Өлеңдер ✍️
Оқжетпес
«Оқжетпес!»,
«Оқжетпес!»
«Оқжетпеске» сөз жетпес!
Шыңдарына бұлт қонып,
Көлдерінен құс кетпес.
Мұндай ғажап сұлулық,
Қайта айналып кездеспес.
Басымды иіп алдыңда,
Тағзым еттім, «Оқжетпес!».
Өмір болар бұл сапар,
Өлең болар бұл сапар.
«Оқжетпесті» қоршаған,
Сарбаз-сынды мұнша тал.
Қазағымның ұл-қызы,
Аққайың мен шырша тал.
Бір-бір биік бәйтерек,
Тарих-Тәңір бұл сапар!
Ойға батып, мұңға енем,
Бұлт боп көшкен бір жан ем.
Бабам қазақ киесі,
«Оқжетпестің» иесі –
Бұл сапарда кездестім,
Әбілхакім мырзамен.
Бұл сапарда жүздестім,
Ойға оралып түрлі әлем!
Жүрегім бір толғашы,
Құдайым бір қолдашы.
Тастан сарай салдыртқан,
Талай елдің қолбасы.
Қалмас үшін сын жұрттан,
Ақордалы төр басы.
«Оқжетпесті» жаңғыртқан,
Өзіміздің Елбасы!
Жақсыларға жақын ек,
Жаны жайсаң ақын ек.
Бұл тағдырға сыйынып,
Әбілхакім – хакім ет.
Талай жайсаң кез болып,
Талай тұз-дәм татып ек.
«Оқжетпесін» жаңғыртқан,
Елбасыма рахмет!
Мен бір сөзді киелі,
Ауыр тастан сүйегі.
Айтам саған, азамат,
Ашылғандай тиегі.
Дүниеден кең болар,
Көгілдір көк жиегі.
Айтам сөзді киелі,
Ауыр тастан сүйегі.
Құдай берген Елміз біз,
Тәңір берген Жерміз біз.
Туған жердің перзенті,
Бабаларға төлміз біз.
Тауға біткен теректей,
Шыңға біткен өрміз біз.
Біздер қазақ баласы,
«Оқжетпестей» өрміз біз!
Жайнап ғұмыр жасарда,
Елім деп өт, бас алма.
Сонадайдан қайғырып,
Жауды көріп жас алма.
Бір-біріңе берік бол,
Бір-біріңе тас алма.
Жүрегіне қазақтың
Оқ жетпесін қашанда!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter