Өлеңдер ✍️
Өнер құдіреті
Поэма
Емдетпеген ем қалмай,
Емші іздеген ел қалмай,
Құтыла алмай ажалдан,
Тәрк етер тағын да,
Ішке тартып қанын да,
Хан сұрланып сазарған,
Жолдасы — ауру жанында,
Падишалық бағында,
Әуелемей базарлы ән,
Көктем бақыт қоштасып,
Жапырақты жазы ауған.
Қайғырып хан, қамығып,
Дертті аурудан зарығып,
Уәзір, бегін алдырды,
Ел-жұрты айтса сене алмас,
Бақұлдасып ең алғаш,
Көзінен жас тамдырды.
Айналаға мұң салып,
Жан сарайы жаңғырды,
Тұңғыш рет жұмсарып,
Өткізу жайлы ойласты,
Қалған енді бар күнді.
Оралым іздеп тіліне,
Сөз алды қалмай бірі де,
Уәзір, бегі кезекпен,
Бір ысып, жүрек суынды,
Кеудесі болса суырды,
Өтетін сөзді өзектен,
Жалсызыңды жал қылар,
Осындайда ханға ұнар,
Сөз айтқанға не жетсін!?
Барын салып бәрі де,
Сезімін ханға сөз еткен:
— Өзіңсіз бізге таң жоқ деп,
Атадан қалған мал жоқ деп,
Жолыңа шашам барымды —
Деп біреуі толғады.
Екіншісі:— қолдағы,
Қызымды ал,— деп жалынды.
— Не десең де қолыңда,
Құрбаныңмын жолыңда,
Қиям,— деп бірі,— жанымды,
Қалмастан бәрі — уәзір, бек,
Бас иіп ханға табынды.
Бірі айтты бектің байқамай,
Бір сөзін екі қайталай,
Тілінен сорлы қағынды.
Көтермек боп ханның көңілін,
Танытып адал пейілін:
— Шақырам тойға бәріңді!—
Деп салған еді ойға кеп,
— Ажалым саған той ма?!—деп,
Табанда басы алынды.
Үрейі ұшып бәрінің,
Одан сайын табынды.
Алдында ханның акталды,
Бұдан соң бәрі сақтанды,
Қаһарлы жүзі қатты еді,
«Жолыңда сенің өлем мен,
Жанымды киям» дегенмен,
Бәрінің жаны тәтті еді...
Байланғандай тіл-көмей,
Жақ ашпай, бірде үндемей,
Қалыс қалған қарт бегі,
Бір демеу күткен хан тұрып:
— Қарт бегім, сен айт!—деді.
— Хан ием, Сізге не айта алам?
Қамықпай қалай жай табам?
Жайылған даңқың ел-елге,
Жолықтыңыз, әттеген,
Беті жаман дертпенен,
Келген шақ мынау кемелге,
Жатады өмір жаңғырып,»
Ұмытылмай мәңгілік,
Қалғыңыз келсе егерде,
Ажалы хақ адамға,
Өлмеудің жолы — өнерде!
Өнердің жолы — құдірет,
Өлмейтін — мәңгі сурет,
Салдыр,— деді — бейнеңді!—
Діңкәлап дерттен қатты азған,
Көзін жұмып патша ағзам,
Тұңғиық терең ойға енді,
Жанарында жай тұрды,
Айтылар сөз айтылды,
Сөйленер сөз сөйленді: —
Суретшілерге әлемде,
Салдырам,— деді,— Бейнемді!
Жар салдырып баршаға,
Суретшілер қаншама,
Хан сарайына жиылды.
Егізіне сыңардай,
Көңілінен шығардай,
Ханды сал деп шақырды.
Талай жандар сабылды,
Талай бастар шабылды.
Талай мойын қиылды,
Қандай талант болса да,
Бұл іс тіпті қиын-ды.
Қиындығы бар еді —
Бір көзі жоқ хан еді,
Туысынан жаны асқақ
Көріксіздеу құс танау,
Бірінен бірі қысқалау,
Бір аяғы әрі ақсақ,
Қиындығын аңғарды,
Талай дарын дағдарды,
Хан бейнесін қарап сап,
Домаланды бас талай,
Сілтегенде болат сап!
Бар кемдігін жасырмай,
Артық-кем ғып асырмай,
Салды сурет бір дарын,
Бұрмай бұған бүйрегі,
Шаншудайын түйреді,
Патша ағзамның бұл жанын,
Қара бұлт боп қабағы,
Қаһарланып жанары,
Сезді ашуға тұнғанын.
Басы кетті домалап,
Талант деген тұлғаның!
Ханда қайғы, мұң тұнды,
Айтылмаған сыр тұрды,
Қаһарланған көзінде:
«Түрім түр ме түнерген,
Сен салмай-ақ білем мен,
Кемдігімді өзім де,
Дарының бар түсінем.—
Деді патша ішінен,
Қимады оған сөзін де,
Отырды хан жақ ашпай,
Бас жұлынған кезінде.
Бастың ойлап бұл қамын,
Мұны көрген бір дарын.
Өз ойынан өзгерді.
Көзі көрген жайды ұғып,
Хан алдында қаймығып,
Сынға түсер кез келді.
Кем аяғын жасырып,
Артық-кемін асырып,
Ханға сыйлап көз берді,
Осылайша боларын,
Қаһарлы хан сезген-ді.
Жай еді бұл бір түрлі,
Келтіретін күлкіңді,
Ойлағанға, шынында,
«Менмін бе, осы тегі» деп,
«Мазақ еттің мені» деп,
Басын алды мұның да!
Хан қаһарын төккенде,
Кеудеден бас кеткенде,
Бір дарынның денесі,
Жаны ышқынды құлындап,
Жатты осылай тынымды ап.
Бірінен соң бірі өлді,
Тығырыққа тірелді.
Патша алдында бар дарын,
Қарамастан қайта бір,
Қаһарлы хан әйтеуір,
Ұнатпады салғанын.
Амалы үшін жанының,
Талай дарын ханының
Таппақ болды арманын,
Бірақ бірі ұнамай,
Тістеледі бармағын.
Дегендейін жол табам,
Бір жас шықты ортадан,
Хан бейнесін салмаққа.
Саспады жас төр шығып,
Отырды хан қомсынып,
Ойы тарап жан-жаққа.
Көңілі толмас өмірі,
Уәзір, бектер көңілі,
Шапты үркіп сан-саққа,
Атаққа үйір, мансапқа!
Күмәнданды жас па деп,
Саспай дарын бірақта,
Ханды әурелеп бір апта,
Салды ғажап суретін.
Қайран қалып ел тұрды,
Ғажайыптай келтірді,
Аяқ, көзін, түр, бетін,
Көңілі талай толмаған,
Таңырқанып сонда хан,
Сезді өнердің құдіретін.
Құпия, жұмбақ, ғаламат,
Көрген шақта суретін.
Өз көңілін байқаған,
Қаһарлы хан қайтадан,
Уәзір, бегін жинады,
«Барым дайын, әзірмін!»
Құлдық ұрған уәзірдің,
Бар байлығын сыйлады.
«Қызымды ал»,— жалынған,
Бір бегінің бағынан,
Жан байлығын сыйлады,
Құдіретінен өнердің,
Хан өзіне сыймады.
Тап болғандай дара бақ,
Тұр ілулі ғаламат,
Сол сурет жанында,
Маздап жанған шоқ көріп,
Бойына ылғи от беріп,
Ойнатады қанын да,
Емсіз ауру өртінен,
Айыға алмай дертінен,
Өлем деген шағында,
Сол суреттен қуат ап,
Он жыл тұрды тағында!
Тоғысқандай арманы,
Суретшініц салғаны:
Тебіреніп толғана,
Құстары ұшқан алыстан,
Шалғын шөбі майысқан,
Әуелі — ғажап кең дала!
Жолбарыс жөңкіп алыстан,
Алдыңнан қашып жарысқан,
Жүйткіген жүйрік ен дала,
Арғымақ мінген аттылы,
Жүрегін шапқан қолға ала
Жүйріктер толы жолығыс,
Ғажайып, әсем көрініс,
Жүрегіңді қозғар сілкілеп,
Қарайсың көзің қанбай да,
Көк өзен аққан шалғайда,
Көкжиегіңнен күркіреп,
Шұғыласын жұтып таңның да,
Аттылы аңшы алдында,
Киіктер қашқан дүркіреп,
Аттылы патша алдында,
Жүйріктер сасқан дүркіреп!
Суретші алдан аңғарған,
Талай дарын дағдарған,
Қиындықты сезеді.
Қиналды қатты құрысын,
Бірі қысқа, бір ұзын,
Келгенде аяқ кезегі:
Бұл жағын да жандырды,
Қысқа аяғын ханының,
Үзеңгіге салдырды!
Тебірентіп адамды,
Тапқырлықпен сала алды.
Қиын соқыр көзі еді!..
Суретшінің салғаны:
Киік көздеп алдағы,
Қысып патша бір көзін,
Ат үстінде кезеніп,
Садақ тартқан кезі еді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter