Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  192


Автор: Шөмішбай Сариев

Жүйрік дала

Қазақтың қандай шалқар кең даласы,
Жеткізбес ентіктіріп ен даласы.
Жарысып жүйрік осы даламменен,
Келемін зулап ағып мен баласы.
Жырлауға жетер ме екен тілің жетіп,
Алыстан «айт шу» деген үнің жетіп,
Жарысқан бұл даламен тұлпарлар да,
Тұяғын туған жерде дүбірлетіп.
Ардагер иіп басын сүйікті елге,
Жарысқан қыран жүйрік биіктерде,
Жарысып желмаядай желіп бөкен,
Жарысқан бұл даламен киіктер де.
Оралып қашан болсын киелі елге,
Бұйырған қайда барса сүйегі елге.
Жарысқан нар өркешті желп-желп,
Нар атан, аруана түйелер де.
Ешқашан озып бабам қол созбаған,
Аққулар қанатымен көл қозғаған.
Қазақтың даласынан озған бар ма,
Борап дауыл, құйыны, жел де озбаған.
Қайтеді елдік мақсат жауласа үміт,
Қайтеді момын арман баураса үміт,
Қазақтың даласынан жүзіп өткен,
Бұлттар да оза алмаған тауға асығып.
Билеген бас идіріп бар ғаламды,
Уақыттың көзі – үміт, арман алды.
Оза алса бұл даладан ғасыр озған,
Ғасыр да бұл далада қалған мәңгі.
Қанатын қайрып кеңге соза алмаған,
Арман көп кең даламның көз алмаған.
Өмірде талай асыл жүйрік өткен,
Бәрі де бұл даладан оза алмаған.
Келеді қыран-тұлпар құйғып дала,
Келеді күллі әлемді үйріп дала.
Мен үшін жоқ сияқты көрінеді,
Қазақтың даласындай жүйрік Дала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу