Тақпақтар ✍️
БАЛАЛАР ӨЛЕҢІ
Көктем
Келген шақта көктемім,
Сұлуланар бөктерім.
Сезінемін жүрекпен,
Көктемімнің жеткенін.
Бәйшешектер гүлдейді,
Төрт түлігім төлдейді.
Көктем келсе бұл жаным,
Жабырқауды білмейді...
Наурызда көп мереке,
Сәуір берер береке.
Үн қатады мамырым,
Құбыламды тең ете...
***
Жаз
Жаз келгенде сайрандап,
Шығамыз біз жайраңдап.
Күн нұрынан нәр алар,
Жасыл желек жайған бақ.
Маусым, шілде, тамызым,
Сендерге жоқ арызым!
Алла берген әр күнді,
Жақсы көру парызым!
Үш ай жазым жүрегім,
Көңілді өмір сүремін.
Тоқсан күндік демалыс,
Екендігін білемін.
***
Күз
Күз келгенде үн қатып,
Қарсы аламыз жырлатып.
Жаңа оқу жылында,
Жаңа күйді тыңдатып.
Қыркүйегім, қазаным,
Бәрінен мен озамын.
Қанат байлап біліммен,
Айға қолды созамын.
Келер сосын қарашам,
Баурап алар қарасам.
Алтын күзге қатысып,
Көкте күнге таласам!
***
Қыс
Қыс келгенде тоңбаймын,
Гүлдей болып солмаймын.
Мейрімімен дем берер,
Ата-анамды қолдаймын!
Желтоқсаным ызғарлы,
Қаңтарда бар мұздары.
Ақпанымда жалғасар,
Тоңдыратын сыздары...
Жақсы көрем қысымды,
Сынататын күшімді.
Қыспен бірге шыңдалам,
Жалғастырып ісімді...
***
Төрт мезгіл
Көктем, жазым, күз қысым,
Күйдің берер түрлісін.
Әр мезгілмен жандана,
Жалғасады үрдісім.
Төрт мезгілім — өмірім,
Құбылмалы көңілім.
Төрт құбылам — төрт мезгіл,
Басымдағы бөрігім.
Таңым атар күлімдеп,
Күнім батар түнім кеп.
Қыс мезгілі келгенде,
Тұрар туған күнім кеп...
Жібек Искакова , 30.10.2023
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter