file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  133


Автор: Шөмішбай Сариев

Киіктей кең даламды кезіп келем

Киіктей кең даламды кезіп келем,
Тағдырдың тұсауынан безіп келем,
Уақыт — мерген аңшым келеді аңдып,
Ерте оғы тие ме деп сезіктенем.
Салалы саусағымен зиялының,
Дүбірім — дүбірлеткен күй ағынын.
Даламның кеңдігінен қалған аман,
Бабамның мен де жүйрік тұяғымын.
Келемін ел — ғаламмен танысқалы,
Желемін жел даламмен жарысқалы.
Сенемін тұлпар жүйрік тұяғыма,
Азуын білеп шықса арыстаны.
Қолымнан келмейтін іс — қас қыла алман,
Ажалдай ашса аузын қасқыр алдан,
Сарыарқа сары белдің киігімін,
Кеудемде — қаптаған сел, тасқын арман.
Тәңір деп мен адамға табына алман,
Болса да бұл өмірде бағы жанған,
Соңымда сайрап ізім қалмаса да,
Үміттің жетелейді сағымы алдан.
Қиялым қиялардан ассын әрі,
Таулардың жеткізе ме тас шынары.
Жүйріктік жаман екен желдей ессең,
Еріксіз жанарыңнан жас шығады.
Күйімен қасиеті биіктеген,
Қастерлі қазағымды сүйіп келем,
Асылы әр заманда күйшілердің
Тағдыры тағдырлас-ау киікпенен.
Көңілге серік еткен күйдің үнін,
Басынан өткізетін қилы күнін.
Келешек! Түсінгенге құйғып аққан,
Киіктей мен де дала жүйрігімін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу