Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  127


Автор: Шөмішбай Сариев

Ақселеу

Өткізіп не бір дәурен, не бір жазды,
Күй болып күмбүрлеген өмір-сазды,
Атасу ауылының АҚСЕЛЕУІ,
Алматы Алатаудан кенін қазды.
Рухани ұлы өмірден кен іздеді,
Өнерлі дария-ғұмыр, теңіз-демі.
Алатауға көз салып әңгіме айтар,
Алматы көшесінде көп іздері.
Ойларын Көктөбеге түнететін,
Әуезов шаңырағында күні өтетін,
Ұлылыққа бет бұрып Ұлытауды,
Алатау бауырында жыр ететін.
Жан еді оқшау бойлы бір керілген,
Табанының астынан шың көрінген.
Мен көрдім алғаш рет сол бір жанды,
КАЗГУ-дың ұлы Әуезов мінберінен.
Сезімді әңгіменің семсері еді,
Табиғаты күй болып теңселеді.
Биіктеу боп көрінер өз бойынан,
Азаматтық тұлғасы еңселі еді.
Өмір ғой тағдырының көрді бәрін,
Сезініп қиын-қыстау жолды ұғарын.
Әуезов шаңырағы қолжазбасын,
Шаңымен жұтып жүріп болды ғалым.
Өмірде өнер болды нақ сенері,
Жаһандық – жан айғайы, жақсы әлемі,
Ұлтым деп ұлағатты ұлы жүрек,
Қазақтың болды өзі АҚСЕЛЕУІ!
АХАҢ деп, АҚСЕЛЕУ деп келеді Елің,
Бәйтерек тұлғаңменен ерек едің,
Халқымда сендей жандар санаулы әлі,
Әлі де қазағыма керек едің!..

7 желтоқсан 2012 жыл
Астана


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу