Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  86


Автор: Шөмішбай Сариев

Орман жыры

Ақын Абай! әруағыңнан айналдым,
Ақиығым Алатауым, айбарлым.
Саған деген сапарыма сайландым,
Абай емес, арманыма айналдың.
Ақын Абай! Дала болып толғандым,
Домбырамды, мен де жырлап, қолға алдым.
Біле тұра барын азап жолдардың,
Ортасына ендім қалың орманның.
Айта алар кім бір сөзімді жалған деп,
Аспанымнан аңқияды аңғал көк.
Орман деген сырттай сұлу болғанмен,
Жалғыз қалсаң жұтып қояр аңдар көп!
Жолбарыстар жүреді, әне, маң басып,
Кезекті бір жемнің жайын қамдасып.
Аяғына оратылып зәр шашар,
Жымысқы көз жыландар да арбасып.
Бір ауызға жем боп, қор боп кетермін,
Анық жүріп, анық бассам не етермін.
Жәудірейді көзім нәзік еліктей,
Жүйріктікке бекер сенген екенмін.
Қорқып, сасып қоян қашқан шығандап,
Көріп келем орманымнан сыр аңдап.
Азулыға айла тауып ұстатпай,
Қу түлкінің құйрығы жүр бұлаңдап.
Жамандық пен жақсылықтың сәті тез,
Табан асты кез болады қапы кез.
Орманымның бұлбұлдары сайрайды,
Тіршілікті ұмыттырып қатыгез!
Келем, орман, мен өзіңді құт біліп,
Жер төсінен гүлдеп-жарып шықты үміт.
Аққулары арманымның жүзеді
Сұлулықтың тірі екенін ұқтырып.
Бұл орманда бір-бірінен озған бар,
Не жоқ дейсің — көкке қолын созған бар.
Мақпал түнде айға қарап ұлиды,
Алты қарыс аузы қанды көкжалдар!
Ит тұмсығы батпас тоғай болған ғой,
Сонда-дағы құстары ұшып қонған ғой.
Сырт айналып түңілмеңдер, ағайын,
Бұл бір ғажап, бұл бір сұлу Орман ғой.
Алаулаған көзді барлап бар гүлі,
Аунай қалсаң, жапырылар шалғыны.
Орманымның жұлдыз шашқан көгінде,
Түнгі аспаным Ай үстінде қалғыды.
Сыңсып тұрған табиғаты сымбатты-ақ,
Халқым үшін қасиетті қымбат бақ.
Аяғыңды аңдап-аңдап басасың,
Бұл орманда кетпеу үшін гүл таптап!
Жүрегімді жұдырықтай тас түйіп,
Шындық үшін жартасты ұрдым қасқиып!
«Артық айтқан жерлерімді кешір» деп,
Орманыма тұрмын, міне, басты иіп.
...Абай аға! Саған қарап толғандым,
Домбырамды, қаламыммен қолға алдым.
Бір өзіңнен тамыр жайған бар ағаш,
Ортасында меп де бармын Орманның!
Абай аға! Өзге заман, таң да өзге,
Жоқ-ау бірақ бас имейтін жан сөзге.
«Өз орманым қалай өсіп жатыр?»—деп,
Көз қырыңды бір салып қой әр кезде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу