е, е, келсін. Жалғыз үй отырған жоқпыз.


— Байқашы, қашқын-пысқын көбейді ғой.


— Бос сөзді айтпа. Әлдеқалай біреу үшін бүкіл жұртты жазғыру неге керек, — деп орнынан тұрған Маратбек шалбарын киіп, келте тонын майкесінің сыртынан иығына жаба салды.


Сыртқы қақпа сарт-сұрт қағылды.


— Ойпырай, кім де болса тегін жүрген жоқ. Көкесі, сақ болшы. Аты-жөнін сұрамай ашып қалма, — деп Әйкіжан әлі де үрейлене сыбырлады.


Маратбек сәлден кейін Балбөпені ілестіріп кірді.


Балбөпе ағыл-тегіл жылаған күйі пеш түбіне сылқ түсті. Бұрынғы қайсар мінез, қылықты келіншек можып қалыпты.


— Не болды? Оу, айтсаңшы! — деді Маратбек тонын шегеге іліп жатып.


— Кешке қарай біздікіне екі адам келіп... Қастараында Сүйелбай бар...


Балбөпе тағы жылады. Ерні-ерніне тимей кемсеңдегенде, Маратбек шыдай алмады.


— Жә, соншама еңірегенің не? Тый жасыңды! Айтарыңды дұрыстап айт.


— Әлгілер военкоматтан ба, органнан ба білмеймін. Келгеннен дікілдеп: "Байың қайда Саған жаза ма? Ол туралы не білесің?" — деп екі аяғымды бір етікке тығып... Не дейін. Өзімнің де үш айдан бері хат алмай жүргенімді, өлі-тірісін білмей уайымдайтынымды айтсам, одан сайын өршігеді. "Тұтқынға түсем демеуші ме еді, шетелде туыстары жоқ па еді?" дей ме, әбден зықымды шығарды.


— Кетті ме?


— Иә. Анау Сүйелбайдың жасап жүргені. Өткенде тауығымның көз алдымда мойнын бұрап алып, сүйрете жөнелгенде біраз жер-жебіріне жетіп едім. Байсыз қатын деп басына ма, құнара қақпамды қағып, ұйқы да бермеуге айналды. Түнеукүні поссовет хатшысы келгенде Сүйелбайдың бейбастығын айтып, өзін бір қорқытып алып едім. Ендігісі мынау. Мұхитты сонда жау көргені ме. Маратбек-ау, сен құрдасыңды білесің ғой. Кісіге қылдай қиянаты бар ма еді. Енді кеп пәле жаппақ. Тірі болса екен. Хаты да үзілді, — деп Балбөпе өксікті үдетті.


Маратбек не десін. Іштей Сүйелбайға да, ана екі кісіге де ренжігенімен, соғыс уақытында кім кімге араша болардай. Әйкіжан тұрып, шай қойып, Балбөпенің көңілін тапқан боп жүр.


Кешікпей Мұхиттан хат келіп, бүкіл күдік жоғалған еді. Бірақ Маратбек кеудесінде Сүйелбайға деген дық инедей қадалып тұрып қалған-ды.


ЖАЗ. САЙЛАУБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен.


Жоқ! Жоқ! Сіз бұлай қарамаңызшы! Тіпті бар ғой, көзіңіз өртеп барады!


Шынымен танымадыңыз ба? Осы ауылдағы қарындастарыңыздың бірімін. Қайдам, қалай тез өсіп кететінімізді. Өзімізге білінбейді. Шыңға өскен шынардай деймісіз. Сіз де тым асыра айтқыш екенсіз. Шынар болмай-ақ, сәмбі тал болсақ та жетпей ме бізге.


Сіз сонша қадалмаңызшы, ағай! Ақынның көзі — қанжардың жүзі деуші еді. Рас екен!


Мен бе? О-о, мен сіз туралы бәрін білем. Әлі үйленген жоқсыз. Неге күлесіз?Жо-жоқ, мына күлкіңіз жасанды сияқты. Маған сенбейсіз бе? Рас айтам. Институтта оқып жүргеніңізде каникулға келгенде біздің үйде қонақта болғансыз. Мен сонда алтыда едім. Сіздер тамақ жеп жатқанда кереуеттен ұйқысұрап үстіңізге құлап түсіп едім ғой... Неге қызарып кеттіңіз?.. Қорықтым ба, сонда жылағанымды білем. Сіз қалтаңыздан тарағыңызды алып бергенсіз.


Сіз... сіз қарамаңызшы өйтіп... суретіңізде сондай сыпайысыз. Суретіңізді қайдан көрдім дейсіз бе? Журналдан қиып алғам. Онда мен оныншы класта оқитынмын. Кейін сіздің портретіңізді мектепке де іліп қойды. Мен көп сөйлеп кеткем жоқ па? Жалықсаңыз, айтыңыз. Сіз тесіліп қарамаңызшы. Подругаларым, әне бақылап тұр. Вальсті ұнатасыз ба? Бізде басқа пластинкалар аз. Би кеші айында-жылында бір болады. Қайда бармақсың дейсіз бе? Білмеймін... Конкурстан өте алмадым. Ауылда бізге ыңғайлы жұмыс жоқ. Тіпті жай жұмыс та жоқ Комсомол-жастардың шопан бригадасын құрып едік. Күзде ер балаларды Армияға шақыртып әкетті. Қыздар не бітірейік. Бір қасқырдың қарасын көрсек, бәріміз ұйлығып үйге тығыламыз. Басқа жерлерде бригадалар жұмыс істеп жүр дейсіз бе? Мүмкін олардың жігіттерін военкомат шақыртпайтын шығар. Жо-жоқ! Тек қана кілең қыздардан бригада құру мүмкін емес. Енді ме? Кітапхана ашамыз деп еді өткенде. Соған жұмысқа тұрар ем... Қалаға да кеткім келеді. Ауылды да қимаймын. Бір түрлі сағынып қалам.


Сіз білесіз бе? Қазір тарағыңызды... суретіңізді әкеп көрсетейін бе? Әлі сақтап жүрмін.


Тағы тесіліп қарадыңыз ғой. Қарамаңызшы бұлай. Көзіңіз бар ғой, тым өткір екен.. Қызарып кеттім бе? Әне, әне, айттым ғой ұялшақпын деп.


Ұялшақпын...


* * *


Июнь айының алау жалыны асфальтті әлгінде жуып өткен сушашқыш машинаның соңынан шұбатылта бу ұшырады. Шақырайған күн қызара үлкейіп көкжиекті жамбастады. Сырахананың жанындағы жасыл көгалға емін-еркін жайғасқан жұрттың көңілді даусы ақ көбікті салқын күрең сусыннан кейін одан сайын ашыла түскендей, самбырлап жетеді. Әріректе, мектеп ауласында манадан доп қуған бір топ бала ойындарын доғарып, бет-ауыздарын білектерімен сүрткілеп, үйді-үйіне тарап барады. Қызулана сөйлеп, бірін-бірі тыңдамай, қайсысы қанша гол соққанын екілене айтып, мақтаныш білдіреді.


Қаракөлеңке қоюланып ұйыды да, көлеңкелер зымырай ұзарды. Қалаға қызыл іңір енді.


Төртінші қабаттағы жеке номердің балконынан Сайлаубек ашық омырауын самалға төсеп кешкі қарбаласқа ұзақ қарап тұр. Жас қала атанғанымен басқа шаһарлардан айырмашылығы жоқ. Бұнда да ағыл-тегіл ақтарылған автобус пен троллейбус. Бірде көгеріп, бірде қызарған жалғыз көзін жағып ап, ерсілі-қарсылы жүйткіген жеңіл такси тыным таппайды. Көктегі жұлдыз жерге қонақтағандай, қатар түзеп жарыса ұзаған көше шамдары жылт-жылт тұтанып, ымырт бүркенген қаланы түн қойнынан жұлып алды. Сол сол-ақ екен, бетон тротуарларда тық-тық тепсінген бізтұмсық биік өкшелердің дыбысын қуалап, прожекторлардай сүңгілескен зуылдақ көлеңкелер қайшыласты. Сықылықтаған әлдебір хрусталь күлкіге безілдек гитар асынған желікті топтың "қияқ!, қияқ! арақ-тарақ!" деген масаңдау бумен, лепірген екпінмен бой бермей тоқындаған тарғыл жолақ әнсымағы араласты.


Әне, анау тұста, қаланың бір жақ шетінде үш домнаның үш алау жалыны будақтап, күні-түні бір өшпей жалпылдап жанады да тұрады. Колошниктегі1 артық газды солай жағып жібермесе, ауа бұзылуы мүмкін. Бірақ одан бұзылмай жатқан кент ауасы шамалы. Өңешін өрмелей созып, бұлтқа тіреліп-тіреліп, шаншылып қалған завод мұржалары қоп-қою, будақ-будақ түтінді бірінен-бірі қалыспай, бәсекемен атқылай шұбатып жатыр. Шудаланып өсіп, қосылып ұйысқанда, қап-қара нөсер бұлты түнеріп үстіңнен төніп кетердей сезінеді екенсің. Ал, оны азсынсаң, қаланың екінші шетінде тағы да металлургия заводы бар. Тағы да трубкасын қор-қор сорғылаған серейген- серейген мұржалар бар. Жел қай бағыттан ауысып тумасын осынау қоңыр, қара, күлгін, қызыл түсті (түтіннің толып жатқан түсін көрем десеңіз, осы қалаға арнайы бір соғыңыз) түтіндердің бар қызығын көретін осы бір "бақытты" қаланың түнгі көркін қызықтап тұрған Сайлаубекті номеріндегі шарылдаған телефон даусы елең еткізді.


— Ал-оу.


— Әй, Сайлаубек! — трубкадағы қырылдаған дауысты жөтел буындырып, таласқан мысықтың үніне ұқсас, нотаға ешкім түсіре алмас баж-бұжына айналтып барып, қайта түзелді. — Әй, Сайлау, не істеп жүрсің? Өй, сен мені бауыздамай өлтіріп тұрсың! Әй, сенің бұ неғылғаның? Қаламызға келіп, үй жоқтай-ақ қонақ үйге орналасқаның не? Әй, сен өзің маған түсіндірші! Әй, саған қонақасы тауып бере алмайтын байғұс көремісің мені. Әй, қашанғыдан бұрын туыс деген атқа кір келтірдің. Ойбай-ау ертең анау кеудесі сырылдаған шалымыз естісе, кінәні сенен көрмейді. Менің екі аяғымды бір етікке тығады. Әй, неге үндемейсің?


"Әй, әйді" алдына салып алып пулемет оғындай бораған тынымсыз тасқынға сөз қыстырып қалуға Сайлаубектің мұршасы келіп тұр ма. Ағасы ентігіп барып тоқтағанда, жүзі сәл қуаң тартып, қабағын шытты. Қарсы алдында тап бір Жайлаубектің өзі тұрғандай терезенің қалың пердесін серпіп, сілкіп ашып тастады да, сыртқа тесілді.


— Жайлаубек, болдың ба? Кезек берсеңші. Үй-ішің тегіс аман ғой. Сен өтірік өкпелеуді таста. Білдің бе? Мен бір күн, екі күнге қонаққа келіп отырғаным жоқ. Бұл жерде үш-төрт ай болуым мүмкін. Әйеліңді сен білмесең де, мен жақсы білем. Ағайынмен алыстан сыйласқан дұрыс. Ертең кіріп шығам. Сонда шабыларсың.


Трубкадағы дауыс тағы шіренді, түйдек-түйдек жетіп, мембрананы тырс-тырс ұрды.


— Әй, Сайлау, сен өйтіп, көп былшылдама! Қонақ үйде жағдайың болмайды. Тез бізге қарай жылжы. Өз кабинетімді қазір-ақ босатып берем. Ойбай-ау, жаман-жақсы жазушы деген атағың бар. Бір ай жатасың ба, бір жыл жатасың ба — еркің білсін. Жата бер. Бұрқыратып жаза бер. Әйел деген немене! Мен тұрғанда тізгін үзіп қайда барады ол. Былқ ете алмайды. Общым, айтқанды істе бала. Әй, бала дегенім, баяғы өзімсінгенім. Талай арқалап едім ғой. Сен маған әлі баласың. Вот! Көп қиқаңдама. Қазір өзім барып, тұп-тура қолыңнан жетектеп, дедектетіп ертіп қайтам.


— Жайлаубек, рақмет. Екеуміз бір-бірімізге туыстығымызды бұл арада бұлдамайық. "Іні зордан, аға бордан" деп тегін айтпайды. Азар болса, соған сүйенген шығармын, менің оңашалыққа әбден бейімделіп алғанымды басқа білмесе де сен білуге тиіссің. Отыздан асқанша от басының сән-салтанатын келтіретін ақжаулық кіргізбеппін. Қинама, Жайлау. Жұмыс жазам ба деген далбасам бар. Оған қонақүйден артық жер жоқ. Қызыл аңсасам-салып ұрып, пәтеріңе барып тұрам. Ал, қазір әуре болма. Жолдан шаршап келдім, бүгін жатып тынығам, — деп Сайлаубек трубканы қоя салды.


Күндізгі қапырық аптап бөлмеде қамалып қалыпты.


Сайлаубек душтың астында салқын сумен ұзақ жуынды. Халатын желбегей жамылып, нөмердегі шар айнаның алдында шашын тарады. Айнадағы ұзын бойы сұлу жігітті алғаш


1Колошник — домна пешінің жоғарғы бөлігі.


көргендей сынап тұр. Шалқая біткен кең маңдай мен артық етсіз қыр мұрынды талай сипаған. Анау сұлық мөлиген қой көздерді үнсіз бақылайды. Бұрын маңайына әлдебір уытты ұшқын шашып, риясыз мөлдіреп тұратын жанарда сайтан оты жылтыраушы еді, енді жоғалыпты. Күңгірт тартып, аясына ой тұндырып, бір тереңдік тауыпты. Ол кекселік пе, кемеңгерлік пе, кещелік пе — дәл қазір айырып көр. Қос қабақтың арасынан сайланып жалғыз сызық түсіпті. Екі қасты бір-біріне жақындатып, әлде өкпелеген, әлде кейіген, әлде шаршаған жанның сынық әлпетін танытады.


"Қалай өзгеріп кеткен?!" Өзін емес, айнадан өзгені көргендей, тарақты аузына таяп әкеліп, екі ұртын бұлтита үрледі де, үстел үстіне шиырып жіберді. Содан кейін екі қолымен сиыр жалағандай суланып жылмиып жатқан шашын салалады. Бір сәт... аңырып айаға ұзақ үңілді. Саусақ арасынан ақ күмістеніп жылтыраған қылды көрді. Біреу, екеу... "Ақ түсіпті!... Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман"...


Сайлаубек екі қолын кеудесіне айқастырып, көзін жұмды. Мұрнынан ысылдай дем алғанда, жаны күйзелген адамның шаршаңқы кейпі жүзіне дір етіп оралды да, дір етіп сейіліп кетті. Кірпіктер жыбырлап қайта ашылғанда, айнадағы жарқыраған қоңыр көзде сайтан от болар-болмас белгі бергендей болды.


"Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман"...


Бас аяғы жоқ бір ғана жол. Ызың-ызың тіліне оралып, инесі бұзылған патефондай тұрып қалып, і ұрып қалып мән-мағынасыз қайталана берді.


"Құрысын!"...


Шамды өшіріп, төрдегі ағаш кереуетке бар салмағымен етпеттей құлады. Сықыр еткен төсек сегізкөзін бүре ұстап, бітпес ойбайын сарнап айтып қалатын семіз бәйбішедей шайқалып барып басылды. Көп жуылған жаймадан кір мен кір сабынның қышқыл иісі аңқыды.


Қайда барса, осы жаңғырыққан төрт қабырға. Қуалап қалмайтын осы иіс. Бір шетіне қара бояумен қасқайтып белгі қойылған қазыналық ақ шыт жайма. Өзіндік түгі жоқ. Құла медиенде жалғыз қалықтайтын қыран құс болатын. Бірақ оның ұшар құз, қонар дарағы белгілі. Тыным таппайтын, байыздау білмейтін мазасыз көңіл тек осыған ғана бітіпті. Терісіне сыймай тарылып, берекесін бей-берекет қашырып жүрген де өзі.


"Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман"...


Арман... Таусылмас, бітпес арман. Қуалай береді. Жеткізбей қинай береді. Құдай-ау, дүниеде ақ қағазға оңаша телміртіп қойған қысастықтан артық не бар екен? Маңдайға жаз деп тағдырдан өршеленіп тілеп алғаны ма? Бұ неткен мазасыз тірлік? Сүйініші аз, күйініші мол өзіңді-өзің қажаған сергелдең бе?


Еш нәрсе жаза алмай кеткеніне үш ай болды. Жазу үстелінің қасына әдеттегідей қонжиып отырады. Қатарлап сигарет қораптарын алдына үйіп тастайды. Бірінен соң бірін тұтатады. Содан кейін... түк жоқ. Қол қимылдамайды. Қашаған қуғандай әр ойды қиялмен бір шалып, төтеден тура кеп қосылады. Құрық салу қайда? Жебір қалам — тоннадан ауыр. Қимылдатып көр! Жүрмейді-ау, жүрмейді.


"Қартайдық, қайғы ойладық?...


"Қайғы ойлай ма? Ол сонда ненің әкетіп бара жатқан күйігі, ненің қайғысы? Көкірегіне шөгірдей қадалған творчество уайымы — күйік пен қайғыдан жеңіл емес пе? Әлде кейде уайым шіркін де қайғыңды қайқаңдатып алып түсер салмақты салдауыр сүйрей ме екен? Ал уайым меңдесін. Онсыз тоқырап барып, жүнжіп бышырап кету мүмкін-ау. Сонда осынау сынаптай сырғып, ұстатпай ұрланып жатқан ысырап уақыттың өтеуі не? Толқынданып келіп, бір-ақ ақтарылар тасқын-шабыт, шынымен бар ма?


Уақыт... адам... оқиға үш сөз. Үш ұғым. Мықты болсаң осылардың басын біріктіріп, замандасыңның тынысымен тынысы, жүрегімен жүрегі бірдей соғатын шығармаңды маңдайын жарқыратып дүниеге алып кел. Әйтпесе... Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман..."


Сайлаубек шалқасынан аунап түсті. Әйнектен шағылысқан көшенің сұрғылт жарығы төбеде жыбырлады.


Ұйқысы қашқалы не заман. Төсегінде олай дөңбекшіп, бұлай дөңбекшіп талықсып барып, таң таластыра кірпігі зорға айқасады. Сырт жұртқа баяғысындай. Өңінен де, өзегінен де қылаудай өзгеріс білдірмейді. Жаман-жақсы болсын, әйтеуір жыл аралатып повесть, пьесаларын шығарып жатқан соң, жолы болғыш жігіт көре ме, кейбіреулер кәдімгідей-ақ қызғаныш танытады. Кітабын салмақтап, тиражына қарап, атүсті парақтайды да, қайтадан сөреге қоя салады. Әріптестерінің не жазғанын білгілері келмей ме, әлде бірер сомын қимай ма, етегіне жармасады.


Қолтаңбаңды жазып, бір данасын бізге сыйласаңшы. Шіркін, сенде не арман бар. Жазасың — шығарасың. Шығарасың, тағы жазасың. Бұрқыратып-ақ жатырсың. Осы бізге ең болмаса бірер кітабыңның қолжазбасын қарызға бере тұрмайсың ба", деп әзіл айтатындар аз емес.


Біреудің қаңсығы басқаға таңсық... Әйтпесе, бұ не тындырды. Өзінің әлі ештеңе тындыра алмай жүргенін білгеннен соң жүйкесін түтіп, жанын жегідей жейді


* * *


Жайлаубек мейманханадағы інісін таң атар-атпастан орнынан басты. Номердің сыртқы есігі кілттенбеген бе, тарп-тұрп сүйрете басқан аяқ дыбысынан оянып кеткен Сайлаубек мамырлай басып арсалаңдап кіріп келген ағасына төсектен ежірейе қарады.


Жайлаубек бұрын да ұзын бойлы етженді жігіт еді, қырыққа толмай жатып қарынды барынша кептеп, бұғақты семіз сиырдың әукесіндей бұлғақтата салбыратып жіберіпті. Інісіне босағадан құшағын жая ұмтылды.


— Тентек-ау, сенің бұның не? Хабарласпай, телефондаспай бөтен адамдай ұрланып келіп, тығылып жатқаның қалай, ә?


Былқ еткен жұмсақ қарынға маңдайын төсеген Сайлаубек ағасының кеудесінен кәдімгідей-ақ сонау жас кездегі жусан исін сезінді.


— Қалиман қалай? Балалар аман ба?


— Қалиманның өзің білетін баяғы давлениесі. Соны қойшы. Кит етсе, ауырып қалады. Балалар келгеніңді естігелі мәз. Сен айтшы, Сайлау. Бұл қай жүріс? Командировка ма? Жолшыбай үйге соқтың ба? Кемпір-шал күйлі ме? — деп креслоға кептеліп сығымдалып отырған Жайлаубек маңдайда жіпсіген терді алақанымен сүртіп тастады. Сүртіп тастады да, май басып кеткен кішірек көздерін мейірлендіре күлдіріп, інісін жанарымен аймалады.


— Келіп қалдым де. Жөн, жөн. Қанша болды, ұмытпасам сегіз ай өтіпті-ау бір-бірімізді көрмегенімізге. Сен әлі сол қалпың, өзгермепсің... Дегенмен, өңің сынық. Бір жерің ауырмай ма?


Қалтасынан "ВТ" қорабын суырды. Қызарып буға піскен сосискадай барбиған семіз саусақтарымен сигаретті уқалап отыр.


— Айтпақшы, сен мені құттықтап қой, бауырым. Бір айдан бері мен цех бастығымын. Солай. Қара шалдың екі баласы да осал емес екен, ә. Сен — жазушы, мен — бастық. Немене, таң қалып отырсың ба? Әйтеуір, басшылар сенім білдірді ғой. Құдайға шүкір, авторитет бар. Директордың да көзқарасы тәуір.


Темекі түтінін дөңгеленген еріннен бұрқ еткізіп сақиналата шығарғанда болмаса, жыбырлаған аузы әңгімеден босар емес.


— Мен саған әдейі келдім. Жұмысқа бара жатқан бетім. Азанмен цехта оперативка өткізетінім бар. Онсыз болмайды. О-о, болмайды. Қарауыңдағы адамдарды уысыңнан шығарып, босаңсытып алдым дегенше, мойныңнан түспейді. — Жайлаубек дәп қазір анау иық пен бас тұтасып кеткен бұрынғы мойын деп аталатын тұсты құнжыңдап бір нұқыды да, креслодан тұрмақ болып ілгері ұмсынды. Ауыр дене тар креслоға тығыздалып қалса керек, Сайлаубек қолын созып, ағасын жұлқып тұрғызды.


— Иә, бұрынғыдай емес, денені май басып барады. Орынның өзі еріксіз соған икемдейді-ау деймін, Сайлау. Смена мастері боп жүргенде иненің көзінен өткендей қағылез едім, бүгінде бір үйден екі Қалиман шықтық.


Жайлаубек өз сөзіне өзі рақаттанып кеңк-кеңк күлді. Терезе алдына барып, қалың пердені сырып, ентелеп сыртқа қарады.


— Күтіп тұр. Шоферымды айтам. Өзі бір мықты жігіт. Таппайтын нәрсесі жоқ. Осындағы дөйлердің бәрін біледі. Әйтеуір, керек адамдармен бір-бірлеп таныстықты көбейтіп келем мен де. Өткен жетіде қалалық атқару комитетінің председателінің үйінде қонақта болдым. Анау-мынау емес. Нағыз мэр! Коттедж болатын шығар деген дәмем тағы бар. Қалиман сол үйдегі хозяйкамен әмпей-жәмпей боп қалды.


Жайлаубек інісі орнынан тұра қоймаған соң пердені серпіп жіберіп, қайтадан мамырлай басып кеп креслоға жалп етіп отырды. Екі қолын кеудесіне төсеп, бітік көздерін алғаш рет Сайлаубекке тіктеді.


— Ал, енді жөн сұрасайық. Кеше осында екі-үш ай болам дедің бе? Жұрт астанаға жете алмай жүрсе, сен астанадан қашасың, ә. Сонда қалай? Задумка какая? Жаз, жаз, бауырым. Әйтеуір, адам бол. Атағың дүңкілдеп жатса, бізге де теріс тимес. Қара шалдан туғанымызға фамилиямыз айғақ. Құдайға шүкір, ақша өзімде де жетеді. Саған алақан жаймаймын. Жазушылар керемет табысты дегенді жұрт көп айтады. Сонда да сенен әлі күнге қайыр көргем жоқ. Жә, жә, көзіңді алартпа. Әйтеуір, тірі жүр. Жаза бер. Айтпақшы, не жұмыспен жүрсің?


— Соны өзім де білмеймін. Жұмысшылар өмірінен бірнәрсе жазғым бар. Одан не шығады, уақыт көрсетер, — деп Сайлаубек жайлап күрсініп қалды.


— Әй, байқаймын, әбден шаршапсың, бауырым. Тұқымымызда әләулайлап сөз қуған ешкім жоқ еді, қайдам, сен өзің осы бір керексіз нәрсені күйттеп кеттің. Әлі әйел алмай жүрсің. Бұл қалпында түбінде қубас қаласың. Айтпады деме, — деп Жайлаубек аяқ астынан үлкенсініп, шытынай бастады. Барбиған сұқ саусағын карабинның жалғыз ұңғысындай кезеп, нұқып-нұқып қояды. — Сен енді менің тілімді ал. Өзім білем, өзім білем деп көкірек қаққаның да жетер. Біріншіден, мен сені үйлендірем. Мынау деген сұлу қыздар көп. Заводта ЦЗЛ-да істейтін лаборанткалардың маңдайынан шертіп жүріп аласың. Екіншіден, директорға айтып бір инженерлік қызметке тағайындатам. Окладың жүріп жатады. Өзің анда-санда заводқа барып, кітабыңа материал жинайсың. Сонымен келістік қой.


— Жайлау, сағат жетіден кетті. Оперативкаңнан қалып қойма, — деп Сайлаубек төсегіне қисайды. — Менің сенен екі тілегім бар. Біріншіден, кімге, қашан, қалай үйленуді өзіме тапсыр. Жар маған керек. Екіншіден, инженер болам ба, жұмыскер болам ба, — о да менің қара басыма байланысты. Өзім шеше жатармын.


Жайлаубек ырс-ырс ентігіп, орнынан креслоны көтере-мөтере турды. Сарт еткізіп бөксесіне кептеліп қалған креслоны қолымен итеріп тастады. Мамырлай басып есікке беттеді. Бара беріп кілт тоқтады.


— Есінде болсын, бала! Мың жерден дана боп кетсең де, сен менің інімсің. Вот! Қайдан шыққан төресің? Шалқайып, тыңдағың келмейді ғой. Мен сенімен сөйлесем әлі! Жақсылап сөйлесем!


Сәлден соң тыстан аңырата гудок берген жеңіл машинаның даусы естілді. Сайлаубек тұрмақ түгіл басын да көтерген жоқ.


"Кімге ұқсап барады? Жан-жағы маған жағалай жұмбақ. Ал, өзінің айтуынша, төрт құбыласы түгел толып тұр. Көңілі ток, уайымы жоқ. Астында жүйткіген машина, қалтада мыс-мыс ақша. Ішер, киерге әсте қиналмайды. Бәрі дұрыс-ақ болсын. Ал, сонда да бойында әлдене жетіспейтін тәрізді. Мақтаншақтау ма? Ойға алғаны тап-тұйнақтай орындалып жатса, мақтанудың несі әбес. Әлде ағамның осынау ештеңеден қам-кетігі жоқ, болып-толып отырған ырзалық күйін қызғанам ба... Мүмкін, қызғанатын шығармын. Еркелеп мойнына талай асылмап па едім. Арқала деп бұртаңдап, аяқ астынан қиқарлана қалмаушы ма ем. Бәлки сол мінезім өзгеріп кеп, қайталап соғып тур ма? Бәлки мен оны емес, өзімді-өзім түсінбейтін болармын. Әйтпесе, қайта-қайта жаны қалмай, елпеңдеп бауырмалдық көрсетіп жүргенде ішіме мұз қатқандай түсімді сыртқа салғаным қалай?


Бұрын бір төсекте құшақтасып жатып, бірер күн Жайлау достарының үйінде қонып қалғанда, түнімен елегізіп ұйықтай алмай шығушы едім ғой. Соның бәрі неге ұмыт. Сағыныш дейтін нәзік сезім жыл асқан сайын кеміп, жыл асқан сайын ұрланып, жыл асқан сайын таусылып біте ме? Онда мынау ересектіктің несі қымбат. Балалық аңсаудың, балалық ынтызардың, балалық пәктіктің бәрін жалаң аяқ құм кешкен сүрлеуде, асық ойнаған тақырда, доп қуған көгалда, қозы байлаған көгенде, мұрын қанатқан төбелесте тарыдай бытыратып алғанбыз ба? Онда мынау есепшіл, бақас көңілді қақсал ересектіктің қадірі қанша? Туыс-тума түгіл туған жерге деген алып ұшқан елгезек жүректі жүгендеп тартып, уақыт дейтін қатыгез құдіреттің тақымына тұқыртып салып бергенде не табмыз? Әлде әбден ет өлді, сүйекке сіңді көкбезер қырсаулықты серік қып, бәр-бәр сылтауды соған итере салуды машыққа айналдырдық па. Онда тіпті бара-бара бәрін ұмытып, жылт еткенге мәз болып, жарқ еткенге жыртыңдап күліп, қутыңдап есіріп, көз де тоқ, көңіл де тоқ хайуани тірлікке жегіліп кете барармыз-ау. Неге дүр сілкінбейміз осы? Неге селт етпейміз?


Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...


Арман... Әдемі сөз-ау! Ұлым болса, атын Арман қояр едім. Бір елі қасымнан қалдырмай жетектеп жүрер едім... Арманым арманымды жалғастырар еді.


Әйімгүл... Сен мен үшін әдейі солай жасадың. Бірақ...."


Кірпікті төңіректей уытты жанарды кіреукелеген мөлдір тамшы сұрақ боп тамып кеткелі тұр. Тамбайды. Үзіліп түссе, қинаған сауал да, далбаса жауап та еш уақытта алмаспайтын тәрізді.


Сайлаубек ыңырана күрсініп, бір қырына аунады. Сықыр еткен ағаш кереуеттің ақжаймасының сабын мен хлор исі сіңген табынан сондағы көкірек сарайын ашып жіберген қолаң шаштың нәзік жұпарын сезе алмады.


"Әттең-ай! Уақыт шіркін неткен жүрдек! Сәтті кездің дәмін мәңгі сақтап тұрып қалса ғой".


* * *


Москвадан Алматыға келісімен ертеңінде театрға Әйімгүлді іздеп барған-ды. Неге екені белгісіз Әйімгүл Сайлаубекпен салқын амандасты. Қолын сүлесоқ ұсынды да, репетицияға асыққан сыңай білдіріп, тез қоштаса бастады.


— Әйімгүл, сонда... қонақүйде маған айтпай кетіп қалғаның не? Сені іздеп қиналғанымды білсең ғой, — деп Сайлаубек келіншектің алақанынан ұстады. Алақандағы саусақтар дір етті.


— Хатымды оқымап па едің, Сайлау? Бәрін сонда жазып едім ғой. Менің сырым өзіңе аян. Сондағы өтінішімді қи, — деп ұзын кірпіктерін жапыра төмен еңкейген Әйімгүл алақанын сусытып босатып әкетті. Алғаш фойеде қарсы ұшырасқан кезде ақшыл өңіне ду етіп жүгірген ыстық қан бұл сәтте тарап кетіпті. Қуқыл тартқан жүзі күйзеу көрінді.


— Әйімгүл, осы сен ауырғаннан саумысың? Соншама неге жүдегенсің? — деп Сайлаубек келіншекті еріксіз жетектеп келіп терезенің алдына жақындатты. — Жүзің сынық. Әлде біреулер сөз қылды ма? Кім ол? Бізде ешкімнің жұмысы болмасын. Сөз қылды ма?


— Жоқ... Ұйқым қанбай жүр... Бессонница дейтін пәлеге душар болдым, — деп Әйімгүл илігіп келе жатыр еді, дәлізден фойеге күле шыққан екі-үш актриса әйелді көріп, қайта түнерді — Сайлау, мені іздеп қалар. Репетиция басталып кетсе, шетінен ренжиді, кетейін!


Сайлаубек Әйімгүлді иығынан ұстап, кеудесіне қысты.


— Жіберші!.. Керегі жоқ... Бұл арада тіпті аңдығыш көз көп.. Қоя берші... — деп әлсіз бұлқынып, жан-жағына асығыс қарады. Екеуінен басқа қыбыр еткен көлеңке көрінбеген соң жігіттің бетіне назарын тіктеді. Қарашықта әлде мұң, әлде өксік шаңыты білінгендей екен. Сайлаубек тіксініп қалды.


— Өзіңе не болған, Әйімгүл-ау? Жасырғаның бар ғой, айтсаңшы. Әлде енді маған да сенбеймісің?


— Жо-жоқ, Сайлау! Саған неге сенбейін. Не жасырыппын. Сенен жасырам ба? Асығып тұрған соң...


— Онда, Әйімгүл, біз былай істейік. Кешке кездеселік. Кафеде оңаша отырып, емін-еркін сөйлеселік. Келістік пе?


— Келістік. Бірақ бүгін емес. Арғы күні болсын.


— Неге?


— Бүгін-ертең қолым тимейді. Кешке спектакль. Ертең профсоюз жиналысы болады.


— Хоп мейлі! Уәдеңді бұзба.


— Жарайды. Енді барсаңшы.


— Жоқ, Уәдені мөрмен бекітуіміз керек.


— Қалай?


— Ол былай. — Сайлаубек иіліп келіп ерінге ернін тигізді. Әйімгүл ыршып түсті.


— Неге үрейлендің?


— Айтпадым ба, бұл арада болмайды, Сайлау. Кешір, мен кеттім. Іздеп жатқан шығар.


— Келесің ғой.


— Келем. Келем, Сайлау.


— Тоқта! Сәл аялда. Әйімгүл-ау, кездесетін жерді белгілейік те, — деп Сайлаубек қуып жетті.


— Телефоныңды білем ғой. Өзім хабарласам.


— Қайдан біліп жүрсің?


— Справочниктен тауып алғам. Ал, сау бол.


Сайлаубек уәделі күні бөлмесінен қарыс аттап шыққан жоқ. Таңертеңнен бастап топырлаған достарын көп отырғызбай, біріне шарабын құйып, біріне ақшасын қолына ұстатып тез-тез шығарып салып, телефонды бағумен болды. Жайшылықта шыр-шыр етіп маза таппайтын қызыл телефон тілі күрмелгендей тымпиып тұрып алды. Асыққанда уақыт зымырауық. Түс болғаны әлгінде ғана еді, міне шақырайған күн терезеге қарсы тұрған тоғыз қабат үйдің шатырынан сығалап қалыпты. Ұрлана жылжыған аумақты көлеңке терезе жақтауына асылып, ішке қарай ырғып секіріп түскелі шақ тұр.


Телефон шыр етті.


Өкшесімен шыр айналған Сайлаубек екі-ақ аттап трубканы жұлып алды да, оң жақ бетіне жапсыра алды.


— Ал-оу. Әйімгүл! Сенбісің!


— Позовите тетю Машу! — Ар жақтағы адам тетя Машадан басқа жанды қажет етпейтін өктем үнмен тақылдап тұр. Ентіккен демі мембрананы тесіп жіберердей.


— Сіз номерді шатастырыпсыз, — деп Сайлаубек трубканы орнына қойды да, қайтадан терезе алдына барды. Көлеңке енді еден бойлап жылжып келіп, жігіттің туфлиінен тік өрлеп, жоғары шапшыды да, басынан аса көміп кетті. Күн үй тасасында қалыпты.


Сайлаубек диванға сылқ түсті.


"Әйімгүл! Шынымен алдағаның ба? Әлде сенбеймісің? Ар, ұят дейтін түсініксіз құбыжықты кеудеміздің бір қуысына қондырып алып, соның қарауыл қараған ербиген тұлғасына жүрек қылын шырмап беріп, қыбыр ете алмайтын көнбістікті әбден еншілеп жүр ме екенбіз. Ондай ала жіпті үркектеп аттамайтын тәртіпшіл тап-таза тірліктің графикпен қозғалатын поездан несі артық. Құтырына соғатын жүрек қанының алақұйын сәтін өсек-аяңның сумаң тілін қапысыз бағып отыратын күдікшіл ақылға жүгіндіріп отырсақ, онда дүниеде пәктік, шынайылық, сүйіспеншілік атаулы құрып кетсе қайтеміз. Он төрт жасар нәзік Джульеттаны ердің ері батылы жетіп бара алмас тәуекелге жетелеген жүрек әмірі ғой. Ондай табандылық көрсетер тұста, қарттықтың салқын қанды, "сап, көңілім сап, көңілім" тежегішіне жиі жармассақ, адуын еріктің бір күні тоза-тоза әбден мүжілген құр қаңқасын сипап қалуымыз мүмкін-ау. Әйімгүл-ау, сен екеуміз бір-бірімізді тапқанда, сол арқылы өзіміз аңсай іздеген бақытты тіршілігімізді де таппап па едік. Әрине, біраз нәрсені жоғалтуымыз да мүмкін. Бірақ жоғалтусыз, шығынсыз олжа оралар ма. Біздің олжамыз — махаббатымыз еді ғой".


Бөлмеге кеш түсті. Бұрыш-бұрышта қаракөлеңке қоюланып, көз байланып барады екен. Сайлаубек диваннан атып тұрды. Орындықтың арқалығына іліп қойған пиджагын ала-мала сыртқа ұмтылды.


Күндізгі аптапта бой тасалаған жұрт кешкі самалмен көшеде ерсілі-қарсылы ағылады. Сайлаубек те сол көптің біріне айналып, сонау қарсы алдында тік шаншылған Алматы шыңына қарай адымдап келеді. Осы көшенің бітер тұсында Әйімгүлдің пәтері барын біледі. Құрбысымен екеуі ортақ асүйлі пәтерде тұратынын естіген.


Есік жақтауындағы қоңыраудың қара түймесіне сұқ саусағы жабысып қалғандай айрылар емес. Іштегі шырылдаған қоңырау үні кеудесіндегі аласұрған жүрек қанының бүлкіліндей тыншымайды.


Саңылауланған есіктен Әйімгүл көрінді.


— Сайла-ау!?


— Жүр, Әйімгүл!


Қолы ақ білекке шап етті. Кідірткен жоқ, бері тартып шығарып алды да, есікті тарс жауып, ілестіре жөнелді.


— Жүр, Әйімгүл!


Одан әрі екеуі де үнсіз. Қатарласқан күйі көше бойлап ілбіп келеді. Бір-біріне қарамастан жүріп келеді. Сайлаубек бір кез Әйімгүлдің қолынан ұстады. Сұп-суық екен. Енді байқады. Жұп-жұқа жеңіл көйлектен басқа лыпасы жоқ. Пиджагын шешіп серігінің иығына жапты.


— Кафеге барайық.


— Керегі жоқ.


— ...


— Heгe звондамадың?


— Уақытың болмады ма?


— Сайлау, сондағы сурет қайда?


— Қай сурет?!


— Хаттың арасындағы.


— А...а..Үйде.. Оны қайтесің?


— Жай. Сайлау, кеш қандай әдемі! Осылай тоқтамастан жүре берсе... Ештеңеге қарайламай кете берсе...


Әлсіз күрсініп қалды.


— Киноға кірейік.


Әйімгүл ойланыңқырап тұрып басын изеді.


Соңғы сеансқа билет жоқ екен. Сайлаубек администратор әйелге кіріп әрең дегенде екі билет алып шықты. Әйімгүл кинотеатрдың алдындағы орындықта отыр екен.


— Көп күттің бе? Ішің пыспады ма?


— Жоқ. Отыршы, Сайлау.


— Жүр. Кірейік. Қазір басталады.


— Отыршы. Ана екеуіне қарашы.


Сайлаубек Әйімгүл көрсеткен қыз бен ұланға бұрылды. Екеуі де жап-жас. Киноға алғаш рет бірігіп келгенге ұқсайды. Әркімнен бір артық билет сұрап елпілдеген ұлан қасындағы серік қызына ұяла, қымсына көз жүгіртіп қояды. Екеуінің осы бір майда, ұяң қылықтары сондай жарасымды. Бір тілегі, бір үміт — билет арқылы жалғасатындай. Уыз жастықтың бүр ашқан сүйкімділігі көлденең көзге тез шалынғыш. Сайлаубек те қызығып қалыпты.


— Билеттерді берші, — деп Әйімгүл орнынан тұрды да, екі билетті әлгілердің қолына ұстата салды. — Тез барыңдар. Барыңдар! Кешігіп қалмаңдар.


Риза қараспен Әйімгүлге ықыластана алғыс айтқан екеуі ішке жүгіріп кіріп кетті.


— Сайлаубек пен Әйімгүл кері қайтты. Сайлаубек әңгіме бастағысы келіп, біраз тырысып көріп еді, Әйімгүл ауыз аштырмады.


— Керегі жоқ. Осылай үнсіз қыдырайықшы.


Басын жігіттің иығына төсеп алыпты.


Сайлаубек түн ортасында бөлмесіне оралды.


Диванда ұзынынан сұлап жатыр.


"Кешігіп қалмаңдар!" Біз кешігіп қалдық па екен? Әйімгүл неге сөйлескісі келмеді. Кеш бойы иығыма жабысып, ып-ыстық маңдайымен жақындық белгісін танытқандай болды ма? "Ғашықтың тілі — тілсіз тіл" деп Абай қалай тауып айтқан. Бір-бірімізді ұғысқандай болдық қой. Онда несіне бөгелеміз. Әрине, Әйімгүлден батылдық күту қиянат. Ыңғайы белгілі. Алғашқы қадамды менің тарапымнан тосары хақ. Ал, сонда менікі не? Өз ішімдегі сан тарау шиырды түгел таптап шықпай, өз бетімше тәуекелге баса алармын ба? Сүйетінім рас қой. Әйімгүлсіз өмірдің ендігі мағынасы не? Таң атысымен ЗАГС-ке барумыз керек! Бітті — шешім осы!"


Сайлаубек онға таяу оянған еді. Тұрған бойда душқа жуынып шығып, қара костюмын киді. Телефонмен таксиге заказ беріп, асүйге барып кофе қайнатты. Ыдысына екі-үш тамшы коньяк тамызып, қара кофенің бір шынысын ішкенше, телефон соғылып таксидің күтіп тұрғанын хабарлады.


Жастар театрының артындағы гүл базарынан бір шоқ сатып алып, Әйімгүлдің пәтеріне көтерілді.


Ескті Әйімгүлдің көршісі ашты.


— Кіріңіз.


— Әйімгүл қайда?


— Театрға кеткен. Кешіріңіз, сіз Сайлаубек емеспісіз? — деп келіншек қонақжайға қарай қолын нұсқады.


— Иә, қашан кетті?


— Әлгінде. Отырыңыз. Мен шай қойып жіберейін.


— Рақмет. Онда мен бөгелмейін.


— Жо-жоқ. "Қуыс үйден күр шықпа" деген мақалды өзіңіз жазушы болсаңыз да білмейді екенсіз.


— Мені әбден зерттеп алыпсыз ғой.


— Оныңыз рас. Сізбен сөйлеспекші едім. Келгеніңіз өте жақсы болды. Дегенмен, мен шай қойып келейін, — деп келіншек асүй жаққа беттеді.


Сәлден соң екеуі дастарқан басына жақындады.


Сайлаубек, мен Әйімгүл екеуіңіздің араңыздағы жағдайға тегіс қанықпын. Кешіріңіз, көрінген жерге неге қыстырылып отыр деп іштей жазғыруыңыз да мүмкін. Бірақ құрбымның жайы мені қинап отыр, — деп вареньені жігіттің алдына сырғытты. — Сүт жоқ. Варенье салып ішіңіз. Әйімгүл екеуміз жақында қайнатып едік.


— Әйімгүл неге қиналып жүр?


— Кеше өзіңізге ештеңе айтқан жоқ па? — деп келіншек Сайлаубекке тіке қарады.


— Жоқ.


— Ол сондай. Апырай, қандай сабырлы! Ештеңе сезбедіңіз бе тіпті?..


— Не сезуім керек еді, — деп Сайлаубек ентелей бұрылды. — Айтсаңызшы білсеңіз.


— Кеше Әйімгүл сіз келгенше жылаумен болды. Алдыңкүні оларда, театрда профсоюз жиналысы болыпты. Сонда Әйімгүлдің жеке басының тәртібін қараған көрінеді.


Сайлаубек айқайлап жіберді.


— Не қылмайсың дейді сонда?


— Жиналысқа салған соң табады да қаралатын мәселені. Әйімгүл қай бір сыр айтқыш. Бар ұққаным: театрдың артисткалары түтіп жеп қоя жаздапты. "Аморальное поведение" дей ме-ау, "советтік моральге жат қылық көрсетіп, қонақүйдегі жігіттің бөлмесіне өзі іздеп барған" дей ме-ау, біраз сілкілепті. Әсіресе "талантты жазушының басын айналдырып, творчествосына зиян тигізерін білмейтін жеңілтектігіне кешірім болмасын. Пьеса жазатын драматургтарымыз онсыз да азайып бара жатқанда сахнаның егжей-тегжейін енді меңгере бастаған Сайлаубек тәрізді жастың уақытын ұрлайтын, жұмысына кедергі келтіретін аморальдық ұшырасуларыңды тоқтат, әйтпесе тиісті шараны дереу қолданып, труппадан босатып жібереміз" деген тәрізді. Әйімгүл сол жиналыстан біртүрлі жасып оралды. Онсызда Москвадан келгелі өзін-өзі іштей жегідей жеп, қиналып жүруші еді, енді мүлде басылып қалды. Неге шай алмай отырсыз. Суып қалыпты ғой.


— Әйімгүлден естідіңіз бе?


— Жоқ. Кеше театрдан құрбысы келген. Сол айтты. Әйтпесе Әйімгүл жақ жазушы ма еді. Тіпті өзіңізге де түк білдірмепті ғой.


— Апырай, енді махабатты да профсоюз жиналысына салатын болғаны ма? — деп ыңыранған Сайлаубек басын шынтақтаған алақанына төсеп, қинала күрсінді.


— Олар оны махаббат демейтін тәрізді. Жігіттен екі-үш жасы үлкен әйелдің қонақүйдегі кездесуінде ұшқалақтықтан басқа үлкен сезім болмауы керек дейтін пікірлерін протоколдап да қойыпты.


— Сонда біздің ішімізге кіріп шыққандары ғой.


— Ол арасын білмеймін...


— Неге күмілжідіңіз?


— Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз сезіміңізге шын сенесіз бе? Әйімгүл екеуіңіздің араңыздағы байланыс уақытша желігу емес пе?


— Сонда сіз де біздерді кінәламақсыз ғой.


— Ондай ойым жоқ. Бірақ пердесіз шындықты өз көзіммен көргім келетіні рас. Әйімгүл екеуміздің бірге тұрғанымызға бес жылдан асты. Осыған дейін оның бірде-бір рет желіккенін көрмеп едім. Қазіргі алай-түлей халі Әйімгүлді мықтап сығымдап алған. Өздігінен ол оны шеше алмайды.


— Шешеміз. Әйімгүл екеуміз бірігіп шешеміз. Мен оны сүйем. Сенесіз бе, сүйем!..


— Онда уайымдайтын ештеңе жоқ. Сіз — жігітсіз. Батыл қимылдаңыз. Дәл бұл күнде Әйімгүлге мықты тиянақ, берік тірек керек. Дереу жетіңіз.


— Рақмет.


— Шайыңыз суып кетіпті. Қайта құяйын.


Сайлаубек ол күні де, ертеңіне де Әйімгүлмен кездесе алмады. Гастрольмен алыс облысқа шығып кеткен труппа Алматыға оралғанша Сайлаубек те жазып жүрген кітабына материал жинауға командировкаға кетіп еді. Бір айдан кейін қайтып келгенде, қызыл телефон шыр ете қалды.


— Сайлау, келдің бе? Ат-көлік аман оралдың ба? — деген жолдасының даусын таныды.


— Келдім. Өздеріңді қатты сағындым.


— Кімді сағынғанынды да білеміз. Бірақ, жігітім, жолың болғыш екен. Енді болмағанда партия жиналысына түсіп бір сөгісті арқалап шығатын едің. Сәтін салғанда оңай құтылдың.


— Не дейсің? Не үшін жиналысқа салмақ?


— Пәлі! Өзің аспаннан түскеннен саумысың? Ойбай-ау, театрдан сенің үстіңнен арыз түсіп... Аморальдық тәртібіңді қарау керек деп топырлатып жатыр ғой... Ақыры бәрі ол' райт. Келіншек ше, сұлу артистка... Аты кім еді?... Ә-ә, Әйімгүл. Сол табан астынан күйеуге шығып кетіп, бәрі жабылды. Енді құда да тыныш, құдағи да тыныш.


— Әйімгүл күйеуге тиді деймісің?


— Оу, манадан бері мен саған не айтып тұрмын. Өзің тіпті қуанбайсың ғой. Бір тоққарын жуанның қолтығынан ұстапты. Енді қолың да, жолың да ашық. Қайта ебін тапсаңдар, кездесіп тұруларыңа болады. Енді байы бар қатыңды ешкім күндемейді. Әй, Сайлау, естіп тұрмысың? Неге үндемей қалдың? Әй, қанша айтқанмен, жолың болғыш жігітсің. Сол келіншекке баяғыдан талайдың аузының суы құрушы еді, қалай түсіріп жүрсің?


Сайлаубек трубканы лақтырып жіберіп, сенделіп тұрып қалды.


Әйімгүлге де, театрға да барған жоқ. Енді барудың да, сөйлеудің де қажетсіздігін ұққандай бар ыза-кегін қағаздан алардай жазу столына шұқшиюын көбейтті.


* * *


...Мұрнының ұшында әлдене дірілдеп тұр. Шынашағымен шекіп түсірді. Дымқылданған көзін сүртті. Кірпіктері жымдаса жабысты да, ой елегінен ұмытылмас бір суретті іздеп кетті.


Өзінің жұмысты өндірте жазып тастайтын кезі — күз айлары. Терезеден үңіле төніп тұрған алып теректің сарғыш жапырағы біртіндеп ұшып, сидамдалған сайын, Сайлаубек те өз ойындағы бары мен нәрін қағазға түсіріп қалайын дейтіндей күн ұзын стол басынан қозғалмайды. Әр сөзін салмақтап, өлшеп, дауыстап айтып, әуезін-сыңғырын тыңдап барып, қаламын жорғалатады. Стилінің ауырын, теңеулерінің қабаттасып тұратынын білсе де, қанша сараңдық көрсеттім дегенімен үдемелі анықтауыштарды түйдек-түйдек қалай тықпалап алғанын білмей дал болады. Қайта оқиды, қайта сызады. Түннің бір уағында талықсып барып, дивандағы төсегіне қалжырап қисаяды.


Сондай бір түнде көзі енді іліне берген еді, есік қоңырауы аттандап оятты. Халатын иығына жамыла салып, бейсауат жүрген мезгілсіз қонағына есік ашты.


Жақында ғана пәтер ауыстырып, қоныс жаңартқан көршісі екен. Сасқалақтап абыржып тұр.


— Кешіріңіз... Шешем қатты науқас еді... Әлгінде қысылған соң дәрігер шақырып...


— Мархабат етіңіз. Бері, төрге етіңіз.


— Ә-ә, рақмет. Сізден өтінетінім... Апам әл үстінде... Осы маңайда туған ағайым тұрушы еді... Үйде жұмсай қоятын да ешкім жоқ...Баласы ғой. Апам шақырт деген соң...


Сайлаубек түсіне кетті.


— Дұрыс қой. Баласын шақыртпағанда...


— Жаңа үйге кіргендеріме көп болмап еді, телефон қойғызуға үлгермей...Онша алыс емес. Өзім барайын десем, келініңізден басқа... Қазір дәрігер келгенде, қасында отырмасам...


— Онда сіз маған ағаңыздың адресін айтып жіберіңіз.


— Көршісі Сайлаубектің қолына тілдей қағаз ұстатты.


— Осында жазылған. Сізге қандай алғыс айтсам екен...


— Оған әуре болмаңыз. Шешеңіздің қасына барыңыз.


Сайлаубек тез-тез киініп, далаға шықты. Такси де кездеспей, түнгі қаланы жаяу аралап келеді. Көше шамдары әлдеқашан сөніпті. Бойдақ жігіт қаланың түкпір-түкпірін жақсы біледі. Оның үстіне баратын жері де онша алыс емес екен. Далаға шыққан соң, таза ауада бойы сергіп, ұйқысы шайдай ашылды.


"Түнгі екіден асыпты-ау. Біреудің есігін қағып жүруім ыңғайсыз болмаса... Шешесі ауырып, шақыртып жатыр ғой. Көршім — жақсы жігіт екен-ау. Өзімсініп, қысылған жерде қолын созғаны — адамгершілігінде-ау. Бір-бірімізді тегінде, босқа жатсынып, жаман үйреніп кетпедік пе екен?"


Іздеген үйін шиырламай тез тапқан соң, көңіл жобамен керекті пәтерді пайымдады. Подъезге кіріп, сіріңке тұтатып, маңдайшадағы номерді анықтады. Саусағымен сипалап, қоңырау түймесін ептеп басты.


Көп күткен жоқ, арғы жақтан жұмсақ туфли сүйреткен аяқ тықыры естілді де, келген бетте, әдеттегідей жөн сұрамастан есікті ашып жіберді.


Әйімгүл!... Есік көзінде Әйімгүл тұр!..


Қапелімде екеуі де тіл қатпастан абдырап қалды. Әйімгүл қытайы атлас халатын желбегей жамылып шыққан екен, екі өңірін ыңғайсыздана қолымен қаусырынып, кейін шегіншектеді. Сол ұяң қалпымен "ішке өтіңіз" дегендей үнсіз ишаратымен белгі берді.


— Саламатпысың, Әйімгүл!


— Шүкір, — ернін жыбырлатқан Әйімгүл алға түсіп, залдың шамын жақты. — Төрге шығыңыз.


— Асығыс едім. Сіздің.. осы үйдегі кісінің шешесі қысылып жатқан соң, — деп Сайлаубек есік жақтағы шеткі орындыққа жайғасты.


— Қазір... Оятайын.


Әйімгүл қыбырсыз басып бөлмеден шығып кетті.


Сайлаубек жан-жағына қарады.


Үй толы әсем жиһаз, қымбат мебель. Қабырғада да, жерде де швед кілемдері.


"Дүниесіне қызыққаның ба, Әйімгүл?" Кеудеде әлдебір өкініш тірілді.


Сәлден кейін есіктен мәйкесі түріліп кеткен жуан, жалаңаш қарын көрінді. Білем-білем қазысының майы жұмарланып, төмен салбыраған сиырдың әукесіндей іркілдейді.


— Ассалау... Есенбісіз. — Сайлаубек орнынан ұшып тұрды. Өмірі креслолы орында отырып көрмегендіктен бе, лауазымды жандардың тәкаппар сұсы әманда мысын басып кететін.


Анау Сайлаубектің ұсынған қолына саусағының ұшын ғана тигізді.


— Иә. Жай ма? Адамды шырт ұйқысынан оятып... Соншама не боп қапты?


— Кешіріңіз, ақсақал. Ініңіз көршім еді. Шешеңіз әл үстінде жатқан көрінеді. Есі шығып, мені әдейі сізге жіберді.


— Солар-ақ қараспанды суға алғызады да жүреді ылғи. Үйреншікті ауруы. Қит етсе, мазалап... Қызметтегі адамның уақытымен санасу дегенді бір білмей-ақ қойды.


Әйімгүл қайта кірді. Халатын тастап, баяғы декольтелі көйлегін киіпті. Ашық омыраудағы үшкіл алтын медальонды тырнағымен шертіп тұр.


— Өзіңіз біліңіз, ақсақал. Маған сізге хабарла деген соң... Ініңіз қатты абыржулы.


— Ол іні болмай кетсін. Кемпірді маған айдап салып отырғаннан басқа білері бар ма оның. Менің болып-толғанымды көре алмайды. Бәрінен де жақыныңның жат болғаны жаман.


— Шешеңіз ғой.


— Шеше!...шеше! Қашанғы міндет қылады. Бір ай көрмей қалса, ауру-сырқауды сылтауратып... Тағы да ұрыс іздеп жалаңдап отырған шығар.


Сайлаубек үй иесінің сырт бейнесінен көңілі қалып тұр еді, енді ішкі дүниесінен де жиіркенгендей, тіл қатпастан кетуге ыңғайланды.


Сол сәт тамақ қырнаған таныс дауысты анық естіді. Содан ба, денесіне әлдебіреудің қатқыл қолы тигендей тітіркеніп, жалт бұрылды. Қабағы салбырап түсіп кетті.


Әйімгүл... Бұрынғы өзінің Әйімгүлі сондағы бұған деген ынтық пейілімен елжірей қарап қалған екен. Езуіндегі әлсіз дірілді жасыра алмай, күлімсіреген түр таңытқанымен, қайқы қара ұзын кірпіктерді жасаңғыратқан бусаңқы дымқыл жанардағы мейірімді де, әлдебір ішкі күйзелісті де қабат тұндырып тұр. Сол-ақ, екен жігіттің тұлабойында бір аяныш сезімі, аңсау сезімі алай-түлей көтерілді. Анау бота көздер сағына, аймалап жатқан өз бейнесін жәудіреген қарашықтан көріп, енді болмаса бас салғалы, құшақтап, бауырына басып ынтығын, назын, зарын айтпақшы еді. Қарын иесі қақырынды.


Сайлаубек селк етті. Көмейде ытырынған әлгі қатқыл дыбыс қас қағымда бота көздердегі ынтықтықты, сағынышты сыпырып әкетті. Жас кіреукеленген жанарда енді жасқаншақ мұң, кешірім күткен сұраулы қарас оянды. Жігіт есікке қарай ұмтылды.


— Сау болыңыздар.


"Апырай, неткен өзімшіл жан едім! Менен өткен эгоист болмас! Әйімгүлге соншама өкпелегенде, оның мен үшін осындай ерлік жасағанын білмегенім бе? Әлі баяғы сондағы оңаша түнгі пәк тілекпен, сондағы әлдилегіш рақат күйге бөлеген аяулы періште көңілмен сүйеді екен ғой. Сүйе тұра осындай нартәуекелге қалай барды? Неге барды? Маған сенбегені ме? Өсектен қорыққаны ма? Жас алшақтығы сылтау ма еді? Сонда анау таңғы жұмсақ самалдай бойымдағы бар ауыртпалықты бір-ақ сипап өшіретін көз қиығындағы нәзік, майда ұшқынның мен үшін бағасы жоқ керемет екенін ұқпағаны ма? Көктемнің көк мұнарға бөленген даласынан танау қытықтап жететін шипалы ауадай сыңғыр күлкісін аңсайтынымды сезбегені ме? Әлде ұға тұрып, сезе тұрып, әдейі мынадай кіріптарлықты, сүйіспеншілігіне деген бұғауды өз еркімен қалады ма? Сонда Әйімгүл менің творчествома, ат-атағыма шаң жуытқысы келмегені ғой. Ондай атақ-даңқтың аты өшсін де! Кімге қажет ол. Жүректің жалынын үрлеп сөндіріп, ес-сананың салқын шырағын қолға ұстап, әулиемсініп жүрмекпін бе. Өзімді алдағанда, өзгені қалай сендірем. Неммен сендірем?"


Таң атқанша қалтарыс көшелермен қала кезді. Таң атқанша көкірекке сұрақ-сауалды қозыдай көгендеді. Бірде жауап тапқандай болды. Артынша, шым-шытырық ойдың шиырын қайталап, әбден адасып тынды.


Бөлмесіне шаршап келіп, төсегіне дүрс етіп құлады.


Содан кейін Әйімгүлмен кездескен жоқ.


Біреу сыртқы есікті қақты. Үй сыпырушы әйел екен. Босағадан сығалады.


— Әлі тұрған жоқпысыз? Бөлмені жуып шығайын деп едім. Кезегімді ауыстыратын уақыт боп қалды.


— Ә-ә, қазір. Кіріңіз. Мен бөгет жасамайын.


Сайлаубек асығыс киінді. Бет-аузын шайып, қырынар-қырынбастан тысқа шықты.


Тамаққа зауқы соқпады. Көшеден кездескен бос таксиге отырды да, қаланың шетіндегі заводқа тартты.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Құрдас-ау, көрмегелі қанша жыл өтті. Өзің сол баяғы қалпың. Шынын айтсам, түк өзгермепсің. Аздап толыпсың. Сірә, жаяу жүруді ұмытқансың-ау. Біз міне, республикамызда қой санын елу миллионға жеткіземіз деп бел шешіп, еңбектеніп жатырмыз. Көрсеткішім әзірше жаман емес. Отарымда шығын жоқ. Міндеттемемді жыл сайын орындаумен келем.


Әй, Сақыштай, қазаныңды көтер. Барыңды аяма. Түгел қотар. Бол, бол, тездет, Сақыштай! Ойбай-ау, бізге күнде мұндай қонақ келе бермейді. Бұл Сайлаубек екеуміз бірге оқығанбыз, бір партада отырғанбыз, сонсоң ғой бізді әдейі өзімсініп іздеп келгені. Әнеугүнгі қазыны түгел сал. Сары ала тұздықтат, Сақыштай. Құрдасың қолы қытымыр екен деп кетпесін.


Бір ғана өтінішім бар. Өзіңе сеніп айтам, Сайлау. Бірақ жан адамға менен шықты деме. Онсоң болмайды. Болмайды. Естіп қалса, басым бәлеге қалады. Тек өзің біл. Біл де, бір амалын жаса.


Айтайын дегенім, мына біз айлық алуды мүлдем қойдық. Кейде бес-алты айға дейін қолымызға көктиын ұстатпайды. Совхоздың кассасында ақша жоқ дей ме, әйтпесе жұмысшыларға таратып қойдық дей ме — сылтаулары көп. Қайта-қайта орталыққа бара беруге жұмыстан қол да тимейді. Өзім аға шопанмын, мына Сақыштай — көмекшім. Оның үстіне отарды иесіз тастап, жас балалардан шыға алмаймыз. Күз болса міне кеп қалды. Мына көгенкөздердің оқуға баратындары бар. Киім-кишек, қағаз-қалам, шұрым-бұрым керек. Өткенде бұғалтірге кіріп, жалынып отырып елу сом авансты әрең жаздыртып алдым. Ол не болады? Өз ақшаңды өзің ала алмағаның қинайды бәрінен де бұрын. Осыны бір ретін тауып, қайтар кезіңде совхоз басшыларына құлаққағыс етші. Жаңадан құрылған шаруашылық, мүмкіншілік болмай жатыр деп управләйші де, бригадир де шыж-быж. Сонда жаңадан құрылған совхоз шопанға айлықты уақытында бермесін деген заң бар ма. Азаматтығыңды бір білейін, Сайлаужан, осыны тексертіп берші...


Өй, Сақыштай, мынау бөтелкең қайдан жүр? Ойпырай, бәсе, өзің жөн білесің-ау, Сақыштай! Құрдастың осында келерін сезгендей, әдейі жасырып ұстадың-ау, ә. Кел, Сайлау, бір-бір көтеріп қояйық. Сені де, бұны да әбден сағынып қалыппын. Айдалада табыла ма бұл зәм-зәм суы.


Біздің Сақыштай — батыр ана. Он бір баламның шешесі. Тағы да қарап отырмай, өтініш айта отырайын. Осы Сақыштың омырауына тағатын медалін әлі күнге ала алмай жүрміз. Жолды алыссына ма, ұмыта бере ме, бір жылдан бері ауданда жатқан көрінеді.


Соны да ескертсең деймін.


Сақыштай, қой, ыбылжымай ұста анауыңды. Құрдаспен соғыстырып бір алып жіберелік...


* * *


Сменадан шыққан жұрт трамвай аялдамасына жан-жақтан мол құйылып кеп жатыр. Жаздың шілде түскен ыстық күні болғандықтан ба, кеудесі мен арқасына алабажақ сурет салынған, шолақ жең теннискалы жігіттер, қысқа көйлекті, жеңіл танкеткалы қыздар әзілдей күлісіп топ-топ болып жалғыз тұрған Сайлаубекті айналып өтеді. Кейбіреулері көк мұнар бүркенген сонау көз ұшындағы қалаға жаяу тартты.


Қала мен заводтың арасында құлақ жаңғыртқан салдыр-гүлдірімен сүйінші сұрағандай тоқтаусыз ағылатын қос күрең вагонды ескі трамвай әлгі қыбырлаған адам — толқынды шөміштеп іліп алғандай сәл кідірді. Содан соң қайқаңдап қайтадан жолға түскенде, мұрты да қисаймаған қалың жұрттың ортасында аялдамада қала берген Сайлаубек іштей мырс етті. "Осы біз әбден дегбірсізденіп кеткенбіз-ау. Алматыда ғой бірер автобустан қалып қойсақ жұмаққа кіре алмағандай, "Ақшамның" телефонын босатпай, қоңыраулатып жатамыз. Ал, мыналар, қайран жұмысшы қауым! Ойларына ештеңе кіріп-шықпай-ақ, әзіл-қалжыңдарын бұрқ-бұрқ төпейді. Неткен кеңпейілдік!"


Бүгін Сайлаубек көптен аңсаған дүниенің түп қазығын ұстағандай тұла бойымен түгел мейірленеді. Айнасынан тегіс жайдарылық көріп, жарастық қана табады.


Жұмысшы! Мүмкін алғаш рет алақанын күрекпен күлдіретіп, суық терімен болат суарған соң көңіліндегі жасампаздық пернесін күмбірлетіп тұр ма екен. Бәлки осынау құрыш саусақты жұмысшы қауымының не гидростанция, не алып завод, не зәулім үй тұрғызғандығы адал ісіне деген ыстық сүйіспеншіліктің бүкіл қантамырда бүлк-бүлк билейтін тынымсыз толқынын өз кеудесінен аулаған болар. Бәлки тірлік-тауқыметтегі бар-бар ауыртпалықты арқасын төсеп көтеріп, жотасын тосып тіреп қалатын құдіретті күш — жұмысшы қауымның бір сәт босаңсымай, бір дүркін салақсымай, дүрмек-дүрмек толқын болып отан картасындағы қызыл жалаумен белгіленген алып құрылыстың қызу ортасында осындай ақжарқын күлкісімен әманда алда жүретін күнделікті ерлігі мұны да ілестіріп әкетті ме екен! Бәлки бұ да дәл мынау жарқын жүзді жастардай өмірге үмітпен қарап, махаббат аңсап сүйініп, опасыздыққа жаны түршігер ме екен! Достық тауып жадырап, қаскөйлік көріп күйінсе де, кейбіреулердей өз тындырғанынан артық үлес күтпей, барлық сынға тәуекел деп түсіп, осы бейбіт тіршілігіне қуанышымен де, қайғысымен де риза қалпында қала берер ме екен!


Сайлаубек темекісін шығарды. Қалтасында сіріңкесі болса да, теріс қарап, әлдекіммен дабырлай сөйлесіп тұрған жоталы жігіттің сигаретінен тұтатқысы келді. Ең болмаса темекісін темекісіне тигізіп, дәл қазіргі жан-жүйесімен жақын тұтқан мына жұмысшы жастарға одан сайын кіріге түскісі келген әуесқой ниетті іштей сезінсе де, жүрегімен қалап тұр. Жігіттің жайлап иығынан түртті.


— Тұтатып алуға болар ма екен?


— Мінекейіңіз... Сіз... Сен.. Сайлау?!


Сайлаубек те темекісін аузынан ала беріп, әлгіге таңырқай көз тастады. Сарғыш қылды жирен қасының арасы қосылып кеткен селеу шашты жігіт жанарына заматта қуақы от жүгіртіп, сәл шегініп, кеудесін кере қалды.


— Әбден қарап ал. Танымадың ба?


— Леня? Леонид Ежов. Япырай, сенбісің!


— Мен! Собственной персоной, Ленямын. Ұмытпапсың, Сайлау. Мен де сені бірден таныдым, — деп балаша қуанған Леонид бір аттап келіп, алақанымен Сайлаубектің иығынан қағып қалды да, артынша-ақ құшағына көмді.


— Кездесу деп осыны айт. Кім ойлаған? Айда, жүр! Мен сені жақсылап қонақ етем. Қайдан жүрсің?


— Мен де заводта істеймін!


— Қашаннан бері? Как так? Қалай көрмедім екен?


— Бүгін бірінші рет істеп шықтым.


— Қай цехта?


— Домнада. Екінші пеште.


— Ал, мен механика цехында токарьмын. Жағдай жаман емес. Бесінші разрядым бар. Жақында алтыншыға өтем бе деймін. Ну, жүр, онда. Бәрібір көп күтеміз, жаяу аяңдайық.


Екеуі иық тірестіре қатарласып қалаға бет түзеді.


— Үй алдың ба? — деді бір кезде Сайлаубек жолындағы борпылдақ шаңды айналып өтіп.


— Қайдағы! Жатақханада тұрам. Әзірше өзіме жетіп жатыр. Пәтерге де кезекке жазып қойған. Алып қалармын. Күзге қарай үйленетін шығармын, — деп Леня жаңалығын бір-ақ ақтарып тастады.


— Қазақстанда үйді тез береді деуші едің ғой. — Сайлаубек күлімдеді. Көзін сығырайтып тұрып, Ежовтың арқасынан әлсіз ғана түйіп өтті.


— Ұмытпапсың. Ну, әлі де кеш емес. Білесің бе, менің бұл заводқа жұмысқа орналасқаныма тоғыз ай ғана болды. Оның алдында үш жарым айдай Лехамен... Әйтеуір босқа сандалып, текке уақыт жоғалттым. Ойласам әлі өкінем. Леханы білетін шығарсың... Ол отыр ғой...


— Тағы да ма?


— Да ну его к лешему! Құтылғаныма қуанам.


Қаланың шет жағындағы жеке меншіктің бір қабат аласа үйлері басталды. Көшенің орта тұсындағы колонканың тұтқасын шірене көтеріп су ағызып жатқан жуан сарғыш бұрымды бойжеткен аппақ жалаңаш балтырын шелектен асып төгіліп, шашыраған суға тосты. Башпайымен балшыққа әлденені сызып тұрып, бұрылып бұларға қарады. Шық көмкерген жасыл жапырақтай мөлдіреген тұңғиық жанарда от тұтанды. Топ-толық қызыл ерін әлденеге өкпелей бұлтиды да, қыз шыдай алмай, ақкіс тістерді жарқ еткізді. Дымқыл тістерде күн сәулесі ойнады.


Леонид Сайлаубектің қалқасына тасаланды.


— Күндегісі осы. Сменадан қайтарымда осылай ылғи суды сылтауратып алдымнан шығады. Сайлау, ми менің Елизаветамды білмейсің! О-о, ол нағыз періште! Мынау қыз да... Дегенмен, өзі босқа әуренеледі. Қалыңдығым бар ғой... Елизаветам.


— Айтпаймысың жолығып.


— Аяймын. Неге екенін өзім де түсінбеймін, өкпелеткім келмейді. Бірақ та уақытын текке өткізіп жүргенін айтам-ау.


— Аты кім?


— Білмеймін. Керек десең, қасына жақындап көрдім бе екен. Әйтеуір маған деген тәуір ықыласын сезем.


Сайлаубек бұрыштан айнала бергенде артына еріксіз бұрылды. Колонка тұтқасын ұстаған қалпы сіресіп қалған сұлу бойжеткен cap-cap ағып жатқан судай ұстатпай жүрген бір үмітін үнсіз күтіп тұрғандай боп көрінді.


Көшенің оң қапталындағы шатыры тозған аласа үйдің ауласындағы ағаш шарбақтың есігіне сүйенген қазақ кемпірі әлдекімді тосып тұр ма, манадан әлі қозғалған жоқ. Қақырайған ақ жаулығының бір шетімен суланған көзін сүртіп қойып, келе жатқан екеуге қолын күргейлей тесіле қарайды.


Леня Сайлаубекті түртіп қалды.


— Әне, анау тұрған менің шешем. Ну, шешем орнындағы адам. Сұлтан Ақпановичтің халі нашар- ау, шамасы. — Адымдап ілгері ұмтылды. — Ала, хал қалай. Ата үйде ме? Денсаулығы қалай?


Кемпір үндемей Леняның басын еңкейтіп, маңдайынан сүйді. Ернін жыбырлатып есендік білдірді. Сығырайып Сайлаубекке бұрылды. Содан кейін тарамыстанған қос қолын ұсынып, бейтаныс жігіттің алақанын сипалай ұстады.


— Апа, бұл менің досым. Аты — Сайлаубек. Ата қайда? Тағы ауырып қалды ма?


— Е-е, жатыр ғой. Ойбүй, неғып тұрмыз. Үйге кіріңдер. Әй, Ләңке, қонақты үйге апар. Мен самауыр қойып жіберейін, — деп кемпір аяқ астынан әбігерлене қалды.


— Ала, шай керек жоқ. Әуре болмаңыз. Біз Сұлтан Ақпановичқа сәлем беріп шығамыз.


— Ләңке балам-ay, оның не? От ала келгендей асығып жүресің-ау ылғи. Шал жібере қояды деген. Бар, барыңдар. Әңгімелесіңдер. Зауаттың жаңалығын айтыңдар.


Шағын екі бөлмелі үйдің іші тіпті аласа екен. Ауыз үй аядай, ыдыс-аяқ, аяқ-табақ ыбырсып жатыр. Леня Сайлаубекті кідіртпей төргі үйге жетеледі. Екі бүктеліп, табалдырықтан аттады.


— Ата!


— Әу, Леня, сенбісің, балам!


Қаракөлеңкеде Сайлаубек бөлмеден ешкімді көріп тұрған жоқ. Әйтеуір мына еміреніскен жалғыз сөз, жарым сөзден бірін-бірі сағынған шал мен жігіттің қол алысып сәлемдесіп жатқанын сезді.


— Тағы ауырып қалғанбысың, ата?


— Үйреншікті ыңқыл-сыңқыл ғой менікі. Кемпірге кейде өстіп еркелегенде, бөксем көрпеге оранады. Ал, кеудем көкке сүйрейді. Қақпанға түскен кәрі көкжалдай шоңқиып қалғанда іштегі ызаны кемпірге білдірмейін деп күрк-күрк жөтелмен ытқытамын... Әу, Леня-ay, қонақ тұрып қалды ғой.


Сайлаубек ыңғайсызданып, бір аттап, дауыстап амандасып, қол созды.


— Отыр, балам. Леня, орындық әпер... Солай, мына Леняны көргенде, цех көшіп келгендей бір жасап қалам. Жасымнан темір жамап, түтін иіскеп өскендіктен бе, кеудемді сырылдатып заводтың қақпасын бермеуші ем. Аяқ қалған соң, таяқ шіркін дәрменсіз екен. Жарғақ құлақ жастықты жақтырмайды, сал бөксе бөстекпен дүрдараз. Тықыр тыңдап елеңдеп, кемпірге жол аңдытып, завод хабарын білмекке осындай өздерің сияқты іні-балаларымды шақыртып алып тұрам. Жөн, жөн. Ныспың кім, балам? — деп кереуетте жотасына жастық төсеп шалқайып отырған шал ақ көйлектің омырауын ашып тастап, жүндес кеудеге алақанын көсті.


— Сайлаубек, ата.


— Әй, әлгі, балам, қайдан көрдім? Түсің таныс екен, деп Султан қария шұғыл қимылдап жастығының астына қол жүгіртті. Кішірек жұқа тысты кітапты алып, бірінші бетін ашты. Күбірлеп оқыды. — Е-е, бәсе, қайдан көрдім десем, мынау суреттегі сен екенсің ғой. Дұрыс-а-ақ! Ниетің түзу екен! Біз өзі қартайған сайын әр нәрсеге әуес боп тұрамыз. Өткенді көбірек білгіміз келеді? Бүгінгіге тіпті ынтықпыз. Ертеңгісіне қызығамыз. Осындай кітап оқығанда кейде делебеміз қозады. Бабамыздың тырапайлап текке шаппағаннын көргенде, мынау ұлы даланың ол шеті мен бұл шетін жауларынан қорғап қалған ерлігіне тәу етеміз. Дұрыс-ыс!


Табалдырықтан кемпірі аттады.


— Шай жасайын.


— Бәйбіше, шайынды да жаса, қазаныңды да көтер.


Леня орындығын ойбайлата қипақтады.


— Ата, асығыс едік.


— Әй, дударбас, сен мені шынымен ата дейтін болсаң, асыма араласпа. Асығыспыз деуін. Қайда асығасың? Асықсам мен асығайын. Отыр. Бәйбіше, алақаныңды аямай бір аш.


Қария рақаттанып кеңк-кеңк күлді. Жастықты алдына алып, кеудесімен сүйенді. Кітапты қасына қойды.


— Заводқа жай келдің бе?


— Жұмыс істеп жүрмін. Оны біздерде өмір көру дейді, ата.


— Жөн, жөн! Дұрыс жасағансың, балам? Мынауың әбден ақыл болған. Баяғыда, иә, баяғы боп барады-ау, анау Қарағанды шахтасының қайтадан ашылатын жылы дүйім ел жан-жақтан жиналдық. Сонда бірімізді шахтаға, бірімізді мастерскойға, бірімізді канал құрылысына бөліп жатқанда, бізге бір журналист жігіт келіп, шахтаны көрем, шахтер өмірін жазам деп шахтаға түсті. Ақыры әлгі жап-жақсы шахтер болып кетті, журналист, жазушылығын жоғалтып алды. Қарағым, сен жақсы жұмыскер де бол, жақсы жазушы да бол. Жазушы бізге өте керек. Сол өнеріңді жоғалтып алып жүрме, — деп ашық дауыспен сүйсіне күлді. — Қалжың үшін қайрап жатырмын. Мынаны жазған соң, балам, мынау дударбас жайлы да жазып шығасың.


— Рақмет, ата.


— Рақметті маған айтпа. Алғысты қайта біз сендерге, жазушыларға айтайық. Ауру адамға оңаша жатқанда кәдімгідей ес екен. Кітапты айтам да. Бұрын қол тимейді, уақыт жоқты сылтауратып, қағаз бетіне қарауды мүлде қойып ек, жүдә, рақат дүние екен. Төсегімде отырып-ақ осыларға үңіліп, дүниенің төрт бұрышын шарлап шыққандай болам, — деп жайдары қалыппен ағындап ұзап бара жатып кілт тоқтады, орнынан тұра берген Леняға жалт бұрылды. — Әй, сен қайда тұрдың?


— Апам шақырып жатыр. Қазір келем. Әңгімелесе беріңіздер. Ағашын жарып берейін.


— Сөйт! Көп кешігіп қалып жүрме.


Сұлтан ақсақал ұқыптап басқан шоқша сақалын уыстай ұстап біраз отырды. Көзі жабылып, ақ шалған қастары түйіліп кетті. Маңдайдағы қатарласа түскен ұзын сызықтар волейбол торындай тереңдей қалды да, бір кез жел кергендей дірілдеп жиырылды. Екі қас ауыр көтеріліп, көздер ашылды.


— Қарағым, Сайлаужан, бір нәрсе сұрайын.


— Сұраңыз, ақсақал.


— Тірлікте ауа жұтып, кәдімгідей көлеңке қарайтып, бірақ артында із қалдырмай, өсек теріп өткендерді де көрдім. Жеке ұшқан түтіннің тез сейілетінін білесің. Әйтпесе, жазушы боласың ба. Сен маған мынаны айтшы, балам. Адамның парызы неде? — деп Сұлтан қария ақ көйлектің омырауын қайта ашып, еті қашқан саусағын қоғадай жапырылған қалың жүнге сүңгітіп жіберді.


— Адамның парызы дедіңіз бе? — Сайлаубек ойланып қалды. Талай симпозиумдарда осы сұрақ көптеген әріптестерінің алдынан тоспап па еді. Соларды да қайқаңдатқан сауалды дәл қазір мынау қарапайым қарияға бірер сөзбен түсіндіріп беру оңай бола қояр ма екен. — Өзіңіз айтпадыңыз ба, артында із қалдыру керек деп, ақсақал. Меніңше, өтелген парыз жұрт жадында жақсылығыңмен жаңғыру болар.


— Иә-ә. Жұрт жадында сақталып қалу жаман емес. Ол үшін уақытыңды, күшіңді, жаныңды, жүрек қаныңды аяма дейсің ғой. Бопты онда. Мына қолдан өткен шәкіртім мынау кеудемдегі жүннен көп екен. Әрқайсысына ағалық ақылымды айтып, білгенімді үйретіппін. Ұйқымды бөліп, күлкімді ұрлаппын. Сонда шәкірттеріме жұмыскердің абыройын, тірлік қаракетін құрметтеуді аз да болса санасына сіңіре алсам, менің ізім артымда қала ма, қалмай ма?


— Қалады, Сәке. Сіз бастап берген жолды, сол сіздің ізіңізбен шәкірттеріңіз жалғастырып бара жатқан жоқ па? Артыңызда белгі қалмаса, дәл жаңағыдай сеніммен нық айта алар ма едіңіз.


— Оныңа келісем. Несі бар, бос сандалмаппын. Әйтеуір елдің бір әжетіне жараппын. Шүкір. Сонда мен қадір-қасиетімді сатуым керек пе еді? Саудалауым қажет пе еді? Оған не дейсің?


Сайлаубек енді Сұлтан ақсақалға бажайлай қарады. Мына сауалы тегін емес. Жауабын да өз ойында дұрыс табатын тәрізді. Тек соған құптау білдірген емеурін ғана болса, басқа күтері де жоқ. Өз діттегенін өзгенің ымымен бір нығайтып алса, көкірек кернеген талай ащыны мысқыл күлкімен бір езулете лық еткізуге дайын отыр. Сөйтіп ой басқан бойды жеңілейтіп, сырқатқа қарсы сырық ала ұмтылатын қайсар көкірек қажырлы жанның қаперсіз тірлігіне сүңгімек.


— Сұрағыңыздың өзі жауап болды ғой, ата. Бір жерде мүлт кетсеңіз, дәл осылай ағынан жарылар ма едіңіз.


Үйге кемпірі кірді. Клеенка дастарқанды шиыршықтап әкелген бойда аласа үстелге жайып салды.


— Бәйбіше, терезеңді аш!


Сұлтан ақсақал кеудесін соза алға ұмсынып отырды. Әлденеге жымың етті.


— Құдай-ау, қайдағыны қайдан шығарып отырасың.


Ұмытпайды екенсің. Нең бар сол бар болғырда. Сағынып барасың ба, — деп жаулығын бір тартып түзеген шешей, сұқ саусақты жеделдете оң жақ беттен төмен сырғыта жүгіртіп өтті. Ернін шылп еткізіп тамсанды. Ала көзге ала құйын сәтке ойнап шыға келді де, артынша-ақ суланып кіреукелене қалды.


— Беу, бәйбіше, сөз қайырмай тіл алатын күнің болар ма екен. Ашсаңшы енді, — деп Сұлтан қарт дегбірі қашып қолын сілтеді. Әттең ұшып тұруға дәрмені жоқ, әйтпесе анау үлбіреген шыт пердені бір жұлқып, кәсекті түп орнымен жұлып алардай, отырған жерінде қопаңдап қойды.


— Соншама елегізіп... Жетістірер. Сақалыңа қарар... Ән тыңдайтындай құмартуын, — деген кемпір терезенің бір жағын шалқайта ашты.


Сайлаубек кемпір-шалдың мінезіне түсінбесе де, әйтеуір әлгі ілік-қағыс сөздерде бір жұмбақтың барын сезеді.


Ашық терезеден дала аптабы құйылды. Ілезде бөлменің іші күнсіп кетті.


Осы үнсіз отырыс бірнеше минутқа созылды. Көз қиығына болар-болмас ұшқыш қонақтаған Сұлтан ақсақал, шыдамсыздана елеңдеп сыртқа құлақ түреді. Ұрланып, биік үстелдің үстіндегі тықылдаған сағатқа елеусіз назар аударады.


— Әй, бәйбіше, кешкі алтыны ұрып кетті ме?


Кемпір де состиып тұрған. Ернін шылп еткізді.


— Ойбүй, тарс есімнен шығып кетіпті-ау. Ол қараң қалғырың мана қонаққа барам деп жүрген.


— Бар, бар енді. Қоңырсыта бер тамағыңды.


Сұлтан жамбасының астынан мүйіз шақшасын суырды. Кереуеттің басына тық-тық ұрды да, тығынын ашып, иіскеді. Иіскеді де, рақаттанып түшкірді.


— Сонымен жұмысшы болдым де, балам... Әлгі шіркін аяқ астынан қонаққа кеткен екен. Қап, болмады. Болмады!


Дем арасында ренжіп қалыпты. Құбақан тірліктің әлдебір тірегі сағат алтыны соққанда қылаңдап, белгі беріп, шал көңілін алданышқа бөлей ме екен. Әйтеуір соның бүгін реті келмеді. Сайлаубек аяп кетті. Қонаққа барса да уақытысында оралмаған белгісіз жанды құдіреті жетсе, дәл қазір мынау домна лебіндей алау үрлеп тұрған кішкене терезенің түбіне қыдита қояр еді. Оған дәрмен қайда? Кең дүниеге сыймаған көңіл төрт қабырғаға байырқалар ма. Шыдай алмаған соң елеңдеп уаныш іздеп, әманда осылай құлақ түре ме екен.


— Айтпақшы, Сайлау, сен осындағы бір жігітпен таныссаң деймін. Жұмысшыны жазуды түп мақсат қылсаң, адамның адамымен жолығысуың керек. Сыртынан сүзілгенше, сырына үңілген жақсы-ау, — деп қария біраз ойланыңқырап отырды да, даусын шолақ қайырды. — Аты — Несіпбек, заводта токарь. Біздің дударбаспен жарыс бәсеке.


Екі иінінен ысылдай деп алып, қақпағындағы түймедей тесіктен бу мен су атқылаған бүйірлі сары жез самауырды көтеріп Леня кірді.


— Ата, міне, шай дайын. Басқасы да бар, — деп Сайлаубекке қарай беріп, шалбарының қалтасынан сорайып шығып тұрған бөтелкенің мойнына қисая түсіп, көзін қысып қалды.


Дастарқан жинала, Сұлтан ақсақал кейін шалқайып төсегіне жантайды. Бір шыны ыстық шай өңештен жылжып өткен соң іштегі кеселді қозғады ма, булыға жөтеліп, серіппелі темір торды шиық-шиық сарнатты. Маңдай терісін қатпар-қатпар жиырып беті бір уыс боп күркілдегенде, езуге ақ көбік үйірілді. Көзден жас парлады.


Бәкене кемпір бәйек болды.


— Байғұс-ай, байғұс! Шай ұртташы. Күндегісі осы. Бәрінен бұрын жөтел деген бәлесі жаман қинап тұр. Ойбүй, терезені жабайын.


— Сұлтан! Әу, қақбас!


Шал елең етті. Кереуеттің арқалығынан бүре ұстап кеудесін тіктеді. Кемпіріне "былай тұр!" дегендей иегімен ишарат жасады. Әп-сәтте әлгі қиналған түрі өзгеріп шыға келді. Күңгірт тартып, жасаңғыраған жанар, құдай-ау, кемпірқосақтың мол бояулы түсіндей жайнап кететін кез болады екен! Бойы ширап өңі кіріп, жинақыланып сала берді:


— Отыр, бәйбіше!


Сырттағы дауыс тарғылданып жетті.


— Әу, шал! Тірімісің? Қашан өлесің? Неге өлмейсің? Кімге қажетсің енді. Айтшы, кімге? Керек десең, қарайламай жалғыз ұлың да тастап кетті. Неменеңе жетісесің? Енді сен кімсің? Ха-ха-ха! Ал, сондағы көргенің не?


Шал Сайлаубекке насаттана қарап, жымың-жымың етті. Күле тыңдап, төсегінде құлшына түсіп отыр. Араз-құразы көп көрші-қолаңның мына "мақтауы" сыздаған жанын сылап, көңіл шипасын тауып бара жатқандай.


Сайлаубек шал мінезіне аса қайран болды. "Бұнысы не? Асыға күткенде, осылай тілдеуді естуге құмартқан ба? Сонда не түседі? Анау нағыз ит екен".


— Әу, шал! Ат айналып қазығын табады. Сен кім енді, мен кім? Өкіректеп қоймаушы едің, ақыры кім екеніңді білдің бе? Білсең, осы тойғаныңмен жата бер. Мен болдым!


Сұлтан ақсақал қарқ-қарқ күлді.


— Е, бәсе! Бүгін қалай үндемей қалар деп едім. Жарадың, Түлкібайым! Жарайсың!


Кемпір бұлқан-талқан ашуланды. Жаулығын бір қозғап қойып, шыны-аяқты салдыр-күлдір жуды.


— Неменеге жетісесің? Өтірік пе елеусіз қалғаның. Қыс болса келе жатыр. Отын-су қайда? Өзің аурусың. Үйдің шатыры шұрқ-шұрқ тесік?


— Әй, бәйбіше-ай, айдалада емес, ел ішінде отырмыз. Саспа. Бір ыңғайы болар. Менің қуанатыным — анау Түлкібайдың ашынатыны ғой. Сол өзі қолы қимылдап жұмыс істеді ме? Жоқ! Істеген мені өз қатарына қосқысы келмейді. Қарау да болса, ішінде бір адалдығы бар. "Мен өз жалқаулығымнан бос қалдым. Сен неге құр қаласың" дейді. Әне, Түлкібай екеш Түлкібай да менің еңбегімді бағаласа, — маған басқа басқаның қажеті қанша. Кезінде бәрін алдым. Әлі де мына жастарға керекпін. Ендеше, алақанды ретсіз жая бермейік, бәйбіше.


Сұлтан ақсақал кеудесінің сырылын да ұмытып соншалық рақаттанып сүйсіне сөйледі.


— Орынтай, костюмді әперші, — деді сәл үнсіздіктен кейін.


— Оны қайтесің?


— Әперші. Қайтерімді неғыласың.


Кемпір ескі шкафтан қара пиджакты алып, шалының иығына жапты. Костюмнің омырауындағы Ленин ордені мен бірнеше медальға күн сәулесі түсіп, жарқ-жұрқ құбылды.


— Көрдіңдер ме. Бір күні дәл осы қалпымда Түлкібайға бой көрсетсем деймін. Не дер еді сонда?! Қызықтың әкесі болар еді-ау! Ол, ол шіркін білмейді ғой мыналарды. Білмейді...


* * *


Сайлаубек Леонидті қонақ үйдегі номеріне ертіп і»келді. Өтті-кетті біраз әңгіме айтылды. Кеш бойы Леонид әлденеге біртүрлі көңілсіз отырды. Сыраны шынының аузынан сылқ-сылқ жұтты да, алақанымен аузын сүртті. Салқын түннің сызына денесі түршіккендей бір дір етіп, тұнық жанарда қабырғадағы әлсіз браның көмескі жарығын бұлың-бұлың ойнатып, ұзақ ойға шомып кетті.


Сайлаубек досына қарап отырған, сыр тартты.


— Не істедің, не тындырдың? Соны айтшы, Леня.


— Алдыңда аман-сау отырмын. Жұмысқа орналастым. Мақтаулы токарьдың бірімін. Қалыңдығым да бар. Міне, өзіңмен кездестім. Басқа не керек?


— Сонда да, Леня, сенде бір сыр бар.


— Қайдан білдің? Көріпкелің бар ма еді?


— Қатты күйзеліс көрген жанның жанарында мұң пердесі көлбеңдейтін болса керек. Кей-кейде тұмантып белгі береді. Мен бірдеме сезсем, соны сенен кездестірдім.


— Рас. Ешкімге ашпап едім әлі. Тыңда, Сайлау.


* * *


Таң салқыны денесін тітіркентті. Бүрісіп аяғын бауырына жиды. Басын иығына тықты. Үстіне жамылған көнетоз сырмалы күрте жотасында селкілдеді.


Темір жолдың төс табанына көлденең салынған бетон тұрбаны тербеп билетіп, ауыр состав өтті.


Шошып оянған Леонид басын оқыс көтеріп, күртесін үстінен жұлып алды. Көкшіл көзін бадырайтып тұрбаның екі жағынан бозамықтанып көрінген дөп-дөңгелек бозғылт кеңістікті жалт-жұлт шолып шықты. Содан кейін алақанымен бет-аузын сығымдай уыстап, уқалап-уқалап жіберді. Әлі де болса жамбасы тиіп жатқан жерден бір қалыпты дірілдеген әлсіз солқылды сезінді.


"Поезд екен ғой".


Еңбектеп тұрбаны жағалап келеді. Бір кез ұйтқыған суық леп ұйқы табы айықпаған ісіңкі бетке дымқыл ауаны шылп-шылп бүрікті. Леонид сырмалы күртесін басына көлегейлей ұстап, көпір астынан сыртқа атқып шықты. Қай мезгіл екені белгісіз. Сылбыр жауын майда сіркіреп тұр. Әредік толқыған желмен ұйытқып қалып, асфальт үстін дүркіретіп ирек қамшылай жүгіріп өтеді.


Беталды бағыт-бағдарсыз ілбіп келеді. Қолшатырды бетіне ұстап асыға басып бара жатқан резинка етікті бикеш көрмей қалды ма, итере-митере өте шықты. Жалт бұрылып, кешірім сұрардай сәл кібіртіктеді де, жігіттің адам шошырлық ұсқынынан сескенгендей тез жөніне тайды.


Ылғалды ауа тұманданып, қаланың ертеңгілік аласапыран қарбаласын қымтап алған. Абыр-сабыр қозғалыс тырс-тырс тамған жаңбыр суылында, қызыл асықтан шалп-шұлп су кешкен табандарда ғана. Жыпылықтап сөнген көше шамдары тротуарда іркілген ойдым-ойдым қақтың бетінен әлгінде ғана құбылып ойнап тұрған сәулесін сыпырып, жинап әкетті.


Асхана сағат он бірде әрең ашылды. Тазалап жуылған, қоңыр сырлы ағаш еденге сулы табанның айқыш-ұйқыш мөрін қалдырып, Леонид сүмірейіп ішке кірді. Бір аяқ майлы борщты жалма-жан төңкеріп тастап, ар жағына ел қондырды. Қырлы стаканды екі алақанымен кезек қысып отырып, ыстық шайды ысылдай ұзақ сораптады. Бойы жылынып, аяғы ұйыды. Қайтадан дәмді борщтың бір тарелкесін алдырғысы кеп құмартып отырды да, қасына таянған толықшылау тәпелтек бойлы даяшы қыздың өзіне мүсіркей қараған түрінен тіксініп, орнынан атып ұрды. Кеудесін барынша тік ұстап, ұйыған аяғын сырғаната кербез басып, сыртқа беттеді.


"Не істеймін? Осылай жүре берем бе? Заводқа барайын. Жатақханаға орналаспаса болмас".


Ойы ғана осылай далбасалайды, әйтпесе заводқа барғысы жоқ. Тірлік тәртібін сағаттың тықылымен бастап, сағаттың қоңырауымен бітіруге шыдамы жетпейтіндей көреді. Онда мынау еркіндігі (өз билігім өзімде дейтін ұғымы бар) біржолата жоғалатын тәрізді.


Шоғырланып кезекте тізіліп тұрған бір топ балаға асықпай таянды.


— Не беріп жатыр? Неге жиналдыңдар?


Сұрағы балаларға таң көрінді. Бірі күлді, бірі жымиды. Кезектің ең соңындағысы кетік тісін көрсетті. Бағжиып қарасты.


— Кино ғой! Билетке тұрмыз.


— Қызық кино, ағай!


Леонид жиырма тиынға билет сатып алды. Фильм басталып кеткен бе, ішкі есіктің қалың көкшіл барқыт пердесін серпіп ашқанда қаракөлеңкеде әр жерде қызарып жанған екі-үш шам өлеусіреп қарсы алды. Сипалап жүріп орта тұстағы бос орынға жайғасты.


Бірақ балалар лепіре мақтаған қызық кино мұның қытығына тиді. Тепсе темір үзетін жұмысшы жігіт туралы екен. Еңбегі ел аузына ілініп, атақ-құрметке белшесінен батып жүр. Орден де, бедел де сонда.


Леонид өз-өзінен қарап отырып бүлінді. Неге екені белгісіз, экрандағы өзі құралыптас абройлы жігітпен іштей ұстасты.


"Сенің бір айлығыңды мен бір күнде табам. Несіне кекірейесің. Танауыңды көтерме. Шайқап өмір сүруді білемісің? Ерегіскенде..."


Орындықты сарт еткізіп, орнынан ширыға жұлқынып тұрды.


Билет тексеруші әйел есікті ашық тастап кеткен Леонидтың артынан ашына айқайлап қалды.


Көшеде жұрт саябыр. Жұмысшы қаласы күндіз бейсауат жүрісті көтермейді.


Шет жақтағы микроаудандағы оңашалау төрт қабатты үйді тандап алды. Елеусіздеу басып, подьезге кірді. Басқышпен жайлап көтеріліп келеді. Бұндайда өзі де онша пайымдай бермейтін әлдебір сезімтал түйсігі болатын. Ол алдамайды. Қазір де мына бір әр қабатта үш-үштен есігі бар пәтерлердің "Кіре бер! Келе бер! Иелеріміз жоқ!" деп шыдамсыз шақыратынын сезетіндей.


Үшінші қабатқа кідірді. Сыртын қара дермантинмен қаптаған есікті жайлап итерді. Сол-ақ екен, есік дыбыссыз саңылаулана қалды.


"Жаппаған ба? Үйде адамы бар шығар!"


Тұтқадан ұстаған күйі ішке бас сұқты. Алакөлеңкеде дәлізге асығыс көз жүгіртті. Кіре берістегі киімілгіштен сырт киім көрінбеді.


"Айтпадым ба, ешкім жоқ!"


Бір аттап, арқасымен есікті итере жапты. Дәлізден екі жаққа тараған бөлмелерді шолып өтті.


"Әй, болары болды!"


Тұлабойын қыз-қыз желік биледі. Күн ұзын селсоқ тұнжыраған жанарға ерегіс ұшқыны оралды. Құнжиып емпеңдей басып төргі бөлмеге озды.


Үй жиһазына онша көңіл бөлген жоқ. Машықты әдет жалма-жан сервантқа қол создырды. Тартпалар суырыла ашылып, орамал, салфеткалар ауада желбіреп еденге ұшып жатыр.


"Бес сом! Бар болғаны бес-ақ сом!"


Қарқ-қарқ күлді. Ашынған, күйінген дыбыс көмейде кептеліп, тамақтан біртүрлі қырылдап төгілді.


Судырлаған жып-жылтыр жалғыз көкшіл қағазды жұдырығына умаждап алыпты, сығып тұр, сығымдап тұр.


Кенет... денені кекшіл діріл буды. Ақшаны қалтасына сүңгітіп жіберіп, әлгі дуылдаған есерсоқ ашу ма, ыза ма, өкіну ме, өзі де түсінбейтін кеудедегі толқынның әсерімен сервантта тізілулі тұрған бокал, фужерлерді еденге ұрып сарт-сұрт қиратты. Кілт тоқтап... артымен кейін шегініп, есік жақтауына жауырынымен тірелді.


"Не істедім?! Бар болғаны бес-ақ сом!"


Ештеңенің парқын ойлатпас ашқарақ дәме екінші бөлмеге қарай дедектете жөнелді.


Көзі шарасынан шығып кетті... Ағаш төсекте дөңбекшіп жатқан әйел көрпенің шетін аузына толтырып, мыжғылап шайнайды, мыжғылап шайнайды.


"Мынаған не болған? Жынданғаннан сау ма өзі?"


Таңдана қарап, есік көзінде үн-түнсіз қалшиып тұр.


Әйел жан ұшыра ышқынып шалқасына аударылды. Екі қолын кейін созып жіберіп, арқалықтан шірене ұстады. Басын бұлғаңдатып көзін бір ашып, бір жұмып, жымқырған толық ернін бүлк-бүлк сорды. Айқайлап қалып, қан түкірді.


— Мама, ма-маа-а-тай! Қиналдым-ау!


Леонид көзі шарасынан шыға бағжиып, әйелдің бұлтиып көрінген құрсағына тесіліп, назар айырар емес. Ұғынған болды.


"Жүкті екен-ау! Толғақ қой!"


Әйел шыдамсыз дөңбекшуде. Тарам-тарам ыстық жас кірпік ұшынан мөлт-мөлт жылтырап, қос самайдан төмен сызады.


— Дәрігер, дә-рі-і-гер! Маматай... шақыршы... тез! Өл-і-іп бар-а-а-ам !...


Леонид жауапсыз, мағынасыз қимылмен еденде жатқан жеңіл көрпені көтеріп алып, әйелдің үстіне жапты. Өнебойы дуылдап өртеніп бара ма, келіншек жамылғыны үстінен ысырып тастады. Көзін кең ашып, төбесінен төніп тұрған бейтаныс жігітке жалынышты мөлиді...


— Те-ез, өтінем... дәрігер шақыр-ыңы-ыз! Ау-лада... буд-ка... телефон...


— Шыдаңыз! Сәл шыдаңыз. Мен қазір... Сіз... сіз... азырақ бекіңіз... Шақырып келейін.


Леонид есікті жабар-жаппастан далақтап көшеге ұмтылды. Міне, көк будка.


Трубканы көтерген оң қолы сылқ түсті.


"Не деймін?! Сен өзің кімсің десе...Сонда... ұрлық жасайын деп барып кездестім деймін бе"...


Будкадан шығып еңкейген күйі ілбіп барады.


Екі-үш кварталды айналып кетіпті.


Көз алдында ағаш төсекте жанын қоярға жер таппай қиналған болашақ ананың жалынышты мөлиген жанары тұрып алды. Кетпейді. "Дәрігер!" деп, ышқына дауыстайды.


— Дәрі-гер! Дәрі-гер! Дәрі-гер!


Аяқ шылпылы осы сөзді қайталайды.


Леонид кейін қарай тұра жүгірді. Қарсы кездескен мосқал еркектің қолынан шап беріп ұстай алды. Аузын кегжеңдетіп, ысылдай ауа жұтты.


— Өтінемін сізден. Телефон автоматты... жақын маңайдағы автоматты айтып жібермеймісіз?...


Еркек жайлап қана қолын босатты. Әлденеге алақанын өңіріне уқалап сүртті. Сығырайып жігіттің бетіне үңілді.


— Анау тұр іздеген автоматың.


— А-а, рақмет! Көп рақмет, бауырым!


Асыққандықтан ба жүрегі аттай тулап, өкпесі қысылып жүрісі өнбей қойды.


— Ало-о! Жолдас кезекші! Бір әйел толғатып жатыр. Көмектеріңіз сондай қажет. Тез жетіңіздер. Адресі дейсіз бе?.. Адресін білмеймін.. Мен, мен мас емеспін. Шын айтып тұрмын... Тез жетпесеңіздер өліп кетуі мүмкін... Ал-о-о... Әй, қарағым, сестра! Сестра-а!.


Трубкадан тынымсыз естілген зірк-зірк дыбыс қана келді.


Құстай ұшты. Бірінен бірі аумайтын егіздің сыңарындай кілең сұрғылт үйлерді тінткілеген көз манағы оңаша тұрған төрт қабатты үйді кездестіргенше арада сүт пісірім уақыт өтті.


Подъезд алдында үрпиісе қаптаған халық.


Леонид кібіртіктей жақындады. Мұңайған әйелдердің сөздеріне құлақ түрді.


— Күйеуі жұмыста екен.


— Шешесі бар емес пе еді. Ол қайда кетіпті? Үйден шықпаушы еді ғой бұрын.


— Колхоздағы ағайындарына кетіпті ғой.


— Үлкен адамның онысы несі екен? Қызының бүгін-ертең босанайын деп отырғанын біледі.


— Дәрігердің айтуынша әлі он шақты күнсіз тумайтын болса керек, — дейді.


— Сонда немене? Дәрігер о баста қасында тұрып па? Әйтеуір, солар-ақ кесіп, пішкіш.


— Өзі жалғыз ба екен?


— Иә, шыдай алмай ыдыс-аяқтарын қирата беріпті. Үй-іші көкала шыны ұнтағы.


— Дәрігерге хабарлай алмаған ғой, шамасы?


— Қайдан! Көршілерінде де ешкім болмапты.


— Қыршын кетті-ау, байғұс.


— Леонид әлгіге жалт бұрылды.


— Не дедіңіз?! Өліп қалып па?


Әйел ернін шылп еткізді. Иегі кемсеңдеп, орамалымен көзін басты.


Жап-жас еді-ау! Қыршын кетті! Қандай кішіпейіл жан еді! Сіз... оны білуші ме едіңіз?


Леонид әйелге жауап қатпай, теріс айналып жүріп кетті. Еңсесі түсіп, бей-жай қыбырлап барады.


"Мен!... Өлтірген — мен! Ертерек дәрігерге хабар берсем ғой... неден қорықтым? Ал, ұрлық жасауға бардым... Несін жасырам... Азар болса, тағы да отырар едім... Өлім халінде жатқан адамға қол ұшын беруге де жараған жоқпын".


Сықылықтаған сәби күлкісі дәл қасынан естілді.


Әкесінің иығына отырып алған құйтақандай бүлдіршін мәз-майрам болады. Бұған жайраңдай қарап, жоғарыдан қол бұлғайды.


Леонид состиып тұрып қалды.


"Сәби!... Сәби де өлді ғой!..."


Топ-толық кішкене алақан жыбырлап келіп алқымына жармасқандай, лезде тынысы тарылды.


Қалтадағы дірілдеген саусақтары әлдебір умаждалған қағазды жұлып әкеп, көзіне тосты.


"Бес сом! Екі кісінің құнына түскен бес сом!".


Ортасынан қақ бөлмек боп бір тұрды. Саусақтары дірілдеп, икемге келмеді.


"Мүмкін, ол үйге мен бармасам да, өлетін еді ғой... Иә, иә! Менің ешқандай кінәм жоқ!"


Күпті көңілден сылтау аулап еді, мойнындағы зіл батпан сәл жеңілденгендей сезілді. Аяқ басысы ширап, азық-түлік дүкенінің алдына жетіп келді.


Біраздан соң көкмойын жартылықтың аузынан ақшыл сұйықты қылқ-қылқ жұтты. Шынының ортан белінде ішілмей қалған арақты сылқылдатып жерге төкті.


Жаңбыр толастап, өкпек жел күшейді. Парктың түкпіріндегі тасалау жерде оңаша отырған Леонид орнынан сүйретіле тұрды. Ішіне ыстық қоламта сеуіп жібергендей ащы арақ күйдіріп барады.


"Неге іштім? Неге ішкеніңді білмейсің бе? Сен өзіңді-өзің алдамақ болдың? Бәрібір, сен кінәлісің? Сен!".


Осы бір жегідей жеген сұрақ уысынан босатпайды. Тағы да дем алысы жиілеп, өксік түйнегендей ауыр нәрсе жұтқыншағын байлап тастады. Кеудесін үрей биледі. Қайын діңіне мандайын төсеп, суық лепті бүкіл денесімен сезінді. Қалш-қалш дірілдеп, буын-буынынан әл кетіп, бүгілген тізесін жаза алмай отыра кетті.


"Көрдім ғой... Өлейін деп жатқанын білдім ғой. Хабарлауға қорықтым. Қорықтым!".


Темекі алып тұтатты. Жұлым-жұлым көкала сақиналы ащы түтін миын шабақтап жатқан бұлың-бұлың ойындай ұстатпай сейіліп жоғалды.


Қолымен жер тіреп көтерілді. Көлденең көзге түскісі келмеді ме, ағаш-ағашты тасаланып ұзап барады. Алдынан көл шалынды.


Жел өті инедей қадалып, бет шымырлатқанда, қалтыраған жапырақтың қу жаны қалай тұр дейтіндей бойкүйез тартқан жігіт көл жағалап көп жүрді. Әлденеге ағыл-тегіл жылағысы келді. Еңсесін басқан ауыр ой суықпен бірге қарып, иегін селкілдетті. "Кетем! Құрысын! Екі қолға қайда да бір жұмыс. Мынау жел, мына дала маған қол емес".


Іркес-тіркес жәукемдескен қара бұлттар заводтың үшкір мұржаларына кеудесін шұрқ-шұрқ тескізіп, жер бауырлай қалыпты. Сәлден кейін осы қалпымен тұтаса дүркіреп келіп, зіл батпан салмағымен жаншып кетердей бері жылжуда.


Кеудеде ұлпа сезім жоқ. Ол қашқалы қашан? Сан-сапат дүниені шарлап өтіп, ештеңе таппай, торыға күйзеліп, әлем ортасында жалғыз қалғандай. Азынаған быжырақ ой тұс-тұстан жамырап жетті. Әрқайсысының қолында бір-бір сойыл. Қақыратып соққанда жүйе-жүйкенің күл-талқаны шықты. Құлазыған көңіл мейір таппағанда, көмейге кептелген күрсініс еріксіз ықылық атқызып, кірпікке шық тізеді екен. Мөлт-мөлт тамшылар көріне түсіп, жоғалып жатыр. Күңгірт кештің қара бұлты қыбыр еткенді үйді-үйіне қуып тыққан ба, жағажайда қаңыраған сұрғылт дүние кірпік ұшындағы жасыл запырандай мөлдіреген сұйыққа селт етер емес.


"Ынтызар қайда? Түртіп оятар іңкәр тілек көкірегіне найзадай шаншылып, жанын шапақтап жатқан күйзелістен неге құтқармайды? ".


Тырс-тырс жауын сіркіреді. Айдында майда көпіршіп тамшылар биледі. Сұп-суық боп сорғалап мойнынан құйылады. Ұйытқып соғып мұздай лебімен бетінен өпті.


Леонид желді де, жауынды да елеуді қойды. Қайта әлдебір қытымыр тілекті бүкіл санасымен сығымдап тартып, шым-шымдап соның еркіне бар ықтиярымен беріліп барады. Мынау еңсесін езіп, төбеден қорғасын жаңбырын сорғалатқан әлемді алғаш рет мансұқ еткендей жирене қарады. Бұрын-сонды кеудесіне сығаламаған қиянпұрыс шешімді есіріктене қабылдады. "Өлуім керек! Керек!" Сол-ақ екен, айран-асыр суылдаған табиғат дауысын естімей, әлгібір іште туып, бүкіл өнебойында жаңғырығып өре түрегелген бұйрық-тілек әміріне ындыны құрып, біржолата ден қойды. Енді ой-бойдағы бұйығылық сап серпіліп, жұмбақ құштарлық жан-жақтан андыздап жетті!


Селеу шаш суланып маңдайға жабысты. Қадау-қадау сирек кірпіктер жамыраса бас шұлғысып қалып, майысып-майысып құлап түсті де, күңгірт жанардың қарашығын бадырайтты.


Жауын күшейді. Айдынды бұрқ-сарқ сабалап жатыр. Баскиімсіз жалаңаш төбеге шеге қаққандай солқ-солқ тиеді.


Лай-батпақ тобық сипап, туфлидің ернеуінен құйылды. Ине шабақтаған мың шаншу табаннан дуылдап жоғары өрледі. Төменнен жылжып келе жатқан шаншулар қиянат біткенді түгел өрбітіп, әлі де әрі-сәрі кейіптегі жас жігітті еріксіз ширықтырды. Аяқтан ызғар өтсе, көкірек тұсы тызылдап барады.Бір денеде ыстық пен ызғар шарпысқанда, бықсып тұтанған белгісіз құса бұрқ-сарқ сапырылды. Күні бойғы тымырсық зіл мың басты жыландай ду-ду өрбіп, әр тамшы қанда у болып ақтарылды.


Жадағай жағаны жалап-сүйкеп қорғасын көл есік пен төрдей жақындап қалды. Іңкәрлік аңсаған, аңсаса да таба алмаған қапа көңілді жалғыз жігіттің бойындағы соңғы жылудан пана іздей ме, төсіне тырс-тырс тиген тамшыға сыбыр-сыбыр өсек айтады.


Су суық екен. Жағадағы жылт-жылт жыпылықтап барып тізіле қалған баған басындағы электр шамдарының сәулесін жайқынында дірілдете шайқап, шайқап көміп, құнықтыра шақырады. Сиқырлы, алып тұңғиық жанардай жалт-жұлт ұшқын атып, тізеден су кешкен жігітті аздан соң көзге түскен қиқымдай құшағына қағып әкетпек...


Леонид кілт тоқтады. Артына бұрылды. Біраз ұзап кетіпті. Су тереңдейтін емес. Бірде тізеден, бірде балтырдан аймалайды.


Таңғалыс па, кінәраттау малып жүгірген толқын жігіт жүзін құбылтып жіберді. Қиналып күрсінді. Азапты сезіну — азап екен. Оңай құтыла алмасаң — өз обалың өзіңе. Ең болмаса бірден жұтатын құрдым да бұйырмағаны ма?


Түйсікке түрткі тиіп еді, далбаса көңіл шырға аулады. Бұрылтып қалаға көз салғызды.


Леонид суды шалпылдата жағаға қарай жүгірді. Сықылықтап күлген тамшылар мазақтап қуып келеді. Дуылдаған бетті осып-осып келеді. Аяқ астынан саз балшық шашырайды.


"Арақ болар ма еді?!"


Ендігі тілек осы ғана. Қор көкірек мелдектете жайлап алған бар күмән уытын умен қайтармақ. Қайтара алмаса, ес-түссіз күймен әлгіндегі ойға алған нартәукеліне бекімек.


Дірілдеген саусақтар қалта біткенді қалдырмай түртінектеп тінтіп шықты. Су болған бір сомдық, бес-алты ұсақ тиын табылды.


Дүкенде адам аяғы сиреген екен. Сатушы келіншек бір бөтелке шарапты прилавкаға дүңк еткізіп қоя салды да, алақанда жатқан тиын-тебенді санамай, бүріп апарып, ашық тұрған тартпаға жып еткізді.


— Mac боласың ғой. Онсыз да жетісіп тұр екенсің.


Жүрдім-бардым айтты. Айтты да, міндетінен құтылғандай теріс айналып кетті.


Жауын майдалап, дым бүркіп қапты. Желпіп тигенде инедей шабақтайды. Көшенің бас жағындағы бірен-саран шам әлсіз жарығын күркелей төгіп, ұйып түскен қараңғылықпен қасарыса алмай, баған басына қашып тығылыпты; сол қалпы таң сазымен бозарған жұлдыздай.


Жұлдыз... Жұлдыз...


Есінде еміс-еміс шешесінің жүзі бар. Сонсоң бес бұрышты жұлдыз. Әке естелігі. Білетіні: заставада шекарада тұрыпты. Әкесі замполит болған деседі. Бұның екіге аяқ басқан жылы екен. Анасының басына қара жамылып жылағанын ұмытпайды... Содан кейін бесбұрышты жұлдызды ұмытпайды. Әкесінің белгісі.


Үш жаста балалар үйіне алынды.


Үш жасында анасының жас қабірінің басында алақанында жатқан бесбұрышты жұлдызды қысып тұрып бір сәт еңірегені есінде. Агафья әжейдің әндетіп жылағаны есінде.


Ой, жила на свете сирота — небога,
Тай пришлась сиротке трудная дорога.
Мать ее не мыла, волос не чесала,
Корку хлеба с салом, борща не давала.


Дәл сондағындай ағыл-тегіл еңірегісі келді. Тамаққа кептеліп тығылған түйнекті босата алмай лықсыта күрсінді. Кім білсін, жүректің де кей сәтте аңызасы кебетін шығар. Жастың да көрінбей төгілетін кезі болатын шығар. Жаңбыр шылаған көздері құп-құрғақ.


Апыл-құпыл темекісін суырды. Су тиіп дымқылдаған шылым сөне берді. Таңдайына кермек дәмді сілекейі жабысты.


...Доля человечья тоскою повита,


Доля человечья слезою полита...


Неге екені белгісіз, Агафья әжейді көргісі келді. Сай-сай әжімде іркілген тана жастар моншақтай жылтырап, кішкене Леняның сонда күлкісін келтіріп еді-ау. Сол әбестігін мұңлы дауыспен шер төккен көңілшек әжей кешірді ме екен?


Ағаш басынан тырс етіп жалғыз жапырақ үзіліп түсті. Шыланып балаққа оралды. Әр ағаштың түбі — үй орнындай дөңгеленіп жапырақ бүркеніпті. Жел ұрып, су сорып көрік-бояуынан айрылады. Түс-түсінен оңады. Содан әрі... қар басады, аяз қысады... Жапырақтар өледі... Өледі.


Леонид қайыңның діңіне жотасын сүйеді. Дір еткен бұтақтардан желкесіне суылдап су құйылды. Тұла бойында бір сабақ құрғақ жіп қалмаған ба, тиген жерін тызылдата қарып түсетін тамшыларға шімірікпеді. Шынының тығынын тісімен жұлып тастап, көмейіне қоңыр бояулы қою шарапты лық-лық төкті. Қылқ-қылқ жұтты. Екі езуден қызыл күрең із қалдырып шарап қалдығы омырауына сорғалады.


Аш өзекке от жүгірді. Араққа шарап қосылды. Жел күшейді. Ағаштар азынай суылдады. Жан-жақтан, бұрыш-бұрыштан тығылып тұрып жын-сайтан құбыжықтана күлетіндей. Есіріктене қарқылдайтындай.


Қала көшелерінің жарығы азайды. Терезелер бәсекеге түскендей бірінен кейін бірі іштегі шамын өшіріп, ұйқы құшағына ене бастады.


Терезе... О да өмір белгісі екен. Саясындағы бір үйлі жанның шаңырақ көзі боп жалғыз тентіреген жігітке телміре қараудан жалығып, қалғып кеткендей.


Жалғыздық... Одан өткен ауыртпалық жоқ. Бүлк-бүлк ұрған қантамыр да әрі-беріден соң қостау күткен жаңғырықты қалайды. Мейірімі жым-жылас жоғалған меңіреу түннің суылы аяғын тәлтіректей басқан жігітке қайдан да болса бір пана іздеуге мәжбүр етті. Санасы тұманданып, көз алды көп түсті шеңберімен әлем-жәлем күй тербейді.


Көл алыс. Айналып соғуға ерінді. Мұңды әуенді түсініксіз соз құлақ түбінде үзік-үзік ызыңдайды. Шатасып бір жолдар оралады.


Тай бежит сиротка, а куда — не знае,


Тай на шляху ночью казака — встречае...


Подъезд. Есігі ашық. Не де болса даладан жылы. Леонид сүріне-жығыла ішке енді. Кіре берісте құшақтасып тұрған қыз бен жігіт үрпиісіп ажыраса берді де, қайта жабысты.


— Саған не керек?


— Жәй... Ұйықтаймын-н...


— Адасып жүрсің, жігітім. Жөніңе бар.


— Б-былай тұр...


Леонид әлсіз қолын сермеді. Басқышқа бет алды.


— Тоқта! Қайт!


— Анатолий! Толя! Mac адамда нең бар. Байланысып қайтесің, — деп бойжеткен жігіттің қолынан тартты. Осы сөз бозбаланың бір есер мінезін қоздырды ма, Леонидты желкеден бүріп алып, көшеге дырылдатып сүйреп шығарды. Сүйреп шығарды да, тіземен майқұйрықтан нықтап нұқып қалды.


Леонид құлап түсті. Қыз жүгіріп келді.


— Өлтірдің! Сен... сен... Анатолий! Қалай білмегем!... Жендет екенсің!


Леонидті әупірімдеп орнынан тұрғызды. Қол орамалымен жып-жып қимылдап, бетін сүртті.


— Еш жеріңіз ауырған жоқ па? Қатты құладыңыз- ау... Біз... байқамай... Кешіріңіз...


Леонид қыз жүзіне сүлесоқ қарады. Жымиған нышан танытты. Содан соң басын сәл изеді де, теңселе басып беталбаты жүріп кетті.


— Үйін таба алар ма екен? Бір жерге құлап қалмаса...


— Бар! Қолтығынан құшақтап шығарып сал, Лиза.


— Анатолий!...


— Немене! Маскүнемді сүйіп қалдың-ау, бәсе.


Осы сөздер артынан дүңк-дүңк жетті. Қайрылған жоқ. Сүйретіліп келеді. Бағдары белгісіз. Бір сүйінері көңіл құсасы тарқағандай, кеудесі босап қалды. Жүрегін шымшылаған қатқыл саусақ та қалжыраған ба, бұл шақта алаң етер түйткіл жоқ. Әредік әлгібір аянышты қыз жанары көз алдына елжіреп тұра қалады.


И пошла сиротка слезы утирае,


Мать свою с могилы даром выкликае...


"Бұ не? Шемендетіп тіреп алған мұңлы қапас мүжіліп таусылып бара жатыр ғой. Күні бойы тызылдаған жаным жай тапқаны ма?".


Леонид ауланы қоршаған ағаш шарбақтың есігіне шалқалады. Әлдекімді көріп тұрғандай қол созды. Шатқаяқтап қалды да, гүрс етіп құлап түсті. Қайта қозғалуға әрекет жасамады.


Көзін ашқанда, әкпен сылаған аласа үйдің кедір-бұдырлы төбесін көрді. Кішірек терезеден күн сәулесі құйылып тұр екен. Жарық мол. Леонид жан-жағына қарады. Аласа үстел қасында шай ішіп отырған кемпір мен шал қауқаласып қалды.


— Тұрдың ба, балам! Орынтай, менің қоңыр костюмімді алып берші. Киінсін, — деп шал кемпіріне иек қақты.


Содан Леонид Сұлтан ақсақалдың жетегіне ілесті. Балалар үйінде жүріп токарьлық өнерді үйренгені бір әжетке жарап, мех цехке, шалдың қасына жұмысқа орналасты.


Көп ұзамай жатақханаға ауысты.


Әкелі-шешелі болды. Өз ойында шалды әкесінен кем көрмеді. Тіпті әкелік мейірімді алғаш рет Сұлтан ақсақалдан тауыпты да.


Осы сырын Сайлаубектен жасырған жоқ.


Түгел айтып берді.


— Сонда сен не істемек болдың? Шынымен өлер ме едің, Леня?


— Білмеймін. Құлазығаным рас. Үш күн вокзалда түнеп шықтым. Соншама халқы бар қалада жалғыз қалғандай сезіндім. Сөйтсем, менікі бос әурешілік екен. Жағдайымды айтып қай үйге кірмейін, түнеп шығатын жер табады екем. Елсізде емес, адамдардың арасында жүріп, әсіресе қазақтардың ортасында жүріп талтүсте адасқаныма өкінем, — деп Леонид селеу шашын сілкіп қалып орнынан тұрды. — Мен қайтайын. Азанмен жұмысқа шығамыз.


— Елизаветаңа асығасың-ау, ә, — деп күлген Сайлаубек қонағын шығарып салуға ыңғайланды.


— Сен Елизаветамды қалай кездестіргенімді сездің бе?


— Көріпкел деп пе едің, мені.


— Анау әлгі аянышты жанарлы қыз ше? Подьездегі... Мен соны тауып алып бір жолыққым келді де тұрды. Алғыс сезім бе, білмеймін.


— Жігіті қайда?


— Жоқ ол. Сужұқпас екен. Елизавета екеуміз бір-бірімізді бірден таныдық. Ақыры... Сонымен көп ұзамай өзіңді тойымызға шақырамыз, Сайлау.


* * *


Қою түтін летканың1 өңешінен бұрқ етті де, көкке будақ-будақ көтерілді. Лықсып барып цехтың шиферлы төбесіне ұйытқи соқты. Қайтадан төмен құлдилады.


Лезде маңайды көкала түтін тұмшалай бүркеп, ұйысып түсті.


Сәлден кейін осынау қалың көкшіл тұманды жарқырай тіліп ағып, сұйық шойын бұлақтай сызып лап қойды да, құю ауласының дәл ернеуінде тұрған чугуновоздың үстіне қып-қызыл баған боп орнай қалды. Ысылдаған, сарылдаған мың сан үн домна маңайын кернеп кетті.


Сайлаубек үстіне киізден тігілген қара спецовқа костюм-шалбарды киіп апты.


Летка-домна пешінің шойын ағызатын өңеші.


Қолындағы ұзын сүйменге сүйеніп, көкшіл шынылы көз әйнегін бұлақ-металға төседі.


"Не деген көп ұшқын! Не деген бояу!".


Жоғары жағы көкшілденіп аспан түстеніп тұрады де, ілезде нарттай қызарып алаулап барып, артынша-ақ сарғыштанып өшіп кетеді.


Қасына жайлап басып мастер келді.


— Үйрендіңіз бе?


— Мынаған үйрене қою да оңай емес шығар.


— Дұрыс айтасыз, Сайлау Маратбекович. Әр балқыма ағызылған сайын мен өзімді цехқа осы жаңа келгендей сезінем. Ұшқын бүгін тым көп екен.


— Иә, көп. Құжынаған бал арасы тәрізді.


— Ол жақсы. Ұшқын неғұрлым мол болса металл сұйық, температурасы жоғары болады. Демек, домнаның жұмыс режимі ойдағыдай.


Осы екінші пеште бес горновой жұмыс істейді. Бесіншісі — Сайлаубек. Демалысқа кеткен жұмыскердің орнында жүр. Әлі онша дағдыланып кете қойған жоқ. Шойын леткасының қасына жақындауға дәті шыдамайды. Өңештей тесіктен бір от пен бір шоқ шашып, атқылап жатқан алып домна тосын адамды кәдімгідей-ақ қорқытады екен. Бас арыққа бірер қадам таянсаң-ақ тұлабойыңды жалын шарпып, бүкіл денеңді шып-шып тер жуады.


Әркімнің нақты белгілеп алған өз жұмыс бар. Одан сәл ауытқуға еш мүмкіншілік жоқ. Ал, бесінші горновойдың еншісіне летка тазарту, арық жөндеу, сода салу сияқты тапсырмалар бөлінген.


Мастер айқай салды.


— Сайлаубек Маратбекович, летканы тазартыңыз! Тездетіңіз! Металл қатып қалды. Ағыс азайып барады.


Сайлаубек ұзындығы жеті-сегіз метрдей темір сүйменмен летканы — тар өңешті тәлтіректей басып түртпектеп тазартады. Шыны маскасын бетіне түсіріп, темір сүйменді летканың ішімен әрі-бері ырғайды. Сүймен әлде кокске, әлде қатқан металлға тақ-тақ тиеді. Екі қары зырқ-зырқ салдырайды.


— Қатты! Қаттырақ! Өңеш бітеліп қалатын болды-ау!


Балқып, қысқарып еріп кеткен сүйменді бас арыққа лақтырып жіберіп, Сайлаубек жаңа сүйменді алды. Құлаштап әкеліп тесікке тығып жіберді. Жанталаса бар күшін салып ырғап-ырғап қалды. Толқын қайта сарылдап, сұйық шойын сыртқа лап қойды.


— Қаш! Қашыңыз тезірек!


1Летка — домна пешінің шойын ағызатын тесігі


Сайлау кейін қарай бір-ақ ырғыды. Шашырап етегі мен шалбарының балағын шарпыған металл ұшқынын көн қолғабымен үйкеп сөндіріп, шұрқ-шұрқ тесілген өңірін алақанымен сипап өтті.


— Қорықтыңыз ба? Шыныңызды айтыңызшы, Сайлаубек Маратбекович.


— Қорықтым. Енді сәл кешіксем, басым айналып құлап түсетіндей сезіндім.


— Осыны жаза аласыз ба?


— Білмеймін. Мүмкін жазармын, мүмкін жаза алмаспын. Ақын болсам, кім білсін, мынау жарқырап атылған алуан түсті ұшқынды алуан түрлі гүлге теңер ме едім. Бірақ одан пайда не? Жұмыстың ауырлығын айтсам, басқаларды жерінтіп алам ба. Ал, шындап ойласам, горновойдың сорғалаған маңдай терімен құрыш суаратынын дәл осы жолы анық көрдім... Өз көзіммен көрдім.


Мастер жымиды. Түсінсе керек.


— Ал, енді тездетіп арықты жаңа балқымаға дайындайық. Жалғыз өзіңіз үлгіре аласыз ба? Екінші горновойды... Дмитриевті те аяқ-астынан...


Мастер сөзін бітірмей қолын ызалана бір сілтеді. Бұрыла беріп, тер жуған мандайын, бет-аузын қалпағын шешіп алып сүртті де, күбірлеп әлдекімді сыбап ала жөнелді.


Ұзын адам ренжігенде жауырыны қушиып, бүктетіліп еңкіш тартып кетеді екен, ботинкасының қалындығы қос елі ауыр тақасын алаңға төсеген темір плиталарға тық-тық қадап, будкаға жөнелді.


Дмитриев — екінші горновой. Жасы қырықты қусырған. Денесінде артық еті жоқ, пышақпен сылығандай сидам. Көз арнасы шүңейттеніп, маңдай сүйегіне сұғына кіріп кеткен. Күңгірт жанарға балқыма ағызғанда алау шағылысып қана нұр жүгіреді. Әйтпесе, жайшылықта жылт етер ұшқын білінбейді. Бірақ жаны жомарт. Елгезектеніп білген-түйгенін үйретіп жатқаны. Басқалардан шелектеп ағатын ақ тер, көк тер Дмитриевтен тым болмаса дымқылданып та леп бермейді. Жиырма жылдан бері домна маңында сорғалай-сорғалай әбден көзі бітеліп қалғандай.


Смена алдында жұмыс киімін киіп жатып Дмитриев Сайлаубекке әзілдесе тіл қатқан.


— Саған қалындық таптым.


— Қойыңызшы! Сұлу ма?


— Бриджит Бардо. Жүрісі қандай!


— Иә, қандай?


— Он метрге он тоқтап әрең жетеді!


— Кербез екен!


— Иә! Кербез! Дауысын айт, дауысын!


— Сыңғырлап тұр ғой!


— Ысқырып сөйлейді. Тұп-тура милиционер!


— Бір пәлеге қалдым ғой онда.


— Көзін айтсаң! Бетіңе қарағанда бір сағат үңіледі.


— Неге?


— Жасы жетпістен асса, нұры қашқан көзден не сұрайсың. Ауызда бір тіс қалмаса, — ысқырмағанда қайтсін. Буыннан әл кетсе қарға адым жер мұң болмай ма.


Дмитриев өз қалжыңына өзі мәз. Сайлаубектің арқасынан қағып қалып ұзақ күлді. Кенет күлкісін қалт тыйып, сабырлы кейіпке көшті.


— Білесің бе, Сайлау. Жаңа мен жұмысқа келе жатып, ауру қысып... Асқазаныма өткенде операция жасатқам. Қайтадан ауырып қалам ғой деп қорқып едім, міне, құлантаза айығып кеттім. Соған балаша қуанып тұрмын. Ал, Сайлау, сен маған сене бер. Қалыңдықты өзім тауып, тойынды өзім жасаймын.


Содан бес минуттен кейін Дмитриевті цех начальнигіне шақыртып әкетті.


Сәлден соң Дмитриев бұрқан-талқан ашуланып оралды.


— Не болды?


— Жұмыстан қуып жатыр!


— Неге? Кім?


— Массың, үйіңе қайт, отқа түсіп кетесің дейді.


— Қайдағы мас. Сап-сау тұрсың ғой.


— Цех начальнигі "сені терезеден көрдім, жұмысқа бара жатқанда тәлтіректеп әрең жүргенсің" дейді. Мен приступым ұстағанын айтсам да сенбейді.


— Өзі көрді ғой сені. Сөйлесті ғой көзбе-көз? Mac деп қалай айтады онда.


— "Смена бастығына бүгін жұмысқа жіберме деп бұйрық бердім, берген бұйрықты қайтадан бұза алмаймын" дейді.


— Мынасы көрнеу көзге зорлық қой, — деп Сайлаубек те күйіп-пісті.


Кеңседен мастер ренжіп оралды.


— Олай айтып, бұлай айтып көндіре алмадым. Түсінгісі келмейді. Сен, Петрович, қазір медпунктке бар. Тексеріл. Ішпегеніңді дәлелдеп қағаз ал.


— Бәрінен бұрын адамды жазықсыз кінәлағаны қинайды екен. Ойпырмау, екінші этаждың терезесінен сығалап қарайды да, мені оп-оңай мас қып шығарады. Ал, қасына барғанымда ештеңені және көргісі келмейді.


Сайлаубек аң-таң. Дәл мынандай ожар қылықты бұрын-сонды еш жерден кездестірмеп еді, Дмитриевке шын жаны ашыды. Дем арасында өңі қуқыл тартып, жүдеп қалған жұмыскердің қазіргі кінәсіз күйген алай-түлей күйін де түсініп тұр. Жазылып тұрған жан олжа деп аурумен айқасып, бір мысқал дертті ары итеріп, бері қарай сенімі сүйреп қалт-құлт етіп жүргенде, мынау орынсыз кінәрат тобықтан соққандай жұлып түсірсе қайтеді. Онда күрт кетіп, ұзақ жатып қалуы мүмкін ғой.


Домнада әр адамның орны бөлек, әр жұмыс қолы санаулы. Онсыз да жаз айында демалысқа шығатындар көбейіп, әр сменаға бірер адам жетпей жатады. Енді, міне, Дмитриев кетіп еді, екінші пештегі алты адамның жүгі төрт горновойдың мойнына үйіліп түсті.


Ол күнгі Сайлаубектің титықтай шаршағанын сұрама. Шелек-шелек тұзды су ішті. Шелек-шелек тұзды тер тұла бойынан шүмектеп ақты. Бір минут тізесін бүгуге мұршасы келген жоқ. Зырылдаған үлкен желдеткіштің алдына ауық-ауық зыр жүгіріп барып, терін үгіп, жан шақырып алады да, отпен алысып, сүймен мен күректі қолынан бір босатпайды.


Қолғаптың әлдебір тесігінен ыстық темір сүймен саусағын қарып түсті — шыдады. Киіз спецовканың жеңі түріліп кетіп, білегіне шашыраған ұшқын тиіп, күйдіріп кетті — шыдады. Шашын, қасын жалын шарпыды, көңірсік иіс қолқасын қапты — шыдады. Ал, смена бастығы келіп дікіңдеп "кезекті балқыманы тездетіп ағызыңдар!" — дегенде, күн ұзынғы қайнар ашуы ағытылып кетті.


— Сіз, беталды тықақтай бермеңіз, білдіңіз бе, Мұнда автомат жоқ. Оның үстіне жұмысшы жүйкесіз робот емес. Оның да жай-күйіне қарау қажет. Екі қолды шелтиіп қалтаға салып алып, шіреніп тұрып нұсқау беруді біз де білеміз. Көзіңізді ашыңыз.


— Сен не дейсің осы? Кімге ақыл үйретпексің?


— Сен демеңіз, біріншіден, жасым үлкен. Екіншіден, сыпайыгершілікті ұмытпағаныңыз жөн. Адамға адам деп қарау керек.


Смена бастығы ит көрген мысықтай жиырылды. Шегір көз лезде кішірейіп, дөп-дөңгелек екі ұңғыдан зілді қарашықтары тесірейді.


— Демагогияны тастаңыз, жазушы жолдас. Бұл ара дискуссия жасайтын жер емес. Өндіріс орны. Бұл арада сыпайы қарым-қатынасты жоспар, график қана билейді. Басқаның бәрі бос сөз. Онан да бурмашинаны тездетіп іске қосыңыз. Металл ысып кетті. Футеровканы шайып кетсе, жауап беретін сіз емес, мен!


— Неге жалғыз сіз ғана жауап бересіз! Мен неге жауап бермеймін?


— Сіз біріншіден, уақытша адамсыз. Екіншіден горновой ғанасыз.


— Горновойды кемітпеңіз. Сол екен ғой Дмитриевті жұмыстан қуғаныңыз, — деп Сайлаубек тұлабойын билеп бара жатқан ашулы дірілді күшпен басты. Бірақ иегі әлсіз дірілін жасыра алмады.


— Дмитриевті қуған мен емес. Цех начальнигі — Жайлаубек Маратбеков! Қателеспесем, ол кісі сіздің ағаңыз болар. Оны неге жақтайсыз.


Смена бастығы соңғы соққыны ұтымталын аңдып дөп ұрды. Сайлаубек аузын аша алмай қалды. Неге екені белгісіз, күн ұзын іштей ұстасып жүрген цех начальнигі Жайлаубек екені бұған дейін ойына келмеген еді. Мына сөзден кейін бір сұмдық реніш дуылдап өрбіп, миына құйылды. "Е, бәсе, Жайлаубек! Сен екенсің ғой!!"


— Неге үндемейсіз. Қоқанлоқыңызды алдымен өз ағаңызға көрсетіңіз. Ақылыңызды ағаңызға үйретіңіз. Ал, маған жұмыс керек. Летканы дереу ашыңыз, — деді де, смена бастығы үшінші пешке қарай өтіп кетті.


Сайлаубек сәтте шөжіп қалды. "Кімге ұқсап барады? Апырай, шынымен туған ағасы осылай жат боп алыстап, түсініксіз болып кетер деп ойлап па еді? Бұнысы несі? Төрелік мінез бе? Дөрекілік мінез бе? Қарамағындағы жұмысшыларға жоғарыдан тәкаппарси қарайтын ақсүйектік қылықты қайдан үйреніп жүр. Онымен сонда қай ұшпаққа шығар. Түсін бермеймін деп, түсініспей жүріп, оп-оңай ұшып кететінін білмей ме екен. Мына қалпында оны неге жоғарылатады? Қай еңбегіне сүйсініп, қай мінезіне тұшынып жүздеген адамның тағдырын қолына ұстатып қояды? Адам бойындағы жылтыраған асылды үрлеп сөндіріп, сенім мен үмітті аяусыз ұрласа, ұрыны креслоға қақитып отырғызып қойғанда табарымыз не? Ағасы емес пе? Бірақ қай қадір-қасиетімен қымбат? Бірге туды, бірге өсті, бір ұядан ұшты. Ал, соған бола сұмырайды да сүюге бола ма? Қиянатқа қынжылмай ма? Қанжығаға бөктерген азын-аулақ ар-ұятты желе, шоқытып жүргенде жоғалтып алып, жұқсыздықтың жорғасын тайпалтатын бауыр, бауыр елжіретер сүйіспеншілік туғызар ма? Туғызбаса, әлгінде неге үндемей қалды. Аяй ма? Несін аяйды?"


Бурмашинаның болат бұрғысы зыр-зыр айналады. Тұтқаны қыса ұстап, шірене итеріп тұрған Сайлаубекті селкілдетіп дір-дір билетеді. Летка-өңешке суғына кіріп кеткен бұрғы бір кез тоқтап қалды.


Қасына мастер келді.


— Сайлаубек Маратбекович, сіз азырақ дем алыңыз. Кезекті маған беріңіз.


Мастер бүгін бесінші горновой сияқты. Қолы тиген жерде бар көмегін аямайды.


Қою түтін будақ-будақ көтеріліп, жоғары шапшыды да, сұйық от жыландай ирелендеп, толқып үйіріліп құм төсеген арықпен сумаңдай жөнелді. Сәлден кейін төмендегі чугуновоз үстінен қып-қызыл баған орнай қап, жүйткіген шойын cap-cap құяды.


Балқыма ағызу басталды.


ҚЫС. МАРАТБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен


Бізде бұрын не көп еді, Сайлаужан ? Қиянат көп. Тағы да Қисықтың Әлімінен шығады. Түгелбайдың Бимендесі айтпады. Бименде шалды білесің ғой. Қазір жетпістің екеуінде. Әлі тың өзі. Сол айтады. Солқылдаған жиырма бестегі кезі екен. Әлдеқалай жолаушылап келе жатып, жолшыбай нөсер жауынға ұшырайды. Айнала әп-сәтте қап-қараңғы боп кетіпті. Шатыр-шұтыр күн күркірепті де, дүние-әлем жап-жарық көкшіл түске бөленіпті. Сонда деймін, жамандатқыр торы дөнені екі құлағы төмен салбырап, қалшиып сіресіп қапты. Тебінсе де, қамшыласа да аяғын бір баспапты. Сонда барып біліпті, жақыннан жай түсіп, лебімен атты соққан екен. Бименде не істесін, жерге секіріп түсіп, шылбырын сүйретіп кеп бір бұтаның түбіне отырады. Үсті-басы малмандай су. Елсізде пана қайда. Содан торы дөнен бір шай қайнатым уақыттай сілейіп, мүлгіп тұрады. Оқыранады. Сол кезде Бименде найзағай жарығында көз ұшынан бір қыстаудың сүлбесін көріп қалады.


Дөненін жетектеп келіп қыстаудың босағасына байлайды да, өзі ішіне кіріп, бір бөлмесінде ұйықтап шығады.


Бір кезде дөнені шұрқырап ал, кісінесін!Бименде ұшып тұрады. Таң атыпты. Жалма-жан қамшысын қысып ұстап албарға атып шығыпты. Дөнені сыртқы есіктің алдында екен дейді. Мойнында қамыт! Бұл неткен қамыт деп ойлайды Бименде. Өзі сыртқа шығуға жүрегі дауаламай, албарда біраз тұрып қапты. Әлден уақытта сұмдық дауыс естіледі. "Ойпырай!" дейді Бименде. Не адам үніне, не аңның ырылына ұқсамайды! Сонда деймін, әлгі дауыс шұрқырап шыққанда, торы дөнен кісінейді екен. Дірілдеп, қалшылдап кісінейді...


Бименде жаман қорқыпты. Есіз қыстауда жын-пері көп болады деуші еді, жалғыз екенімді біліп айналдырған ғой деп ойлайды. Содан тобылғы сапты қамшысын құлаштай көтеріп, аңырып тысқа ұмтылады. Жалғыз басты шаппасымен шылбырын қиып жіберіп, дөненге қарғып мінеді. Сонда қараса... үй төбесінде, құдай-ау, жарбиып құбыжық отыр екен!... Күл түстес шашы дудырып жайылып кетіпті. Төбесінде ескі құлақшын қоқияды. Қабат-қабат көйлек, шетінен қырық жамау. Кемпір!Баяғының мыстан кемпірі осы болар деп ойлайды Бименде. Саусақтары, — құдай басқа салмасын, әр қайсысы бір-бір сабаудай. Анықтап байқаса саусақтарына сорайтып қамыс кигізіп қойыпты. Бір кезде әлгі кемпір сақылдап күледі ғой. Кемпір күлгенде, дөнен шұрқырап кісінейді ғой. Бименде сонда бір-ақ таныпты. Кемпір сол қыстаудың байының кедей жылқышы жігітінің шешесі екен. Қисықтың Әлімі баймен қоса кәнпескеде жылқышыны да бірге жер айдатқан. Жалғыз баласынан тірі айырылған кейуана күйіктен жынданып кетіп еді. Бименде айтады: ескі шалбарға қауқайтып шөп толтырып, дөненнің мойнына қамыт құсатып байлап қойыпты деп... Әне, қандай жағдайлар болған. Кемпірді көне қыстаудан қыстың күні мac боп қатып қалған жерінен тауып алғанбыз...


* * *


Ышқына соққан жел екіленіп келіп терезені кеуделейді. Ентігіп кейін шегінеді. Әлсіз діріл қаққан бәсең күлкідей күмілжіп барып үзіліп, ызалы желдің келесі түйдек толқынын сабырмен күтеді.


Февральдың ортасынан ауа ұйтқыған боран бәсеңсіген бе, әлде бұрынғыдай төпелеп қар жаумай ма, аспан-жерді есірік биімен аласапырандататын ақ түтек азайған. Оның есесіне құбыласын дүниенің төрт бұрышына кезек өзгертетін ызғырық желдің таусылмас ызыңы ұзақ күйін құлақ түбінде күмбірлетіп жататынына Маратбек те әбден үйреніп алған.


Күпісін киіп, белін байлап алып, малды қорадан шығаруға далаға кеткен Әйкіжан біраз кешікті. Екі қолдан ермек қашқан Маратбек үйреншікті төрт қабырғаны көзімен шолып өтіп, құрғақ тамағын қырылдатты.


Басталар бағытын ауыстырды ма, желдің шуылы саябырлады. Таңдайы кеберсіген Маратбек іштен тынып, бір жамбастап, сырлы қасыққа қол созды. Түкті орамалды қос саусақпен іліп алып, серпіп тастады да, бетінде қарақошқыл майы кілкіген қысырдың балдай қымызын ұзақ сапырды. Көпіршіп жұпар атқан сусынның таңсық иісі толқынданып танауға ұрды. Сол таңсық дәм сілекейін шұбыртты. Ағаш қасықтың түбінде қалған бірер тамшы сусып кеп, сүйреген тілге тамды. Суық қышқылтым таңдай жібітті. Аш қарын алдаусырады. Дәтке қуат тапқандай тымырсық ой бөлініп, адам санасының естелік жадынан өткен күндер суретін тірілтіп әкеліп қайтадан көшіріп-қондырып жатыр.


Елуінші жылдардың ортасы болатын. Маратбек ауыр составты жалғыз паровозбен алып жүретін озат машинистердің бастамасын көтерушілердің біреуі еді. Содан ба, көмекшісі мен кочегары үшеуі дамыл таппай манометрді қатты қадағалап, қазандағы будың қысымын төмендетпеуге тырысып, тендердегі тау боп үйілген тас көмірді кезектесіп оттыққа лақтыратын да жататын.


Жол бойы елсіз. Бұлар барып состав ауыстыратын станциямен екі арада екі-үш-ақ елді мекен бар. Көп разъездер қаңырап бос тұратын.


Осындай қарбалас рейсте әлдеқалай оң қапталдағы жалғыз қызыл казарманың терезесінен күздің бір күнінде бұлдыраған жарық көрінген-ді.


"Кім екен? Жалғыз үй отырып бұл шіркіндер қалай күн көрмек" деген жауапсыз әуесқой сұрақпен Маратбек таң қалған да, артынша-ақ ұмытып кеткен.


Кейін осы казарманың тұсынан күндіз өткені бар. Сонда... Маратбек оқыс дір етті. Тепкішекте қалшиып тұрған әйел таныс секілді. "Япырай! Айымша емес пе?! Сол ма екен? Айдалада несі бар? Қой, кімді ойласаң сол елестейтін болар. Қас пен көздің арасында кімнің кім екенін ажырата қою да оңай емес. Дүниеде ақжаулықты әйел аз ба? ." Бірақ кеудеге кірген күдік босатар ма, Маратбек жол бойы әрі-сәрі күйде отырды.


Оралған соң да келесі рейске дейін тағат таба алмады. Көз ұшынан қызарып көрінген жалғыз үйге жанарын суыра қадалып, будка терезесінен кеудесін тысқа тастап, дегбірсіз күйге түсті.


"Шығар ма екен далаға? Көрінер ме екен тағы? Айымша болса сөз жоқ күтіп тұрады. Апырай, шынымен-ақ Айымша ма? Ол емес пе? Сонда мынау үйді жалғыз мекендей ме?"


Он, қолы алдында салбыраған тұтқаға кілт жармасып, айдалада аңыратып неге гудок бергенін өзі де сезген жоқ. Көмекшісі мен кочегары күйе жұққан беттерін термен айғыздай жылтыратып "шефтің" мына оқыс қылығына таңдана үрпиіскен.


"Сол! Дәл өзі!!!"


Қынама қамзолын белін үзілдіре түгел түймелеп алған Айымша қабырғаға сүйеніп тұр екен. Сәл ілгері ұмсынып, елегізе жалт етті. Паровоз зу етіп, жер солқылдатып қасынан өте шықты.


Сол сәтте біріне-бірі қадалған көздерінде бірінің-біріне деген сағынышы, бірінің-біріне деген сәлемі, бірінің-біріне деген ықыласы бәрі-бәрі лүпілдеп тұрған еді. Жанардан ұшқыр нәрсе жоқ. Жалт еткенде бет-жүздегі тілсіз тілекті қағып әкетіп жанының жайлауына жайып жібереді.


Дірілдетіп Маратбек бір әдемі әуенді бастады Қыр мұрынның екі қапталын қуалай екі тамшы дірілдеп төмен сырғанады. Сәл жұмылған көз кірпіктерін айқастырып қалып, қайта ашылып кеткенде қап-қара түтіннің астынан лапылдап көтерілген жалындай қарашықта нұр ойнады.


Сарыарқаның сауығы-ай!
Шақырар оның тауығы-ай!
Күнде жиын, күнде той
Қыз-бозбала ауылы-ай!


Діріл жоғалып, ырғаққа сағыныш назы, жұбаныш пен ырзалық лебі қосылды. Жылт-жылт көрініп, паровоздың табанына қашып тығылып жатқан шпалдар біраздан кейін осынау әнді мол үнді хормен жаңғырықтырып жатқандай сезілді.


Содан соң-ақ Айымша мен Маратбектің құнара асығыс бірер секундтік үнсіз кездесулері жалғасып жүре берді. Түнде терезеден шамы жылтырап, күндіз өзі есік көзіне шығып тұратын.


"Айымша-ай! Қадірің артық жан екенсің-ау! Ертерек білсемші", деп арқыратып гудок беріп, айта алмай кеткен өкінішін, алғыс-рақметін кең далаға паровоздың ащы үнімен жаңғырықтырып жеткізетін. Дүрс-дүрс ұрғылаған доңғалақ тарсылына жиілеп соққан жүрек дүрсілін табыстап, сонау көз ұшында қалып бара жататын ақ жаулықты әйелді қозыкөш жерге шұбатылған вагондарының жүйткіген көлеңкесімен бір-бір сипап өтетін.


"Рақмет! Мен үшін мына құлазыған үйге келдің-ау. Қасында тілдесер біреу бар ма екен? Бетпе-бет кеп, ауызба-ауыз сөйлесе алмасақ та, осылай бір-бірімізді ынтыға көріп қана қуаныш тапқанымыз қандай жақсы еді! Соны ойлап шығарған, Айымша, сенен ардақтым болар ма бұ дүниеде? Асылсың-ау! Асылсың!"


Жалғыз үй көз құртына айналды. Жалғыз жан ынтызары болды. Бұрын рейстен үйіне жеткенше асығатын. Енді үйіне сыя алмай рейске шыққанша құр жаны дөңбекшіп бәйек таппайтын болды. Сондайда Әйкіжанның бетіне қарай алмай, өз-өзінен қарап тұрып қуыстанып, ал паровоздың будкасына кірісімен жайнап, құлпырып сала беретін.


"Екі көздің төрт болғаны қиын. Тал бойын көріп қап, жүрек лүпілінен күй аңдитын бозбалалық баяғыда қош демеп пе еді. Менің мосқал тартқан шақтағы ендігі іздерім не? Сонау бұта-бұдырына дейін көңіл табына ыстық қоламтадай басылып, тұла бойды белгісіз дірілге бөлейтін оқшау үйдің жұпыны көрінісі бұрын неге елеусіз еді? Әлде дүниедегі бар қызықтан баз кешіп, оңаша тірліктің мылқау тылсымына өз еркімен бойсұнған әйелдің ерлігі ме тәнті қылған? Мүмкін Айымша үшін құнара жүздесіп қалатын екі-үш секунд уақыт әлемнің бар шаттығынан артық шығар. Ендеше, мен неге күдіктенем".


Гудок... Жалғыз үй...Жалғыз әйел...Гудок.


Арада жыл өтті. Кездеседі, тілдеспейді. Жүздеседі, жақ жазыспайды. Кездеседі, қуанысып қалады. Кездеседі, сағынысып айрылысады.


Гудок. Айымша. Гудок. Жалғыз үй.


Тарс-тұрс рельсті ойнатқан доңғалақ аршынды жүрісінен бір жаңылған емес. Қара паровоз бірде-бір рет әлгі үйдің тұсында сәл кідірістеген емес. Түстіктен теріскейге, теріскейден түстікке қарай жүйткиді. Графикпен сырғанап, графикпен уақыт тоқайластыратын қатаң тәртіпке аса мығым теміржолшылар айдаладағы жалғыз түтінге қалай тоқтасын!


"Апырай! Неткен дәті берік жан еді! Мына тұрған жиырма шақырым жердегі станцияға неге бір келмейді? Неге бір сөйлеспейді? Біледі ғой, менің сонда тоқтап, паровозға су толтыратынымды. Ең болмаса бір рет келсе ғой. Емін-еркін әңгімелесіп, мауқымызды басар едік".


Маратбектің ойы ғана. Ішінен бықсиды да, ішіне бәрін көме береді. Әйтпесе, бір парақ қағазға шимайлап сыр төгіп, әлгіні тас орап терезеден тастап кетуіне болар еді. Оған бармайды. Оған барса, мынау үнсіз қалыптасқан тоқмейіл күйлеріне зорлық жасайтындай көреді.


Ақша бұлттай желбіреген ақ жаулық көңілдің риясыз белгісі болып, азаматтың адал пейіліне пәнидегі рақат түйсіктің құдіретіндей танылу үшін осынау к,ас қағым сәт арқылы елестейтін шығар.


Өмірдің бүкіл тірегі — махаббатта ғана. Көктемнің қауыз жарған қызғалдағындай жылы пейіл тірлік жолыңның бір қалтарысынан тосып тұрса, онда көк аспанның мөлдір заңғарына қанат байлағандай зымырап, самғап кеткеніңді сезбей қалатын кездеріңді тәңірдің өзі де басынан кешті ме екен. Осынау сәттік қуанышың үшін-ақ дүниеге адам боп жаралғаның қандай бақыт! Ондай жанға өлім қорқыныш әкеле алар ма? Қайда! Жүрек қанының бүлкілі әлемнің тынысымнан да артық қой. Қинала күлімдеген әжімді езудегі ризалықты паровоз будкасынан асыла еңкейіп аймалаған қарашығыңа сіміріп әкетсең-өмір атты шытырманның өзің шеше алмас титтей кілтипаны қалар ма? Қайдан қалсын! Арындаған асау паровоз сол шақта жүйткіген екпінімен жұмыр жердің ендігі мен бойлығын темір доңғалақтарына қырық қабат орап алып, бүкіл болмысты көз алдыңа дірілдетіп жайып тастамай ма? Жайып тастайды! Ондай шақта дүниеде жабық есік, бітеу кеуде кездесуі мүлде мүмкін емес. Шекаралар жойылып, соғыс аты өшіп, қару-жарақ біткен мартендерде қайнап, әлемді сәби күлкісінің еміренген таза сыңғыры билеп алып кетеді. Қуанған жанның жанары-ынтымақтық пен сүйіспеншіліктің, сезім мен ынтызарлықтың жарқыраған айнасы.


Азынап боран ұйытқысын, шатырлап күн күркіресін, нөсерлеп жауын жаусын, ысқырып жел уілдесін-кеудедегі махаббат көктемін ығыстыра алмайды. Өйткені әдеміліктің сырын бүкіл болмысымен тапқан Адам қандай сұрапылға да төтеп бере алады. Бұрынғы күйкі тілекті сұрамшақ көңіл өмір мен өлім тайталасын жеңіп туған іңкәрліктің құдіретін өз рухынан кездестіргенде махаббат лүпілінің нәзік тербелісін ажалдың құрсаулы шеңгеліне қалқан қып төсеп, асқақтап кетеді.


Маратбек сондай алабұртқан күй кешкен еді. Көз алдындағы селдір мұнарлы пердесі түрілгендей сезініп, келер күннің жұмбақ қаракетінен қауіптенбей, кездейсоқ жолығатын күдік пен қуанышты еш ойламай, іштегі толқындаған әсем халіне барынша беріліп алды. Доңғалақ тарсылы, бу ысылы, жалын шарпуы, гудок жаңғырығы — Маратбектің кеудесінде туып, Маратбектің кеудесінде үмітпен тірілген әдемі әннің үзілмес қайырмасына айналды. Ол әннің қиналып туса да қайырымды бастауы бар. Ол әннің тұлабойды қажыр мен қайратқа бөктірген, үздіктіріп әкетіп бара жатқан жалғасы бар. Ол әннің шорт үзілер аяғы жоқ. Ән үзілсе, мынау тамыр-тамырда лып-лып жүгірген қан құйынымен әлемнің мәңгі өлмес өміршең бөлшегіне айналған махаббатшыл жүрек тоқтауы мүмкін. Ал, жүрек тоқтауға болмайды. Онда доңғалақтар тарсылы жоғалады. Жұмыр Жер айналмай қалады. Күн сөнеді. Жоқ, бұл әннің аяқталуы мүмкін емес.


Маратбек аспанды да, күнді де алғаш көргендей әдемі әсерде жүрді. Қарсы беттегі жіңішке есікті ашып тастап, аспандағы шақырайған күнге кірпік қақпай қадалып қалатын әдетін көмекшісі де сезіп қалған еді. Ондайда паровоздың басқару пультің өз қолына алып, Маратбектің өзімен-өзі тебіренген шағына қиянат жасамайды.


" Күн! Қалай білмегем? Сонда, сонау ескі қыстауға далбаңдап жүгіріп жүргенімізде де сен дәл осылай қадалып тұрдың-ау.


Сол кезде дәл мына қалпындағы үнсіз тілдесетін мейіріміңді қалай ұқпағам?"


Уақыт — зымырауық. Күн мен түн алмасқыш. Маратбектің көрері — Күн ғана. Әлемнің жалғыз жарық көзін сырлас серігіне айналдырып алған соң, дегбірсіз іштің қуаныш іңкәрін бөлісіп, сабыр табатын.


Айымша... Гудок... Айымша. Жалғыз үй.


Зымыраған уақыттың бадырайған бедері де, ыстық белгісі де солар. Жұмыр жердің мәңгі жоғалмас көркем ескерткішіндей апыл-құпылда ынтықтырып кезіктіреді.


Бірақ...


Әсем әннің қайырмасының қожырайтын шағы жетіпті...


Маратбек күндегісіндей рейске асығып, қара будкаға енісімен ауыр составты қыбырлатып қозғап әкетті. Жылдамдық артып жүрек әні тарсыл-гүрсілді жаңғырықтыра күшейтіп ілгері арындатып келеді. Талай станция, талай разъезд де артта қалды.


Темір доңғалақтарда тыным жоқ. Асыққан жүректің алып ұшқан екпінімен зымырайтындай рельстердің түйіскен тұстарында тақ-тұқ түйгіштеп, Маратбектің қыбын қандыра түседі.


Машинист алдындағы есікті ашып тастады.


Таудан асып бара жатқан күн қарсы алдан ұрып, рельстің қос сызығын қызыл күрең қос тартпадай, ұзарта созып, ілгері тартып барады. Ал, таудың оң жақ бөктерінде, қарауытқан қойнаудың ішінде, Айымшаның оңаша түтін түтеткен мекені бар. Анау асығыс зымыраған қос сызық қазір-ақ дүңкілдеп, дүбірлеп жар салып жатыр-ау!


Қас қарайып кетті. Прожектор сүңгісі ұйып түскен қоймалжың қараңғылықты тіле жарып, жалғыз үйді бұлдыратып, билетіп айқындай түсті.


"Қазір алдымнан тосып тұрады. Әлі уақыт ерте. Жата қойған жоқ. Күн әжептәуір желең екен. Жеңіл-желпі шығып суық тигізіп алмаса".


Әне-міне дегенше паровоз казармаға жақындап қалды.


Күндегідей күлімдеп шығатын Айымша да, терезедегі жарық та көрінбейді.


"Айымша жоқ! Жоқ! Жоқ!".


Кенет... шыңғырған дауыс естілгендей болды... Жан ұшыраған әйел даусы!..


Маратбек жүрек дүрсілін баса алмай ентігіп, қасындағы серіктеріне қарады. Кочегары тендер мен оттықтың арасында кеудесіне дейін жалаңаштанып алып, шатқаяқтаған аяғын тәлтіректей басып, күрекпен көмір тасып жүр. Тер айғыздаған бет-аузын сүртуге де мұршасы жоқ. Ештеңемен жұмысы жоқ. Қаннен- қаперсіз. Ал, көмекшісі будканың қарсы жақ терезесіне үңіліп ұйқылы-ояу мүлгіп отыр. Жолдың осы тұсында Маратбектің тым сергек болатынына әбден сеніп алған жігіт, бес-он минут болса да дамылдауды әдетке айналдырған еді.


"Не істеймін?! Дауыстаған — Айымша! Айымша! Соның үні! Әйтпесе, көрінер еді. Терезенің алдына шамын жағып қояр еді. Тегін емес!"


Түртінектеген қолдар еріктен тыс ұмтылып, тормоз тұтқасына тақалып барып қайтты. Дірілдеп келіп дегбірсіз саусақтар формалы қалпақты умаждап бүріп алды. Маңдайды ауырта сипап өтіп, суық термен беттегі күйені айғыздады. Қалпақты қайтадан төбеге қондырды.


"Ал, тоқтаттым пойызды. Бардым дейін. Сонда не істеймін? Графикті бұзам. Бүкіл жол бойындағы қозғалысты тежеймін. Дауыс ше? Жанұшыраған ащы дауысты анық естідім ғой. Алдануым мүмкін емес. Айдаладағы жалғыз басты әйелді әлдекімдер тонап жатса ше? Мүмкін қол-аяғы қозғалтпай, ауырып қалған шығар? Мүмкін дәл қазір маңайынан қол ұшын беретін жан таппай, пойыз дүрсілін денесімен, жүйке тамырымен сезініп, асыға күтіп тұрған жоқ па екен?"


Айналасына алақтап, абыржып көз тастады. Оттықтың аузынан лапылдаған жалын қызыл тілдей сумаңдап сыртқа тап берді де, лып етіп үстіне түскен көмірмен бірге көміліп, будақтаған қара қошқыл ащы түтінін соңғы рет ашына ытқытып қалып, сарт етіп жабылған темір қақпақтың тасасына қашып тығылды. Әбден қалжыраған кочегар білегімен бетін сүртіп, Маратбекке қарап үнсіз жымиып қойды.


"Бұл түк естімепті. Естімепті. Сонда менің алданғаным ба? Ол да мүмкін-ау. Есік-терезесі түгел жабық үйден әлдекімнің айқайлаған жалғыз даусы мына тарсыл-гүрсілді жарып жете қоюы екіталай".


Аспан мен жердің көбесін қақ айырып батыстан қияқтанып ай туыпты. Сығалап оң жақ бүйірден құрық бойы қылтиып көтерілді де, әлгіндегі тұтасып тұрған қара түнекті баяу ғана серпіп жіберді.


Маратбек төс қалтасынан "Павел Буресін" суырды. Сырт еткізіп қақпағын ашты. Бар-жоғы екі-ақ минут өтіпті. Секунд тілі сумаңдап, қылт-қылт жылжып: "Бол, бол!" дейтіндей секеңдеп шеңбер сыза жөнелді.


"Айымша! Сол! Соның даусы. Менің келе жатқанымды біледі. Паровозымның даусын алыстан таниды. Жанұшыра айқайлағаны да сондықтан".


Көзін жұмды. Селк етіп, алдына шұқшиды. "Кім болса да, шыңғырған адам жандалбаса етіп, жәрдем сұрайды. Сұрайды. Сұрайды". Соңғы сөзді дауыстап айтты.


Көмекші машинист жалт бұрылып, Маратбекке тесірейді. Әлденені түйсінді ме, үндемей ғана күйбеңдеп ендігі жұмысты өз бақылауына алды.


"Сұ-райды. Сұ-рай-ды!". Доңғалақтар тұс-тұстан жамыраса сөйлеп кетті. Доңғалақтар тарсылы тақылдап келіп ми қабығында жаңғырықты.


"Дәл қазір не болып жатыр екен? Айымша бұдан ендігі күдерін үзген де шығар. Апыр-топыр жанталасып, күш-қайратын сарқа жұлқысып жатыр ма? Әлде... Жо-жоқ! Айымша өлмейді! Өлмейді! Өлуге тиіс емес ол!".


Маратбек тормоз тұтқасын жайлап сипалай бастаған қолын жұлып алды.


"Мүмкін Айымша бір жаққа жолаушылап кеткен болар. Иә-иә. Кетуі мүмкін. Есігі жабық тұрды ғой".


Кочегар пенжегін иығына іліп апты. Күрегіне сүйеніп темекісін жайбарақат сорып тұр.


— Сен әлгінде айқайлаған дауыс естіген жоқпысың?... Естімедің бе?.. Жай әншейін... Құлағыма шыңғырған дыбыс жеткендей болған соң...


Кочегар иығын қиқаң еткізді. Алақанына түкіріп қойып, қайтадан тендерге шықты.


"Әй, Айымша-ай! Жалғыз қоныстанып нең бар еді? Ел-жұрттың сыпсың өсегінен қорықтың-ау. Ел- жұрттың сонда бізде несі бар? Адам бірін-бірі ұнатқаны үшін де кінәлі бола ма? Ұмытпағаны үшін де қылмысты санала ма? Оның несі шам? Бір-бірімізге деген тұнық ниетіміздің түзулігі басқаға қандай кедергі, қандай кесел тудырушы еді. Әдептен аспау керек дейтін жалпылама бір ұғымды ойдан жасаймыз да, оңашада соны ойыншық қып ойнаймыз. Періштеден ақ, сәбиден таза боп көрінгіш байбаламшыл кейбіреу "ар, ұят, ождан" деп дүрсілдетіп омырау қаққанда, өз күдігін, өз кінәратын өзгеден жасыру үшін жасайтын болар. Ал, біз Айымша екеуіміз неменеге жасқаншақтандық екен? Көңілде иненің жасуындай арамдық жоқ болса, адалдықты, адамдықты қымтап ұстауымыз қалай? Қалай? Қа-лай? Қа-а-ла-ай?".


Тақ-тұқ доңғалақ екпіні осы сұрақты рельс тоқпақтап қайталап жатыр.


Маратбек сырғытып әйнекті жапты. Сырғанап кеп бет әлпеті шынының ар жағынан шағылыса бедірейе қалды.


"Қандай ұсқынсыз сұрғылт жүз еді! Қандай меңіреу пішін еді! Қандай мылқау тас мүсін еді!".


Өз-өзінен түңіле жеріді. Сырт айналып, манометрлерді бақылады. Будың қысымы мөлшердегіден асып кеткен екен, қазандағы артық буды ысқыртып сыртқа атты. Шұбатылтып соңынан біраз ілестірді. Көмекшісінің қимылсыз бетіне қарашығын сұйылтып, ұзақ тесірейді.


"Сұп-сұр! Адам біткен тегіс сұрғылт тасқа айналған ба? Суық ызғар шашқан қатыгез мүсін боп бара ма? Жылуы жоғалған ба? Жанарлар неге күңгірт? Құлақ бітеу, көкірек түгел жабық. Неге? Не-ге?"


Ұйқы басқан көмекшісінің шаршаңқы өңі біртүрлі енжар, біртүрлі бейқам. "Ал, өзіңдікі ше? Өз ұсқыныңа қарасаңшы?" Терезеге бұрылды. Әйнектен әрі сұрғылт, өрі тұнжыраңқы, әрі сабырлы жүз мазақтағандай үнсіз телмірді.


"Ал, енді суретіңмен айтысып көр. Қай түкпірге безсең де, дүниенің төрт бұрышын түгел шарласаң да, өзіңнен-өзің қашып құтыла алмайсың. Құтылып көрші, ер екеніңді білейін!... Табанында жатқан жалпақ педальды басып қап, зымыраған доңғалақ астына құм сауылдатшы! Мына арындаған паровоз қарқынын сәл тежеші мықты болсаң. Содан кейін түсе салып, кейін қарай өкпеңді қолыңа алып, құстай ұшшы. Тас есікті жұлқып ашып, Айымшаның қаны қашқан үрейлі жүзіне қан жүгіртші. Құтқаршы азабынан"...


— Шеф, "жасыл көше"! Жол ашық!


Көмекшінің даусы қазан астынан құмығып шыққандай құлағына талмаусырап үзік-үзік жетті.


Доңғалақ астына сарылдап қиыршық құм құйылды. Шақыр-шұқыр шайнасқан темір мен тастың ащы дауысы табаннан жоғары өрлеп, төбе құйқаны шымырлатты. Жүріс бәсеңдеді. Ауыр состав паровозды лықси соқты.


Маратбек орнынан атып тұрды. Бажырая қалған көмекшісіне ләм демей, жезло таяқшаны қарына қыстырып, есікке ұмтылды. Лап еткен ауа толқыны ішке қарай серпіп қалды. Маратбек есік тұтқасын ұстап тұрып кеудесін сыртқа лықсытты. Қызыл фуражкасын желкесіне шалқайтып жіберген станция кезекшісі баяулап жақындаған составқа үрейлене қарап, жезлоны тік көтеріп, ентіге айқайлап жатыр.


— Бөгелме! Кідірме! Тездет! Тездет! Соңыңда жолаушы поезы бар. Тоқтатпа!


Маратбек қолындағы жезлоны лақтырып тастап, кезекшідегіні іліп алып, тақ-тақ айқайлады.


— Мың төртінші километр! Жалғыз үй! Хабарласыңдар! Кісі өлімі болуы мүмкін. Өтінемін, Иван Калис- тратович!..


Паровоз қайтадан жүрісін үдетті. Доңғалақтар тарсылы әдеттегі машықты әуеніне басты.


"Ал-ға! Ал-ға! Тез! Тез!"


Маратбек әйнекке бұрылды. Шаршаған жанардан болар-болмас ұшқын нышаны жылтырағандай көрінді.


"Иван Калистратович тындырымды еді. Екі еткізбес. Көмегі тиер. Тиер. Айымша-ай! Қандай жағдайға душар болдың екен?"


Доңғалақтар тарсылы құлаққа кірер емес. Кеудедегі тынбай өрекпіп тұратын толқын дүрмегі де азайыпты. Жо-жоқ, ән аяқталмайды. Аяқталмайды. Жүрек лүпілі әлі тоқтаған жоқ. Әлі тыншыған жоқ.


Арқыраған гудок түнгі даланың түкпір-түкпірін кезіп кетті. Сол гудок үні жүрек жаңғырығындай артта қалған жалғыз барақтағы Айымшаны іздеп барады.


* * *


Ауыз үйден Әйкіжанның көңілді даусы естілді.


— Көрінбей кетіп едіңдер. Екеуіңнің біраз сыбағаларыңды береді. Күнде іздейтіндері сендер. Мұхит-ау, жаман қой ісегінде қартаяды деп, өзің әбден можып кетіпсің ғой. Түу, сақал-мұртыңды басуға да қолың тимеген бе?


Мұхиттың атын естігенде Маратбек қатты елеңдеп, ортадағы есікке қадалып қалды. Бұрынғыдай апыр-топыр тұрып кетуге шама жоқ, тек дауыстап үлгерді.


— Мұ-хи-ит!


Есік сарт ашылды. Балбөпеге сүйеніп кірген құрдасы табалдырықтан аттар-аттамастан Маратбекті құшақтай құлады.


— Төл құрдасым! Маратбегім! Сағындым ғой.


Иығы селкілдеп, кеудесі сырылдап біразға дейін басылған жоқ. Әйкіжан мен Балбөпе Мұхитты кейін сырғытып, көрпеге жайғастырды.


— Неге жатып алдың? Өзің келмесең, мына Балбөпе сұлуды жібермеймісің? Әлде баяғыдай әлі қызғанудан саумысың, — деп Маратбек құрдасына шалқалай қарады.


— Е-ей, Маратбек! Мұхитты сол бұрынғы Мұхит көресің ғой әлі. Ауру меңдеген соң бұл тірлікті қойсаңшы. Кеудемді сүйретіп жүргенім болмаса, менікі қай бір жетіскен тірлік, — деп Мұхит көз ұшындағы тамшы жасты саусағымен шекіп тастады.


— Жә! Мойыма! Қасында Балбөпе отырғанда сені ала қоятын жау жоқ, — деп Маратбек өзі де босап бара жатқан көңілін білдірмеуге тырысып әзілге құрық созды. — Әлде бұл бойжеткенің қалаға қашуын тоқтатқан жоқ па?


Бөпештің арқасы ғой ілініп-салынып жүргенім. Әйтпесе... — Мұхит қолын ызалана сілтеді.


— Өзіңе не болған Мұхит? Соғыстан жараланып келгенде де ештеңеге мойымай, жарқылдап жүруші едің? Ауру әбден титықтатқан ба?


— Ауруды айтпа. Ол — кәрісерік қой. Мені қинаған басқа. Маратбек, құдайдан ұл сұрап, тәңіріне қысқа күнде қырық жалынған адамнан өткен ақымақ жоқ екен. Бүгінде соған көзім жетті. Мені өлтіріп бара жатқан — Тілеубегім ғой, — дегенде Мұхиттың ақшулан сақалы дірілдеп, терең әжімдері айғыздала қалды.


Маратбек құрдас сырын түсінеді. Мұхит пен Балбөпе үш қызға дейін ұл көрмей, отағасы шаңырағы құлайтындай біраз күйзелген болатың. Балбөпе үшінші перзентіне толғатып жатқанда Мұхит Маратбектердікіне келіп жатып алған-ды.


— Ұл туса, тайлы-тұяғы қалмай менен сүйінші сұрасын. Жиған-тергенім қалай шашсам да жетеді. Бөпеш осы жолы бір қойшыбайды дүниеге әкелсе, қазір өліп кетсем де армансызбын, — деп төрдің алдына сулап түсіп, алты жасар Сайлаубекті кеудесіне мінгізіп алды. Баланы біресе алақанында секіртіп қақпақылдап, біресе "насыбайынан" иіскеп жатты да, бір сәт қасына тік тұрғызды.


— Қане, Сайлаужан, оң аяқ болшы. Өзіңе тартып бір тентек туар ма екен? Ақылды ғой, бұл Сайлаубек. Балбөпенің мәмпәси салған дорбасын көрсетіп едім ғой. Соны түп-түгел, дорбасымен әкеп берейін. Оң аяғыңды көтерші!


Сайлаубек қарап тұрып қасарысты.


— Көтелмеймін. Әнеукуні Қайылжанға үш кәмпит белгенсің. Маған екеу-ақ. Келек болса, Қайылжан котелсін аяғын.


Мұхит одан сайын айналып-толғанды.


— Сайлаужан-ау, сен менің құс мылтығымды көрдің бе? Былтыр көкең Жайлаубек екеуі қарасудан үйрек атып әкеліп еді ғой. Демалыста өзіңді ертіп шығам. Анау Қаратұмсықтың етегіндегі қопада биыл қаз керемет көп дейді. Барасың ба?


— Балам. Маған мылтығыңды ұстатасың ба? Сонда Жайлаубек маған түк те ұстатпаған.


— Әрине. Дәу болғанында мылтықты басы бүтін берем. Енді аяғыңды көтере қойшы.


— Жоқ. Алдап кетесің.


— Алдамаймын, Сайлаужан. Құлдығың болайын.


— Иә, саған. Әнеукүні Лабиға әжемнің сиылын айдап келгенімде, сықпа белмек түгіл өзіме ұлысқан. Әжем алдымен сықпа белем деген. Бұзауды емізіп қойдың деп сонсоң ұлысады өзі. Маған бұзауын айтқан жоқ қой. Үлкенделдің бәлі алдайды.


— Қап, мына күшік немені-ай! Маратбек-ау, өзің бірдеме десеңші! — деп Мұхит күйгелектенді.


— Қайтесің баланы босқа әурелеп. Сайлаубек бір қыңырайса, көнбейді. Қоя бер. Ойнасын, — деп баласын сыртқа шығарып жіберген Маратбек құрдасының қасына жантайды. — Баланың бәрі бір. Қыздан бере ме, ұлдан бере ме, несіне тызалақтайсың.


— Әне. Бәрінің айтары осы. Бірінің аузына бірі түкіріп ойғандай. Аузыңды ұрайын, екі ұлды жетектеп, үшеу болып келе жататындарыңды мен көрмей ме екем. Сондай бақытты маған көп көресің бе?


— Жә, ашуланба! Батыр-ау, аяп отырмын ба. Сәл шыдасаңшы. Қазір-ақ сүйіншілеп жетіп келер.


— Шіркін-ай, сол хабарды естісем... Маратбек, тентекті... әлгі кішкентай қойшыбайды мойнымнан бір түсірмес едім. Пойтікшорту атадан жалғыздықты менің мойныма жазып қойса да. Тым ерке қылар едім. Бетінен қақпас едім. Ұл баланың бір бет өжет боп өскеніне не жетер. Заман тыныш. Не кием, не ішем демейсің. Мына менің әкеден жастай жетім қалып, тесікөкпе болып өскенімді ол білмесін.


Қаракөлеңке бөлмеде осылай қиял қуалаған Мұхит бір кез сырттан самбырлаған дауысты естіп қалған екен, орнынан тұра берді де, сылқ түсті.


— Қап! Тағы да тұлыпқа мөңіредім-ау!


— Қой ! Естиік те алдымен.


— Есті, естіме, анау шуыл онша мәз емес. Құдай сәбиге білдіреді ғой. Сайлаубек аяғын көтермегенде- ақ сезіктенгем, — деп Мұхит жылап жіберді.


— Әй, маубас екенсің. Қартайып отырсың ба? Балбөпедей әйел үш емес он үш бала тапса да былқ етпейді. Тұр! Сүрт сораңды! Дүниеге перзентің келіп жатқанда қорс-қорс етіп жамандыққа бастағаның не? Бар! Одан да Балбөпенің қабағына қарасаңшы! — деп Маратбек жекіп тастады.


Үш қыздан кейін Балбөпенің тағы да аяғы ауырлап, мұрнының үстіне ноқта түскелі Мұхит тіпті өбектеп кетті.


— Байқасаңшы, Бөпеш! Сол қазаны түскірді маған-ақ көтертсеңші. Пай-пай! Неге асықтың?


Балбөпенің айы-күні жетіп отырғанда, аяқ астынан рудник пен депоның жұмыскерлерін он күнге таяуда ғана ашылған вольфрам кеніне командировкаға жіберген еді. Іштерінде Маратбек те, Мұхит та, Сүйелбай да бар. Рудниктің самоход арбасына қос ат жегіп он шақты жігіт ауылдан шыққан. Өйтіп-бүйтіп он күнді де артта қалдырған. Маратбектің сонда құрдастарынан көңілі жаман қалып еді. Екі атқа сол он күнде Маратбектен басқа ешқайсысы маңайламады. Отқа қойып, суарып деген сияқты барлық михнатын жалғыз көтерген Маратбек құрдастарға қатты кейіді.


Қайтарда да делбені өзі ұстады.


Октябрьдің аяқ кезі болатын. Шашадан келетін күртік қар бар. Ауыл кен қазған жерден қырық шақырымдай. Азаннан жолға түскен бұлар ауылға бес километр қалғанда, Маратбек аттарды тоқтатты.


— Неге кідірдің?


— Тоқтатпа, Маратбек. Ауылдың төбесі көрінді ғой. Көз байланбай жетіп қалалық, — деген жігіттердің даурығысқан шуын тыңдамай, Маратбек жерге секіріп түсті.


— Аттар біраз тынықсын. Құланың тамақ бауы босап кетіпті. Өздерің әрірек шығып, желпініп келіңдер.


Күнұзын жолсоқты болған жолаушылар қиралаңдай басып арбадан аулағырақ барып, ышқырларын енді босата бастағандары сол еді, Маратбек самоходқа ырғып мініп делбені қағып қалды. Аттар желе жөнелді.


— Ойбай! Кетті!


— Қап! Құртты-ау! Айдалада қалдырды-ау!


— Бәсе, Маратбек тегіннен-тегін неге атшы бола қалды деп едім, осындай пәлесін әдейі сақтап жүр екен ғой.


— Ұстаңдар! Қуыңдар!


— Жеткізер ол саған!


— Маратбек! Құрдас! Мен — Мұхитыңмын ғой. Маған да тоқтамаймысың? — деп Мұхит басқалардан озып шығып далақтап келеді.


Алғаш тұс-тұстан қосылған жігіттер ауыр киіммен қашанғы жүгіре берсін, біраздан кейін өкпелері өшіп аяң бүлкілге ауысты. Тек Мұхит қана әлі де дәмелі. Сыр-сыр еткен өкпеден будақ-будақ бу атып, қос сызық боп тартылған арба ізімен тоқтаусыз бүлкілдеп келеді.


— Маратбек! Өлдім ғой! Тоқташы! Сәл кідірші! Мені мінгізе кет. Аналар алыста қалды. Қалсын бәрі. Оларға сол керек. Сен екеуміз бірыңғай едік қой.


Маратбек мырс-мырс күлді де, бишік үйірді.


— Жанының тәттісін! Өзін кінәламай, өзгені жазғырғыш. Сен де олардан асып кеткен жоқсың. Өлмейсің. Жүгір! Жүгіре түс. Екінші рет салдық құрмассың.


Аттарды атқораға байлап, үйіне келіп шайды енді ғана алдына ала бергенде сырттан Мұхиттың самбырлаған ашулы даусы естілді. Маратбек пимасын аяғына сұға салып сыртқа атылды. Ондағы ойы Мұхиттың ашуы тарқағанша, қолына түспеу.


Бірақ Мұхит қақпа алдында қарсы кездесті.


— Әй, аузыңды ұрайын! Сен кімді тәлкек етесің. Осы тұрған жерінде быт-шытынды шығарайын ба? Адамның көңілін неге қалдырасың. Екі табаным күлдіреп түсіп қалыпты, — деп жалаң аяғына тас кебіс ілген Мұхит көзі қызарып қарсы ұмтылды.


— Апырай, Мұхит, сенің ашуың қатты еді. Тым қуарып кетіпсің. Араша бермес түрің бар, — деп екі қолынан шап беріп ұстай алып, есік алдындағы күресінге қарай дедектете сүйрей жөнелді. — Әрине, сенің басқа құрдастардан жөнің бөлек. Екеуміз, сен айтқандай, бір ыңғай едік. Бірақ мені басыбайлы атшыңдай жұмсадың ғой.


— Аузыңды ұрайын, мінгізе кеткеніңде хандығыңнан таямысың? Ал, енді сақтан.


Жұлқынған Мұхит Маратбектің тас қып қысқан шеңгелінен босай алмай жанталасып жүргенде екі кебісі екі жаққа ұшты. Енді жалаңаш табан қызыл шақаланып тобыққа шейін қар ішінде тұр.


— Жібер қолымды. Аузыңды ұрайын, босат!


— Ойбай-ау, босатсам аузымды ұрып, тісімді қанатасың ғой. Неге босатам. Тастай алмай жүрген жаным жоқ. Өзің тіпті тұп-тура қаңтардағы бурадай жарап кепсің! Шайнап тастасаң қайтем, — деп Маратбек құрдасын оппа қарға қарай сүйрей түседі.


— Маратбек — ay, айтпады деме, бүгін менен бірдеме көресің. Ашуымды келтіріп, жыныңды қоздырма. Қоя бер! — екі аяғын кезек көтеріп жаны тызалақтаған Мұхит әлі де айбарланғанымен, десі қайта бастапты.


— Әлі ашуың келмеген түрің мынау болса, жының қозғанда онда бүкіл ауылды қарап қып кетерсің, дос. Қап! Аяқ астынан бір пәлеге қалғанымды-ай! Арашаға келетін де адам жоқ! Өзің өрт сөндіргендей түтігіп алыпсың. Маған да жан тәтті. Біреу-міреу келгенше осылай қолыңды ұстап тұрмасам, шықшытымды желкеме жамап жіберерсің, — деген Маратбек жорта қорқақтап, шегіншектеген күйі күресіннің дәл ортасына құрдасын дедектетіп апарды.


Мұхиттың алғашқы қарқыны жоқ. Табаннан өткен ызғар бүкіл денесіне дуылдай тарап, шабақтап жатыр.


— Аузыңды ұрайын, босат!


— Е-е, аузымды ұрғызу үшін босатуым керек екен ғой. Қой, Мұхит, ол зорлығың өтпес.


— Аузыңды ұрайын-ау, ол сөзімнің мәтелі ғой. Тиіспейін. Жаның аманат, — деп Мұхит мүлде босаңсыды.


— Босатқан бетте бір соғып жалп еткізбексің ғой.


— Айттым ғой, тимейін.


— Елдің бәрін аңқау санайсың. Жоқ! Босқа арандап қалатын иланғыш Маратбек жоқ, — деп әдейі қасарыса түседі.


— Түу, түу, нағыз саппас екенсің. Бір шертіп қалсам, екі дүниеде оңбай өтейін. Бүгін енді бір жолғы ашуды құрдастыққа байладым. Екіншіде оллаһи, аямаймын, — деп екі аяғын кезек көтеріп сауысқанша секірген Мұхит қолын босатуға тырысып жұлқынып қояды. — Әрине, бүгінгі қылығыңа ерегіскенде біраз төмпештеп алуға болатын еді... Жә! Қорықпа. Ашуым тарқады.


— Шын тарқады ғой.


— Шын тарқады.


— Сенбеймін. Тісің сақылдап, аш қасқырдай тап бергелі тұрсың. Қоя берсем, бір-ақ атыларсың.


— Ойбай-ау, не деп қарған дейсің енді! Ит-ау, мен сені қанша жерде алдап едім? Айтшы, ал!


— Рас. Алдамайтынсың. Бірақ ашу — дұшпан. Ол ештеңені ойлатпайды. Мына қалшылдап, дірілдегеніңе қарағанда, бұл бетінде бүгін мені тірі қалдыратындай түрің жоқ.


Мұхит тізерлеп отыра кетті.


— Оллаһи, тиіспейін. Өзіңді көргенше азу егегенім рас. Енді қайттым райдан.


— Сен өйтіп мәймөңкелеме. Әдейі жуасып тұрсың.


Мұхит мойнын үй жаққа бұрып, ашына айқай салды. Сақылдаған тістері біріне-бірі тиеді.


— Әй-кі-і-жан! Қайдасың, ойбай! Мына жынды күйеуіңе қоя бер десеңші!


Әйкіжан есіктен басын қылтитты.


— Құдай-ау, мынау екеуіне не жетпей жүр. Мұхит- ау, құрдасыңа соншама өшіккенің не? Араларыңнан қыл өтпейтін тату едіңдер ғой. Өзіңе бірдеңе көрінген бе, апақ-сапақта айқайлап келіп елдің зәре-құтын ұшырдың ғой, — деп есік пен төрдей жерде тұр.


— Қап! Қылдың-ау, Маратбек! Бұлардың қатынына дейін ымы-жымы бір. Әй, Маратбек, айтсаңшы, ең болмаса бір шертіп қалдым ба?


— Рас, қолың тиген жоқ. Бірақ қоя берсем ғой, тұп-тура түтіп жейсің. Әйкіжан, сен анау жоғарғы ауылдан Ермекбай ақсақалды тез ертіп келші. Сол кісіден басқаға бүгін Мұхиттың араша беретін түрі жоқ, — деп Маратбек Әйкіжанға көзін қысып қалды. Ермекбайдың үйі бұл арадан кемінде жарты шақырымдай жерде. Сүйретіліп Ермекбай жеткенше Мұхит он өліп, тірілерін біледі. Енді Әйкіжанға жалына бастады.


— Әй, келіншек! Ойпыр-ай, өзің жөн білуші едің ғой. Тоқташы. Арашаны саған-ақ бердім. Бері, бері жақында. Мына жынды байыңа қоя бер деші. Құлдығың болайын.


— Жақындама, Әйкіжан. Мұхиттың қулығын білмейсің. Қолы босасымен-ақ диюдай алысады. О- о, білем ғой бұның сырын. Ешкімді аямайды, — деп Маратбек теріс айналып, іштей сылқ-сылқ күлді.


— Айналайын, Әйкіжан! Өткенде Әштайжанның кіндігін кесе алмап едің. Ендігі рет өзіңдікі. Балбөпеге айтып қойғам. Болашақ ұлымның кіндік шешесі өзің боласың. Кел, босат мына перінің қолын.


— Төбелеспейсің ғой.


— Ойбай-ау, өлтірмесеңдер, жетті енді. Аяғым үсіп кетті.


— Көтек! Кебісі мында жатыр ғой. Көкесі, жібер!


— Ал, Әйкіжан, обалым саған, — деп Маратбек құрдасының қолын босата салып ырғып қашқанда, Мұхит кебісіне де қарамастан үйіне қарай безіп барады. Ұрсып барады.


— Қап, Маратбек ит! Асықпа! Ендігі ісім сенімен болар. Келтірермін алдыңа. Аузыңды ұрайын, әбден желіккен екенсің. Бір қатырармын.


Екі жерде шек-сілесі қатып күліп қалған Әйкіжан мен Маратбек сәлден кейін үйге кірді.


— Сен де қатты ойнайды екенсің? Суық ұстаса қайтесің, — деп Әйкіжан күйеуіне кейіді.


— Саспа, Әйкіжан! Мұхиттың жас күнінен жалаңаяқ басып жүрген қары емес пе. Түк етпейді. Дегенмен... сен Әйкіжан, үйде қойдың құйрығы бар ма еді. Балбөпеге апарып берші. Аяғын сыласын.


Екі-үш күнге шейін Маратбек пен Мұхит бірін-бірі көрген жоқ. Маратбек рейстен шаршап келіп, тамағын ішер-ішпестен төрдің алдына киімшең қисая кеткен.


Балбөпенің толғағы қысқан ба әлгінде Әйкіжан көршісіне асығыс жөнелген-ді. Кенет есікті ойбайлата ашып, даурыға сөйлеп Мұхит кіріп келді.


— Маратбек! Ay, Маратбек!! Үйдемісің?


— Немене? Жау шапты ма? Кісіге маза беремісің осы? Көзім енді ілініп бара жатыр еді.


— Аузыңды ұрайын, әлі ренжіп жүр екенсің ғой. Кінә менен. Бір жолға өкпеңді қи. Саған қалай ашуланғанымды өзім де білмей қалдым, — деп екі қолын созып, төніп келген Мұхит ыржиып тұр.


— Ой, суға сүңгіп шыққанбысың? Басыңнан тамшылаған тағы не пәлең?


— Маратбек, қолың жеңіл еді. Шашы құрғыр, өсіп кетіп... Қыши берген соң... Ұстараң да өткір, алып берші.


— Әй, сонда басынды үйіңнен жуып шықтың ба?


— Жумай, уақыт тығыз. Балбөпе байғұс толғатып жатқан соң... Болсаңшы енді.


Маратбек іргеден ұстарасын алып, былғары белдікке екі-үш жаныды да, тырнағына салып көрді.


— Отыр. Ерегіскенде құйқаңды тіліп-тіліп берейін.


— Мейлің, Маратбек. Құлдық, ағатай.


— Жә! Босқа кішірейме. Түу, шашың құрғап кетіпті- ау. Шәйнекті бері жылжытшы.


Маратбек құрдасының бір жақ шекесінің шашын сыпырып бола бергенде, даладан "сүйіншілеген!" дауыс дүркірей жетті. Сол-ақ екен, Мұхит отырған жерінен қалай ыршып кеткенін де білген жоқ. Басының жарты құйқасы ағараңдап есікке жеткенше он сүрінді.


— Маратбек-ай! Құрдас-ай! Тілеуді қудай берді ғой! Берді ғой жасаған. Сүйінші өзіңдікі! Сенікі! Жүр! Жүрсеңші! Аллай, буын-буыным босағаны несі! Көтерші, тұрғызшы, Маратбек! Ризамын, тәңір! Ризамын. Өмірден тұқымымды жалғар ұрпақ көрмей кетем бе деп үрейленуші едім. Бәрі бекер екен. Маратбек, әлгілер неге кешікті? Неге кірмейді? Бөпештің жаны аман қалды ма екен? Жүрсеңші!


Бірін-бірі сүйемелдеп екеуі тысқа шыққанда, далада Мұхиттың қай үйге кіріп кеткенін байқамай ерсілі- қарсылы шұбырып жүрген әйелдер, айқайлап бері салды.


— Сүйінші, Мұхит! Сүйінші!


— Ұлды болдың — құнды болдың!


— Тілегіңді берді — Тілеубегіңді берді!


Тұс-тұстан жармасқан әйелдерге есі шыққан Мұхит қайта-қайта бас изегенде, күбірлеген еріндері "тілеуім — Тілеубегім! Тілеубегім! Аты Тілеубек болсын", — деп жатқан еді.


Әйелдер айт-үйтке қарар ма, қойны-қоншын қол салып ақтарып, Мұхит байғұстың күні бұрын бөлек-бөлек түйіп қойған кілең жиырма бес сомдықтарын таратып әкетті. Түлкіжан дейтін адуын әйелге ештеңе бұйырмаған ба, әлде әрқайсысы екі жиырма бестіктен тұратын түйіншекті азырқанды да, Мұхиттың иығындағы пиджагын жұлқылап шешіп алды.


— Жаның адыра қалғыр, жартыбас! Ақ түйенің қарны жарылатын күні саған дүние-бұйым жәлкі ма?


— Ойбай, Мұхит шынымен Жартыбас!


— Жартыбас!


— Жартыбас қайным. Тез жүр. Кішкене қойшыбайыңның көрімдігін өзім алам.


— Тілеубектің деңіз.


— Не? Тілеубегі кім?


— Ұлым! Тілеубегім — ұлым, — деп құйқасы жартылай ағараңдаған Мұхит қатындардың арасында көрінбей кетті.


Сол Тілеубек алты айға толмай жатып Мұхиттың мойнына көшіп еді. Өбектеген байғұс жұмыстан келісімен, тамағын ішер-ішпестен ұлын мойнына салып алып, төменгі ауылдағы құрдастардың үйін түгел аралап шығатын.


Тілеубектің еркелігі ғаламат болатын. Әкесіне бес минут тізе бүккізуге мұрша бермей, қыңқылдап жылап еріксіз тұрғызып әкететін.


— Мұхит-ау, бұл шіркінді соншама еркелеткенде, Мәді болады деймісің. Қоя берсеңші, балалармен ойнасын. Тіпті сөз естіртпеді ғой, — деп кейіген үлкендерге Мұхит кәдімгідей бұртиятын.


— Жалғызым көздеріңе түскен екен. Немене, төбелеріңе ойнақтады ма? Отырса, өз мойнымда отыр. Көтерсем, өзім көтерем. Сендердің нелерің бүлінді.


— Түу, байғұс. "Баланы бастан" деген. Пейішке апаратындай-ақ әуеніне төңкеріліп... Айтпады деме, мына өбектеуіңді қоймасаң, Тілеубекті өзің бүлдіресің.


— Ақылдарың өздеріңе. Құдайдан тілеп алғанда кім көрінгеннен сөз естиін дегем жоқ, — деп Мұхит тұрып кететін.


Екі-үш жасар кезінде Тілеубектің бейпіл сөзбен тілі шықты. Үлкенді де, кішіні де жеті атадан сыбап бергенде бет қаратпайды.


— Мұхит-ау, жөнге салсаңшы балаңды. Бұл күшік сонда екеу болады деймісің. Өнеге тәлімде емес пе.


— Қайтесіз, ақсақал. Ес білмеген бала әзірше не айтпайды. Ақыл тоқтатқан соң өзі де ұялады. Құр түртпектей берсем — милау боп кетпей ме, — деп Мұхит құлақ аспайды.


Бірінші класта үш жыл отырған Тілеубек мектептің бүкіл мұғалімдерін қан қақсатты.


— Хат таныса болады. Оқымысты болмай-ақ қойсын. Әкесі мен де бар-жоғы екі класпен-ақ елден қалып отырғам жоқ. Заман тыныш. Екі қолға бір жұмыс. Тілеубегім тірі болса, қатарынан кем қалмайды.


Қатарынан кем қалдырмауға көңілшек әке қолынан келгенше тырысып бақты. Онға толғанда велосипед сатып әперді. Он беске шыққанда мотоцикл сыйлады.


— Малды жанға жинайды. Тілеубегімнің бір күнгі көрген қызығы — өмірімнің қуанышы. Пойтік-шорту битін сығып, қанын жалаған сараңдар өзімен кетсін. Бөпеш, қызыл сиырды бұзауымен етке өткізейік. Дүкенге мәтесекіл келеді дейді. Тілеубекжан қыңқылдап жүр. Қатарынан қалмасын.


— Осы сөзің балаңның түбіне жетеді. Қатарының қайсысында мотоцикл бар еді?


— Өй, пойтік-шорту, қатын! Мұрныңа түктің исі бармайды-ау. Мұхиттың жалғызы қатарынан қалып емес, озып жүруі керек. Естідің бе? Ертең қызыл сиырды өріске жібермей алып қал. Заготскот адамдары кірін құрып жатқан анау склад жанына.


Қызыл сиыр бұзауымен етке өткенде, қара мотоцикл Мұхиттың есігінің алдында тұрды. Қияқ мұртының боз қырау шалған шалғысын ширатқан Мұхит белін мықынданды.


— Пай, пай! Тілеубекжан, әкеңнің арқасында сайрандап бақ! Анау нашандіктің ұлы да мінбеген мәтәсекіл бұл!


— Иә, саған. Олардың көк "Москвичі" бар. Жаман дырылдақты соншама бұлдап, — деп дөңгелекті теуіп-теуіп жіберген Тілеубекке әкесі алғаш рет шытынай қарады.


— Әй, өзіңнің есің дұрыс па? Нашандікпен мені салыстырғың келген екен ғой. Ондай дәмең зор болса, мектепті неге тастап кеттің, сен күшік!


— Басымды ауыртпашы! Мә! Дырылдағың қажет емес, — деп баласы кілтті лақтырып жүріп кетті.


Бірақ мотоцикл ертеңінде-ақ Тілеубектің тақымынан бір босамады. Талай тауық жолында домалап қалды. Талай рет өзі домалады. Жыл жарым ішінде екі дөңгелекті мотоциклдің сау-тамтығы қалмағанша Тілеубектің де жасамағаны болмады.


Төрт класты тәмамдамаған ұланды әскерге де алмайды екен. Жұрттың балалары бірі оқуға түсіп, бірі жұмысқа орналасып, бірі міндетті әскери борышын өтеуге аттанып жатқанда, Мұхиттың ұлы екі қолды алдына сыйғыза алмай, төменгі ауыл мен жоғарғы ауылдарды дүрліктіруден жаңылған жоқ.


"Күшіктің мойнына қамыт кигізіп, аяғын тұсап қояйын" деген далбасамен жиырмаға жетпеген Тілеубегін үйлендірген еді. Келіншегін күнде ұрып шыдатпай қойған соң, ақыры ажырасып тынды.


Бар білері — ішімдік. Далада ішіп, далада түнеп қалу — екі күннің біріндегі әдеті. Әр жұмыстың басын бір шалғанымен берекелі байыз таппады. Отызға жақындап қалса да, баяғы сәби кезіндегідей Мұхиттың мойнында жүр.


Арақ жүрген жерде әлек жүретіні белгілі. Алғаш төбелесіп, жолдасын пышаққа жығып, ағайын жолымен сотталудан аман қалып еді. Бірақ жетесізге жетпейді екен. Әкенің алдындағы екі-үш қараны таусылмас байлық көре ме, әлі де елтек-селтек қалпы. Таяуда ғана бір тойда қонаққа келген бір қызды әурелемек болғанда ұсталып қалыпты. Содан бері түрмеде жатыр. Мұхитты қажытқан да, қартайтқан да "тілеп алған Тілеубегі". Маратбек үндеген жоқ. Кезінде айтқан тілді алмай, ақыл салған адаммен ұстасқан құрдасы, енді міне, бармақ тістеп опынып отыр.


— Құртқанда қу ұл құртты ғой, Маратбек. Бала болмай, бәле болып өтерін білгенде, құдайдан зарыға тілеп нем бар еді, — деп бой-бой босағанда сақалына екі-үш тамшы селдір кірпіктен үзіліп-үзіліп түсті.


— Берік бол, Мұхит! Амал не? Өкімет тәрбиесін көріп, оңалып кетер. Жас қой әлі. Әйтеуір, тірі жүрсін де, — деп тамсанған Маратбек Әйкіжанға қарады. Бәйбішесі түсінген екен, жалма-жан қасықпен аузына ақ тамызды.


Таңдайын жібіткен соң Маратбек құрдасына қайта бұрылды. Шүңірек көздерде баяғы бір қутың күлкінің болар-болмас ойнақы табы білінді.


— Әй, өзің нағыз теке сақал болыпсың-ау. Мәнің мен сәнің кетіп қапты ғой мүлдем. Мына қалпыңмен Балбөпенің жүрекқабын қалай жарып жібермей жүрсің.


— Күл, күліп қал, Маратбек. Бүгінде мені табаламайтын жан қалмады, — деп Мұхит еңсесі түсіп барады.


— Қой, Мұхит! Саған күлгенде не табам. Көңіліне алма. Менікі үйренген ауыздың әдеті де. Әйкіжан, Сүйелбайға ұсынған қымызды құрдастан аяймысың. Әпер тостағанды Мұхитқа, Балбөпе екеуі бөліп ішсін.


— Тәйт! Сенің бір қасық нәпақаңа таласып мені жын ұрып па? Осы үйден ет пен шай ішіп, өзіңнің қасыңа түнеп кетуге әдейі келіп отырмыз. Бөпеш, солай ғой.


— Иә. Бүгін төртеуміз баяғыны еске түсіріп түнімен шерқұмардан бір шығайықшы, — деп Балбөпе сыңғыр күлкісінің жобасын жаңғыртты.


— Әйкіжан, тұр. Қазаныңды қайта ас! — деп Маратбек кәдімгідей көңілденіп қалды..


— Жо-жоқ! Бізге бола әуреленбе! — деп Мұхит безектеп еді, Әйкіжан болмады.


— Құрдас, ас-суға араласпа. Сыбағаңды осындайда жемегенде қайда жейсің. Жүр, Бөпеш, екеуінің оңаша айтар құпияларына бөгет жасамайық. Қарашы, жігіт кездеріндегілерін есіне түсіргендей мына екеуінің қутыңдап кеткенін.


Балбөпелер шығып кетісімен Мұхит бір жылжып Маратбектің қасына жантайды.


— Ал, қалайсың? Күні бойы дұрыстап көңіліңді де сұрамаппын. Ақ өтіп тұр ғой.


— Мұхит, сенен несін жасырам. Күн сайын әл-қуат азаюда. Жазға жетсем...


— Қой!... Айтпақшы, Маратбек-ау, мен бір ем естідім. Соны байқасақ қайтеді, ә? Құдай шипасын салар, дем Мұхит шоқиып отырып алды. — Жылан ше? Әлгі қарашұбары бар ғой. Соны уын төккізбей өлтіріп, отқа қақтап жесе.. мың да бір ем дейді. Соны да бір көрсеңші.


— Оны қайдан табам?


Мұхит еңбектеп барып табалдырықтың алдында жатқан ескі кәрзеңкені сүйретіп келіп, аузын ашып көрсетті.


— Міне! Қайдан табам деп жүр едім, сәтін салғанда оп-оңай кездескені. Маратбек-ау, өзің баяғыда айтып едің ғой "Ұлдан бере ме, қыздан бере ме" деп. Менің Әшкенжаным үлкен медеуіміз болып тұр. Күйеу баламыз да жақсы жігіт. Үйді ұстап тұрған сол екеуі. Мына мен күркілдеп жатып қалғанда, Бөпеш ұлын уайымдай ма о да бұрынғыдай емес. Әшкентай кеше малдарға шөп салайын деп қораға барса, шөптің арасынан мына жыланды көріп қалыпты. Өзі өжет-ақ! Айырмен басынан шаншып өлтіріпті. Әлгі ем болады дегенді естігелі қайдан табам деп күйгелектеніп бітіп едім. Жазылады екенсің, Маратбек! Ойбай-ау, қыстың ішінде бұл түсі суық пәленді дәл үйдің іргесінен кездестірген жасағанға қалай иланбассың. Көрдің бе?


— Иә. Әрі әкетші!


— Әй, Маратбек, сен жерінбе дейім. Құдай сәтін салайын деп тұр.


— Жарайды. Суық жерге қойғызсаңшы оныңды енді.


Мұхит Балбөпені шақырып, қолына кәрзеңкені ұстата салды.


— Шошалаға қойыңдар. Таңертең өзім бісмілда деп ем жасаймын. Сөйтем.


Балбөпе шығысымен Маратбек бас жағындағы дойбыны алды.


— Кел, бір ойнап жіберейік.


— Ойнайық.


Сәлден кейін екеуі дауласып қалды.


— Олай жеуге болмайды. Екі жейтін жерден неге қашасың. Тәртіп бұзба.


— Аузыңды ұрайын-ау, сонда көріп тұрып закотке өзім бармақ екенмін-ау.


— Ойынның тәртібін білмейсің.


— Сен-ақ біле бер.


— Жоқ, сен дұрыстап екі аса.


— Алмаймын. Жемеймін. Сенің жаман тасынды.


— Мұхит, қараулық жасама.


— Ерегіскенде сол тасынды жемедім. Не істейсің ал. Керек болса запук ал.


Есік саңылауынан сығалаған Әйкіжан мен Балбөпенің көздерінен сорғалаған жастары әжімді жүздерінде кілкіп қалыпты. Кім білсін, екеуі де сонау бір уайымсыз, қамсыз жас күндерінде мына құрдас күйеулерінің дәл осылай шиқылдаса таласып дойбы ойнайтын кездерін еске түсіріп тұр ма екен. Мүмкін сол бір қайта оралмас қызықты күндерден алыстап кеткен шақтарында анау санаулы сағаттары ғана қалған қос ауру шалдың бүкіл кеселді сәл де болса ұмытып, жарық жалғанның әр секундінде тұрған өмір шуағын, өмір нәрін құныға сорып, құныға жұтып жатқандарына тәубелік таныта ма, қимылдайтын емес.


— Жеңілдің бәрібір.


— Қайта ойнайық. Бұным ойын жолы.


— Кел онда.


ЖАЗ. САЙЛАУБЕК


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Қарағым, бір сұрағым бар. Өзіңдей көзі ашық, салауатты жігіт кездесе бермейді. Айтпағым мынау еді. Мен совхозда істеймін. Механизатормын. Алакөбеден таңмен таласа тұрам... Содан, әйтеуір, еңбек, жұмыс деп қыбырлап жүргеніміз. Құдайға шүкір, атақ-абыройсыз емеспін. Өткен бесжылдықтың қорытындысы бойынша, омырауыма орден тақтым.


Айтайын дегенім: біз өзі негізінде мал шаруашылығымен айланысатын совхозбыз. Күзге қарай мыңдаған қойды комбинатқа етке өткіземіз. Жоспарымыз орындалып жатады... Айтайын дегенім... қипақтап барам ба... тәуекел. Осы биыл жеке меншіктен етке мал жинады. Әрине, өкімет қаулысымен артығын жинайды ғой. Сонда да ойда жүрген сауалдарым бар. Бір шаңыраққа бір сиыр, бір бие үш-төрт уақ жандық қана ұстауға рұқсат етіледі.. Ал, енді менің отбасымды алайық. Он үш балам бар. Кәрі шешем бар. Жеңгеңнің аяғы ауыр. Сонда он төрт-он бес басқа әлгі аталғандар жұмырына жұғын бола ма. Бір сиырдың сүті шайға да жетпейді. Бес-алты қойды домалатып сойып жесек, үш төрт айда тауысып алады екенбіз. Сонда шаңырақ дегенде, сол үйдегі адам санын неге ескермеске. Былай қарағанда мен өзі, сол малды ұстауға онша құлқым да жоқ. Суы, шөбі бір машақат! Сай-сайды аралап, бірер арқа шөпті қол шалғымен сипалап жүргенің. "Ет тураған бармағын жалайды" дейді. Рас сөз. Шіркін, деймін, бізден етке алатын қойдың ең болмаса екі-үш жүзін өзіміздің дүкенге түсіріп отырса ғой. Сонау жер түбіне айдап әуре болмас едік. Көжеқатықта болып тұрар еді. Қолымыз да босар еді. Әйтпесе немене, өзің өсіресің, өзің ақшаңа сатып жей алмайсың. Қарағым, жөн білетін жігіт сияқтысың, керекті кісілерге құлақ-қағыс қып ескере жүрсеңдер деп едім.


* * *


Демалысы болған соң Сайлаубек бүгін кеш тұрды. Қапырық бөлмеде езіліп жата бергісі келмей, душқа жуынып келді. Үстіне жеңсіз тор көз жұқа жейдесін киіп, тысқа беттеді. Кеше жеңгесі телефон соққан. Қонақ қабылдайтындарын айтып, жазушы қайнысының бірге болуын кәдімгідей қиылып өтінген.


"Барсам ба екен? Барайын. Серікті көрмегелі де көп болды. Туған ағамның үйі ғой. Неменеге бәлденем. Әй, бірақ Жайлаубек өзгеріп кетіпті. Онымен кейін, оңаша сөйлесуім хақ. Сөйлеспей болмайды... Қайдан шыққан төре?! Маған өзі солай деп еді-ау. Сонда төре кім? Мен бе, ағам ба?"


Қоңырауды басқаны сол еді,ар жақтан еденді тарсылдата жүгірген аяқ тықыры естілді де, есікті теп-тез ашып жіберді. Ағасының балалары екен. Үлкені — дөңгеленген қара көздері әрдайым кісіге біртүрлі таңдана қарайтындай кең ашылып тұратын он жасар Эльмира да, кішісі — кекілі жалданып қарсы тікірейген бес жасар Серік те қуана айқайлап ағасының мойнына асыла-асыла кетісті.


— Ура! Дядя Сайлаубек пришел!


— Мама! Дядя, мой дядя здесь!


Асуй жақтан мамырлай басып Қалиман шықты. Қалиманның тұла бойында май баспаған бір мүшесі қалмаған. Тіпті бұрынғы дөңгеленген кең көздерінің алдына да кілкілдеп май жиналып, сығырайып қарайды.


— Қайным-ау, мынау түрің қалай?


— Е-е, немене, ұнамай тұрмын ба? — деп Сайлаубек Серікті мойнына мінгізіп алды.


— Интеллигент адам қонақ шақырған үйге галстук тағып, костюмін киіп келмей ме?


— Күн ыстық, Қалиман. Галстук тағып қылғынғанда бірдеме түсе ме?


Қалиман ләм демей қайнысын жатым бөлмеге қолынан тартып жетелей жөнелді. Кірген бетте ақшыл шифоньерді ашып, Жайлаубектің қаз-қатар тізулі тұрған костюмдерін алақанымен бір сипап өтті.


— Ұятты кісілер келеді. Бір ұнамдысын таңдап ал.


— Қалиман-ау, ол костюмдеріңе мендей үш Сайлаубек қатар сияды ғой. Неге әуре болдың?


— Қап! Өзіңе осы қашан шыр бітеді?


— Мені бордақылап бір жаққа өткізбекпісің?


— Жә, қайным. Уақытым жоқ. Астанадағылар шетінен сендей безалаберный ма екен. Әлде сен ғана елден ерекпісің, білмеймін. Бойдақ жігіт, между прочим, жазушы адам, как принц киінуі керек. Бүгінде жұрт білімге емес, киімге қарайды.


— Жарайды, Қалиман. Ақылың есте болсын. Енді маған мына Серік пен Эльмира екеуімен сөйлесуіме рұқсат етесің ғой.


— Залға кірмеңдер. Онда стол жабдықтап жатыр. Детскийде отыра тұрыңдар.


Сәлден кейін үшеуі бөлменің астан-кестеңін шығарды. Әсіресе Серік мәз.


— Дядя Сайлаубек, теперь моя очередь! Меня вози!


Кілем үстінде тізерлеп түйе боп арқасын төсеген Сайлаубек қара терге түсті.


— Жетер. Шаршадым, Серік.


— Не понимаю. Ты что, дядя. Почему по-казахбайски говоришь, — деп Серік өкпелеп қалды.


— Не дедің? Что за слово по-казахсбайски? Кто тебя научил, так говорить? — деп Сайлаубек кілт ашуланып, інісінің иығынан жұлқып-жұлқып жіберді.


— Мама! Она нам не разрешает говорить по- казахбайски. По-казахбайски говорить только чабаны. Так, ведь, Мира? Мама тогда нас здорово ругала, когда мы по-казахбайски хотели отвечать.


— Мамаң бар болсын сенің.


Сайлаубек аяқ астынан шырт етті. Мойнынан құшақтап, бетіне бетін тигізген інісіне де иліккен жоқ.


" Қазақбайски!.. .Тіпті қазақ деуге де арланғаны ғой. Өз тілін өз балаларына өгей еткізгенде сонда бұл жеңгем не таппақ? Ана тілін ардақтап өту — қай азаматтың да перзенттік борышы емес пе. "Қазақбайски тіл шопан, қойшының тілі" деп кемсітуі қалай? Интернатта тәрбиеші болып істейтін педагог жеңгемнің өнегесі осы болса, басқаларға не жорық. Қазақбай тілімен қазақ даласының көркі — төрт түлік малын мыңғыртып өсіріп, мынау бай дастарқанның түрлі тағамын дайындауға мүмкіндік туғызған ауыл еңбеккерлеріне мұрын шүйіруді Қалиман қайдан үйреніп жүр "Сиыр судан, су сиырдан жиіркенеді" дегендей өз бойындағы мінін көрмей, сылаңдап киім жаңартқанын мәдениетке балағаны ғой. Апырай, осылай өз семьясында орысша ғана сөйлейтін талай құрбылары Алматыда да жеткілікті еді. Мүмкін соларда да қазақбайски деп мұрын шүйіру жоқ емес пе екен. Орысша тілді үйренбе демеймін. Білген жақсы-ау. Бірақ туған анаңды менсінбегендей, өз тіліңді босағадан енгізбей сығалатып қойғаннан артық сұмдық болар ма. Бір кезде орыс дворяндары француз тілін даңғаза көріп, орыс тілін — мұжық тілі деп біраз жатсынғаны рас. Ол өткінші құбылыс еді. Орыс тілі бүгінде халықаралық тілдердің біріне айналды. Осы тілдің игілік шарапатын совет елінің бүкіл халқы көруде. Бірақ ұлт тілдеріне өзгеден онша бөгет қойылмай отырған кезеңде, өзіміздің өкпелетуімізге жол болсын. Құр өкіректегенде тамырымызға балта шабатын қылмыс жасап жүргенімізді түсінбей ме екенбіз. Мәдениеттің бастауы — ана тілде, ұлттық дәстүрде ғой. Оның бәрінен жерініп шыға келсек, аспан мен жердің арасында салбырап жүріп қандай құдірет, қандай ләззат алмақпыз. Соның өзі ләззат бола қояр ма екен?


Мен төрт-бес кітап шығарыппын. Әлі орысшаға біреуі де аударылған жоқ. Менің жазғанымды мынау Серік пен Эльмира оқи алмаса, онда мен неменеге тыраштанам? Кім үшін соншама жылдан бері өзімді-өзім қинап, өзімді-өзім неге қанағам? Әлде қолдан келсін-келмесін бірден орысша жазуға талпынсам ба екен? Оның бірақ қажеті қанша?


Ауылдық жерлерде қазақша мектептерді көптеп жауып, енді орысша мектептер ашуда. Бірақ оның қажеті қанша? Кадр жеткілікті емес. Сол бұрынғы қазақша оқытып жүрген мұғалімдер енді орысша оқытпақ. Оған білімі жеткенімен тілі, дикциясы жете ме? Шәкірттердің обалына қалып жүрген жоқпыз ба? Оқулықты дұрыс өтпеген оқушы, көркем әдебиетті аша қояр ма екен? Онда менің жазушылығымның қадірі де төмендейді-ау!...


Әй, Қалиман! Ана тілінде-ақ мектеп бітіріп, ана тілінде-ақ институт тәмамдамап па едің? Қырыққа таяғанда жалт беруің қалай? Мына қалпыңмен Серікті әжесімен тілмаш арқылы сөйлетерсің сен! Сөйтерсің!"


— Дяда, миленький, ты не сердись на Серика. Он еще глупыш.


— Я глупыш? А ты дура! — деп Серік әпкесіне шақ ете қалды.


Сайлаубек бір-біріне шақылдаған қарындасы мен інісіне біртүрлі жақтырмай қарап, басын шайқап, бөлмеден шығып кетті.


Дәлізден бөтен келіншекті кездестірді:


— Сәламатпысыз.


— Шүкір. Ә сіз, Сайлаубексіз ғой, Жазушысыз, Жайлаубек Маратбековичтің інісісіз, ә!


— Иә. Сізді танымадым.


— Мен интернатта істеймін. Үй сыпырушымын. Қалиман апай қонақ шақырғанда осылай көмектесем. Ол кісіге қиын. Денесі ауыр.


— Қалиман қайда?


— Қазір келеді. Балконнан қонақтарын көріп еді. Алдынан тосып алуға шықты.


— Есіміңіз кім?


— Менің бе? Бағдагүл. Оны неге сұрадыңыз?


— Бағдагүл, сізді Қалиман көмектесуге шақырды ма?


— Иә. Қазір интернат жабық. Қол бос. Оның үстіне бес сом да біраз ақша.


— Бес сом деймісіз?


— Қалиман бұрын үш сом беретін. Жайлаубек Маратбекович цех бастығы болғалы қолы ашылды. Бес сом мен үшін аз емес.


Сайлаубек Бағдагүлге таңырқап қарап қалыпты.


— Қорланбайсыз ба?


— Неменеге?


— Қалиманның сізден қай жері артық?


— Айтасыз-ау. Қалиманның күйеуіндей бастық байым болса мен де тып-тыныш отырар едім. Ол қайда? Бұл күнде жатақханада тұратын әйелге күйеуге шығып, тұрмыс құру қияметтің қиыны.


— Түсінбедім, Бағдагүл.


— Түсінбейтін түгі жоқ. Күйеуімнен айрылысып кеткем. Маскүнем болатын. Қолымда бес жасар, анау Серіктей ұлым бар. Киіндіру керек. Жетпіс сом неге жетеді. Сонсоң өстіп қолқабыс етем. Қалиманға рақмет. Демалыс сайын қонақ шақырады. Сонда айына жиырма сом табады екем. Оны кім беріп жатыр. Ойбүй, кастрюль тасып кетті-ау! Қап! — деп Бағдагүл асүйге тұра жүгірді.


Қонақтар үздік-создық жиналды. Ең соныңда Жайлаубек мамырлаған екі келіншек пен марқасқа жігіт ағасын ертіп кірді. Жиналғандардың бүкіл ықыласы соңғы келген үшеуге түгел ауысты.


— Ырысеке, ассалаумағалайкум!


— Нұрбибі жеңешеме сәлем!


— Оу, Күнбибі қарындас та келіпті ғой. Бері өтіңіз.


— Ырысеке! Шаршаған жоқпысыз. Күн күйіп тұр-ау.


— Жеңеше, кәне. Былай жүріңіз. Біз сіздерді енді келіп қалар деп... Қандай точный едіңіздер. Біз ғой шабан үйрек бұрын ұшардың кебімен ертелеп жетіп қалған... Ә-ә, сөмкеңізді...сөмкеңізді...Керек деймісіз?.. Дұрыс екен.


Сайлаубек Алматыда талай қонақта болса да, дәл мұндай жалпы етектікті онша кездестірмеп еді, ішінен мына ебелек болып ұшып-қонған әйел-еркектерге ыза боп тұр. Әсіресе Қалиман мен Жайлаубек мына арада соншама борбиып ісініп кеткен денелерінен ұялғандай, қолдарынан келгенше иіліп-жайылудан аянбай-ақ жүр.


Жайлаубек інісін енді ғана көріп қалған еді, екі езуі құлағына жете ыржиды.


— Ырысеке, танысып қойыңыз. Мынау — менің Алматыда тұратын Сайлаубек дейтін жазушы інім. СССР Жазушылар одағының мүшесі. Газеттерде ыңғай мақтап жатады. Былтыр бір пьесасын Алматының артистері Москвада да қойып келіпті.


Ырысекесі ыңыранып қалып, қабағын сәл көтере, саусақтарын селсоқ ұсынып, ұшын тигізген болды.


— Ырысбай...


Сайлаубек алақанын жұмған жоқ. Селсоқ саусақтарға бұ да салғырт саусақтарды болар-болмас жанастырды да, бұрылып кетті.


Нұрбибі тіксініп қалды.


— Жазушы қайным бізді менсінбегені ме?


Сайлаубек нарттай қызарды.


— Кешіріңіз, жеңгей! Тар жерде көрмей жатқан шығармын. Кінә менен. Кейде өршіл кеуденің тершең алақанын жақтырмайтыным бар еді. Тағы да кешірім өтінем, — деп Нұрбибінің алақанын екі қолымен бірдей көсіп алды.


— Молодец! Ырысбай, саған сол керек! Бәсе, тегін адам жазушы бола ма. Перифериядағы біз осылай аздап бюрократтау боламыз. Көргенің қандай жақсы. Кел, мен сені сіңіліммен таныстырайын, — деп Нұрбибі билеп-төстеп кетті. Жуан даусы төрт бөлмені сілкілеп, жаңғыртып жатыр. — Күнбибі! Қайдасың? Тез бері жақында. Сайлаужан, сыртыңнан Қалиман арқылы сен туралы көп білеміз. Брошураңды да ақтарып көргем. Бетің дұрыс. Мына сіңілімнің де өзің дегенде.. А-ха-ха! Ұялтпайын, ұялтпайын. Ұсын қолыңды. Жазушының қолынан ұстасаң... А-ха-ха! Айырылып қалма.


Дастарқан басына жақындағанда Сайлаубек өзінің Күнбибімен қалай көршілес боп қалғанын бір-ақ көрді. Жас шамасы жиырманың ортасындағы талдырмаш денелі бойжеткен қысылар емес.


— Қол жалғап жіберіңізші!


— Анау салатты бері әперіңізші!


— Жігітке өзім ухаживать етпесем болмас, — тәрізді сөздерді құлақ түбіне оймақтай еріндерін тақап әкеліп, құмыға сыбырлайды.


Кунбибіге алаңдаймын деп отырып, Сайлаубек тамаданың қай уақытта сайланып, қай мезгілде сөз алғанын сезбей қалыпты. Жайлаубектің шанышқысымен фужерін шыңылдатып тыныштыққа шақырған белгісімен қарсы алдына назарын аударды. Тамада жалбыр шашын жалбыраған ойма тазына жабулап, кейін қайырып әкеп, жылмита қойған, ұры тісі сорайған жалаң сары адам екен. Есіліп барады.


— ...Ырысекең — қаламыздың ырысы. Осынау көлдей дастарқанның басында ылғи ақ ниетпен жиналған достардың басын біріктіретін ұйтқысы да Ырысекең. Ырысекең табалдырығынан аттаған үйдің берекесі тасып сала береді. Әрине "адамның күні адаммен" деген қағидамыз бар. Ол өте дұрыс. Кейбір азаматтар шынар зәулім бәйтерек іспеттес. Көлеңкесі күндік жерге жетеді. Сондай алып бәйтерегіміз — Ырысеке, өзіңіз. Сіздің көлеңкеңізді саялаған мына Жайлаубек те, біздер де ақ көңілімізді әманда ақ дастарқандай жайып тастаудан жалықпаймыз. Неге жалығайық. Ырысеке, осылай оң қабағыңызды ғана танытып, алдымызда ақ серкедей ойқастап жүрсеңіз, бізде басқа қандай тілек болсын. Сіздің мәртебеңіздің бұдан гөрі мықты бола беруі үшін мен мына тосты осы отырған тілектес достарыңыздың тік тұрып ішіп қоюын...бір тамшысын қалдырмай көтеріп қоюын қалар едім!


Отырғандар сол-ақ екен орындықтарын сырғыта атып-атып тұрысты. Хрусталь рюмкалар сыңғырлай соғысты. Төрдің дәл төбесінде нығыз отырған Ырысбайға көздер де, көңілдер де, рюмкалар да магнит тартқандай жалт-жалт иіліп-иіліп өтті де, артынша-ақ бүлкілдеп жұтқыншақтар жүгіріп ыдыстардағы соңғы тамшыларды құрғатып жатты.


Тарелкаларға тақ-тұқ тиген шанышқылардың қимылы бәсеңдегенде жалбыр шаш тамада орнынан қопаң ете қалды.


Әлгінің қимылын аңдып отырды ма, әлде әдеті сол ма, Ырысбай қолымен кеудесін түртіп қалып, басын сәл шайқады.


— Ә-ә, Ырысеке, дұрыс екен. Онда сіз артынан...соңынан өзіңіз түйіндерсіз. Ендеше мен ендігі тілек айтуды қаламыздың маңдай алды азаматтарының бірі — Тілектеске берем. Тілектес, сөйле.


Тілектес Жайлаубек қатарлас адам екен. Ине жұтқан иттей ілініп қалған түріне қарағанда, қарнының бүрі кеткен гастрит аурулы біреу болса керек. Сайлаубектің жорамалын растағандай алдындағы минерал су құйылған фужерге ұмсынып бара жатыр еді, сол жағында отырған жұбайы коньяк құйылған кішірек рюмканы ұстата салды. Ұстата салды да, еріне қабақ түйе қарады. Сол қалпы: "Есің дұрыс па? Ырысекеңнің алдында өліп кетсең де көтересің!" — дейтін қайрауындай.


Тілектес тамағын қырнады.


— Құрметті Ырысеке! Қадірлі Нұрбибі жеңге! Жаңа Бөлекбай дұрыс айтып кетті. Сіз, Ырысеке, қаламыздың нағыз көркіне, тірегіне айналдыңыз. Бұрын біз кім едік? Бізді кім елеуші еді? Қазір кім болдық? Бөлекбай он жылдан астам бір орында істеп жылжымай қойған. Енді трест бастығы. Жайлаубек цех бастығы. Мен де бір столға ие болдым. Соның бәрі сіздің арқаңыз, Ырысеке. Осы бірлігіміз, осы ағайындығымыз айнымасын. Көлеңкеңіз көбейе берсін. Саяңыз молая берсін. Саялайтын біз сияқты іні-келіндеріңіз сіздің мәртебеңіз бен денсаулығыңыз үшін көтере берейік, — деп рюмкасын көмейіне төңкере салды да, қабағы тыржиып, орнына сылқ түсті. Жалма-жан қалтасынан білдірмей әлдебір таблетка суырып алып, тіл ұшына тастап жіберді.


Одан кейін сөйлеген екеудің бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай "Ырысекелеген" дифирамбасынан жалыққан Сайлаубек ештеңеге зауқы соқпай жым-жырт қалды.


"Бекер келген екем. Одан да Ленямен балық аулауға шыққаным дұрыс болатын еді. Тұрып кету де ыңғайсыз. Жайлаубек өкпелеп қалады. Мыналардың күндегісі осы ма екен?"


— Жазушы жолдас, неге тамақ алмай отырсыз. Рюмкаңыз да қаңтарылып қалыпты.


Сайлаубек көршісінің бетіне бажайлап қарады. Бір көргенге тәп-тәуір-ақ. Мұрны, көзі, қасы бәрі-бәрі орнында. Сүйкімді-ақ. Бірақ адамды тез жалықтыратын әлдебір ерекшелігі де бар тәрізді. Мүмкін ол Ырысбай сияқты өркөкірек жанның ерке балдызына лайық менмендік пе? Жұрттың бәріне тәкаппарлана қас керетін өзімшіл мінез бе. Ол арасын Сайлаубек әзірше ажырата қойған жоқ.


— Күнбибі, жездең кім болып істейді? Айтып өлтірші!


Күнбибі сылқ-сылқ күлді. Сыңғырлап басылды.


— Пәле! Қайдан түскенсіңіз! Ол кісі қалалық атқару комитеті председателінің орынбасары. Заместитель мэра! Енді біліп қойыңыз!


Үзіліс кезінде Сайлаубек басқа бөлмеге оңаша шығып кетті. Дәлізде адам аяғы сиреген кезде ескерусіз кетіп қалмақшы боп отырған. Үстіне Жайлаубек кірді:


— Не ғып жеке отырсың?


— Жай, зерігіп кеттім.


— Жүр. Ұят болады. Ырысекендер сызып жатыр. Бір қол болайық. Ақшаң бар ма еді?


— Өзіме жетеді.


— Сайлау, әлі де бала екенсің. Мә, ұста.


— Бұныңды қайтем!


— Қайткені несі. Ойнайсың.


— Ойнасам, ұғып алмаймын ба?


— Ойбай! Атама оныңды! Қонаққа шақырған үй иесі сөзсіз ұтылуы керек. Тәртіп солай. Сені мен мені олар айырмайды. Олар үшін екеуміз де Маратбековпыз.


Сайлаубек "басым ауырып отыр" дегенді сылтауратып ағасына көнбеді.


Сәлден соң мамырлай басқан Қалиман есіктен әрең сыйды.


— Сайлау-ау, жазушы — интеллектуал деуші едің. Соның бос сөз екен.


— Неге?


— Ойбай-ау, Күнбибінің өзіңе деген ықыласын қалай сезбедің? Басы бос, дипломы қалтасында. Бұрын ешкімді менсінбей осқырынып тұратын. Бүгін саған ілтифаты түзу. Әлгінде Нұрбибі мені оңашалап: "Екеуі бір-біріне сондай лайық екен" деді. Бұдан артық не керек енді. Осынша уақыт үйленбегенің де жетер.


Сайлаубек түтігіп кетті.


— Жайлаубек екеуің мені қайта-қайта неге шақырып кетті десем, осындай есептерің бар екен ғой.


— Не есеп? Өзің пәле іздеп жүреді екенсің, қайным.


— Олай қитұрқыланба, Қалиман! Қитұрқыланба! Мен сенің...сендердің жетектеп қосатын тазың емеспін. Ырысбаймен құда болып, құдірет таппақ болғандарыңды сезбейтіндей суми деп пе едіңдер.


— Ойбай, қайным-ау, не жаздық. Не жазып қалдық? Бойдақ жүрген соң... Күнбибі өзіңе ұнай ма деп... Қазақта қайнысының сырын жеңгесі білетін. Керек десе әке-шешесінен бұрын жеңгесі үйлендіретін, — деп Қалиман диванға отырып, Сайлаубектің бұйра шашынан сипап қойды.


— Қазақ ғұрпын білгіш болсаң, онда балаларыңа қазақбайский тілді неге құбыжық танытасың?


Қалиманның үні өшті. Демі атқылай шығып, үйіңде бір қора қонақ отырмаса, аттандап айқай салуға дайын еді. Амалсыз булығып, бүкіл денесімен қалшылдады. Диваннан тыпырлап әрең тұрып, кете беріп ысылдаған зәрлі үнмен сыбырлап үлгерді:


— Дәмім атсын! Басқа айтарым жоқ.


Сайлаубек сәлден кейін бөлмеден шығып, сыртқы есікке беттеп еді, Күнбибі қарсы кездесті:


— Қайда жоғалып кеттіңіз? Карта ойнамайсыз ғой. Оныңыз жақсы екен.


Балдызымен бірге кірген Сайлаубекті көргенде Ырысбай өзімсіне күлімсіреді. Сірә, "қолы шығып", көпірте ұтып отырса керек, кәдімгідей "көңіл аударды".


— Кел, інішек! Рюмкаң қайда? Екеуміз соғыстырып бір алып жіберелік.


— Әлгі мизер үшін!


— Ырысекеңнің тұтылмай кеткені үшін!


— Осылай жеңе беруі үшін!


Рюмкаға ернін тигізіп, орнына қойған Ырысбай, аузын білегімен сүртіп тастап, көз алдына бірі қазы, бірі қияр, бірі май түйреп үймелеген шанышқыларды елеген де жоқ.


— Заводқа орналасты деп естіп ем... Күн ыстықта істей алып жүрмісің?


— "Көппен көрген — ұлы той" демей ме? Шыдайтын шығармын.


— Дұрыс екен. Жазушылардың бәрі сөйте ме?


— Жоқ. Бірақ әркімнің өз жұмыс тәсілі бар. Қарап жүретіндері аз.


— Жаза беріңдер. Сендер жұмысшыларымызды мадақтап жатсаңдар, біздерге де тиімді болар. Кейін, қайтарыңда маған кіріп шығарсың. Өкпелетпеспіз.


— Рақмет. Кезінде көрерміз.


Жайлаубек Ырысбайдың інісіне ықыласы түскен сәтін пайдаланып қалғысы келді. Осындай реті келгенде қапысын жібермеуді әбден қадағалап үйреніп қалған-ды.


— Ырысеке, Сайлау екеуміздің елде қарт әке-шешеміз бар. Ауылдың адамы қаланың биік үйіне үйреніп кете қояр ма. Сайлау әлі бойдақ. Әкей мен шешейді Қалиман екеуіміз ақылдасып қолға алсақ па деп жүрміз. Әрине, кемпір-шалға ауласы, қорасы бар деген сияқты жекелеу жай болғаны дұрыс. Өткенде Әлекеңе де құлаққағыс етіп едім. Коттедж мәселесін сіз қарайды деп... Ол кісінің де уәдесі толық... Соған... өзіңіз ескере кетсеңіз...


Ырысбай қолын сермеді. Ыңыранып шалқайды.


— Ну, Жайлаубек, бір коттеджді соншама сөз ғып... Аласың! Бергізем! Кемпір-шал дегенің дұрыс. Қартайған кісілерге қамқорлық қажет.


Қалиман ауыр денесін ұршықша ойнатты. Дәл мына хабарды осылай тез ести қоям деп күтпеді ме, танауы қусырылып, дауысы ықылық атып тұр.


— Ы-ырыс-еке! Ыстық ас дайын!


— Ал, дастарқанға жақындайық.


Бірер адамнан кейін жалбыр шаш тамада жұрт ыңғайын бағып Сайлаубекке сөз берді.


— Біз осы салдыр-күлдір сөйлеп үйреніп қалғанбыз. "Дарияның жағасында құдық қазба" дейді ғой. Арамызда пілдей жазушы жігіт отырғанда көп дабырлап кеткеніміз де келіспейтін тәрізді. Дегенмен құлақ құршын қандыратындай әдемі тілекті өзіңізден естісек деп едік. Ырысеке, солай ғой.


Сайлаубек орнынан тез көтерілді.


Жұрт біткен жазушының аузына қарады.


— Қалиман, осы үйде Бағдагүл дейтін келіншек жүр еді ғой, — деп жеңгесіне қарады. — Кеткен жоқ па?


— Осында. Асүйде...


— Барып, шақырып келші.


Қалиман тіксініп Жайлаубекке бұрылды. Күйеуі төмен үңіліп, тізесін сипалап қалды.


— Қайным-ау, Бағдагүлді қайтесің? Үлкен кісілердің алдын көрмеген байғұс еді. Ұялып жүрер.


— Көрмесе көреді. Ертіп кел.


Қалиман қинала түрегеліп, шығып кетті де, Бағдагүлді ертіп оралды.


— Отырыңыз. Дастарқанға жақындаңыз, — деп Сайлаубек келіншекке басын изеді. — Ал, ағайын, араларыңызда бұрын-соңды дастарқандас болмаған екі адам отырмыз. Олар — Бағдагүл екеуіміз. Бүгін пәнәйі себептермен кездесіп қалдық. Байқаймын, әлі де болса сіздердің сондай "ұйымшыл" — орталарыңызға біз сияқты қарабайыр жандарға кірігіп кету оңай болмайтын тәрізді. Мәселе онда емес. Бір-біріне от басын көрсетіп, ілтифат білдіру — қазақ қанына сіңген жақсы әдет. Бірақ бүгінде соның түрі сақталғанымен, мазмұнына біраз өзгеріс енген бе деп қалдым. Оны да сіздердің еншілеріңізге қияйын. Мен түзеп, мен жөндеймін деуден аулақпын.


Ырысеке, сіздің денсаулығыңыз үшін дәл бүгін біраз әдемі тілектер айтылды. Оған қосылам. Азамат үшін ақ көңілдің ықыласын білдіруден артық ғанибет жоқ. Сіздің денсаулығыңыз үшін біраз денсаулық құрбанға да шалынды. Оны да түсініп отырмын. Қиядағы көзге түсу үшін қиялдағы арман адамға не істетпейді. Тек, бас шұлғып, иек қағып, шашпау көтеріп жүретін болымсыз "жөрәкімаллашылардан" сақ болсаңыз дер едім.


Сәл сабыр етіңіздер.Сөзімді қазір аяқтаймын. Ырысеке, бізде адам мен адам дос, туыс, бауыр деген моральдік кодекске жазылған қағидамыз бар. Соны қай орында, қай отырыста болмасын үнемі есте тұтуды азаматтық парыз деп ұғынғанымыз абзал ғой. Кей-кейде соны ұмытып кететін ағаларды да кездестіріп қалғанда, еріксіз сабамнан шығып кетем.


Ырысеке, сіздің мына менің ағам — Жайлаубекке пейіліңіз түсіп жүрген көрінеді. Оған бауыры ретінде қатты қуанам. Азаматтығын арқаланса, еңбегі соған татитын шығар. Бірақ көңіліме дық алып қалған жайды да бүгіп қалуды жөн көрмей тұрмын. Әлгінде сіз Жайлаубекке коттедж беруге уәде еттіңіз. Мүмкін ол сіздің адам көңілін қалдырғыңыз келмейтін көңілшектігіңізден де болар. Бірақ төрт кісіге төрт бөлмелік пәтер аздық етер ме еді. Сол арасын ойладыңыз ба?


Мен Бағдагүл үшін көтерем мына тосты. Адамның азаматтық жағдайын шын ойлайтын болсақ, әлі күнге дейін баласы екеуі жатақхананың бір бөлмесінде тұрып келе жатқан жалғыз басты аналардың алдында бас июіміз қажет. Бағдагүл, сіз үшін көтерем.


Сайлаубек рюмкасын көмейіне төңкере салды да, орындығына сылқ түсті. Басқа тостардан кейін жапатармағай қимылдайтын қозғалыс білінген жоқ.


"Қатты кеттім бе? Бәрібір енді. Айтылған сөз — атқан оқпен тең. Бәріміз күнұзын дастарқан басынан шықпаған кезде Бағдагүл асүйде ыдыс-аяқпен арпалысып жатты. Қайсымыз еледік. Отырсын. Мына іркілдеген байына ерке әйелдерден бес есе, он есе артық ол. Ол баста жолдасы дұрыс кездесіп, араққа салынып кетпесе, осылай салпақтап жүрер ме еді? "Үлкен адамдардың алдын көрмеген дейді". Сондағы өнегелері осылай есеп салыстыру ма? Пайда көздеу ме? Коттеджшілін! Пәтер тиесілі адамдарына дұрыс бөліну керек. Әйтпесе, иті мен мысығына дейін жеке-жеке бөлме сұрап, местком мәселесін дастарқан басында өткізуді әдетке айналдырып, әбден жаман үйреніп алған".


Сайлаубек селк етті. Күнбибі тізесінен қысып қалды.


— Кел, Сайлау, сіз екеуміз брудершарф жасайық.


— Не үшін.


— Әлгідегі әдемі сөзіңіз үшін. Жездемді қатырғаныңыз үшін.


— Жездеңе жаның ашымай ма?


— Да ну его! Ол бұл жерде ғана мықты. Басқа арада көрсең ғой.. — Күнбибі сылқ-сылқ күлді. — Ішеміз бе?


— Ішейік. Жай ішейік.


— Болсын. Қолыңыз тие ме?


— Жайшылық па?


— Өзіңізбен оңаша сөйлессем...Әлде қорқасыз ба?


— Еркіңіз білсін...Қонақүйде тұрам.


— Келістік. Өзім керек кезде тауып аламын.


Дастарқанның берекесі қашты. Нурбибінің басының сақинасы бар екен, аяқ астынан "ұстап қалғаны".


— Қалиман, терезеден қарап жіберші. Машина тұр ма? Келіп пе?


— Жеңеше, қайда асықтыңыз?- деп Жайлаубек қопандады.


— Мазам болмай отырғаны. Сақинасы құрғыр... Ырысеке, не ғып отырсың. Қозғалалық.


Абыр-сабыр жиналған қонақтар шайға қарамады. Ырысбайлар шығысымен-ақ қалғандары да кетуге қамдана бастады.


— Біраз отырдық қой!


— Үйде де жұмыс толып жатыр.


— Нағашымның бөлесі келіп еді, тосып отыр, — десіп елпілдеген Жайлаубек пен Қалиманды тыңдар емес. Ақыры болмаған соң подносқа рюмкаларды саудыратып Жайлаубек есік көзінде алдарынан тосты.


— Посошок!


— Жә, Жайлаубек! Жетер!


Жалбыр шаш тамаданың дәл осылай оқыс шақылдарын Сайлаубек күтпеп еді. Ендігі "Ырысекең" мен дейтіндей төбесін алақанымен уқалап-уқалап жіберіп, жабуын ыдыратып, ойма тазын жарқыратты.


— Жетер! Үйіңнен мас қылып шығармасаң, көңілің көншімей ме. Әлде қастығың бар ма?


— Бөлеке, ойбай-ау, күндегі әдетіміз болған соң... Ә-ө, кешіріңіз. Қалиман, мә, әрі әкетші. Алшы мына подносты. Жеңеше, мен ашып жіберейін есікті.


Сайлаубек те кеткенше асықты.


Ағасы мен жеңгесі қонақтарын есік алдыңда машиналарына мінгізіп жатқанда, бұл бөлек, жеке кетті.


"Жайлаубек жайшылықта ғана мығым екен ғой. Аналардың алдында құрдай жорғалап, әрқайысысының кезек-кезек әуеніне төңкерілді. Сөйтіп те бедел жинамақ па? Апырау, сонда өзінің адамгершілік абыройын аяқ асты еткенін түсінбей ме? Біле тұра сөйте ме? Иесінен сүйек дәметкен күшіктей көзін сатқанда табатын ұшпағы, алатын қасиеті не? Кейбір қаламдас достарым кітабын сынаған сақалды сыншының табалдырығын тоздырушы еді. Солардікі де мына Жайлаубектің тірлігімен төркіндес төменшік қылық екен-ау. "Ендігіде ескере жүрер, елеусіз қалдырмас" тәрізді бишаралық болғаны-ау! Әй, Жайлаубек! Қалай құлдырап кеткенсің?"


Бұрышты айнала бергенде әлдекім жолын бөгеді.


— Тоқташы!


Дауыс ашулы. Басын көтерген Сайлаубек сұп-сұр боп қалшылдап тұрған Бағдагүлді көрді.


— Әй, шырақ! Мен саған қашан адвокат бол деп едім, ә! Неге жайыңа қарап жүрмейсің, ә!


— Сіз...сіз... Бағдагүл, не болды сізге?


— Аулақ, аулақ әрі. Менің жөнімді сен жөндемей-ақ қой. Мен сенен қашан пәтер сұрадым. Нең бар менде? Жаны ашығышын! Әділетшілін. Адырам қалсын өйтіп қамқор болғаның!


Сайлаубек ыңғайсыздана бастады.


— Түсіндірсеңізші. Менің жазығым не?


— Ә-ә, енді осылай жалт бердің бе. Жазығым жоқ дейді-ау. Еще жазушы! Қарап отырмай бес сомнан қағып... Қалиман енді мені маңайына жуытар ма? Айдап шықты.. Ойбай-ау, өзіммен-өзім жүрген нең бар еді менде. Мықты болсаң бәрін жөнге сал. Әйтпесе...


Бағдагүл өксіп жылап жіберді. Кібіртіктеп кетіп барады. Өкінген, қапаланған жанның жауырыны да сөзшең. Бәрін айтады. Сайлаубек қуып жетті.


— Бағдагүл... Сіз...кешіріңіз мені. Уәде бере алмаймын. Бірақ пәтер алуыңызға қолымнан келгенше жүгірермін.


Бағдагүл жапақ-жапақ қарап қалыпты.


Сайлаубек келіншектің қолына қызыл он сомдықты шиыршықтап ұстата салды да кілт айналып асыға басып жүріп кетті.


"Қап! Құрып қалғыр саусағыма қайдан ілініп еді? Қалтама қол салған жоқ едім ғой. Салмасам...Жоқ. Арыңды ақшамен сатып алғың келді. Келді ғой. Әйтпесе он сомдықты неге ұстата салдың?"


Бәрінен де Бағдагүлден қатты қысылды. Артынан айқайлаған дауыс шығар ма деп көше айналғанша аяғы-аяғына тиген жоқ.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Солай, Сайлаубек, солай. Дүниедегі ең көп зерттеліп, бірақ ең аз түсіндірілген құпия ол — адам. Ғалымдар адамды табиғат пен тарихтың продукциясы деп жүр ғой. Мүмкін рас та шығар. Гюго: Адам рухын сан, әріп және нота деп аталатын үш қана кілтпен ашуға болады" дейді. Санмен білімін, әріппен ойын, нотамен арманын білдіретінін меңзеген болар. Бірақ адам табиғатының тар шеңберге иілмейтін кезеңдерін де естен шығармау қажет-ау. Әулеметтік һәм саяси проблемаларды шешпек боп жанталасқан талай данышпандар күнделікті күйбең тірлігінде өздерінің технотрондық қоғамда болмыстың қолбаласына қалай айналып кеткенін білмей қалатынын да ескерсек деймін. Өйткені адам-бейненің өзі өмір сүріп отырған ортаның динамикасына, әуеніне, құбылуына сәйкес тез бейімделгіш қасиетін қайда қоясың. Осының өзі антропологиялық, этникалық керек десеңіз, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптық мінездердің беріктігіне қарсы шабуыл емес пе. Олай болса, Сайлаубек, адамды абстракциялық ұғымнан ажырата қарап, әлемнің жоғарғы материялық бөлшегі ретінде зерттеу абзал болар.


"Бұны неге айтып отыр?" деп ойлауың мүмкін. Ойлауың хақ, Сайлаубек. Ғылымда көмекші ғалым болады. Ол сөзсіз. Әдебиетке көмекшілік өтпейді. Әр жазушы — жеке лаборатория. Жеке институт. Оның продукциясы — шығармасы. Лабораториясы — кабинеті, жұмыс столы. Керек десеңіз, ең жақыны — зайыбы да шайын қайнатып, тамағын даярлап, балаларын шулатпаудан басқа жәрдем көрсете алмайды. Мен бұл жерде творчестволық жекелікті айтып отырмын.


Кезінде менің бір жолдасым болған еді. Киген киім, жүріс-тұрысында мені қайталайды дегенді талайдан естігем. Анекдоттық жайларын да білем. Ресторанға кірсе, официанттарды жағалап жүріп, мен отырып кеткен столды тауып алады екен. Мен берген заказдарды қайталатады екен. Бір келіншекпен арамызда аздап... жастықты біз де бастан кешіргенбіз, Сайлаубек... Сол келіншекпен тіл табысам деген бе, жігіті қызғаншақтау еді, басын да жарғызған болатын.


Бүгін де сол үлкен жазушы саналады. Әрине көмекшіден білгір қаламгер шығуы екіталай. Бірақ орнын тапса, қай мамандықтың да орайын оңтайымен келтіретін пысықтар көбейді ғой.


Жо-жоқ, шырақ, баяғы бас иіп, етекке оралып, жолымнан тосушы шуылдақ тілектестерді аңсамаймын. Уақытысында бәрін көргем, бәрін алғам. Бірақ...


Мен таяуда әлгі жолдасымның кеңсесіне кіріп шықтым. Ақылдасатын біраз шаруалар бар еді. Не керек... адамды абстракциялы субстанцияда іздемеу қажет дейміз. Мүмкін адам бойындағы терең қасиеттер сәт сайын кезігіп отыратын сұлулықтан көз жазып қалса, тоғышарлықтың бұғауына шырмалып қаларын сезбейтін де шығар. Содан кейін-ақ өзінің жасампаз құдіретін ұмытып, қол жайғыш тұтынушыға айналғанына ұялар ма? Қайдан ұялсын! Техникадағы рационалдықты сезімсіз қабылдап, құлқынның құлы боп жүре берер.


Әрине, басқа біреуді жазғырудан оңай нәрсе жоқ. Сырт көз кемшілікті көргіш келеді дегенде бәріміз шулай иек қағуға әбден дағдыланып кеткен тәріздіміз. Әйтпесе нағыз ұйымшыл, еңбекқор қоғамымызда, нағыз еңбек сүйгіш, адал ниетті, жоғары сана-сезімді адамдардың өмір сүретінін мен де, сен де жақсы білеміз. Ендеше әркім өзінің әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық абыройын қоғамдық мүддеге лайықтауы қажет. Сонда ғана әлгіндегі әдебиеттегі көмекшілер қатары азая түседі. Творчестводағы сауда жойылады.


Тамақ алмадың ғой. Дастарқан мәз емес, көріп отырсың. Ет жоқ. Дүкенге кезекке тұруға жеңгеңнің мұршасы аз. Ыңқыл-сыңқылы көбейді. Кейде ойланам. Жаман-жақсы атағым бар. Кітаптарымды ел біледі. Әріптестерім есік ашуды сиреткенмен, ауылдан келген оқырмандарым әлі де қақпамды тықырлатқыш. Сондайда, Сайлаубек, шынымды неге жасырайын, бетімді басардай жер болам. Қонақасы — қазақтың бөлінбеген еншісі. Асүйден қазы-қартаның болмаса да, былбырап піскен еттің иісі мұрныңа келіп тұрса....Қонақтарымды осылай шөп-шалам, селедкамен сыйлап қайтарам. Өз ақшаңа ет таба алмағаның қинайды-ау. Кейде қаланың білікті жігіттеріне ренжимін. Жайымызды біледі. Кеше қыдырып, дүкен аралап жүре алмайтынымызды сезеді. Ау, азаматты қадірлеу — атақ беру, депутат сайлау, лауреатқа ұсыну ғана емес күнделікті тұрмысына қажетті ұсақ-түйекті де ескеру ғой. Кей республикаларда жазушыларды ауыл шаруашылық артелъдеріне тіркеп, белгілеп қойған деп естимін. Сол дұрыс сияқты. Біріншіден қаламгер еңбек адамдарымен жиі жүздеседі, өмір ортасына жақындайды. Керек десеңіз сол еңбекшілердің мұң-мұқтажын жеткізер рупорына да айналады. Екіншіден, өз ақшасына керекті азық-түлігін қиналмай сатып алады.


Ә-ә, жоғары материяны сөз етіп отырып, өзім де төмен құлдырап кеткенімді байқамаппын-ау. Леонардо да Винчи: "Құстың үлкені ғарышты сүйсінтіп, ең алдымен ұшады" дегенді мына мен сияқтыларға бағыштамаған болар. Адам бойындағы әдемі қасиеттерді күйкілікке алмастырып алғанымызды сезбейміз де, күңкілдеуді көбейтеміз. Сен, Сайлау шырақ, осылай келіп тұр. Ғылыми-техникалық революцияның негізгі тірегі де адамда. Адам ойының асқақтығында. Әдемілігінде. Кнопкада жатқан саусақты қандай мақсат билейді? Гәп сонда ғана. Нәсілдік өшпенділік, соғысқұмарлық, еңбек адамына деген асқақтық меңдеген кеуденің алақаны ол кнопкаға жоламауы тиіс. Ол үшін бәріміз жауаптымыз. Ойың, нәрің, шығармаң — осы құбылнаманы бетке ұстаса, адам рухы жеңбейтін қиындық жоқ. Тек, тілегің таза болсын. Іңкәрің айшықты болсын. Әйтпесе...


Кел, әр буын ұрпақтардың берік ынтымағы үшін... Сабақтастығы үшін. Зарықтырмай, құдай тұтып, оңаша аулақтатып тастамай, осылай қақпамызды жиі қағып тұруларың үшін!..


* * *


Номеріндегі столы ат-көпір. Қолжазба да, кітаптар да, сигарет қораптары да араласып кеткен. Смена ауысқан кездегі екі күндік демалысы осындай қауырт жұмыс үстінде өтеді. Бұрын жаз айларында жазуға онша машықты емес еді, дене жұмысымен шұғылданғалы творчествоға деген қабілетінің еселей түскенін кәдімгідей аңғарады.


Қойын дәптердің екі-үшеуін толтырып тастапты.


Бірақ әлі жүйеге түсіп, бас-аяғы ыңғайланып, мида піскен кітап жоқ. Ол алдағы күндер еншісі. Алматыға жетіп, үйреншікті пәтерінің бұрышындағы кәнігі столына қонжиған сәтте қаламының жүйтки жөнелері хақ. Оған жинаған материалдары да, алған әсерлері де жеткілікті тәрізді.


"Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман..."


Жоқ, әлі қартаюдан алыс. Мұрыннан ыңылдаған күйі сергектік сезінеді.


"Күн сайын, сағат сайын ұлғайды арман..."


Бәсе, солай болса керек. Сәт сайын ұлғайған арман байыз таптырмағанда ғана қаламгердің жан-дүниесі ширыға, жандана, жаңғыра түседі. Ондайда тау қопарып тастайтындай өз-өзінен лепіріп, алып ұшқан көңілмен елегізи асығады. Қуана аңсайды.


Сайлаубекте бұ күндері сондай тынымсыз құштарлық бар.


Қағаздарын жимастан орнынан атып тұрды. Қолдарын қайшылап, бүгіліп-жазылып біраз жаттығу жасады.


"Несіпбекті тауып алуым керек. Султан ақсақал ол жігітті маған тегін айтқан жоқ".


Душқа түсіп келіп, шифоньерден қара костюмін алды. Түйінін тоқпақтай етіп, қызыл галстугін тақты. Енді айна алдына келіп өзіне-өзі қарап тұр.


— "Күйеу жігіт! Күнбибі көрер ме еді? Көрсін, ал. Сонда қалай, өзіңнің де ойың соны қалай ма?".


— "Сайлаубек, сен кіді боп барасың? Әр нәрседен ілік іздегенде не таппақсың? Кісіден кемшілік іздейтіндер өздері әулие болар деп ойлаймысың?".


— Жоқ. Ондай құпияңа жетелеме, мені, Сайлаубек.


Мен мына қалпымда Күнбибіге көрінсем, бірден загске ертіп кетпес пе екен дейтін жеңіл қиялға ғана елігіп тұрмын".


— "Үйлену — жеңілтектік пе еді?".


— "Үйлену бар да, ұнату бар. Екеуі екі басқа. Кейде жеңілтектікпен үйленушілер кездеседі. Бірақ махаббат, менің білуімше, жеңіл ұғым емес".


— "Сен Әйімгүлді ұмытып кеттің ғой".


— "Олай аяқтан шалма".


— Әйімгүлді араластырма. Ол — пәктіктің белгісі. Ол — сезімнің шынайлығы".


— "Сол екен ғой Күнбибіні ермек еткің кеп тұрғаны".


Сайлаубек алақанымен бетін уыстай бүркеді. Айнадағы тілсіз айтысқан қарсыласы — екінші өзі жоғалып кетті. Костюмді, галстукты шешіп, кереует үстіне лақтырған Сайлаубек орындық арқасында тұрған сұр шалбары мен шолақ жең жейдесін асығыс киіп сыртқа беттеді. Айнаға бір қырындап өтті.


Жаяу аяндап заводқа тартты.


Мехцехты аралап келеді. Тұсынан өтіп бара жатқан әлдекімді тоқтатты.


— Кешіріңіз. Несіпбек дейтін токарьдың қайда істейтінін көрсетіп жібермейсіз бе?


— Неге көрсетпейін, көрсетем. Бірақ ол адамның сізге қажеті қанша?


— Керек еді. Жақсы токарь деп жүр ғой.


— Несіпбек Жоламанов па? Иә, токарь екені рас. Мықты-ақ токарь. Өнертапқыш. Бірақ, — әлгі адам әлденеге танауын тыржитты. — Сіз журналист емеспісіз осы?


— Қателескен жоқсыз. Танысып қоялық. Аты-жөнім — Сайлаубек Маратбекович. Өзіңіз кім боласың?


— Мен цех бастығының орынбасарымын. Фамилиям — Красновский. Валентин Константинович. Сізге қалай түсіндірсем екен. Жоламановты жазудың қажеті жоқ... Несіпбек күшті специалист, басы қатты жұмыс істейді, ал.. — Красновский қолын сілтеп, күмілжіп қалды.


Сайлаубек сөзін бөлді.


— Басы істейтін болса, онда несіне бөгелеміз?


— Жо-жоқ. Жоламанов бар ғой миын керексіз нәрсемен босқа қатырып жүр, — деп орынбасар қолын тағы да ызалана сермеп қалды.


— Сонда қалай?


Красновский иығын қисайтып, жыпылықтаған көзін қиғаштай қадап өтті. Жұп-жұқа ерінде болар-болмас күлкі көлеңкесі қалқып шығып еді, әлгіндегі қыбырсыз жүзі заматта құбылып: "Шырағым, сен тас санаған болсаң, мен құм санаған жанмын. Оңайлықпен уысыңа түсіре алмайсың, босқа әуреленіп қайтесің" деген сыңайды анық танытты.


— Қалай деймісіз?..Жақсы дедім ғой. Несіпбекке ешқандай сылтауым жоқ кінә тағатын. Әрине, кей-кейде... Білесіз бе, станогын тоқтатып қойып, әлденені жазып жатқаны? "Жоламанов деймін, арыз жазып жатырсың ба? Мүмкін, менің үстімнен домалатып жатқан шығарсың. Қағазды босқа шығындамай онда тұп-тура өзіме айтқайсың". "Жоқ, дейді, Валентин Константинович, бір идеяның осы ғана орала кеткені". "Ал сен, Жоламанов, деймін оған мен, идеяңды жұмыстан бос уақытында ойла. Қажет десең, идеяны сенен басқа да табатындар көп. Станокты бекер тоқтатпа. Білесің бе, бізге жоспар керек", деймін. Сонымен, бұл әңгіменің сізге қатысы жоқ. Ал, Жоламанов әне, анау бұрышта. Жүріңіз, таныстырайын.


Екеуі Жоламановтың қасына жақындады.


— Жоламанов! — Станоктың шулы гүрілін басып, Красновскийдің даусы қаттырақ шықты. Несіпбек басын оқыс көтеріп алды. Сайлаубек жігіттің қара көздерінен тұтана беріп, жасқанып барып өшіп кеткен бір шоқты шалып қалды.


— Жай ма, Валентин Константинович? — деп қарлығыңқы үнмен жауап қатқан Несілбек станогын дереу тоқтатты.


— Былай еді, Жоламанов. Саған журналист жолдас келіп отыр. Өзіңмен сөйлеспекші екен. Сен көп созбай, дұрыстап сұрақтарына орнықты жауап бер.


— Мақұл. Көп созбайын.


Красновский бас изеп, кетіп қалды. Несіпбек қалың қабағының астынан қос сызық боп керілген көздерін Сайлаубекке тіктеді. Үндемей мата қиқымымен май жұққан қолын сүртті.


— Сізге Сұлтан ақсақал сәлем айтып еді, — деді Сайлаубек, қасындағы серігі жуық арада өз бетімен жақ жаза қоймасын сезіп.


— Сұлтан ақсақалды біледі екенсіз ғой. Ауырып жатыр деп естіп ем, қол тимей бара алмай жүрмін. Маған ол кісі өкпелеген жоқ па екен?


Несіпбек енді Сайлаубекке барлай қарады.


— Сізбен таныс деп Сұлтекең айтып еді.


— Мен жұмысымды жалғастырайын. Әйтпесе, нормамды орындай алмай қалармын. — Несіпбек станогін жүргізді.


Сайлаубек еңбек адамының он саусағына тап бір құдірет көргендей қадалып қалды. Қол! Адамның көзі — айнасы. Ол рас. Құбылып бетіне ойнақтап шығатын ішкі сыр ақшиған жанардан ашу мен ыза боп төгілсе, күлімдеген қарашық тұңғиықтай тартып, елжірегенде өзіне ғашық қып қоймай ма! Ал, қол дегеніңіз, білгіңіз келсе, нағыз шебер. Ол қимыл-қозғалыстың тілсіз симфониясын тудыратын нәзік ноталар. Саусақтар жыбырлап жүгіріп кеткенде толқынды толқын қуалап, теңіз өрінде ду-ду дүрмек өргізетін сиқыр ғой.


Несіпбек сәтте өзгерді. Цехтың әртүрлі ызыңды сарынынан ерекшеленіп, станогын бипыл әуезді бір зырылға енгізді де... тұла бойды еріксіз шымырлата тебірентіп, бір әсем күйді күмбірлете жөнелді. Әлгіндегі самарқау кейіп әп-сәтте жоғалып, күрең жүзге алаулап қан тепсіді. Қысық көздер бұрынғыдан да сығырая түсіп, патронға қыстырған темір детальға мейіріммен қадалды.


Қол — саусақтың анасы, алақанның бастауы. Бүкіл ынта жорғалаған саусақ ұшымен жұдырықтай кесек темірді аймалап, сәт-сәт сайын әлгіге дем салып, жан бітіріп бара жатыр...


Екеуі жұмыстан бірге қайтты.


— Жаңағы станогындағы патроның ерекше ғой, Несіпбек, — деп Сайлаубек сөзге тартты.


— Өзімнің жасағаным! Алғашқыда бәрі мақтаған! — Сайлаубек жалт бұрылып серігінің бетіне үңілді. "Бөрі мақтаған!" дегенде Несіпбек сұрғылт кепкасын бір нұқып, желкеге қарай шалқайта сырғытып жіберді. Сол тұрысы, сол кейпі "қалай көрсең де бар тұлғам, бар қалжам осы. Мақтанды десең де, масаттанды десең де еркің білсін" дегенді айтқызбай ұғындырған еді. Адам бойындағы бар жақсылығы бүкіл болмысындағы керекті-керексіз мінез-құлқымен түгел жарқ етіп көрінетін сәт болады. Ондайда ол бала көңілдей аңқылдақ. Қуанышы да, еп-ерсі мақтануы да өрескел болса да, өршеленіп бетке тебеді. Несіпбек те көз қиығындағы жылт-жылт тұтанған күңгірт шоқты жасырмай, жанарын біраз тіктеп тұрды да, артынша-ақ құрғақ отынның маздаған алауын бір желпіп өшіріп тастағандай әлгі шоқты қара кірпіктерімен көсеп-көсеп қап, құртып жіберді.


— Қазір ол патронды бәрі қолданады. Қаншама уақыт ұтамыз. Ғылыми-техникалық революция дегеніміз, меніңше, Сәке, ол өзі, дәлдік, жұмыс орнындағы тазалық және ұқыптылық. Ал, енді патрон детальды қысып ұстап тұрады. Әр жазықтықта тез қиюластырады. Еңбек өнімділігі — уақыт үнемдеу. Ол — табыстың бірден бір кепілі.


Несіпбек тағы да біразға дейін үнсіз қалды. Иығына асып алған тор көз пиджагын екі бүктеп қарына қыстырды. Tic арасынан ысқырта түкірік атып, жол шетіндегі майда топырақты тырс-тырс тесті. Қайырылып барып, табанымен дымқыл шаңды бұрқ еткізіп теуіп жіберді.


— Білесіз бе, әлгі патрон отыз түрлі ұстағышты жалғыз өзі алмастырады. Бұрын әр детальға әртүрлі ұстағыш орнататынбыз. Қаншама уақыт үнемделеді. Енді Валентин Константиновичке тек жоспар ғана керек. Идеяларыңмен басынды қатырма, жұмысыңды тоқтатпа дейді. Ал, мен жасаған патронның пайдасын бүкіл Отан көруде, — қолын сілтеп қалды.


Сайлаубек үндеген жоқ. Адам — жұмбақ деген осы. Армансыз бірі жоқ. Бәрін алға жетектейтін үміт. Бірі қайталағанды екіншісі қайталайды, өзінше қайталайды. Әркімнің өз жеңісі, өз қатесі бар. Адам қасиетінің өзі сонда жатпасын кім білген.


Жоқ, мынау серігі әдейілеп ат-атақ іздемейді. Бұнікі азды-көпті септігім тисін, өндірістегі еңбек өнімділігін арттыруға қол қимылымен бірге ми қатпарын да жұмысқа қосайын дейтін ізгі ниет. Мүмкін Несіпбектің сол талабын ескергісі келмейтін кейбіреулер жаяудың аттан озбас күйін ілгешек етіп алға ұстайтын шығар. Қарапайым жұмысшының дипломды инженер шыққан биікке қол сермеуін ұнатпайтын шығар. Бірақ қазіргі адамзаттың ой-өрісі өскен заманның жұмыскерлерінің инженерлік талғаммен тайталас түсіп жататынын неге білмейді екен.


— Сайлаубек, үйге кіріп шығарсыз?


— Жеңгейді мазалап қайтеміз. Осы арада-ақ сөйлесейік.


— Жеңгең жоқ. Мен жалғызбын.


Несіпбек жатақхананың ауласындағы бір бөлмелі ескі үйде тұрады екен. Қонағын ішке кіргізерін кіргізгенімен, аздап ыңғайсызданып қалды.


— Көп ұзамай пәтер аламын. Әзірше үй-жайым осы. Жоғары шығыңыз. Шай қойып жіберейін.


Несіпбек шаруа ыңғайымен сыртқа шығып кетісімен Сайлаубек бөлме ішіне көз жүгіртті. Жіңішке темір кереует, кітап сөресі, үстел, екі-үш орындық. Бар жиһаз осы. Бірақ кітаптары көп екен. Техникалық оқулықтар ма-ау, ғылми-көпшілік брошюролар ма- ау, көркем әдеби кітаптар ма-ау, жарты қабырғаны алып сығысып тұр.


"Жайсаң жігіт-ау!" Сайлаубек үй иесіне тәнті боп отыр.


Ыстық шайды екеуі ұзақ сораптады.


— Неге үйленбей жүрсіз?


Несіпбек қонағына жалт қарады.


— Шынымды айтайын ба?.. (Үнсіз қалды). Бір қызбен танысқам. Төрт жыл бұрын болатын. Сол кезде рацпредложением үшін теңіз жағасындағы курортқа жолдама берген. Сонда кездестірдім. Ол мені ұнатты ма, ол арасын жете білмеймін. Ал, мен оны көре алмасам отыра алмайтынмын. Әлдеқандай сылтаумен сол қыз курорттан тура осы қалаға менімен бірге келді.


Несіпбек ұзын темекісін тұтатты. Тоқпақтап ұрып қап бас жағындағы динамикты сөйлетті. Равельдің "Болеросын" беріп жатыр екен, тыңдап біраз отырды да, жұдырықпен бір түйіп радионың үнін өшірді. Бұрқ еткізіп темекі түтінін аузы-мұрнынан жалпылдата ытқытты да, темекі тұқылын қазандық аузына шиырып жіберді.


— Жарты жылдан астам екеуміз уәдемен жүрдік. Цекхом маған пәтер бермекші болды. Сол кезде тойымызды бір-ақ жасамақ болып едік... Үй бөлінді. Не керек. Әртүрлі жағдаймен маған пәтер тимеді. Нағима осындағы бір инженерге тұрмысқа шығып кетті. Мен жалғыз қалдым.


Сайлаубек сырт айналып, терезеден тысқа үңілді. Жатақхана ауласында волейбол ойнап жүрген жастардың әзіл-күлкісі самбырлап жетті. Құдды осынау бөлмедегі көңілсіз әңгімені мазақтап жатқандай.


— Нағиманың қазір ұлы бар. Томпаңдап жүгіріп жүр. Кім білсін, сол бала Нағима екеуміздің ұлымыз болар ма еді? Сыртынан көріп қоям. Әкесі сияқты, көзі алақандай. Бір күні дүкеннен ойыншық автобус сатып апарып едім, Нағима бала бақшадағы тәрбиешіден кім берді деп сұрап, әлгі ойыншықты лақтырып тастап кетіпті. Ойыншықта не тұр екен! Баланың көңілін қалдырғанын білмеді ме?


Терезеден мақталанып бұлт көшіп жатыр. Кілкілдеген аппақ тұман жоғарыдан төніп кеп, Сайлаубектің кеудесіне қонақтағандай. "Апырай, адам тағдыры да сонау ойыншықтай болғаны ма? Кішігірім төрт қабырғалы пәтер бір семьяның келешегін қалай ойрандап кеткен? Әлде Нағима қыз кінәлі ма? Мынау алдымда отырған үлкен жүректі жігіттің тар бөлмеге сыймайтынын білмей қап, өзін-өзі алдап, бекер адасып кетпеді ме екен?"


Несіпбек тағы сөйледі.


— Анау... инженер Нағиманы тастап кетті... Мінезіміз үйлеспейді дейтін көрінеді. Баласын тірі жетім қалдыруға дәті қалай шыдайды екен? Келіңіз, Сәке, тағы бір кесе құяйын. Суып та кетті. Ысытып әкелейін бе?


— Жоқ. Қажет емес. Мен қайтайын.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Сендерде проза, поэзия, сын, драматургия тәрізді әртүрлі әдеби жанр бар. Ал, біз — драмалық героикалық, комедиялық артистер болып бөлінеміз. Әркім өз шамасынша еңбек етеді. Өйткені, кім де болса оң жамбасына дөп келетін іспен айналысады. Ал, сен айтшы, Сайлаубек, ақынды драматургтен, немесе сыншыны прозаиктен бөлектемейсіңдер ғой... Оларың әбден дұрыс. Әркім еңбегіне қарай өз орнын алады, құрметке бөленеді дейсің. Ал, енді біздер ше?...


Мәселен, мына мен — комедийный актермын. Он бес жыл болды, сахнада Жапал болып жартас құшақтап жар іздеймін — жылатамын да күлдіремін. Он бес жыл болды, тоғышарды топырлатып көз алдарыңнан өткіземін де күлдіремін. Күлдіремін де ойлантамын. Он бес жыл болды, әр кеш сайын ішмерездің ішіне ұйып қатқан қанды уытын бетіне басумен келем. Күншілдің кеудедегі қыжылын, жағымпаздың жарамсақтануын, топастың тоңмойындығын, дарынсыздың дарақылығын әшкерелеумен келем. Әрине, кейде артық кетіп, кейде жетпей жатуым да мүмкін. Бірақ қолдан келгенше аянып қалған жерім жоқ. Кейде залдағы жұрт жыртыңдап күлгенде жылағың келеді. "Түсінсеңдерші мені, сендерді қытықтап отырғам жоқ, сақтандырып отырмын. Мынау сорақылықтан, нәрсіздіктен, әлсіздіктен, бишаралықтан жиіркендіріп отырмын! Сендер биік болыңдар! Азамат болыңдар!" — деп айқай салғым келеді.


Иә, мен — күлкінің актерымын. Бірақ, менің атым естілгенде, жеңіл-желпі езу тарта салып, ұмытып кетіп жүрмеңдер. Өмірде жылату оңай,ренжіту оңай, күлдіру қиын. Күлкімен емдейтін емшінің де еңбегін бағалай білу керек. Оның да жанына шуақ құю керек. Көңіліне көктем кіргізу керек... Әрине, құрметті атақ тегін берілмейді. Бірақ еңбегің еленбей жатса, ішің ашымай ма...


* * *


— Машина алайық, — деді Сайлаубек.


— Алайық!


— Ойыншық автомат бар екен.


— Алайық!


— Самолет, пистолет...


— Алайық, алайық!


Несіпбек екеуі универмаг ішінде ел көшіргендей болды. Артынып-тартынып, қойны-қонышын орау, бумағалық толтырды. Екеуі де пора-пора терледі. Екеуі де әбден шаршады.


— Енді домбыра алсақ қайтеді? — деді де, Несіпбек дереу, көзін ала қашып, бұрылып кетті. Айтарын айтып қап, өзі одан қысылатын тәрізді.


— Несі бар, алу керек. Өзің шерту білемісің?


— Аздап.


Таксиге отырып, ескі қалаға тартты.


Сәлден кейін көк "Волганы" бір қабат үйдің алдына қайқаңдата тоқтатты.


— Алдымен сен кір, Сайлау.


— Екеуміз бірге барамыз. Сөзді қой, Несіпбек, қане, баста.


Бұралаң бұрылысы көп ұзын қоридорды ұзақ жағалап, екеуі бір кезде шап-шағын бөлмеге кірді. Шыбын кірмесін дей ме, аптап азайсын дей ме пердені түсіріп қойыпты, үй-іші көз тұсардай алакөлеңке.


Кереует сықыр етті. Халаттың ашық өңірінен төсектен сырғып түскен аппақ санның нобайы шалынды.


Сайлаубек кібіртіктеп ілгері аттап, дауыстап сәлемдесті.


— Жоғары шығыңыз, — деген үн баяу естілді.


Келіншек жалма-жан пердені ашты. Кешкі сарғылт сәуле тар бөлмеге құйылып кетті.


— На-а-ғима! Мына кісімен танысып қой. Жазушы.


Сайлаубек Маратбеков, — деп Несіпбек өз-өзінен абдырап, қолындағы буған-түйген заттарын қасындағы плитаның үстіне қоя салды. — Самат қайда? Жігіттің бүгін туған күні болған соң құттықтайық деп...


"Жігіт" төсектен жылап тұрды.


Нағима үш жасар баласын бауырына басты. Ернін күбірлетіп "отырыңыздар!" деді. Басын көтермейді. Машина жіптей тарамдалып көз айналасынан тік өрілген ұсақ әжім сызықтары түйіліп жатқан қос қабақтың арасында айқындала түсті. Жымқырулы ернін ашып ұлының шашынан сүйді. Жалт еткізіп кішірек қой көздерін Сайлаубекке тіктеп өтті де, ақ тістегі дымқылда күн сәулесін ойнатып, болар-болмас езу тартты.


— Рақмет! Баламның туған күні екенін де ұмытып кетіппін. Жұмыстан шығысымен бала бақшадан Саматты алып келіп, қисайып ем, қалғып кеткенімді де байқамаппын.


Нағима ұлын кереуетке қайта жатқызып, дәлізге шығып кетті.


Сайлаубек әкелгендерін ашып, Саматтың маңайына ойыншықтарды үйіп тастады.


— Мынау — самолет! Сен ұшқыш боласың ғой, Самат?


— Иә!


— Ал, мынау — автомат. Міне, мынау трактор.


— Сен кімсің?


— Мен бе? Папаңның досымын, Самат.


— Папам қайда?


Сайлаубек ә дегенде сасып қалды. Көз қиығымен көмек сұрағандай Несіпбекке қарады. Несіпбек болса сәтте күреңітіп өкпесіне ауа жетпегендей алқынып барады екен.


— Папаң ба?! Папаң — міне отыр...


Сайлаубек осы сөздердің аузынан қалай шығып кеткенін білген жоқ. Сол-ақ екен манадан жатырқап отырған бала төсектен қарғып түсіп, Несіпбекті бас салды.


— Папа-а-а!


Сайлаубек көзінен ытқып кеткен ауыр тамшыны саусағымен шекіп түсірді. Алақтап жан-жағына қарады. Есік жақтауына сүйеніп, екі иығы селкілдеп тұрған Нағиманы көрді. Біртүрлі ұяң мұңмен жасаңғыраған көздері ұшқын атып тұрғандай. Кеудесі көтеріліп-басылып, дем алысы жиілеп қалыпты.


Сайлаубек орнынан тұрды. Балдырғанға қол созды.


— Кәне, Самат, енді маған кел.


Нағима баланы орта жолдан іліп әкетті.


— Саматжан, есік алдына біраз ойнап кел. Алысқа кетіп қалма, құлыным!


Самат сыртқа қарай томпаңдай жөнелді.


Содан кейін келіншек Сайлаубекке бұрылды. Заматта түсі бозарып, қуқыл тартыпты.


— Сіз...сәбиді неге алдадыңыз?


— Кешіріңіз, байқамай...


— Несіпбек, сіз адвокат жалдап жүргеннен саумысыз?


— Жо-жоқ! Нағима, мен сенің тұрмысыңа...ә, өміріңе еш араласайын демеп едім. Дегенмен.... Саматтың туған күні болған соң...


— Сатып алғым келді деңіз.


— Тіпті ойымда ондай ештеңе жоқ еді... — деп Несіпбек қипақтап орнынан тұрып, кепкасын бір шешіп, бір киді.


— Онда неге қыр соңымнан қалмайсыз? Неге келе бересіз? Маған енді ешкімнің де, ештеңенің де керегі жоқ!


— Нағима, сіз ренжімеңіз. Менің адвокат болу ойымда жоқ еді, — деп Сайлаубек сасқалақтады.


— Ендеше, байы тастап кеткен әйелді мүсіркеу үшін келдіңіз бе? Әлде жазушы болған соң болашақ кейіпкеріңіздің бір түрін менен іздеп жүрмісіз?


— Ғафу етіңіз! Адам тағдыры — ойыншық емес.


— Иә, адам тағдыры — ойыншық емес. Оны білсеңіздер... О баста шын ұнатса, досыңыз мықтап ұстауы керек еді... Уысынан шығармауы керек еді... Көңіл тоқтатпаған жас қызға алдынан тосатын құбыжықты кім сездіреді?


— Білмеймін.


— Енді маған бәрібір. Бір рет алданғам — өмірлік тәжірибе жинадым. "Аузы күйген үрлеп ішеді". Бүгіңде аяқ бассам — табанжолға үңілем.


— Адамның бәрі бірдей емес. Аласы да, құласы да ішінде. Бірақ жауыздық ізгіліктен озбайды.


— Айтуға оңай ол. Жастығымды жаспен шылаған түндерімді көрген жан бар ма? Қылдан тайсақ, қиянатты үстімізге үйіп-төгетін көлденең көздердің үрейлі сұсын ұқсаңыз ғой.


— Үрейлі сұс үркек жандарға ғана тән болар. Кешірімшіл көңіл басқадан кемістік іздемейді.


— Ал, баламның туу куәлігінде әкесінің атының орнында құр сызық тұр. Басқаның кешірімшіл көңілінен пайда не маған?


Несіпбек жөтелді. Сұлу жүзі сұрғылт тартып, құбылып кетті.


— Нағима... ғафу ет...сені, Саматты көре алмасам... біртүрлі елегізіп... Өкпелетейін деген жоқ едім... Оның үстіне сенің мына қиналғаның... күйзелгеніңді айтам... Мен кінәлі шығармын. Бір кезде батылдық көрсете алмадым ба, білмеймін. Енді... жыламасаң... жылағаныңды көрмесем, қолымнан келгенді аямас едім... Келіп қалдық... әй, бірақ!..


Несіпбек бүгжеңдеп есікке беттеді. Жете беріп қалт тоқтады. Қарсы алдынан Самат жүгіріп кірді. Арсалаңдап Несіпбектің мойнына асылды.


— Папа! Папа-тай!


Несіпбек баланы тік көтеріп алды. Тарам-тарам аққан жас екі беттің ұшын сызып, кемсендеген ерінге жиылды.


— Папа, сен неге жылайсың?


— Қуандым ғой, Саматжан! Қуанған адам көз жасына ие бола алмайды.


Бетін құшағындағы баланың кеудесіне көміп, екі иығы селкілдеп тұр.


Нағима ернін тістеледі. Иектен дірілдеп басталып, жоғары жүгірген бір толқынды қуалаған алақанымен бетін сипалады. Ауыр күрсінді.


— Осылай тұра береміз бе? Самат, құлыншағым, түсе ғой. Па... (сәл кідірді). Папаң дем алсын.


Несіпбек Нағимаға жалт қарады. Қара көзге алғыс та, мейірім де, қуаныш та қабаттаса келіп, бір сәтте жүзін аласапыран толқытып жіберді.


— Саматым! Отыра-ай-ық!


Тәлтіректеп кеткен жігітті Сайлаубек сүйеп қалып, орындыққа жайғастырды.


Дастарқан жайылды. Сөйлеп жатқан жалғыз Самат қана. Әр ойыншығын бір мақтайды. Папасы мен мамасына кезек мақұлдатады.


Бір кез Несіпбек домбыраны алдына өңгерді.


Қатқыл саусақтары пернелерді түзетіп, тиекті дұрыстады. Құлақ күйін қайырды.


Ықыласты әуен бірден орала қоймады.


Несіпбек ыңыранды. Көзі жұмылып кетті.


Саусақтар сәлден соң кібіртігін жазды. Күй кетті аңырап. Сайлаубек екі ішектен үздіге бебеулеген "Қайран шешемді" қазір мүлде басқаша ұғып отыр. Несіпбек бауырына домбыраны еміне құшақтап, нұрлана ажарланып алыпты. Анау көз ілеспей жүгірген саусақтар күй ырғағымен жазушы көңілінде жыр толқытып: "Қайран балам! Балам менің! Әкең болсам — сүйер мең. Балам менің, Самат жаным! Еміреніп сыр төктім! Жан күйімді ұғармысың, шер-шеменім тарқар ма! Әлде бір күн бәрін білсең, өмір күдік артар ма. Балам менің! Бал қызығым! Папа дедің былдырлап. Көкірегіме құйылғандай тәтті бір күй сыңғырлап! Балам менің! Бал тілегім! Бар тірегім, қызығым! Мейірімді қандырғандай "папа" деген үзік үн! Қайран балам! Қайран ұлым! Өмірімнің жалғасы! Папа деген кереметті ғұмыр бойы арнашы! Қайран балам! Самат жаным! Еркелеші, құлыным! Бір жалт етіп жоғалмасын мынау шаттық бүгінім!" дейтіндей. Сайлаубек теріс айнала беріп, өз-өзінен босаған көңілін жасырып, көз құйрығын шынашағымен екі мәрте елеусіз сипап өтті.


Нағима солықтай күрсінді. Ұзын кірпіктерін төңкеріп қалып, екі тамшыны өңіріне түсірді. Күлімдеп Несіпбекке ұзақ қарады. Кішкене құлағын жаба салбырап тұрған бұйраланған тұлымды сұқ саусағына шиыршықтай орады. Жұқа шықшыттағы көкшіл тамыр бүлк-бүлк соқты. Күй бітті.


— Тамақ суып кетіпті, — деді Нағима.


— Иә! Мына күй үшін бір көтеріп тастасақ деймін, — деп Сайлаубек ұсыныс білдірді.


Мамырлай қозғалған толық әйел бір кез дүрс-дүрс басып, табалдырықтан аттады.


— Бұ не? Қашаннан бері менің үйім жынойнақтың ортасы болып еді?


— Кешіріңіз, апай! Бүгін Саматжанның туған күні болған соң...


— Шаптықпа, сен келіншек, шаптықпа! Сенікі бала болса, менікі пәле ме? Менің ұлым жаңа ғана көз шырымын алды. Маза беріңдер.


— Жақсы, біз онша шуылдаған жоқ едік.


— Жетті! Шуылдамасаңдар, шуылдайсыңдар. Мынау не, арақ па? Бұны ішкен соң қалай шуылдамай отырасыңдар.


Әйел орта стакан арақты стол үстінен алып, өңешіне құя салды. Құя салды да, тыжырынып тұрып, күйе жұққан саусақтарын тарелкадағы тұздалған қиярдың сөліне матыра бір қиярды бүріп алып, күтір-күтір шайнады.


— Айттым, бітті! Шуылдамаңдар! Әйтпесе, сен келіншек, бүгіннен бастап басқа пәтер ізде. Мен үйімді қызойнаққа айналдырта алмаймын....Мыналарың кім? — деп сұқ саусақ пистолет ұңғысындай Несіпбек пен Сайлаубектің кеудесіне кезек-кезек оқталып өтті.


— Таныс...туыс...


— "Таныс, ту-ыс". Ешқандай таныс, ешқандай туыстың қажеті жоқ. Сені пәтеріме жібергенде таныс-туысың қонаққа келіп, ат-көпір қылып жатсын дегем жоқ. Қайтар жылдам.


Әйел шығып кетті.


Дастарқанды көңілсіздік жайлады.


Ештеңеге мән бермеген Самат асыр салып отыр еді. Ұшып тұрып домбыраға ұмтылды. Әлдеңеге сүрініп құлап түсті. Несіпбек пен Нағима балаға бірдей жүгірді. Төмен еңкейгенде бастары соқтығысып қалды. Несіпбек Саматты жерден көтеріп алды.


— Бір жерің ауырып қалған жоқ па, Саматжан!


— Жоқ, папа!


Нағиманың жүзіне қан жүгірді.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Өмір дегеннің не екенін білесің бе? Білсең, айта ғойшы, жазушы жолдас. Әне, ойланып қалдың. Өз қолыңмен ұстап, басыңнан кешірмегеннің бәрі — бос сөз. Ондай қияли ертегіге оңай сене қоятын алаңғасар аңқауың мен емеспін. Мен көз көргенді ғана мойындайтын жанмын.


Мен саған бір қызық оқиға айтайын. Тіпті былай қарасаң, қызық та емес, қорқынышты оқиға.


Өткен жазда елең-алаңмен аңға шықтым... Аңға емес, әрине, браконьерлерді аңдуға шықтым... Қазір жаз болса далаға тұс-тұстан аңшылар қаптап кетеді.


Содан атымды бұлаң құйрыққа салып келе жатсам, алдымнан бір ақсақ киік кездесе кеткені. Қуғыншы көрінбейді.


Әлгі кінәсіз жануарды қатты аядым. Қосауызымды иығымнан жұлып алып, көздей бердім де, өзімді-өзім тоқтаттым. Өлтіруге қимаймын. Атпауға тағы болмайды. Бәрібір анау шойнаңдап жүріп, ит-құсқа жем болары сөзсіз.


Содан... мылтығымның патронын алып, қайта оқтап иығыма асып алдым да, киіктің қасына келдім. Оқ қос өкпесінен тиген екен, мүлт кетпейтінімді өзім де білем... Мынау медальды соғыста тегін берді деймісің?


Байғұстың көзі-ай! Мөлт-мөлт жасы тамып маған мөлие қарады дейсің. Дәтім шыдамады. Сырт айнала беріп, қонышымнан бәкімді суырдым. Көзіне тура қарамауға тырысып, бір қырындап жақындадым. Қарсыласпақ тұрмақ, бишара тұяқ серіппейді. Тұмсығын құбылаға беріп, бауыздап едім, жаны шығар емес. Содан басты бөлек алып тастадым...


Ойпыр-ай! Сондағы қорыққаным! Сүт пісірімге дейін кеудесінен жаны шығады. Денесі тыпырлағанда, анадай жерде жатқан бас кәдімгідей иегін қағады. Бас иек қаққанда, мұндағы дене тыпырлайды.


Содан... қаңтарып қойған атыма жете алсамшы... Үзеңгіге аяғым тиісімен дік етіп ерге қонғанымды білем. Шек қарным ақтарылып кетердей ал кеп лоқсиын. Кейін көрсем, атымның жалы жидіп түсіпті.


Содан егерлік жұмысымды ауыстырдым. Бүгіндері киіктің қарасын көрсем, анадайдан безем...


Әне, өмір дегенің. Қолмен ұстап, көзбен көрмесең сену қиын...


* * *


Жазу столының үстіндегі көкшіл абажурлы шамды жағып алып, Сайлаубек қойын дәптеріне үңіліп отыр. Бұрын әртүрлі қағазға жазғандарын дәптерге көп түсірмейтін. Осы жолы ол әдетінен әдейі айнығандай. Көп түртіп, көп шимайлапты. Әр бетте әр күні. Кездесуі, ойы, толғанысы. Елеңдеп келіп еді, елегізіп қайтқалы отыр. Қимас дос, қадірлі туысқа айналған жолдастары қалып барады.


Адам жаны домбыра ішегі тектес. Сәл нәрседен ырғақ тауып, шертіп тұрады. Қуанышы да, реніші де жүрек қылының баяу дірілімен бүкіп тұлабойына дуылдап тарайды. Ыңылдатып ән салғызады, уһілетіп қабырғасын сөгердей қиналта күрсінтеді. Ол өткен күнді өгейсімейді, сол өткен күндерде есте қалған ұмытылмас сәттерді құштарлықпен аңсайды. Осы сәттердегі қуанышқа толы сағатты көз алдынан тізілтіп қайта өткізеді.


Сайлаубек ертең Алматыға жүріп кетпек. Не тындырды, оны болашақ творчествосы көрсетер. Не жоғалтты? Бәлки шыдамсыздығын тежеген болар. Бәлки менмендігін азайтыңқыраған болар. Бәлки өзімшіл мінезден опық жеп, өкінген де шығар. Бірақ булар жоғалтқаны ма? Aл тапқаны не? Тапқаны — достық, тапқаны — сенім, тапқаны — тілектестік. Бұны ұққан адамды өзі ұқты. Арқадан қағар қолпаштау емес, көзбен ырзалық танытар қадірлеуді көрді. Жұмысшының көп сөзі жоқ шымыр алақанының алғыспен қысар құдіретті шағын бастан кешірді. Өзгеге қарап, өз қадірін шамалады. Пайымдауынша: тым ауыр да, тым жеңіл де емес, бір адамға жетерлік.


Есік тықылдады. Артынша дәлізден күлкі естілді.


Леонид пен Лиза екен.


Сайлаубек айқайлап жіберді.


— Леонид-ay, бауырым-ау! Концертің қайда? Бармағанбысыңдар?


Лиза күлімдеді.


— Концертті бүгінше қоя тұрайық дедік. Оның үстіне, білесіз бе, Сайлау Маратбекович, Леонид сұмдық жалқау жігіт қой. Күні бұрын билет алып қоюды білуші ме еді бұл. Сатылып кетіпті... Сонсоң.


Сайлаубек Леонидқа таңдана қарады. Цекхомдағы мәдениет секторының бастығынан екі билетті Леонидтың сатып алғанын өз көзімен көрген. Лизаның өтірігін ашқысы келмеді.


— Бұл шынында да жалқау. Лизаветаны өкпелетуге бола ма, жігітім. Екеуміздің атымыздан саған қатаң сөгіс жариялаймын. Сөйтеміз ғой, Лиза?


— Бір жолға кешірейік. Қатесін мойындап тұрғанын көресіз бе.


— Дұрыс онда. Кәне, отырыңдар. Мен шай қамдайын.


Леонид спорт сумкасын ашты.


— Сайлау, сен әуре болма. Енді келгенінде, тұп-тура біздің үйде қонақ боласың. Әзірше, мынау шағын жолаяғымыз, — деп столға бір шыны армян коньягын, алма, қиярды қойды. — Лизочка, қызмет көрсет.


— Рақмет! — деді Сайлаубек


Шертіп жіберген бөтелке тығыны сарт етіп қабырғаға тиді, секіріп еденге түсті. Күрең шарап үш рюмкада мөлдіреді. Үш жүзде күлкі ойнады.


— Достық үшін!


— Сыйластық үшін!


— Мен, Леня, Лиза екеуіңнің бақытың үшін ішем!


Сәлден кейін баяулатып үшеуі ән салды. Бастарын түйістіріп алып, көкшіл жарықта көгілдір нұрға бөленіп отыр.


— Кеш жары-ы-ық!


Таяғын тарсылдатып Сұлтан ақсақал кірді. Ордендарын саудыратып пиджагын киіп алыпты.


— О-о, батя!


— Сұлтеке! Төрлетіңіз!... Ойпырау, төсектен тұрып кеткеніңіз қалай? Ертемен өзім барып, қоштасып шығам деп отыр ем.


— Жата-жата әбден мезі болдым. Тіпті сауығып кетсем керек. Қажет етсең билеп бере алам.


Сұлтан ақсақалды Лиза мен Леонид екі жағынан қолтықтап әкеліп, креслоға отырғызды.


— Айтпақшы, менің жолдасым бар еді... Сайлау, шақырып келші. Есік алдында тұрған болар. Өзі бір ұялшақ неме, кірмей қойды.


Сайлау бейтаныс адамды ертіп келді.


— Танысып қой, менің көршім. Анада өзің даусын естіп едің ғой, Сайлау.


Сұлтан ақсақал сәл жымиып қойды.


Көршісі ыңғайсызданып қолын ұсынды.


— Сәке-ау, ол мастықтың байбаламы ғой. Енді арақ итті аузыма алмаспын. Сіз...мынау балконның қасынан әрірек отырмаймысыз... Ауырып қалып жүрерсіз.


— Енді мені шыныға салып ұстайын деп пе едіңдер бәрің... Онан да шешелеріңнің не салғанын көрейік. Кәрзеңкенің аузын аш, Түлкібай!


— Шешейдің денсаулығы қалай?


— Ол апаң құнжыңдап кетті. Орталықтан бізге екі бөлмелі үй берген екен. Біресе жүгін буып, түйеді. Біресе шешеді. Пәтерге де қызығады, үйін де қимайды. Жиырма жыл бойы тұрған баспана ыстық екен. Ауыспаймын десем, парткомдағы досым Митрей көнбейді. Сонымен әрі-бері боп мен жүрмін. Әрі-сәрі боп бәйбішем жүр.


— Оның көнбейтін несі бар. Несібекпен көрші боласыз, батя. Келіндер, құтты қоныс үшін бір көтерейік, — деп Леонид рюмкаларды жағалатты.


— Жо-жоқ, мені қинамаңыздар, — деп Түлкібай безе қашты.


— Осы менің мұрным бір иіс сезіп тұр. Қуырған тауықтың дәмді иісі шығады, — деп Леонид есікке тұра жүгірді. Самбырлап сөйлеп Несіпбек пен Нағиманы қолтықтап оралды.


— Айттым ғой, біздің Наташа-Нағимаша құр қол келмесе керек еді, — деп Леонид мәз.


— Осы сіздер заговор ұйымдастырып жүрген жоқсыздар ма? — Сайлаубек рақаттана күле түсіп, қонақтарын жайғастырды.


Достық үшін ішілді, өлең айтылды. Махаббат үшін тілек білдірілді, ән салынды. Түннің бір уағы болды.


Түлкібай Сұлтан ақсақалды таксимен үйіне алып кетті.


— Нағима — Несіпбек, Лиза — Леняны біраз жерге Сайлаубектің өзі шығарып салды.


Енді міне номерінде жалғыз отыр. Көңілі бос, кеудесі толы.


Әлден-ақ достарын сағына бастады. Анау Сұлтан ақсақал айнымаған әкесі. Түлкібай да әлденеге ыстық. Несіпбек пен Нағима үшін қуанса, Леонид пен Елизаветаны бауыры мен қарындасындай жақын тұтады.


Күлкі мен өксіктің табиғаты бірдей. Екеуі де дірілдеп басталып, іштен лекілдей ақтарылады. Екеуі де көзден жас ағызады. Аққан жас ішті тазартады, бойды сергітеді, ойды өрістетеді. Жаңа бір сезім, таза сезім көкірекке айықпастай орнайды. Көңіл бостығы — достардың алыстауынан. Кеудесінің кептелуі — қуаныштан. Күліп отырып жылайтын тәрізді. Бір сезгені: бүгіні кешегісімен мидай араласып кетіпті. Жылап отырып күлетін сияқты. Өмір толқыны ұзап барады. Бүгінін ертеңіне жалғастырады. Мүмкін жолы түсе қоймас. Бірақ мынау кемсеңдетіп ерінге оралған тәтті күлкі ешқашанда ұмытылмас... Ұмытылмас.


Телефон шырылдады.


Сайлаубек трубканы селсоқ көтерді.


— Әл-оу! Сенің бұның не? Әй, неткен тасбауыр жансың! Келесің — бас сұқпайсың. Кетесің — қоштаспайсың. Әй, ит ұяласынан қорықпас. Туған ағаңды ұмытпақпысың сонда. Хабарыңды білдіріп, звандай салсаң, хандығыңнан таямысың. Сен үшін қатынымнан сөгіс естіл-ақ өлетін болдым...


Трубка бір зың етіп, "әй, әйге" нүкте қойды.


БҰЛАҚ. МАРАТБЕК ЖӘНЕ САЙЛАУБЕК


Бір-ақ сәтте бір мазмұнды екі тығыз телеграмма Алматы мен Қарағандыға шұғыл жөнелтілді.


Сайлаубектің қойын дәптерінен


— Баяғы боп барады. Анау ақсақ мұғалім түн ортасында тереземді қақты. Есік аштым. Өзінің түсі бұзылып кетіпті. "Не болды?" деймін. "Әйелім толғатып жатыр " дейді. "Соған бола түсің қашты ма?" десем, "Апам әл үстінде" дейді. Биесімен келген екен, артына мінгестіріп алды.


Ай әлі тумаған екен. Түн тастай қараңғы.


Бір кезде астымыздағы бие пысқырды. Төрт табандап жамандатқыр тұрып алды. Ақсақ мұғалім олай тебінеді, бұлай тебінеді, — қайда, бір басар емес.


Содан жерге түсейік. Алдымызда жарбиып біреу отыр. Үн жоқ. Қарасам — мылқау жігіт. Соғыстан кейін осы ауылда екі-үш жыл жүрген. Кейін көрінбей кетті. Әлгінің ұсқыны... адам шошырлық! Мылқау жанның әсіресе күлгені ерсі болады екен. Ол күлсе, бие дір-дір етеді. Бие дірілдесе, мылқау кеңк-кеңк күледі.


Ай әлі тумаған. Көз үйренді ме, маңайды барлауға жарап қалыппын. Қарасам, мылқауым жалғыз емес.


Иә, қасында аяқ-қолы байлаулы біреу жатыр. Қимылдайды. Қасына таяндық. Құдай басқа салмасын, менің бір аталас қайным. Бет-аузы көнектей. Күлтілдеп ісіп кеткен.


— Не болған, сорлы-ау! — десем, үн қатпайды. Әлгі мылқау неме кеңк-кеңк күледі. Мылқау кеңкілдегенде, көк бие діріл қағады.


— Қағыңғыр, саған не жоқ! — деп мылқауды салып жібергенім ғой. Бишара күлкісін кілт доғарып, бетіме жаутаң етіп мөлиіп қарағаны. Онысын қайтейін, қайнымның аяқ-қолын жалма-жан шешіп тастадым.


— Не болды? Кім ұрған өзіңді?


Қайнымда үн жоқ. Екі иығы салбырап төмен қарай береді. Бір кезде ақсақ мұғалім дауыстады.


— Мынаны қарашы!


Көзім бар, қарадым. Терісіне орап, қапқа салып алған қара саулықтың еті.


Ойыма күдік кірді. Алдында бір күн бұрын төменгі ауылда тұратын Қауия кемпірдің жалғыз қара саулығы жоғалып, бишара содан бері шарқ ұрып іздеп, сандалуда еді.


— Әй, жаның адыра қалғыр! Сен бе ұрлаған ?


Қайнымда тіл жоқ. Басын көтермейді.


Мылқау жігітті бас салып құшақтағанымды білем.


Дауыс қып жылағанымды білем. Мылқаудың жылағаны да құрысын. Иығы селкілдеп, тамағы қырылдап, мөңірегенге ұқсас... баурыма кіріп барады.Анау қайнымнан сол мылқау қандай қадірлі еді. Қауия кемпірге жаны ашыды ма, әлде кездейсоқ ұрының үстінен түсті ме, мылқау жігіт қайнымды домалатып тастаған ғой.


Кейде әлдекімнің өзінше жақсылық жасап қуанғанынан қорқатынымыз бар. Мылқаудың алғаш кеңк-кеңк күлгенінен жүрексіндім дедім ғой. Енді уата алмай қиналдым.


Ақсақ мұғалім қайнымды орнынан көтеріп тұрғызып жіберді.


— Бар! Құры! Екінші жымысқылығыңды көрмейтін болайын. Балаларың үшін сотқа білдірмеймін.


Екеулеп мылқауды жұбаттық. Айналдық, толғандық. Рақметіміз бен алғысымызды жаудырдық. Адам құлақпен емес көңілмен, ділмен түсінеді. Мылқау бізді ұғынды. Ұғынды да кеңк-кеңк күлді. Көк бие дір-дір қалшылдады.


Сол екі ортада ай туған екен. Қарасам, мылқау жігіттің түрі біртүрлі мейірімге толып, кәдімгідей нұр шашады. Ақсақ мұғалім қапты жігітке арқалатып қолымен төменгі ауылды нұсқады.


Мен құлағының түбіне айқайлап жатырмын.


— Қауиянікіне апар. Қауиянікіне! Қау-ия!


Түсінді ме, түсінбеді ме — мылқау қайта-қайта басын изеді. Күлімдеп аппақ тістерін көрсетті.


Ақ ниеттің езу тартуы да ерекше, Сайлаужан.


Маған сол сәтте мылқау жігіт туған ұлымдай көрінді.


Сонымен көлігімізді жетектеп алып, ақсақ мұғалім екеуміз үйге де жеттік.


Әйел бебеулеп толғатып жатыр. Кемпірдің кірпігі ғана әлсіз қимылдайды. Үйде екеуінен басқа тірі жан жоқ. Ақсақ мұғалім о кезде анау төбенің түбінде жеркепеде оңаша тұратын.


Содан, кемпірдің тамырын ұстадым. Иегі кемсеңдеп, байғұс кейуана баласына мөлие қарады. Тарамыс саусағын жыбырлатып, сыбырлап әлдене деді. Келініне бір кез жанарын төңкерді, жүзіне болар-болмас қан жүгірді. Сөйтсем, бой жазғаны екен.


Кемпір артынша-ақ үзіліп кетті. Алақанымен сипап, көздерін жаптым.


Келіншектің толғақ сарнатқан бай-байы төбе құйқамды шымырлатып барады.


Өлер кемпір өлді, тірі адамның тіршілігін жасау керек.


Тездетіп құр керіп, тұмса келіншекті әлгіге асылдырып, белін сипалап жатырмын...


Ақсақ мұғалім шешесінің басында еңкейіп дыбыссыз егіліп отыр.


Бір кезде шарылдаған дауыс төменнен шықты. Кіндігін тырнағыммен қиып жіберіп, етегіме орап алып, нәрестені келіншектің алдына тостым...


Әлгінде ғана қиналған келіншек балбұл жанып, көзін кең ашты. Езуінде діріл білінді. Содан кірпігін айқастырып жіберіп, насаттанып жымиды.


Оң жағымда арыстай сұлап кемпір жатыр...
Етегімде қызыл шақа сәби тыпырлайды.
Біреу келді де біреу кетті дүниеден...
Өмір деген сол.


* * *


Көзі әлгінде ғана ілініп кетіп еді, сырттағы шудан қайта оянды. Ұлы сәске болып қалыпты. Кереуеттің дөңгелек тобыршықтарындағы күн сәулесі көз қарықтырады. Маратбек ауыр ыңырана оң жамбасына қисайды. Қу сүйек дене төсекпен де дүрдараз. Бірақ ынтығын алған терезе еріксіз тартады да тұрады. Сонау жарық дүниенің жалғыз белгісіндей төрт бұрыш көктем келіп, жаз туғалы тіпті көз құртына айналды. Табиғаттың күн санап жасарып, жаңғырып бара жатқан мезгілі тіршілік иесіне қандай қымбат. Қазір де шүңірек көздер әйнекке құмарта тесілді.


"Шарбаққа мал кіріп кетіп, Әйкіжан байғұс айдап шыға алмай әбгірленіп жүр-ау. Күндіз-түні тынымы жоқ. Ұйқысы да шала. Қозғалып кетсем, басын көтеріп алып отырғаны. Қап! Ана малды... жылқы ғой кісінеген ...неге біреу көмектесіп айдап жібермейді?"


Біраздан соң даладағы дауыс пен шу тыйылды. Маратбек сүлгімен бетін жауып қойған кәрлен кесеге сүзілді. Бұрын кесенің орнында торыала тостаған тұратын. Тостағанда көпіршіп қымыз ағараңдайтын. Қысыр бие суалып, қосқа айдалған. Оған да ай өтті. Енді қымыз болмас. "Жә, босқа бас шатпайын. Қымызды да ішіп мәз қылғандай. Көпке ұзамаспын"...


Көпке ұзамаспын... Бұрын илікпеуші еді. Ендігі көндіккен түріне қайран қалуға да шамасы жоқ. Әйтеуір кірпігін әлсіз қағып қалып, көзін мәңгі жұмарына іштей бас иген тәрізді. Қашан, қай күні сөйтерін білмейді. Тек сол соңғы сәттің сәл де болса кешеуілдеуін тілейтін дәмені кеудеден аулайды.


Әйкіжан ауыз үйден дабырлай сөйлеп кірді.


— Көкесі-ау, жазылып кетесің енді... Тұрып кетесің, көкесі!


Жаулығы қисайып кетсе де, алабұртқан жүзі көңілді. Тер кілкіген көзінің алдын шынашағымен сүрткілеп қойып тұр.


— Жазыласың! Жақсы ырым көрдім, көкесі. Құдай өзі сәтін салайын деген ғой.


— Айтсаңшы, бар болғыр! Неменеге дабдырлап кеттің.


— Ойбай-ау, сусының — қорегің есік алдына байланбады ма!... Қымыз ішесің қайтадан!


— Қымызың не? Қысыр биең қайта құлындағандай.. .


— Сүйелбайдың өправләйш баласы ше... Азамат екен. Кеше жылқы фермасына кеткен. Сол, айналып кетейін балам, әлгінде бір жуас биені өзі мініп келіп, қораңа байлап кетпеді ме?


— Байлағаны несі?


— Түу, не айтып тұрмын. Сенің қымыздан басқаны татып алмайтыныңды біледі екен. Сауылмай бос жүрген бие емес пе. Совхоз биесі. Соны алып келіпті. Әдейі бұрын сауылған, жуасын таңдап алыпты. Сүтті көрінеді.


— Апырмай, Сүйелбайдан ұлы тәуір боп шықты-ау.


— Өзі бір апалап тұратын кішіпейіл. Өпрәвләйш болғанына жыл толмай, учаскені дөңгелетіп әкетті ғой. Ырым дегенім сол. Есіне құдай түсірген шығар.


— Өзі қайда?


— Асығыс екен. Үйге кір деп едім, өзіңнің ұйқыңды қимай...Ақ тамызайын ба?


— Жоқ. Дем алсаңшы.


— Қой отырмайын. Құлыны әлі жас екен. Оралып қалмасын. Байқап келейінші, — деп Әйкіжан шығып кетті!


Маратбек тағы да жалғыз қалды. Ермегі — ойы ғана. Сүйелбайдың баласын онша білмейді екен. Оқуды интернатта бітіріп, одан әскери міндетін өтеп барып, техникумға түскенін естіген. Енді міне, азамат боп өсіпті.


Қалжырап жатып кірпігі айқасты. Шала ұйқыда түсті өткізіп, бесінді жақындатыпты. Күн сәулесі қиғаштағанынан сезді.


"Әйкіжан қайда жүр? Төсегімді де қайта қағып салып бермеді-ау".


Әйкіжанның бұрын не үйде, не тыста жүргені білініп тұратын. Алысқа онша ұзамай шалының іздеп қаларын сезетіндей үнемі дыбыс беріп қоятын. Қазір тым-тырыс.


"Дүкенге кетті ме екен? Ұйықтап жатқанда оятпаған ғой. Әйтпесе, көп ұзамаушы еді".


Бірақ тамағы кеберсіп, жамбасы тақылдап жатқан ауру жанға әр секунд тұсалып қойғандай оңайлықпен жылжымайды ғой. Маратбек тықыршып, шыдамсыздана бастады. Тықыр аулап құлағын терезеге төсеп жатыр.


Бір кез... Әйкіжанның аяқ басысын ешкіммен шатастырмайды. Әбден үйреніп алған.


"Қасында біреуі бар. Әлде... поезд тосты ма екен? Сөйткен екен-ау. Сайлаубегім келді ме?"


Сыртқы есік ашылып сүйретіле басқан табандар табалдырықтан ішке аттады.


"Жоқ! Сайлаубек емес. Үлкен, шау тартқан кісілер. Аяғын сүйрете басады".


Әйкіжан есіктен бас сұқты.


— Көкесі, мені жоғалтып жатырмысың?


— Поезд тостың ба?


— Иә! Көкесі-ау, кімді ертіп келгенімді білсеңші!.. — Әйкіжан артына бұрылып, әлдекімге ишарат көрсетті. — Кір! Ояу жатыр!


"Айымша!"..


Босағада состиып тұрып қалған Айымша еді. Әжімді жүздің сай-сайын бойлап тарам-тарам аққан жас иегінің ұшынан омырауына құйылуда.


Әйкіжан сыбырлады.


— Бар. Барсаңшы. Жақында.


Айымша бүктеліп Маратбектің қасына сылқ түсті.


— Маратбек-ау, сенің бүйтіп... ауырып жатқаныңды естімедім ғой. Баяғыда-ақ ұшып жетпеймін бе.


Әйкіжан күбірледі.


— Биенің сауымы бопты-ау...


Шығып кетті.


Маратбек қолын көтеріп Айымшаның басынан сипады.


— Айымша!..


— Ендігі келетін едім ғой... Жететін едім ғой естігенде.


— Айымша!...


— Сенің ауырғаныңды білмей... Естіген бойда асығып. Пойызы құрғыр да тоқтай береді екен...


— Айымша!


Еті қашқан алақан иек ұшындағы мөлдір тамшыларды тосып алды.


— Мықты едің ғой. Қалай ауырып қалып жүрсің, Маратбек? Сен ауырып жатыр дегенде...


Айымша бетін Маратбектің кеудесіне басты. Сырылдаған көкіректің ауыр дем алысын естіп, басын көтеріп алды. Жалма-жан көрпені жоғары серпіп, Маратбектің өрт боп күйіп тұрған маңдайынан сипады.


— Ыстығың күшті ғой! Әлгі Әйкіжан қайда кетті? Дәрігер шақыртпай ма?


— Айымша, менің сенен күшті дәрігерім жоқ. Алаңдама.


— Көп болды ма? Төсек тартқаныңа қанша болды?


— Бес ай. Айымша, сенен көз жазып қалып... Соншама жылдан бері ең болмаса.. бір хабарласпай, — деп күрсінген Маратбек маңдайындағы алақанды алақанымен жапты. — Мекен тұрағыңды да білдірмедің.


— Маратбек, сусадың ба? Әперейін бе?


— Жоқ. Өзің не істейсің? Жолдасың қайда?


— Жалғызбын. Әлі жалғызбын.


— Сонда... разъезде хабар-ошарсыз жоқ боп кеттің ғой. Іздегенімді білесің бе?


— Иә. Ағайым келіп елге алып кеткен. Жалғыз үй отырып жынданып кетесің дейді. Менің сенсіз ел ішінде жүріп-ақ жылғызсырайтынымды қайдан білсін. Ақыры осылай қарай жылжығам. Өзіңді сыртыңнан көріп жүргем. Соңғы рет үш жыл бұрын...


— Дәтің берік екен. — Маратбек өкпеледі ме, сүйсінді ме, белгісіз күңк етті.


— Аудандағы мектепте қоңырау соғам. Жеке басыма онша ештеңе қажет емес. Әйтеуір балалардың арасында... зерігуге уақыт жоқ.


— Разъезден қай мезгілде кеттің! Күндіз бе?


— Күндіз... Сенің сол күні келетініңді білетінмін. Бірақ ағайым... Оның үстіне бәрібір ақыры бір кететін болған соң... Сайлаубегің өзіңе тартыпты. Кітабындағы суреті аумайды. Былтыр мектепке келіп, оқушыларымен кездесу өткізгенде көргем. Ол мені қайдан танысын. Қасында екі жазушы жолдасы бар. Тамағымды дайындап қойып... шақыруға бата алмадым.


Аудан басшылары босата ма. Машиналарын көлденеңдетіп салды да әкетті... Жас кезіндегі аумаған өзің...


Маратбек тағы күрсінді.


— Маңдайыңның ыстығы-ай! Қалай шыдап жатырсың? Қолымды күйдіріп барады...


Айымша есік жаққа ұрлана қарап алды да, кенет кілт еңкейіп, Маратбектің ақшыл қыл басып кеткен сол жақ бетіне ернін тигізді.


— Айымша-ай!


Маратбектің шалт бұрылуға да шамасы жоқ. Жалындап шыққан демімен ризалығын танытып, жалғыз сөзді ынтыға қайталайды.


— Айымша-ай!


— Көрдім... Ақыры көрдім өзіңді... Әйкіжан хабар айтпағанда...


— Әйкіжан сені қайдан біліпті?


— Өткенде көршім осы ауылға келген. Құдасының үйі той жасаған көрінеді. Кішкентайларын сүндетке отырғызыпты. Сол үйден Әйкіжан сөз арасында менің ауданда тұратынымды естіген екен. Алдыңғы күні бір оқушыдан сәлем айтыпты.


Сырттан Әйкіжан самбырлай сөйлеп кірді.


— Көкесі-ау, бие сүтті екен. Летрге жуық шықты. Өйбүй, қонақты ұмытып. Шай дайын. Дастарқан жасайын.


Күндегі әдетін бұзып ауыз үйдегі дөңгелек үстелді төргі бөлмеге әкеп құрды. Дастарқанына бауырсағын да, майын да, қант-кәмпитін де үйіп жатыр.


— Көкесі, шай ұрттарсың.


— Құй бір шыны.


Үшеуі сондағыдай көлеңкеде отырып сораптайтын кезерін еске түсірді ме, біраз үнсіз қалды.


— Айымша, жол жүріп келдің ғой. Алсаңшы. Тортасын айырған қолдың майы. Шайыңа салып іш. Беу, ұмытшақтық-ай! Қазанды әлі аспаппын ғой.


— Асықпа, Әйкіжан. Бүгін мен қусаң да кетпеймін.


— Ойбай, қуғаны нес. Өзің келіп, отағасыма өң кіріп қалмады ма? Ыстық-ыстық ұрттасаңшы. Көптен мен де шүйіркелесіп шай ішетін адам болмай...


Маратбек кесесінен бір ұрттаған. Қазір төсегіне шалқайды. Айымшаға да, Әйкіжанға да дән риза. Екеуінің сөздерін тыңдап жатыр.


"Қартайыпты. Қайтсін. Жалғызілік. Ұмыта алмағаны ғой. Баяғыда еркектерге дес бермеуші еді. Кішірейіп, шөгіп қалыпты. Көзі әлі де сол қалпы. Мейірлі қалпы. Елжіреп тұр әлі... Әйкіжанның қадірін түсінбеппін-ау. Ойына қайдан келді екен? Оның да ұмытпағаны ғой. Өкпесі тарқады ма екен? Тарқаған болар. Айымша, келгенің жақсы болды-ау!... Жалғызбын дейді. Үшеуміз ғой, Әйкіжан мен екеуміз ұмытпасақ, жалғыз бола ма?"


Дастарқанды жинап, үстелді ауыз үйге шығарған Әйкіжан, сәл қипақтап қалды. Маратбек түсіне қойды.


— Төсегімді қағасың ба?


— Иә.


Айымша Әйкіжанға жәрдемдесіп жатыр. Екі алақан да майда. Екеуі де аялай ұстайды.


Ертеңінде Айымша қайтпақ болды.


— Сұранбай кетіп едім. Демалысымда келермін. Келіп тұрам ғой.


Әйкіжан әбдіресін ақтара бастады. Бір кез шүберекке түйіп тастаған кәріс қалпақты шығарды.


— Танисың ба, Айымша?


Айымша қалпақты бас салды. Жылап келіп Әйкіжанды құшақтады.


— Әйкіжан-ай! Сырласым-ай! Қадірлім-ай!


— Қой жылама!


Маратбек күрк-күрк жөтелді. Дауыстар тыйылды. Үшеуі бір-біріне қарай алар емес. Талай "қуып жет!" ойынының куәгері кәріс қалпақ сіңірлі саусақтардың уысында дір-дір етеді.


— Кешір, Әйкіжан! Парықсыз жастықтың ұшқалақтығын кешір! Содан бері өзіңнен қарадай ұялып, бетіңе қарауға шыдамай төңіректеп қана жүруші едім. Айып етпе, — деп Айымша көзінің жасын сығып жіберді.


— Болды енді, Айымша. Босама босқа. Мен сол кезде-ақ түсінгем. Саулаубектің көкесі біреу-ақ болды. Қиып бере алмадым. Мені де айыптама, — деп Әйкіжан жаулығының ұшымен көзін сүрткіледі.


"Парықсыз жастық па еді сол! Айымша-ay, кейін онда разъезде жалғыз тұрар ма едің? Ә-ә, көзің алдамайды-ау! Айымша! Әйкіжан түсінбейді деймісің.


Түсінеді ғой. Осылай екеуіңді табыстырып жатқан менің мына кеселім бе екен? Ауырмасам, өстіп бір-біріңді апалы-сіңілілі жандардай аймалар ма едіңдер? Жоқ, бәрібір түсінер еді".


Айымша қылғына жұғынды.


— Әйкіжан, қалпақты мен алайын...


— Ал, ал! Есім шығып жүріп бұйымтайыңды сұрауды да ұмытып барам-ay.


— Бар бұйымтайым — осы болсын!


— Қой, Айымша, соншама жылдан бері табалдырықты аттап тұрғанда... Мынау көйлек-жаулығың.


Дәл аттанарда Әйкіжан әлдебір сылтаумен Айымшаны оңаша қалдырды.


— Маратбек енді келіп тұрам ғой...


— Айымша, cay бол. Бақұл бол.


— Не дедің?! Маратбек-ау, тағы да келем ғой.


— Рақмет, Айымша. Әуре боп қайтесің. Көрдім өзіңді. Тілдестім. Қателік-кемшілігім болса... сен де кеш.


Еңіреп кеп сылқ құлаған Айымша дауыс қып жылады. Осы өксік толы жылауда өмір бойғы сүйініші де, өмір бойғы арманы да, өмір бойғы күйініші де бар еді. Көзден аққан жаспен мынау қу сүйек боп жатқан арысқа ақтық аманатын білдіріп, тоқтаусыз жылады.


"Бақұл бол, Айымша".


Маратбек сол күннен кейін күрт кетті.


Қымыз да сеп болмады.


— Ең болмаса, бір жұтшы көкесі.


— Әйкіжан-ай, өтіп тұр ма сол өзі. Енді күдеріңді үзе бер. Ілініп-салынып жазға да жеттім. Ұзақ ғұмырды екеуміз біреуден ілгері біреуден кейін дегендей... бірге өткіздік. Ұрпақсыз емеспін...Қамыңды жасай бер... Балаларыңа хабар бергіз... Телеграмма соққыз...


Әйкіжан алғаш рет бір уыс боп дыбыссыз ағыл-тегіл жылады. Алғаш рет шалының өлімге мойынсұна торыққанына егілді. Алғаш рет шалынан шын айырылып қалатынына көзі жетті.


Маратбек содан бері өң мен түстің арасындағы елес құшағында. Көзі сәл ілінсе, кірпігі сәл айқасса, әртүрлі түс көріп, сандырақтап сөйлеп жатады.


Прожектор сүңгісі ақ түтекті кірш-кірш тілгілеп, жол үстіндегі қыбырсыз аппақ төмпешікті бадырайтып әкеліп, көз шарасына сүңгітіп жіберді.


Тепловоздың оң жақ есігін жұлқи ашып, машинист сыртқа атылды. Жамбасы сарт етіп шпал шетіне тигенде, подметельник іліп алып, доңғалақ астына жұмарлап тартып бара жатқан адамның елтірі жағасына жанұшыра жармасты...


... Аппақ нұр терезеден шағылысып келіп, көзіне ұрды. Маратбек тыжырынып, кірпігін ашты. Ыстық күнде бөлме іші мүлде қапырық болып кеткен екен. Маңдайында жіпсіген терді алақанының сыртымен сүртіп тастады...


Тарбиған шеңгел елтірі жағалы пальтоның желкесіне тигенде, кейін шалқая құлаған екеу, бірінің үстіне бірі жығылды. Ауыр салмағымен үстінен езгілеп жатқан адам, ағы көп қысыңқы көздерінің кішірек қарашығын бұрандаша бұрап, бұған тесіле қарады.


— Қой-ақ қой, Маратбек! Менде нең бар. Өз лжалыммен өлуге де мұрсат бермегенің бе?


— Апырау, Сүйелбай, сен бе едің? Қайдан жүрсің?


— Мен! Сені әдейі іздеп келдім. Екеуміз есеп айырыспағалы не заман! Енді қолымнан кім алар екен?


Маратбек бастырылығып оянды. Кеудесінде тарғыл мысық қонжиып алып, пыр-пыр ұйықтап жатыр.


— Пыр-с-с!


Мысық қарғып кетті.


"Қайдағы жоқ түске кіреді. Сондағы рельстегі адам да ажалдан құтқарып алғаныма алғыс айтудың орнына, бұрқан-талқан ашуланып еді. Бірақ ол мас еді ғой. Мас та жын да бір. Ал, Сүйелбайға не жоқ? Әлі де көкірек қыжылы тарқамағаны ма?".


Етпетіне аударылды. Төрдегі қос суретке ұзақ үңілді. Өзінен аумайтын екі ұлы сонау жас кездегі ойнақы күлкілі мөлдір жанарымен жаудырай қалыпты.


"Сағындым ғой, балаларым! Шалыңның көп болса, екі-үш-ақ күндік ғұмыры қалды. Келсеңдерші тез!".


Иегі кемсеңдеп, кірпігі шыланды.


"Телеграмма кеше берілді. Сайлаубек командировкада бүгін жетеді. Қайтсе де жетеді. Ал, Жайлаубек, жұмыстағы адам ғой, босатса, ол да келіп қалар".


... Паровоз теріскейге маңдайын төсеп, екпіндей зымырап келеді. Сәлден кейін қызыл казарманың жалғыз үйін дөңгелетіп көз қарашығына қондырады.


Арқыраған гудок кең далаға ысқырта бу атып, ән шырқап жатыр. Кең даламен өндіріс әуенімен сәлемдесіп жатыр. Жаулығын аппақ көңілдей ағараңдатып Айымша алдан шығады. Жол тосады. Сәттік кездесуден екеуі де ләззат алады, сәттік кездесуде көңілдерге лүпілдеген қуаныш құяды.


"Қайда? Көрінбейді ғой? Көрінбейді ғой!".


Шыңғырған дауыс паровоздың қоңыр будкасын кернеп кетті. Шыңғырған дауыс Маратбектің кеудесінде жаңғырды... Тағы оянды.


...Терезеден құйылған сәулеге сарғыш нұр араласыпты. Кеш түсуге айналса керек. Маратбек аузына су тамызған Әйкіжанға біртүрлі риза қараспен мейірлене қарады. Саусағын сипалады.


"Бақұл бол, Әйкіжан!...Бақұл бол, Айымша! Бірің жар, бірің дос болдыңдар. Екеуің де сыйлас көңілдің ырзалығын тең бөлістіңдер"...


... Ауыз үйден Әйкіжанның қуанған даусы естілді. Жылаған даусы естілді.


— Құлыным-ау, Сайлауым-ау!... Келдің бе...


— Сайлаубек!.. .Ұлым!...


Маратбектің шақырған даусы өзіне де естілген жоқ. Қалтыраған қолы есікке қарай дірілдей созылды. Артынша-ақ, құшағына құлаған ұлының маңдайына ып-ыстық ернін жабыстырды. Емірене иіскеді. Түшіркене сүйді.


— Сайлаужан! Жылағаның не? Кәне, онан да әңгімеңді айта отыр. Сағынған соң, өзіңді жай шақыртқаным ғой...Ештеңені уайымдама....


Баласына қайрат бергісі келгенімен көзінің нұры бұрынғыдай емес, өшіп, кеміп кетіпті... алыстан бұлдырап қана жылу шақырады. Күлімсіреген шырай танытады.


— Кітабың не болды? Шыға ма өзі? Соны қолыма бір ұстамай... Осы сен тойыңды қашан жасатқызасың? Кемпір, шалдың арманы — кенжесін үйлендіру. Сайлаужан, тездет!...Әйкіжан, дастарқаныңды осы араға жаса. Күн ыстық. Шөлдеп келген баланы екі жақтап әурелемейік....Көптен бері мен де шай ұрттамап едім... Сарайым ашылғандай, маған да құй.


Үшеуі дастарқанды Маратбектің алдына жерге жайып, шай ішуге кірісті. Қашан пісіріп қойғанын кім білсін, апасы ұлының алдына сүрдің қазысын тұрады.


— Жей ғой, құлыным! Қарның ашқан болар.


Маратбек кесесіне май салып, кәдімгідей бір шыны шай ішті. Көз астымен елеусіз қараған бәйбішесі ішінен қауіптенді. "Бой жасап отыр ма? Әлгінде ғана қасық су батпап еді ғой".


— Алматыда не жаңалығың бар, Сайлаужан?


— Бәрі орынша, көке.


— Сен тақ-тұқ етпей, Сайлаужан, толық жауап бер, мен сенің дауысыңды да сағындым.


Сайлаубек жымиды. Әкесінің алақанын алып, бетіне, көзіне, ерніне басты...


Күн ұясына қона, өз "Жигулшмен" Жайлаубектер де келді.


Маратбек "аталап" ұмтылған екі немересін екі жағына алып қуанып отыр еді, мамырлаған Қалиман қоңыр ана қаздай ырғалып келіп балаларын орнынан тұрғызып жіберді.


— Дедушке нужен покой. Не мешайте!


— Қарағым Қалиман! Мен покойдан шаршаған адаммын. Неге қудың немерелерімді. Өзгеге Мешайт болса да, маған мешайт етпейді.


— Ата-ау, сол шуылдақтар кісіге тіпті маза бермейді. Айқайлап сөз тыңдатпайды, — деп Қалиман балаларының қыңқылдағанына қарамай алдына салып, ауыз үйге айдап кетті.


Жайлаубек бұрынғыдан да толып, бұғағы салбырап, жайылыңқырап алыпты. Аяғын не көсіп жіберудің, не малдас құрудың жөнін таппай, өз-өзінен әуре-сарсаңға түсіп отыр еді.


— Әй, Жайлаубек! Әбден шайланыпсың-ау, байғұс балам! Бара-бара мына түріңмен не боларсың, анау орындыққа жайғас, — деп Маратбек күлді.


— Жо-жоқ, көке! О не дегеніңіз. Орындығы бар болсын. Отырып жүрміз ғой. Өзіңіз қалайсыз? — деп Жайлаубек ыржиды.


— Менікі әрі қараған жағдай... Түсініп отырған боларсыңдар... Оңашада екеуіңе айтып қалайын. Апаңды ренжітпеңдер... Сыйлап өтіңдер... Ал, мен...


Сайлаубек алқымына тығылған бір түйнекті жұта алмай, әкесін құшақтай құлады. Қанша әлсіресе де сыр бермейтін қажырлы жанның алғаш рет аузынан мойытып шыққан бақұлдасқандай сөзі күйретіп жіберді...


Сайлаубектердің келген хабарын естіп ағайын-туысы жиналды. Ac ішілді, біраз әңгіме айтылды. Маратбек кеш бойы сау кезіндегідей көңілді отырды.


Түн ортасында ағайынды екеу үй сыртына оңаша шықты. Ауыздағы сигареттері сығырайып қызарғанда күйзеу жүздер көрініп қалып жоғалады. Жоғалып барып жылтырап көрінеді.


— Сайлаубек, шалдың беті әрі қарапты. Енді көп ұзай қоймас. Шаруа жайын ақылдасайық. Үш-төрт қараның екеуін шалға жұмсаймыз. Қалғанын сатамыз... ақша керек. Мен қарызданып машина алып ем... Сенен көмек болған жоқ.... Апамды сен өзің алып кет... Жалғыз қайда қалады. Өзім-ақ әкетер едім, Қалиманның мінезін білесің... Екеуі сыйыспайды. Сөйт. Үйді де сатуға болады.


Сайлаубек ағасына жауап қатпастан бұрылып кетті, ұзап барады.


Далаға Қалиман шықты. Тарғыл даусымен ауланы жаңғыртты.


— Жайлау-бек! Уай, Жайлаубек!


— Не болды?! Неге айқайлайсың?


— Сен, сен миғұласың! Вот, білдің бе? Балаларыңды әкелмейік дедім, болмадың. Анау шал былш-былш сүйіп... Қайдан білесің, ауруы жұқпалы шығар...


— Қой, Қалиман, шал менің әкем ғой.


— Әкең болса ше... Сенің әкең деп балаларымды ауыртып алар жайым жоқ. Енді маңайына жолатпа. Әй, сен бүгін анау машинаның ішінде ұйықта. Бұл ауылға сенуге болмайды. Не ұрлап, не сындырып кетеді.


— Жарайды, Қалиман! Енді өзің айқайлай бермеші.


Сайлаубек ызалана түкірді. Ағасынан түңілсе, жеңгесінен жерінді.


Сәлден кейін қияқтанып ай туды.


Мөлдір үнді мұңлы ән — "Елім-ай".


Көкірегінде қайта тірілді.


Алғаш әкесінің аузынан естіген. Ақ бұлақтың тастай суына қолын матырып отырып, денесіне дуылдап тараған суықпен бірге жүрегіне шымырлап құйылған әнді ұмытпастай сіңірген. Сол ән жүрегінде. Сол әке хал үстінде. Әнді ардақ тұтты. Әкесін асқар тауға балады.


Мөлдір үнді мұңлы әуен.


Ол бүйрек бет қыздың дірілдете созған уілімен түйдек-түйдек төгіліп, тізбек-тізбек оқиғаларды қат-қабат көз алдында шұбыртқан. Сонда ытқып кеп, тамаққа кептеліп тығылған түйнекті жұта алмай, көзден аққан тамшыны саусағымен шекіп түсірген.


Оған арнап кітап жазған. Сарсылып архивтерде отырған. Сабылып ел-елді, жер-жерді аралаған. Туған жердің тобылғысына тағзым еткен. Обасымен сырласқан. Моласын күзетіп шыққан.


Жан-жүйесімен мидай араласып, қанының әр түйіршігіне сіңісіп кеткен ән — ата аманаты, ел уәзипасы, халық сәлемі мен сағынышы. Батасы мен батихасы. Тілегі мен талабы...


* * *


Көзін ашқанда, көкесінің өзіне кірпік қақпай қарап жатқанын көрді. Түнде төсегін әдейі әкесінің қасына қатар салдыртқан. Түнімен әке лебін дәл жанынан аулаған.


— Неге ерте ояндың, Сайлау. Ұйықтай бер, балам! Әлі ерте ғой.


— Жоқ. Енді ұйқы келе қоймас, көке.


— Шашыңа ақ кіріпті...


— Адасып жүрген бірен-саран қыл шығар.


— Сонда да қағазға шұқшиып кітап жазу оңай емес. Денсаулығыңды күт.


— Қатып ұйықтап қалыппын...


— Иә, туған үйдің ауасы — бал татиды... Кітабың қашан шықпақ? Өкіметтің есебінде бар дүние ме?


— Бар, көке бар. Енді кешікпес.


— Мұз жегім келеді... Аңсарым ауып... Сайлау, "Ақ тасты" бұлағын білемісің?


— Білем ғой, көке!


— Соның жайылмасында қопалы шымның астында қысы-жазы үзілмей мұз жатушы еді...


— Алып келсек қайтеді?


— Қой! Әуре болма. Кеудем күйіп бара жатқан соң далбаса қылам да... Сен анау бөлмедегі кішкентайды... Серікжанды алып келші... Оятып алмай, байқап көтер. Маңдайынан иіскегім келіп тұр.


Сайлаубек ауыз үйге шығып, Қалиманның ірге жағында жатқан кішкене Серікті лып еткізіп көтеріп алды. Танауына танауын тигізді. Ұйқыдағы інісі ернін шылп еткізіп, ұйқысырады.


— Күшік, неткен тәтті едің!... Бар, енді орнына жатқыз, — деп Маратбек немересін маңдайынан иіскеп, қайтарып берді.


Ертеңгі шайдан кейін Сайлаубек сыртқа шықты. Жолдас, құрдастары келді. Әрнені бір айтты. Баяғыдай әзіл-күлкілі әңгімелері жараса кетпеді. Қалжың қалбақтап, әзіл әлсіреп шықты.


— Қашан үйленесің?


— Мүмкін құрдас белін алдырып...


— Біз болсақ алдымыз сегіз, соңғымыз үш-төрттен боқмұрын өргізіп тастадық.


— Кітапты да жазушының перзенті дейді ғой. Онда бұл Сайлау да үш-төрт баланың әкесі. Ха-ха-ха!


— Сонда балалардың шешесі кім?


Құрдастар кешке оралмақ болып, жұмыстарына кетті.


Сайлаубек ішке кірді. Әкесі төргі үйде оңаша жатыр екен. Көз шырымын алған ба, үнсіз. Жайлап кеп қасына жантайды.


... Прожектордың алмас сүңгісі жалт-жұлт етіп қар құйынын тілгілеп тұр. Қос жебедей суырылған рельс үстінде томпайып көрінген ақтөмпешік зымырап келіп көз аумағына сіңіп кетті...


— Тоқтат! Тормозды бас!...


Сайлаубек шошына айқай салған әкесінің қолынан ұстады, саусақ қызуы алақанын шарпып түсті.


"Ойпырмай, күйіп барады ғой! Қалай шыдайды екен. Әлде... Мұз әкелсем бе? Әкелу керек. Тездетіп жеткізейін",


— Көке қазір келем!...


Тысқа тұра ұмтылды. Ақ тер, көк тер, боп "Жигулиін" жуып жүрген Жайлаубектің қасына келді.


— Жайлау, бол! Машинаңды от алдыр!


— Не боп қалды!? Қайда бармақсың?


— "Ақтасты" бұлағына барып келейік. Көкеме мұз әкелеміз... Бол! Болсаңшы, Жайлау!...


Жайлаубек денесін селкілдете кеңк-кеңк күлді. Көзі сығырайып, етті беттің томпағына жасырынды.


— Мұз!... Осындай аптапта ненің мұзы болушы еді. Сен, Сайлау, бала боп кетерсің. Қайдағыны қайдан шығарып жүресің осы.


— От алдыр дедім ғой!


— Жоқ! Ит өлген жерге жолсызбен өзімді-өзім тоқпақтар жайым жоқ. Бармаймын.


— Кілтті әкел!


— Немене?


— Кілтті бер деймін саған...


— Неге берем? Машина сенікі емес. Бірге жинаған жоқпыз. Еріккенің ермегіне бола машинамды тау-тасқа соққызып, қиратқыза алмаймын.


Сайлаубек күйініп кетті. Түсі бұзылып, аяқ астынан ашу қысып дір-дір етті. Көзі анандай жерде, от басында жатқан балтаға түсті. Сол-ақ екен, балтаны қалай жұлып алғанын, "Жигулиді" қалай соққанын білген жоқ. Бір сәт машина мен балта арасына шабаланған Қалиман тұра қапты.


— Ойбай, шетінен құтырған бұлар! Қиратты! Бұзды! Құртты! Өлтір мені! Құраған, қу Жайлаубек! Жынды ініңе енді мені балталат! Мені шапқыз!


Балтаны лақтырып тастап, қолынан ұстаған шешесінің иығына бетін төседі.


— Апа, Жайлаубекке не болған? Осындай ма еді бұрын?


— Қойшы соны. Қайтесің, ағаң ғой.


Дүрілдеп кеп қастарына машина тоқтады. Бензовоздан біреу секіріп түсті.


— Сәлем, Сайлау! Сені де көретін күн бар екен-ау! Әкей қалай? Сен келді деп естіп...


Дабдырлап сөйлеп жатқан осы ауылдың бастығы — управляющий жігіт — Сүйелбайдың баласы.


— Көрмесең, көрімдік берейін деп пе едің.


— Ауыз ашудан қаламыз ба енді. Өзіңе сәлемдескелі келсем...


— Шоферың қайда?


— Өзім шофермын. Жұмыс қолы жетіспейді.


— Кілтіңді берші.


— Қайда барасың?


— Бер дедім ғой.


— Кілт ішінде. Мүмкін мен апарармын, Сайлау. Тормозы онша ұстаңқырамаушы еді.


— Сен бармайсың. Осында бол. Кешікпей оралам.


— Жарайды, Сайлау! Асықпа! Тормозды байқа.


Машина гүжілдеп ағызып келеді. Қарсы алдынан суылдап жел тұрып, ашық терезеден үрлеп тұр. Сайлаубек жейдесінің омырауын ашып тастады.


Қара жол төбе бөктерлеп бірде тіке тартып, бірде бұралаңдап орағытып бұлаққа жеткізер емес. Түндік бауындай айқұш-ұйқыш шұбатылған тарам-тарам сүрлеу көлденең кес-кестейді. Көз долбар, көңіл болжамына сенген Сайлаубек әр жерден бір көрінген ескі қыстауларды белгілеп, бағытының дұрыстығын шамалады.


"Жайлаубекке не болған? Дүние-мүліктің құлақ кесті құлына айналған ба? Апырау туған әкесінің ең ақырғы тілегіне елең етпесе, кімді ұшпаққа шығарады? Әлде қысқа күнде қырық рет құлақ етін жейтін әйелінің еркіне түгел берілгені ме? Ал, сонда азаматтығын ақымақ әйелдің айқайына жығып бергенде, не тапты?".


Машина солқ етіп, жол үстінде жатқан кесек тастан секіріп өтті. Тормозы ұстамай қалды.


Туған жер! Мұзарт таулы болмасын, айна көлді болмасын, шоқ орманды болмасынмына шоқыларымен-ақ, бетегелі жазығымен-ақ, құйқалы қырымен-ақ жүрегіне жақын, көңіліне ыстық.


Мөлдір үнді мұңлы әуен.


Машинаның ыңыранған мотор даусына қосылып, бәйек үнмен тұла бойына машықты әуен шымырлата тарады. Жүрек тіліндей "О-о-ойды" бүкіл болмысымен қайталап, іштей созады. Іштей еміренеді. Мына күреңсе белді даланың жосалы жотасында өмір сүріп, ғұмыр кешкен ата-баба аруағы қосыла күңіреніп тұрғандай.


Дала — қиял бесігі. Көңіл — соның жебеушісі. Ыңылдап басталып, мотор мен дөңгелек үнімен жаңғырығып тау мен тасты аралап кеткен ән — бесік жыры. Жігіт кеудесінен бір тілектестік сезімге толы сүйініш сімірген сахара көк мұнарын баяу желпіп, уаныш тапқан ерке сәбидей мүлгіп жатыр. Енді сәлден кейін көгілдір толқынын сәл-сәл дірілдетіп тұрып, анау алдындағы аласа қырдың үстіне ақ шаңқан түспен жарқыратып алып дулығадай шаншылған айшықты күмбезді қондыра қояды...


Сайлаубек газды азайтып, машина жүрісін баяулатты. Көзін сүртіп тастап, сүзіле қарады. Тағатсыз күткен суреті қылаң бермеді.


"Адасып кеткен жоқпын ба? Күмбез қайда?".


Жатаған төбеге жақындап келіп, машинасының моторын өшірді. Жүгіріп жоғары шықты.


Жыртылған атыздың тілім-тілім орны жатыр. Күмбез тып-типыл жоғалыпты.


"Кімге қажет еді? Өткен күннің естелігі еді ғой. Көне тарихтың жәдігері еді ғой. Неге қиратты екен. Үй орнындай жерге бидай екпесе, бірдемесі құри ма? Мынау ұшы-қиыры жоқ кең алап тарлық қылмайды ғой. Енді, міне, егін де екпепті. Босқа рәсуа".


Көзінен бүртік-бүртік жас ыршыды.


Төбенің шығыс қолтығына бұрылды. Шымдауытта айдынданып кішігірім көлшік жарқырап жататын. Мынау жаз күнінің мол шұғыласын шағылыстырып ойнап, жарқ етуі керек еді...


Кібіртіктеп бұлақ басына келді.


Тілім-тілім тақырды көрді.


Мұз тұрмақ су да жоқ.


Жиырмадан астам жыл бұрын әкесімен екеуі келгенде мына арада "Ақтасты" бұлағы мөлдіреп жататын. Ондаған көзінен жыбыр-жыбыр қайнап, тастай су көпіршіп атылатын. Түбіндегі қиыршық құмды билететін.


Сайлаубек ыстық күнде бүрісіп отыр.


Күн ұзынғы қайта-қайта қоймай оралған мөлдір әуен де сап тыйылды. Құлақ бітеліп, кеуде тарс жабылғандай. Көзі жасаурап, ерні үнсіз жыбырлайды. Кімге өкпе-реніш артарын өзі де білмей, шала-шарпы күй кешеді.


Сәлден соң темекі шекті. Тұқылын табанымен тапап өшіріп, қыр басындағы машинаға келді. Айналып шығып, үшкір күректі тауып алды.


Бұлақтың орнына қайта оралып, жейдесін, шалбарын шешті. Қолына түкіріп тастап жұмысқа кірісті. Күлгін топырақ бұрқ-бұрқ ұшып жатыр.


Бір сағатта үш қанат киіз үйдің аумағындай жерді тізеден келтіріп, аударып тастады. Енді құмы білінген тұсты тереңдетіп, үңгіп барады.


Тұлабойдан пора-пора тер ақты. Сорғалаған ащы тер долырған жүзді айғыздады. Мөлтілдеген жас сорғалаған термен араласты.


Құм дымқылданды. Сары топырақ күрекке желімдей жабысты. Сол-ақ екен, жігіт ширады. Арсы-гүрсі қимылдап, қарқыны үдеп барады.


Су!. Су!.. Көз!..


Жылт еткен тамшыдан шағылысқан сәуле көзге ұрды... Шымырлап су бұрқ көтерілді. Бүлк-бүлк күш жинады бұлақ. Лайланып тұтаса жайыла бастады.


Сайлаубек ырғып сыртқа атылды. Шалқалап жата кетіп, екі қолын қос қанатша жайып жіберді. Ентігін әзер басып, зеңгір аспанға көз тікті. Сонау... сонау тұңғиық кеңістіктен жалғыз ноқатты көрді.


"Қыран! Анық қыран! Бар екен-ау әлі де!!".


Балаша қуанды. Қанатын жайып жіберіп, ұзақ қалықтаған қыранды көзімен ұзатып, шығарып салды.


Бұлақ суы әлі де ылайлы. Сайлаубек жотаға шықты. Күмбез бейіттің орнын көз мөлшерімен жобалады. Содан кейін қайрақ тастардан қиюластырып қалап, кісі бойы оба тұрғызды.


"Бұлақтың көзін аштың. Төбеге оба орнаттың. Көп нәрсе тындырдың, ә", деп өзін-өзі іштей кекетсе де, көңілі тоқ. Әйтеуір артында белгі қалды. Бұлақ қайтадан дәуірлер. Жанды-жансызға нәр берер, әл берер. Қайтадан "Ақтасты" бұлағы ауызға ілінер.


Өткен-кеткен адам мөлдіріне қарап отырып, ойға кетер. Өйткені қай жанның болмасын өз бұлағы, өз қайнары балалық дәуренімен бірге жадында мәңгі қалмап па еді. Бұлақ солардың шөлін де, мейірін де қандырар. Қандырар. Талай."


Су тастай екен. Сыздықтатып ұзақ сімірді.


"Қап, ыдыс ала шықпағанымды қарашы. Термосты әкелгенде ғой.".


Машинаның кабинасының сыртында салбырап тұрған камераны алып келіп ішін қайта-қайта шайды. Резина дәмі кетті-ау дегенде су толтырып, орнына апарып байлады.


Енді ауылға тез жетуге асықты.


Көлеңке құлдилап алдында қашып барады. Күн бесінге ауған екен. "Неменеге осыншама бөгелдім? Уақытты ескермей... Көкем мен мұнда жүргенде..."


Маңдайынан суық тер ытқыды. Акселераторды аямай басып, машинаны ыңыранта бездіріп келеді.


"Апырай, мұзды... мұзды тозаңытқыштан да алуға болатын екен-ау. Ойға қалай келмеген? Бірақ көкем... "Ақ тастының" табиғи мұзын аңсады ғой..."


Кедір-бұдырлы тастақ жолда машина секіріп қалады. Ырғып барып, қайтадан жүрісін жылдамдатады.


Асыққанда жол ұзарып кетеді. Жеткізбестей болып, ащы ішектей шұбатылады.


Мотор үні өзгеше естіледі. Өксік бунаған жанның ықылық атқан қырылындай. Манағы әні жоқ. Сайлаубек ентіге түсіп етпеттеп алды. Баранканы құшақтап, терезеден ұйытқып соққан желмен желпілдеп ойнап көзіне түскен шашын үрлеп тастап, жанардың қара нүктесін жол мен көлеңкеден айырмайды. Қазіргі ұстасып келе жатқаны да — әр жері ойылып-ойылып кеткен, кей тұсын түп-түп ши басқан осы қасқа сүрлеу. Ирелеңдеп шоқ-шоқ қарағанға сүңгіп кетеді де, сумаң етіп қайқаңға қиялай өрлейді. Оны азсынғандай жаңбыр суымен еселенген ойдым-ойдым қарасуларды жылатып табыстырған өзен табанын аттап өтіп, қасақы жол таспаланып жарқабаққа тік шапшиды.


"Тұрып қалмаса екен! Бөгелмесем екен!..."


Ауыл іргесіндегі қыратқа шыға келгенде, өздерінің үйіне қарай жан-жақтан асыға құйылып жатқан нөпір жұртты жыпылықтаған кірпіктер жұтып жіберді... Дір еткен денесі оқыс ытқып қалып, қолдары рульді босатып барып, қайта жабысты. Әлдеқалай машинаның моторы өшті...Әлдене боп-боз болып, көз алдынан жарқ етіп өтті. Толқындап келіп көмейге ащы өксік тығылды да, не әрі кетпей, не бері шықпай тамақта кептеліп қалды... Әлгі боп-боз түсі қайта оралды. Алақанның аумағындай дөңгелек айнадағы өз бейнесі екен. Еріндері дірілдеген ұртта ұсақ әжімдер тізіле қалып, өңін қашыра құбылтып жіберіпті. Есіріктенген жанардан баяу сырғанап шыққан тамшылар әлгі сұрғылт жүзді бұлдыратып... алыстатып әкетті...


— Көке-е-е!


Сайлаубектің қойын дәптерінен


Бұлақ деймісің? Дүниеде бұлақ-бастаудан нәр алмайтын не бар, Сайлау? Қозғалыстағы нәрсенің бәрінің өз бұлағы болмақ. Керек десең, өмірдің өз көзі, өз бұлағы бар. Көзі бітелді дегенше, тірлік те, тіршілік те, қозғалыс та семіп сала береді...


Ұлымды армияға жөнелткенімді айтып па ем? Мүғалім деген атым бар, жылауға болмайды. Оның үстіне анау ұлымның бірге аттанатын жолдастары да тегіс шәкірттерім... Ұлымнан кем емес балаларым. Шыдап-ақ бақтым. Әсіресе, дәл пойыз келерде жұрт біткен у-шу боп бірін-бірі құшақтап, қым-қуыт араласып кеткенде, шеткері қала бергем. Ұлым... (сол кезде-ақ байсалды еді-ау) иығындағы жолқапшығын бір сілкіп қап, бүкіл ұзын денесін дip еткізген толқынды сездіргісі келмегендей маған қарап, ыржия күлген-ді. Ақ тістері маржандай тізілген қара бұйра шашты ұлыма сол сәт тағы біреудің... тағы бір адамның... бойжеткеннің әрі қызыға, әрі қимай қарағанын байқап қалдым. Тұлабойымда ду-ду қан жүгірді. Әрі қуанып, әрі қызғанып өрекпіген жүректің соғуы жиілеп, ұлыма ұмтыла жаздап әрең бөгелдім. Сонда ұлым халімді түсінді ме, оң қолын көтеріп, маған саусақтарын бүгіп, жазды. Құлынымның саусақтары салалы еді ғой, қанатын қаққан көгершінге ұқсап сала бергені...


Жылағам жоқ. Тақырлап шаштарын қырдырған бозбалалардың бәрінің анасы едім, екі жылдық әскери міндетін орындап оралатын азаматтардың көңілдерін босатуыма бола ма. Қатайып, сіресіп алдым.


Ұлым вагон терезесінен кеудесін шығара мойын созды. Сол шақтағы баламның көрікті боп көрінгені-ай! Әлгі адам... бойжеткен ше, көзім түсіп кетіп еді, қара көздерінен қос тамшы жасы сырғанап, ұлыма елжірей қарап тұр екен. Іштей қатты шүкірлік еттім. Дүниедегі жанды-жансыз түгел жұптасуды қалайды.


Ол табиғат талабы, тіршілік заңы. Сондай құдіретті де кеудесінен тапқан ұлым да анасы мен аяулысы қалып бара жатқан Туған Жердің қасиетін ешқашан ұмытпасына сендім де сүйіндім. Дәл сол сәтте жаңа бір бұлақтың көз ашқанына куә болдым. Ол сүйіспеншілік, іңкәрлік бұлағы еді.


Ұлым... Сенімен құрдас емес пе еді. Сайлаужан? Екі жас кіші деймісің? Енді міне он екі жас кіші боп қалды. Он жыл... Шекарашы болмаса, елмес пе еді деп ойлаймын да, артынша өзімді-өзім жұбатам. Менің ұлым екі жауды ұстады. Елін, Отанын қорғады. Азаматтығын ақтады деп. Бірақ ұлымның сонау бір вагон терезесінен асыла қараған көрікті тұлғасын кім қайтарады? Мейірлі күлкісін кім оралтады ?


Әлгі адам ше...бойжеткен ше? Әлі жалғыз. Он екі жыл тосумен келеді. Әлде көңіл бұлағы сарқылғысы келмей, жүрек түбіндегі естелігінен нәр ала ма екен?


Өткенде сол бойжеткен тұратын үйді ұзақ төңіректедім. Күздің қара суық түні... Кіріп баруға сылтау таппадым. Көргім келді де тұрды. Екі қабат үйдің терезелері бірте-бірте сөне бастады.


Кенет...ышқына шыңғырған дауыс... әйел даусы құлағымды осып жіберді. Кілт тоқтадым. Үңірейген қараңғы терезелерге... қап-қара терезелерге үрейленіп к,арай бердім.


Кім ышқынды? Кімді кім ашындырды? Неге шыңғырды? Соншама жан ұшырғаны қалай?


Көз алдыма әлгі адам... бойжеткен зымырап кеп, тұрып алды. Жылайтын тәрізді... Ышқынатын сияқты. Сол шырқыраған даусымен мынау әлемге кіндігімен байланған тұтастығын үзгендей көрінді.


Шын ба сол? Сайлаужан, сен айтшы!Бұлақ сылдыры тынғаны ма? Тынбайды, деймісің... Тоқтамайды, үзілмейді деймісің. Үзілмесін. Ұзай берсін... ұласа берсін.


Алматы, 1975-76 жылдар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу