Тақпақтар ✍️
Тақпақтар ✍️
12.11.2023
359
Осы менің отбасым
Атам беріп батасын,
«Ботам» дейді: — Аман бол!
«Отаным» дер, «жерім» дер,
Елін сүйер адам бол!
Еркелетер ақ әжем,
«Құлыным» деп, «күнім» деп.
Қазақ елін танытар,
«Көш бастайтын ұлым» деп.
Асқар тауым әкешім,
Тұрғызады құласам.
Дем береді бойыма,
Кейде налып жыласам.
Мейірімді анашым,
Бар жақсысын арнайды.
«Балапаным», «жаным» деп,
Ақ тілегін жалғайды.
Әркез мені жақтайтын,
Жанашырым жан ағам.
Жылу берер бойыма,
Күн нұрындай тараған.
Еркелетер әпкем бар,
Бауырына басатын.
Шығарып сап мектепке,
Қайтар кезде тосатын.
Үн қататын былдырлап,
Қарындасым, інім бар.
Шуақ шашар біздерге,
Күлімдейтін күнім бар.
Осы менің отбасым,
Қорғанышым, тірегім.
Ыстық ұям, мекенім,
Сен деп соғар жүрегім.
Жібек Искакова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter