Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  90


Автор: Шөмішбай Сариев

Ата Жамбыл

1846—1946

Жамбыл ата, бір ғасыр бұрын менен
Бірге тудың жұлдызды жырыңменен.
Өлеңдерің сырласар ертеңменен,
Өзің болып сөйлейді бүгін де өлең!
Халқыңның жыршысы боп өтіп едің,
Өлеңнен найзағайдың отын өріп,
Он тоғыз, Жиырмасынша ғасырыңа
Бердің сен ғұмырыңды екі бөліп.
Жинадың жүрегіне халықтан жыр,
Сара соқпақ өмірге салып даңғыл.
Атандың ұлы еліңе ұлы жыршы,
Атандың ұлы еліңе алып Жамбыл!
Жамбыл ата бір ғасыр бұрын менен
Бірге тудың жұлдызды жырыңменен.
Жүз жылдан соң мен келдім бұл өмірге,
Ұлы ақын, тыңда жырды бүгін менен!
Тербедің жырға деген жанды құмар,
Көз алдымда шың болып қалды мұнар.
Құлақ сал, Ата Жамбыл, айтарыма,
Менің де жүрегімнің Жамбылы бар!
Өзіңмен тоғысатын тағдыры бар,
Балаңның кеудесінде таң нұры бар.
Келер күнді оятқан қоңыраулы
Менің де жүрегімнің Жамбылы бар!
Түсініп Адам көңілін, жанды ұғатын,
Менің де жыр — мұратым, ән — мұратым.
Табынып бір өзіңе өтем мәңгі,
Бер маған ақ батаңды, Жамбыл ақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу