file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  374


Автор: Шөмішбай Сариев

Сөйле енді, домбыра

Кім мойындап басын имес асылға,
Сөзін айтып келер күнге, ғасырға.
Қазағымның Ахметі Жұбанов,
Құрманғазы оркестрі басында!
Домбыраның қос ішегін құт білді,
Сезім тұнған жүрегімен ұқтырды.
Сәл иегін көтерді де қол сілтеп,
Алатау мен Қаратаулар тік тұрды.
Домбыра үшін жаһан жұрттан ел келді,
Жұмбағы мол бір ғажайып жер көрді.
Қол көтерді композитор, дирижер,
Күллі қазақ даласы да тербелді.
Қуанышпен жырлап ауыр мұңымды,
Құрманғазы күйін толғап ғұмырлы.
Бір көзінде күллі әлем күй болып,
Бір көзінде,
Күймен бірге жұмбақ әлем жұмылды.
Бұл өмірдің бірі – күнә, бірі – айып,
Сезім-теңіз кейде өмірде мұңайып,
Арманы да Атырау мен Сарыарқа,
Тұрды өмірде,
күймен жалғап Жұбанов,
Құдірет күй – күллі әлемге көрсетті.
Өз өмірін күй үнімен өлшепті,
Жүрегінде Құрманғазы оркестр,
Түнгі жұлдыз –
құс жолындай жол шекті.
Жүректердің ашып сырлы сарайын,
Күндей нұрлы күймен шашты арайын.
Қазағымның Ахметі Жұбанов,
Бүгін тағы ортамызда, ағайын!
Бәрі осында, бәрі күйде ғажаптың,
Жетті күймен Тәуелсіздік азат күн,
Сахнада – Құрманғазы оркестр,
Сахнада – Ахметі қазақтың!
Көкке ұлып, көкке ұшқан бөрісің,
Домбыра ғой, домбырада жеңісім.
Құрманғазы жатыр бүгін бір аунап,
Күллі әлемде күйі жалғыз Елі үшін!
Келтір сазын, құлақ күйін сан бұра,
Тәуелсіздік баста күймен жолды да.
Екінші бір Ана тілім сөйлесін,
Бүгінгі күн сөйле енді, Домбыра!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу