Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  151


Автор: Шөмішбай Сариев

Поэзия падишасы

Құдірет жоқ ғаламнан,
Бұл өмірдің бәрі арман,
Поэзия падишасы – лирика,
Құмнан, жерден жаралған!
Бар шуаққа бөленген,
Өрілетін – өлеңмен,
Поэзия падишасы – лирика,
Таудан, шыңнан көрем мен!
Шыңдар ғана таласқан,
Таза мөлдір –таза аспан,
Поэзия падишасы – лирика,
Жұлдыздардың арасынан адасқан.
Тәңір бар ма құпияны өзі ашқан,
Жанр бар ма лирикадан сөзі асқан,
Поэзия падишасы – лирика,
Бәйшешектей көз ашқан.
Поэзия –ұлы әдебиет анасы,
Осы болар сөздің болса данасы,
Поэзия падишасы – лирика,
Бүршік пенен жапырақтың арасы.
Бірде бұлттап жауындар,
Бірде желдеп дауылдар,
Поэзия падишасы – лирика,
Ән мен жырдай бауырмал.
Патшалығын ән мен жырдан саз құрған,
Тау кеніндей терең бойлап қаздырған,
Поэзия падишасы – лирика,
Құдіреттің өзі қолдап жаздырған!
Ажыратып көздің ақ пен қарасын,
Елестетер әрбір елдің даласын.
Поэзия падишасы – лирика,
Жалғап тұрар Аспан-Жердің арасын!
Өмір тұнған гүл әлем,
Поэзия – бұл әлем,
Поэзия падишасы – лирика,
Сол лирика мына Мен!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу