Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  87


Автор: Шөмішбай Сариев

Күрес

Көңілге серік еткен күйдің үнін,
Басынан кешкен талай қилы күнін.
Келешек!
Түсінгенге құйғып аққан
Киіктей мен де дала
жүйрігімін!

КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР,
Жер бетінде,
Жер бетінде,
Жер бетінде,
Еңбек, ақыл-ой
Адамзатты тербетуде,
Тербетуде
толқытып,
толғандырып,
Ойландырып,
оятып жолдарда үміт,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР, ҒАСЫРЫМДА!
Көгілдір көк жүзінде, аспанымда,
Жұлдыздар ағып жатыр қас қағымда,
Жердің ұлы тартылыс күшін жеңіп,
Ұйқыдағы бала да түсін көріп,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР, ҒАСЫРЫМДА!
Жер қойнында,
тереңде,
жер астында,
Төбелер, таулар, қырат,
бел астында,
Көгіңде,
орманыңда, шөлдеріңде,
Өзенде, Мұхит, Теңіз,
Көлдеріңде,
күрес жүріп жатыр,
Нәресте,
Сәбилерде,
Бесіктерде,
Төрлерде,
Табалдырық,
Есіктерде,
Естілер мен
Есуас жындыларда,
Бақытты,
Бақытсызда,
мұңдыларда,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР,
Үйіңізде, көшеде,
қалаңызда,
Жайлауда, жаһан дүзде, далаңызда;
Жалаң аяқ жүгірген балаңызда,
Ойлы, ойсыз соқтыққан арамызда,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР,
Аттаған қадамыңда, жолдарыңда,
Жұдырық, алақан
қолдарыңда,
Адасқан,
адаспаған,
толғамыңда,
Ананың Адам үшін толғағында,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР,
Тірліктің айдынында,
толқынында,
Өксіген,
жылағанның
солқылында,
Колония,
Лагерьлер, түрмелерде,
Оянбаған,
оянған іргелі елде,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР.
Санаңда,
көңіліңде,
сезіміңде,
Кеудеңде,
жанарыңда,
жүрегіңде,
Тірлікте, табиғатта,
ұлы Өмірде,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР,
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТЫР!..
ҒАСЫРЫМДА!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу