file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  156


Автор: Шөмішбай Сариев

Көлеңке

Дені сау ма?.. Әлде өзі масаң ба еді?
Мінезі, мінез емес, қасаң да еді: —
Көзіңше, көз алдыңда көлеңкеңді
Мыжғылап табаныммен басам,— деді.
Алдына «Басып көр!» деп тұра қалдым,
Иттің бұл иттігіне шыдағанмын.
Ақтарып ақиқатты айтып салып,
Кінәм сол — кемшілігін сынағанмын!
Арамза арамдықты көп біледі,
Дұшпандық көзі неткен өткір еді?!
Мен тұрмын не болар деп, көлеңкемді
Әлгі жан озбырланып тепкіледі.
Ісіне мәз болады күліп, кекті...
Қарасам дұшпаныма бұрып бетті.
Көлеңкем түрегеліп, о, ғажайып,
Әлгінің кеудесіне шығып кетті!
Көңілін маздар қызыл шоққа балап,
Жүрегін лаулап жанар отқа балап.
Адам бір кез ұшатын құс болғандай,
Күрсінсе, күрсінеді көкке қарап.
Тап болып борасынға дауыл күні,
Кез болып қиын тағдыр, ауыр сыны.
Аққулы, қыран жүрек талайлардың,
Жұлынып қалған қанат, қауырсыны...
Болған соң қанаты жоқ құсалы жан,
Енді амалсыз қиялмен ұшады адам.
Жер жібермей тұрады жеме-жемде
Айрылып қалатындай құшағынан.
Не бітер деп мұңайып, торыққаннан,
Жерде де көк сияқты жолықты арман.
Кім білсін, бір кезде адам құс болды ма
Қия алмай туған жерін қонып қалған?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу