Өлеңдер ✍️
Академик Серік Қирабаев
Арылмас биік шыңның тасы мұздан,
Дариялардың басталар басы құздан,
Алатауды естідік бала кезден,
Алатауды естідік жасымыздан.
Көк жиек аса алмайтын қара көзден,
Жалаң аяқ жас едік дала кезген,
Бір сыншыны естідік жасымыздан,
Бір сыншыны оқыдық бала кезден.
Тасып өзен, дариялар толатын-ды,
Кеудемізге қыран құс қонатын-ды,
Сол Алатау – Алатау алдымызда
Сол сыншы – СЕРІК аға болатын-ды.
Білдік біз астанадан табыларын,
Іздесең Алатауда саңылағын,
Келеді ҚИРАБАЕВ – ғалым-сыншы,
Биіктетіп Әуезов шаңырағын.
Ғылымды – ұлы ғылым атандырып,
Келеді сын мылтығын от алдырып,
Сәкенмен Сейфуллинмен сырды шертіп,
Ғабиден Мұстафинмен қатар тұрып.
Келесіз СЕРІК аға биікті асып,
Ғылымға келмедіңіз тиіп-қашып,
Ғылымға арнадыңыз мәңгі ғұмыр,
Зиялы ғалымдармен иықтасып.
Бес ғасыр жырлап жатқан ғасыр еді,
Қазақтың қазынасы асыл еді,
Қазақтың әдебиеті тарихы үшін,
Алдына талай шәкірт бас иеді.
Баянды тірлік кешпей бағалар ма ең,
Тағдырың табыспаса – таба алар ма ең,
Жүрдік біз Алатаудай тау қасында,
Кештік біз бірге ғұмыр ағалармен.
Әуезов ұлы үйіне қатар еніп,
Ағалық тілек айтып, бата беріп,
Жүр біздің жанымызда Алатаулар,
Жүр біздің жанымызда Академик!
Үйрілген дүниенің ұршығындай,
Ғылым бұл – мәңгіліктің тылсымындай,
Өзіңді өлшер болсақ СЕРІК аға,
Биіксіз Алатаудың бір Шыңындай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter