Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  119


Автор: Шөмішбай Сариев

Менің жаным

Менің жаным — қарапайым өмірдей,
Менің жаным — жұмбақ әлем-көгімдей:
Жұлдыздары жатар кейде жарқырап,
Жұлдыздары жатар кейде көрінбей.
Сәл қозғалса жұмыр жерден ауардай,
Менің жаным — тұрған мұхит төгілмей.
Ауа жұтып тұрғаныңды аңдатпай,
Тынысыңмен бірге енетін мейірдей.
Менің жаным – мырза аспаным есепсіз,
Жаңбырлатып төге салған пейілдей.
Менің жаным – аппақ мамық аққудың
Ақтарылып жатқан айдың көліндей.
Менің жаным — мың бұралып майысқан,
Жел толқытқан жасыл майса, егіндей.
Менің жаным — сәл ызғарға мұңайған,
Көктемімнің жаңа бүршік көзіндей.
Менің жаным — соқпағы бар, соңы жоқ,
Туған жердің ойпаңы мен өріндей.
Менің жаным бірге туып, бірге өскен,
Айнымайтын егіз, сыңар төлімдей.
Ажыратып алар өмір бәрінде,
Әрбір үйдің табалдырық, төріндей
Менің жаным — қарапайым өмірдей!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу