file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  279


Автор: Шөмішбай Сариев

Арал теңізінің хаты

«Егер балықшылар қол ұшын бермесе, орыстар мен мұсылмандар, отырықшылар мен көшпенділер — бәрін бірдей сұм ажал күтіп тұр... Біз осылай еткенде ғана Совет өкіметін сақтап қала аламыз...»
Халық Комиссарлар Советінің председателі В. Ульянов /Ленин/
В. И. Лениннің Арал теңізі балықшыларына хатынан.

Уа, Ильич, қанық ең сырыма сен,
Тұңғиық теңіз едім тұнық әсем.
Баяғы өзің көрген Аралыңмын,
Хат жазды деп қуанған ұлы Көсем!
Басымнан бұл-бұл ұшты бақ, ғажабым,
Туған ел тағдырымның тартты азабын.
«Арал...» деп хат жазып ең ана бір кез,
Мен енді о дүниеге Хат жазамын!
Айқасып ажал, Өмір сайысқанда,
Жанардан найзағайлы жай ұшқанда.
Есіңде болар, Ильич, Хат жазғаның
Ресейдің қабырғасы қайысқанда.
Ізіңе ізгілікті бастан еріп,
Болашаққа біз қадам басқан едік.
Хатыңа үнін қосқан Аралыңмын,
Жатқанда Волга бойы аштан өліп!
Көрмеген асау едім жаным жасып,
Бұл кеудем алай-түлей ағынға асық.
Барады қақтан безген киіктейін,
Теңіз қашып теңізбен бағым қашып.
Ел қашып көрмеп еді бейнет деуден,
Өзіне табиғатты билетпеуден.
Мен тұрмын тағдырымның апатында,
Қайғылы қасіреттен күйреп кеудем.
Дүнием толқитын-ды тасып ерен,
Күллі әлем сымбатты еді, ғашық ерен.
Аралды Арал демей, дәл бүгінде —
Әлемдік ұлы апаттың басы дер ем!
Баяғы қайда кеңес, келісімдер?
«Бәрі де халық үшін, ел үшін»—дер!
Аралға жазған Хатың есіңде ме,
Одүниеге хат жаздым, қол ұшын бер!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу