Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  112


Автор: Шөмішбай Сариев

Күн мен түн

Қуандық та қайғы алып,
Жаста болдық жайнадық,
Түнмен жолдас болдым мен,
Күнім досқа айналып.
Түнмен талай сырластым,
Кеудем толы бір тасқын,
Жолаушылап жол жүрдім,
Шыңға шықтым, қырды астым.
Ойға баттым түнменен,
Көзімді аштым күнменен,
Күн мен түннің жұмбағын,
Жеткізу қиын тілменен.
Түнмен бірге мұңайдым,
Күнмен бірге қуандым,
Өмір сені сүйдім де,
Тіршілікке жұбандым.
Түн ұйқымды сан бөлдім,
Талай-талай жан көрдім,
Түнге қарап Ай көрдім,
Күнге қарап таң көрдім.
Түнім мені қолдайды,
Күнім мені қолдайды,
Екі дүние арасы,
Бір күнгідей болмайды.
Атып салар ажал сынды мерген көп,
Озған дүние бір оралып келген жоқ,
Күн мен Түнім бірін бірі
Бір кездесіп көрген жоқ.
Тәңір өзің күн мен түнге дем бердің,
Тәңір өзің күн мен түнді тең бөлдің.
Күн мен түннің мен арасын жалғадым,
Күн мен түннің екеуін де мен көрдім.
Бұл өмірде мұңайған кім, күлген кім,
Қос өмірдің құпиясын білген кім,
Бір мен үшін қос ғұмыр,
Құдіретгі Күн мен Түн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу