Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  93


Автор: Шөмішбай Сариев

Адам

Беріліп қоңыр күйдей сазды мұңға,
Ойласам, құрық салып назды жырға.
Қаншама жақсы адаммен жолыққанмын
Осынау өтіп жатқан жаз ғұмырда!
Арманның шарласам деп шар тарабын,
Табысқан тағдыр жүгін арқаладым.
Жолығып жол нұсқаған бір-бір Адам
Ауылдан аттап басқан әр қадамың!
Жадыңнан ұмтыла ма жыл өткесін,
Қанатты құстай самғап күн өткесін.
Қимай-қимай қоштасып қанша менің,
Жолдарда қала берді тілектесім.
Табиғат, болмаса да күй-бап деген,
Мейірімді талай жанға сыйлапты ерен.
Қаншама жақсы Адамның шарапатын,
Құп-құйтай жүрегіме жинап келем!
Өмірге келу-кету кезек екен,
Мен де бір күн өмірден сезем, өтем.
Жүрекке жинап-жинап шуақтарды
Өлеңнің өркеніне өзегі етем.
Жүректі жылытамын бөлек үнге,
Жанымның жылылығы — өлеңімде.
Жақсылығың үшін де, жайсаң жандар,
Борыштымын мәңгілік мен Өмірге!
Беріліп қоңыр күйдей сазды мұңға,
Ойласам құрық салып назды жырға.
Қаншама жақсы Адаммен жолыққанмын,
Осынау өтіп жатқан жаз Ғұмырда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу