Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  160


Автор: Шөмішбай Сариев

Арманым-ай

Жетер күн болар ма екен арман саған,
Жолдарым іздерімде қалды аңсаған.
Алда деп жүргеніңде барлық үміт,
Кейінде қала берер аңғарса Адам,
Дөңгеленген осынау жер үстінде.
Жетер күн болар ма екен Арман саған!
Келеміз жер бетінде армандаумен,
Кейін деп қолын бұлғап қалған дәурен.
Сағымдай сағынышқа айналғандай,
Жайраңдап жастық шақта жанған сәулең.
Арманы бұл адамның таусылар ма,
Келеміз жербетінде армандаумен.
Адамның бар бақыты арманында,
Сүйенген қанаты адам толғанында.
Бақытты, бақыттысың сол арманға,
Жолықсаң дүниенің жалғанында.
Адамның бар бақыты арманында.
Аллаға мың бір алғыс арман берген,
Үміт пен арманды да Аллам берген.
Бірдеңе бола ма деп бәйге атындай,
Тұлпар да тұра шапқан салған жерден
Адамға таусылмайтын үміт толы,
Аллаға мың бір алғыс Арман берген!
Ғашық боп шөлдегенсің арманым-ай,
Жайқалып тербелесің Арманым-ай.
Балалық, жастық шағым бәрі өзіңде,
Жетелеп сен келесің Арманым-ай.
Арманым-ай,
Арманым-ай!

23-24 Сәуір 2012 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу