Өлеңдер ✍️
Қарттар-ай
Шаршы төрде шалжия сұлап жатып,
Әңгімені әр тұстан-қылаулатып.
Шай ішкенде шал-шауқан шежірені
Шертер болар төбеден күн аунатып.
Қағытып қалжың сөзбен ойнап алып,
Әңгіме арнасымен бойлап ағып.
Қып-қызыл қуырдаққа бас қойғанда,
Отырар өткен-кеткен ойға оралып.
Әр тұстан отырғанда жұрт жиылып,
Сипап қойып сақалды, мұрт шиырып.
Сығымдалған, насыбай атар болар,
Ерінге салғандай бір құртты үйіріп.
Тартылар алға табақ басыменен,
Өмірді өлшер қартың жасыменен.
Ағайынға қадірлі ақ шаңырақ
Көзі түгел мүшелі асыменен.
Рәсімімен дастарқан, асты беріп,
Жасы үлкенге әуелі басты беріп.
Кәрі күйеу шегініп, жас күйеуің,
Отырар төсті күтіп, қасты керіп.
Орнымен келер табақ тиесілі,
Әңгіменің шертілер күй есіле...
Жамбас пен кәрі жілік дәстүрменен,
Жылжумен жетер болар иесіне.
Сүйек кеміп отырар сыр алысып,
Білем-білем ақ майлар тұрар ысып.
Ортаға шығар болар бекемдеуі,
«Құйрық асау» салтына құрақ ұшып.
Бас табақты жасы үлкен төрге бөліп,
Отырар болар бір сәт дөңгеленіп.
Сөз үзілмей, шал-шауқан жатар асап,
Қан жүгірер, бояуын өңге беріп.
Бір сөзге бір келіспей, бір келісіп,
Бойларын қаны теуіп, бірден ысып.
«Ет — етке, сорпа — бетке» десіп қостап,
Отырар майлы сорпа үрлеп ішіп.
Сөз қылып ауыл-аймақ өрімдерін,
Әзілменен көтеріп көңілдерін,
Үлкен табақ сарқытын ұсынуға,
Шақырар инабатты келіндерін.
Үлкенге сәлем ету,— қиын ба еді?
«Көп жаса» деп қарттардың: сүйінгені.
Аққудай келіндердің ізетпенен
Мәртебесін көтерер иілгені,
Қожайын да тік тұрар «бата ал» десе,
Үй осы деп қонаға жатам десе.
Дем басып, аяқ созып алған шақта,
Ақырған қымыз келер сапар кесе.
Дегенде қымыз ішіп болды бәрі,
Шертіп-шертіп келтіріп оң құлағын
Біреуі бабыменен тартар болар
Жорғалатып қоңыр үн — домбыраны.
Мейлі, бір күн болар, апта болар,
Қонағасы қонғанға бап та болар.
«Қауышайық аман-сау» десіп қостап,
Көтеріліп, ағайын, атқа қонар.
«Тағы да дәм:тұз жазса, келемменен»,
«Аман-сау қауышайық» дегенменен,
Барады-ау қайран қарттар қайта оралмай,
Қоштасып ағайынмен, ел-елменен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter