21.01.2024
  68


Автор: Сұрақ-жауап




Сұрақ: Демікпесі (астма ауруы) бар адам ораза ұстай ма?


Жауап: Бұл мәселеге қатысты дін мамандары екі түрлі пікір айтады. Бірінші пікір: «Ауыз, мұрын, құлақ арқылы, яғни табиғи жолмен ішке барған нәрселер оразаны бұзады. Ингалятор секілді аппараттармен ауызға шашқан дәрі ішке кететіндіктен ораза бұзылады. Мұндай аппаратсыз жүре алмайтын науқастарға ораза ұстамауына болады. Егер дәрігерлер науқастың бұл аурудан айығуы неғайбыл екеніне көз жеткізсе, онда ол оразаның әр күніне фидия береді. Яғни жоқ-жітікті, міскіндерді тамақтандырады», – дейді.


Ал екінші топ мамандарының пікірі бойынша: «Демікпе ингаляторының бір рет шашқандағы мөлшері шамамен 1/20 мл. Дәрінің көбі ауыз бен тыныс алу жолдарында сіңіп кетеді. Ал қалғаны тым аз болғандықтан, асқазанға баруы екіталай. Ондай мөлшерлі су дәрет алған адамның аузында да қалады. Ендеше демікпесі (астмасы) бар адамның еркін тыныстауы үшін ауызға шашатын «оттегі» дәрісі оразаны бұзбайды».


Осы орайда Халықаралық Ислам фиқһ Кеңесінің 2018 жылғы Мәдина қаласында өткен кезекті 23-отырысында: «Демікпе ингаляторын қолданудың оразаға тигізер зия- нының жоқтығына бәтуаласқан».


Қорыта айтқанда, астмамен ауыратын кісі жоғарыда айтып өткен екі пікірдің қай-қайсын негізге алса да, шариғатқа теріс емес. Бірінші пікірге сүйенген кісі ораза ұстамай, отыз күн оразасы үшін фидия беріп отырса да қате емес. Ал екінші пікірді негізге аламын деп ораза ұстауға талпынған кісілер аузы берік кезде ингаляторды тек қажет кезде ғана қолданып, қалған уақыттарда барынша қолданбауға тырысқаны абзал. Ем үшін ингалятордан басқа таблетка не шәрбәт (сироп) түріндегі дәрі қолдану тікелей ішке баратындықтан оразаны бұзады.







Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу