Өлеңдер ✍️
Әйел
Өмірге келгеніме өкінбеймін,
Бар биікке жетем деп бекінбеймін.
Қарлығаш ұя салып жүрегіме,
Жүрегімді аялап отыр мейірім.
Жүректің балапаны бір-бір жырым,
Ізімнен қол бұлғайды мың бір күнім.
Құпия боп өмірде қала берер,
Жұлдызымды жандырған мың бір түнім.
Мың бір түн ертегісін ойға аламын,
Балқиды бұлан-талан бойда қаным.
Әйелдің жанарына ғашық болып,
Қаншама махаббатты тойлағаным.
Әрбір құс ұшып шығар өз көгінде,
Тірліктен мен бақылап сезгенімде.
Дүние – әйелдердің жанарында,
Өмір тұр әйелдердің көздерінде.
Сол жанар тартып содан табыласыз,
Сол көздерді қашан да сағынасыз.
Өмірдің ұлы мәні – әйелдерде,
Әйелсіз бұл дүние мағынасыз.
Қыран боп биік шыңға тағы қондым,
Көзінің қарасының ағы болдым.
Ғашықтықтан қаша алмай мен айналып,
Мен-дағы бір әйелдің «бағы» болдым.
Күні болдым, жұлдызды түні болдым,
Білмеймін үлкен болдым, ұлы болдым.
Махаббаттан қаша алмай мен айналып,
Мен-дағы бір әйелдің «құлы» болдым.
Жұмбағы мол әрбір шың, әр төбенің,
Әйелсіз еркек басым қайтер едім?!
Махаббаттан туатын әр баланы,
Жасасын әйел деген мәртебелім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter