Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.01.2024
176
БҰЛ ӨЛЕҢІМ
Бұл өлеңім — айнымас сырласымдай,
Қиын сәтте қолдайтын мұңдасымдай.
Қуанғанда қуанып, бірге болар,
Бұл өлеңім — жан досым, құрдасымдай.
Бұл өлеңім — басыма қонған бағым,
Өлең барда кетеді жайнап жаным.
Өлеңіммен қуанам жас баладай,
Шырайлы да, шуақты атып таңым.
Бұл өлеңім — жанымның бір бөлшегі,
Жүрегіммен сезінем, білем сені.
Мұқағали өлеңін бір қайталап,
Көтеремін биікке бұл еңсені..
Бұл өлеңім — күш берер бойтұмарым,
Қуат берер жаныма бұл жырларым.
Жаным жаурап тоңбаймын өлең барда,
Көрсетсе де аязын, күн ызғарын...
Бұл өлеңім — көңілді нұрлы етер,
Әрбір күнді бағалы, құнды етер.
Өзің барда өлеңім жаным тыныш,
Жақсы көрем мен сені күннен бетер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter