Өлеңдер ✍️
Жаңаөзен елі болар пір Бекеттің
Жаңаөзен елі болар пір Бекеттің,
Жаңаөзен елі болар ер Есеттің.
Кішкене сабырлығың қажет еді,
Халқыңа айналайын не көрсеттің?..
Бұл бір күнге жеттік қой аман өтіп,
Есіңде киген күнің жаман етік.
Ағайын бір-біріңе қол көтердің,
Тәуелсіз болған күнді қаралы етіп.
Уыздай қаймақ ұйып құт тұнғанша,
Білмеймін егеменді ұқтың қанша.
Солай бір сабырлылық керек еді,
Тәуелсіз перзентіміз тік тұрғанша!
Тәуелсіз ұлы еліңнің көріп сайлап,
Қаралы, не күн туды белін байлап.
Тәрк етіп, тәуелсізді теңге үшін,
Жылайтын кез емес қой Елім айлап!
Ұшқыннан жалын лаулап жанбас па еді!?
От қойса - өткір қылыш алмас па еді,
Біреуден кем аларсын, көп аларсын,
Тас болып алтын күміс қалмас па еді?!
Момыннан жуан шығар ғажап елім,
Аққулы теңізім мен таза көлім.
Ер Есет, пір Бекеттің баласы едің,
Айналдым, ақылға кел, Жаңаөзенім!
Іздеумен бір бақытын барады елім,
Көтерме өзіңе арнап дала желін.
Бір-бірін қазақ қырса не болады,
Білмеймін не дерімді Жаңаөзенім!..
15 Қаңтар 2012 жыл
Алматы шаһары
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter