Өлеңдер ✍️
Күтпеген қонағыма сыр
Тойы көп тылсым дүние ойды ұрлаған,
Тегін сый сыбағасын қойдырмаған.
Содан ба сынай келген конағымдай,
Отызым, отыз сауал қойдың маған.
Тастадың аңдаусызда тосылдырып,
Өмірде ор киіктей жосып жүріп,
Келерін қайдан білдім қапияда,
Көптен хабар болмаған досым күліп.
Өзіңдей келер дейсің қамшылап кім?
Астында қалғандаймын сан сұрақтың.
Қаймықпаған жүректі шайлықтырып.
Жанардан жасын жасты тамшылаттың.
Керегі жоқтай енді ештеңенің,
Ұзап кетіп қалыпты көш дегенің.
Отызым оралмайтын досым болмай.
Ажал болып келсең мен не істер едім?
Маған сенім бола алса, егер сенде,
Алдымнан күтсем бе екен,
не көрсем де.
Әлде осы ақталсам деп ғұмырымнан
Балалық бал дәуренді шегерсем бе?
Уақыт шапшаңдығын сезбеді ме?..
Жапсам ба екен студент кездеріме.
Қыз Жібегін қиялдар махаббат пен
Ұлылық елестеген көздерінде.
Болар ма қарызыңа батсам бекер,
Қыз қуған бойдақ кезге артсам ба екен?
Әлде осы ақталмай-ақ отызымның,
Енді мен бар азабын тартсам ба екен?
Көптен хабар болмаған досым кіріп,
Тастады-ау,
Мені әйтеуір тосылдырып.
Өмірден өткенде де сезбейміз-ау
Осылай ор киіктей жосып жүріп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter