Өлеңдер ✍️
Еркелейін, елім, саған
Өлең — өмір сазы ма, өкпелі ме?
Жыл өтіпті жыр жазбай кеткеніме.
Кінәлы қайран жастық дерттері ме?
Кінәлы жайсаң жастық көктемі ме?
Ертерек желік сезім жеткені ме?
Еркелеп елік кезім өткені ме?
Еске түсер еліккіш балалығым,
Бір барып қайтайыншы мектебіме.
Еске түсер өріліп өрім кезім,
Мөлдіреп жәудірейтін сезім көзім.
Ұмыттырып бара ма қайран тірлік,
Таниыншы қайта бір өзімді-өзім.
Сапарымды кеш дейін, ерте дейін,
Телмірмей тегін ойға тер төгейін.
Армансыіз Өмір — Ана алдында бір.
Сәбидей еміреніп еркелейін.
Аз ғұмыр гүл өмірден артыла ма?
Назды бір жүрегіме зар тұна ма?
Кеудесі сағынышты бала болып,
Еркелейін, ағайын, халқыма да.
Жұлдыз-ғұмыр жалт етіп ағады тез,
Байқап, аңдап қалады саналы көз.
Оқ құшты ұлы Пушкин албырттықпен,
Өміріне танытып бала мінез.
Өрт жүрегі жанарсыз сезеді ме?
Дерт жүрегі амалсыз төзеді ме?
«Қайран сөзі қор болған» ақын Абай,
Баладай ренжіген өз еліне.
Абай ма жалғыз ғана ашынатын,
Талайға бармақ тістеп басылатын.
«Көк жағалы заманға» сұр шинельмен,
Сәбидей өкпелеген Қасым ақын.
Ар менен ақиқаттың табанды ұлы,
Ақынның асқар жыры—адамдығы.
Сүйе алмайды екен-ау бала болмай,
Бала болмай бола алмас адалдығы.
Жыр толқыны дариядай тасып толып,
Өтті бәрі өмірге асық болып.
Еркелей де алар ма бала болмай,
Емірене алар ма ғашық болып.
Жырларға айналдырып жүрегімді,
Сырларға айналдырып жүрегімді.
Ақынға жарасады бала мінез
Балаша сүйейінші бұл өмірді.
Қолтығымнан демесеуа, ағайын,
Жыр өмірсіз мен қалай жұбанайын.
Өкпелесем балаша өкпемді айтып,
Қуансам пәк сәбише куанайын.
Өстім мен қала көріп, дала көріп.
Тұғырға қонамын ба дара қонып.
Толғансам, толғанайын дана болып,
Тандансам таңданайын бала болып.
Өртенсем өмір үшін өртенейін,
Тер төгейін, кеш демей,
ерте дейін.
Ақыным деп айтсаң айт ертең елім,
Мен әзірге балаң боп еркелейін.
* * *
Өмірдің сырларымен өрлеу керек,
Көңілдің жырларымен тербеу керек.
Ақынның даналығы –
сөнбеу үшін,
Ақынның балалығы –
өлмеу керек!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter