Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  275


Автор: Шөмішбай Сариев

Әнді тыңда, аяулым

Аяулым, әнді тыңда арманыңдай,
Асыл сыр айтшы, жаным, бар ма мұндай?
Әуелі әуен жазсын маңдайыңа,
Бұл өмір бақыт берсе бармағындай.
Аяулым, әңді тыңда, ән өмірің,
Ойыңа оралғандай бала күнің.
Ән болып дүрсіл қаққан жүрегіңнің,
Әуенінен естимін әлем үнін.
Ән шырқайды –
Теңіздер шулағанда,
Ән шырқайды —
Толқындар тулағанда,
Әндітыңда —
Аяулым, қуанғанда,
Әнді тыңда —
Қасірет улағанда.
Болмас деймін бақыт пен қайғы кімде?
Ән шапағын таң болып жайды күн де.
Қиялыңмен сырласып жұлдыздармен,
Аяулым, әңді тыңда айлы түнде.
Әнмен жетсе —
Жеткені сөзің асыл,
Әнмен жетсе —
Жеткені сезім асыл,
Ән деген жүректердің жиһазы ғой,
Ән деген иманыңдай қазына сыр.
Тағдырымыз табысар таяу күн-ау,
Біздер үшін уақыт та баяу мынау.
Сағынйыштан сарғайсаң, әнді тыңда,
Әнді тыңда, асылым, аяулым-ау!
* * *
Күн бұлттанды, кенеттен күн бұлттанды,
Сыр бұққандай, түнеріп сұрғылттанды.
Дәл осындай, түнеріп, жаумай жүрген
Ақынның көңілінде бір бұлт бар-ды.
Күн бұлттанды, кенеттен сіркіреді,
Аспан жерге түскендей күркіреді.
Әруақты ақындай, беу, табиғат,
Қарашы! Қалай-қалай сілкінеді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу