Өлеңдер ✍️
Талай ұрпақ шыңыңды бетке алады
Алатауым жамылды жасыл көктем,
Көктеміңе оранып ғасыр жеткен.
Ұлы Абайды толғаған Мұхаң бастап
Бетке алып ұлы шыңды Қасым кеткен.
Қарапайым Сәбеңдей асыл кеткен,
Төлегендей жас қыршын жасын кеткен,
Мұқағали — сел жырың, тасып өткен,
Қойныңа алып ештеңе болмағандай,
Алатауым жамылды жасыл көктем!
Қиял болып біреуге өтер үміт,
Алдан шығып біреуге жетер үміт,
Шыңың арман Алатау өзің жаққа,
Толқындарың барады-ау көтеріліп!
Тәкппар тау шыңынан тапқалы бақ,
Ауық-ауық сырымды ақтарып ап,
Арман етіп, Алатау, ауылымнан,
Бір өзіңді келгенмін бетке алып ап!
Алатаудың шыңына бір шыға алсам,
Жүрек даусын жаңғыртып жыр шығарсам,
Арманым жоқ содан соң тілсіз жатып,
Маңғаз таудай мәңгілік тыншыға алсам.
Жырсыз өткен өмірде бір кұні жоқ,
Алатаудың сайрасам бұлбұлы боп.
Арманым жоқ содан соң тілсіз толқып,
Етегінде жайқалсам бір гүлі боп.
Алатаудан астана жұртын көріп,
Шыңғға шықсам дәстүрлі ғұрпың қонып,
Арманым жоқ содан соң тілсіз төксем,
Көз жасымды жанардан бұлтың болып.
Алатау, ақтарылып айта да алсам,
Жырым қонар биіктен жай таба алсам.
Арманым жоқ, ажал да айыра алмас,
Құшағыңа, Жер-ана, қайта оралсам.
Бүгін ұлым өзіңе көп қарады,
Болашақтың перзентім от жанары,
Алатаудың армандап аппақ шыңын,
Әлі де талай ұрпақ бетке алады!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter