Өлеңдер ✍️
Күйшінің құлағы
Күйлерден сылқым әуен назды естігем,
Қаңқылдап ұшқан аққу-қазды естігем.
Өзіндік ерекше бір күйші әлемі,
Өзінен ерте туған сазды естіген.
Күйшілік туып өскен тұрағында,
Жанатын көз-жанары шырағында.
Бар сиқыр әуен-сазды жиып өскен,
Күйші мен домбыраның құлағында!
Қуанышың, мұндасың, сырласың да,
Жетеді күймен үндес жыр ғасырға.
Жермен бірге айналып жатқан әлем,
Күллі әлем күйшілердің бір басында.
Дос етіп тәңірідей тірегін де,
Сазды-әуен иек сүйеп ұлы өмірге.
Сағыныш дариясы күйшілердің
Дүние толғанады жүрегінде.
Қалай ауды сезбейсің аусарың да,
Жұтқызады бұлақтың кәусарын да.
Күллі әлем құлақ түрген қас-қағым сәт,
Құпия күйшілердің саусағында.
Ғаламат болар күйге сыйынуға,
Дария-ағыс, теңіздің тұйығында.
Күймен көкті итеріп, ары апарған,
Құдірет күйшілердің иығында.
Жүректе сиқырлы әуен саз орнатты,
Күйімен кеудемізге жаз орнатты.
Сол күйшінің бірі осы Абдулхамит,
Жүрегіне жинаған Қазанғапты.
Бір сезгенім Сүгірге жеткен қолы,
Жанына ұрпақтардың дарып атқан.
Бәрі де бір қасиет әруақтан,
Қазанғаптың күйі бар кеуделі әлем,
Жұлдыздай түн тылсымын жарып аққан.
Келгендей күй әлемнің кезі, міне,
Ақтарар Домбырамен сөзі, міне.
Сол аққан жұлдыз келіп қонса керек,
Ой салып Абдулхамит сезіміне.
Жетелер сағынышқа сазы да бар,
Үйіріп алар сені назы да бар.
«Көкіл» қонған күйшінің кеудесінде,
Жеті қат жер астындай қазына бар.
Көрдік пе күйден әсте мұңын айырып,
Көрдік пе алтын-күміс бірін айрып.
Алдымызға жайылған күй-қазына,
Қазына – халқымызға ұлы байлық.
Күйменен бірге көрген түсті айтармын,
Кең сермеп, әлде сөзді қысқа айтармын.
Сәуірде көктемменен бірге еніп,
Сен бүгін шыныменен «құс қайтардың».
Күйменен жырлап өткен далам гүлін,
Күй байлық деп санаған бабам бұрын.
Сол байлықты сыйлаған Абдулхамит,
Рахмет-Алғыс жаусын саған бүгін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter