Өлеңдер ✍️
Ақын көңіл
Жүректерді жырмен ашар кілт болып,
Жыр оқысаң — Жер қайысқан жұрт толып,
Найзағайға темекіңді тұтатып,
Нөсерлесең — көкірегіңе бұлт қонып.
Өлмес өлең өміріңнен озардай,
Қолды созсаң — күнге қолды созардай,
Жұлдыздардай Жер бетіне тамсанған,
Халқың саған қарай қалса көз алмай.
Мәңгі тірі, мәңгі мұра қалғандай,
Ғасырлардың ғасырына армандай,
Жер қойынын шырмап ұстап тамырың,
Жер бетінде жайқалсаң бір ормандай.
Тағдыр — дауыл соқса-дағы елемей,
Тасып жатса толқын жырың телегей,
Ұлы мұхит қақ жарылып-жол беріп,
Келе жатсаң алып атом кемедей..
Өміріңді ойлай біліп парқымен,
Тірлігіңді тойлай біліп салтымен,
Абай, Пушкин тіріліп кеп алдыңда,
Өлеңіңе қолды соқса халқымен.
Дүниенің айы да өзің, күні өзің,
Жапа-жалғыз жыр жазғанда бір өзің.
Көңіліңе өлең туды тәңірдей
Бір құдайға жарасардай мінезің...
Кестеленген ойын үзбей, жалған көп,
...Ақын көңіл шар тарапты шарлап боп.
Төбесіне көтерердей үй ішін,
Бір дауысқа құлақ салды барлап кеп.
Табан асты жоғалтты да жайды естен,
Адам болды көңіліне қайғы ескен,
Әйелінің дауысы екен қатқылдау:
«Кеше түнде, қайда болдың, Әй?» дескен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter