Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.09.2023
104
Дана халқым осылайша сыр еткен
Дана халқым осылайша сыр еткен,
Туған бірақ ізгі ниет тілекпен;
Жас туралы шежіреге сүйеніп,
Әзіл-шынын жырға қостым жүрекпен.
Бұл да өмірдің бір өзіндік дастаны,
Адамзаттың сараланған жастары.
Жас сырына тереңірек бойласақ,
Былай дейді жұмбақ жырдың астары:
– Қайран өмір! Өтсін мейлі қамығып,
Жылдар! Жылдар! Өтсін мейлі жабығып,
Нұрлы таңдай дүниеде мөлдіреп,
Бала ойындай оятқайсың пәк үміт;
Махаббаттан гүл өмірге елжіреп,
Ғашықтардай келер күнді сағынып,
Адамдықтың өз жасымен өмір сүр,
Адалдықтың көз жасына табынып.
Адам! Адам! Жүректерді қозғасын,
Адамдықтан пендешілік озбасын.
Махаббатпен, адалдықпен өмір сүр,
Екеуі де өз ғұмырың, өз жасың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter