file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  93


Автор: Шөмішбай Сариев

Ақ мамық

Қол бұлғап кең даланың қалды аруы,
Өмірдің қандай жақсы жап-жарығы.
Даланы құшағына ап ақ қар жатыр,
Аспанның ақтарылған ақ мамығы.
Жас жігіт абдырайды құшарында,
Аққулар әнін салған ұшарында.
Біз дағы дәурен кештік жастық шақта,
Ақ мамық сұлулардың құшағында.
Толқыған көлде еркін жүзгенімен,
Айдында аққу сынды қыз көріп ем.
Ақ мамық сұлулардың ыстығынан,
Қар түгіл, жүректегі мұз да еріген.
Қасықпен толтырасың бос кеңісті,
Қалайша жасырасың кешкен істі.
Ақ мамық аққулардың қауырсыны,
Ақ мамық аппақ қардан еске түсті.
Көретін нәзігі мен қаталын да,
Не болмас жастық шақтың сапарында.
Аппақ қар кең даланың көйлегіндей,
Жамыла салған жібек жатарында.
Жастықта жалғыз іздеп тапқан, гүлім,
Көктемнен қанатын ерте қаққан бұрын,
Ақ мамық аппақ қардан түстің еске,
Сен қайда жүр екенсің, ақ мамығым?


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу