file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  259


Автор: Шөмішбай Сариев

Ата мекен - аралым

Анамбысың, әлде сен бабамбысың?
Аспаныңнан көз салған саған құсың.
Жер-ананың көгілдір жанарындай.
Ата мекен, Аралым, аманбысың?
Аман-сау ма қарттеңіз, айдындарың?
Сезінем қуаныш та, қайғың барын.
Іштей тынып тек үнсіз балаңа сен
Баяндап жатырсың-ау жайдың бәрін.
Қоршаған көкжиекті Қарақұмың,
Ержетіп аспаныңда барады ұлың.
Айдыныңда асыр сап қарашы, әні,
Шомылып жатыр менің балалығым.
Тайталасқан балалық толқыныңмен,
Тоғысып отырмын мен сол күніммен.
Тағдыр деген кемемді тербеп өзің,
Күйді құйдың кеудеме шолпылыңмен.
Дем алсаң —
Дем аласың дауылыңмен,
Күрсінсең — күрсінесің ауыр үнмен.
Көз алдымда көгілдір ғалам болып,
Аспанымды тірейсің, бауырыңмен.
Жүрегім өз-өзінен жанып-ысып,
Арман мені барады алып ұшып.
Тебіренген теңізім толқынындай,
Қол бұлғап жатыр менің сағынышым.
Қонып-ұшып жүр ме екен шағалалар?
Бауыр басқан мәңгілік саған олар,
Ақ бантикті ерке қыз — толқындарың,
Асыр салып жүгірер жағаға олар.
«Теңізім,—дейтіндей,— бір тамсанып қал»,
Басында бақытындай бақ-шабыт бар.
Әжем түткен ақ бота түбітіндей
Көгінде үзік-үзік ақша бұлттар.
Ақша бұлтың-ақ желкен, асыл арман,
Толқыған толқын — өмір тасып алдан.
Көз ұшында қалған сол көкжиекте
Балалық сапарымның басы қалған.
Абат жүгін, теңізім, арта алармын,
Толқын жырды алдына тарта алармын.
Алып ұшып барады арман — лайнер,
Көріскенше, күн жақсы, қарт Аралым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу