Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  77


Автор: Шөмішбай Сариев

Шөмішбай Сариев

Баллада

Діңгектен тамыр тартып жан бабасы,
Бүршіктен көзін ашып бар баласы.
Шебер қол, нәзік саусақ шілтеріндей,
Гүлдейді-ау кестеленіп алма ағашы.
Көздің жауын үйірер жанар билеп,
Ақ шыңнан арналы өзен ағар сөйлеп.
Тоғыз ай толғанатын анадайын,
Алма ағаш гүлдеп барып салар түйнек.
Шаршаған аялатып ат-көлікті,
Табанда маңдайына бақ қоныпты.
Сондай бір қаны тамған алма баққа,
Сонау кез бір жолаушы тап болыпты.
Қараса сұлу бақта тұнған алма,
Бірінші кезіктіріп бұл ғаламда.
Ұқсайды пейіштегі аруларға,
Құлағына ілінген сырғаларға.
«Қызыл шырай тартқаны мол-ау шырын,
Дүние таңғажайып толы-ау сырың».
Алмаға кез болғаны тұңғыш рет,
Өмірге сапар тартқан жолаушының.
«Айтылар пейіш пе бұл құрандағы?»
Тартынып өзін ұстап тұра алмады.
Ағаштың шығып алып ең басына,
Жолаушы үзіп алды бір алманы.
Бір күдік толқытқанмен жанын қатты,
Жүрегін тәуекелмен жалын жапты.
Алманы екі бөліп, жартысының
Жолаушы тамсана бір дәмін татты.
Сол бір сәт толған нөкер алды қамап,
Қарулы жауынгерлер қанды балақ.
Жан-жақтап жолаушыға төнді дерсің,
Көздерге айналғандай барлық алап.
Бұлардан құтылмасын танып-қалды,
Бәрі де бас шабуға жаныққан-ды.
Нөкерлер алма бақтың патшасына,
Қамалап жолаушыны алып барды.
Ішегін ішке тартып, үні қалып,
Қақ жарылып, жол беріп, ұлы халық.
Алтын оқа тағылған тағына емес,
Патша отыр қаһарына мініп алып.
Жолаушы басты имеді өзгелердей,
Танытып қайсарлығын көз көрердей.
Алма үзген адам үшін қаһарланып,
Былай деді патша ағзам сөзге келмей:
— Отырмын қысқа таяп күзімде мен,
Енді амалсыз мен саған қызым берем.
Өйткені, өзің болдың алғаш адам,
Менің алма бағымнан үзіп жеген.
Жар салып шақыр бүгін халайықты,
Халайықтың бұл үшін бәрі айыпты.
Алманы үзіп жедің үлкен күнә,
Өтейсің сен де амалсыз сол айыпты.
Мен үшін олар бәлкім құндызым да,
Мен үшін болар бәлкім жұлдызым да.
Болмайды, сірә, саған бұл қуаныш,
Өйткені, төрт кемдік бар бұл қызымда.
Күнінен от, жанса да түнінен от,
Сен ойлаған ғажаптың бірі де жоқ.
Көзі жоқ, құлағы жоқ, аяғы жоқ,
Қызымның ең болмаса тілі де жоқ!
Дей алман, өзім — патша, асыл балам,
Жақсысы — жайды айтып жасырмаған.
Үйленсең, үйленесің, осы қызым,
Үйленбесең мен онда басыңды алам!
...Айтатын енді қалай, бар ма сөзің?..
Жолаушы тіктеп алды ханға көзін:
— Патша ағзам, білсем деймін, күнәмқандай?
— Елімде дәстүр бұзып алма жедің!
— Патша ағзам, басымды имей өтер едім
Алдында тіл тартпай-ақ кетер едім.
Патша емес ел дәстүрін бұзып алсам,
Амал жоқ, мен күнәмді көтеремін!
...Содан соң ұлы дүрмек той басталды,
Жолаушыны қасірет, ой басқан-ды.
Әлемді әлдилеген ән көтеріп,
Жерге бір жақындатпай қойды аспанды.
Жақса да ерімейтін жүз отынды,
Жолаушы жүрегінде мұз отырды.
Қырық күн халық үшін тойы болып,
Қырық күн шымылдықта қыз отырды.
Кете алмас баласы үшін еті өліп те,
Борышы ата-ананың өтеліп пе?
Қырық күн тойынан соң хан иеміз,
Ұрықсат берді бата некелікке!
Әуелі жолаушыға: «Ойлан!—деді,
Жолаушы: «Мен ойланып қойғам!»—деді.
Жарына беттегенде құты қашты.
Сонымен шымылдықты Жігіт ашты:
Ашқаннан аңтарылын тұрып қалды,
Түнінен оятқандай түріп таңды.
Ғажайып күн сәулесі хан қызының,
Жүрегін сұлулығы жылытқан-ды.
Сенерін, сенбесін де біле алмады,
Өңі ме, түсі ме әлде, ұға алмады.
Жолаушы жарты алманы ұсынды да,
Екеуі бөліп жеді бір алманы!
Азамат ұмытқандай табанда ойды,
Тербетіп сезім шырын самал бойды.
Махаббатқа мас болған жолаушымыз
Ертеңіне ханға кеп сауал қойды:
— Жауабын не бермеңіз, не беріңіз,
Белгісіз сенбесіміз, сенеріміз.
Алданды күйеу балаң, не еліңіз?
Көзі жоқ, құлағы жоқ, аяғы жоқ,
Қызымның тілі де жоқ!— деп едіңіз?
— Ол рас!—деді патша тыңдап алып,
Жанарын тұманданған мұңға малып.
— Ұлсызбын! Жалғыз осы қызымыздың,
Көз,Құлақ, Аяқ, Тілсіз тұрғаны анық!
Жақсы әннен басқа әуенді сән бар демес,
Жанарында қызымның тербелді елес.
«Көзі жоқ!»—дегенім — бұл дүниенің,
Қасірет, қайғыларын көрген де емес!
Бәрі бір енді мені қостасаң да,
Ол үшін өмір деген дос қашқан да.
«Құлағы жоқ!» дегенім — дүниеде,
Жаман сөз естіген жоқ ешқашан да!
Дүниені таңымен ашқан еді,
Көргені оның жұлдызды аспан еді.
«Аяғы жоқ!» дегенім — дүниеде,
Ауыр жолға қадамды баспап еді!
Жанарынан тамшы жас тамбап еді,
Көзімнің қарашығы, қарғам еді.
«Тілі жоқ!» дегенім — бұл дүниеде,
Артық сөзді аузына алмап еді.
Бағымның шынарында биік өскен,
Қызғыштай қорғап келген Алмам еді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу