Өлеңдер ✍️
Гете — Лермонтов — Абай
1978 жылы жазушы Қалмұқан Исабаев неміс қаласы Ильменаудағы В. И. Гетенің музейіне ескерткіш тақта орнатты. Мрамор тақтада «Қараңғы түнде тау қалғып» атты Абай тәржімалаған Гете өлеңі қазақ тілінде жазылған. Бұл әлемге сапар шеккен Абай жырларының бір ғасырдан астам уақыттан кейін ақынның туған еліне тұңғыш оралуы еді.
I
Өлең болып өркеш-өркеш шыңдары,
Танытам деп таудай биік тұлғаны.
Ақын Гете осы жырды, әйтеуір,
Өз халқының жүрегімен жырлады.
Жылдар өтті, ғасыр жатты сан алда,
Жорық жасап алынбайтын қамалға,
Қылыш, найза, семсер алмай, жүрекпен
Гете өлеңі сапар шекті ғаламға.
Оң сапарын өлеңінің оңғарып,
Гете ақынның перзент жырын қолға алып,
Лермонтов та өз ұлындай көтерді,
Әз халқының жүрегімен толғанып.
Россиядан тура тартып бұрылмай,
Сахараға шауып жеткен құлындай,
Абай өлең айдарынан сипады,
Қара көзді қазағымның ұлындай,
Қайран қазақ иманындай, сырындай.
Бір иісе шабыт деген саулар бұлт,
Бар қазақтың жаз жүрегін баурар ғып,
Гетені Абай ана тілде сөйлетті:
«Қараңғы түнде...
Қараңғы түнде тау қалғып...»
II
Осылайша сезімді өлең, ойлы өлең,
Сан қамалды, шекараны жойды өлең,
Орыстарда Лермонтов боп сөз алып,
Қазағымда Абай болып сөйлеген!
Өтеді, Уақыт өтеді,
Келеді толқын, кетеді.
Адамзаттың екі елі
Маңдайына жаралған,
Жұмыр Жер ғой мекені.
Жанады жұлдыз, жанады!
Атады алда таң әлі.
Батады күн де сан әлі.
Біздерге дейін, бізден де
Қалады, өмір, қалады.
Өмірмен бірге қалды де,
Теңізге тамшы тамды де,
Жұлдызы жарық жанды де,
Жүрекке жетсе баурар ғып.
Мәңгілік қалар мәңгіге:
«Қараңғы түнде тау қалғып...
Қараңғы түнде тау қалғып»...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter