Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  84


Автор: Шөмішбай Сариев

Үміт үзбес тіршілікке не дерсің

Үміт үзбес тіршілікке не дерсің,
Тек қашанда көсегесі көгерсін.
Тасты-құмды, асфальт жолдан жем іздеп,
Ертеңіне жерге түсті көгершін.
Сылтып басып, шұқып қойып әр жерді,
Алшақтау кеп, сырттай жүріп дән терді.
Қан ұйыған бір аяғын көтеріп,
Тағдырына амалсыздан «жан» көнді.
Аппақ құсты ала алмадым аялап,
Үркер-ау деп жақынырақ таямай.
Мен де дәнді соған қарай шашамын,
Қолдан келген бар көмекті аямай.
Әзер қорқып жеңілмейді, жеңбейді,
Бір аяғы болғанменен кем, мейлі.
Басқа құстар келіп қалса анталап,
Бауырына басып алып жем жейді.
Өткен күнде мөлтілдеген жасы қап,
Келер күнге сыңар аяқ асық-ақ.
Тік қадамай, ұмтылды алға тіршілік,
Бір тізесін бауырына басып ап.
Өміріне құштарлық қой бұл деген,
Бұл сезімді айту қиын тілменен.
Аурулардай палатада қарайтын,
Көгершінді бақыладым күнде мен.
Мауқын тауып, басқандайын құмарды,
Бір аптада аздап аттап жүре алды.
Асық жілік тізесінен қып-қызыл,
Бір бүйірге сүйенуді шығарды.
Өзі үйретіп өмір деген оқытып,
Тәлімін де санаға іштей тоқытып.
Жылтыраған тізесімен, қызығы,
Екі аптада жүрер болды шоқытып.
Тірлік жоқ-ау тағдыры үшін алыспас,
Жем тастаса, құс бола ма жарыспас.
Тық-тық етіп жорғалай бір жүргенде,
Өзгелерден халге жетті қалыспас.
Көгершінге күрес — өмір жатты алда,
Тірескісі келсе, итеріп қапталға.
Халге жетті өз есесін жібермес,
Бауырайлап кеудесімен қаққанда.
Басқа құстар ыдырап бір жол берер,
Өжет мінез, өрге биік өрмелер.
Тайталасып тәкәппарлық танытты,
Тықылдаған аяғымен төрге енер.
Тең аяқпен туған жерде — мекенде,
Табан тіреп жер басқанға жетер ме?!
Тек әншейін айтылмайды екен-ау,
Бейбітшілік құсы деп те, бекерге.
Қиын сәтте танытты құс байсалдық,
Табиғат та жаратқан-ау жайсаң ғып.
Нәзік, сұлу көгершінде бәрі бар:
Төзімділік, қайраттылық, қайсарлық!
Дүниені таңырқатар күштер көп,
Қайғырса да, қамықса да іштен көп.
Бар азапты көтере де білген құс,
Екі аяқты құстардан кем түскен жоқ.
Адам болсын, құстар болсын, тегінде,
Ұшса жақсы туған жердің көгінде.
Бейбітшілік құсы ұшты самғап бір,
Бір аяғы жұлынғанмен өмірге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу